Бүгінгідей болып көз алдында тұр. Нағашысы Алтыбайдың үйіне Жұмат шешесіне ілесе барған. Төркіндеп келген Қалияны құшақтарын жайып, қуанып қарсы алған туыстарының жылы жүзі, мейірімді көңілі бала көзіне шалынбай қалған жоқ. Асыр салып, ойына келгенін істеп, еркін жүрген Жұмат бір оңаша қалған кезде, керегеде ілулі тұрған домбыраны алды.
Қандай ағаштан шабылғанын, нендей күйдегі аспап екенін біліп жатыр ма, аңғарғаны – күмбірлеп шығып жатқан таза дыбыс. Өз үйіндегі әкесі Тұрғынбай тартатын домбыраның үны мынаған қарағанда мылқаудың былдырлағанындай көрінді. Бірде домбыраның тиегін ұшырып, бірде шегін үзіп, әйтеуір қоярда-қоймай әуестеніп жүріп, он шақты әннің, екі-үш күйдің сарын-әуезін келтіретін машыққа жеткен. Мал қайырып, қозы қарап жүгірген кездерінде естіген әуендері ылғи көкейінде қалады. Әсіресе тезек теруге барғанда, түнде күзетке шыққанда, шілдехана-тойда әйелдер айтқан әндер құлағынан кетпейді. Соларды тыңқылдатып отырып, домбырамен тартып шығуға әуес. Әкесінің ескі, әр жерде бір жататын жаман домбырасының үніне қызыққан кездерінде мына секілді саусақ тиіп кетсе, өзі сөйлеп тұрған аспан бар деп ойлады ма екен?
Малды қаузап бітіп, кешкі тамаққа отырған шақта бәрінің қолға алатыны – Жұмат. Ылғи айтылатын, сонда да тозбайтын дәстүрлі қалжың:
Жиен ел болмас, желке ас болмас.
Бұл жеп кетер, ішіп кетер ғой.
Ел болар еді малы болса, ас болар еді майы болса.
Осының бақайының басына қарап үндемейтіні жаман.
Әр саққа жүгірткен, неше алуан сөзді елеусіз тыңдап отырғандай көрінген Алтыбай нағашысы кенет басын тік көтеріп алып, сөйлеп кетті.
- Қоясыңдар ма, жоқ па?! Бармақтай баланы қолға алып, әбден берекесін кетірдіңдер. Қай ырыстарыңды ішіп, қай малдарыңды айдап жөнелгелі отыр. Келгеннен бері ызыңдап мазасын алдыңдар, - дегенде, күлімсіреп қараған Жұмат сөзге араласты:
- Нағашы, бұл кісілер қалжыңдай береді ғой. Мен оны шам алмаймын. Тіпті қудалай берсе, ендігәрі келмей қоямын.
Осы кезде тағы шу ете қалған көп дауыс бір жерден шықты.
- Бұл жаманның өкпешілін қара. Сен келмей қойсаң, біздің тауығымыз шақырмай, таңымыз атпай қалар ма екен. Мүмкін шешеңді тастап, өзің қайтарсың ауылға.
Жауап беруден бала тосылған жоқ:
- Апам өзі де қалмайды. Бағана таңертең “үйдегілер не болып жатыр екен? Ертең қайтпасақ болмас, балам”, - деген. Сіздер мені қорқыта алмайсыздар.
Әсіресе Жұматтың тілін қызық көріп, түрткілеп тиісе беретін нағашысы Алтыбай сөз реті осылай ойысқанда:
- Ой, жаман күшік, кет әрі, тантымай, Қалияны бір жұма қондырмай неге қайтарайық, - деді.
Бағанадан бері туыстарының баласымен қалжыңдасып отырғанына разы көңілмен жылы ажар танытқан райдағы Қалия:
- Әзіл-оспақ өз алдына, дәм жазса, ертең ауылға қайтқанымыз жөн. Өйткені тығыз-таяң шаруа бар. Сендер бұл қаратаңқайды сөзбен қажай бергенше, не өнері бар екен, соны сынап көрмейсіңдер ме? – деді.
- Қайту жөнін сөйлесерміз. Расында, сен былай жасай аласың ба? – деп Алтыбай төбесіндегі тақиясын біресе маңдайына қозғалтып, ойната бастады.
