Ай сәулесі жүдеп, қырқа үсті ақ шолаң тарта құлан иекте



бет3/16
Дата23.08.2017
өлшемі3,86 Mb.
#24842
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

— Бізге қарсы Орынбордан солдат шықты деген сыбыс бар. Серғазы төбеттің аулына астыртын барып қайт, анығын біл. Және біздің губернаторға жазған хатымыздан не дерек бар екен, соны да сұрастыра кел, — деді.

Жұрт кетіп, Байтабын екеуі оңаша қалғанда:

— Қарашығым, бақыт деген бір қоңыр қаз, ер жігіт оған тұзақ сала ма, тор құра ма, ұстай білуі керек, — деп күрсінген. — Сен қос қылаңды ал да, Сер-

ғазының аулына жет. Ақбөкен көнсе алып қаш, көнбейтін түрі болса... Серғазы сұмырай қашан ұзатып алмақшы екен, соны біл, сегіз жүз жылқымды құрбан етсем де, ауылын шауып, құдай қосқан қалыңдығыңды тал түсте тартып әперем.

Қос қылаңы — Жоламанның ұшқан құспен жарысар бедеулері еді. Байтабын жұрт көзіне түспес үшін, қасына жігіт ертпей, сол түнде-ақ жүріп кеткен. Серғазы аулына жақындағанда, ханның бүгін-ертең Ақбөкенді алмақ болып жатқанын естіді. Оның үстіне Жоламан аулын шабуға осыдан үш күн бұрын екі жасақ шыққанын білді. Бұл жақта енді аялдаса аулының қан болатынын түсінді. Ақбөкен арманы қаншама жанын жегенмен, ел-жұртын апатқа қимады. Қос қылаңды кезектете ауыстырып мініп, кейін шапты. Біреуін зорықтырып жолға тастап, екіншісімен жеткен еді.

— Қалай жолыға алмадың? — деді Жоламан жиенін жұбатайын деген ойменен.

— Көке, ел қырғынға ұшырағалы тұрғанда, — деді Байтабын жүдей, — өз кеудеме қадалған шөңгені ойлағым келмеді.

— Айналайын құлыным, ел қамын ойлар азаматтың сөзін айтып тұрсың. Алайда өзіңе бекем бол, жазылмайтын жара жоқ...

— Жоқ, көке, бұл жара жазылмайды.

— Жазылмайды, дейсің бе? Түсінбей келдім бе, жараң тым ауыр екен. Жарайды, осы айқастан сау шықсақ, турармыз Серғазының түндігін!..

Жетіқарақшы шөміштене, жұрт қорғаны ақсақалдар да жиналды. Бәрі дөң басында дөңгелене отырып кеңеске кірісті. Жоламан бар жайды айтып беріп, ақыл сұрады. Бие сауымындай кеңесіп үлкендер қауымының шешкені мынау болды: Табын көшіне енді бұл арада қалуға болмайды, бала-шағаны қырып алмас үшін, тоқ етер шешімге келгенше қалың ел осыдан күншілік жердегі Мұғажар тауының батыс саласындағы ну жыңғылға көшіп, әзірге бой тасалай тұрғаны жөн. Қазір найза ұстаған мың сарбаз бар. Бес жүзін саралап алып жауды осы арада қарсы алу керек. Ал қалған бес жүзі — заман қандай, заң қандай, — жау жасағы торып алдарынан шығар болса, төтеп беру үшін көшпен бірге аттануға тиіс. Жоламан ойынша солдаттар осы араға таң ата жетуге тиісті. Мүмкін ат ауыстырып отырса түнделетіп те келіп қалулары ғажап емес. Сондықтан көш қозғалысымен жауды жаңылдыру үшін, он шақты жігіт әр жерге көптеген от жағып. ауыл әзір қозғала қоймағанын аңғартар жалған көрініс жасауға осы арада қалғаны дұрыс...

Осындай шешімге келген ақсақалдар өздерінің көштеріне қарай беттеді.

Жоламан мен Байтабын жігіттерін бөлуге кірісті. Найза ұстаған, білте мылтық асынған сарбаздар алдарынан сап-сап болып өтіп жатты. Кейбіреулерінің арқаларына таңған қалқандарының дөңгелек күміс шұғымдары ай сәулесімен ойнап жалт-жұлт етеді. Жоламан оң қолын көтерген сап көшке бұрылып, сол қолын көтергені осы төбенің етегінде қалып жатыр.

Бие сауымы өтпей, қалатын жауынгерлер таңдалып алынып, көштің алды қозғала бастады. Үрейлі атүсті өмірге дағдыланған жұрт, үн-түнсіз шұбырып кете барды. Түйенің боздағаны, анда-санда ұйқысынан шошып оянған балалардың жылағаны, жылқының ауық-ауық пысқырғаны, оқыранғаны естілді...

Көш айлы түнде сырғып, бұлдыр белестен өтіп жоқ болып кетсе де, ауыл әлі де осы арада тәрізді. Дәйекші жігіттер жаққан оттар жыпыр-жыпыр етеді. Қалың ауыл осы араға жаңа келіп қонып ас-суын дайындап жатқанға ұқсайды.

Жоламан қалған жауынгерін екіге бөліп, бірін тапал қарағаш тоғайлы ойпаттау келген сай бойына орналастырды. Екінші бөлегін қырқа тасасына қарай әкетпек болып тұрғанында кенет белесті өрлей шапқан ат дүбірлері естілді. Сарбаздар елегізе қалды. Тынық түнде шыққан дыбыс қандай үрейлі! әсіресе дәл қазіргідей жау күткен шақта.

Көп кешікпей күнгей жақтағы белесті бауырлай ай астынан бір топ салт атты көрінді. Найза, сойылдарын көлденең ұстаған. Бұл Табын руының салты. Өздерінің арғы бетке қойған ертәуіл жігіттері екен. Олар орталарындағы біреулерді қоршай шауып келеді. Әне-міне дегенше түнгі даланы қақ жарып батырлар тұрған төбеге жетіп қалды. Иә, бұлардың қоршап келе жатқандары үш салт атты. Түрлері де анық көріне бастады. Біреуі қыз тәрізді. Ал қалған екеуінің киімдері тіпті өзгеше. Жайық қазақтарының киіміне ұқсамайды. Аласа төбелі екі елідей-ақ тері ұстаған бөрік, үстерінде мұжықтардың киетіндері тәрізді тоқыма қара шекпен. Аяқтарында мәсі ме, әлде жіңішке қоныш етік пе, айырып болмайды. Кім болса да жат адамдар, үшеуінің де қару-жарағы жоқ. Аттары да әбден болдырған. Тек жан-жағындағы жігіттердің сүйемелдеуінің ар-қасында ғана келе жатқан тәрізді. Шапты деген құр атағы. Төбе етегіне жетер-жетпестен, дәл бір салы суға кеткен адамдардай, бастарын жерге салбыратып, төрт тағандап тұра қалды. Гүрс етіп құлап түсуі де ғажап емес.

Ертәуілдер бастығы алып келгендерінің кім екенін түсіндіргенше Байтабын;

— Япырмау, мынау Ақбөкен емес пе, — деп дауыстап жіберді.

Қыз да таныды.

— Байтабынсың ба? — Ол енді өзгелерге иіле сәлем берді. — Армысыздар ағалар?

Жоламан жауап қайтарды.

— Барсың ба, қарағым.

Расында да бұл Ақбөкен еді. Ақбөкен десе ақбөкендей әдемі екен! Ат жақтылау келген ақшыл жүзінде ай сәулесі ойнап, тостағандай мөлдіреген бота көздері түпсіз тұңғиық қара судай тұна қалған. Көтеріңкі қос алмалы кеудесі сұңғақ келген, аппақ жұмыр мойнымен тұтаса көз тартады. Ақ маңдайына үкілі кәмшат бөркі, қыпша беліне мықынын оя тіккен қызыл барқыт оқалы пешпенті жарасып-ақ тұр. Әсіресе көзге түсері, белдігіне байлаған жібек жібі шешіліп кетіп, арқасынан төмен қарай жерге төгілген қою қара шашы. Мұндай да ұзын шаш болады екен-ау! Тоқпақтай болып өріліп, үзеңгіден төмен ат тірсегіне дейін төңкеріле түсіп тұр.

— Қарағым, жол болсын, — деді Жоламан.

— Қол бастаған кемеңгер аға, — деді Ақбөкен тағы да басын иіп, — біз бір қара құзғыннан шошып ұясын тастап ұшқан әлсіз көгершін...

— Жігіттер, аруды аттан түсіріңдер! — деп Жоламан әмір берді.

Байтабын өзі барып, қазақтың көне салты ғұрпымен Ақбөкенді ат үстінен жас баладай етіп бір қолымен мықынынан ұстап, бір қолымен шалбарлы қара санына тигізер-тигізбес етіп көтеріп лып еткізіп жерге қойды.

Ақбөкеннің шашының кереметтігін жұрт енді көрді. Нағыз қара толқын тәрізді төгіліп жерге тиіп жатыр. Қыз шашын бір қолымен ортан белінен ұстап, аш беліне орай салды. Ол енді әдепті үнмен Жоламанға бастан кешкен хикаясын айта бастады.

Жанындағы серіктері патша қысымдарынан қашқан әшірап, Дәулетші деген башқұрт жігіттері екен. Серғазының төлеңгіт аулында бас паналап жүреді. Осыдан үш күн бұрын Серғазы күйеу жігіт ретінде ұрын келеді. Ханның нөкерлері ауылда тығылып жүрген әшірап пен Дәулетшіні ұстап алып, таңертең Орынборға қарауылмен жүргізбек боп, Жантемірдің үйінің жанындағы арбаға қыл шылбырмен байлап қояды. Бір-екі айдан бері бауырларындай болып кеткен қашқын жастарды ауылдың қыз, бозбаласы жаман аяйды. Бірақ қолдарынан ештеңе келмейді.

Түн ортасы ауған кезде қыздың жеңгелері Серғазыны Ақбөкеннің отауына алып келеді. Қазақ дәстүрін мүлтіксіз орындап, «күйеу балаға» қалыңдығының қолын ұстатып, аларын алып кетіп қалады. Ауру тазыдай имиген, қансыз-сөлсіз қатып қалған рабайсыз Серғазыдан қалай құтыларын білмей аласұрып отырған Ақбөкенге, төсекке жатар алдында:

— Қаным кеуіп барады, бір жұтым саумалың бар ма, бойжеткен, — деп Серғазы әзілдеген болады.

Ақбөкен түрегеліп барып, көрші үйден сырлы аяққа құйып қымыз әкеледі. Келе жатып, әнеукүні тісі ауырғанда басқан күшәланың бір бөлегі қалтасында екені есіне түседі. Ойланбастан сол күшәланы алады да тостағанның ішіне тастай салады. Бүкіл халыққа бүйідей тиетін, қатыгез Серғазыны ашу үстінде «өлмесе өлем қапсын» дейді.

әбден сусаған Серғазы қалыңдығының өзі оң қолымен берген қымызды жұта береді. Сырлы аяқты босатып үф деп демін алып, екінші бір сырлы тостағанды сындырмақ ойымен киімін шешпек болады. Бірақ қымызға еріген күшәла басын айналдырып құстыра бастады. Қалыңдығына барған ханзаданың қызығын көруге ешкімге рұқсат етілмеген, нөкерлері бірен-саран желіккен бала-шағаны отау маңынан бағана қуып жіберген. Өздері де әрірек барып тұрған. Нөкерлер де тірі адам ғой, алпысқа таяп қалған қарт он алты жасар қызбен, өрге қарай тас көтерген кісідей әуре боп жатқанда бұлар қалай шыдасын, күзетке саңырау, дүлей біреуін тастап, өзгесі өз қамын ойлап төлеңгіттердің алтыбақаннан қайтқан қыз-келіншектерін аңдып кетіп қалған.

Серғазының халінің қиындағанын көріп, Ақбөкен әшірап пен Дәулетшіні күзетіп отырған екі нөкерге хабар берген. Сөйтіп Серғазы үй ішінде домалап, ал әлгі нөкерлер не істерін білмей әбігер болып жатқанда, Ақбөкен арбаға байланған арқанды пышақпен кесіп екі қашқынды босатып алып сайға түсіп кеткен. Сайда қыз аңдып жоғалған нөкерлердің жайылып жүрген ерттеулі үш атын үшеуі мініп алып, қараңғы түнді пайдаланып Жоламан көшінің соңынан зытып отырады. Ақбөкен Табын руының қалай қарай көшкенін бұрын естіген. Бала жастан үйренген даласы емес пе, дұрыс тауыпты.

— әттең не керек, күшәла аз болған секілді, — деді Ақбөкен сөзін аяқтап, — мен шығып бара жатқанда Серғазы көзін ашты...

Жоламан ақырын басын шайқады.

— Серғазы өшін әке-шешеңнен алады деп ойламадың ба?

— Олардың қандай айыбы бар?

«Иә, олардың қандай айыбы бар? Бірақ бұл заман айыпсыз жанның айыпты болатын заманы емес пе? әйтпесе соңымыздан қол шығарар біздің қандай айыбымыз бар? Жерімізге, елімізге тиме дегеніміз бе?» Жоламан ауыр күрсінді. Енді ол қатар тұрған дембелше, мығым башқұрт жігіттеріне бұрылды.

— Сендер енді қайда бармақсыңдар? — деді.

— Егер алсаңыз, сіздің сарбаздарыңыздың қатарында қалғымыз келеді, — деді қазақ тілін әбден біліп алған ақ сары әшірап.

Жоламан екі жігіттің бетіне сынай қарады.

— Қолдарыңнан не келеді?

— Құрыш табылса зеңбірек құя аламыз, — деді бағанадан бері үндемей тұрған қалың қабақты қара торы Дәулетші, — кенді топырақтан қорғасын қорытып оқ та жасай аламыз.

— Рас айтасыңдар ма?

— Рас болғанда қандай! Бұрын екеуміз де Оралдағы Димитриевтің қару-жарақ заводында жұмыс істегенбіз.

— Жақсы, — деді Жоламан ойын ашып айтпай, — әзірге біздің көшпен бірге болыңдар. Өзге жағдайды соңынан сөйлесерміз — бір жігітке бұрылып — жігіттер, ана тұсаулы аттарды алып, мыналарды біздің ауылдың көшіне жеткізіп сал, — деді. Енді ол Ақбөкенге көз тастады, — қарағым, сен де әзірге біздің үйде бола тұр.

— Мақұл, аға.

Байтабын сәл қозғалып:

— Көке, бұл кісілерді мен апарып келейін, — деді.

— Болады. Бірақ тез орал.

— Құп.


Байтабын қайтып келгеннен кейін Жоламан сарбаздарының қалғанын ертіп, алдыңғы жақтарында сұлай созылған белестің үстіне шығып бекінді. Арт жақтарында әр жерде жылтылдаған от көрінеді, қалың ауыл қонып жатқан тәрізді. Ай сәулесі жүдей, күншығыстан таң білініп келе жатқандай...

Жоламан сарбаздарын әбден жайғастырып болды. Күнгейден Терістікке қарай созылған қатпар тасты, ойлы-қырлы қырқада екі жүздей сарбазы орналасқан. Жігіттердің бәрі жерде жатыр, аттары қырқа тасасында... Бұл қырқадан күншығысқа қарай кең құшақты сай кетеді. Жазғытұрым оны қуалай шалшымақ су ағады. Түбі құмайт, уақ тас, жағасы сирек ши. Осы сай күншығыстағы бір шақырымдай жердегі тарам-тарам жылғалы, қараған, жыңғыл қалың біткен, ойдым-ойдым талды ойпатқа барып тіреледі. Онда Жоламанның екі жүз жауынгері тұр... Жоламанның ойы: ең алдымен қоржынды Қара Бура, ақкөз ЖәбірЎйіл, Маңқа әлексалдыға қарсы үш жүз сарбазымен айқаспақ (оның жүзі ортадағы сай бойында), содан кейін екі жақ әбден қалжырады-ау деген кезінде артында тығылулы ұшқыр атты екі жүз жігітін жауып жібермек! Алдыңғы шепті өзі, артқы шепті Байтабын басқармақ. Өз тобының сарбаздары дені садақпен, біразы хиуа мылтықпен қаруланған. Байтабын тобы кілең сойыл, найза, шоқпармен сайланған. Бұл топ жауға атой беріп, қоян-қолтық шабуылға арналған. Екі топ бағанағы Қанат, Қайрат деген егіз жігіттер арқылы байланыс жасап тұрмақ...

— Сұңқарларым, — деді Жоламан бір тізерлеп отырып, — іштегі болмашы жара дертке айналған заман болды ғой. Қара бастың қамын жесек, дәулетім де, шен-шекпенім де бар, бір бүйірге жантая кетер едім. Өйткенде жерінен, елдік деген атынан айрылғалы тұрған қыруар Табынның қамын кім жейді? Сол Табын деп атқа қондық, сол Табын деп жан қиярмыз. Кеше Хиуа ханына сатылып хан деген атаққа ие болып, бүгін таулы жердің қу түлкісіндей ақ патшаға құйрығын жылмаңдатып астына кіріп отырған Серғазы иттің жігіттері мен Эссен жанаралдың солдаттарына кездескелі тұрмыз. Дауды ақыл жеңеді, жауды батыл жеңеді.

— Сөз бар ма! — деп жігіттер қозғалып қойды.

— Мылтық даусы зор болса да бір-ақ адамға тиеді. Бұл зеңбірек емес. Ал келе жатқан қолдың зеңбірегі жоқ көрінеді.

— Онысы дұрыс болған екен.

— Карабін мен іштесердің оқталуының өзі бір қауым уақыт. Ал садақ дегеніңіз...

— Уа, бұл шіркіннің несін айтасың! Тек тарта біл.

— Екі туып бір қалмақ жоқ, мылтықтың даусынан құттарың қашпасын, жауға садақпен қан жұтқызып алайық та, содан кейін найза, сойылға жол берейік. Өздерің көріп тұрсыңдар, олар тек бізге жазық жермен ғана келе алады. Ең мықтағанда ши түптерін қалқан етеді. Садақ оғы әбден мазасын алған кезде, мен ақ орамалымды найза басына көтерермін. Сонда бәрің бірдей атқа қоныңдар.

— Құп, батыр.

— Ал енді орындарыңа барыңдар. Анау ақ тастан бастап, мына шоқ тобыл-

ғыға дейін біріңнен бірің алыстамай қатарласа жатыңдар. Тәңірі жар болсын!

— Айтқаныңыз келсін!.. Олар да біз секілді анадан туған, болар. Көрерміз!

— Уа, алла, ақсарбас жолыңа!

Жігіттер орындарына жете бергенде, Жоламанның құлағы тағы бір дүбірді шалып қалды. Ынтыға тыңдап еді, ат дүбірі алыстап бара жатқан секілді. Және екі жақтан шыққан тәрізді ме, қалай. Бірі алдыңғы тұсынан, ал екіншісі солтүстіктен...

Расында да Жоламан қателескен жоқ-тын. Бағана көш көзден жоғалған кезде, Карпов пен Серғазы жасақтарының ертәуілдері де жеткен. Олар ойпатта жылтыраған көп отты көрді. Көш осы жерде екен, енді бізден құтылмайды, жарық түсе тиісеміз деп құр алыстан бақылаумен болды. Жасақтарына да осылай хабар берді. Шұғыл жүріспен әбден қалжырап келгендіктен жау таң ат-

қанша ылдидағы бұлақ жағасында аттарын шалдырып, бір мезет көз шырымын алдырып алған соң, тыныш жатқан ауылды таң сәріден баспақ болды.

Жол соғып әбден қалжыраған ертәуілдері де кезектесе тыныға бастады. Енді біраздан соң құланиектене таң сыз берді. Олар сонда ғана барып өздерінің алданғандарын білді. Сарбаздар бұлар жатқан жерден бұрыстау орналасқандықтан, қара-күңгірт таңда қырқаның бергі қойнауындағы тұсалған аттарды көрмеген еді.

Жоламан жаңағы дүбір жау барлаушыларының дүбірі екенін айтпай түсінді. Ол енді қанын ішіне тартып қатты да қалды. Таң әбден атты. Күн де шығуға жақын екенін сезіп, бозаңда бір топ қара торғай әнге сала жөнелді. Оған шөп арасында жүгірген бытпылдықтың да бырылдай шыққан үні қосылды. Ақселеу-

лене көгеріп келе жатқан аспанда жем іздеп қалықтаған бірен-саран қара лашын, ақ тұйғын да көрінді. Шығып келе жатқан күнді құттықтап құстар ән салып, оған шегірткелердің шырылдағаны дем беріп, жер-жиһан біртүрлі ғажайып шаттық үніне бөленді... Бұл шаттық қазіргі қан төгілгелі тұрған айқастан мүлде қаннен-қаперсіз, бар әлемді тек қана тыныштық, бейбітшілік қуанышы әлди-

леген!

Аздан кейін қызғылт жалқынын көкке атып күн де шықты. Дәл осы мезетте Жоламанның қырағы көзі төменгі жақтан топтанған салт аттыны шалды. Сірә көштен айырылып қалдық, тез қуып жетейік деген ынта да болуы керек, олар үш бөлек боп жедел жүріп келеді. Алдарында сарт етіп қапқалы тұрған қақпан бар екенін сезбеген тәрізді. Жоламанның да күткені осы еді.



— Жігіттер, садақтарыңды дайындаңдар, — деді Жоламан, — тек таямай атпаңдар!

Сыпайлардың жемге байланған аттары оңалып қалған тәрізді, ауыздықтарын керіп, бастарын шұлғып тастап, алға қарай тарп-тарп ұмтылады. Көтеріле түскен күн сәулесімен шағылысып сары ала қылыш, көк темір мылтық ұштары оқтын-оқтын жарқ ете түседі. Бұл Карпов жасағы болып шықты. Шолақ құйрық күрең айғыр мінген хорунжий алдында келе жатыр. Ат үстінде қопақ-қопақ етеді, шынында да ашулы қара бура тәрізді.

— Қара Бурадан өзгесін көздеңдер, — деді Жоламан. — Ол менікі!

Долы, бір сөзге келмей тарпа бас салатын Карповке Жоламан аса кекті. Былтырғы бір ұрыста ол жалаң қылышпен ұрып, оң қолын жаралап кеткен. Жазылғаны да жаңада. Сондағы өшін қазір алмақ.

әскер садақ оғы жететін жерге келіп қалды. Жоламан білтелі мылтық пен семсер жұмсауға үйренбеген. Ұрыс қаруының ішіндегі ең қолайлы көретіні шоқпар, сойыл. Найзаны да сирек қолданатын. Ал садақ тарту қазақ батырларының үйреншікті өнері. Жоламан да садақты жақсы тартады. Ол енді өзінің жас қайыңның бүртікті ағашынан иіліп жасалған, адырнасы тоғыз қабат түйе таспадан өрілген, «Қайың ажал» дейтін садағын қолына алды. Ұшы оқ жыланның уымен суарылған, біз тұмсық «Тау тесер» сегіз қарыс ақ жебесін салып, сол қолымен садақ ағашының жебемен түйіскен жерінен айқара ұстап, адырнаны тарта бастады.

Көздеген жері Қара Бураның өкпе тұсы. Жау жасағы үзеңгілерін сартылдата тебініп, аттарын ауыздығымен алыстыра келіп қалды.

— Атыңдар! — деп бұйрық берді де, Жоламан садағын шірене тартып жіберді. Бірақ сәл кешіккен екен, жебе ентелей ұмтылып келе жатқан шолақ құйрық тор атымен Қара Бураның алдын көлегейлей берген жай сыпайлардың бірін жер қаптырды.

— әттеген-ай! — деді ызаланған Жоламан тепсініп қалып.

Дәл осы сәтте жау жасағына садақ оғы қардай жауды. Тура тартылған жебе кеудесіне кірш еткен кейбіреулері аттың жалын құшты, енді біреулері әр жерден жеңіл жараланған сияқты. Бірен-саран білте мылтықтың да шаңқ-шұңқ еткен даусы шықты, ана бір құлаған солдат қорғасын пытырадан мерт болғандай, бозаң шөптің үстінде аунап-аунап түсті...

Ойда жоқта жасалған шабуыл әрқашан да қауіпті. Әп-сәтте Карпов жасағының быт-шыты шықты. Бірақ соғысқа үйренген тәртіпті солдаттар Қара Бураның әмірін тез орындап, он шақты өлігін далада қалдырып, кейін шегінді де, садақ оғы жетпейтін жерге келіп аттарынан түсті. Енді олар қалың шиді қорғалай, қатар түзеп, мылтықтарын бытырлата атып, жер бауырлай жылжып, алға ұмтылды.

Екі жақтан оқ қардай борады. Мылтықтың күшейе түскен гүрсілі жер жарып, сарбаздардың құтын қашырып барады. Жоламан қатарынан талай қыршын жас оққа ұшты. Бірақ ер жүректі жігіттер әрі-беріден соң мылтық дауыстарына да құлақтары үйреніп, табан тіресіп атыса берді. Аңдысып атқан садақ пен мылтық қоя ма, екі жақтан да адам шығыны көбейе түсті. Осындай қызу ұрыстың үстінде кенет Жоламанның оң қол жағынан;

— Ойбай, келіп қалды! — деген қатты дауыс шықты. Батыр жалт қарағанында қия тасты өрмелей, оқ жетер жерге жетіп қалған топ әскерді көрді. Бірден білді, бұл Серғазы адамдарының жасағы. Ішінде солдаттары да бар, ана бір қақырайған қалпақты ақ көз Жәбірәйіл, ана бір жатаған сарысы маңқа әлексалды. Жоламан бірден таныды, бәрі өзіне таныс сұмырайлар.

Қара Бурамен атысып жатып, бүйірден келген жасақты аңғармай қалған Жоламан енді тез қимылдады. «Келіп қалды!» деген сөзді естіп дір ете қалған жасағына «Тез атқа қоныңдар!» деп, ақ жалау байланған сойылды басынан асыра әлсін-әлсін былғады. Бұл Байтабынға берген әмірі еді. Сөйткенше болған жоқ, жыралы ойпаттан екі жүз әскер жүйріктерін ойната шығып «Табын! Табын!», «Тіленші! Тіленші!» деп ұрандай ат қойды.

Бұл кезде Серғазы жігіттері де бекінісіп үлгерген-ді. Ойпатта қаптап келе жатқан сарбаздарға мылтық пен садақ аралас оқ жаудырды. Хорунжий Карповтың әскері шилерді тасалап қырқа басына таяй түсті. Бірақ Жоламан тобы көп шығынға ұшырамай аттарына қонып алды. Енді бұлар Байтабын жасағына қосылды. Қырқа төбенің басына бекініп алған Серғазы жігіттері мен Карпов солдаттары шыдатар емес, амал жоқ Жоламан бытырай ат қойған сарбаздарын жинап, сап түзеп шабуылға шығу үшін кейін шегінуге әмір берді. Лапылдап шауып келе жатқан жігіттер көзді ашып-жұмғанша аттарын бұрып алып жыралы ойпатқа кіріп жоқ болды.

Сарбаздарын сапқа тұрғызып, Жоламан тобы бірнеше рет жауға қарсы майданға шықты. Бірақ сәл тыныстың арасында мылтықтарын қайта оқтауға мүмкіндік алған жау жағы, қырқа төбелердің басында отырып алып, беттеттірмейді. Сойыл соғар жерге жете алмай Табын жігіттері әлсін-әлсін кейін шегінді. Әр шегіністе бес-алты адамы оққа ұшты.

Сойылшылардың ұрысқа деген әдеттенген тәсілі бар. Лап берген сойылшылар жұбын бұзбай жау шебіне тұтас кіріп, сойылдарын оңды-солды сілтеп, қарқындарын бәсеңдетпестен, сол шапқан қалпында қарсы шепті жайпап өтеді де, тоқтамастан орағыта шауып, жұбын жазбай тағы лап қояды. Мұндайда тасыған судай қалың қолға қандай жау болса да төтеп бере алмайтын. Соққан құйындай шауып өткен топқа қарсы келе алмай қалатын, ал жау кейін қарай орала шапқан жігіттерінің соңынан түре тиіскенше, Жоламан сарбаздарының алдыңғы тобын ұрысқа қайта салатын.

Көп мылтықты жау жағы, биігірек бекіністе отырып алып, сол жағдайға бір жеткізбеді. Бар қолдарынан келгендері, әлсін-әлсін шабуылдап, таяй түсіп садақ атып кейін шегіну болды. Мұнда да бірен-саран жау оққа ұшады, бірақ шабуылшы жақтың тастап кететіндері көбіректеу. Осындай бірнеше айқастан кейін, жау жағы өзінің күшінің басым екеніне көзі жетті ме, тегіс атқа қонды. Бірақ, орын тепкен адыр, төбелерін тастамай, бөлектене топталып, оқ жаудыра берді. Дәл осы сәтте Жоламанның есіне бағанағы Байтабын айтқан арбадағы оқ-дәрі түсті. Сірә ол қырқаның арғы бетінде болуы керек. Егер сол күбіні көкке ұшырса, оқ-дәрісіз қалған Қара Бура жасағының жеңілгені. Бетпе-бет сойылға түсуге солдаттарда қайрат жоғы өзіне мәлім.

— Байтабын, осы шабуылда бағанағы арбаның қайда екенін байқап қал, — деді Жоламан жиеніне тағы да жау шебіне ат қоярында.

Жоламан аналардың да атқа қонғанын көріп тұр, егер бұлар енді атой салса олардың да қарсы шабатынын біледі. Бұл ұрыс заңы. Осыны ескерген Жоламан қайтадан ұран тастап, сарбаздарын бастап лап қойды. Бұ жолғы ойы таяп келіп, садақ тартып кейін шегіну емес, қарсы топты бір жайпап өту. Лақылдап келе жатқан қалың сарбазға хорунжий Карповтың атты әскерлері де қылыштарын жалаңдатып қарсы шыға шапты. Бірақ Жоламанның әдісімен таныс Гаврилло мен Александр урядниктер өздерінің солдаттарын тырп еткізбей, ат үстінен оқ жаудырып орындарында тұра берді. Жоламан сарбаздары Карпов әскерлерін бір жайпап өтіп, қырқаны бауырлай орағыта кейін бұрылғанында, арбалы оқ-дәріні көремін деп өздері тұрған төбешікке шапқылай көтерілген Байтабынды қоршап қалды.

Осы сәтте қайтадан сап түземек боп кейін шегініп бара жатқан Жоламанның құлағына жау қоршауында қалған Байтабынның;

— Көке, көке! — деп айқайлаған даусы жетті.

Сарбаздарының көбі жыңғылды ойпатқа кіріп те үлгірген еді. Сап түзеп қайта шапқанша Байтабынның мерт болуы кәміл. Ал кейін шапса өзінің сау қайтары екіталай. Осы кезде Байтабынның;

— Қош, қош! — деген даусы тағы естілді.

Жоламан атының басын қалай кейін бұрып алғанын өзі де сезбей қалды. «Аруақ! Аруақ!», «Тіленші! Тіленші!» деп Байтабынның даусы шыққан жаққа астындағы қамыс құлақ, бота тірсек талай-талай топ жарған атақты күреңін құйындата ұмтылды. Батырдың ұранын естіген сарбаздары да аттарының басын бұрып алып «Жоламан! Жоламан!» деп кейін ұмтылды.

Құстай ұшып қырқаға шыққанда, ең алдымен көзіне түскені астындағы күрең бестісін бір орында шыр көбелек ойнатып, ұзын ырғақты қарағай шоқпарын жайпап сермеп тұрған тұла бойы тегіс қан Байтабын болды. Одан кейін Байтабынды тірідей қолға түсірмек боп жалғыз арланды қоршаған ұялы көкжалдардай жалаң қылыштарын ойнатып жиенінің жан-жағынан төніп келген көп солдатты көрді.

Жоқ жерден пайда болған батырдың түрінен шошып, абыржып қалған солдаттардың бір-екеуін сойылмен қағып түсіріп, Байтабынға «бас қамшыңды атыңа!» деп Жоламан топ жарып қырды бөктерлей өте берді. Байтабынның да бедеуі ала жөнелді. Қалған солдаттар мылтықтарын қайта оқтап атқанша бұлар сарбаздарын шұбырта жыңғыл арасына кіріп те үлгірді.

Таңертеңгі ұрыстан бері жасағы әжептәуір сиреп қалғанын Жоламан енді ғана анық аңғарды. Аттары да болдырғандай. Темірді темірге сала берсең, екеуінің де жүзі майыспай ма, сол тәрізді ажалға қарсы шабуылға шыға-шыға сарбаздардың да беттері қайтып қалғандай. Жауға енді салуға жасағының жарар емесін батыр анық түсінді. Бірақ сонда не істеуі керек? Жалғыз жол — кейін шегіну ме? Өйткен күнде қашқан жауға қатын да ер, қандай береке қалады?

Енді шабуылға қарсы жағы дайындала бастады. Өздерінің әлі де тың екенін демеу етсе керек. Сап түзеп, лек-легімен бері қарай қозғалды. Садақ оғы жетер жерге дейін ат қояр емес. Әзірге құр сұс көрсетіп, дабылын қағып ақырын сырғып келеді... Кезеген мылтық, жалаңаш қылыштың түсі қандай зәрлі, Жоламан тобындағы кейбіреулер сескенейін деді. Бірақ амал бар ма, «қоянды қамыс, ерді намыс өлтірген», бұлар қарсы шығуға мәжбүр болды.

Өштескен екі жақ енді бір-біріне қарсы тұрды. Жоламан іштей сезіп келеді, күш жүзден астам мылтығы бар жау жағында. Олар сойыл ұруға жеткізбей жігіттердің көбін жайратады. Әйтсе де мұндай ұрыста кім ажалдан қорықпаса сол жеңеді, әлі де болса сойыл соғар төрт жүзге таяу сарбазы бар, тағы да бір рет айқасып көрген жөн, тек белдесуге жағдай туса жарар еді.

Екі жақ садақ оғы жетер мөлшерге келген кезде кенет бір бүйірден ұрандаған дауыстар шықты.

— Қара Қыпшақ Қобыланды! Қобыланды!

— Дулат! Дулат!

Жоламан жалт қарап еді, оң жақ қапталдан жауына қарсы ағызып келе жатқан самсаған қолды көрді. Ең алдында есік пен төрдей ала аяқ күрең мінген батыр, үстіндегі сауыты күнмен шағылысады, одан кейін боз атты біреу. Ал-

ғашқысының қолында сойыл, екіншісінің қолында шоқпар. Боз аттағысы сонау тоғыз батпан шоқпарын таяқ сілтегендей үйірілтіп ойнап барады.

— Ау, мынау Қыпшақ батыры Иман ғой! — деді Жоламан, — астындағы ала аяғы соныкі тәрізді.

— Иә, аяқ алысы соған ұқсайды.

— Соңындағысы бағаналы Қараменді!

— Бұлар қайдан жүр бұ жақта?!

Өздеріне қарай шапқан төтен қалың қолдан сескеніп патша жасағы жалт бұрылды. Бұны көріп Жоламан тобы да лап қойды.

Қысқа айқаста жазым болғаны, жаралысы бар жүзге таяу солдатын шығын еткен патша әскері жүзге жетер-жетпес солдатпен әзер қашып құтылды.

Ұрыс біткеннен кейін сарбаздар қаза болған солдаттарды құмайт ернеудің борпылдақ топырағын опыра құлатып жардың етегіне көмді. Өздерінің жүруге жарамайтын жаралы серіктері мен қаза болған жолдастарының сүйектерін төрт сойылды белбеулерімен торлап, жайма жасап жатқызып, кеткен көштің соңынан ала жүрді. Ұзын бойлы, қапсағай денелі, елуден асып кеткен Қыпшақ батыры Дулат ұлы Иманнан Жоламан өткен жылы ақ патшаға қарсы Ор мен Ұлытау ортасындағы Арғын, Қыпшақ, Найман, Керей, Алшын руларының көп аулының ереуіл көтергенін естіді. Ал биыл Торғай бойына көп әскер шығып, Иманның уақытша Мұғажар тауының ішіне сарбаздарымен тығыла тұруға мәжбүр болғанын білді.

— Қазір Арқаның көп жерінде ақ патшаға қарсы ереуілдер жиіленді, — деді Иман әңгімесін тұжыра, — жақында жеріме бекініс салдың деп Баянауылдағы Азнабайдың Тайжан, Сейтен атты балалары көтерілді. Әттең не керек, қос арлан мезгілсіз қолға түсті...

Ал қастарындағы балуан денелі, сом білекті, қара торы, қалың мұртты Құдайменді батырдың бұл жақта қайдан жүргенін Жоламан сұрағанда, Иман:

— Бағаналыдағы Жырықтың шонжары Сандыбайдың Ердені қалыңдығын тоқалдыққа тартып алып, аулына Қара Кеңгір мен Сары Кеңгірден қоныс бермей, Сарысу жаққа қуған соң, бізге келіп қосылды, — деді.

Содан кейін Иман өздерінің Мұғажар тауында арқар атып күн көріп жүріп Табын руына солдат шығыпты деген лақапты естіп, бір кемеге мінгеннің тағдыры бір дегендей, бәрінің арманы бір жерден түйіскен соң, ағайын басына күн туған шақта көмек беруге келгендерін айтты.

— Бүгінгі жақсылықтарыңды өмір-бақи ұмытпаспын, — деді Жоламан қалың қабағын дүр көтеріп. — Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді, деген осы. Үш батыр тізе қосып едік, көк темірге оранған жау шегінді.

Бүкіл Табын қан жылап, қара жамылып боздақтарын қойып, жетісін бергеннен кейін үш батыр қайта кеңесті. Енді ру-ру болып ақ патшаға қарсы шыққанмен мұраттарына жете алмайтындарын әңгіме етті. Елдігімізді сақтау үшін бүкіл қазақ бас қосып, бір туды көтеру ақ патшаға берілген сұлтандармен шайқасып келген Қасым төре балаларынан шығу керек деген тоқтамға келді. Осы тілекті білдіру үшін сонау Сыр бойындағы Қасым төре аулына әзірге соқа бас, содыр таяқ Құдайменді батырдың сапар шегуін жөн тапты.

Осылай уәделескен Иман батыр Қыпшақ руының басын қосып ақ патшаға қарсы дайындау үшін, Мұғажар тауында бас сауғалап жүрмей, енді сарбаздарымен өз еліне қайтпақ болды.

әзірге жау бетін тойтарған Табын руы биылдыққа осы Елек бойының жо-

ғарғы жағын қыстап шықсын делінді. Егер тағы да солдат шығып, күресуге дәрмені жетпейтіндей халге ұшыраса, Торғай, Ырғыз өзендерінің күншығыс өңіріне Қыпшақ жеріне көшетін боп уәделесті.

Иман батыр Қыпшақ жеріне қарай Табын қозғалса, құшақ жайып қарсы алатынын айтты.

Үш батыр осылай серттесіп айырылды. Бірақ әр руы өзіне бір тайпы ел саналған, жерге төгілген бидайдай шашыраған қалың қазақ, бір тудың астына жинала ма, жиналмай ма бұған үшеуі де күпті еді.

ІІІ

Шым дуалды, күйген кірпіш мешітті, қалың жеміс ағашына бөленген Ташкент шаһары бүгінде әдеттегідей ыстық. Ақырған есек, шиқылдаған шаңырақтай қос дөңгелекті арба, шаң-шаң көшелерді қуалай аққан лай сулы арықтар да күндегідей. Науан базары да ежелгі қалпында. Қатар-қатар тізілген күрке тәрізді кішкентай дүкендердің алдына жайып қойған қызыл-жасылды жібектен, көк ала, сары ала, төгілдіре сан түрлі гүлмен, өрнекпен әшекейленген матадан көз тұнады. Тау-тау болып үйілген, сатуға арналған өрік, мейіз, хиуа мәуесі, ферғана алмасы, қытай жаңғағы... Ерте піскен әңгелек, қара көк күләбі, сары ала бұқар қауындарынан аяқ алып жүргісіз. Күміс жүзік, алтын білезік соққан ұста, қолында тәспісі, алдында төселген жайнамазына төгілген жеміс тәрізді сүйек құмалақтары бар қожа-молдалар. Отқа күйген семіз еттің иісі мүңкіген маңғал жанында бүк түскен нашар киімді дәруіш пен кәлендәр. Тек осылардың ғана жүздері солғын. Ал өзге ала шапан киіп, ақ сәлде ораған өзбектің қайсысының ишан екенін, қайсысының диқан екенін айырып болар емес. Кімнің сатушы, кімнің алушы екенін де ажырату қиын. Мұнда бәрі де сатылады, байдың ары да, жарлының малы да...



Бұл қалада бәрі де әдеттегідей, анау бөдене соғыстырған топ та, әне, анау қорқор тартып, геджак тыңдап отырған мырзалар да... Бәрі де күндегі салтында. Науан базары да гу-гу, Ташкент көшесі де шаң-шаң, аспан айналып жерге түсердей күн де ыстық, күйіп тұр.

Тек Мәмет әлім орнына болған Ташкент құшбегі Бегдербек рабатында ғана бүгін бір ғажайып өзгеріс бар секілді. Бірақ құшбегінің бұлбұлдары сайраған, жұпар иісі аңқыған бау-бақшасында, есік пен төріне дейін Иранның жібек кілемі төселген, немесе қабырғалары Бұқардың гүлі төгілген сарғылт жібегімен көмкерілген салтанатты сарайларында ешқандай өзгеріс жоқ, Қолдан жасаған күміс көлдерінде де сұңқылдап үн қосқан аққу. Шық моншақты жасыл төккен бақшаларында да сайраған бұлбұлдар. Мөлдір фонтан суларында да жуынған алқызыл қырмызы гүлдер...

Мұндағы өзгеріс тек салтанат сарайындағы мүрит, софы, уәзір, наиб бекзадалардың жүріс-тұрыстарында, сөйлеген сөздерінде...

Жоқ, бұлар сөйлемейді — сыбырлайды, жүрмейді — қыбырлайды, аяқтарының ұшымен басып үнсіз қозғалады. Жүздерінде қобалжудан гөрі қорқыныш, бір-біріне ашық тілдесуден гөрі, сыр сақтау басым. Онсыз да құпияға толы қонақ сарайы — рабаты бүгін бұрынғысынан тылсым жұмбақ қапасқа айнал-

ған. Бір сәт жаңбыр алдында түнере түскен жәйтке ұқсайды. Қонақ сарайының мұндай күйге түсуіне себеп болған не екен?

Бүгін түнде ай бойы әр күні айдай созылып, әбден сары жамбас болып құшбегінің рабат сарайында күтіп жатқан Қасым төренің балалары Есенгелді, Саржан мен Шұбыртпалы Ағыбай бастаған жиырма жігіттің тағдыры шешілмек...

Және бүгін Қоқан даруғасы Ләшкәрдің ақылы бойынша құшбегінің арнаулы шақыруымен үш ақ пілге шатыр тігіп, кілең қара көк арғымақ мінген, қасында бір топ ешік — аға, муәдзин, наиб, геджағы бар Қоқан ханы Мәделіхан (Мұғамет әлім) келген. Бұлар қалаға кірген кезде жұрт шырт ұйқыда еді. Сыз беріп келе жатқан таңмен бірге ұрылған дутар, ішін тарта барылдай шыққан зурна, танбур үндері бүкіл Ташкентті азан-қазан етті. Жұрт жау келіп қалған екен деп төсектерінен атып тұрды. Келген Қоқан ханы екенін білгенде жау шабардан бетер жанталаса есіктерін тарс бекітіп үйді-үйінде үнсіз жатты.

Күн шыға қаланың Мәделіхан кірген шетінен сәл қиыстау қақпадан екінші көш көрінді. Бұнда да тамаша салтанат бар. Жабық күймелі пәуескеге көсем салып үш ақбоз жеккен, алды-артында найза ұстаған сегіз салт атты нөкері бар көрікті керуен. Бұ да Ташкент құшбегінің арнаулы қонағы. Ұратөбе кентінде тұратын Омарханнан он алты жасында қалған, қазір отызға келген, бүкіл Орта Азияға аты шыққан, алтын айдай толықсыған сұлу жесір ханша Ханпадшайым, Мәделіханның өгей шешесі.

Ташкент он сегізінші ғасырдың екінші жартысында, белгілі әптуар шайқының кезінде үлкен шаһарға айналған. Мұнда жібек тоқу, алтын-күміс зерлеу, былғары илеу, темір қорыту, арақ-шарап қайнату тәрізді кәсіптер гүлденіп, қала бүкіл Орта Азияның Россия империясымен, Қашқария, Индиямен қарым-қатынас сауда жасайтын кіндігі болған.

Ташкент кентінің гүлдеуімен қатар оны өзіне бағындырғысы келгендер де көбейеді. Әсіресе оған көзін тігетіндер Бұхар, Хиуа, он сегізінші ғасырдың басында пайда болған Қоқан хандары еді. Он тоғызыншы ғасырдың басында Омарханның ағасы қанішер әлімхан, әптуар шайқының ұрпағы Жүсіп Қожаны соғысып жеңіп алады. Содан бастап Ташкент Қоқан хандығының бағынышты бір уәлаяты болып қалады, бірақ бағынышты деген аты болмаса оны ешкім баса-көктеп билемейді. Қоқан хандығына жататын Ұлы жүздің бір бөлек елі мен Сырдарияның орта ағысындағы Шу, Сарысу өзендерінің бойындағы қазақ жеріне салынған Ақмешіт, Жаңақорған, Жөлек, Қамысқорған, Шымқорған, Қосқорған секілді бекініс шаһарлардың бәрі Ташкент құшбегінің қарамағында қалады. Тек Ташкент құшбегі Қоқан ханына жылына екі жүз мың теңге салық төлеп тұрады.

Бұл салықты Ташкент құшбегі болған тәжік Мәмет әлім, өзбек, Ләшкәр, Бегдербек, Қыпшақ Нұрмұхамед өздеріне бағынышты қазақтардан он есе артық етіп өндіріп алып тұрды. Бұл жағына келгенде әсіресе осы кездегі құшбегі Бегдербектен асқан зұлымы аз-ақ. Ақмешіт хакімі Жақыпбек арқылы Қоқан хандығына бағынышты қазақ ауылдарының қаққанда қанын, сыққанда сөлін алды.

Есенгелді мен Саржан сұлтандар Ташкентке келген шақта оның Мәделіхан мен Ханпадшайым тоқалды шақыруында да үлкен кәп бар. Бірақ мұны әзір өзінен бөтен ешкім білмейді.

Құшбегі сыр сақтай алатын адам. Сондықтан да рабат, диуан сарайлары құпияға, ызғары суық сырға толы еді.

Осы құпия сыр бүгін ең биік шегіне жеткендей. Саржандардың келгеніне ай болса да құшбегі күнде бір сылтаумен оларды қабылдамады. Біресе аңға кетеді. Біресе үкім құрады. Біресе сырқаттанып қалады. Мұндай қорлыққа наразы Қасым төре балалары қолды бір сілтеп қайтып кетейін десе, аңдыған көз аяқтарын тыпыр еткізер емес. Бұлардың мұнда өрік, мейіз жеп жатқан жатыстары, қонақтан көрі тұтқын салтына жақын. Қазақ сұлтандары да аң-таң... Дос бүйтпесе керек еді, ал сонда Бегдербек қас па? Олай болса, өткен жолғы уәде, берген серттері қайда? Қас деуге қиын. Сонда бұларды бүйтіп ұстауға қандай себеп бар? Осылай жұмбаққа шешім таба алмай абыржыған, қобалжыған қыр бекзадалары құшбегінің бір уәзірінен жақында ғана жағдайды білді. Құшбегі Қоқан ханының келуін күтуде екен, бар шаруаны төрт көздері түгел отырып сөйлеспек көрінеді... Сол күткен Мәделіхан да бүгін келіп жетті. Қоқаннан алысқа шығып үйренбеген хан, жол соғып әбден қалжырап қалған екен, қазір әшекейлі диуан сарайының не бір салтанатты бөлмесінде дем алып жатыр. Кешке құшбегімен дидарласпақ. Сондықтан да хан тыныштығын бұзбайық деп демдерін ішіне жұтып жүрген бір жұрт... Құшбегі сарайында ұшқан шыбынның ызыңы естілердей тыныштық. Әрі қауіпті, қатерлі тыныштық. Ал Бегдербек өзі кісі қабылдайтын шатырында. Ханмен дидарласар алдында Қасым төре балаларының да ой-пікірлерін білу керек. Бұларға деген шешімі Есенгелді мен Саржанды шақырмастан бұрын өзіне әйгілі болғанмен, қазір өзін өзі басқаша ұстауда. Қайткенмен де сұлтандар әзір ештеңені сезбегені жөн...

Сондықтан да Бегдербек күле қарап, жымия сөйлейді. Қазір ол сүпіге жабылған жібек түгі бір елі, құс мамығындай жұмсақ, қырмызы қызыл Бұхар кілемінің үстіне төселген алты қабат шайы көрпеде, аққудың түбіт жүнінен жасалған қос мамық жастықты шынтақтай жатыр. Шеті жібек күлтелі мол дас-

тарқанның үсті толған тағам, шарап, шәрбәт...

Бегдербек алпысқа таяп қалған ат жақты, аққұба келген ұзын бойлы кісі. Қан-сөлсіз еріндері жұқалаң, қалың қабақтары тұтасып біткен, сақалының ағы басым. Сүзіле қарайтын сұрғылт көздері ысылдаған жылан іспеттес бір суықтық танытады. Беті күлсе де көзі күлмейді. Алпысты алқымдағанмен бетінде әжім жоқ, тіп-тік таяқ жұтқандай сұңғақ денелі. Қытай жібегіне малына киінген. Тек иығында өзбектің көк ала шәйі шапаны, басында ақ маржанмен кестелеген қара барқыт ала тақиясы. Ақ жібек көйлегінің ашық омырауынан кеудесінің көк буырыл түгі шығып тұр. Ұзын ақ саусақтары жыртқыш құстың тырнақтарындай әлсін-әлсін бір бүрісе жұмылып, бір жазылып тұрады. Білектері де жүн-жүн... Қол әлуеті бір түрлі сұсты. Оң саусағына салған қызыл алтын сом жүзігінің үстіндегі жалпита орнатқан жылан басындай қызыл лағыл тасы ұйыған адам қанына ұқсайды. Аяқ жағында түкті балтырларын сипап уыздай аппақ, қара көзді он бір-он екі жасар патша бала отыр. Бұл да жібекке малына киінген. Қарсы, дастарқанның бергі жағында, малдастарын құрып құшбегіне қарай қалған Есенгелді мен Саржан.

Есенгелді етжеңді келген, дөңгелек қара торы жүзді, қой көзді адам. Шиырылған сұлу мұртты. Саржан сұңғақ бойлы, қызғылт сары, өткір көзді, бәйгеге жараған жылқы тәрізді, қатып қалған, шапшаң қимылды кісі. Екеуі де елуді алқымдап тастаған. Есенгелді бірер жас қана үлкен тәрізді. Екеуінің басында да үстін төрт салалы көгілдір барқытпен әдіптеген, қырдың қызыл түлкісінің терісімен көмкерілген, қандай түрге болса да көрік берер Арқаның сұлу бөркі. Үстерінде — жағаларына қара барқыт ұстаған, жібін жіңішке етіп иірген аппақ түйе жүн шекпен, аяқтарында — жарғақ мәсі, бұттарында — сала құлаш балақтары оюланған көк барқыт шалбар. Белдерінде — алтын жалатқан қарыс сүйем кіселі, қақтаған күміс белбеу. Саржанның беліндегі жез сақиналы күміс қында сабы сары мүйізден соғылған сегіз қарыс ақ семсер. Есенгелдінің белбеуінде кішкентай ғана күміс кездік, ай мүйіз, алтынмен зерлеген арқар шақша... Жанындағы ағасы Есенгелдіге қарағанда Саржанның жауынгер жан екені бірден білінеді. Екеуінің де көзінен құшбегін сынай қараған ұшқын сөнер емес. Отырғандарына әжептәуір мезгіл болса да қойылған тағамнан әлі татып алған жоқ.

Кісі сырына әккі болған Бегдербек те сұлтандардың бұл сыңайын байқап отыр.

— Алыңыздар, алыңыздар, — деді ол езу тартып күлген болып, ана екеуінің ортасында тұрған шыны тұрғауыштағы қыз емшектеніп сүйірлене піскен жүзімді меңзей. — Өзбектің жүзімі сый-құрметтің басы.

— Рақмет... — Саржан ернін жыбырлатты да қойды.

Сазарып отырған қонақтарының көңілін көтергісі келгендей құшбегі тағы да езу тартты.

— Бұл жүзім туралы қазақ пен өзбектің арасындағы қалжыңды естіген боларсыңдар.

— Ж... жоқ. — Бұ жолы Есенгелді ернін жыбырлатты.

— Естімесеңдер айтып берейін, — Бегдербек әлдекімді мысқылдай күлді, — бір қазақ пен бір өзбек дос болыпты. Аулына келген өзбекті қазақ қойын сойып, қымызын тосып әбден сыйлапты. Жолы түсіп, қазақ шаһарға келсе, өзбек досы сый-құрмет көрсетіп алдына бір тегене жүзім қойыпты. Бұрын жемісті жемеген қазақ, таңсық көріп асай бастапты. Қомағай қазаққа не шыдасын, жүзімнің таусылып бара жатқанын аңғарған сараң өзбек:

— Алдыңыздағының атын юзім дейді, оны бүйтіп бір-бірлеп үзіп жейді, — деп аздап жеудің керек екенін ескертеді.

Сонда қазақ:

— Иә, мұны бізде жүзім дейді, бір жегенде жүзін жейді, — деп саусақтарын сала түсіпті.

әңгіме ұнаған Есенгелді мен Саржан сыпайылық көрсетіп езу тартты.

Қонақтарымның көңілін көтеріп болдым ғой дегендей Бегдербек кенет қабағын сәл түкситті де, сөзінің бетін бірден бұрып әкетті.

— Иә, әңгіме бұзау емізер... дегендей, енді бітім-келісімге кіріскен жөн болар... Әнеугіден бері сіздерді қабылдамай жатқанымыздың себебін естіген шығарсыздар. Ханзаданы күтіп едік... Ол кісі бүгін келді, қазір саухат етіп, дем алып жатыр... Кешке менімен сөйлеспек... Құрметті Мәделіханға барар алдында сіздердің де тілектеріңізді білгім келіп еді.

— Біздің тілегіміз Мәделіханда емес, өзіңізде ғой, — деді Есенгелді байсалды үнменен.

— Иә, сіздердің тілектеріңіз менде, ал менің тілегім Қоқан ханында, сонда не болғаны? — Құшбегі аппақ тістерін көрсете күлді. — Аллатағала, дүниені домбыраның пернесіндей, бір үнді бір үнмен байланыстыра жаратса амал не? Алдияр тақсырдың не айтатынын кім біледі?

Саржан қабағын шытты.

— Бұл — бір сандықтың ішінде бір сандық, оның ішінде күйсандықтың кебі ғой...

— Иә, сол күй сандықтың кілті Қоқан ханының қолында емеc пе? — Бегдербек те қабағын шытты. Оның қалың қабағы жабылып, қайта ашылды. — Қысыр сөзді қайтеміз, одан да не тілейтініңізді айтыңдар.

— Кімнен.

— Мәделіханнан, менен.

— Біздің тілек өзіңізде, алдияр тақсыр құшбегі, — деді Саржан тікелей, — тілек біреу-ақ: сіздердің берген жауынгерлеріңіздің қандай ерлік іске бара алатынын біз ана жылы өз көзімізбен көрдік қой. Әрине айдалада жатқан қазақ елі үшін өзбек ағайынға жан қию оңай емес. Сондықтан қарамағыңыздағы Сыр бойын, Қаратау, Сайрам, Шу, бойын жайлаған Қыпшақ, Қоңырат, Шымыр, Ысты, Сиқым, Сыбан, Жаныс ауылдарынан сарбаз жинап елімізді, жерімізді қорғауға мүмкіндік беріңіз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет