Ай сәулесі жүдеп, қырқа үсті ақ шолаң тарта құлан иекте



бет9/16
Дата23.08.2017
өлшемі3,86 Mb.
#24842
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   16

Ауыл-аймағың, әке-шешең аман ба? — деді Зейнеп жайраңдай, — өзің де үлкен жігіт болып қалыпсың! — Сірә мұның да есіне баяғы түн түскен болу керек, ол сылқ-сылқ күлді, — оқуда деп еді, қала қыздары өздерінің өнегелеріне үйреткен шығар?

Нағашы апасының салған жерден әзілдесе сөйлегені Есіркегенге ұнаған жоқ. Сөйтсе де жылы жауап қайырды.

— Оқуда екенім рас, бірақ қыздардан емес, мұғалималардан өнеге алып жүрмін.

— Қойшы? Олардың өнегесі біздердікінен өзгеше болады ма екен?

Қой сойылып, самауырын қойылды. Қыстан шыққан сүр қазы салынған, таң асқан уыз қымыз ішілді. Ет пісер кезде ауылдың бір-екі ақсақалдары шақырылды. Ет жеп, қымыз ішіп, аз уақыт әңгіме құрып олар да кетті.

Оңаша қалған жиенінен қаланың жайын сұрап нағашы апасы өліп барады. «Қатынды қаладан аласың ба, даладан аласың ба?» — деп қояды сөз арасында. «Қала қыздары біздей емес бапты келетін шығар, көрдің бе өздерін», — деп сылқ-сылқ күледі. Есіркеген ұялғанынан жалтара жауап береді. Он жетіге келіп қалды деген аты болмаса, ол әлі де қауызын жарып шашылмаған гүл тәрізді, қалжыңдаған боп көңіліне шоқ сала сөйлеген нағашы апасына кейде ренжіп қалғандай өкпелей қарап, әзіліне көз жасындай таза мөлдір бұлақ сезіммен жауап береді. Ал Зейнеп болса... бала жігіт ыңғайына көнбеген сайын, бұрынғысынан да өршелене түседі. Төр алдында шәйі көрпе үстінде мамық жастықты шынтақтай сұлаған оқыған жиеніне әлденені дәметкендей әлсін-әлсін телміре қарап, оны отты көздерімен ішіп-жеп барады. Ірге жақта көлбей, ақ жастықты бауырына қысып етпетінен жатқан күйі, кейде екі аяғын кезек-кезек көтеріп қояды. Аяғын көтерген сайын тығыршық аппақ балтыры әлсін-әлсін жарқ етіп көрінеді. Әлденені сылтау етіп, ақ саусақтарымен басына басы таяй түскен жиенінің біресе бетінен сипап, біресе ойнағансып тамағынан қытықтайды.

Нағашы апасы мен жиенінің оңаша шүйіркелескенін қазақ қашан ерсі көрген, ешкім бұл екеуінің күні бойы ақ отаудан шықпай әңгімелескеніне көңіл бөле қойған жоқ. «Бейшаралар бауырлас емес пе, бірін-бірі сағынып қалған ғой», — деді де қойды. Ал ақ үйдің ішінде әңгіме тіпті бөтен түрде. Еріккен жас келіншек, оқыған жас бала жігіт. Бірі арсыз нәпсі қызығын ойласа, екіншісі бөтен ойдан мүлде аулақ. Зейнеп пен Есіркегеннің арасы ересек қаншық иттің жас күшікпен ойнағанындай. Ойлары мен тілектері шалғай жиені мен нағашы апасы ананы-мынаны әңгіме етіп, ит тартыста отырғандарында екінді әлеті де болып қалды. Есіркеген атасы Масан бидің «Нағашы апаңа сәлем беріп қайт»деген ақылымен келген еді, енді еліне жүрмек болды. Бірақ Зейнеп жібермеді. «Сағынып-сарғайып, күтіп жатқан қатының жоқ, бір күн қонып кет», — деп өлердегі сөзін айтып жалынды. Есіркеген сыртқа шығып, ағайын-туыстарының үйлеріндегі өзге серіктерімен ақылдасып еді жас шіркіндер көңілдерін жықпас құрбы-құрдас тауып алған ба, тегіс осы ауылда бір түнеп кетуді мақұлдады. Амал жоқ, бала жігіт те қонуға көнді. Зейнеп Есіркегеннің өзге серіктері мен бір-екі ауыл кісіні үйіне шақырып кешкі қонақ асын берді. Олар біраз уақыт әңгіме-дүкен құрысып, түн ортасы ауа тарқасты. Енді төсек салатын мезгіл де жетті. Нағашы апасы жиенінің үстіне қызыл жібек түбіт көрпе жауып, астына ақ мамық жұмсақ бөстек жайып, төрге жатқызды. Сегізінші шамды күндегісінен кеш сөндіріп, Зейнеп шымылдығының ішіне кіріп шешіне бастады. Жалғанда нәпсісі қозған жас әйелге, қара тастай мызғымас еркекпен бір үйде оңаша жатқаннан артық азап бар ма екен, Зейнепке де бұдан артық азап болмады. «Ат соғып тастаған екен» деп ойласын деп басы жастыққа тиісімен жорта қорылдауға айналған бала жігітке не дерін білмей, іші алай-түлей жанып барады. Неше бүгін қара бет болса да «жаныма келіп жат» деп үйіне келген жиеніне қалай айтсын, қойнына өзі кіріп баруға тағы да дәті шыдамады. Ал дәл қасындағы жігіт оған қолға түспес жұмақ ішіндегі рахаттай, жүрегін удай өртеп маза берер емес. Үстіндегі көрпесін аяқ жағына сырып тастап, ақ мамық төсегінде әрі аунады, бері аунады. Түн де бүгін әлдеқалай тымырсық ыстық бола қалар ма, іштегі жалын мен сырттағы ыстық леп бірге қосылып жас әйелдің еркек құмар денесін оттай өртеп қоярға жер таптырмады. «Бұл күшік еркек кіндікті емес пе!» деп біресе жиеніне ашуланады, бір ретте «жаныңда жатқан қуанышты көрмейді екенсің, несіне еркекпін деп жүрсің», — деп оны үйінен де қуып шыққысы келді. Көз қиығын аударған жігіті көңілдегі мүддесін орындап әбден дағдыланған жас қатын, Есіркегеннің мұны тіпті әйелге санап былқ етпегеніне біресе намыстанды, біресе алдында тізесін бүгіп жалынбақшы болды. Бірақ әйелдің мұндай жағдайына көңіл қояр жігіт жоқ, ол енді пысылдап шын ұйықтауға кірісті.

Шешім ойда жоқтан өзі келді. «Бәлем тұра тұр, еркек болсаң мықтылығыңды көрейін!» — деді ішінен Зейнеп. Ол шапанын жамыла салып тысқа шықты. Теріс қарап, ұйықтап бара жатқан Есіркеген «бұл не істеп жүр» деп аунап түсіп, көзін ашты да қайтадан ұйықтамақ болды. Сол екі ортада ересек баланы шомылдыратын үлкен жез легенді көтерген күңді ертіп Зейнеп үйге қайта кірді. Күң легенді үйдің ошақ тұратын орта тұсына қойды да, сыртқа шығып, жез құман мен бір шелек су алып келді. «Не істер екен бұл?» — деп жігіт енді таңдана бастады. Ұйықтаған боп көзінің астымен қарап жатыр. Зейнеп кенет иығындағы қара мақпал шапанын жерге лақтырып тастады. Тырдай жалаңаш екен. Семізіне жаратылған байталдай жұп-жұмыр аппақ денесі, шаңырақтан түсіп тұрған ай сәулесімен шағылысып, жарқ ете қалды. Қою қара шашын толқындата жайып, бір тізерлей легеннің ішіне барып отырды. Күңі жез құманмен үстінен су құя бастады. «Бәлем қалай екен? Енді де қызықпайсың ба», — дегендей Зейнеп, көлге шомылған аққу қаздай, қолтығын, екі санының арасын, мықынын, жұпар сабынның иісін бұрқырата баптай жуына бастады. Әдейі көр дегендей баланың басындай толық, тып-тығыршық сүйір ұшты қос анарын біресе оңға, біресе солға қарай сипай итеріп, немесе қолымен жоғары көтеріп-көтеріп қояды. јолаң шашын біресе алдына, біресе артына түсіреді. «Бәрібір сен көрмейсің, ұйықтап жатырсың ғой», — дегендей ернінде кекесін күлкі пайда болып, біресе теріс қарап жотасы мен бөксесін қимылдата ойнатып, біресе бері қарап, аппақ қара санын балтырына дейін ақ көбікпен сылап, қымсынар емес. Жалғанда әлі бала таппаған әйелдің жалаңаш денесінен сұлу не бар, Есіркегенге де солай көрінді. Зейнептің аппақ денесі бір ғажайып сурет тәрізді, балтыры да кеудесі де жұп-жұмыр.

Енді Есіркегеннің көзінен ұйқы біржола қашып, тамағына бір жылы, тәтті толқын келіп тірелгендей болды. Жас әйелдің бағанағы азабы енді бала жігітке ауғандай. Ол өзінің қалай ыңырсығанын білмей қалды. Оғының көздеген нысанасына дәл тигенін сезген Зейнеп, дереу легеннен шығып, күңіне бәрін алып кет деп ишарат етті. Күң легенді көтеріп, заматта далаға шығып жоқ болды.

Зейнеп жез құман мен шелекті табалдырықтың арғы жағына шығарды да, есіктің тиегін салып қайта келді. Енді үй ортасында тұрып алып жалаңаш денесін үлкен түкті орамалмен сүртуге кірісті. Бұрын мұндай суретті көрмеген Есіркеген аң-таң... «Бұл періште ме, әлде басын айналдырғалы тұрған перінің қызы ма? Пісмілда, пісмілда, деді ол ішінен, адал жолыңнан адастыра көрме, құдірет! Кет, шайтан, кет, шайтан!» Есіркегеннің жүрегінде екі дай сезім тайталаса кетті, бірі Масан ақсақал баулыған әдептілік, ақ жүру сезімі, екіншісі мынау жан дүниесін оятқан ғажайып көріністен туған жастық күш. Бұл екі сезімнің қайсысы жеңерін бала жігіт дәл қазір өзі де білмейді, тек ақыл мен сезім жанталасып арпалысуда. Есіркеген осылай не істерін білмей жатқанында кенет ауыл сыртынан ат дүбірі естілді. Кім болса да жедел жүріп келе жатыр, ит біткен арсылдай үріп заматта ауыл іші дүрліге қалды. Зейнеп сып беріп шымылдық ішіне кіріп кетті. Сөйткенше болған жоқ, көп салт атты тыныш даланы дүрліктіре үй сыртына келіп те қалды. Дабырласа сөйлесе, аттарынан түсіп жатыр. Аға сұлтан аулына жау болмаса, бүйтіп түн ортасында жұртты оятып ешкім келмесе керек еді, шошынған Есіркеген үрпиіп төсегінен басын көтеріп алды, дәл осы сәтте сарт етіп есіктің тиегін жұла-мұла үйге Қоңырқұлжаның өзі кіріп келді.

— Тоқал, барсың ба, әй? — деді ол түтіге.

Келген байы екенін білген Зейнеп, шымылдықтан басын шығарып еркелей:

— Бармын ғой, — деді. — Немене соншама түн ортасында жұртты үркітіп...

— Ер өліп, Есіл бұзылып жатқанда, бұл қай ұйқы сенікі?

— Байының ашулы үнінен шошып кеткен Зейнеп төсегінен ұшып тұрды.

— Не боп қалды?

Қоңырқұлжа жауап берген жоқ. Иығында подполковник погоны бар сары ала оқалы сүртігін шешіп жатып, не қыларын білмей төсегінің үстінде көйлекшең шошайып отырған Есіркегенге көзі түсіп кетті. Дереу қабағы түксие

қалды.


— Мынау үрпек басың кім? — деді. Оның даусында тағы бір қосымша ашулы дыбыс пайда болды.

— Масан би аулындағы жиен ғой...

— әй, осы сенің жиен, нағашың-ақ, бітпейді екен... — деп тоқалының сыры өзіне мәлімдігін бетіне басқалы келе жатты да кілт тоқтады, — әлгі Жамантайдың қарындасының оқудағы баласы емес пе?..

— Иә, сол Есіркеген ғой.

— ә... онда жата бер. Таң атқасын сөйлесерміз. — Аға сұлтан төсегінің шетіне отырды да, аяғындағы шпор тағылған қара хром етігін созды, — тоқал, мынаны тартып жібер...

Зейнеп байының етігін аяғынан суырып алды да, анандай жерге қойды. Содан кейін ғана ананың қап-қара боп түтігіп кеткен түріне қарап:

— Өзіңде өң жоқ қой. Не болды, айтсаңшы? — деді жаны ашығандай пішін көрсетіп:

Қоңырқұлжа қабатын төбеттей арс ете қалды.

— әй, не болғанын қайтесің? Өзіңе керегіңнің аман келгеніне қуан! Саған со да жетпей ме! Одан да қымызың болса бер...

Зейнеп үлкен сырлы аяқпен мөлтілдете тоңазыған сары қымызды төсегінің үстінде көйлекшең отырған байына әкеп берді.

Қоңырқұлжа сырлы аяқты ала беріп:

— Сыртқа шығып келші, — деді тоқалына, — жігіттер жайғасты ма екен?

— Қоңырқұлжа қымызын ішіп бола берген кезде Зейнеп үйге қайта кірді.

— Ауыл сыртындағы күзетшілерден бөтен ешкім көрінбейді.

— Жұртты дүрліктірмей тез жайғасқандары дұрыс болған екен. Жә, біз де жаталық.

Қоңырқұлжа қисая беріп шымылдықты түсіріп, қасына таяған тоқалын білегінен ұстай алып, бір жері ауырып қалар-ау деп аямастан, жанына құлата тартты. Үйде жатқан жиен-миенге мән бермей, көжекті бас салған арлан төбеттей, жұмыртқадай жұп-жұмыр жас тоқалын алпамсадай бауырына қысып умаштай жөнелді.

Аға сұлтанның күні бойы қанды ұрыста боп, ажалдан тек қараңғы түсе ғана аман құтылғанын тоқалы білмейді, тек ананың жайшылықтағысынан гөрі ашулы, екпінді қимылына риза болып «бейшара-ай, әбден шөлдеп қалыпсың ғой» деуге ғана мұршасы келді, әр жағында үніне үн қосып, байының бабын тауып аймалаумен болды.

Жұрт таңертең тұрғанында Ақмола бекінісін Кенесары әскері алғанын біле тұрды. Қапаланған да, қайғырған да бар. Қуанғандары да жоқ емес. Бұл ауылдың жігіттерін Қоңырқұлжа бекіністі қорғауға алмаған, тоқал тыныштығын күзетуге қалдырған. Қазаны бөлектің — қайғысы бөлек. Өз жігіттері сау қалғандықтан, нелер жақсы менен жайсаң қаза тапқан кешегі қанды ұрыс, сырт қараған адамға, бұл ауылға соқпай өткен сұрапыл дауыл секілді көрінді. Қайғысы, қуанышы болса да жұрт сыртқа лақылдатып шығармай, іштен тынды.

Қоңырқұлжа таңертеңгі шай үстінде тоқалына қарап:

— Ақмола құлады деп қан жылар жайым жоқ, — деді. — Бекініс керек болса, ана Қарапұшық кетті ғой қалған солдаттарымен Омбыға, Талызин өзі қайта салар, менің өз шаруам да жетеді. — Сөйтті де Есіркегенге бұрылды. — Сен орысша оқи білесің бе?

— Білем.

— Менің қатшым кеше Ақмолада оққа ұшты. Патша адамдары Омбыға кетті. Кісі тауып алғанымша сен осында бол.

Зейнеп жорта сөз тастады.

— Оқуынан қалып қоймай ма? Одан да үлкен баланы шақыртсайшы.

Зейнептің «үлкен бала» деп отырғаны Жәнәділ еді.

— Кіші балаңды құртып едің, енді үлкен балаңа ауыз салайын дедің бе? Жә, сөзді бөлмей, артыңды қысып жайыңа отыр. Қатыныңның ақылымен қоңсы қонсаң, көршің жау шығады. Жәнәділ де алысқа кетпес, оған да шаруа табылар. — Қоңырқұлжа қайтадан Есіркегенге бұрылды, — қаласың ба?

— Қалайын...

— Онда мына қағазды оқып, не дейді екен аударып берші. Омбыдан алдыңғы күні келіп еді, әлгі қанішер Кенесарының әуресіменен ашуға да қолым тимеді... Өзім оқуға түндегі ұрыстан кейін көзім ауырып отыр...

Бар жылқысын Кенесары айдап әкеткеннен кейін Қоңырқұлжа жәрдем сұрап Омбы облысының бастығы Талызинге хат жазған.

Бұл сол хатқа жауап екен. Бұл күндері өзінің Кенесары көтерілісін басу жайында үлкен жоспар үстінде отырғанын айта келіп, ол хатының аяғында: «Қазір тартып алған малыңды қайтартып беретін еш күш жоқ, болған шығынды қарамағыңдағы қазақтардан өндіріп алуға рұқсат етемін», — депті.

Талызинның мұнысы қара қазаққа қосымша салық салып, Кенесарыға кеткен малыңды солардан өндіріп ал деген сөз еді. Есіркеген хат сөзін аударып берді. Қоңырқұлжа тұнжырай қалды. «Бір Кенесарыға күші жетпесе, Омбыда кілең сары ала түймелі жанаралдар не бітіріп отыр? Салық сал дейді. Айтуға оңай. Биыл Көкшетау, Қарқаралы дуандары жиырма екінші жылғы ереже бойынша жүз қарадан бір қара жасақ жинай бастап еді, мал ашуы — жан ашуы дейтін қазақ Кенесарыға қарай ағыла түскен жоқ па? Жау қолында кеткен он жеті мың жылқыны қайтарып алу оңай ма? Оның үстіне ел биыл қыстан жүдеп шықты. Жұрт маған малын оп-оңай бере қоя ма? Рас, Қараөткел қазағын қырқыншы жылға дейін патша салығынан өзім құтқардым. Жақсылыққа — жақсылық дегендей мүмкін өздері түсінер, жауға кеткен малымның орнын толтырар. Ал түсінбейді екен... Өз обалы өзіне, қолынан бермесе жолынан алармын. Бірақ дәл қазір бүйтуіме бола ма? Неге болмайды? Қоңырқұлжа жылқысын Кенесары алғанда, қара қазақтың жылқысын Қоңырқұлжа алмайтын не жыны бар. Аламын. Алғанда шырылдатып отырып тартып аламын. Бермей көрсін. Кенесарыға әлім жетпегенмен, қарамағымдағы бастары бірікпей талан-тараж болып жүрген қара қазаққа әлім жетер!».

Қайда барса да сорлайтын халық. Айналып келгенде Кенесарының Қоңырқұлжадан шапқан жылқысының ауыртпалығы тағы да қара халыққа түспек.

«Малымды тартып алды десе қазақ обалын Кенесарыдан көрсін! Оны қолпаштап, дем беріп отырған өздері ғой, тартсын жазасын. Бұл шаруаны бір ыңғайлағаннан кейін Омбыға өзім баруым керек. Жанарал-губернатор Горчаковпен ауызба-ауыз сөйлесуім қажет. «Баянауылдың қазақтары Кенесарыға қосылмақ, мені қабылдаңыз, деп өтінгенде, аға сұлтан мен түгіл қара қазақ Тұрсынбайдың Боштайын да қабылдап, керемет құрмет көрсетіп, Баянауылға арнаулы кәрлі қылыш-жасақ шығарған жоқ па еді? Менің Боштай құрлы бағам бар шығар. Горчаковтың өзімен сөйлеспесем, мына Талызин дегені, асықпай ұшатын мамырлап қалған бірқазан секілді, арты ауыр бір сорлы көрінеді»...

Осындай шешімге келген Қоңырқұлжа шайдан кейін Есіркегенді оңаша алып Ақмола өкірігінің он сегіз болысынан Кенесарыға ермей, аға сұлтанның қарамағында қалған тоғыз болысқа он жеті мың жылқыны салық етіп бөлді. Жетеуіне екі мың жылқыдан қойды да, Кенесарыға қарай иек көтеріп қобалжи бастаған Атбасар мен Қорғалжын болысына мың жарым бастан белгіледі. Ол бұл салығын «Төтенше салық» деп атады. Және болыстарға берген бұйрығында бұл малдар құлынды бие, үйірге салуға жарайтын айғырдан бастап, тек құнажын дөненге дейін ғана алынсын. Және асыл тұқымнан болсын. Қыршаңқы, маңқа жылқы алынбасын деп анықтай тапсырды.

Поштабайларын шақырып алып, мөрін басып қолын қойған осы бұйрықтарды тез болыстарға жеткізуді міндеттеді де өзі кенет Омбыға жүрмек болып дайындала бастады.

Қоңырқұлжа Омбыға жүргенше он шақты күн өтіп кетті. Осы екі ортада үлкен баласы Жәнәділ келіп, Қайниса мен Аққағаз бәйбішелердің де ауылдарын бері қарай, осы Есілдің төменгі жағына көшіруге бұйрық алды. Қоңырқұл-

жа: «Омбыға жүремін. Маған жолығып кетсін», — деп Қарқаралының аға сұл-

таны Тәукенің Жамантайына, Көкшетаудың аға сұлтаны Қара Тоқаның Зілқарасына, Аманқарағайдың аға сұлтаны Уәлидің Шыңғысына ат шаптырды. Ондағы ойы кілең мықты қол қойып, Омбы генерал-губернаторынан қазақ даласына зеңбіректі мол әскер шығар деп өтіну еді. Ал егер Омбы шын қол ұшын бермейтін болса, амалын тауып, уақытша Кенесарымен келісімге келмек. Түбі жауласып өтетінін Қоңырқұлжа жақсы біледі, бірақ басқа жол қалмаса қалай жол табады? Кенесары шыдатар емес. Бостан-бос қырылғанша, беттің арын белге түйіп, бас иген боп, оны алдай тұрып жан сақтаған жөн. «Жаздым, жаңылдым» десе, Кенесары тимейді. Қоңырқұлжа мұны да жақсы түсінеді. Өйткені Кенесарының бар тілегі қазақтың басын қосып ақ патшаға қарсы шығу деп түсінеді. Ақмола аға сұлтаны. Бұл тілектің ар жағында бақ құмар Қасым баласында қандай ой жатқанын дөрекі Қоңырқұлжа қайдан сезсін. Ол тек мақсатына қарсы шықпасаң, Кенесары қандай күнәң болса да кешеді деп болжайды. «Ер шекіспей бекіспейді деген, шекістім — сен жеңдің деймін, — дейді ішінен Қоңырқұлжа, — міне қолым». Ал реті келген күні Құдаймендінің қанішер ұлы шімірікпестен Кенесарыны сол қолымен өзі бауыздамақ. «Аллатағала, — дейді ол тағы да ішінен жалбарынып, — сол күнге жетер болсам, сол сәтте жанымды алсаң арманым жоқ!».

Қоңырқұлжа жол дайындығын тез бітірсе де, аға сұлтандарды күтіп көп кідірді. Ақырында олардан да хабар келді. «Ел арасы бүліншілік, қазір орыс солдаттары қорғап тұрған приказдардан тыс шығу қауіпті. Келмеді деп өкпелемесін. Бізден жалғыз тілек: «Омбы тез әскер шығарып Кенесарыны құртсын. Ал Кенесарыны құртуға ең ыңғайлы кез қыс. Қыста ол жаздағыдай алысқа бара алмайды. Және бар сарбаздарын таратып, тек ең жақын батырларымен, қарамағындағы үш жүз үй төлеңгітімен ғана қалады» депті. Ауыздарына түкіріп қойғандай бәрі бірдей осы сөзді айтып жіберіпті. Патша солдаттарының артына тығылып, приказдарынан шыға алмай отырған аға сұлтандардың сөздерін естігенде Қоңырқұлжа Кенесарының қаншалық күш ала бастағанын анық сезінді. Енді шын қорқайын деді. Сөйтсе де өзінің қайсарлық мінезіне салып:

— Кілең қоян жүректер, — деді жанында қағаз жазып отырған Есіркегенге, — суыр секілді інімізге кіріп алып, көзге түспей тығылып жатсақ, жанымыз қалады деп ойлайды ғой. Мен білетін Кенесары болса, қасқыр соққан аңшыдай әрқайсысын жекелеп соқпаса қара да тұр!

Кенесары батырларының ерлігі соңғы кезде жұрт арасында аңыз болып тарала бастаған. Жас жігіт атаулысының батырлықты, ерлікті даңқ тұтатын әдеті емес пе, Есіркеген де мұндай әңгіме-жырларды ұйып тыңдайтын. Оның үстіне үлкен атасы Масан ақсақалдың да бір бүйірі Кенесарыға тартып тұратынын сезетін. Шүу дегенде Кенесарыға қарсы шыққан аға сұлтан Жамантай осы кісінің ақылы арқасында соңғы кезде ереуілшілерге қарсы келмей, бұғып қалуға көше бастаған. Масан ақсақал туған немересі жас Есіркегенге де осындай тәлім-тәрбие беретін. «Не болсаң да жұртыңмен бол, егер жұртың Кенесарыға еріп кетсе, айдалада қаңғып қалған жалғыз қаздай не қызық көресің? Одан да су ішсең де, суан ішсең де өз үйіріңнен айрылма!» — дейтін. Осындай рухта тәлім-тәрбие алып жүрген бала жігітке Қоңырқұлжаның аға сұлтандары «Кенесары аш қасқырдай біртіндеп соғады», — дегені өте ұнап қалды. Бірақ сыр берген жоқ, жәй әшейін күлімсіреді де қойды.

Қоңырқұлжа да дәл осы сөзді айтып отырған кезінде екі жылдан бері ғана орысша оқи бастаған Есіркегеннің өсе-өне келе қазақ деген елінің ұлттық туын көтеретін ең алғашқы оқығандарының бірі болатынын білген жоқ. «Бұл неге күлімсірейді?» деп оның бетіне ожырая қарады да, аға сұлтан бір шабарманын шақырып алып, өзімен бірге Омбыға жүретін он жігіттің жолға дайындалуын бұйырды.

— Күн түске аумай жүріп кетеміз, — деді ол.

Бұл таңертеңгі кез еді. Күн ашық, Сарыарқаның күзгі салқын желі тұра бастаған. Кейде аспанды қалың сұрғылт бұлт та шырмайды. Бірақ күзгі қалың жаңбыр мезгілі әлі келе қоймаған уақыт.

Шабарман шығып кетті де қайта оралды.

— Аға сұлтан, сізге жолығам деп бір бейтаныс жігіт келіп тұр.

— Қайдан екен?

— Онысын айтпайды. Тек аға сұлтанның өзімен ғана сөйлесем дейді.

— Кіргіз. Тек қару-жарағы болса алып қал...

Баласы Шыңғыс өлгеннен бері Қоңырқұлжа бейсауат адамнан қатты сескенетін. «Кім біледі, — деп ойлайтын ол, — Кенесары бір жындысын жіберіп, ол қарныңа қара пышағын сұғып алса не істейсің? Маған өшіккен адам аз ба?» Сондықтан да Қоңырқұлжа беймәлім біреу-міреу жолықпақшы болса нөкерлеріне ең алдымен оның қару-жарағын алуды тапсыратын.

Үйге шегір көз, бетінде қан жоқ, сөл жоқ, қатқан сары жігіт кірді. Түрі кісі өлтірген адамдай сұсты екен. Есіркегеннің бойы әлденеге дірілдеп кетті.

— Ассалаумағалайкүм, аға сұлтан.

— Уағаликум ассалам. Сөйле, жігітім.

Қоңырқұлжа мен Есіркегеннің көзі бірдей жігіттің белбеуіне түсті. Киімі нашар болғанымен, белбеуі әсем екен. Оның үстіне оң жақта тұратын құты, оқшантайы сол жағына шығып кетіпті.

— Өзі қайда? — деді Қоңырқұлжа кенет алдында тұрған — Ожар жіберген адам екенін түсініп.

— Өзі Байтабынның жасағында. Келе алмады. Кенесары... — деп келе жатты да ол «мынаның көзінше сөйлеуге бола ма» дегендей Есіркегенге қарады да, тына қалды.

— Айта бер. Бұл бала өзіміздің адам.

Кенесары екі топ жасағын аттандырды. Бірін Ағыбай, екіншісін Байтабын бастап келеді. Ағыбай тобы қазір Қаражар шатқалында. Ертең Қарқаралыға өтпек! Аға сұлтан Жамантайдың ойдағы жылқысын айдап әкетпек! Кене оған ақ патша жағына шықты деп өте ашулы.

— Ал Байтабын қолы қайда? Оның беті қай тұс?

— Мен Ағыбай жасағындамын. Батыр алдымызды барлап кел деп жіберді... Ал Байтабын жасағы кейінірек. Шамасы бүгін түнделетіп жүріп, таң ата осы араға жетпек. Беті сіздің ауыл. Кенекең оны Қоңырқұлжаның қалған малын айдап кел деп жіберді.

Қоңырқұлжа күп-күрең боп кетті.

— Өздері қанша адам?

— әрқайсысында жиырма бес сойылдан.

— Бар болғаны сол ма? — Қоңырқұлжа қаһарлана қалды. — Басынған екен әбден! Көкелерін танытамын мен әлі? Ағыбай жасағы Қаражар шатқалында дедің бе?

— Иә, бүгін түнде сол арада ат тынықтырып алмақ. Ертең Қарқаралы аспақ...

— Жарайды, — деді Қоңырқұлжа, сөйтті де сыртта тұрған шабарманына дауыстап, — Асылкерейді шақыр, — деді. Ол қайтадан сары жігітке бұрылды. — Байтабын менің жылқымның қайда екенін біле ме?

Есіркеген әңгіменің түп нұсқасын бірден түсінді. «Ана кісісі кім екен? Байтабын тобында Қоңырқұлжаның көз-құлағы болған ғой». Әйтсе де, «ана кісілерің кім?» деп сұрауға бата алмады. Үн-түнсіз тыңдай берді.

— Сонда, менің жылқымды қай тұста деп жорамалдайды Байтабын? — Қоңырқұлжа өзінің түбектегі тығулы жылқысын ешкім білмейді деп ойлаған болуы керек.

— Есілдің Ертіске қарай бұрылатын жерінде деседі...

— Алда әкеңнің аузын ұрайындар-ай, бәрін біліп отыр екен ғой!

— Ана кісі өзі жасақтан бөліне алмайтын болған соң, маған сізге айт деген тағы бір құпия сыры бар...

— Оның тағы не сұмдық?

— Осы ауыл маңайында сізді торып әбдіуақит деген Кенесарының бір кісісі жүр. Оған сіздің басыңызды алу тапсырылған.

Қоңырқұлжа енді тіпті шошып кетті.

— Қай әбдіуақит?

— Бұрынғы өзіңіздің төлеңгітіңіз. Күміс деген қызын... — Сәмен ыржия күл-ді, — бозбалашылық етіп... нетіп жіберген көрінесіз...

Ел құлағы елу, Күміске істеген Қоңырқұлжаның жауыздығын Есіркеген де естіген. Туған қарындасын қорлағандай, іштей өте қынжылған. Өйткені ол былтыр оқуға бара жатып, мал басында отырған әбдіуақиттың үйінен сусын ішкен. Сонда Күмісті де көрген. Жас қызбен бір-екі ауыз сөзге де келіп, тіл қатысқан. Оның көркіне риза болып кеткен. Сол Күміске Қоңырқұлжаның істеген қорлығын естігенде, Есіркеген аға сұлтан дәл сол сәтте қолына түссе ішке тепкілейтіндей боп ашуланған. Сол Қоңырқұлжасы мынау. Оны ішке тепкілемек түгіл, өзі оған хатшы болып жұртқа істемек қиянатына көмектесіп отыр. Есіркеген Қоңырқұлжаны балағаттап жібере жаздап өзін-өзі әзер басты.

Қоңырқұлжа бірдеме айтпақшы болып келе жатыр еді, үйге аға сұлтанның жасағының бастығы, ұзын бойлы, қара мұртты Асылкерей кіріп келді.

Аға сұлтан Сәменнің сөзін оған тегіс айтып берді де, ойын тұжыра бұйрық берді.

— Ағыбайды Қарқаралыға өткізбей, жатқан жерінде күн бата басу керек. Біздің істеген жақсылығымызды мына жігіт Жамантайға айта барар. Бұ да қазір жүріп кетеді. — Ол Есіркегенді нұсқады. — Елінің шетіне жау жеткенін хабарлар. Сосын сен бар сарбаздарыңмен Байтабынды түбектің аузында күт. Біреуін жібермей қырып сал. Оны жайғастырған соң осы ауылдың маңын тегіс сілкіп шық. Мені өлтірмек боп торып жүрген әбдіуақит құлды қайтып келгенімше ұстап алып, кісендеп қой. Жазасын келген соң өзім берем.

— Ел шетіне жау келіп жатқанда... — Асылкерей күмілжи сөйледі, — мүмкін сіз жүрмессіз...

— Жау ел шетіне бүгін келіп тұр ма? — Қоңырқұлжа жасақ бастығының сөзін жақтырмай қалды. — Жиырма адамға күштерің жетпесе, несіне ат мініп, қару асынып жүрсіңдер? — Ол «әбдіуақит аңдып жүр» деген сөзден сескеніп қалған-ды. «Мен келгенше ол итті жігіттерім ұстап алар, оған дейін бой тасалай тұрған жөн болар», — деген ойға келген. Сол себепті аға сұлтан Омбыға тез жүріп кетіп, қалың орыс арасына жетуді дұрыс көрді. — Біз Омбыға тез баруымыз керек, — деді ол жасақ бастығына. — Онда бізді бұдан да зор іс күтіп тұр.

Барлық жауапкершілікті Асылкерейге жүктеп, Қоңырқұлжа аттанып кетті. Жол бойындағы әлі Кенесары құрығы түсе қоймаған бай ауылдардан ат ауыстырып мініп, суыт жүріп үшінші күні таң ата Омбыға жетті.

Қоңырқұлжа бұл қалада бірнеше рет болған. Бұрын мұнда нелер ақжарқын күндері өткен. Патша ағзамның ең жоғарғы сатыда тұрған мәртебелі адамдарының талайымен кездескен. Аға сұлтанның есінде осындай кездесулердің екеуі мәңгі ұмытылмастай сақталған еді. Бірі 1829, яғни қазақша Сиыр жылы, осы Омбы қаласындағы тілмаштар мектебінің қырық жылдық мерекесіне арналған салтанатты кеш. Онда Сібір қазақтары жайындағы ережені шығарған патшаның оң көзі Сперанскийдің өзі бар. Кең залда ойнаған оркестр, би, ойын-күлкі... Қоңырқұлжаға ең алғашқы рет орыс офицері — штабс-капитан аты берілгені осы жолы еді. Содан бері тоғыз жыл өтіпті. Қазір ол подполковник. Екінші есте қалған күн — алдыңғы жылғы күз. Бұл күні бір шеті мен бір шеті тай шаптырым төрт қабат ақ үйде Омбының кадет копусы ашылды. Бұл тойға да қазақтың аға сұлтан, асқан байлары шақырылды. Тойды князь Горчаковтың өзі бас-

қарған. Өзге аға сұлтандардан гөрі князь Қоңырқұлжаға ерекше көңіл бөлген. Тіпті би біткен кезде, зәулім биік залда ерсілі-қарсылы әңгіме құрып жүрген аққу-қаздарша сылаңдаған орыс дворяндарының әйелдері мен сыптай боп сәндене киінген орыс офицерлерінің алдында Горчаков оны қолтықтап өткен. Өзге аға сұлтандар қызғанғаннан іштері жарыла жаздаған. Сол жолы ғой Горчаков оған:

— әрі кетсе бір жиырма бес жылда қазақтың ұл-қыздары да мыналардай болады, — деген жан-жағындағы әйелдер мен офицерлерін көрсетіп.

Сары далада көшіп жүрген қазақтар жиырма бес жыл ішінде мыналардай болады деген князь сөзіне Қоңырқұлжа таң қалған. Ол ойын жасырмай:

— Егер қазақ бұлардай болғысы келмесе не істейсіз? — деп сұраған.

— Онда, — деп Горчаков ойланбастан жауап берген. — Аюға ақыл үйреткен таяқ деген мақалды естігенің бар ма? Жерінен, билігінен айрылған қазақ айтқанға көнбей қайда барады? Күшпен көндіреміз. Арқасына қамшы ойнатып, соқа жегіп, жер жыртуды үйретеміз. Қол-аяғын матап шіркеуге кіргізіп, Иисус Христосқа шоқынуға мәжбүр етеміз.

Горчаковтың осы бір адуынды тік жауабы Қоңырқұлжаға ұнаған. «Өз басымды хан етсе, мейлі, қара қазақты пісіріп жесін. Одан менің нем кетеді? Ал сонда...» Аға сұлтан ойлана қалды. «Сол күштеуден не шықты? Арқа қазақ атаулысының жартысына таяуы осы күштеуге көнбей қарсы көтеріліп отырған жоқ па? Жақсы. Кенесарыны жоямыз, бірақ қазақ Горчаковтардың айтқанына көніп, айдауына оп-оңай жүре қояр ма екен?».

Қоңырқұлжаның есіне тағы да бір уақиға түсіп кетті. Ол кезде Қоңырқұлжа жас. Тобыл қаласында 1789 жылы тілмаштар дайындайтын мектеп ашылған. Он бесінде соған кеп түскен. Оның алдына әкесі Құдайменді шоқынған бір татарды жалдап Қоңырқұлжаға әзер-мәзер орысша хат танытқан. Сол шоқынған татар мұғалімі қызық адам болатын. Құдайменді байдың баласынан кім шығатынын қайдан білсін, күйген томардай қара-қошқыл, дөрекі Қоңырқұлжаның басынан сипап: «Оқы, оқы, қазақ малайы. Рус языкысыз жить булми. Қазір пушкасы килсә, соңынан Пушкині килә, бізге күн рус культурасымен шыға», — дейтін.

әрине, Қоңырқұлжа ол кезде пушканың зеңбірек екенін ұқса да, Пушкиннің кім екенін түсінбеген. Бес жыл өткеннен кейін ғана барып Пушкинді де білді. Бірақ бұл кезде ол қазақ даласында өз үкімін жүргізу үшін оған Пушкин емес, пушка керек екенін ұқты. Сондықтан да ол Горчаковтың «Аюға ақыл үйреткен таяқ, қазақ елін де күшпен көндіреміз», — деген сөзіне намыстанбаған. Өзінің тілегі мен Горчаковтың тілегі бір екеніне көзі жеткендіктен қазақ даласына пушканың көбірек келуін мақұл көрген.

«Міне қазір өзі де осы тілектің айдауымен келе жатқан жоқ па?» Аға сұлтан ауыр күрсінді. «Иә, иә, Қараөткел бекінісіне сол пушкалардың көбірек жетуін тілек етпек. Ал сол тілегін губернатор орындар ма екен? Орындауға тиісті. Өйткені екеуміздің де арманымыз бір, жолымыз бір».

Расында да бұл кезең осы екі сұмырай тілектің аса бір ұштасқан кезеңі еді.

Қоңырқұлжаның есіне кенет әкесі айтқан бір ескі аңыз түсіп кетті. «Дүниеде не қызық?» деп сұрапты Шыңғысхан бір күні өзінің нөкер, нояндарынан. Бір батыры: «Дүниеде бүркіт салып, түлкі ілген қызық». Екіншісі, «ғашық бол-

ған сұлуыңды құшқан қызық». Ал үшіншісі, «алтын тақта отырып жұртқа әміріңді жүргізген қызық», — депті. Сонда Шыңғысхан: «Жоқ, білмедіңдер. Қастасқан жауыңды алдыңа салып айдап, қатын, қызын бауырыңа басып құшып, мал-мүлкін талан-тараж етіп тартып алғаннан дүниеде қызық ештеңе жоқ», —деген екен. Осы аңыз есіне түсіп кеткен аға сұлтан атын тебініп қалып кенет күбірлеп жіберді: «Ата жауым Кенесарыны табанымның астына салып, Күнімжан бәйбішесін бауырыма бір бассам, бүгін өліп кетсем де арманым жоқ».

Екі жағы бірдей ұйыса ағаш өскен даңғыл жолмен Қоңырқұлжа қала шетіне жеткенде қайда түсерін ойлап сәл кідірді. Қарсы алдында минарет, Омбы мұсылмандарының мешіті, оның ар жағында Ғабдырахманұлы Мұхамед Шариф ахонның қызыл кірпіштен салған кең сарай үйі. Жолдың кіре беріс сол жағында ғажайып салтанатты, төрт күмбезді, бастарында алтын жалатқан кіресі бар зәулім шіркеу, одан солырақ, алаңның ар жағында қасына азырақ тал еккен генерал-губернатордың екі қабат ақ үйі — салтанат сарайы. Көк темір төбесінде татар қыздарының басына киетін тақиясы тәрізді, жіңішке терезелері төрт жаққа бірдей шыққан, төрт бұрышты, губернатордың жұмыс істейтін бөлмесі... Төменде бірнеше жұпыны келген, ағаштан салған жатақ үйлері. Одан әрі шіркеумен жалғаса тастан, күйдірген кірпіштен қалаған сәнді-салтанатты екі қабат, үш қабат үйлі үлкен қала жатыр...

Қоңырқұлжа ахондікіне түсуді ұйғарды. Мұхамед Шариф үйінде екен. Құшағын жая қарсы алды. Сол күні-ақ Қоңырқұлжа ахоннан Омбы облысының бас-

тығы Талызинның ауырып жатқанын естіп, генерал-губернатормен жеке сөйлеседі екенмін деп қуанып қалды.

Қоңырқұлжаны ертеңіне генерал-губернатордың өзі шақыртып алдырды. Ақмола бекінісін Кенесарыдан қорғай алмағанын айып көрген аға сұлтан кенет жүрексініп, губернатордың салтанат сарайына Мұхамед Шарифты ерте барды. Бірақ Горчаков тек Қоңырқұлжаны қабылдады. Генералдың атұлтанты — ұзын бойлы корнет «кіріңіз» дегеннен кейін, қабылдау бөлмесінің қара былғарымен қапталған есігін аға сұлтан қобалжи ашты. Бөлме өзіне бұрыннан таныс. Қырық құлаш кең, биік зал. Сары сафьян былғарымен тысталған, арқа ағаштары оюлан-

ған жұмсақ орындықтар. Ең түбінде, жасыл шұғамен жапқан, өрнекті, зілдей стол. Қабырғасында Бірінші Николай патшаның полковниктік дәрежеде түрегеліп түскен суреті. Әшекейленген төбеден төмен салбыраған жалтыраған жез баулы шам қоятын аспалар... Стол үстінде алтын жұмыртқа тәрізді сия сауытын тұяғымен басып тұрған, қос қанатын кере жайған қара мрамор тастан жасалған екі басты самұрық құс. Келген адамның сұсын алайын дегендей генерал самұрықты есік жаққа қаратып қойыпты. Егер қарсылық етер болсаң, тырнақтары қанжардай, қанқұйлы, айбынды қыран «шаңқ» етіп көтеріліп, бас салғалы тұрғандай. Кең залдың іші қандай ызғарлы болса, құс түсі де сондай ызғарлы. Иесі осал кісі емес. Россия патшалығының Сібірдегі аузынан от бүріккен қанды балақ жендеті.

Бөлме иесі князь Горчаков — Батыс Сібірдің генерал-губернаторы. Кірпідей тікірейген қысқа шашты, едірейген жирен мұртты, ақ боз, түсі суық кісі. Ол Қоңырқұлжаны столының ар жағындағы Бірінші Николай суретінің аясында тұрып қабылдады. Өзі де отырған жоқ, Қоңырқұлжаға да отыр демеді. Басын изеді де қойды. Аға сұлтанға ол бірден «қазақ даласында болып жатқан бүліншілікке сен де айыптысың», дегендей сұс көрсетті. Қоңырқұлжа іштей әбігерлене қалды. «Бәсе, мені келмей жатып неге іздетіп жатыр деп едім-ау, ұрыспақ екен ғой, тек ұрсып қойса ғана жарады...».

— Подполковник Құдаймендин, — деді Горчаков бірден ресми сөзге кірісіп, — Омбыға жай келмегеніңді біліп әдейі шақырттым. Қазақ даласында болып жатқан бүліншіліктің жәйі бізге әбден мәлім. Хорунжий Қарбышев Ақмола бекінісінен қалай айырылғандарыңды баяндаған. Патша ағзам алдында борыштарыңды ақтай алмағандарың үшін сендерді сотқа беру керек еді, бір жолға кешірдік. Енді бізден не тілейсің, соныңды айт. Және қысқа түрде. Ұзақ жырды тыңдауға уақытым жоқ.

Князь дәл қазір шынында да асығуда еді. Генерал-губернатор ит құмар жан болатын. Былтыр Лондоннан әдейі алдырған ағылшын сеттері тұқымдас қаншығы кешеден бері ауырып қалған. Томскіден арнайы шақырған дәрігер Омбыға жаңа ғана жеткен еді. Оны итіне өзі апарып көрсетпек. Князь соған асығулы. Сүйікті қаншығы ауырып жатқанда, қазақтың бір аға сұлтанымен мылжыңдасып, уақыт өткізуді жөн көрмеді. Сондықтан генерал-губернатор әңгімені тікесінен қойды. Мұндай келте қабылдауды күтпеген Қоңырқұлжа сасып қалды. Горчаков тіпті сөйлеспей кетіп қалар деп қорқып:

— Генерал-губернатор мырза, — деді аға сұлтан келген шаруасының тоқ етерін айтып! — Кенесары күннен-күнге күшеюде. Биыл қыс оны құртпасақ, келесі жаз бой бермей кетуі мүмкін.

— Қалайша?

— Торғай бойын жайлаған қалың Қыпшақ пен Ырғыз, Елек, Ембі өзендерінің маңындағы Кіші жүздің көп руларының оған қосылып кету қаупі туып тұр. Бүйте берсе бар қазақ Кенесары туының астына жиналуы мүмкін.

— Мұндай ақымақ халықты көрсемші, — деді Горчаков мысқылдай күліп, — Россия патшалығы қазір қазақ жерінде мықтап тұрып орын теуіп алған жоқ па? Маңызды деген аудандардың бәрінде де біз өзіміздің бекіністерімізді, форпостарымызды салып болдық. Енді патша солдаттарын бұл арадан бір Кенесары түгіл, мың Кенесары да қуа алмайды. Абылай кезіндегідей емес, қазір қазақ еліне деген Россия патшалығының саясаты өзгерген. Осыны ақымақ қазақ білмей ме? Ал сенің Кенесарыңда ақыл болса, қазақ халқына емес, Россия патшалығына қолайлы жол іздеп, бізге бас ұрмас па! «Россия патшалығына протекторат ретінде бағынуға қарсылығымыз жоқ, бірақ біздің елдігімізді сақтап, саяси бостандығымызға, жерімізге тимейтін болсаңдар екен» деп ол маған бірнеше мәрте хат жазды. Бұндай есалаңды көрсем бұйырмасын! Патша ағзамға бағыну деген сөз — саяси бостандығымды жоғалттым деген сөз емес пе?! Сондықтан да мен біздің тыныштығымызды бұзған адаммен келісім сөз жүргізуді өзіме ұят көріп және патша ағзамға үн-түнсіз бағынудан бөтен басқа шарт қоюына ешбір үміті қалмасын деп әдейі хаттарына жауап бермей қойдым.

— Дұрыс еткенсіз, губернатор мырза.

Горчаков алдында тұрған Қоңырқұлжаны адамға санар емес. Сүзетін бұқадай басын төмен тұқыртып, өз ойын ашық айтып жатыр.

— Біз қазақ елін тек отарымыз деп қана санаймыз. Кімде-кім бұған көнгісі келмесе, оны қарудың күшімен көндіреміз. «Азаматтармен келісімге келудің ең дұрыс әдісі — оларды қорқытып ұстау». Бұл пікірді соғыс министрі Чернышев мырза да мақұлдайды.

— Біздің де тілегіміз сол емес пе? Тек қарулы күшті тезірек шығарсаңыз дейміз.

— Кенесары көтерілісін түп-тамырымен құрту жөнінде қазір арнаулы соғыс жоспары жасалып жатыр, — деді Горчаков, — көп ұзамай қарулы күш те шығарылады. Қазақ даласы Кенесары қарақшыларынан да тазартылады. — Кенет генерал-губернатордың есіне ауру қаншығы түсіп кетті, ол енді асыға бастады. — Өзге шаруаңызды облыс бастығы Талызин мырзамен сөйлесіңіз. Қош болыңыз.

Қоңырқұлжа салы суға кетіп үйден шықты. Ауырып жатқан Талызинның пәтеріне барып жолығып, үш күннен кейін еліне қайтты.

Аға сұлтан бұ жолы Талызиннен көмекке небары жүз солдат алғанымен, келесі жаз Кенесарыны біржолата құртатын қалың әскер шығатынын естіп, көңілі сәл орнығайын деді. «Қыс болса келіп қалды, ал Кенесары қыста шабуылға шықпайды. Бірен-саран жасаққа мына жүз солдат пен өз күшім де төтеп бере алады». Бірақ ол ел шетіне жетер-жетпестен-ақ әнеукүнгі Ағыбай мен Байтабынның ауылды шауып, түбектегі бар малын айдап әкеткенін естіді.

Оқиға былай болған еді.

Есіркеген жас та болса санасы ерте оянған жігіт еді. Қалада орысша оқып, хат танып, көзі әжептәуір ашылып қалған. Өзімен бір мектептегі кей балалардың «жайлауымызға биыл солдаттар бекініс салыпты, енді аулымыз әрі қарай құмға көшетін шығар», — деген сөздерін естіп, түбі патша отаршылық саясаты еліне қолайлы тимейтінін түсіне бастаған. Оның үстіне Кенесары мен оның батырлары жайында естіген ерлік әңгімелері де бала жігіттің көңілін еліктіретін. Әсіресе Шұбыртпалы Ағыбай батыр жайындағы аңыздар кәдімгідей қанын қыздырып, қиялына от тастайтын. Ағыбайдың сондай жау жүрек батырлығын мақтаныш ететін, өйткені Шұбыртпалы оған аталас ру. Енді сол Ағыбайдың басына қауіп төнгенін біліп, не істерін білмей, әбден күйінген-ді. Әйтсе де, нағашы апасының аулында бұдан әрі жата берудің жөнсіз екенін біліп, Қоңырқұлжа Омбыға аттанысымен бұ да серіктерін ертіп, өз еліне жүріп кеткен-ді. Бұлар ауыл шетіне шығар-шықпастан-ақ алдарынан бір қоян ойға қарай зыта жөнелді. Кілең есерсоқтау жас жігіттер әлгі қоянды қуып берді. Есіркегеннің аты өзгелерінің атынан ұшқырлау болғандықтан, серіктерінен озып кетіп, қоянды жеке қуды. Ақырында қоян Есіл жағасындағы бір қалың талдың ішіне кіріп жоқ болды. Бірақ Есіркеген қояннан айырылғанмен, шоғыр талдың түбінде түні бойы Қоңырқұлжаның аулын торып, қазір тынығып ұйықтап жатқан әбдіуақиттың үстінен шықты... Тарсылдатып келіп қалған ат дүбірінен әбдіуақит шошып оянып жанындағы шоқпарына жармасты. Кілт тоқтаған Есіркеген сәлем беріп өзінің жау емес екенін айтты. Әбдіуақит жас жігітті шырамытып, танығандай секілденді. «ә... Масан бидің ұрпағы тәріздісің... Асылдың сынығы, шұғаның қиқымы екенсің ғой, алдамассың», — деді. Бұл кісінің кім екенін білген Есіркеген өзінің таңертеңгі жылпық сарыдан естіген сөзін, Ағыбай тобын Қаражар шатқалында жатқан жерінде басыңдар деп нөкерлеріне Қоңырқұлжаның бұйырғанын жасырмай айтып берді. Сөзінің аяғында: «Жанымда жолдастарым бар. Маған бұрылуға болмайды, сіз Ағыбай батырға жетіңіз. Және Байтабын жасағында Қоңырқұлжаның адамы бар, соны да құлағына салыңыз. Өзіңіз де сақ болыңыз, ауыл торып жүргеніңізді Қоңырқұлжа жігіттері біледі», — деді. Есіркеген естігенін айтып бола берген кезінде ойпаттан жолдастары да көрінді. Бала жігіт әбдіуақит аналардың көзіне түспесін деп, серіктеріне қарай тұра шапты.

Қоңырқұлжаға барған жігіттің түсін сұрауға үлгірмегеніне өкініп, әбдіуақит, Есіркеген кетісімен-ақ көп кешікпей, қалың тал ішіндегі байлаулы атына міне сала Қаражар шатқалындағы Ағыбайға жөнелді. Ағыбай сол күні алды-артын барлауға төрт адам жібергендіктен, қайсысының Қоңырқұлжамен хабардар екенін ажырата алмай, амалсыз Қаражардан жедел көтеріліп, күн бата Байтабынның жасағына келіп қосылды.

Ат құлағында ойнаған елу жігіт таң сыз беріп келе жатқанда түбектегі аға сұлтанның жылқысына тиді. Ақылағын ағызған Ағыбай мен Серкесанын секірткен Байтабынға кім шыдасын, қос батыр алғашқы айқасқанда-ақ сойылды оңды-солды сілтеп, қарсы шапқан Қоңырқұлжаның жүз нөкерінің он шақтысын бірден түсіріп кетті. Сөйткенше шұбатыла артындағы елу жігіт те жетті. Тек суыр ініне аяғын сұғып алып, астындағы аты ақсап Ожар ғана кейін қалды. Кенесарының ұрысқа әбден шыныққан жігіттеріне жеме-жемге келгенде аға сұлтандардың нөкерлері шыдап көрген емес. Бұл жолы да солай болды. Бетпе-бет кеп қарсы шапқанда Ағыбайдың мысы жеңді, Асылкерейдің бірнеше қайратты нөкерлері сойылға жығылды. «ә» дегенше болған жоқ бірнеше ат ойнап шыға берді. Сұлтан нөкерлерінің алыспай жатып-ақ берекесі кетті. Көп кешікпей олар тым-тырақай қаша жөнелді.

Өз жасақтарынан тек он шақты сарбаз ғана жараланған Ағыбай мен Байтабын түбектегі көк аланың тайлы-таяғын қалдырмай айдап елдеріне бет алды. Жасынан аға сұлтан Жамантайға өшпенді Ағыбай бұ жолы Қарқаралыны шаба алмайтынын біліп, амалсыздан Байтабын жасағымен бірге кейін қайтты.



Бар малынан айырылған Қоңырқұлжа жаман қиналды. Оңашада ат жалын құшып жылап та алды. Малсыз аға сұлтан боп ұзақ отыра ала ма, әсіресе осы қауіп жүрегін удай ашытты. Тек айқаста әбдіуақит төлеңгіттің сойылға жығылып қайтыс болғанын естіп, көңілі орнықты.

ІV

Ақмола, Ақтау, Ортау бекіністерін алғаннан бері Кенесарының көңілі көтеріңкі тәрізді еді. Оның үстіне асығы алшысынан түсіп, Ағыбай мен Байтабын батырлар қас жауы Қоңырқұлжаның ең соңғы үш мың жылқысын айдап әкелді. Ескі кек қайтқандай. Ал батыр қарындасы Бопай Сырымбет саласындағы Уәлиханның жесірі Айғанымның кең сарай алты ағаш үйінің күлін көкке ұшырып қоймасындағы басулы кигіз, иленген терісіне дейін қалдырмай барын сыпырып әкеп, ата кекті бір қайтарды. Енді Кенесары көңілденбегенде кім көңілденбек? Құдай абырой беріп Ақмола, Ақтау бекіністері де тез алынды. Осы жеңістердің арқасы ғой, енді Қараөткел, Қарқаралы, Көкшетау, Баянауыл өкіріктерінің кей ауылдары бірден Кенесары жағына шыға бастағаны. Әрине, осыдан. Кенесарыны әсіресе қуантқан Кіші жүзден келген хабар. Жақында екі айдай уақыт жүріп Елек, Ембі, Ырғыз, Жем бойын аралап Таймас қайтқан. Ұрыс десе жаны кіретін Кіші жүздің Жоламан батыры бастаған Тама, Табын, Шөмекей, Шекті, Төртқара руларының көп ауылдарымен Иман, Жәуке батырлар соңынан ерткен Торғай өзенінің жағасын жайлаған қалың Қыпшақтың Кенесары көтерілісіне қосыламыз деп дайын отырғанын айтып келген. Және Орта жүз бен Кіші жүзді біріктіріп ақ патшаға қарсы шығу үшін, Кенесарының бері қарай, Торғай өзенінің бойына көшіп келуін өтінгендерін де жеткізген. «Егер Қоқан хандығына қарсы Сыр бойында жеке алысып жүрген Нұрмұхамедтің Жан-қожасы басқарған Кіші жүздің бір қауым қарашысын, Атыраудың күнгей қапталындағы Адайды, әлі де Шеген бидің қарамағынан шыға алмай келе жатқан Арғынды өз жағыма тарта алсам, бар қазақтың басын қосқаным емей немене», — деп ойлайтын Кенесары... Таймас жақсы хабар әкелгелі бұл ойынан өзі де үміттене бастаған. Сол себепті ол соңғы кезде тас қабағы ашылып, дүниеге сәл күлімсірей қарауды шығарған. Тек соңынан ерген рулардың кейде қонысқа, жайлауға, мал өрісіне таласқан бірен-саран реніш-жанжалдары ғана көңіл күйін аздап бұзатын. Бірақ бұ да ұзаққа бармайтын. Қысқасын айтқанда, қазіргі жағдайда Кенесары жабығардай ештеңе жоқ секілді еді. Әйткенмен олай болмай шықты. Ел басы бір үлкен қауіп-қатерге тірелгендей, соңғы кезде Кенесары түнере түсті. Оның бұлай өзгеру себебін хатшысы және ақылгөй серігінің бірі Жүсіп-Иосиф Гербурт қанша ойласа да таба алмады. «әлде жақында өткен Наурызбайдың тойында бір сыр жатыр ма?» деп ойлады ол. Осыдан бір жеті бұрын, Байтабын Қоңырқұлжаны шабуға жүріп кеткен шақта Наурызбай мен Ақбөкеннің қосылу тойы болған. Тойды Кенесарының өзі басқарған. Ақын айтысында да, балуан күресінде де адал төрелік істеп, жұрттың көңілін өзіне бір аударып тастаған. Сөйткен жағасы жайлау, төсі қыстау Кенесары күрт өзгерді. Төренің көңіл райының құбылғаны түрінен сезіліп тұр... Өйткені сұлтан бірдемеге ренжісе, қапаланса, не шешім таба алмай қиналса, еш адаммен сөйлеспей қабағын қарс жауып сыр шашпай қара судай тұна қалады, не болмаса қауіп-қатер басына төнген қорқынышпен ойнай бастайды. Мұндайда ол ажал-сыннан тек өз басын ғана емес, соңынан ерген қарашысын да, қасындағы батырларын да, ағайын-туысқанын да сақтап қалмайды, ешқайсысын аямайды. Бұл Кенесарының жүрек толқынының қобалжуының, жанына батқан ауыр сырдың шешуін таба алмай қиналуының ең анық белгісі. Кенесарыда мұндай жағдайда мәймөңкелеу, біреудің көңіліне қарау деген болмайды, тік кетеді. Ол бүгін де осы әдетіне көшті.

Күн батып бара жатқан кез еді. Малдың у-шуымен ауыл үсті күндегісіндей азан-қазан. Ауыл сыртында тартқан қурай күйі, белестен аса күрсіне салған жылқышы әні, батып бара жатқан алтын күнге жоқтау айтқандай біртүрлі мұңлы, қасіретті еді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет