АҢыз адам егемен Қазақстан, 08 Мамыр 2010



Дата12.03.2018
өлшемі115,56 Kb.
#38755

АҢЫЗ АДАМ


Егемен Қазақстан, 08 Мамыр 2010 | Әлеумет

 Загрузка ...

Ол туралы, оның даңқы туралы әлі де талай-талай тарихи қызықты дүниелердің жазылары хақ. Өйткені, Талғат аға Бигелдинов – елдің ұранына айналған халық батыры, шамшырағы, мақтанышы. Дегенмен де, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Батыр ағамыздың өткен өмір жолына бір шолу жасап қойғанның айыбы бола қоймас. Байқап отырсам, әр жылдар кезеңінде ол кісімен жүздескен, сұхбат алған, сырласқан сәттердің өз ғажайып қызықтары мен жас ұрпаққа үлгі болар әсерлі әңгімелер жиынтығы құралып қалыпты. Әжептәуір ой иірімдері түзіліпті.

Бұл жолғы әңгімені оның қалай әскери ұш­қыш болғанынан баста­ғанды жөн санадым… Өмір қызық. Сол күні… Пішпектегі аэроклуб­тың ең үздік, ең шы­мыр, аса қабілетті, өте шапшаң жас өренінің болашақта ұшқыш болу-болмау тағдыр-талайы қыл ұшында тұрды. Саратовтың әскери ұшқыштар мектебіне үміткерлерді іріктеп, қабылдап жатқан комиссия Бигелдиновке келгенде, әйтеуір, қырсық­ты да қалды. Қатарластарынан оқ бойы озық тұратын шәкіртінің сараптан өте ал­мағаны жанына батса керек, жаттықты­рушысы шыр-пыр болып араға түсті, бірақ комиссия бет бақтырмады. Сол тұс­та 17 жасар қайсар жігіт шегір көз ко­мис­сия төрағасының алдына екі аттап барып “Барлық сынақтан өттім, мені сонда не үшін қабылдамайсыздар?” деп сұрақты төтесінен қояды ғой. Жанары жалт ете түскен тұйғын жастың тосын мінезіне селт етпеген комиссия төрағасы: – Сені Пішпектегі ең атақты байдың баласы дейді ғой!.. – деп қысқа қайырды. Онысымен қоймай Талғаттың аяғындағы жыртық бәтіңкесі мен бұтындағы тізесі жамалған көнетөз шалбарына көз сүзіп: “Өздері көзбояуға келгенде шебер-ақ” деп мысқылмен түйрейді. Намыстан жарылардай болған “бай баласы” үйге қарай құстай ұшады. Келе сала әкесінің алдына отыра қалып: “Сіздің біз тақыр кедейміз дегеніңіз қайда, ата?” – деп жер тепкілеп ал жыласын жас Талғат. Мән-жайға қаныққан Жақыпбек ақсақал алғашында әжептәуір әбіржіп, күйгелек­теніп қалады да, сөйте жүріп үйдегі бар буыншақ-түйіншектерді асығыс ақтарып, ішінен бір жапырақ сары қағазды суы­рып алады: – Ол надандарға мына қағаз­ды апарып бер, көздерін ашып оқысын!

Жеткіншек желдей есіп аэроклубқа жетіп келсе, комиссия бар ісін бітіріп, қай­туға әрекет жасап жатыр екен. Сары қағазды төрде отырған әлгі дөкейдің тура өз қолына ұсынады. “Міне, мен байдың баласы емеспін!” деген балақайдың қы­ран даусы шаңқ еткенде, Саратовтан келген қонақтар абдырап қалады.

Талғат ағамыздың асқан батырлыққа алғашқы қадамы дәл осы жерде Піш­пекте (Бішкекте), аэроклубтың аула­сын­да, комиссияның алдында бастау алған шығар, бәлкім!?. Содан не керек, тез арада бір жапырақ қағазды көзбен шолып шыққан комиссия басшысы орнынан тұрып кителін түзейді де, үстелдің үстімен сырғытып, әріптестеріне береді. Атасы берген құпия қағаздың құдіретін айтсайшы, комиссия түп-түгел орында­рынан көтеріліп, екі өкпесі дамыл таппай алқынып, маңдай тері жылтырап тұрған балаң жігітке, бірауыздан: “Курсант Бигелдинов Талғат, жолға дайындал!” деп бұйрық береді.

