Жануарлар мен адамның айтысы. Төрт түлік халық ауыз әдебиетінде ерекше орын алады. Онда жануарлар мен адамның айтысы да кездеседі. Мысал үшін, иесі мен сиырының айтысын алайық.
И е с і:
Шолақ сиыр, көзіңді ояйын ба?
Биылғы жыл соғымға сояйын ба?
Биылғы жыл соғымға сойып алып,
Танабайға жаяңды қояйын ба?
С и ы р ы:
Шиыршықтап қыл арқан ескеніңде,
Қу шолақты соялық дескеніңде,
Қу шолақты соғымға сойып алып,
Бұржекейден көрермін көшкенінді.
Осы тәрізді иесі мен атының айтысы, аңшының аңдармен айтысы, т.б. ауыз әдебиетінде кездеседі. Бұл айтыстардан халықтың күн көріс, тіршілігін, бір кездердегі дүниетану көзқарасын аңғаруға болады.
Жұмбақ айтысы. Айтыстардың ішінде ерекше орын алатын түрі — жұмбақ айтысы. Жұмбақ айтысы халықтың өмір, табиғат құбылысын білсем деген арман-тілегінің елесі. Алуан өмір құбылыстарын түсіну, білу, білмегендерді соған жетектеу, әсіресе жастардың ой-санасын кеңейту тілегінен туады. Сондықтан, ұсақ нәрселерден бастап жұмбақ етіп, қиынға көшу, өзінше сол ой-сананы өрістету, ойлауға дағдыландыруды мақсат етеді. Жұмбақтардың өзі сияқты, жұмбақ айтысы да ұйқасқа құрылады. "Жұмбағым жұтылды, ыққа қарап құтылды". Бұл — бастапқы қысқа түрі. Ал кілең өлеңмен келетін ұзақ түрлері — соңырақ туған әрі адам санасының марқайған кездегі түрі.
Жұмбақ айтыста кез келген ақын бел байлап айтысуға шыға алмайды. Бұл айтысқа түсу үшін, өз жанынан өлең шығара білу жеткіліксіз. Сонымен қатар, ақын өмірдің барлық саласынан хабары бар, білімді адам болуы керек. Жұмбақ айтыста жұмбақ берушінің не нәрсені жұмбақ етемін десе де еркі бар. Өмірдің әр құбылысын алып, бейнелеу түрінде жұмбақ ете береді. Оны шешу үшін айтушының не нәрсені жұмбақ етіп отырғанын болжай білуі керек. Сондықтан, жұмбақпен айтысушылар өте сирек кездеседі.
Жұмбақталатын нәрсенің көпшілігі шындық өмірден алынады. Ақындардың таланты, дүниетану шеңберінің көлеміне қарай, айтқан жұмбағының мағынасы кейде тайыз, кейде терең боп отырады. Кейбір жұмбақтардың шешуіне қарағанда, жасырушының да, шешушінің де әр алуан құбылыстарды көп білетіндігі таң қалдырады.
Жұмбақ айтысының ең жақсы үлгісінің бірі — Сапарғали мен Нұржан айтысы. Бұл айтыста екі ақын да білімділік, тапқырлық, өнерлілік танытқан. Сапарғали ауыл тіршілігінің қалыпты шындық болмысымен қатар, қазақ жерінің Ресейге қосылуына байланысты ел өміріне енген жаңалықтарды жұмбағына арқау етеді.