Жұмат күліп жіберді. Маңдайын тыжырғанымен, төбесіндегі тақиясы қозғалар түрі жоқ.
- Ә, солай ма, жаман жиен, - деді Алтыбай. – Баяғыда бір шал болыпты...
Сып етіп орнынан тұрып, далаға шығып кеткен Алтыбай қайтып келгенде, Жұмат танымай қалды, Алтыбай күпісін теріс айналдырып киген, қолында таяқ, басында ескі тымақ. Белі бүкірейіп, дауысы дір-дір етіп сөйлеп тұр:
- Е, қарақтарым, бізден не жағдай сұрайсыңдар. Жалғыз ұл барымта кесепатында мерт болды. Шіріген қу томар секілді екі сорлы бүрісіп отырмыз. Жаның рахат таппаған соң, бұл опасыз дүниеден не пайда?
Жұматтың қорғансыз шалға жаны ашып кетті. Көзін алмай телміріп, қарап қалыпты. Соны аңғарған Алтыбай тымақты, таяқты, күпіні лақтырып тастап, оп-оңай өзгеріп шыға келді. Қайдан, қалай алғаны белгісіз, басына орамал байлап алыпты. Кемпір болып қақсап отыр:
- Е, қарақтарым, жат-жұртқа бұйырған қыз дегенің осы екен ғой. Күндіз-түні күзетсек те болмады, бізді мұзға отырғызып, сымпыс шолақ біреумен қашты да кетті. Қалың беріп, құда түскен жеріне енді не бетімізді айтамыз, ойбай?! Жолаушылап кеткен әкесі келгенде не бетімді айтам, қу шұнақ құдай-ау? Сендер бірдеңе сездіңдер ме? Қазір ағайында иман қалған жоқ, көрсеңдер де көрмедік, естісеңдер де естімедіктен басқаны білмейсіңдер. Маған күлсеңдер, бастарыңа келсін. О, несі-ай, жырқ-жырқ еткендері. Әлде қыз асырамай отырсыңдар ма, әлі-ақ қашып кетер, қар неме...
Отырғандар күлкісін баспай жатып, Алтыбай түк болмағандай жымиып келіп, Жұматтың қасына жайғасты.
- Кәні, сен осының бірін істеп көрші, - деді. Мұндай әрекет қолынан келмейтінін бала жасырған жоқ.
- Мен сіздерге домбыра тартып берейін.
- Е, тарт.
Жиеннің барлық әрекетін Алтыбай қалт жібермей бағып отырды. Өзгелердің құлағына ән әуезі, күй ырғағы болып жетіп жатқан дыбыстар үйлеспей, доғал қиысса, білінер-білінбес қабағын шытады. Толқында саз жарасыммен келсе, иегін көтеріп, риза қалыпта күлімсірейді.
Қимыл-қозғалысы ширақ, ойына келген нәрсені ірікпей, қолма-қол шұғыл айтып тастайтын Алтыбай:
- Мына жаманда бірдеңе бар секілді. Тұрғынбайда жоқ өнер саған қайдан қонып жүр екен? Шындап келгенде, құдай берген өнердің төркінін, тегін сұрап қайтесің. Ұзағынан сүйіндірсін, - деді. – Бәсе, домбырамды біреудің ұстағанын сезіп едім. Сен екенсің ғой тартқан. Осы ұстағаның – ұстаған. Бұл домбыра енді сенікі.
Жұмат көңіліндегі қуанышын жасыра алған жоқ, көзі күліп, беті алабұртып тұр.
Қалжың ба, шын ба, нағашы? Маған мүлде бере саласың ба? Ауылға алып кетем бе?
- Рас, айналайын. Бұл домбыра ғана емес, өзім білетін барлық ән-күй, ырғақ-әуезді саған түгел берем. Шешең екеуің ауылдарыңа қайтуға асықпай, бірер күн аял боласыңдар ма? – деді.
Сол сапарда нағашылары Жұматқа құлын мінгізіп, домбыра сыйлаған. Сол құлын қазір заулап, шауып келе жатқан астындағы – жирен құнан.
Ойпырмай, сол жолы апасы айтқанын істегенде не шығар еді?
Күзге қарай Алтынбай нағашысы Тастыға соғып:
- Міне, өзім әдейі алып келдім. Енді бас-көз болыңдар. Ит-құстан, тіл-көзден аман жүрсе, жиеннің бұл жирені жүйрік атанады. Шыққыр көзім әзірге қателесіп көрген жоқ. Ескертетін бір-ақ нәрсем тек басынан, көзінен ұра көрмеңдер, - деген.
Бірақ аяқ астынан Қалия шешесі бүлінді:
- Ат жаратып, бәйгеге қосатын қай сәніміз келісіп тұр? Алтыбай нағашың жасында сал, сері болған кісі. Ол жарықтықтың аузынан әр түрлі шалық сөз шыға береді. Мен Қарқаралыдан көшіп келген дәу қараның сиырларына қызығып жүрмін. Әсіресе ана ала сиырының емшегі саулап тұр. Қатынымен келістім, олар ұрғашы бұзау береді, мен жирен құлынды берем.
Тұрғынбай әйелінің бетіне ажырайып қарады.
- Немене шақшиясың? – деді Қалия жаратпай. – Еркек құлын ертең не болады? Ұзағанда жүрісті мал шығар. Ал ұрғашы бұзан әні-міні дегенше желіні салақтаған сиыр. Сүтін, айранын ішесің. Майын жейсің. Айырбастаймын.
Жұмат бедірейіп тыңдап отыр.
- Қатын, артық дәулет бас жарады. Қайтесің, аяқ астынан пайда іздеп. Үлкен қайнаға ырымдап берген құлын екен, соның соңына түспей-ақ, тыныш жүрсеңші.
- Айырбастаймын дедім, айырбастаймын.
Шешесі дәл қазір құлынын біреуге беріп жіберетіндей көрініп кетті. Жұмат далаға жүгіріп шықса, көлеңкеде тұрған құлынының қасында өңкиген біреу жүр. Апасы айтқан дәу қара осы болды. Бірдеңе деп сөйлеп жүр:
- Әй, біздің жаман қатын біледі ғой. Құлын мүшесінен ертеңгі жүйрікті тануын қарашы. Мынаның жолында бір бұзау емес, жүз бұзау да садақа.
Кенет айқайлап жібергенін Жұмат өзі сезбей қалды.
- Бермеймін құлынымды. Он бұзау берсеңдер де бермеймін. – Шырылдап жылап жіберген бала даусынан тіксініп қалған дәу қара:
- Қой, қарағым жылама. Ешкім де сенің құлыныңды тартып әкетейін деп отырған жоқ. Қатындар ғой сандалып жүрген. Біз де таяу көшіп келдік, Қарқаралы жақтан. Бір айғыр үйір жылқымыз бар еді, жұтта қырылып қалды. Мен жүйрік атты жақсы көрем. Біздің үйдегі шешең байғұс ескі күндерді аңсайды да отырады. Әйтпесе жер астына түсіп, күн көріс үшін тас қазып жүрген жұмысшының бәйге ат не теңі? Сен жылама. Жиренің жүйрік болады, өзім үйретіп берем. Ұқтың ба?!
Осы кезде үйден шыққан Қалия дауысы сәл тарғылданып:
- Ә, келген екенсіз ғой. Үйдің іші түгел қарсы болса да, мен уәдемде тұрып, айырбасқа көндім, - деді.
Дәу қара күлімсірей сөйлейтін адам екен:
- Уәдешілдігіңіз – жақсы қасиет. Бірақ мына балаңызды жылатып құлыныңды әкете алмаймын. Бізде асып төгіліп жатқан мал жоқ. Бірақ өле жегенше, бөле же деген сөз бар ғой, мына торпақ енді сіздердікі. Кейін нәсіп жазып, сиыр болып бұзаулағанда, уызынан татырарсыздар. Мені Дәуқара атап кеткенмен, азан шақырып қойған есімім Құдайберген, - деді.
- Қызық болды ғой. Бас жоқ, аяқ жоқ, көлденең ағайынның бұзауын тектен-текке қалай аламыз.
- Ой, тәңірі. Құдайбергенге құдай бермей тұрғанда кездесіп тұрсыздар-ау. Әйтпесе сырты түк, іші боқ бұзауды бір келген қонаққа түстікке сойып тастайтын күндер де бастан өткен.
Сенер-сенбесін білмей тұрған Қалия:
- Жұматжан-ау, әлгі қайда кетті? Іздеші әкеңді. Ойбай-ау, Дәуқара-ау, ұят-ай. Кешіріңіз, Құдайберген-ау. Құдеке-ау, кіріңіз. Шай-суан ішелік, - деді.
Содан бастап Құдайберген мен Тұрғынбай үйлері дәм тұздары араласып, туысқан адамдай болып кеткен. Жиренді алғаш үйретіп, басмінгі етіп берген де Құдайберген.
Дәл бүгінге дейін Жиренге көңілі толмай жүрген Жұмат қазір іштей тәубаға келіп, Алтыбай нағашысы, Құдайберген кенші неткен көреген, сыншы деген осындай, күні бұрын білетін қасиетті адамдар болады екен-ау деп ойлады. Шамамен он бес шақырымдай шапқан шығар. Биік тастақ төбенің басына жүйткітіп көтеріліп барып, құнанның тізгінін тартты. “Жарайсың, жануарым. Сырыңды білмей келген екенмін ғой. Құлашыңды кеңге серметпей, өзім тұсап жүріппін”. Жиреннің көзіне көзі түскенде ұққаны: “Менде кінә жоқ, батырым, Білетін үлкендер мені құлынымнан таныған. Бір бұзауға айырбасталып та кете жаздадым. Енді шаппағанда қашан шабам, айтсаңшы!? Танауым мынау, кеудем мынау, тұяғым мынау – бәрі де жүгіруге дайын. Тек енді тізгін тартып, тұсау салып, тежеме мені. Ұқтың ба, батырым?! Қалың дода, көп дүбірге сал мені! Ұятқа қалдыра көрмеспін”.
Осы кезде басы-көзін шүмек-шүмек тер жауып көк құнан да төбеге ілбіп көтеріле берген. Бақтияр артта қалып, ашуланып, ренжудің орнына күліп тұр:
- Сенің құнаныңның аты бар ма, Жұмат?
- Жирен дейміз.
- Олай емес, мен ат таптым. Айтайын ба? Қандай ат лайық құнаныңа?
- Кім білсін. Жирен дегенге үйреніп кеттік.
- Ендеше мен бұған Желжирен деп ат қойдым.
- Жақсы екен. Бірақ сол атың лайық шықпаса қайтеміз? Өзгертеміз бе?
- Қара басып, аяғын сындырып алмаса, екпінінен неге тайсын. Бұдан былай екпінге екпін қосады. Көр де тұр. Ал менің Көгімнің жаңа атын білесің бе?
- Сен, Бақтияр, неге кешікті десем, құнандарға ат ойлап жүрген екенсің ғой.
- Мұның аты бүгіннен бастап Салпаңкөк болады. Салпаңқұлаққа ұйқастырып, Салпаңкөк қойдым.
- Ойбай, малға обал емес пе? Ат құрып қалғандай. Сандалкөк демейміз бе? Көктұйғын, Көкбөрі, Көкдауыл – осылардың бірін атайық.
- Жаман иттің атын Бөрібасар қояды деп, бұл тобанаяққа ондай аттарды қойып неге қор қыламыз? Өз қасиетімен, бүгінгі шабысымен тапқан лайықты аты сол – Салпаңкөк.
Екі бала, екі құнан төбе басында тұр. Сарыарқаның елеусіз ғана, жатаған көп төбелерінің бірі бұлар үшін үлкен белес, биік тұғыр секілденіп, кең аспан, жазық даланың барша сұлулығын көз алдына тартады: зеңгір көкте қалықтаған қаз бауыр бұлт, сахарада жөңкілген сағым – баршасы таяуда ғана жаратылғандай пәк, таза, сұлу көрінеді. Желпіп соққан самал селеу мен жусанның құлағына әлдеқандай құпияны асығыс сыбырлап кеткендей болады. Жыбырлаған құмырсқа, шырылдаған бозторғай – екеуі де асығыс, тойға, қуанышқа ынтыққан көңілде болатын дегбірсіздік бар.
- Даланы сағындым, - деді Бақтияр күрсініп.
- Қала жақсы емес пе? Неше түрлі қызығы бар шығар, - деді Жұмат білгісі келген пішінмен.
Бақтияр жалпақ тасқа жантайып отырып, сөзін жалғады:
- Алғашқыда қызық көп. Семей деген үлкен шаһар. Қаланы қақ жарып Ертіс өзені ағады. Ортасында көп тоғайлы үлкен арал бар. Ар жақ-бер жаққа қайықпен өткенде зәрең ұшып, суға кетіп қалатындай болып жаның танауыңның ұшында отырады. Қылт еткенде қайық төңкеріліп түсетіндей, толқын жұтып қоятындай көрініп, жүрегің тас төбеңе шығып, зәре-құтың қалмайды.
- Сонда қайық қалай жүзеді?
- Пәлі деген, соны да білмейсің бе? Қайықшы жігіттер бар емес пе? Ескекпен есіп отырады. Әрлі-берлі қайық дегеніңіз сеңдей соғылып жатады. Адамды былай қойғанда, малдарды, неше түрлі жүкті сол қайықпен өткізеді, - деді Бақтияр үстем сөйлеп.
Жұмат естігені болмаса, үлкен өзен, қайық дегендерді көрген емес, сондықтан ба, әйтеуір Бақтияр сөзі қызықты ертегі секілденді. Көз алдына төңкерілген қайық, суға бір батып, бір шығып, малтығып жүрген балалар келді. Бойы тітіркеніп қорықты.
- Ал қайық аударылып кетсе қайтеді? – деп сұрады.
Бақтияр малдасын құрып, әбден жайғасып алған, қандай сұраққа да жауабы әзір кісідей нығыз тіл қатты:
- Қайтер еді? Малту білетіндер жағаға жүзіп шығады. Білмейтіндер су түбіне, балықтарға жем болып кете барады.
Жұмат жұлып алғандай:
- Ойбай-ау, бір-біріне көмектеспей ме? Әлгі қайықшы, ескекші жігіттердің малту білетін шығар, олар қайда? Неге қол ұшын бермейді?
Бақтияр мырс етіп күлді:
- Төбе басында, самал желпіп, қоржындағы етке тойып, торсықтағы қымызға шөл қандырған соң айтып отырсың ғой. Өзің суға кетіп көрсең, олай демес едің.
- Сен суға кетіп көрдің бе?
- Көргенде, мен көрейін. Біздің медіресе Үлкен Семейде, Ертіске жақын жерде. Қала қазақтары, татар балалары жақсы жүзеді. Бір күні шәкірттер су жағасына келдік. Мен малту білмеймін. Шешінбей жағада тұрсам, балалар мазақтап болмай қойды. Еріксіз айтқандарына көндім. Алғашқыда қатқыл тиген құм кішкенеден кейін табанды қыздыра бастады, жанға жағып барады. Күннің сәулесі шекені терлетіп, бойды қыздырды. Шәкірттер шу-шу етеді: - “Қорықпа, терең емес, алысқа барма, кіндікке дейін, емшекке дейін ғана келетін саяз жер”, - десіп, мені Ертіске түсіріп жіберді. Салқын, мөлдір су рахат екен. Басқа балалар секілді малти алмасам да, қолымды сермеп, су шашамын. Мен де сүңгіп көрейінші деп күмп бердім. Кенет аяғымды тік баса алмай, шайқалақтай бастадым. Толқын әкетіп барады, су жұта бастадым. Тұншыға бастадым. Айқайладым білем. Кеудем қысылып барады. Өлген деген осы шығар деп ойладым. Осы кезде қатты бір қол жұлқып тартып, әлдекім түсініксіз бірдеңелерді айтып, жағаға сүйреп шығарғандай болды. Бір ұзын орыс жігіті балаларға зіркілдеп тұр екен. Татар жігіттер артынан айтты: “Малту білмесе, неге Ертіске түсіресіңдер?! Мен болмағанда ағып өлетін еді”, - депті анау.
Жұматтың көзі бақырайып, жүзі сұрланып кетіпті:
- Сонда шәкірт достарың көмектеспей, айдаладағы орыс қалай құтқарған?
- Көмектеспейін деді ме екен, білмей қалады. Ертіс ағыны қатты, қанды су, күніне талай адамды жұтып жатады.
- Қазір малту білесің бе?
- Талайға дейін Ертістің маңын баспай қойып едім, ақыры балалар сүйреп жүріп, малту үйретті ғой. Қазір қорықпай жүзем.
- Қой, қозғалайық. Құнандарға бір шөп шалдырып алдық қой.
- Рас, жүрмесек болмас, - деп екі бала орындарынан тұра бастады.
Қос құнан тынығып қалыпты, бірінен-бірі қалмай жедел, пысық аяңдап келеді.
- Қазір Қояндының жазығы көрінеді, - деді Бақтияр ұзыннан созылып жатқан жалпақ адырдың биіктеу белесіне көтеріле бергенде. – Анау шығыста тұрған қалың қатпар – Қояндының тауы. Қарсы алдымыздағы – Тоқпан тауы. Батыста жарқырап жатқан – Қарасордың көлі. Сен бұрын мұнда келіп пе едің?
- Бірінші рет көруім, - деді Жұмат.
Белес-белес адырлы таулармен қоршалған жалпақ, кең жазықтан жарқырап ашылған жаңа дүние көздің жауын алып қойды. Сөз, әңгімеден тыйылып, тек қана тамашалап қарау керек секілді. Бұрын ең көп болғанда төрт-бес үй қатар қонған ауылды көрген Жұмат жыпырлаған киіз үйде сан жоқ шығар деп ойлап қалды. Жер ошақтан көтерілген түтін жіптіктей созылып, аспанға тік көтеріліп жатыр. Өзен бойлап жайылған ақтылы қой, шұрқыраған жылқы – бәрі қолмен қойғандай айқын көрініп тұр. Аттылы, жаяулы көп халық – құмырсқаның илеуі секілді. Үрген ит, маңыраған қой, кісінеген құлын үні қосылып кең жазықтан сан-алуан тіршілік иелерінің дауысы естіледі.
Қырқадан асып түскенде биік жарқабақты, әр жерде шоқ-шоқ тал өскен, мөлдір, мол сулы өзен кездесті.
- Талды өзені осы, - деді Бақтияр. – Қарасор көліне құяды.
- Терең екен ғой, құнандардың сауырынан келді, - деді Жұмат тізгінді тарта беріп.
- Үндеме, малту үйретем.
- Көрерміз оны.
- Жәрмеңкенің нағыз қызған тұсына келдік, - деп Бақтияр құнанның басын қатар-қатар тізілген сауда орындарына қарай бұрды.
Шығыстан батысқа қарай ағатын Талды өзенінің бойы жарыстыра тігілген неше түрлі киіз үй екен. Белдеуде байланған аттар, желідегі құлындар, жүгірген иттер – Жұматтың көзіне жылы ұшырады. Атқа мінген, арбада отырған сан алуан киімді адамдар дабырласып, улап-шулап, айқайлап сөйлеп, даурығып жүр.
Шеткі қатарға таяп келгенде таныс дауыс естілді:
- Әй, шырақтарым, келіп қапсыңдар ғой. Үлкендер айтпады ма? Мал базары болмаса, өзге базарларға атпен қалай кірмексіңдер? Қан базар – қызық ордасы. Анау бел ағаштарды көрдіңдер ме? Құнандарыңды соған байлап, жаяу аралаңдар. Ат үстінде жүріп, не көресіңдер, не сауда жасайсыңдар? Сөйтіңдер шырақтарым, айтқанға көніңдер.
Құдайбергеннің өзі асығып бара жатыр екен.
- Семейдің базары мынаның қасында бұйым емес болды ғой, - деп Бақтияр ұзын қатарды аралап келе жатып таңырқап қояды.
Төбесін лапастап жауып неше түрлі сауда орындарын жасап тастаған. Әр қатардың ұзындығы бірнеше шақырымға созылатын шығар-ау, деп мөлшерледі Жұмат. Негізгі сауда орындары жарыса созылған төрт қатар. Өзі көрген, өзі естіген дүние атаулының бәрі осында ма деп ойлаған Жұмат:
- Бақтияр, байқайсың ба, ішкі екі қатардағы саудагерлер ылғи орыстар, ал сыртқы қатардағылар кім? – деп сұрады.
- Оның рас, - деді Бақтияр. - Әр түрлі мата, бұл, темір-терсек етік, ер-тоқым, пышақ, балта, іс мәшине, сабын, киім, - мұның бәрі Ресейден, Сібірден келген. Ал мына жемістерін жайып салып отырған ала шапан киген, ала тақиялы жылтыр қаралар - өзбек ағайындарың. Барқыт, қамзол, кілем – мұны сататын да солар. Көздері бітіп, ілмиіп шәй, жібек, бұрыш ұстап отыр ғой – бұлар қытайлар. Осылардың бәрі де Семей базарында жыртылып айрылады. Алғаш медіресеге түсіргенде көкем базарға апарып, мен де сен секілді таң қалғанмын. Жердің бетінде қазақ пен орыстан басқа ел бар деп кім ойлаған. Сөйтсек, не көп, халық көп екен ғой.
Екі баланы көзі шалып қалған бұйра қара ақсақалды еңгезердей өзбек дауыстап:
- Келің, келің, балам. Менің де сендей ұлым бар. Жаңғақ ал. Пұлың керек емес. Уысың толғанша ал, ал, - деп шақырып болмады.
- Неміз кетеді, алсақ алайық, - деп Бақтияр екі жаңғақты алды да, тіске салып шағып жіберді. – Рахмет, ата.
- Ас болсын, ұғлым. Тағы кел. Дадаңды ертіп кел, жаңғақ алса, маған әкел. Арзанға берем, - деп бұйра сақал тісін ақситып күліп тұр.
- Жарайды, ақсақал келеміз. Ақысын сонда төлерміз, - деп Бақтияр бағанадай емес батылданып, бір уыс жаңғақты қалтасына салып алды.
Бұйра сақал басын шайқап:
- Ой, найсап, бала. Мені алдап тұрған жоқсың ба. Дадаңды әкелесің бе? – деді түсін суытып.
Жұмат кісі ақысын бермей кетуді кінә санаған кейіпте:
- Болашақ молда жігіт, мұның қалай. Шариғатқа шет келмей ме.
- Алдап қайтем мұны. Көкемді ертіп әкеп барлық жаңғағын сатқызып алам. О жағынан қам жеме, мә жаңғақ, басқа сөзді қайтесің?
Ұзын-ұзын қатарлардағы неше түрлі жемістерге балалар таңырқап қарайды, кейбірінің тіпті атын да білмейді: жұдырықтай-жұдырықтай, шекесі торсиған қып-қызыл алма, сап-сары балдай болып, мөлдіреп-мөлдіреп, төгілгелі тұрған жүзім, бармақтай-бармақтай ірімшік секілді мейіз – қалың жемістің неше түрлі дәмнің ортасынан Жұмат көзіне жақсы білетін, таныс, туыс адамындай жылы ұшырап көрінеді.
Тайға мінген үш бала айқайлап барады:
- Құлағың сал, ағайын! Құлағың сал, жамағат! Ертең бәйге төбе басында ат жарысы болады. Тай жарыс, құнан жарыс, ат жарыс! Қапы қалма, бәйгеге қос жүйрікті. Ертең – бәйге! Ертең – бәйге! – Үшеуінің дауысы үш түрлі шығады.
Бақтияр Жұматқа қарап иек қақты:
- Естідің ғой. Ертең Желжиренді бір сынаймыз.
- Қой, обал емес пе? Жаратылмаған, он екіде бір нұсқасы жоқ құнанды бекерге тыртаңдатып, ел-жұртқа күлкі боламыз.
- Сен ұялсаң, бір жолға мұның терін маған қи. Мен шабайын, күлкі болсам, мен күлкі болайын.
- Мен неден ұялам? Бірақ Ұрым мен Қырымнан, жеті жұрттан сақадай сайланып, әбден дайындалып келген талай саңлақтар бар шығар. Бала-шағаның астында жүрген, кеншінің жаман құнанына далада жатқан жүлде бар деп ойлайсың ба?
- Не десең де осы жолы Желжиренді бір сынайықшы. Мен шабайын. Қишы бір терін.
- Ой, сонша қиналғаның не? Шапқан жылқының барлығы бәйге алмас, артта қалсақ, ешкім құлағыңды кеспес. Бердім тілегіңді. Желжирен сенікі.
Екі баланың танауын түтін иісі жарып барады. Бақтияр аузының суы ағып:
- Мынау істікке түйреп, отқа қақтап тұз бен бұрышқа пісіріп жатқан шашлықтан жер ме еді. Бірақ оны бізге кім берсін. Қалтада көк тиын жоқ. Буы бұрқыраған палау әні. Мынау мәнтіні аузыңа салсаң, балдай еріп кетіп тұр ғой. Есіміз барда ел табайық. Біздің кісілер ендігі жеткен болар. Мың сан үйдің ішінен қалай іздеп жүреміз. Біреуден сұрайық. Әйтпесе ертегідегі Асан мен Үсендей далада қаңғырып қалармыз.
Естияр үлкен кісі кезігер ме деп, жан-жақтарына қарай бастағанда, алғаш жөн айтқан Құдайберген тағы ұшырасты.
- Әй, сендер, тентіреп, бекер жүргеннен саусыңдар ма? Бұл жәрмеңкеде ұры-қары, баукеспе өріп жүр. Солардың біреуі көшке ілестіріп, алдап-сулап алып кетеді-ау деп қорықпайтын не қылған пәтшаған едіңдер?
Құдайберген Жұмат пен Бақтиярдың қолынан ұстап алып, жетектеп қан базардың ортасынан шетке қарай тарта бастады.
Бетіне тура қарау қиын, көзі өңменіңмен өтіп кететіндей, түсі суық адам екен.
- Мен сендерді көргелі талай уақыт өтті. Не іздеп, неге телміріп жүрсіңдер? Айтыңдар, кәне. Осылай жүргенсіз, бейбастақ кетіп, ұлан-байтақ жәрмеңкеде саяқ жүрулеріңе жол болсын, зәнталақтар.
Жұмат пен Бақтияр бір-бірінің бетіне қарап қояды. Бүлдірген түгіміз жоқ, неге шүйіліп ұрсады деп ойлады. Арты зілсіз, шын пейіл мен қамқор ниет аңғарылады.
Құдайберген жалпақ алақанымен екі баланы құйрыққа бір салып қалып:
- Әбден күнсіп, түтігіп кетіпсіңдер. Алдымен қымызға тойдырып алайын, бұрыл былай қарай, - деп кірпіштен салынған үлкен-үлкен есіктері бар үйдің пұшпағын айнала берді.
Төбесі шатырлы, бұл ғимрат қойма болса керек, ішіне арбалы адамдар, атты кісілер кіріп-шығып жатыр. Қанжығаға өңгерген қапшығы жыртылып кетіп, ішіндегі ұнын ақтарып алған тақиялы жігіт әлдекімді жеті атасынан тартып боқтап тұр. Қойма іргесіндегі көлеңкеде бір әйел қырын қарап, бала емізіп отыр. Жаулықтары дағарадай екі-үш бәйбіше күміс белбеу, алтын түймелері күнге шағылысып, құлаш-құлаш барқыт жыртқызып алып, қастарындағы жігіт ағасына ақша төлеттіріп тұр.
Осыларға қарап, сәл аңырап қалған Жұматқа Құдайберген айқай салды:
- Өй, қара пұшық, аузың ашылып неге таңырқап тұрсың? Жәрмеңке қызығы қатын-қалаш, бала-шағада емес, көресіңдер әлі! Ат бәйгесі, палуан күресі, аталар сөзі, әнші көмейі, күйші бармағында. Бас аяғыңды, қара таңқай.
“Осы дүлейге қайдан тап болдық, - деп ойлады Жұмат. Бізде не шаруасы бар? Өз жұмысы жоқ адамдай ертіп келеді. Біресе зілденіп ұрсады, біресе кісілікті ақыл айтады. Қайсысына сенерсің. Бағана ұры-қары, баукеспе бар деп еді. Қайда тартып келеді? Қымыз ішкізем дегені кәні?”.
Жұмат қауіп-сезік аралас көзқараспен Бақтиярға қарады.
Талды өзенінің жағасына, көгалды жерге тігілген қоңырқай киіз үйден жіңішке, сұлу дауыс естіледі:
- Әміре ғой, - деді Құдайберген. Екі бала түсінген жоқ. – Ал, келдік, - қымыз осында, - деп үйге өзі бастап кірді.
- Ассалаумағалейкум, Ақтамақ!
Киіз үйдің іші қоңыр салқын екен. Ортада дөңгелек үстел. Жағалай кілем тұтылған, киіз, сырмақ, үстіне көрпе жайылып, жастық тасталған. Дөңгелек көзі қап-қара, ұзын бойлы, отыздың ішіндегі әйел жылы қарсы алып:
Достарыңызбен бөлісу: |