«Аңыздың ақыры» романы (тақырыбы, идеясы) «Аңыздың ақыры» – аңыздың ізімен жазылып, ондағы оқиғаны философиялық-психологиялық астармен өрбіткен жазушы Әбіш Кекілбаевтың кесек туындысы. Бұл роман алғаш рет «Махаббат мұнарасы» деген атпен жарияланды. Жазушының тарихи тақырыпқа жазылған алғашқы романында романтикалық бейнелеу тәсілін аңғарамыз Роман төрт бөлімнен тұрады. Шығарманың кейіпкерлері бар болғаны үшеу. Әмірші, Кіші ханым және шебер. Ұлы ханым, күтуші кемпір, бас шебер, Ахмет саудагерлер осы негізгі басты үш бейнені ашу үшін алынған. «Аңыздың ақыры» романы қалыптасқан ұғымдағы тарихи роман емес. Сыншызерттеушілердің романның жанры туралы ортақ бір пікірге келе алмай жүруі де сондықтан болар.
Ғалымдардың бір тобы бұл шығарманы тарихи романдардың қатарында атаса, екінші бір топ оның философиялық қасиетінің басымдығына назар аударады. Шығарманы үздіксіз сана ағымы тұрғысынан қарастырған бір топ ғалымдар оның монологқа, толғанысқа құрылғанын баса айтады. Ә.Кекілбаев өз шығармаларында халық жадында сақталған ескі аңыздарды жаңғыртып, көне сюжеттерді көбірек бағдар тұтады. Ә.Кекілбаев романтизмінің көркемдік жүйесін толықтыратын сипат шығармаларында мифтік-фольклорлық сарынның, аңыз-әңгімелердің жиі көрініс беруі болып табылады. Ә.Кекілбаев туындылары көбінесе бүтіндей мифтік-фольклорлық сюжетке құрылады. Жазушы аңызәңгімелер арқылы өткенге, тарихи оқиғалар сілеміне көз жібере отырып, мәңгілік мәселелерді шешуге ұмтылыс жасаған. Осы сипаттағы шығармаларының бірі – «Аңыздың ақыры» романы. «Аңыздың ақыры» романы тарихи тақырыпқа жазылып, тарихта болған Ақсақ Темір өмірінің бір сәті көрініс бергенімен, бұл – үйреншікті мағынадағы дерекке негізделген тарихи туынды емес. Жазушы тарихи аңыз шеңберінен шығып, қаламгерлік қиялын қоса отырып, дербес психологиялық шығарма тудырған. Мұнда тарих – фон, кезең колориті ғана.
Сыншы С.Әшімбаев романның тарихи негізін баса айта отырып: «шартты түрде болса да оқиға қай ғасырда, қай жерде болып еді, Әмірші деп отырғанымыз кім, қай елдің ханы деген сұрақтың бетін ашу керек сияқты– деген пікір білдіреді. Ә.Кекілбаев үшін романда оқиғаның қай ғасырда, қай жерде болғаны маңызды емес. Мәселе, оқиғаның қашан және қалай болғанында емес, болған оқиғаның адамгершілік-философиялық мәнінде. Сюжетке өткен дәуір оқиғасы арқау болғанымен, ішкі мазмұны махаббат пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық, мейірім мен қатыгездік, бақ пен тақ, бақыт сияқты жалпыадамзаттық мәні бар мәңгілік мәселелерді қозғайды. Шығарма адамгершілік негізінің тереңдігімен ерекшеленеді. Адам жанының шындығын тебіреніспен толғап, өмір туралы философиялық толғам, ғибратты ой ұсынады. «Аңыздың ақыры» романының лирикалық, романтикалық сипаты мол. Романның сюжеті үш кейіпкердің (Әмірші, ханша, шебер) төңірегінде өрбитін тарихи аңыз-әңгімеге құрылған. Жазушы өзіне таныс аңыз-әңгімені жалаң баяндаушы емес, ол аңыздық желіні жаңаша түсіндіріп, жаңғыртып, сол арқылы адам жанының терең иірімдерін ашқан композициясы күрделі, психологиялық салмағы бар дербес туынды жасайды. Әмірші, кіші ханша мен шебердің арасындағы шарпысқан ішкі психологиялық сезім-күйлері мен жан дүниесіндегі толғанысы, ой арпалысы шеберлікпен суреттеледі.
Шығармада Алмас хан өмірінің соңғы айларында болған оқиға баяндалады. Хан кезекті жорығынан оралғанда, кіші ханшаның өзінің құрметіне салдырған биік мұнарасын алыстан көзі шалады. Мұнараны салушы жас шебер ханшаға ғашық болып, оған деген құмарлығы мен іңкәр сезімін, махаббатын өз өнері арқылы бейнелейді. Ханға суық хабар өзегін құрт жеген алма арқылы беріледі. Қызғанышы оянған Хан шебер мен ханшаға қаһарланып, жас жігіттің көзін ойып, тілін кесіп, қатал жазалайды. Бірақ Ханның бұған көңілі көншімейді. Ол сезім сергелдеңіне түсіп, жаны тыным таппайды. Өзінің өткен өмірін ой елегінен өткізіп, іштей ар талқысына, ой арпалысына түседі. Романда мұнара – шебер махаббатының символындай. Шығармада мұнараның атқаратын қызметі ерекше. Ол үш кейіпкерді, ханды, ханшаны және шеберді өзара байланыстыратын, бір қазыққа байлайтын ортақ желі.
Романдағы романтикалық сарын да осы мұнара бейнесімен байланысты. Ол жанданған кейіпке еніп, адам әрекетіне, адамға тән мінезге, қылыққа ие. «Мұнара күніне бір мінез шығарады. Бір күні жас майсадай үлбіреп, жас сәбидей мөлдіреп тұрса, ертеңіне-ақ жан-жағына ойнақы нұр таратып, жайнақтап шыға келеді. Бірде терезенің алдынан ет жүрегіңді елжіретіп, үн-түнсіз телміріп түрып алса, артыншаақ төбесімен көк тіреп аспандап шыға келеді». Мұнара бірде «күледі», бірде «мұңаяды», бірде «сұстанады», бірде «алыстан ым қаққандай» болса, бірде «жалбарынады». Шығарманы мұқият оқып шықсаңыз, мұнараның мұндай «мінезінің» сан қырына куә боласыз. Шығармада мұнара романтикалық бояумен бейнеленген. Оның қасиетін суреттеуде әсірелеу де басым. Мұнараға қараған жанның барлығы қайран қалады. Ол шаһардағы басқа мұнараларға атымен ұқсамайтын ерекше бір сипаты бар, сиқырлы мұнара. «Әмірші сансапат жорықтарында талай мұнаралар мен сарайларды көре-жүре, тап мынадай сиқыр сұлулықты бұрын-соңды ешқайдан жолықтырған емес. Бірақ көзін жібермей, көңілін тұзақтап, тұсап-матап тастаған өзгеше көріктің сиқырына түсіне алмай келеді».
Романда мұнараның қасиетін айқындауда «сиқыр» сөзі онымен жиі қатар айтылады. Мұнараның сиқыры – шебердің ханшаға деген махаббатын бейнелеуінде, тіпті сол махаббаттың өзіне айналуында. Жазушы өз кейіпкерлерінің мінез-құлқын олардың сыртқы іс-әрекеттері, қимылдары арқылы емес, ішкі монолог арқылы ашады. Жалпы алғанда, Ә.Кекілбаевтың қаламгерлік қолтаңбасына, жазу мәнеріне өз кейіпкерінің характерін, психологиялық ахуалын ішкі монолог пен авторлық баяндау арқылы ашу әдісі тән. Негізгі қақтығыс оқиғаның сыртқы сюжеттік тінінде емес, кейіпкердің ішкі әлемінде, жан дүниелерінде дамиды. Романда оқиғаның хронологиялық тәртіппен дамуынан гөрі жеке тұлғаның рухани ішкі дамуына басты назар аударылған.
Романда Әмірші - қарама-қайшылығы мол, күрделі бейне. Жазушы оны кең масштабта, жалпылама түрде бейнелеген. Сондықтан романдағы Әмірші нақты Шыңғысхан да, Ақсақ Темір де емес, кесек те күрделі билеушінің жиынтық бейнесі. Күдігі мен күмәні мол, қатал да қатыгез, сонымен бірге ақылды да аңғарымпаз жұмбақ жанның психологиясын байқайсың. Ол соншалықты сұңғыла да көреген. Қаламгер кейіпкерінің сезімдік күйіне психологиялық салмақ артып, философиялық жинақтауларға ден қояды. Өмірінің соңғы сәттерінде ол өзінің әлемді тітіреткен әміршілік әрекетінің өткіншілігін, дүниенің опасыздығын, жалғандығын түсінеді, махаббат құдіреті алдындағы дәрменсіздігін сезінеді. Ханша мен шеберді қатаң жазалағанымен, хан олардың жүрегіне әмір ете алмайды. Өйткені байлық пен биліктен тыс, оларға бағынбайтын махаббат, сезім құдіреті бар. Нағыз өнер туындысына тән сұлулық пен нәзіктік тек шынайы махаббаттың әсерінен туындайды.
Жазушы шығармалары асқақ гуманистік пафосқа, астарлы романтикалық сарынға құрылады. Қаламгер қолтаңбасын айқындап тұратын өзіндік ерекшелігінің бар екендігі даусыз. Соның бірі – кейіпкерлерінің жан дүниесіне тереңдеп еніп, онда өтіп жататын психологиялық иірімдерді, қайшылықтарды, сезім толқындарын аша білуінде, кейіпкер тағдырын тереңнен тарта бейнелеуінде. Оның басқа қаламгерлерден ерекшелігі адам болмысына терең бойлап, адам табиғатының психологиясын зерттеп-зерделеуінде. Ә.Кекілбаев өз шығармашылығында адам табиғатында бар жақсылық пен жамандықтың, мейірімділік пен зұлымдықтың өзара қатынасы қандай, адам өмірінің мәні не, адам құдіреті неде деген сұрақтарға жауап іздейді. Әсіресе бұл өзекті мәселелер «Аңыздың ақыры» романында өзіндік көркемдік шешімін тапқан.
Жазушы романда лирикалық реңк бояудың молдығы, тілдік өрнектің эмоционалды бояуға қанықтылығы, шартты түспалдар секілді романтизм эстетикасына тән тәсілдерді шебер пайдаланады. Лиризм романда суреттелген оқиғаға эмоциялық бояу беріп, поэтикалық мазмұн дарытқан. Шығармада лирикалық бастау шығарманың құрылысы мен стилистикасында, кейіпкер психологиясын суреттеуде де қызмет етеді. Романтикалық стиль табиғатынан туындайтын ырғақ, поэтикалық инверсиялар мен қайталаулар романға айрықша реңк беріп, әсерлілігін күшейткен. «Кейде анау тас мұнара мұның өзі сияқтанып кетеді; оның бойында да көрер көзге құлпырып тұрғанмен, әлдебір қаяулы мұң бар, бұның көңіліндегідей ғұмыры тарамайтын-тарқамайтын, өзге түгілі өзіне де түсініксіз, іштей кеміріп жататын бұйығы іңкәр, именшек құштарлық бар; батылсыз жандардың аузынан өмірі шықпай, жәудірей қараған жанарларында жартылай жас боп тұнып жататын тұптұнық, тұңғиық наз бар. Жоқ, мынау мұнара бұның өзі емес, әлдекімнің «апырай, ұқпағаның ба» деп жазғыра қараған жанары сияқты».
Жазушы бар сөзін қайталау арқылы баяндау мәнеріне лирикалық реңк, айрықша романтикалық бояу берген. «Аңыздың ақыры» романында халық жадындағы аңыз бен романтикалық қиял, философиялық толғам мен аналитикалық суреттеу тәсілі, реалистік баяндау мен шарттылық келісті үйлесім тапқан.
Тапсырма: Дәрісті оқу. Қысқаша конпект жасау.
Романдағы негізгі кейіпкерлерді жазып, оларға сипаттама жазу.