Ес, оның түрлері. Мотивация, эмоция және мінез- құлықтарының қалыптасуы Ес— адамның бұрын көрген, естіген, білген нәрселері мен бейнелерін ойында ұзақ уақыт сақтап, қажет кезінде қайта жаңғырту қабілеті, жүйке жүйесінің негізгі қызметтерінің бірі. Адамның есте сақтау қабілеті үнемі дамып, жетіліп отырады. Ертедегі грек философы Аристотель әр түрлі нәрселер мен бейнелердің есте әсерлену (яғни сақталу) сипаттарын үш топқа бөледі:
ә) әсерленген нысанның басқа бір нысанға өзара ұқсастығы;
б) олардың бір-бірінен айырмашылығы мен қарама-қарсылығы.
Естің физиологиялық сипатын орыс физиологы И.П. Павлов зерттеді. Ол ассоциацияларды шартты рефлекс теориясымен түсіндіріп, ми қабығындағы екі қозу процесінің қабаттасып келуінен пайда болып, сан рет қайталау нәтижесінде бекіп отыратын уақытша байланыстар деп атады. Қазақ ғұламасы Абай ес туралы “Отыз бірінші сөзінде”: “Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: бірінші — көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде иә көргенде ғибратлану керек, көңілденіп, ынтамен ұғу керек; үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші — ой кеселді нәрселерден қашық болу керек”, — дейді. Ес адамның әр алуан іс-әрекеттерімен байланысты болып, тіршілікте аса маңызды қызмет атқаратын болғандықтан, оның түрлері мен көріністері де әр қилы. Психикалық белсенділік сипатына байланысты ол қимыл-қозғалыс есі, эмоциялық-сезімдік ес, бейнелі-көрнекілік ес және сөздік-мағыналық (логикалық) ес болып бөлінеді. Іс-әрекеттің мақсат сипатына қарай ерікті ес, еріксіз ес болып бөлінеді. Адамның ақпаратты қанша уақытқа дейін есте сақтай алатындығына қарай қысқа ес және ұзақ мерзімді (түпкілікті) ес, сондай-ақ, шұғыл ес болып бөлінеді. Естің кейбір түрлері арнайы аспап — мнемометр арқылы өлшенеді. Қимыл-қозғалыс есі дегеніміз — ойын, спорт, еңбек, оқу әрекеттеріне байланысты әр түрлі қимыл-қозғалыстар мен әрекеттерді есте қалдырып, оларды қайта жаңғыртып отыру.
Эмоциялық ес бойынша адам басынан кешіргендерін еске түсіргенде бозарады не қызарады. Өйткені, оның басынан өткен әр алуан жағдайлар оған күшті әсер етіп, эмоциялық күйге ұшыратады. Бейнелі-көрнекілік ес заттар мен құбылыстардың қасиеттерін, нақты бейнесін ойда қалдырып, қайта жаңғыртуда айқын көрініс береді. Естің бұл түрі арқылы табиғат көрінісі, бастан кешкен оқиғалар, дыбыс, иіс, дәм жаңғыртылады. Егер қалыпты дамыған адамдар үшін есту есі мен көру есінің маңызы зор болса, ал соқыр, саңырау адамдарда мұның есесіне сипау, иіс, дәм естері өте жақсы дамып, басқа естердің кемістіктерін толықтырады. Бейнелі ес, әсіресе, көркем өнер кәсібімен шұғылданатын адамдарда жоғары әрі өте нәзік түрде дамыған.
Сөздік-мағыналық (логикалық) ес ұғым, пікір, ой қорытындылары сияқты түрлі пішімдер арқылы із қалдырып отырады. Ойдың қандай формасы болса да тілмен, сөзбен байланысты. Есте қалдыру арнайы есте қалдыру, еріксіз есте қалдыру болып екіге бөлінеді. Еріксіз есте қалдыруда адам алдына арнайы мақсат қоймайды. Ал арнайы есте қалдыру үшін мынадай шарттар қажет: