Айқын.- 2013. - № 234. – 21 желтоқсан
Әзірет Е.
Әкім 30 шәкіртақы берді
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тұңғыш Президент залында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің Астанада оқитын шығысқазақстандық студенттермен және зиялы қауым өкілдерімен кездесуі болып өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, аталмыш университет ректоры Ерлан Сыдықов, С.Сейфуллин атындағы аграрлық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлов, М.Жолдасбеков, Ғ.Есім секілді қоғам қайраткерлері қатысты.
Негізі, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Мәшбекұлының студент жастармен кездесуі бір бұл емес. Осыдан бұрын Назарбаев университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, С.Асфендияров атындағы Медицина академиясының студенттерімен кездескен болатын. Кездесуді университет ректоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ерлан Сыдықов ашты. Содан кейін болашақ жас мамандардың алдында облыс әкімі сөз сөйлеп, шығыстағы соңғы серпілістер туралы баян етті. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, ғылым, кәсіпкерлік, білім, денсаулық саласында жас мамандар қажет екені жеткізілді.
Бұл жиынның түпкі мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын үзбей жалғастырып, жас мамандарды туған өңірге қызмет етуге шақыру. Кездесуге Астанада білім алып жүрген 500-дей студент қатысты. Жиында облыс әкімі өңірде жүзеге асып жатқан ілкімді істер туралы кеңінен әңгімеледі. Бердібек Сапарбаев үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның аяқ алысы, аймақтың өндірісі, ауыл шаруашылығы, ғылым, өнер саласындағы жетістіктері жайлы айтып берді. Облыс экономикасын жақсартудағы мақсат-мүдде, стратегиялық оспарларды жүзеге асыру үшін өңірге жас мамандар қажет екенін де тілге тиек етті.
Әсіресе, өндіріс, медицина, білім саласы мен көлік құрайтын зауыттар білімді де білікті мамандарға мұқтаж. Осы ретте сөз сөйлегендер ақжол тілеп, өнерлі жастарға ақыл-кеңесін айтты.
Өз кезегінде сөз алған студенттер көңілде жүрген, көкейге түйген сауалдарын әкімге қойып, пікір алмасты. Жастарды аймақтың экономикалық, әлеуметтік әлеуеті, денсаулық, білім беру саласындағы жаңалықтары қызықтырды. Fсіресе, келесі жылдан жүзеге асатын шағын «ЭКСПО» жобасы салиқалы әңгімеге арқау болды.
Аймақтың соны серпілістері туралы әңгімелеп, жастардың сұрақтарына жауап берген соң Бердібек Сапарбаев Астанада білім алып жатқан 30 студентке орташа көлемдегі шәкіртақы – облыс әкімінің сыйақысын табыс етті.
Жалынды жастармен жүздескен соң, ШҚО делегациясы қоғам қайраткерлерімен, қаламгерлермен және өнер адамдарымен кездесті. Олардың арасында Несіпбек Айтұлы, Ғаділбек Шалахметов, Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабекұлы сияқты есімдері елге танымал ақын-жазушы, ғалымдар бар.
Басқосу соңында шығысқазақстандықтар Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне шағын автобус сыйға тартты. Отыз пайыз жеңілдікпен сатылатын ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне шақырды.
Достарыңызбен бөлісу: |