Саратовта басталған әскери ұшқыш­тық ілім Орынбордағы әскери авиа­циялық ұшқыштар мектебінде жалғасты. 1943 жылдың қаңтарынан бастап майданға кірді. Ә дегеннен Кеңес Ода­ғының Батыры С.П.Пошиваловтың эс­кадрильясында ұшқан жаужүрек жас көп ұзамай командирдің орынбасары болды. Әскери ұшқыш Талғат Бигелдинов майданға кірген алғашы кезеңнен бастап, Ұлы Отан соғысы тарихының жаңа па­рақтары жазыла бастады…

Әлгі бір жапырақ қолхат-қағаз туралы Талғат ағам маған 75 жасқа толған ме­рей­тойының қарсаңындағы екеуара әңгі­меде: “Балам, бұрын ешкімге ашпаған сырым еді…” деп айтқан еді. Ол кісінің 70-ке келгендегі айтқан қызықты-қызық­ты естелік әңгімелерін де ұмыта қойған жоқ­пын. Өзі екі мәрте батыр ағамыздың да өз басы ерекше пір тұтқан, тіпті, та­бын­ған дейікші, майдандас бір қазақ ұш­қыш болыпты! Иә, иә, ол шындық! Бей­біт өмірде Талғат ағамыздың отбасымен ара­ласып-құраласып тұрған атақты май­дангер әскери ұшқыш, полковник Құ­байыс Алияров туралы алғаш сонда есті­ген ем. Талғат ағамыздың сол әріптесі ту­ралы аузының суы құрып масаттанып, мақ­танып айтқан әңгімелерін тыңдағанмын…

Қызығы сол, ұшқыш болуға тұсауын кескен құпия сары қағаздың сырын Тал­ғат ағаның өзі де Орынбордағы әскери ұшқыштар мектебін бітіргенде, майданға аттанар сәтте бір-ақ білген. Білдей штур­мовик-ұшқыш деген мансаппен бірге өмірбаяндық іс-қағаздарын қолына ұстат­қанда құжаттардың арасынан өзінің тағды­рын шешкен тілдей қолхатқа көзі түспей ме?! Онда былай деп жазылыпты. “Мен, Түркістан әскери округінің бас қолбасшысы Михаил Фрунзе, Жүсіпбек пен Жақыпбек есімді малшылардан 12 мың бас қой-ешкі, 500 бас ірі қара, жылқы мен түйені өз атыма тұтастай қабылдап алдым. Қолы.”

Айтпақшы, Талғат ағамның тапайдың тал түсінде “қырғыз” атанып кетуіне де дәл сондай, иә, дәл осындай, тілдей қолхат-қағаз себепші болған. Ол туралы сәл кейінірек айтармын…

* * *


Небары 22 жасында Алтын Жұлдызды кеудесіне қадап, Кеңес Одағының Батыры атанған Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновтің 23 жасында екінші мәрте Батыр болғаны баршамызға тарихтан аян. Жас жігіттің өжеттігі, көзсіз батылдығы, әріптестерінің алды болуы оның ата-бабасынан қанына сіңген қадірлі қасиеті екені даусыз. Дегенмен ұшқыр ұшаққа міне салып, “атойлап” қол астындағы эскадрилья қырандарын бастап жауға лап қою нағыз ерліктің үлгісі десек те, дәл сол үшін Кеңес Одағының Батыры атағы беріле салмасы бесенеден белгілі! Ақи­қатын айтсақ, ардақты да асыл ағамыз­дың нағыз қазақтан шыққан батыр еке­нін жүздеген бақылаушының көз ал­дын­да дәлелдеп, қазақша айтқанда ба­тыр­лықты “қолдарынан жұлып алға­нына” менің көзім әлдеқашан жеткен. Ол былай. Талғат ағам ең алдымен ұшаққа отырып көкке көтерілген сәттен бастап, оқ пен оттың өтінде жүрді. Себебі, ол ұшқыш-штурмовик қана емес, арнаулы мақ­саттағы барлау эскадрильясына же­текшілік еткен. Талғат Бигелдинов бас­қар­ған топ майдан шебінде жердегі ауыр зеңбірек пен танкіге, жаяу әскерге жол ар­шып беріп отырған. Онсыз кеңестік әс­кер алға қарай бір қадам да адымын аш­пақ емес. Енді бір ескерер жайт сол, ар­нау­лы ұшақ мінген ерекше қызметтегі азаматтар, кейде тіпті полк командирінің де өзі ара-тұра Талғаттан бастап барлық ұшқыштардың аспандағы “қызметін” тексеретін міндеті болған.

Ерекше мақсаттағы эскадрилья коман­дирі Талғат Бигелдиновтің “Ил-2” ұшағының бортында әркез 4 реактивті снаряд, 600 килограмдық бомба, танкіге қарсы ататын екі зеңбірек пен екі пуле­мет оқ-дәрісімен тиеліп сақадай-сай дайын тұратын. Талғат ағамның: “Бұл ұшақты жердегілер “ұшатын танк” деуі бекерден бекер емес, жау түгілі “гүр” етіп ұша жөнелгенде өзіміздің азаматтар­дың зәре-құты қалмай қорқып, үрпиісіп қалатын,” деп осы күнге дейін қызбалана күліп еске алуының өзінде үлкен сыр жатса керек-ау!

Қарапайым арифметикалық есепке жүгінсек, сол “ұшатын танкімен” жау шебіне кемі 80 рет кіріп, одан аман шығу керек. Жау шебіне өткен соң, әрине, құр айналып жанармай жағып ұшып қайтпайсың ғой. Жау шебіне кіргенде әлгі ұшақтың бойындағы бес қаруды “кәдеге” жарату шарт. Әрі қарша бораған оқ пен снарядтан аман-есен әуежайға оралып келуге міндеттісің!.. Кем дегенде, аса қауіпті 300 жау нысанының көзін жою шарт! Сонда ғана төсіңе “Алтын Жұлдыз” тағасың! Ал енді біздің Талғат ағамыздың “е, әруақтап” жау шебіне кір­гендегі әрбір іс-әрекеті майдан даласын­дағы басшылардан тыс, тіпті, Кремльге, Сталинге дейін жетіп жататын. Әрине, майдан даласының дақпырты бір басқа, барша бақылаушы қалай дегенде де ең алдымен қолдағы бар мәлімет-дерекке сүйенеді емес пе!? Талғат ағамыздың ұша­ғында қару-жарақтың әлгі айтқан қуат­ты арсеналымен бірге “көзі қырағы” фотоаппарт орналастырылатын. Ұшқыш жау нысанына жер бауырлай жетіп келіп, қарулардың тиегін (гашеткасын) басып қалғанда фотоаппаратқа да “тіл” бітіп, бейнедерек жинай бастайды. Жердегі жойқынның бар бейнесі таспаға іліне береді, іліне береді… Мұндайда ұшқыш өз міндетін, фотоаппарат өз міндетін ат­қа­рады! Аэродромға оралған соң арнаулы қызметтегілер ұшақтан фотоаппаратты суырып алып, ұшқыштың еңбегін сара­лап, “есептейді”. Осы арада батыр аға­мыз­дың ерлігіне сүйсінбеске ләжің жоқ! Ол жердегі от ойнатқаны былай тұрсын, аспандағы жекпе-жек айқаста жаудың 7 ұшағының көзін жойған. Бір мәрте өз ұшағы отқа оранып, апат болған. Аман қалған. Бірақ, сонда да жау шебіне жер бауырлап ұшуын тоқтатпаған. Талғат ағамның артын ала 250-ге жетер-жетпес жау нысанын талқандаған талай-талай өрендер кеудесіне қос-қостан Алтын Жұл­­­дыз тақты. Мәскеу жағалағанда­ры­ның бірталайы авиация маршалы атанды. Ал, Талғат ағам “ештен кеш жақсы” деген емес пе, Тәуелсіздіктің арқасында, жасы 70-ке толғанда, яғни 1992 жылдың 5 тамызында Президент Нұрсұлтан На­зар­баевтың Жарлығымен өзіне өте лай­ық­ты авиация генерал-майоры атағын алды.

Соғыстан соң Талғат ағамыз Мәскеу­дің жоғары әскери Әуе академиясын бітірді, Украинада авиациялық сынақ полкінде қызметін жалғастырды. Ол әй­гілі “МиГ” әскери ұшақтарының өмірден орнын енді тауып жатқан тұсы екен. 1956 жыл болса керек. Жап-жаңа ұшақ жерден зырқырай көтерілген. Штурвалда отырған Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов! Кенет, батырдың көз алдында ұшақ­тың тұмсығынан от шығып, алапат жарылыс болды… Одан арғысы есінде жоқ. Ауруханада бір-ақ көз ашты. Ұшақтың сау там­тығы қалмапты! “Қырық жыл қырғын болса да ажал­ды өледі” деген. Қарағай­дың басына салбырап ілініп қалған қазақ батырының жұлынына зақым келіп, бір­неше қабырғасы сыныпты. Талғат Бигелдинов әскери ұшақпен сол “МиГ” апаты­нан соң біржолата қошта­сады. Мына қызыққа зер салыңыз, мына байланыс пен үндестікке назар ауда­рыңыз! Талғат аға ерлігінің рухымен өскен әлемге та­нымал сынақшы-ұшқыш Тоқ­тар Әубәкіров кейін әс­кери өндіріске сол кілти­панды “МиГ” ұшағының 50 түрінің тұсауын кесіп, дұ­рыс­тап, жөнге сап берді. Бы­лайша айтқанда, батыр ағасының “өшін” қайтарды…

* * *

Мемлекет қайраткері Жұ­мабай Шаяхметовтің екінші хатшы кезі болса керек. Сол кісі бір күні Мәскеудің теміржол вокза­лында ерекше бір шығарып салу салта­на­тының үстінен түседі. Кеудесі орден-медальға толы, оның үстіне ерекше қос Алтын Жұлдыз таққан батыр жігітті дуылдай қаумалаған топқа жақындайды. Барып амандасады. “Жол болсын, бауы­рым, қайда?” “Әлей бол­сын, Қыр­ғызстанға!” “Сіз осы қазақ емессіз бе?” “Иә… қазақпын!” Ел бас­шысы құшағын айқара ашып, батырды бауырына басады!



Елге дереу телефонограмма жөнел­ті­леді. Қырғызстанның астанасы Фрунзені бетке алған қазақ батыры мінген пой­ыз­ды алғаш Ақтөбе тұрғындары ерекше сал­танатпен қарсы алады. Халық көп жи­налып қазақ батырын дәріптеген митингі өтеді. Дәл осындай шара одан кейін Шалқар стансасында, басқа да ірілі-ұсақ­ты стансаларды қоспағанда Қызылорда мен Шымкентте, Тараз бен Луговойда өтеді. Пойыз Луговойдағы жол айры­ғынан Фрунзеге бұрылмай төтелей Шуға бір тоқтап, Қазақстанның астанасы Алматыдан бір-ақ шығады. Қазақ батыры туған Отанының астанасымен алғаш рет соғыстан кейін осылай қауышады. Әри­не, той тарқаған соң Талғат Бигелдинов өзі өсіп-өнген Пішпегіне жол тартады.

“Сол Шаяхметов кейін Фрунзеге ар­найы бір вагон жіберіп бүкіл отба­сы­мызбен Алматыға қонаққа шақырды, –дейді Талғат ағамның өзі. – Жақыпбек атам мен туған әпкем бәріміз келдік. Мен Алматыда біржола қалып қойдым да, жақындарым Бішкекке кері қайтты.”

…Қазан төңкерісі алдында Ақмола өңірінде Ғалибай есімді алпауыт бай болған дейді. Ағайынды Жүсіпбек пен Жақыпбек әлгі байдың малын бағады. Күндердің күнінде елде азамат соғысы бас­та­лып жаны қысылған Ғалибай: “Жү­сіпбек, Жақыпбек! Сенерім сендер ғана. Мына мыңғырған малды тура Пішпекке қарай айдаңдар, мен сендерді сол жерден тосып аламын”, дейді. Бұрындары ондағы мал базарына төрт түлікті талай-талай айдап апарып жүрген ағайынды қос жігіт байдың сөзін екі ет­пей, Пішпекті бетке алады. 1922 жылдың күзге салым кезі. Талғат ағамыздың өз айтуынша, ол сол сапар үстінде дүниеге келіпті. Неше күн, неше түнді артқа тастап, діттеген жерге жақындағанда малды Қордайдың асуына иіріп тастап, ағайынды екі жігіт шапқаннан шауып отырып Пішпекке келеді. Ғали­байды сұрайды. Ешкім білмейді. Абыр-сабыр жұрт. Сөйтсе, бұл жерде Кеңес өкіметі орнап қойыпты. Ескі таныстардан сұрап білсе, бас сауғалаған Ғалибай әлдеқашан Қытай асып кеткен екен. Кедей байғұсқа байтал түгіл, бас қайғы. Жанта­ласа жүріп, қаладағы өкіметтің ең дөкейін тауып алады. Түркістан әскери округінің бас қолбасшысы Михаил Фрунзе ағай­ынды екі жігітке жақсы марапат көрсетеді. Бастарына қызыл жұлдызды “буденновка” тұмағын кигізіп, қолдарына бір-бір винтовка береді. Қолхат жазып, өзінің көмекшісімен таныстырады. Көмекші оларға “кеңес әскері үшін мен сұраған мал басын босатып тұрыңдар” деген өтініш айтады. Одан арғы “бай баласы” туралы оқиға оқырманға мәлім…

Қос жұлдызды батырдың Мәскеудегі Жоғары әскери Әуе күштерінің акаде­мия­сында оқып жатқан кезі. Бір күні СОКП Орталық Комитетінен шақырту алады. Барса: “Ждановқа кіріңіз”, – дейді. Хатшының қабылдауында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының сол кездегі Төрағасы Қазақбаев пен оның сондай қызметтегі қырғызстандық әріп­тесі отыр екен. Әңгіме Талғат Бигел­диновтің туған жерін айғақтау төңірегінде болады. Екі жақ батырды бөлісе алмай әбден әбігерге түседі. Жданов Қазақ­баевқа бұрылады: “Қандай уәж айтасыз?” “Бигелдиновтің бүкіл туысқан-бауырлары Қазақстанда, оның қазақ жерінде – Ақмола өңірінде туғанын, қазақ екенін солар айтып отыр”, дейді. Жданов: “Оныңызды растайтын қағаз кәне? Қа­зақбаев: “Соңыра алып келеміз” Жданов: “Соңыра деген болмайды.” Сол арада Қырғыз КСР Жоғарғы кеңесінің төра­ғасы: “Мынау біздің құжат”, дейді. Араб әрпінен хабары жоқ Жданов: “Мұ­ны кім жазған?” демей ме. Қырғыз Жо­ғар­ғы Кеңесінің Төрағасы: “Мұны жергі­лікті молда жазған, молда…” дейді. Сөй­тіп, осы бір ауыз сөзбен Талғат ағамыз “қыр­ғызға” айналады. Осылайша, қыр­ғыз­дар ел астанасы Фрунзеге (қазіргі Бішкекке) екі мәрте Кеңес Одағы Баты­рының туған жеріне қойылатын қола бюст орнату мәртебесіне қол жеткізеді.

* * *

Алматыда Абай даңғылымен жол тартқан жолаушы менмұндалап тұратын республикалық циркке бір көз салмай өтпейді. Цирктің төбесіндегі ерекше күмбезді Талғат Бигелдиновтің салдыр­ғанын екінің бірі біле бермес…



Украинадағы “МиГ” оқиғасы-апа­ты­нан қатты зақымданған Отан соғысының ардагері Қазақстанның азаматтық авиа­циясына басшылық қызметке ауысты. Ол кезде Алматыдан Мәскеуге ұшатын “Ил-12” қос моторлы ұшағы жолай қона жатып, діттеген жеріне бір жарым күнде жететін. Мәскеуге асыққан Үкімет басшылары Ташкент арқылы ұшатын.

Іске кіріскен кезден бойын намыс буған қазақ батыры бар беделін салып Мәскеудегі “Аэрофлот” ғылыми-зерттеу институтына күні бүгінгі Алматы әуе­жайы­ның жобасын сыздыртады. “Айна­лайын-ау, ағаңның беделінің арқасы. Әйтпесе, 8 миллион сом тұратын үлкен жобаны кім бір тиынсыз сызып беріп, қолыма ұстатады” дейді сол күндерді ерекше көңілденіп еске алған Талғат ағам. Азаматтық авиация саласында жү­ріп, 1968 жылы Мәскеудегі инженерлік-құрылыс институтын сырттай тәмамдап тастайды. Қазақстан қалаларында әуе­жайлардың жаппай салына бастағаны да осы тұс. Өйткені, бұл кезде Талғат ағамыз Қазақстанның мемлекеттік құ­ры­лыс саласында басшылық қызмет атқарды.

…Ел астанасындағы тұңғыш респуб­ли­калық цирктің төбесі жабылмай үңі­рейіп тұрып қалады. Тапсырма орын­даушы Ровенск қалашығындағы (Мәскеу облысы) арнайы жабдықтар жасайтын зауыт сөзбұйдалыққа салып, дайындау мерзімін кейінге сырғыта береді. Сонда ғой жаудан беті қайтпаған батырдың арнайы зауыттың директорының есігін жұлқып ашып, ашу­лана кіріп баратыны. Ағамыздың жақсылап тұрып “орыс­шалап” сыбап салатындай сөз қоры да, шүкір, жеткілікті. Қатты қысыл­ған зауыт директоры жоспардағы бар жұ­мы­сын тежеп, Қазақ циркінің күмбезін жа­сайды. Оған қоса қос жұлдызды батырдың көңілін тауып, құрметтеп жібереді. Осы орайда қарт майдангердің өзі айтқан бір сөзін еске сала кеткеннің оғаштығы жоқ қой деп ойлаймын. Батыр ағамыз бүй дейді: “Уәде еттің бе, орында. Тіпті, қазір де өз ортамызда, жиын-тойға кешігіп келіп жататындарды түсінбеймін. Мен ең алдымен оларды өзін сыйламайтындар деп санаймын. Уәде де бір, бұйрық та бір. Айтылды ма, ол дер уақтысында орын­далуға тиіс.” …Қыстың күні еді. Ағаммен бірге “Түркісіб” санаторийі маңындағы саяжайына бардым. Қолыма күрек берді, өзі де біреуін алып, үй жағалай қыстап тұрған араның ұясының үстін жапқан қалың қарды күрей бастадық. Құлшына кірісіп бергенім де сол-ақ еді, бәсең дауыспен жекіре айқайлап, “ойбайлап” тайғанақтап, қасыма ентігіп жетіп келді. “Ойбай, араларды оятасың! Олай күре­мей­ді, немене тамның төбесінен қар күре­ген­дей болып… Былай, міне, былай баяулап, байқап, қырнамай…” Күліп жібердім. Жасаураған көзін жеңінің ұшымен сүртіп жатып, өзі де ал күлсін келіп…

Бал арасы қыстың күні ұйықтамай, ұясында манаурап, тобымен тізбек құрып, шеңбер жасап, баяу қозғалып жататынын мен сонда алғаш сол кісіден естідім. “Қазір оянып кетсе олар далаға шығады да, одан соң үсіп өледі ғой, бей­шаралар”, деп бәйек болған омарта­шы-батырға таң-тамашамын. Күн жылынып, жер қызынып Алматыда ағаштар бүр жарғанда осынау барлық бал арасының ұясын “Ниваға” жеккен қос доңғалақты арбаға тиеп, қаладан Балқаш бағытын ұстап 300 шақырым жерге барады. Сонда араларды күн көзіне шығарып, көкке “жаяды”. Осылайша екі аптадан аса күнді өткізген омарташы, Алатау етегіндегі сая­ба­ғына араларды қайта әкеліп салады. “Ал­матының түтінін жұттырмай әдейі алысқа “жайлауға” апарып, күш-қуат жи­натып әкелемін, – дейді қарт. – Одан кейін бұлар да бой бермей, өз беттерінше гүл теріп кетеді.”

Не деген еңбекқорлық?! Неткен байқам­паздық!

Сексеннің сеңгіріне әлдеқашан шық­қан ағамыз биыл, Алла жазса, 5 тамызда 88-ге келеді. “Менің дәл қазір мына заманда ешбір алаңсыз лайықты өмір сүруіме ешкім де кедергі жасап отыр­ған жоқ. Өмір дегеніміз – күрес. Өмір сүргің келе ме, күресе біл, көп ең­бек­тен. Өз өміріме сондай ризамын. Өйт­кені, мен осы жасыма қарамай шарша­май еңбектенемін. Үйде отырмаймын. Маған ешкім қол ұшын беріп жатқан жоқ. Мен де ешкімге қол созып отыр­ға­ным жоқ. Өйткені, мен көп еңбе­к­тенемін” – дейді өмірдің бар сынын басынан өткерген дана қария.



* * *

Кешегі қан майданда аспаннан төніп жауының зәре-құтын қашырған батыр қазақтың бүгінгі бар болмысы, бар бітімі, бар айтары осы. Ол жалындаған жастық шағында өзінің көзсіз ерлігімен, ерекше қабілетімен көзге түсіп, қан майданда өзінің ғана емес күллі қазақ халқының атағын шығарды, даңқын асырды. Бүгінгі өтпелі кезеңде халқына, қазағына: “Соғыста жеңу үшін қандай күрессең, бейбіт өмірде солай күресе біл” дейді. Тек қана өзі үшін күресе білген, таза еңбектің дәмін тұшынған адам ғана таза бақытты өмір сүретінін еске салады. Батыр аға, аңыз адамның айтқанына алып-қосарымыз жоқ.



Талғат СҮЙІНБАЙ.

АЛМАТЫ.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет