Жалпы оқушылардың пән бойынша білім, білік, дағдысын меңгеру сапасы алуан әдістер арқылы анықталады. Сөзсіз, әрбір бақылау, бағалау әдістерінің өзіндік ерекшеліктері бар. Әдістемелік зерттеу еңбектеріне сүйенсек, тест-орындалуы белгілі бір білім, білік, дағды мен қабілеттілік деңгейін анықтауға бағытталған стандартты нысанды тапсырма.
Бүгінгі таңда, тексеру мақсатына орай, білімді бақылау тестілерінің алуан түрлері қолданылуда. Ал тәжірибеде пән бойынша тест сауалдары төмендегідей құрылымдық шарттарға негізделе әзірленеді:
1. Ұсынылған бірнеше жауаптың дұрысын таңдау.
2. Берілген тапсырмаға сәйкес «иә», «жоқ» жауабының бірін белгілеу.
3. Тест сауалдары ғылымға негізделген нақты болуы тиіс.
Қазақ тілі пәні бойынша даярланған тест сұрақтары:
1. Нақты да түсінікті қалыпта әзірленуі тиіс.
2. Бір ғана дұрыс жауабы болуы тиіс.
3. Тексерілмек білім ауқымының пән бағдарламасына сәйкес болуы тиіс.
Басты ескеретін мәселе – қазақ тілі пәні бойынша әзірленген тест тапсырмалары жүйесіз сұрақтар емес, тіл білімі саласының барлық саласынан мәлімет беретін, оқушы бойына белгілі бір дәрежеде білік, дағдысын қалыптастыратындай болуы тиіс.
Қазіргі таңда мектептерде ұлттық бірыңғай тестіге дайындау кезінде мектеп мұғалімдеріне әр пән бойынша тест тапсырмаларын құрастыру тапсырылады. Тест әр пән бойынша 25 тапсырмадан тұрады, мектеп бағдарламасының негізгі бөлімдерінің мазмұны мен әр түрлі қиындық деңгейлері қамтыла отырылып, мемлекеттік білім стандартына сай жасалады. Тест даярлау барысында 3 кезең қатаң түрде негізге алынуы тиіс:
1. Тесті жобалау.
2. Тапсырмаларды жазу.
3. Тапсырмаларға сараптама жасау.
Тест сұрақтарын дайындаған кезде кейбір тақырыптар (тіл білімінің салалары) мөлшерден тыс беріледі де, кейбіреулері мүлде қамтылмай қалады. Қарапайым дәлелдерді еске сақтауды қажет ететін тапсырмаларды даярлау оңай болса, күрделі, әр түрлі дәлелдерді қамтитын тапсырмаларды даярлау қиын екені түсінікті. Сондықтан жобалаусыз құрастырылған тесте маңызы төмен, жаттанды тапсырмалар жиі кездеседі де, оқушылардың қызғушылығын төмендетеді. Осындай кемшіліктерге ұрынбас үшін тесті құрастырудың ерекшелігін білу керек. Ол үшін тест сұрақтарына негіз болатын тақырыптарды мұқият саралау қажет. Осы тақырыптарға сәйкес келетін тапсырма түрлерін таңдай білу керек. Өз бетінше тест даярлаудың көп жылдық тәжірибесі негізінде нәтижелі сұрақтар даярлаудың ережелері пайда болады.
ҰБТ-ға дайындаудың тестік бақылау кезінде білім деңгейінің төмендігінен, не ойын жинақтай алмай, амалы қалмағандықтан, «мүмкін дұрысы осы шығар» деген үмітпен белгілей салатын оқушылар да баршылық. Ойланбастан жылдам орындап шығуды үрдіске айналдыру да бар. Мұның өзі тест нәтижелері талдаусыз
қалса, еш нәтиже бермейтінін дәлелдейді. Сондықтан ҰБТ-ға дайындау барысында тестік бақылау алып қана қоймай, оқушыларға қосымша тестік талдау жұмыстарын жүргізу керек.
Тест тапсырмаларын талдату үлгілері:
1. Үндестік заңына бағынбай тұрған сөзді көрсет:
а) Қарыздар
в) Бөлінгіш
с) Табыс
д) Балгер
е) Алатау
Дұрыс нұсқаны табу үшін оқушы үндестік заңының түрлерін, буын үндестігінің ерекшеліктерін, үндестік заңына бағынбайтын қосымшалардан хабардар болу тиіс. Әр нұсқаны осы талаптарға сай саралағанда «Д» нұсқасы дұрыс болып шығады.
2. Құрмалас сөйлемді тап:
а) Әкесі баласына сүйсініп те, мақтанып та қарады.
в) Оқушылар ұлттық бірыңғай тестіге дайындалуда.
с) Сабақ аяқталды, оқушылар үзіліске шықты.
д) Ол асып та, тасып та сөйледі.
е) Көк байрағымызда алтын күн, дала бүркіті және ұлттық өрнек бейнеленген.
Осы тапсырманың дұрыс жауабын тапқызу үшін әр нұсқаға жеке тоқталып, кешенді талдау жасата отырып, түсініп бергізу. Құрмалас сөйлемнің ерекшелігіне, жасалу жолына назар аударта отырып, «С» нұсқасының дұрыс жауабы екенін анықтау.
Осындай тәсілмен жасалған тестік талдаудың тиімді жақтары:
1.Оқушы білімін пысықтап, өтілген тақырыптар бойынша білімдерін қайталап, бекітеді.
2.Оқушының сөйлеу мәдениеті дамып, алған білімдерін нақты мысалдармен дәлелдеуге үйренеді.
3.Кешенді сатылай талдау арқылы әр оқушы өз қатесін тауып, теориямен қатар тәжірибелік жұмысты да меңгереді.
Оқушыларды ҰБТ-ға дайындау кезінде сатылай кешенді талдаудың тиімділігіне көз жеткіздім. Сатылай кешенді талдау оқушыларды жылдам логикалық ойлауға мәжбүр етеді, ал мұның өзі ҰБТ негізгі пәннің бірі қазақ тіліне тестік жүйеге бейімделуге әсер етеді. Кешенді талдауды толық аяқтау мақсатында балалардың жұмыс істеу жылдамдықтары артады, ал бұл жылдамдық тестілеу жүйесінде өте қажет.
Тестілеу – педагогикалық бақылау түрі.
Тестілеудің іс-тәжірибедегі нәтижелеріне сүйене отырып, мынандай қорытынды жасауға болады.
1. Жалпы оқыту жүйесінен педагогикалық бақылаудың бұл түрін бөліп қарауға болмайды. Дидактиканың оқыту әдістерімен байланысы үзілген тестік бақылаудың мағынасы жойылады. Педагогикалық бақылаудың бір түрі деп есептелетін тестің өзіне мақсатты жүйе мынандай мазмұнда құрылуға тиіс:
а) Білім мазмұнын модуль (блок) түрінде беру;
ә) Модульге енетін білім мазмұнын оқыту элементтеріне бөлшектеу;
б) Оқушының нені, қандай деңгейде меңгеретінін анықтайтындай бақылау мақсатын алдын ала анықтау;
2. Бақылаудың тестік жүйесіне көшу үшін мына жағдайларды есепке алуымыз керек:
а) Оқушылардың білім, білік, дағдысын алдын ала анықтау;
ә) Оқушыға қысқаша жоспар мен мақсатты алдын ала хабарлау;
3. Кіріспе тестік бақылау, ағымдық бақылау, қорытынды бақылау
арқылы білім деңгейін анықтау;
4. Рейтингтік жүйемен тоқсандық не жылдық білім деңгейін бағалау.
5. Тестік тапсырмаларда пәндік көлемді қамту. Тест сұрақтарына негіз болатын тақырыптарды саралау. Деңгейлік тестер даярлау.
Педагогикалық технологиялар
Ж.Қараевтың саралап деңгейлеп оқыту технологиясы
Шаталовтың тірек-сызбалар арқылы оқыту технологиялары