Ай сәулесі жүдеп, қырқа үсті ақ шолаң тарта құлан иекте



бет7/16
Дата23.08.2017
өлшемі3,86 Mb.
#24842
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   16

— Қойыңызшы?

— Иә, жиырма шақты орыс пен башқұрт жігіттері бір топ деседі. Іштерінде зеңбірек ата білетіндері, оқ-дәрі жасай алатындары да бар көрінеді... Бас ақылшыларының бірі деп Бұқараға сыймаған Сидақ қожа мен өз елінде ереуіл істеп айдалып келген болыскей офицер Жүсіп деген біреуді айтады тыңшылар. Кілең қарақшы бас қосқан тәрізді.

— Япырмай ә... Жақсы, — деді кенет Ожар бір шешімге келгенін білдіріп, — не болса да барған соң көрермін. Ал енді жұмыс тәртібін сөйлесейік. Омбы сізге Кенесары ордасында не болып жатқанын хабарлап тұруды тапсырды.

— Хабарды қалай бермексің?

— Сейтенді ұстасқан Сәмен, Жақып, Сақып деген сенімді екі-үш жігітім бар. Олар қазір Кенесары жасағында. Хабар солар арқылы болады.

— Келген жігіттердің сенікі екенін қайдан білем? — Қоңырқұлжа тағы ырқылдай күлді, — көп қойдың ішіндегі тартылған қошқар секілді көзге түсетін бір белгісі бола ма?

— Белгі біреу-ақ, сізге келгенде мына белбеудің оң жағында тұратын құты, оқшантай, қыны сол жағында тұрады.

— Кісесі ше?

— Белбеулерінде кісе болмайды. Жас жігіттерге келіспейді. Біреу болмаса біреу сезіп қалуы мүмкін.

— Ойпырмай, өзің мұндай іске әбден жорға болып алған екенсің. Жаңағыларың адамның ойына келмейтін белгілер ғой. Ұмытып қалып жүрмесем нетсін...

— Кенекең тірі тұрса, ұмыттыра қоймас, — Ожар күлімсіреді де сәлден соң орнынан түрегелді. — Ал көріскенше бар болыңыз.

— Ас ішіп кетпейсің бе?

— Жұрт көзіне көп түсуге болмайды. Қатыныма осы ауылдағы бір қарашыға жолығатын шаруам бар деп кетіп едім, енді оралғаным жөн болар...

— Онда жолың болсын.

Қоңырқұлжа төрт күн емін-еркін жас тоқалын жайлап, бойы сергіп Ақмола бекінісіндегі бәйбішелерінің үйіне қайтты. Бұл келгенде қорған қақпасының алаңында жасақтарымен жаңа ғана оралған Шыңғыс пен Жәнәділ отыр екен. Талызинның жарлығын орындаймыз деп бұлар ереуілге көтерілген Тыналы, Қарпық, Темеш болыстарына дейін барыпты, бұнда ат құйрығын шарт түйіп, қолына түкіріп отырған қалың жұртты көріп, әрі қарай жүруге қауіптеніп кейін қайтыпты.

Қоңырқұлжа балаларын көргенде, мыстан кемпірдің алдындағы алтын сақасын қотыр тайымен алып келген тазша бала өгей шешесінен кем ренжіген жоқ. Әсіресе Кенесарыға қараған елден Шыңғысының сау қайтқанын кешер емес. Екі беті дорбалана күреңітіп, қамшысымен жылтыр етігінің қонышын сабалай, үн-түнсіз отырған екі баласының алдында ерсілі-қарсылы жүре бастады. Бұларды тағы қандай «Барса келмеске» жіберуді ойлап іштей әлем-тапырық.

Дәл осы кезде бекіністің күзет мұнарасында тұрған солдат:

— Бір салт атты көрінеді. Жүрісі тым асығыс, қақпаны ашайын ба? — деп дауыстады.

Қоңырқұлжа бұрылмастан жауап берді.

— Аш!

Ашылған қақпадан, қара терге малынған кер төбел қазақы аттан, көйлегінің оң иығы жауырынына дейін қан боп қатқан, ұзын сары солдат «Беда! Беда!» деп құлай-мұлай жерге түсті. Жақын тұрған казарманың есігінен қылышын сүйрете, қазақ атаулысы «Қарапұшық Иван» деп атайтын, келте мұрын, деңбелтек қара, көк көз, осы Қараөткел бекінісінің коменданты войсковой старшина Иван Карбышев жүгіре шықты.



— Не болып қалды? — деді ол солдатқа түйіле.

— Беда, войсковой старшина, — деп солдат ауырған иығын бір қолымен баса, ыңқылдай сөйледі, — біз хорунжий Котовтың басқаруымен елу солдат, он урядник Петропавлдан Ташкентке бара жатқан Строганов купецтің керуенін шекараға дейін апарып салмақ боп шығып едік. Салынып жатқан Ақтау бекінісінен өте бергенімізде кілең сойыл, найза ұстаған Кенесары жігіттеріне кездестік. Солдаттардың байланыспайық дегеніне қарамай, хорунжий Котовтың бұйрығы бойынша екі-үш есерсоқ мылтық атып, бір-екі адамын оққа ұшырып еді, ылғи жүйрік мінген жігіттер лап қойып отрядтың быт-шытын шығарып, тегіс сойылға жықты. Астымдағы жүйрік атым қуғандарға жеткізбей тек мен ғана құтылдым...

Бұл кезде солдаттар да жиналып қалған-ды, бәрінің де жүзінде қобалжу, қорқу...

— Өздері қанша?

— Бес жүз адамдай.

— Кенесарының өзі ме басқарып жүрген?

— Жоқ, інісі Наурызбай. Мен оны бұрын Көкшетауда көргем.

— Солдаттардың қаншасы тірі қалды?

— Білмеймін... Қолға түскен солдаттарды және керуенді бар мүлкімен өздерімен бірге алып кетті. Қайта оралып кеп, сайдан көрдім...

— Беттері қалай? Бізге бұрылған жоқ па?

— Жоқ. Әрі қарай күнбатысқа кетті.

Солдаттың жарасын қарап болған жас фельдшер оған;

— Ағай, лазаретке жүріңіз, — деді өзі жаралы болғандай аяншақтап.

Жаралыны қоршаған солдаттар енді гуілдей сөйлеп кетті.

— Осылай айдалада жүріп қырыламыз да бір күні!

— Айдалаң не? Бұ да Россия жері ғой...

— Иә, саған осы далиған «Россия даласынан» өлгеніңде ғана екі метр жер бұйырар:

— Онда да тереңдігі бір құлаш...

— Бізді осы жаққа қандай сор айдап әкелді.

— Өзі келгендей сөйлеуін қарашы! Менің еркіме салса, бұл желі азынаған қу даланы о дүниеде де көрмес едім.

— Қысқартыңдар сөзді! — деді кенет ақырып жіберіп Қарбышев, — Кенесары қарақшылары бізге соқпай кетпейді. Ертеңнен бастап, бекіністің бар солдаты, жұмысқа жарайтын еркек-әйелдері ор қазуға шығады! Таң сәріден!

Расында Кенесары ереуілшілері Қараөткел бекінісіне соқпай кетуі мүмкін емес еді, өйткені қазақ даласына Россия патшасының отаршылық саясатын жүргізуінде Ақмола бекініс қаласы ерекше қызмет атқарған.

Бұл түні Қоңырқұлжа ұйықтамай шықты. Кенесары әскері бекіністі алса, ең алдымен ат құйрығына аға сұлтанды байлайды. Ежелден ала алмай жүрген кегі бар. «Ал Кенесарының Қараөткелге келуі сөзсіз. Мынау Ақтау төңірегін шарлауы — Қараөткел бекінісі есігінің қалай жабулы екенін білгісі келіп тартып көруі... Әлде Кенесарыға кісі салсам қайтер еді? Бәріміз де Шыңғыстың үлкен ұлы Жошыдан тарадық қой, мүмкін райынан қайтар?.. Жоқ, жоқ, өйтуге болмайды. Ол өзгені кешкенмен мені кешпейді, Қасым балаларының атадан балаға мирас болып келе жатқан кегі бар. Не болса да табан тіреп ұрысып көру керек. Ендігі менің сиынар құдайым да, табынар аруағым да Омбы... Содан жәрдем сұрайын, қорға дейін. Ал мына Қара пұшық Иваннан не қайыр, не үміт, өзі маған ала көздеу, мені жау қолына беріп, бекіністі тастай қашудан да тайынбас.

Қоңырқұлжа таң сәріден түрегеліп Талызинге хат жазды. Хатын: «Қасым ұлы Кенесары Россия империясына берілгенімді кек санап мені аяйтын түрі жоқ. Алдымен менің басымды алып, бүкіл бала-шағамды, туған-туысқанымды құртпақ, Кенесарының бұл ойын маған қас өзге рулар да қолдауда. Сондықтан осындай тар кезеңде қол ұшын жалғап, тезірек Ақмола бекінісіне ереуілшілерге төтеп бере алатын әскер жіберуіңізді өтінем», — деп бітірді.

Хатты жазып болып, тез Омбыға жеткізуін Карбышевқа тапсырды да, өзінің басқа шаруасына кірісті. Ең алдымен бекініс сыртына көкорайлы Есіл жағасында отырған екі әйелінің ауылын көшіріп алмақшы болды. Бұл істі орындау-

ды Жәнәділ мен Шыңғысқа тапсырайын деп шақыртса, тағы да екеуі бірдей бекіністе болмай шықты. Терісіне сыймай ашуланған Қоңырқұлжаға бәйбішесінің «жазғы демалыстары бітуге айналды. Омбыға қайтар алдында ел қыдырып, бой көтерейін дегендері шығар, несіне ренжисің», — деген сөзі ауру жарасының аузын тырнап алғандай әсер етті. «Қандай бой көтеру екенін білмеймін бе? Түні бойы көзімді іліндіре алмай шыққанымда, оңбаған ит Шыңғыс жатқан ғой Зейнептің торсықтай қос анарын құшып!»

әбден ашуына мінген Қоңырқұлжа тоқалының аулына нөкерлерімен өзі бармақ болып, шарт киініп алды. Қолына тобылғы сапты қамшысын ұстай далаға шықты. Дәл осы сәтте оның көзі бекініс қақпасына ойнақтай кірген қара жор-

ғасына түсті. Мойнында дорба секілді салақтаған бірдемесі бар. Қара жорға жемге үйренген мал. Бекініс ішіндегі құдықтардан су ішпейді. Көк Есілдің көк толқынын жүзіп жүріп сусындауды әдет еткен. Қорған сыртындағы өзенге өзі барып, өзі келеді. Қоңырқұлжадан бөтен жанға ұстатпайды. Ол бекініс қақпасына оқырана кіріп, дағдылы жем жейтін астауына қарай төрт аяғын шалыс тастап, ырғала ағып келе жатыр. Міне аға сұлтан есігінің алдындағы жем астауға келіп тұра қалды. «Мойындағысы не сұмдық» деп Қоңырқұлжа ауыр денесін іркілдете қозғап, қара жорғаның жанына жетіп барды. Кенет өн бойы дірілдеп кетті. Атының мойнындағы үлкен кенеп дорбаның ішінде қарбыз секілді домаланған бірдеме бар, қаны сыртынан сорғалап жерге тамып тұр...

Қоңырқұлжа беліндегі лөкет пышағын суырып алып, дорбаның жібін кесіп жіберді. Дорба жерге гүрс етті. Денесі дірілдеп кеткен Қоңырқұлжа дорбаның бір бұрышынан ұстап сілкіп жіберді. Топ етіп одан адамның басы түсті. Көзі шарасынан шыға аларып, тістері ақсия қалған. Бір ұртынан қап-қара болып кеткен тілінің ұшы көрінеді. Сірә балтамен шапқан болу керек, мойын омыртқасы шорт үзілген. Қызыл қан әр жерде бетін алып, жаңа туған қозының елтірісіндей қара қошқыл бұп-бұйра шашына ұйыса жабысқан... Қоңырқұлжа аң-таң боп тесіле қарап еді, тани кетті, баласы Шыңғыстың басы екен.

Болған уақиғаға енді ғана түсінген Қоңырқұлжа көзі қарауытып құлап бара жатып:

— Тұра тұр, Кенесары, сенің Сыздығыңның басын дәл осылай алдыңа тарт-

пасам, атым Қоңырқұлжа болмасын! — деуге ғана тілі келді.

Жоқ, Шыңғыстың басын кескен Кенесары да емес, оның сарбаздары да емес, Күмістің әкесі әбдіуақит шал еді. Қоңырқұлжа жалғыз қызын қор еткен түні, бар шоқпытын қара лашығының ортасына үйіп, астынан от қойды да, таң ата Күмісі мен әйелі екеуінің қолынан ұстап ауылдан беті ауған жаққа қашып шыққан. Іс бұлай бет алар деп күтпеген Қоңырқұлжа нөкерлері соңдарынан қуғанша бұлар қамысты көл жағасына жетіп, таптырмай кеткен. Әбдіуақит әйелі мен қызын Кенесары жасағына көшіп бара жатқан бір шағын ауылға қосып жіберіп, өзі кейін қайтқан. Жүрегін удай ашытқан ашу, ыза, қорлану көзін қарауыттырып, денесін оттай өртеген. Ақыл-ойын, бар сезімін тек «Кек! «Кек алу!» деген арман ғана билеген. Шерменде жан осыдан бөтен шешім таба алмады. Ыза үстінде оған бұдан артық әділетті, дұрыс шешім жоқ тәрізденді. Қоңырқұлжаны өлтіріп, өшін алса арманынан шығатындай болды. Осындай тәуе-

келге бел буған әбдіуақит итіне шейін өзіне таныс Зейнеп тоқалдың аулы сыртын торлай бастады. Бірақ күзеті мықты тоқал үйіне таяй алмаған. Бесінші күні, күзет кеткен түні — тағы аңдыған. Ойда жоқта ауыл сыртында екі салт атты пайда болған. Біреуі Шыңғыс еді. Әбдіуақит бірден таныды. Жанындағы серігін Зейнептің отауына жіберіп, Шыңғыс өзі хабар күтіп, сай түбінде жатып қалды. Сірә, әкесі кетісімен тоқалдың үйіне тікелей баруға жүрексінген болуы керек... Бұның бәрін әбдіуақит көріп отырды. Бес күннен бері қолынан дым келмей, ызадан әбден көзі қарауытқан, әкесі мен баласының, баласы мен тоқал шешесінің арасындағы кәпті білмейтін сорлы, «Қоңырқұлжаның баласы менің баламнан артық па, ол менің баламды қан қылғанда мен оның баласын неге аяймын» деп, көзі ілініп кеткен Шыңғыстың қасына сыбдырын шығармай келіп айбалтамен мойын тұсынан қос қолдап кеп ұрған.

Сол күні таңертең енесінен жетім қалып, құлынынан өзі еміздікпен асыраған қара жорғаны Есілден су ішуге келген кезінде еппен құр-құрлап ұстап алып, Шыңғыстың басы салынған дорбаны мойнына тағып қоя берген. Өзі Кенесары еліне қарай асыға жөнелген.

Қоңырқұлжа үш күн жер құшып жатып, баласының денесін ел-жұрты боп қабірлегеннен кейін бір-ақ тұрды. Әйтсе де Шыңғыстағы өшін жауының алып бергеніне ол іштей риза еді, бірақ ағайын-туғанға сыр бермей, қара жамылып кайғы тартқандай жетісін берді де, Кенесары қолымен кездесу әрекетіне кірісіп кетті.

ІІ

Кенесары бір қиын мәселені шешерде қалың қабағын қарс жауып, бір қолымен исфаған семсерінің сабынан ұстап, темір торға қамалған жолбарыстай ақ орданың ішін кезіп, ерсілі-қарсы жүре, көп ойланатын. Мұндай кезінде сұлтанның сырт бейнесі шынында да жолбарысқа ұқсас қаһарлы болатын, желкесі күдірейіп, өткір көздері әдеттегісінен гөрі қызара түсіп, тірі жанға тіл қатпай, сұстана қалатын: Осындай ашулы-ойлы шағында оның үстіне ешкім батып кіре алмайтын, өйткені ол бұл кезде жайшылықтағыдай емес, адам көңіліне қарамайтын қатал келетін...



Кенесары бүгін де осындай жағдайда еді. Полковниктің погоны тағылған оқалы көгілдір мауыты шапанын желбегей жамыла салып, екі сағаттан бері ақ орданың ішін адымдай ерсілі-қарсылы кезіп жүр.

Кеше Сыр бойынан хабаршы келген. Ол «Мәделіхан өзі өгей шешесі Ханпадшайыммен көңілдес екен, осыдан бір бәле тумаса нетсін» деген. Және Бегдербектің әулиеатаға ауысып, уақытша Ташкент құшбегі боп Ләшкәрдің өзі тағайындалғаннан бері, о жақтағы қазақтардың күйінің бұрынғыдан да нашарланып кеткенін айтқан. Кенесарыны толқытқан осы хабарлар ма? Жоқ, олар емес. Бұл хабарлар сұлтанды қанша елеңдеткенмен, әзірге тек шығып келе жатқан шиқан тәрізді. Жарылатын кезін шыдай күтуге бар. Оның бар ойы осы арада, өзінің бүгін шешетін мәселесінде. Егер оны дұрыс шешсе, бағының жанғаны, абыройы көтерілгені. Қазір соңынан ерген елу мың шаңырақтың үстіне, ертең тағы елу мың тіпті жүз, жүз елу мың шаңырақтың қосылуы кәміл... Ал дұрыс шеше алмаса былтырдан бері жанын салып жинаған жұртының көз алдында үмітін ақтамағаны... Онда ертеңнен бастап, соңынан ерген елдің тарай бастамасына кім кепіл? Қазақ топырлап шауып келе жатқан жылқы тәрізді, егер жау алдынан шығып үркіте қалса кейін қарай лап беруден тайынбайды. Онда оны ақыл да, сойыл да тоқтата алмайды...

Сондықтан соңынан ерген жұртты ондай күйге ұшыратпау керек, айқай сап делебесін қоздырып, шапқан үстіне шапқызып, кездескен ор, ойпаттан секіртіп өткізіп, қарсы келген жауды жапыртып кеткізу керек.

Кенесары жігіттері осы уақытқа дейін, Ташкент пен Қараөткел, Қызылжар арасындағы керуендерді талап, ырқына көнбеген кейбір сұлтандардың аулын шауып, Чириков пен Карповтың жасақтары секілді патша әскерлерінің шағын топтарымен ғана қағысып келді. Ал ертеңнен бастап үлкен айқасқа шықпақ, патша әскерлері мен Россияға берілген қазақ сұлтандарына қарсы майдан ашпақ. Ол сөйтуге міндетті, өйткені соңынан ерген жұрттың көкейкесті арманын, мүддесін еске алатын мезгіл жетті, әйтпесе жер-суымызды, еркіндігімізді қор-

ғаймыз деп маңына топталған бұқара елдің көңілі суйи бастауы мүмкін. Қара қазақтың бұдан күткені ел шабу, керуен тонау емес, үлкен іс, халықтық іс.

Кенесары бұл майданды ашпастан бұрын, патша әскерімен таласты соғыссыз шешпек боп қолдан келген амалын аяған жоқ. Маңайына ақ патшадан зәбірлік жеген жұртты жинаумен қатар, мүмкін, күннен-күнге көбейіп жатқанымызды көріп бізбен санасар деген үмітте де болды, Омбы бастықтарына хат үстіне хат жолдады.

Ең ақырғы хатын ол Шу мен Сарысуды қыстап шығып, Сарыарқаның бел ортасы Қарақойын Қашырлыға көшіп келген соң, Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков князьға 1838, яғни қазақша Ит жылы, мамыр айының басында жазған. Оны Тоқтының Табылдысы мен Қазанғаптың Көшінбайы деген өзінің екі сенімді адамы арқылы жолдаған. Хаттың мазмұны мынадай еді:

«Мәртебелі ұлуғ господин жанарал-губернатор хазратләріна

Абылай ханның ұрпағы Кенесары Қасым ұғылынан ғарызнама.

Сіздің ағзам хазрәтларыңызға мағлұм қыламыз, шунки менің тілегім екі патшалықтың халқы да тыныштықта өмір сүру еді, бірақ та сіздің адамдарыңызды өз жағыма шығарып алды деп сіз маған күмәнданатын көрінесіз. Менің айтып отырғаным мынау: біздің бабамыз хан Абылайға тиісті жерлерде сіз дуан салдырдыңыз және қазақ халқынан алым-салық аласыз, сөйтіп бізді қыспаққа салып отырсыз. Біз бұған риза емеспіз және алым-салық төлеп сіздің қарауыңызда тұра алмаймыз. Біздің басымызға туған күн Ресейдің басына туса сендер қандай күйде болар едіңдер? Сондықтан біздің жай-күйімізбен санасуларың керек.

әрине, мен Баянауыл, Қарқаралы һәм Ақмола қазақтарын өзіме қосып алдым, әлі де болса халқымды өз жағыма қоса берем деген ниетім бар; алайда қазақ халқы бұрынғыша өз алдына ел болып өмір сүрсе тіпті жақсы болар еді, сонда ғана сіз де, біз де тыныш өмір сүре алар едік.

Менің естуімше, сіздер бізді Қоқан һәм Бұқар хандығынан айыруды көздейтін көрінесіздер. Бірақ олар мұсылман заңы бойынша бізді қорғауға міндетті.

Екі ел тыныш, бейбіт өмір сүрсе бәрінен де сол жақсы болар еді. Бірақ дуанбасылары ел аралаған кезінде сиязға деп сылтауратып қазақтың жақсы ат, жақсы киім-кешектерін алатын көрінеді. Біздің мүлкімізді талан-таражға салуға тыйым болсын деген патша ағзамның заңы бола тұрса да, дуанбасылары қазақтардың айтқан арызын құлағына да ілмейді. Жуырда ғана Төртуыл болысының қазағы Азнабай мырзаның әйелін, екі келінін, қызын һәм бір жесір әйелді жаулап алып кетті. Бұлардың қайда екені әлі белгісіз.

Сізбен әрқашанда достық қатынаста тұруды көздеп мен мына төмендегілерді талап етемін:

1) Ақтау қорғанысы жойылсын;

2) Ақмола дуаны жойылсын;

3) Біздің жерімізге салынған сондай мекеме орындары тегіс жойылсын;

4) Қамауға алынған біздің адамдар һәм Қоңырқұлжа сұлтанға жіберілген екі адам босатылсын.

ёшпуны иландырмає Їшін мен сµлтан

Кенесары јасым µ¬лы мЈрімді бастым».

Бұл хатта Кенесары Қоқан, Бұхар хандығымен еш уақытта да бірікпейтінін біле тұрса да, генерал-губернаторға сұс көрсету үшін олар жәрдем береді деген сөзді әдейі көрсеткен.

Бұл хатына да Кенесары үш ай бойы еш жауап ала алмады. Хатты апара жатқан Табылды мен Көшінбайды Қоңырқұлжа жағындағы Көшеннің балалары ұстап алып, Омбыға жаяу айдап жеткізеді. Көп кешікпей оларды соттап Сібірге жүргізеді-міс деген хабар Кенесарыға да келеді.

Өзінің бірнеше хатына жауап ала алмаған Кенесары енді әбден ызаланады. Дұшпандарының қарулы айқассыз теңдік бермейтініне көзі жетеді. «Енді маған қалған жол — не патша үкіметіне, Қоңырқұлжа, Уәли балаларына бас иіп бағынып, қалың қолды тарату. Не майдан ашып айқасып, күшпен өз айтқаныма көндіру», — деп ойлайды ол. Осының екіншісін қалаған Кенесары бұл айқасты қазақ даласын өзіне бағындыруда Солтүстік пен Шығыстағы Россия империясының ең мықты кіндігі болған Ақмола бекінісін алудан, онымен қатар ата жауы Уәлиханның қатыны Айғанымның Сырымбет саласындағы ордасын шабудан бастамақ болды. Кей батырларының «шабуылды Көкшетаудан бастасақ» дегеніне сұлтан көнбеді. Өйткені Көкше жері ат баурын жазып шаба алатын жазық емес және ар жағында Омбы жақын, патша әскері тез жетуі мүмкін. Оның үстіне әкесі Қасым Көкшенің киесі ақ бураны атқан деген лақап бар, Кенесары ел қарғысынан да сескенеді.

Ал Ақмола бекінісін алып өзінің мықтылығын көрсетсе, абыройының өршігені. Біреуді мақтаса айын аспанға шығарып, жер-көкке сыйғызбай көтермелейтін қазақ Кенесарының даңқын алты алашқа таратады. Серкеге ерген қойдай соңынан ереді. Осылай болатынына сұлтан кәміл сенеді. Оған тағы бір себебі бар. Кеше ғана хабар алған. Осы бүгін-ертеңдер арқа өкіріктерінің қазақтарынан жаңа устав бойынша биылдан бастап салық жиналсын деген патша жарлығы шықпақ. Бұл жарлық бойынша жүз қарадан бір қара салық алынып егер ол ақшадай төленетін болса, жылқы басы 35 сомға, өгіз жиырма сомға, қой екі сомға бағалансын делінбек. Бұл жарлық шықса, дәтке қуат, онсыз да патша үкіметінен қыспақ көріп жүрген қазақ, Кенесары жағына қойдай тоғытылады...

Патшаның Көкшетау мен Қарқаралы өкірігінің қазақтары жайындағы бұл Указы Кенесары көтерілісінің қызу шағында Қарашаның жиырма сегізі күні сол Ит жылы шықты. Бірақ ұзынқұлақ бұны қазақ аулына екі ай бұрын жеткізді, Кенесарының да дәтке қуат көріп отырғаны осы Указ...

«Ал Ақмола бекінісін ала алмаса? Соңындағы бес мың атты әскерін қыр-

ғынға ұшыратса? Онда Кенесарының артынан кім ереді? Бірден тауы шағылған жұрт, басқа ұрған мал секілді шегіншектей бермек. Жауын жеңе алмайтын батыр — құр батыр, ел қорғаны емес.

Сондықтан осы ең алғашқы үлкен айқаста Кенесары өзінің қамал бұзар ер, ел бастай алатын кемеңгер екенін жұрт көзіне көрсетуі керек. Өйтпесе ол жұртты соңынан ерте алмайды, ойлаған мақсаты — хан тағына да жете алмайды. Ал мұны істей алмаса?».

«Жоқ, жоқ, қайткен күнде де Ақмола бекінісін алу абзал. Бірақ бес жүзге таяу жасағы, зеңбірек, карабин, іштесер қаруы бар, биіктігі бес сажын қорғанды, жан-жағын қоршай қазған терең орлы бекіністі Қоңырқұлжа мен Қарапұшық Иван оп-оңай бере сала ма? Айлаң жетсе, бермеймін дегеніне қоясың ба, аласың!.. Башқұрт әшірап айтқан бекіністі алу айласы Кенесарының бұрынғы ойына ой қосты емес пе? Иә, сөйтті. Әттең, дүние-ай, әшірап екі күн өтпей жоқ жерден мерт болды. Бірақ айтқан ақылы көкірегімде сайрап тұрған жоқ па? Ай, Қараүлек-ай, қолың гүрзіден де ауыр-ау, сорлы башқұрттың мойын омыртқасын бірден үзіп жіберіпсің. Сәл жеңіл қимылдасаң нетті, жазығы қамал алуды үйреткені ме? Нойыс неме, менің ойымды дұрыс түсінбегенсің ғой. Саған әшірапты ертіп жібергендегі ойым қарамайды дұрыс қайнатуды үйретсін дегенім еді ғой. Ал сен менің бұрынғы тәсілімнен шыға алмапсың... Өлтіріп жіберіпсің. Өлу — өмір заңы. Енді оқасы жоқ. Өлтіргенің дұрыс та. Қарашының ақылымен қамал алғанымды жұрт білсе, менде қандай абырой қалады? Енді ол әдісті... Жоқ, жоқ, ең алдымен бар батырымнан бекіністі қалай алу керек екенін сұраймын, әрине әрқайсысы әрқилы жолға сілтейді... Ең соңында барып, өз ойымдай айтамын. Ел бастайтын қаһарманның аузынан шығатын сөзді айтуым керек. Бұның өзі маған ерген жұрттың бірден көңілін көтеруі сөзсіз. Содан кейін мен айтқан әдіспен Ақмола бекінісін алсақ, одан артық абырой болар ма?! Соңымнан ерген жұрт құрмет тұтса, хан тағының да жақындай түскені.

Осыдан үш күн бұрын Ақмола бекінісін қалай алуды ойлап, ордада жалғыз отырғанында Кенесарының үстіне Жоламан батырдың жасағынан Байтабынмен бірге келген әшірап деген башқұрт жігіті кірген. Дәулетші екеуі зеңбірек құя біледі дегеннен кейін, Кенесары осы башқұрт жігіттерімен жиі кездесіп тұратын. Өзінің ордасына да әлсін-әлсін шақырып, зеңбірек құю жайын әңгімелесетін. Сөйлесе келгенде зеңбірек құюды білетін Дәулетші, ал әшірап — Салауат Юлаевтың көтерілісіне қатынасқан, белгілі жауынгерлердің бірінің баласы боп шыққан, әкесінің айтуы бойынша бекіністерді алудың әдісінен хабардар екенін аңғартқан. Кенесары зеңбірек құйғызамын деп бірнеше ауылдың қазан-ошағын жинатып, Дәулетшінің қасына қазақтың асқан шебер бес ұстасын қосып, Қорғасынды дейтін жерден көрік ашқан. Ал әшірапты жанына алып қалған Кенесары оған Ақмола бекінісінің қандай бекініс екенін айта келіп, осындай қамалдарды Салауат Юлай қалай алды екен деп сөз тастаған.

— Өздеріңіздің қандай ойларыңыз бар? — деген әшірап.

Кенесары жасырмаған.

— Қалың әскер жүздік, мыңдық саппенен кәдімгі жарды ұруға келе жатқан толқындай лек-лек боп, барынша айқайлап ұран сап, бірінің соңынан бірі қамал-ға шабады, — деген ол. — Мұндай жағдайда гуілдеген, шуылдаған, атой қойған қалың топты көріп, қамал қорғаншылары шыдай алмайды, қарадай зәре-құты қашып, қамалды қорғамақ түгіл, бекініс үстінде де отыра алмай, көбіне-ақ қаша жөнеледі. Бұл әдісті ата-бабаларым ежелден қолданып келеді.

— Мұндай ескі әдіспен зеңбірегі бар, жақсы қаруланған әскерге толы Ақмола секілді қазіргі заман бекінісі алынбайды, — деген әшірап.

— Неге? — деп Кенесары оған тесіле қараған.

әшірап түсіндіре жауап берген.

— Жаңа өзіңіз айттыңыз ғой, Ақмола бекінісін қоршап қазылған ор бар деп. Лақылдап келе жатқан сарбаздарыңыз сол орға келгенде амалсыз тоқтайды. Алдыңғы қатарын артындағы шауып келе жатқандары итеріп, кейбіреулері орға құлап, қалың қол іркіліп қалады. Дәл осы кезде қорған үстіндегі жауларыңыз төрт зеңбіректі бірдей атып, мылтық біткеннен жаппай оқ жаудырып, бар әскеріңізді жусатады да салады. Сондықтан бұл әдіс қазіргі жағдайда бекініс алуға келмейді. Басқа жол табу керек...

— Қандай жол?

— Бекіністің ішінде ағаш үйлер көп... дедіңіз ғой. Салауат Юлай ұлы бір амалды осы жағынан ойлаған болар еді..

әшірап мұндайда Салауат Юлай ұлы менің әкемнің айтуы бойынша былай істер еді деп өзінің ойын айтып берген. Оның айтқаны Салауат Юлай ұлы ғана емес, көне сақтардың, беріректегі қыпшақтар мен монғолдардың қамал алу әді-

сі еді.

Башқұрт жауынгерінің ақылы Кенесарыға өте ұнаған. Шындап қимылдаса Ақмола бекінісінің алынатынына көзі анық жеткен. Еңсесі көтеріле бастаған. Бірақ көңілінде жанын жегідей жеген бір күдік туған. «Сонда қалай болады, деген ол ішінен, Ақмоланы алуда... мен қарашының ақылынан аса алмағаным ба?»



Үш күннен кейін дүлей, мылқау, алпамсадай зор денесіне қарап жұрт Қара-

үлек деп атап кеткен Кенесарының бас жендетімен бірге тоғай ішінде қарамай қайнатып жатқан әшірап «ағаш құлап» ажал тапқан. Ел болып аққа орап әшірапты құрметтеп жерлеген. Зират басында сұлтанның өзі де болған. Күйзеле «топырағың торқа болсын» деп ең бірінші боп қашқын жігіттің жас қабіріне бір уыс топырақ тастаған. «Кешір, азаматым, Қараүлекке ойымды анық түсіндірмегендіктен сенің ажалыңа мен айыптымын», — деген ол ішінен. Әшірап ажалы жайында Кенесары одан әрі қынжылмаған. Қалай қынжылсын, «қанішер Абылай» атанған қанды көйлек арғы атасы кісі ажалы мен қой бауыздағанды тең көрген. Бергі атасы хан Абылай құлдық кезімнің куәсі болып, бетіме шіркеу келтіреді деп, ажалдан аман алып шығып, ерлік жолға қайраған Ораз құлды өз қолымен бауыздаған. Өз әкесі Қасым төре анасынан қолына қан шеңгелдеп туған. Осы үшеуінің ұрпағы Кенесары кімді аяйды? Ел билеймін деген адамға кейде жазықсыз ажал жазықты ажалдан құнды. «Адамды аяу — әлсіздіктің белгісі» деп ұғады ол.

Қазір Кенесары әшірап туралы ойлап тұрған жоқ. Сол әшіраптың айтқанын қалай пайдалануды ақылға салуда, оны толықтыра түсуде...

Кенет сықырлап есік ашылғандай болды. Кенесары жалт бұрылды. «Ойымды бұзған қандай жүрек жұтқан жан?!» Бәйбішесі Күнімжан екен. «Бәсе, бөтен адам батып кіре алмаса керек еді». Ой үстінде отырғанда өзі шақырмаса тірі пенденің Кенесары ордасына кіруге қақы жоқ. Бұл — әлі хан болмаған сұлтанның осы бастан өзін өзгеден ерекше ұстай бастаған дәстүрі. Бұл салтты Күнімжан ғана бұза алады.

Ерінің түнерген қабағынан оның ашулы екенін аңғарған Күнімжан, еркелей күліп:

— Төрем-ау, әлгі... қалай деп атап ең... — деді. — Кеңес деп пе ең батырлар бас қосатын жиынды... Сол Кеңеске келген батырларыңның өзіңді күтіп отырғанына бие сауымдай мезгіл болды... Бармайсың ба?

Кенесары ойын бөлместен басын изеді.

— Барайық...

Кенесары мен Күнімжан тіркестіре тігілген «Ереуіл кеңес үйі» деп аталатын қос ақ боз үйге кіргенде, сұлтанның батырлары мен ақылгөй серіктері тегіс жиналған екен. Мұнда Наурызбай, Ағыбай, Құдайменді, Кіші жүздің Сыр бойындағы Табын тарауынан келіп қосылған бойсапат тобылғы күрең ұзын мұртты Бұқарбай, Атығай руынан шыққан алшақ кеуделі балуан Басықара, Алтай руының атақты батырлары Жанайдар мен Төлебай, Кіші жүздің Есентемір руынан шыққан жас Байтабын батырлар бар. Олардан басқа қарындасы Бопай, Кенесарының өзімен тетелес інісі әбілғазы сұлтан, Нысанбай ақынмен дізелес есікке таман қойылған қазақы дөңгелек столдың жанында қолына қауырсын қалам ұстап бұқарлық қожа, ұзын бойлы, арық, қошқар мұрын Сидақ Оспанұлы, Польшада ереуілге қатысып жер аударылып келген, қазақтар Жүсіп деп атап кеткен ақсары, көгілдір көзді Иосиф Гербурт деген ақын жігіт отыр. Соңғы екеуі Кенесарының хатшысы болып қызмет істейтін. Бұлардан жоғарырақ тұрған кең маңдайлы, ақ құба келген ойлы көзді мыңбасы татар жігіті Ягуда ұлы әлім. Босағада, төренің қырық адамнан құралған қарауыл жасағын басқаратын, ауыл Батырмұрат деп ат қойған, қазақтан әйел алып қазақ болып кеткен башқұрт Мәлкет баласы Кішік пен Наурызбайдың шабарманы қашқын орыс солдаты Николай Губин тұр. Үйдегі адамдардың ішінен Ереуіл Кеңесінің мүшесі емес тек Жүсіп, Бопай, Батырмұрат, Николай. Бірақ бұл төртеуі де ереуілге шын берілген адам болғандықтан Кенесары оларды мұндай үлкен мәжілістің біреуінен де қалдырмайды.

Кенесары кіріп келген кезде үйде отырғандардың бәрі қол қусырып орындарынан түрегелді. Сұлтан тәжім етіп амандасты да өзінің жасыл туының астында тұрған, үстіне жібек түкті сәнді бұқар кілемі жабылған төрдегі үлкен сандыққа барып отырды. Өзгелер де малдас құрып жастарына қарай алқа-қотан жайғаса бастады.

— Үш жүздің ардагер батырлары, — деді — Кенесары жұртты сынай көз тастап, — қолымызға найза ұстап, атқа қонғаннан бері бір күн тыныштық көрген жоқпыз. Соңыңнан ерген жұрт та сондай. Ал елім, жерім деп көтерілген біраз қазақ баласы қазір жазғытұрымғы тасуға дайын дариядай кемеріне жетіп, дұш-

панға қарсы шабуға тұр. Бұл — жаудан өш алуға ең қолайлы шақ. Енді соңымыздан ерген жұртты уақ-түйек айқаспен әуре-сарсаңға сала берсек, абыройсыз қалатын түріміз бар. «Жау қайда?» деп қолына түкірініп отырған ерлердің көңілін суытуымыз күмәнсіз. Сондықтан халық мүддесінен шығу үшін біз Ақмола бекінісіне қарсы аттануды шештік.

— Дұрыс, — деп отырғандар сәл қозғалып қойды.

— Шабуылға шықпастан бұрын, бір-екі ауыз сөзбенен жалпы жағдайымыз-

ға үңіле өтелік. — Кенесары аспай-саспай мойнын Иосиф Гербуртқа бұрды, — Жүсіп, мына батырларға жаудың биыл жазда бізге қандай қиянат жасағанын қысқаша ғана естіртіп өт, — деді.

Жүсіп орнынан түрегеліп қолындағы қағазын оқи бастады.

— Біздің бұл көтерілісімізді ақ патша генералдары бұзақылық, ел тонаушылық деп есептейтін көрінеді. Омбы болысының бастығы генерал Талызин өзінің берген нұсқауында шекарада тұртын басты бекіністердің бәріне де күрделі жасақтар шығарылсын дейді. Және бұл нұсқауында: «Сендердің бар міндеттерің Кенесары қарақшыны құртып, көшіп кеткен болыстарды кейін қайтару» деп бұйырады. Осы нұсқауды орындау үшін бізге қарсы бірнеше арнаулы жасақтар шықты.

— Олардың істеген басты-басты қылмыстарын айт, — деді Кенесары.

— Атаман Лебедев бастаған бес жүз солдатты жасақ осы жылы маусым айында Торғай өзені мен Жәнтөре-Керубе бойында көшіп жүрген Қарпық, Темеш руының ауылдары мен Саржан сұлтанның ауылын шауып, төрт жүз адамды өлтіріп, жүз адамды ұстап әкетті. Оның ішінде Баянды би бар.

Кенесарының көзі сұрғылттанып, қабағы түксиіп:

— Тағы? — деді.

— Аға сұлтан Қоңырқұлжа мен войсковой старшина Карбышев басқарған бес жүз кісілік жасақ шілде айында Айырқұмда көшіп жүрген Күшік сұлтан мен Сидақ мырзаның ауылдарын шауып, жиырма бес еркек, сегіз әйел, жиырма бір қыз баланы оққа ұшырып, сексенге таяу адамды тұтқын етіп алып кетті. Оның ішінде...

Кенесары жауар бұлттай түнеріп кеткен.

— Жетеді, — деді ол ашуын әзер басып, — ал біз қандай қайрат көрсеттік? — Сидақ мырза, соны айтыңыз,

Сұлу мұртты, биязы қимылды Сидақ қожа орнынан асықпай тұрды да:

— Біз де есемізді жіберіп жатқан жоқпыз, — деді қолындағы қағазына қарап тұрып: — Ақтау коменданты войсковой старшина Симонов шығарған бірнеше уақ отрядтарын құрттық, көптеген қару-жарақты қолға түсірдік! Войсковой старшина Симоновтың өзі бізбен бір айқасқанында он тапанша, тоғыз мылтық, он үш қылыш, жеті, найза, төрт жүз тоқсан бес мылтық оғын, төрт жүз тоқсан тапанша оғын тастап қашты. Қазір біздің қолымызда осындай ұрыстан түскен жүз елу мылтық, тоқсан тапанша, екі жүз он қылыш бар. Кенесары батыр бастаған қолдың қаһары әсіресе халқын сатқан сұлтан, билердің ауылдарына тігілулі. Биылғы жылдың жеті айының ішінде орта есеппен мұндай жағдайда қолға бір миллион сомнан астам мал-мүлік түсті.

— Соның бәрі тек сұлтан ауылдарынан ғана тоналған ба?

— Жоқ, бұның ішінде ұсталған керуендердің мүлкі мен патша қызметіндегі тілмәш, пристав, урядник секілді шенеуніктердің және Ақтау бекінісіндегі адамдарының да мал-мүлкі мол.

— Орыс қарашекпендерінен қанша ақша кірді? — Кенесары тесіле қарады.

— Азғантай. Бар болғаны жүз сомға жетер-жетпес, онда да Қарқаралы маңынан..

— Дұрыс, — деді Ағыбай Кенесарымен құрдастығын пайдаланып, еркін сөйлеп, — жазығы жоқ орыс мұжықтарын шабудың қажеті қанша. Бұдан бізге зияннан басқа түсері жоқ, бұқараны босқа өшіктіріп аламыз.

— Жөн, — деп екі-үш батыр басын изеді.

Кенесары үндеген жоқ.

— Негізгі үлес халқын сатқан аға сұлтан, ел тонап жүрген саудагер, патша қызметкерлерінікі, — деді сөзін қайта жалғап Сидақ қожа. — Бір ғана Құдайменді балаларының аулынан жиырма мың жылқы қуып алдық. Қазір сәйгүлік жүйрік мінбеген бірде-бір сарбаз қалмады.

Кенесарының иіні көтеріле түсті.

— Қоңырқұлжа Омбыға жазған хатында бізден он екі мың жылқы алынды депті ғой...

Сидақ қожа мұртынан күлді.

— Енді не десін? Қоңырқұлжа қазақтың қара бұқарасы түгіл, генерал-губернаторлардың өздерін де алдап жүрген саудагер, патша єызметкерлерінікі, — деді сЈзін бес мыңнан асса аға-сұлтандарға да салық салатын болған соң Құдайменді балалары барымыз он екі мың жылқы деп көрсеткен. Ал біз тайлы-таяғына дейін айдап алдық десек, арғы түбекте әлі де үш мыңдай кілең ақ шағала асаулары қалыпты. Ағыбай батыр сол жылқыны қуып әкелуге Кенекеңнен қашан рұқсат болады деп күнде сұрайды...

Кенесары байсалды жауап берді.

— Арғы түбек бізден шалғай... Әзірге оны қоя тұрыңдар, қазір басқа шаруалар да жеткілікті. Тағдыр жазса алысқа кетпес.

— Япырай, — деді шын таңданған жалғыз атты Бұқарбай батыр, — адам баласының да Қоңырқұлжадай байы болады екен-ау!..

— Ақ патшаға жағынып, жаны шығып жүргенінің өзі де сол емес пе? — деді Бопай сәл қабағын шытып, — патша жанаралдары бекініс салып, келімсектеріне аздаған үлес бергені болмаса, жердің шұрайлысы әлі де Сәмеке, Нұралы, Бөкей, Уәли хандардың ұрпақтарында ғой. Мал үшін олар қазақтың жері түгіл, жанын берер. Бірі бүкіл Есіл, Нұра бойын жайласа, бірі сонау Сырымбет тауының Құсмұрын мен Шұбарға дейінгі кең алқабын алып жатыр. Ал өзгелері бір Уәли ханның ана Айғаным қаншығы жайлап отырған бөктерге үш болыстың малы сыяды, — Бопай кенет ағасына ашулана қарады. — Қашанғы ол қаншықты басымызға шығарып қоямыз? Қоңырқұлжадай оны да шабатын мезгіл жетті, жібермейсің бе бір батырыңды.

Кенесары қасқыр көрген бүркіттей түйіле қалды.

— Қатын аулын батыр шаппас. Қайын атам жұрты демесең, өзің шап!

Табылған сөзге үйдегілер шу ете қалды.

— Жөн.


— Тапқан ақыл.

— Қатынды қатын шаппаса, батыр шапқаны ерсі.

— Уәлиханның аулына жолай соғасың, — деді Кенесары аз сөйлей, — ең алдымен арғы беттегі Аманқарағай приказының малын бері айдап өтесің.

Қуанғаннан Бопайдың екі көзі жарқ етті.

— Мен дайын. Қарамағымдағы алты жүз адаммен мен бүгін түнде жүруге бармын.

— Жөн, — деді Кенесары, сөйтті де Сидақ қожаға қарады, — солай деп жарлық берілсін. Аманқарағай приказына жетуге бес күн керек. Бір күн төмендегі тоғайда тынығуға мұрсат берілсін. Жетінші күні приказ шабылсын. — Сұлтан бірдеме ойланғандай сәл бөгеліп қалды да, жұртқа бұрылды. — Аманқарағай приказы шабылғаннан іле-шала біз де Ақмола бекінісіне ат қоямыз.

— Дұрыс, — деді күндікке үндемей отырған келбетті, ақсары жүзді Жанайдар батыр, — Аманқарағайды Кенесары әскері шауыпты деген лақапты естісімен Омбыдан Ақмолаға шыққалы жатқан әскер солай қарай бұрылады. Дәл осы кезде, алла жазса, біз Қоңырқұлжа мен Қарапұшық Иванның да сазайын тартқызармыз.

— Менің де ойлағаным осы, — деді Кенесары.

Батырлар тағы да қошеметтеді.

— Ақыл.


— Жөн.

— Құба-құп.

Кенесары енді Ереуіл Кеңесінің бүгінгі жиналған себебіне тікелей кірісті.

— Ал Ақмола бекінісін алу оңайға түсе ме? — деді ол отырғандардың әрқайсысының бетіне сәл тоқтай қарап, — қорғанының биіктігі әжептәуір, және оны жүз қадамдай жерден қоршай қазылған ордың кеңдігі он құлаш, тереңдігі бес құлаш. Тек қорғанға кірер екі қақпаның алдында ғана төрт салт атты қатар өте алар жіңішке жал бар...

— Сол жал жетпей ме бізге? — деді Наурызбай, — жау өтер жерден біз де өтерміз.

— Қоңырқұлжа мен Қарапұшықтың қарамағындағы бес жүз карабін мылтықты солдат пен төрт зеңбірек бізге құр қарап тұрады дейсің бе, Науанжан? Олардың да аңдығаны осы екі жіңішке жал менен ордың жағасы болар. Ордан өткенменен қорғаннан өте алмайсың. Көптігімізге сеніп топырлап шапсақ құр қырғын боламыз. Сонда Ақмола бекінісін қалай аламыз? Кімнің қандай ақылы бар? Бірден он адамның ақылы артық, кеңеселік.

Жиһазды, дүниелі ақбоз үйдің ішінде өлік жатқандай, жұртта үн жоқ. Бас-

тарын салбыратып, төмен қарап, көбі жер шұқылай береді. Әркімнің ойы әр тарапта. «Қол болып жиналуына жиналдың ғой, ал енді жауды қалай жеңеміз? Бәсе, қалай жеңеміз? Ақмола бекінісі — алғашқы қамал. Ал бізге деген мұндай ондаған қамал бар... Төрт зеңбіректі, бес жүз карабінді бекіністен осыншама абыржығанда, бұдан әрі күйіміз не болмақ? Ал ақ патшада мыңдаған зеңбірек, жүз мыңдаған карабін бар... Осы біз көл үстіндегі қаз-үйректей бір мылтықтың даусынан зәреміздің кетерін білмей тым босқа еркінсініп жүрген жоқпыз ба?»

Жұрттың еңсесі түсіп кеткенін Кенесары көріп отыр. «Қамалға шабуыл жасамай жатып қас батырлардың түрі мынау, ал қамалды ала алмасақ күйіміз не болмақ?»

Кенесары тұнжырай түсті.

— әлде «жеткен жеріміз осы болды» деп Қараөткелден бас тартамыз ба? — деді ол сәл қабағын шытып. — Сондай да күйлерің бар ма, қалай?

— Жоқ, төре, — деді басын көтеріп алып Ағыбай, — бүйірден қадалған тікендей болып отырған Ақмола бекінісін қалай да алуымыз керек.

— Қалай «алу керек?»

— Ел бастаған дана емеспін, қол бастаған батырмын. Демек, қыран жете алмас қия жоқ, жаужүрек өте алмас мия жоқ, маған салсаңдар Ақмола бекінісін қоршап алып сыртқа, жан шығармай аңду керек. Қорған үстінде көрінгеніне садақ оғы жалынсын...

— Тағы қандай ой бар? — Кенесары қолын сәл көтерді, — көсе ақылы жақсы ақыл, бірақ онымен Қарапұшық пен Қоңырқұлжаны жеңе алмайсың... Біз қоршағанмен, сырттан келер көмек бар, тұзақ құрып ұзақ күтер жай жоқ. Бекіністі алар болсақ, шапшаң, тез алуымыз керек. Ақмола маңында бір күннен артық аялдау күнә. Өзге бекіністерден жәрдем келулері сөзсіз.

— Бекініске түнде шапқан жөн бе деймін, — деді Бұқарбай батыр, — Тентек төре Сайрам мен Созақты алғанда қалың қолмен түнде кірген екен.

— Түн сөзсіз жау, екі жаққа бірдей, — деді Кенесары, — Созақ пен Сайрамда Тентек төренің бекініс қақпасын ашқан адамдары болды. Ал біздің кіміміз бар? Қарапұшақ пен Қоңырқұлжа тек өздерінің сенімді нөкерлері мен сыпайларын ғана қалдырып отыр. Қарасу бойындағы балықшы мұжықтарға біздің тимейтінімізді біліп, бекініс ішіндегі аздаған келімсек қатын-балаларды сонда жіберіпті деген сыбыс бар.

— Төре, — деді есік жақта отырған өзгелерден анағұрлым шоқтығы биік, еңгезердей Басықара батыр, — алдымен құдай, содан кейін өзің деп соңыңнан еріп едік, ақылын өзің тап. Салған жеріңнен алып түспесек айып бізде, сала алмасаң кінә сенде! Сыбырлағанды құдай естімей ме дегендей, Ақмола алынбайтын күйде болса, оны ашып айт!

Кенесары сәл кідіріп отырды да, алдына ақ дастарқан жайғызып, үстіне уыстап тәспінің қара, ақ бұршақтарын төгіп салып, Ақмола бекінісін қалай алу керек екенін тәптіштеп айта бастады. Кенесарының айтып отырған әдісі отырғандарға бірден ұнады. Бекіністі алатындарына енді алдын ала көздері жеткендей, иықтары көтеріліп, жүздеріне жігер енді.

— Мақұл десеңдер осы тәсілдерге тоқтайық, — деді Кенесары жайбарақат пішінмен сөзін аяқтап.

— Тоқтадық, — деді үйде отырғандар бір дауыспен, — еншалла, жолымыз болар.

— Іске сәт!

— Олай болса... — Кенесары сәл кідірді де тағы да Сидақ қожаға қарады. — Жаз. Бұл біздің екінші жарлығымыз болсын. Ертеңнен бастап мың басылар, жүз басылар әлгі айтқандарды бұлжытпай орындау үшін әскер ойынына кіріссін. Бір жетіден кейін аттанамыз.

— Мақұл.


«Дана шешім, деді Ақмола бекінісін қалай алмақ болғанын айтқан Кенесарының ойларына таң қалған Жүсіп, әліпті таяқ деп білмейтін қазақ... Қандай ақылды айла тауып отыр. Заты сұлтан болса да, халық өзінің көсемін дұрыс тапқан екен».

Үйдегілер енді тарай бастаған кезде, кенет сырттан шу естілді. Батырмұрат пен Николай беліндегі тапаншаларын суырып алып үйден ата жөнелді. Аздан кейін Батырмұрат қайта кірді.

— Арыстан ақын ұсталған екен. Қараүлек пен жаңа келген қашқын жігіт әкеп тұр. Қатын-қалаш өшімізді өзіміз аламыз деп тап-тап береді. Шу соныкі екен.

— Алып келіңдер! — деді Кенесары қысқа бұйырып.

Арыстан деген Атығай руынан шыққан кедей ақын. Бір кезде Саржанның жасағына да ерген. Тілге шешен, сөзге бай, әсіресе қазақтың қисса, дастандарын жақсы білетін, түні бойы жыр айтуға болдырмайтын қарадан шыққан дарын. Кенесарыға жоқ жерден өкпелеп, аға сұлтан Қоңырқұлжа жағына шығып кеткен. Соңғы кездері қазақ ауылын шабатын патша жасақтары мен қазақ жерін картаға түсіретін орыс саяхатшыларына жол көрсетіп әбден байып алған. Өз арасынан шыққан опасызды өте жек көретін жұрт, Арыстанға әбден тісін қайрауда еді. Шабылған ауылдардың обалы да, жылаған кемпір-шалдың, қатын-баланың көз жасы да осының мойнында деп ойлайтын. Адамы оққа ұшқан кейбір ер жүректі жігіттер Арыстаннан кек алатын күн болар ма екен деп кіжінетін. Бірақ үнемі патша жасағымен бірге жүретін Арыстан олардың қолына түсе қоймайтын. Ал расында Арыстанда жер көрсетуден басқа еш жазық жоқ еді. Ол бірде-бір адамның қанына ортақ емес-ті. Сондықтан өзін бәлендей айыпты санамайтын. «Біреу малымен, біреу жеріменен күн көреді. Ал менің күн көрер нем бар? Жалғыз атты кедеймін. Мейлі, жұрт қалай ойласа олай ойласын, есек құйрығын жусаң да мал тап дегендей, земтемірлерге жол көрсетіп күнімді көрсем оның несі айып. Мен істемесем мұны басқа біреу істейді» деп ойлайтын ол. Арыстанның мұндай жолға түсуіне өзі кінәлі болса да, Кенесары оны сатылған санап, егер қолыма түссе басын алармын, өзгелерге үлгі болсын деп әлдеқашан шешкен.

Үсті-басы қан-қан болған шоқша сақалды тұрымтайдай кішкентай қара кісіні екі адам екі жағынан қолтықтап үйге алып кірді. Оң жағында Қараүлек — Кенесарының бас жендеті. Бұл әр саусағы жаңа туған баланың білегіндей, сала құлаш кеудесінің жүні көдедей, салпы ерін, кірпік қақпайтын мысық көз, аяушылық дегенді білмейтін қатыгез, алпамсадай қара кісі. Ұрлық істеп қолға түсіп, Созақтың бір байы дарға аспақ болып жатқан жерінен Кенесары сатып алған. Құнына бір қарақшыдан тартып алған жетектеп келе жатқан қара үлегін берген. Мылқау ұры аты-жөнін айта алмаған соң, жұрт оны өзінің құнына берілген түйенің атымен байланыстырып Қараүлек деп атап кеткен. Үлек десе үлектей. Шуда көкіректі, түйе тірсек бір алып. Атына денесі сай. Оның үстіне өзін ажалдан аман алып қалған Кенесарыға жан-тәнімен берілген. Иесі шаш ал десе, бас алады. Айтқанын екі етпейді және сұлтанның әмірі дұрыс па, бұрыс па ол жағында шаруасы жоқ, «қожам айтты мен дайын» бір ноқай. Кенесарының ымынан ойын түсінеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет