Ай қанатты арғымақ



бет14/19
Дата25.12.2016
өлшемі4,1 Mb.
#4410
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

Сәлімрахман қабырғада ілулі тұрған қағаз қасына қайтадан келіп:

- Басқа сөз жоқ. Келісім осы. Шаңжұтқанды қоршаймыз, - деп бір тоқтады. Дәрібайға оқты көзбен қарап қойды, отырғанын жақтырмаған сыңайы бар. Осыны сезген Дәрібай:

- Қарақтарым, мен шыға тұрайын. Мәжілістерің тынған соң кірермін, - деп еді, Жұмат оң қолын көтеріп:

- Отыра беріңіз. Мүмкін пайдаңыз тиіп қалар бізге, - деді тіктеп қарап.

Кекеткені ме? Арыстанның қашқын ішінде екенін біледі екен ғой. Расында Жадайлар соңғы бас құрайтын, анттасып алып, арғы бетке тартып жөнелетін асуы – Шаңжұтқан. Қалай қоршайды?

Бетінің қаны қашып, өңі бұзылып кеткен Жұмат дауысы дірілдеп:

- Тәртіп бойынша, Дәке, сіздің бұл мәжілісте отыруға хақыңыз жоқ. Сізді отырғызуға менің де хақым жоқ. Бірақ жасырып жабатын, жұмбақтайтын сөз емес айтып отырғанымыз. Өмір мен өлімнің әңгімесі, - деп аз үндемей тұрды. – Енді жерді, Отанды тастап көп адам кетіп барады арғы бетке. Талай адасқан, азғырындыға ерген, шатасқан сорлылардың көшін тоқтаттық. Кеңес заңына бағынбай, ат кекілін кесіп, от тастап, мылтық атып жау болып жөнелгені және бар. Айтқанына көнбеген талай момынды баудай кесіп, бауырдай турап, жазықсыз, қорғансыздың қанын төгіп барады олар. Жарлы-жақыбайдың табан ақы, маңдай терімен жасалған игілікті ұрлап, тонап барады. Әженің қолын бұрап – білезігін, қыздың құлағын жырып – сырғасын алған жауыз кілем, сырмақтан, ешкікөз, тайтұяқ, жамбы алтын-күмістен не қалдырды дейсің. Қора-қора үй, үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе айдап әкетпек бандылар. Жібермейміз біз оны. Әлі де олардың ішінде көзі ашылмаған ұйқыдағы сорлы болса, алып қаламыз.

Күтпеген сөзім айтылды деп есептеді Дәрібай. Шын жанашыр, адал достың лебізі ғой мынау. Алданғандар деп отырғанның ішінде өз ұлы да бар емес пе? “Арқалық батыр” жырының қолжазбасын Жұматқа тапсыру сылтауы ғана, көкейіндегі сөз баласының тағдыры. Қашқындарды қуа барайын деген Дәрібай тілегін Жұмат та, басқа сақшылар да қолдады. Елге абыройы, беделі бар атақты ақынға өздері қолқа салмақ еді. Жұмат кездесетін уәделі жерді белгілеп тұрып:

- Ал, Дәке, біздің үйге бұрылайық. Келініңіздің қолынан шәй ішіп кетіңіз, - дегенде, Дәрібай жауабын қолма-қол айтты.

- Әлі талай түстеніп, жата қонып жүрерміз, шырағым. Еліңнің іргесі сөгілгендей, мынадай халде тамағымнан ас та өте қоймас. Мен одан да тартып кетейін. Үйге бір соғып, айтқан жерлеріңнен, айтқан уақыттарыңнан табылайын. Аттың жалы, түйенің қомында мен сабырсыз байырқалап отыра алмаспын. Пәлі, кәрілік деген осы. Мына әдейі өзіңе арнап әкелген қолжазбаны қайта әкетіп бара жатырмын. Шал адамның қолы қалтырайды, жазуы кейбір маржандай болар дейсің. Дегенмен байыппен оқысаң, ажыратасың. Менен де бұрын талай ақын жырлаған оқиға. Солардан алғаным бар, өз қосқаным бар, әйтеуір, осы Тарбағатайдың о жақ, бұ жағында қазір айтылып жүрген “Арқалық батырдың” толық нұсқасы деп әкелдім. Не деп едің? Әлгі әркім өз сөзін өзі айтатын дүние пиесе ме еді? Ондай кәдеге жаратсаң, мен разы, аруақтар разы. Әйтеуір, ондай нәрсені жазып бітіріп, көрсететін күн туса, жаман шалыңды ұмытпассың. Көруге шақырарсың, - деп Дәрібай шиыршықталған, ортасынан жіппен байлаған қолжазбаны Жұматтың қолына ұстатты.

- Премьерасына келесіз, Дәке, - деп күлді Жұмат. – Алғашқы көрсету деген сөз. Көрсетудің уызы деген сөз. Бұл еңбегіңіз үшін рахметтен басқа сөз тауып айта алмай тұрмын. Ат-шапан мойнымда деп біліңіз.

- Қой, атама, ондайды, қарағым. Қай қазақтың ақыны сөз сатып, ат мініп, шапан киіпті? Кәдеге жарап, ел үшін қызмет етсе, мен саған бір “Арқалық” емес, жүз “Арқалықты” қағазға түсіріп берейін, айтып берейін. Өлсем ішімде кетеді. Менің сөзім дейсің бе? Халықтың өз қазынасы, өз байлығы, мен секілді ақындар қойма ғана. Ыдыс қана деп біл. Сөздің иесі – ел, халық. Ойбай, мен тағы созбақтап барам. Ал, жөнелдім, - деп Дәрібай орнынан тұра берген. Осы кезде бөлмеге қайта кірген Сәлімрахман:

- Дәуке, сәл аялдаңыз, - деді қатқыл дауыспен. - Әлгі уәдеңіз уәде ғой. Ендеше сіз де сақшылар қатарына ендім деп санаңыз. Қайыншылап бармаймыз, қашқын қуып барамыз. Олар ешкімді аямақ емес. Бәрі қарулы. Сондықтан сізді құр қол тастауға біздің қақымыз жоқ. Анау шиті мылтығыңызды қоя тұрыңыз. Әзірге мына винтовканы, мына оқшантайды алыңыз.

Бұл халді Жұмат күтпеген болуы керек, қабағын шытып:

- Ұрыс болатын жерге Дәкең жіберілмесін, - деді. Кешегі Сәлімрахман қазір өзгеріп алған, түсі суық, қимылы ширақ, сөздері нақты екен.

- Қандай жағдайға ұшырайтынымызды, жолдас укомның төрағасы, қайдан білеміз? Ендеше сақтықта қорлық жоқ. Мен партияның тапсыруы бойынша алдымен сізді, одан кейін отрядтағы басқа адамдарды сақтауым керек, - деп Сәлімрахман рәсіми тәртіппен сөйлеп кетті. – Ал, Дәке, енді тездетіп аттаныңыз. Уәделі жерден күтеміз.

Құндағының бояуына қылау түспеген, бұрын бір рет те атылмаған судай жаңа, ап-ауыр винтовканы Сәлімрахман қолына ұстата берген сәтте, Дәрібай тар кезеңнің сұсты ызғарын анық сезді. Өне-бойынан суық толқын жүріп өтті.

- Сендер берік болыңдар. Менің сертім серт, - деді.

Желе жортып асығыс үйіне жеткен Дәрібай астаң-кестеңі шыққан дүниені, зар илеген Мүслима мен Алтайды көргенде, қап-қара боп түтігіп кетті. Оқиға былай болған-ды.

Иесіз тауда, оңаша кездескенде әкесінің тағы да көнбегенін Арыстан қашқындардың басшысы Жадағайға қинала отырып айтқан. Сақинасы ұстаған кезде ешкіммен сөйлесуге шамасы келмейтін Жадай жастықтан басын жұлып алды. Екі көзі қып-қызыл екен. Маңдайын, шекесін саусағымен уқалап-уқалап жіберіп:

“Ә, неғылсақ екен? Дәкең жылы сөзге түсінбесе, кәрі жүрегін шошытсақ па? Неғылсақ екен, ә? Ол кісінің бізгі не үшін қажетін сен білемісің? Әй, білмейсің ғой. Таптым. Айласын таптым”, - деп өзі естірдей ғана күбірлеп барып:

- Сен жүре бер. Дабырды шақыр, - деді.

Жағына пышақ жанығандай, тарамыс қара Дабыр екі көзі жалт-жұлт етіп жетіп келді. Шауып келе жатқан ат үстінде қолын сермеп қалса, атқан оғы нысанаға тиетін мергендігіне қоса, атан түйедей жігіттерді алып ұратын көз ілеспес жылдам. Қайдан үйренгенін кім білсін, ойнаған болып талмау жерден салып қалғанда, жауырыны жерге тимеген палуанның өзі құлаған орнынан тұра алмай жатып қалады. Барымта, ұрлық, шайқас десе, Дабыр жанып түседі, қайдағы жанжалды өзі іздеп тауып алады. Ақ қашып, қызыл келгеннен бері құдайы жарылқады: арғы бетпен екі ортаны тоқсан тоғыз кесіп өтіп жүр. Мұны ұстайтын қақпан, бұған даритын оқ жер бетінде жоқ секілді.

Жадайдың маңызды, ешкімге айтуға болмайтын, ауыр тапсырма кезінде ғана өзін шақыратынын Дабыр жақсы біледі, оны іштей мақтан тұтады. Қорқытып кел десе, Дабыр дүре соғып кел десе, атып, әрі бауыздап келеді.

Жай-жапсарды емеуріннен түсінген Дабыр қасына ешкімді ерткен жоқ. Суыт желе жортып отырып, Дәрібай жұртына салаң етіп жетіп келді. Қалай қорқытады, немен шошытады, - бұл жағын Жадай ашып айтпады, өзің бірдеңе қыласың деген. Тек ескерткені шалды байқамай мерт қылып алмау керек. Қайткен күнде арғы бетке алып кету қажет. Қу тулақ, кәрі аруақ қай жыртықты жамайды? Қай тесікті бітейді? Аяққа оралғы, асқа ортақ масылға не үшін қызығып отыр? Дабырға салса, осынша бұлдантпай, айтқанға көнбегені үшін тырс еткізіп атып тастап кетер еді.

Қозы қайырып жүрген Алтай салт аттыны көріп қуанып кетті. Жүгіріп келіп, әдетінше дауысын көтеріп, сәлем берді. Баланы көргенде, Дабырдың бүйрегі бүлк ете қалды. Таяуда үйлерінде болған екі қонақтың аттарын айтқанда, қамшысын қытып ұстады. Атасы Алтайды және қағаздарын жақсы көреді екен. Қағаздар сандықтың ішінде. Сәлем бермей, алайып қарап, атынан түсіп жатқан бейтаныс жолаушыдан Мүслима сескеніп қалды. Әй-шайға қаратпастан:

- Әй, қатын, шалың қайда? – дегенде селк ете түсті.

- Өй, шырағым, денің сау ма өзіңнің? Құрбың емес, құрдасың емес, жын соққан кісіше қалай сөйлейсің?

- Жын соқты ма, пері соқты ма, оны көре жатарсың? Шалың қайда?

Мүслима безеріп үндемей қалды.

- Үйлеріңде болған біздің адамдар айтып келді. Шалың өкіметке қарсы қағаз жазады екен, - дегенде Дабырдың көзінде сайтан от жанып тұрды.

Мүслима тілін шайнап ала жаздады. Қолынан дәм татқан, жылы-жылы қоштасқан екі жігіт – Жұмат пен Сәлімрахман көз алдына келді. Жаналғыштай ыздиып тұрған мына шандыр қарамен олардың үш қайнаса сорпасы қосылар ма? Құдай төбеден ұрғанда, ақсақалының кейінгі кезде қағазға шұқшиып отыратынын өзі ғой айтқан. Несі бар еді сандалып? Өкіметке қарсы ешқандай сөз жоқ қой онда. Арқалық батыр жау қолына түскенде, торыққанда айтылатын толғаулардың өкіметке не қатысы бар? Түстері жылы, беттері жылтыр, іштері мерез, кеудесі запыран болғаны ма екеудің? Аяр ма еді екеуі?

- Әй, қатын, тілің кесіліп қалды ма?

- Сендей арсызға айтар сөзім жоқ. Тайып тұр үйден, жауыз.

- Қағаз қайда?

- Не тантып тұрсың? Қағазың не?

- Біздің кісілер көрген қағаз.

- Ешқандай сенің кісіңді білмейміз. Ақсақал келеді, өзінен сұра.

- Тосып отыруға уақыт жоқ.

- Ендеше келген жолыңмен жүре бер, құдайдың қарғысына ұшырағыр.

Дабыр атылайын деп тұрған жабайы мысық секілді жиырылып қалды.

Мүслима еш нәрсені түсіне алмай тұр. “Арқалық батыр” жырын уәдесі бойынша тәптіштеп қарап шығып, қолжазбаны Жұматқа беру үшін ақсақалы таңға жақын Зайсан қаласына аттанған. Сәтін салса, кешке қайтып оралмақ. Мына әзірейіл қайдан келді? Әлде сөзі ойпыл-тойпыл шығып отыр еді, анау мылтық асынған әскер бастық деген Сәлімрахман таздың ісі ме? Дастарқаныңнан ас ішкен адам осындай зұлымдыққа барады деуге Мүслиманың дәті шыдамады. Мына пәледен қалай құтыларға жол таппай, дал болды.

- Ей, қатын, аш ана сандықты. Шығар ішіндегі қағазды.

“О, алла, бұл оның ішінде қағаз барын қайдан біледі?”.

- Сен ашпасаң, өзім ашам.

“Енді қайттім, құдай-ау?”.

- Ашасың ба, жоқ па? Дабыр бас салып Мүслиманың алқымына жармасты.

Осы кезде Алтай шар етіп жылап жіберді.

- Атама айтам.

- О, атаңды ұрайын. Құры кәні!

Сандық үстіндегі жастық, көрпелерді олай-бұлай бей-берекетін шығарып, лақтырып-лақтырып тастаған Дабыр қатты-қатты сілкіп тартып көргенмен, құлыпты жұлып тастай алмады.

- Тиме атамның сандығына, - деп ұмтылған Алтайды Дабыр іштен бір теуіп жібергенде, ішегі үзіліп кеткендей болған бала, құлын даусы құраққа кетіп, шыңғырып жіберіп, жер ошаққа барып құлады.

- Жауыз! – деп айғайлаған Мүслима жан ұшырып, қолына ілінген көсеумен Дабырды қаңқ еткізіп бастан ұрып-ұрып жіберді.

Шыбын шаққан құрлы көрген Дабыр жоқ, “ә, солай ма” деп тісін шықырлатып алды да, Мүслиманы шашынан бір-ақ тартып, шекесінен түсірді.

- Енді аузыңды ашсаң, алдымен балаңды, содан кейін өзіңді бауыздап өлтірем, - дегенде Мүслима өксігін баса алмай солқылдап жылап жатқан Алтайды бауырына тартап, қалшылдап, дірілдеп кетті. Көзі қарауытып, басы зеңіп, дүние шыр көбелек айналып бара жатты. Құрыдық деп ойлады.

Дабыр құлыпты бұзған жоқ, босағада жатқан балтамен екі-үш сілтегенде, бетіне сүйек шапқан, күміс жүргізген сандықтың быт-шыты шықты. Оның ішінде “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Қыз Жібек”, “Қобыланды” дастандары, “Құран”, Абайдың кітабы, қолжазбалары бар болатын. Тарамыс қара соның бәрін жер ошақтың астына қи қалағандай етіп тастады. Көп жылдар сақталып, әбден қаудырап тұрған қағаз сіріңке оты тиюі мұң екен, лап ете түсті. Әсіресе қолжазбалар тез өртеніп, қара жапырақ, жеңіл күлге айналды. Кейбір кітаптардың былғары тыстары тырысып-тырысып, қара көмірленгені болмаса, түгел жанған жоқ. Шаруасын әбден бітірген Дабыр әлі де өші кеткендей қағаз күлдерін етігімен тапта өтті де, үстіне шор еткізіп, бір шелек су құя салды.

Осының бәрін көріп жатса да тіс жарып, тіл қатуға шамалары жетпей, қалшылдаған бала мен анаға айтқан соңғы сөзі:

“Сақшы келді деңдер” болды.

Мүслима мен Алтай шеккен жапа, көрген зорлықтарын жылап отырып, жарыса айтып шыққанда, Дәрібай жанын қоярға жер таппай, зығырданы қайнап, ызадан күйініп, жарылардай халге жеткен. Адырақ көз, тарамыс қара. Жағына пышақ жанығандай. Кім болды екен? Қызыл қарын жас бала мен от басындағы әйелді осынша жәбірлеген қайдан шыққан хайуан? Қағазыңда кімнің әкесінің көз құны қалыпты. Бір сандық қолжазба, кітап өртеген. Сақшы келді деңдер!!! Жоқ, өйтіп алдай алмас қаны бұзық, сұм жендет сақшыларды көріп келді. Олардың сөзі де, жөні де, ісі де басқа. Ендеше айдалада отырған панасыз, қорғансыз ауылды шауып жүрген кім? Осылай қанды қылмыс, қаралы сұмдықты өзгеге жауып, өздері ақ көрінбек жауыздар. Жауыз емей, немене? Бұл анау қанды балақ қашқындардың ісі, Жадайдың қоқанлоққысы. Соңыма ермесең, сойылымды соқпасаң, таптап кетем дегені.

Түйіліп, томырылып қалған Дәрібай ойша бірталай жерге барғанымен, езіліп кетпей, еңсесін ширақ көтеріп алып, әйелі мен баласына жігер беріп, сабырлы тоқтау айтты да, шәй ішіп болған соң, қайтадан жолға шықты. Мүслима іштей Арыстанмен жолығуға бара деп шамалады, бажайлап ешнәрсе сұраған жоқ.

Дәрібай алдына Алтайды мінгізіп алған, томсарып үндемей келе жатқан баласы ат соғып, жел қаға бастағаннан кейін, ширап, тіл қатты.



  • Жаңа мылтықты қайдан алдың, ата?

  • Кеше келген қонақ ағаларың берді.

  • Күшті мылтық па? Арқарды жыға ма?

  • Мылтықтың төресі осы, балам. Мұны орыстар бентопкі дейді. Екі мың қадамнан қырып тұседі. Ә дегенше он оқ шығарады.

- Апам екеумізді қорқытып, сенің қағаздарыңды өртеп кеткен жаман кісі кездессе, атып тастайық, жарай ма?

- Кісіні атуға болмайды, балам.

- Неге атуға болмайды? Ол бізді жазықсыз сабады. Мені теуіп жіберді, апамды ұрып құлатты. Жаман кісі, атып тастау керек оны.

- Балам, кекшілдік қажет емес. Жақсы олай істемейді. Жаман ғана басқаға зорлық жасайды.

- Кейін үлкен батыр жігіт болам ғой, сонда бәрібір мен оған көрсетемін. Танытам әкесін. Ол бізді сабады ғой. – Алтай қыстығып, өксіп-өксіп жылап жібергенде, екі иығы дірілдеп кетті.

“Сәби жүрегін осынша жаралаған неғылған қаныпезер едің” деп, әлдекімге кіжінген Дәрібай Алтайдың сол жақ құлағынан сүйіп:

- Балам, үндеме. Ол патшағарды аттың бауырына алып сабаймыз осы жолы. Құдай тәубасын есіне түсіреміз, - деді. Қуанып кеткендей Алтайдың дауысы қолма-қол жарқын естілді.

- Біз сол жаман кісіні іздеп келеміз бе? Мен оны танып алдым. Апам айтты ғой: тарамыс қара, жағына пышақ жанығандай. Сол рас. Көрсем болды, - танимын.Атып тастайықшы, жарай ма?

- Әлгінде айттым емес пе, балам-ау. Адам адамды атпас болар.

Қызылқия сайында Жұмат, Сәлімрахман тағы екі әскери кісі ат үстінде күтіп тұр екен. Бәрі де қарулы. Алтай таныс жүздерді көргенде, қуанып кетіп, дауысын әуелетіп сәлем бергенімен, үлкендер жағы салқын ғана амандасып, Дәрібайдың ауыр сапарда бала мінгестіріп жүргенін құптамайтындарын айтты.

Қызылқия Дәрібай мен Арыстанның жасырын кездесіп жүретін орны еді. Белгі ағаштың басындағы шүберекке көзі түскенде Дәрібай қылп ете қалды. – Арыстан кездеспекке келген. Мыналармен ұшырасып қалса қайтеді? Бір жағы мерт болады ғой. Бағана уәделескен тұс бұл емес. Ендеше осы арадан тосулары қалай? Сәлімрахманның екі-үш ауыз сөзін естігенде, Дәрібай бұрынғыдан бетер таңырқап, тілі байланып қалғандай болды. Арыстанмен қанша рет, қанша уақыт кездесті – бәрі алақандарында екен, сырттай бағыпты. Ағаштағы шүберекті көріп әдейі бұрылған. Өздері тасаға барып тұрмақ, Дәрібай осы жолы Арыстанға ең соңғы сөзді айтуы керек: “Қайтсын, бірге қайтсын!”. Алтайды тастап кет дегенге Дәрібай көнбейді.

Жартас түбіне барған бетте Жұмат Дәрібайдың ту сыртынан қалт етпей қарап тұрды. Көп уақыт өткен жоқ, салаң етіп төбе басына аттылы шыға келді. Қаймықпай, тығылмай, сескенбестен суыт тартқан түрі бар. Жұмат енді қолына дүрбісін алып еді, көз алдына сақал-мұртын қоя берген, кесек жүзді, өзі құралпас жігіт шалынды.

Арыстан осы болатын. Аттан түскен бойда әкесіне сәлем берді де, Алтайды көтеріп алып, бетінен, көзінен, құлағынан сүйе бастады. Ауыз жыбырларына, бет әлпеттеріне қарағанда, әке мен бала көп ырғасқан жоқ, келте-келте бірдеңе айтып жатыр. Келіспей шалқайып тұрғандары анық.

Ата, бала, немере. Тағдыр ұстарасының жүзінде тұр. Нысананың көзінде үшеуі де дәл қазір. Жұмат күрсініп қалғанын байқамады. Жартас басына жүгіріп шығып: “Әй, Арыстан, аш көзіңді, оян. Көтер басты. Қайт еліңе. Жылатпа әкеңді. Ал балаңды. Қайт жылдам?” – деп айқайлап жібергісі келді. Жетпістегі қария түсінген шындықты отыздағы азамат қалайша ұқпайды екен? Өз жүрегі шіміркенбесе, өзгелердің айтуы, ұғындыруы кем болған. Мынадай алпамса жігіт өмір күресіне белсеніп кірісіп кетсе, тепсе темір үзер қайраты бар ғой. Қисық тартып, құмға сіңетін Терісаққанның суындай ешкімге қайырын тигізбей, айдалаға қаңғырған ғұмыр-ай десеңші. Қараған да өз жерінде гүрілдемек. Тентіреп қашып барғанда іздегені қай теңдік? Ата-мекен, туған жер, ата-ана, баласы қалып барады. Сол дерттің өзі-ақ алып ұрар ақыры. Буынға түскен жұлынқұрттай кеулеп жөнелер. Жер сағынышы, ел сағынышы дегеннің не екенін Балтық батпақтары, латыш ормандары он алтыншы жылы талай қазаққа үйреткен. Тау асып түссек, рахатқа күп ете қаламыз деп ойлайды-ау сорлылар. Өздері аш-жалаңаш отырған, қарақұрттай қаптаған қалың ел қаңғырып, қашып келген босқынға несін берсін.

Енді бір сәтте Дәрібай мен Арыстан ұзағырақ құшақтасы тұрып қалып еді. Бұдан кейін атасы немересін ұлына қарай итергендей болды. Алтайдың жылаған түрі, шегіншектеп, атасына жабыса түскені бірден айқын көрініп тұр. Ұзамай аттарына міністі. Арыстан әрі, Дәрібай бері тартты. Тапжылмай, сақ қарап тұрған Сәлімрахман шыдамай кетіп, қатты боқтап жіберіп: “Сілімтік, шіріген жұмыртқа, қашқын!” – деді.

Дәрібай атын суыт аяңдатып Жұматтар жасырынып тұрған жартасқа шамамен жүз қадамдай қалған кезде тұнық ауа, мүлгіген тыныштықты гүрс ет түскен мылтық дауысы тіліп жіберді. Сол-ақ екен, Дәрібай атынан құлап бара жатты. Бұл сәтте Сәлімрахман, екі сақшы винтовкаларын атып-атып жіберіп, аттарын қамшылап, күдікті серек тасқа қарай шаба жөнелген.

Жұмат алғашқыда шошып кетіп, не істерін білмей, сескеніп қалғанымен, бойын тез жиып алып, далдадан ытқып шығып тартты. Алдымен құлағына Алтайдың шырылдаған дауысы келді:

- Сол! Сол тарамыс қара атқан. Атамды атқан сол! Әне, қашты!

Сайдың төменгі етегінде бір құла аттыны үш атты қуып барады, тарс-тұрс атылған мылтық дауысы әлгінде ғана мөлдіреп тұрған тыныш дүниені әңкі-тәңкі етіп жіберді. Атыс ұлғайып барады. Шаңжұтқанды қоршау басталды. Дәрібайдың қарақұсынан тиген оқ маңдайынан тесіп шығып кетіпті. Қалшылдап, шегі үзілердей болып, жылап тұрған Алтайды бауырына басқан Жұмат өзі де көзіне жас алып, дауысы дірілдеп:

- Өле-өлгенше сенің, жазықсыз, панасыз сәби қарызың мойнымда, - деді.

Келешекте бірі – қазақтың тұңғыш режиссері, бірі трагедиялық актер болатын Жұмат пен Алтай жүрегінде Шаңжұтқанда атылған оқ жазылмас жарадай қалып қойып еді.
10
Шекарада, Зайсан жағында жасаған қызметтерімен жақты ма, басқа себебі бар ма, ол арасын кім білген, Сәлімрахман мансабы өсіп Семейге келген. Бұрынғыдай емес, толыса бастаған, мінезі өзгерген. “Тамырына балта шабу керек, көзін құрту керек, мойнын бұрап тастау керек”, - деген сөздерді жиі айтады. Сіңбіруге уақыты жоқ. Жұмат қашқақтағанымен, Сәлімрахман өз жұмысымен, күтпеген жерден келіп қалып, аяқ астынан үйіне шақырып, әр түрлі әңгімеге тартып жүреді. Бүгін де салаң етіп кіріп келді. Қасында бір топ чекист. Бәрі де мұздай қаруланған. Тіксініп қалған Жанбикені одан сайын шошытып:

- Қара шалыңды тұтқындап, абақтыға жатқызайын деп келдім. Ал, тезірек қоштас, - деді. – Бір қабат киімін бер. Қоштас. Қалдың жесір сен қатын. Бол!

- Жақсы сөз – жарым ырыс. Аузыңа жылан жұмыртқаласын, қайдағы пәлені қайдан айттың. Іріген ауыздан шіріген сөз шығарып.

- Бол, тез дайындалсын. Қазір әкетем. Қамаймын. Қылмысы бар.

- Мына майдандас досыңыз, не деп тұр өзі. Сөйлесеңізші, - деп Жанбике сасайын деді. – Жаман ырым бастап. О несі, құдай-ау.

- Жұмеке, тездет. Қазір жүреміз. Дайын бол. Бол.

- Қайда?

- Аңға барамыз. Үлкен бастық Ежов жолдасқа ереміз. Сенің мергендігіңді естіпті, қосып ал деді.

- Е, солай демейсің бе? Жанбикенің зәресін ұшырып, жүрегін жаратын болдың ғой.

Сол сапарда Губерниялық партия комитетінің хатшысы Николай Иванович Ежовпен екі тәуліктен астам Семейден жүз елу шақырымдай қашықтықтағы Дегелең, Мыржық, Едірей тауларында бірге болып, талай қызықты аңшылық оқиғаларды бастан өткізген. Әуелі Сәлімрахманның екі сөздің бірінде “құп болады”, “дәл солай” деп бас шұлғып, аяғының ұшынан басып, құрдай жорғалап, жылмиып, зырқаққан мінезі таңқалдырса, келе-келе Ежовтың аң атаулыны қынадай қырған тойымсыздығы, ашкөздігі шошытты. Қасқыр атылды, түлкі соғылды. Тау-ешкі, арқарды қырып салды.

Жұмат көбінесе құс атқанды ұнатады. Онда да жолдастармен бәстесіп, қызықтап, ермек, сейіл үшін ғана қанжыға қандайды. Ал киік, ақбөкен, арқар атуға аса пейілі жоқ. Дегелеңнің құз жартасында бір үлкен құлжа қарауылға ілінбей, алдырмай, қайта-қайта тайқақтап, жақындатпай берекені кетірді. Бұрын қызмет бабында сазбет, құйған қорғасындай сыр бермейтін Ежов ашуланған кезде сілеусін көзденіп кетеді екен, тоқтаусыз боқтап, қалшылдап, дірілдеп, зәрені ұшырады, байқамай қасында жүрген көп нөкердің бірін жазым қыла ма, деп шошынған Жұмат тоқтау айтқанға көнбей, жанталасып жүріп, жан-жақтан атқызып, өзі атып, ақыры ажалды құлжаны құлатты.

Жоны алтындай жылтыраған, тайыншадай құлжа шаңырақтай мүйізі топыраққа қадалып, көзі ақиып, омақаса құлаған екен. Ежов мұрты едірейіп, мың жылғы дұшпанын мұқатқандай, жығылып жатқан жануардың басынан тағы бірнеше рет атып-атып жіберіп, көл-көсір болып аққан қанды көргенде ғана, шөлі қанғандай күйге түсіп, тағы боқтап, арқарды бүйірге теуіп-теуіп қалып, ентігін әрең басты. Сол жерде арқардың басын кескізіп алып, жартасқа қойдырып, нысана етіп атқызды. Ежовтың бірнеше оғы айдалаға кетті, атқанын қалт жібермейтін Жұмат мергендігін ұнатпай тыжырынып, бөтелке атуға көшті. Ежовтың өзі, Сәлімрахман, басқа да чекистер оқ дарыта алмаған шың басындағы бөтелкені Жұмат оғы қиып түсті.

- Сен мылтық атуды қайдан үйреніп жүрсің, Жұмат Тұрғынбаевич? – деп Ежов ұнатпаған қабақ танытты.

- Майданда.

- Сендер окоп қаздыңдар емес пе? Мылтықты кім берді? Бұратаналарға қару ұстауға рұқсат болған жоқ қой.

- Рига маңында Балташас деген большевик үйреткен.

- Балташас? Тұра тұр, ол қай Балташас? Ә, есіме енді түсті. Москвада былтыр конференцияда оппозицияны жақтап сөйлеген латыш Балташас қой. Сол ма? Ұстазың осал емес екен. Бәсе, талай орыс, талай қазақпен аңға шығып көріп едім, сендей мерген кездестірмедім. Сен хатшының көңіліне қарап болса да, мүлт жіберу дегенді білмейді екенсің.

- Мергендік те өнер, өнерде өтірік айтуға болмайды. Аңға шыққанда иттікі – қорлық, құстікі – зорлық, мылтықтікі – ұрлық, аңды не көрінбеген, не ерінбеген алады, Николай Иванович, - деген Жұмат.

Сөз арасында Ежов:

- Жұмат Тұрғынбаевич! Мен қазақ оқығандарын түсінбеймін. Тәп-тәуір әлеумет қайраткері, қоғам қызметкері болып келе жатып, аяқ астынан басқа шаруамен неге айналысады? Жас кезде әуестенетін нәрселерді неге қуып кетеді? – деген.

- Ойыңызды ұқпадым, Николай Иванович!

Ежов кекесінмен қарады:

- Неге ұқпайсыз? Мәселен, әйгілі кадет Әлихан Бөкейхановты алайық. Қоғам қайраткері ретінде күллі Россия, байтақ Сібірге атағы жайылған адам. Бізге қарсы болды. Ленин Алаш лидерлеріне түгел кешірім берді. Біздің платформаға келіп, әлеумет ісін атқара беру орнына, ғылымға, әдебиетке бет бұрғаны несі? Толстойды аударып қайтеді? Мысал жазып керегі не? Басқалар істейтін нәрсе емес пе? Бұрыннан ақын, жазушы, редактор Байтұрсынов, Жұмабаев, Аймауытов, Дулатовтардікі түсінікті, ал инженер Тынышбаевқа, дәрігер Досмұамедовке, математик Ермековке не жорық? Смағұл Садуақасов жазушы болмақ па? Осындайлар толып жатыр. Орысша тамаша білімді Мұхтар Әуезовтің біржолата өнерге берілуі түсінікті. Өзгелерге не жоқ? Әліпті таяқ деп білмей, жазушы болмақ. Кісінің күлкісі келеді. Ертең сендерге ерсек, Голощекин екеуміз де негізгі жұмысымызды қойып, кітап жаза бастаймыз ба?

- Уақыт талабы, рухани қажеттілік универсализм тудырып отыр, Николай Иванович, - деді Жұмат.

Жоқ, олай емес. Мұның бәрі көшпенділік психологиясы, ұлттық артта қалушылық, дилентанттық кесірінен, - деп білем. Сізге де таң қалам, Жұмат Тұрғынбаевич, үлкен қызметті тастап, он екі де бір нұсқасы жоқ театрға, айдаладағы құм басқан Қызылордаға баруға неге келісім бердіңіз? Нағыз қайратты кезіңізде баланың ойыншығы театрды қалай аужал қылмақсыз? Партиялық жауапкершіліктен қашу деген осы болады. Ал большевик өз ісіне, мақсатты нысанаға қасықтай қаны төгілгенше берік болуы керек, бұлталаққа жол жоқ! – деп тістенген.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет