Нұсқаулық: Мәтінді мұқият оқып, берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беріңіз. Арман күш-жігерлі бала болып өсті. Барлық балалар одан қорқатын. Қорықпауға амал бар ма? Ол жолдастарын ұрып-соғып, қыздарды айырсадақпен ататын. Ақтөс атты күшігінің құйрығын басып, мысығының мұртын жұлып, кішкентай кірпіні төсек астына қуып, тіпті өзінің әжесіне дөрекі сөйлейтін. Арман ешкімнен қорықпайтын және осы қылығын өте мақтан тұтты.
Ұлдар Арманмен ойнамайтын болды. Ол қыздарға барып еді, бірақ олар теріс бұрылды. Арман Ақтөс атты күшігіне жақындап ойнағысы келді, күшік көшеге қарай қашып кетті. Ол енді мысығымен ойнағысы келді. Мысық Арманнан қашып, шкафтың ішіне кіріп кетті. Диванның астынан кірпіні шығаруға тырысты, еш нәрсе шықпады. Кірпі басқа үйге көшіп кеткен еді. Арман әжесіне жақындады, ол немересіне мүлдем назар аудармады. Бөлменің бір бұрышында жарма сұрыптап, көздерінен аққан жас тамшыларын сүртіп отыра берді. Арман үшін аспанға қара бұлт төнгендей болды. Арман жападан жалғыз қалды.
Арман неге жалғыз қалды?
Бір үзім нан Баяғы бір заманда бай мен кедей көрші өмір сүріпті. Олардың араздығы сондай, бірін-бірі көргісі келмейді екен.
Байдың үйі кең, әдемі болыпты. Іші толған - алтын мен күміс. Ал кедейдің үйі ағаштан жасалған, төбесін бұтамен жапқан қора екен. Алтын мен күміс түгіл, нанын әзер тауып жепті. Егін егіп, оны суарып, күтіп, орып, өз күнін өзі көріпті.
Бір жылы көктемде алапат су тасқыны болады. Бай алтынын көтеріп ағаштың басына шығып кетеді. Ал кедей болса, бір көмеш нанын қойнына салып, ол да ағаштың басына көтеріледі. Су тасқыны он бес күнге созылады. Бір күні қарны ашқан бай кедейге:
- Әй, кедей, сен мына бір кесек алтында ал да, маған бір үзім нан бер, - дейді.
- Жоқ, алтының өзіңе, нан бере алмаймын, - деп жауап береді кедей.
Екінші күні бай кедейден тағы да нан сұрайды.
Алтынымның жартысын берейін, - дейді ол бұл жолы.
Жоқ, бере алмаймын, деп бұл жолы да кедей келіспейді.
Ақыры аштан өліп бара жатқан соң шыдамай, бай бір үзім нанға барлық алтынын айырбастайтынын айтады. Кедей бәрібір көнбейді. Бойынан күші кеткен бай басы айналып, суға құлап кетеді. Ал, келесі күні су тоқтап, кедей ағаштың басынан түседі. Халықтың «Алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен» дейтіні осыған орай айтылған екен.