1.2 Қазіргі қазақ тіл біліміндегі тіл арқылы ұлт болмысын тану үрдісі
Тіл білімінің кейінгі жарты ғасырдай уақыттағы беталысына сәйкес,
семантика мен прагматиканы ара жігі ашық, бірақ бір-бірін толықтырушы
салалар ретінде қарастыру қажет. Прагматика – адресант пен адресат
арасындағы қатынасты және олардың мәтінде берілген нақты мәліметтерге
көзқарасын білдіреді. Адресаттың реакциясы жасырын түрде көрсетіледі, бірақ
ол ашық қолданылған тілдік және бейтілдік құралдарға негізделген
тұжырымдар, қорытындылар негізінде қалыптасады. Сөздің прагматикалық
мазмұны сөйлеу барысында, сөзжұмсамда, нақты коммуникативтік жағдаятта
қалыптасады.
Жоғарыда келтірілген А.Киклевичтің жіктемесінің ішіндегі бесіншісі
біздің зерттеу жұмысымыздың негізгі нысанына тікелей қатысты болып
табылады. Атап айтқанда, антропологиялық парадигма арқылы тек тілдің
құрылымдық жағын ғана емес, экспрессивті жақтарын, түрлі салалармен
27
коммуникативтік байланысын ашуға болады. Нақты айтқанда, антропоөзектік
парадигма бойынша анықталатын коммуникация кезінде тілдік форма екінші
қатарға кетіп, тілдің коммуникацияға түскен көрінісі алдыңғы орынға шығады.
Тілдің шеңберінен шықпай, оның таза өзін ғана тану жеткіліксіз. Оны
тудыратын, қолданатын және болашаққа алып баратын адамға, нақты бір жеке
тілдік тұлғаға назар аудармау мүмкін емес. Міне, біздің зерттеуіміз осы бағытта
жүргізіледі. Иә, тіл қызметінің антропоөзектік коммуникацияға негізделген бұл
үрдісін зерттеуге тілдің құрылым жүйесі (статикалық күйі) жеткіліксіз. Оның
айшықты да кешенді кеңістігі – мәтін аясында. Сондықтан антропоөзектік
жүйедегі зерттеу үдерісі тіл білімінде мәтін лингвистикасының қалыптасуымен,
ондағы дискурс мәселесімен тығыз байланысты. Осымен байланысты
лингвистикада қалыптасқан дәстүрлі құрылымдық парадигмадан жаңа
антрополингвистикалық парадигмаға ауысқан зерттеу бағыттары өріс алды.
А. Киклевичтің еңбегінде тіл қызметіне әсер ететін алты фактор бөлініп
көрсетілген: Әлем, Адам, Интеракция, Дискурс, Конвенция, Тілдік жағдаят.
Ғалымның ойынша, аталған факторларға сәйкес тіл экспликативті-
процедуралық модельде мынадай қызметтер атқарады екен:
1) атауыштық,
2) магиялық,
3) индексалды,
4) экспрессивті,
5) социативті,
6) прагматикалық,
7) стилистикалық,
8) этнологиялық,
9) когнитивтік,
10) креативті,
11) конститутивті,
12) интерлингвистикалық [7, 61 б.].
Көрсетілген қызметтің қайсысын алып қарасақ та, адамның көмегінсіз
ешқайсысы жүзеге аспайды. Мәселен, номинативті қызмет әлем туралы
мәліметті тілдік таңбамен жеткізсе, магиялық қызмет адам сеніміне негізделеді.
Ал индексалды қызмет әлеуметтік лингвистиканың аясында анықталса,
сөйлеушінің эмоциясы, ойы экспрессивті қызметке жатады. Прагматикалық
қызмет – субьектінің қоғамдық қатынастардың ықпалымен сөйлеушінің
коммуникация кезінде қолданған амал-әрекеті. Когнитивті немесе танымдық,
аккумулятивті, гностикалық қызмет адамның танымына, түсінігі мен ойына
келіп тіреледі. Креативті қызмет тілдік субьектілердің сөз қолданыстарының
деңгейіне байланысты атқарылады. Бұл қызметті Э.Сепир «концептуалды
қызмет» деп атаған. Конститутивті қызмет тілдік жағдаятқа байланысты жүзеге
асады. Осы айтылған мәселердің антропоөзектік парадигмада тиімді зерттеу
мәтіндік лингвистиканың қалыптасып дамуымен тығыз байланысты.
Д.Исабеков шығармаларын лингвистикалық тұрғыдан талдау бірнеше
міндеттерді шешуге көмектеседі.
28
Лингвистикалық және стилистикалық талдаулар көркем шығарманы
түсініп оқудың жоғарғы мәдениетін қалыптастырады. Көркем туындыны ой
мен сезім арқылы белсенді қабылдауға, оқырманды суреткермен бірге
толғантып, көркем бейнені бірге сомдауға баулиды. Сонымен оқушының
жалпы тілдк мәдениетін көтереді.Тілдік құбылыстарға сергектігін артырады.
Көркем шығарманы өнер туындысы ретінде қабылдап, эстетикалық сезім
талғамының ұшталуына жәрдемдеседі.
Әдеби туындының идеялық көркемдік болмысын шынайы терең түсінуге
оның «бірінші элементін» − тілін талдау арқылы ғана қол жетеді. Бұл тұрғыдан
тілдік талдау – стилистикалық және әдеби талдауларға жәрдемші. Олай
болатын себебі, тілдік тұлғалар мен категориялар (дыбыс, сөз т.б) көркем
мәтінде өздерінің тікелей ұжымдық мәндерінде ғана жұмсалып қана қоймайды.
Көркем мәтін құрамында жүзеге асатын олардың мән-мағыналарының көлемі,
беретін ақпараттың ауқымы әдеттегіден әлдеқайда кең болады. Бұл олардың
бүтіннің құрамында атқаратын эстетикалық қызметінің сипатына байланысты.
Тілдік талдау осы қосымша мағына ақпараттардың сырын ашуға, қарапайым
сөздер мен тіркестердің поэтикалық сиқырлығын бағалауға, олардың
эстетикалық әсерінің күші ғана емес, мехнизімін сезінуге көмектеседі.
«Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры» деп ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлы
сонау ХХ ғасырдың бірінші ширегінде тіл мен адамның біртұтастығы жайында
айтып кеткен. Тіл мен адам ұғымдарының қай заманда да тығыз
байланыстылығы туралы белгілі болса да, ол заманда тілді зерттеудің
парадигмалары өзгеше болғаны да шындық. Қазіргі таңда ғалымдар
антропоөзектік парадигманы жеке-дара бағыт ретінде алып шығып, өзіндік
алғышарттары мен тармақтары бар үлкен ілім ретінде пайдалануда. Тіл
біліміндегі бұл бағыт – тілді зерттеудегі үлкен жаңалық. Соның негізінде тілдің
адам өміріндегі маңызы, адамның тілдегі көрінісі жан-жақты қарастырылуға
мүмкіндік алды.
Қазақ топырағындағы когнитивтік, адамтанымдық зерттеулердің бастау
көзін табуды мақсат еткен Н. Уәли, Э. Оразалиева, Ж. Манкеева, т.б.
ғалымдардың еңбектеріне сүйеніп, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде
А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов сынды ғалымдардың адам мен
тіл арасындағы үздіксіз әрі ажырамас байланысты аңғарғанын байқауға болады.
Сол
заманның
өзінде-ақ
қазақ
тілінің
төл
болмысын
танытқан
тұжырымдарында А. Байтұрсынұлы тіл мен адам идеясын ұстанған. Мысалы,
ғалымның «Тіл – құрал» еңбегінің тиімділігі, ең алдымен халыққа түсінікті,
қабылдауға жеңіл, халықтық таным мен ділге сай екендігімен бағаланады.
Сонысымен А. Байтұрсынұлының аталмыш еңбегі ерекшелене түскен.
Ғалымның антропоөзектік бағытта жазылған осы «Тіл
құрал» еңбегі жайлы Э.
Оразалиева мынадай тұжырым жасайды: «Халық қабылдауына жақындатылып,
түсінік-пайымдауына негізделіп жазылған бұл еңбек, біріншіден, терең
этнолингвистикалық зерделеудің үлгісін танытты. Екіншіден, «Тіл-құрал»
атауының өзі жеке қазақ тіліне емес, жалпы тіл ұғымына, оның қызметіне
арналып тағайындалған. Үшіншіден, ғалым тіл табиғатын зерделей келе, тілдің
ойлау жүйесімен байланысына ерекше мән берді»
[23, 23-24 бб.].
29
Көріп отырғанымыздай, тілді қай жағынан зерттеп қарасақ та, айналып
барып, ой мен адамға тіреледі. Сол ой мен адам сабақтастығы арқылы тіл өз
қызметін атқаратыны белгілі. Сондықтан А. Байтұрсынұлының негізгі
қағидаттарының бірі ретіндегі халыққа жақын, түсінікті етіп жазу қағидаты –
бүгінгі күнде де тіл оқыту тәжірибесінде өте қажет әдіс. Бүгінгі күнгі
қоғамдық-рухани деңгей даму күшіне сәйкес қай саланы алып қарасақ та, нені
зерттесек те адами көзқараспен, қазақи түсінікпен жасалған дүние халық
сұранысында, қоғамдық-әлеуметтік мүддеге сай. А.Байтұрсынұлы осы идеясын
сол кезде ғылымға ұсынған. Демек, қазір ғалымның ұстанған қағидаттары мен
қолданған әдістері, тұжырымдары мен ойталқыларын қазіргі қазақ тіл білімінің
антропоөзектік парадигмасының қайнар көздерінің бастауы деп бағалауға
болады.
Ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлымен қатар тілдің құрылымдық-жүйелік
ерекшеліктерін түзуші ғалымдардың бірі – Қ. Жұбанов. Тілді адам, қоғам,
мәдениет факторларын негізге алып қарастыруды негізгі қағидаттарының біріне
айналдырған ғалымның зерттеулерін бүгінгі күні өзекті бағытқа айналып
үлгерген антропоөзектік парадигма аясында тануға болады. А.А. Жұбанова
«Общая лингвистическая концепция Х.К. Жубанова» атты кандидаттық
диссертациясында Қ. Жұбановтың тіл біліміне қатысты көзқарастарын 11 топқа
бөліп көрсеткен: 1) тарихи принцип; 2) психологизм; 3) тілдің қоғамдық
сипаты; 4) тірі тілдер мен диалектілерге ерекше мән беруі; 5) тілді
функционалды тұрғыдан зерттеуге негізделетін семасиологизация және
морфологизация теориясы; 6) тілдік бірліктерді таңба және символ ретінде
қарастыруы; 7) тілдің жүйелік сипатын кең әрі жан-жақты зерделеп, тіл
жүйелілігіне синхрондық сипатта ғана емес, диахрониялық тұрғыдан көңіл
бөлуі; 8) тіл статикасы мен динамикасын айқын ажыратып, осы кездегі жай-
күйі мен тарихи өзгерістерін көрсетуі; 9) қазақ тілі мәселелерін салыстырмалы-
салғастырмалы аспектіде қарастыруы; 10) тілдің «ішкі» және «сыртқы»
тарихын ажыратуы, яғни тілдің өзін, оның грамматикасын («ішкі») және тілді
сөйлеуші халықтың тағдырымен, географиялық және этнографиялық
ерекшеліктерімен, шет тілдердің әсерімен және т.б. байланыстыра зерттеуі;
11) тілдің жалпы даму заңдылықтарын қарастыруы [24]. Бұл жіктемеден адам
мен тіл тұтастығы Қ. Жұбанов еңбектерінің өзегіне айналғанын көруге болады.
Себебі тілді қоршаған ортамен, қоғаммен, адам сезімінің жай-күйімен,
халықтықтың тарихымен, этнографиялық ерекшеліктермен байланыстыру
антропоөзектік парадигманың негізгі белгілері болып табылады. Бұл ойымызға
Қ. Жұбановтың «Біз жекелеген лингвистикалық фактілерді тілдің басқа
салаларымен жалпы бірлікте қарастырып, осы байланысты қоғамның даму
деңгейі, экономикалық, әлеуметтік дүниетаным тұрғысынан зерделеуді қажет
етеміз» [25, 405-406 бб.] деген сөздері дәлел болмақ. Бүгінгі таңда профессор
Қ. Жұбановтың құнды тұжырымдары А. Байтұрсынұлының антропоөзектік
концепциясымен қатар қазақ тіл біліміндегі антропоөзектік парадигманың
бастау көздерінің біріне айналып отыр. Себебі ғалым қазіргі тіл ғылымында
қалыптасқан «ұлт пен тіл біртұтас» деген қағидаға сүйене жасалған когнитивті
лингвистика, психолингвистика, этнолингвистика, паралингвистика, гендерлік
30
лингвистика
сынды
тіл
ғылымының
жаңа
бағыттарын
профессор
Қ. Жұбановтың ғылыми мұрасынан табуға болады. «Қ. Жұбанов өмір сүрген
заманда аталған ұстаным дәл қазіргідей антропологиялық (антропоцентристік)
принцип немесе лингвомәдениеттаным деп аталмаса да, ғалым ұстанған негізгі
қағида осыған саятын». Профессор Қ. Жұбановтың ғылыми мұрасындағы
антропоөзектілік жөнінде Ж. Сұлтанның «Тілтанымдағы антропологиялық
парадигманың Қ. Жұбанов мұраларындағы көрінісі» деп аталатын (2007)
кандидаттық диссертациясында Қ. Жұбановтың еңбектеріндегі тіл білімінің
жаңа бағыттары туралы едәуір баяндалады.
Тілді танымдық қызметіне қатысты зерттеген ғалымдардың бірі –
С. Аманжолов. Ғалым тілді қоғамдық қатынас құралы, тап құралы ғана емес,
таным құралы екенін ескертіп айтады. Сонымен қатар тіл саласының басқа
ғылым салаларымен байланысы жайында мынандай тұжырым жасайды: «Тіл
ғылымы – бүтіндей адам баласының тіршілігіне байланысты ғылым... Бұл
ғылым тарих, философия, психология, политэкономия, әдебиет, көркемөнер т.б.
ғылымдармен тектес, сыбайлас екені айқын болса керек. Байланыс жағынан
алып қарағанда бұл ғылым география, этнография (халықтардың салт-санасы,
мәдениет мұрасы жөніндегі ғылым), археологиямен тығыз байланысты
екенінде ешкімнің дауы жоқ. Өйткені бұлардың бәрі – бірін-бірі толықтыратын,
біріне-бірі материал беретін ғылымдар» [26]. Сайып келгенде, қай ғылымның
болмасын, нысанында тіл арқылы бейнеленген адам болмысының тұтастығы
айқындалады.
Отандық тіл білімінде тілдегі антропоөзектік парадигма аясында
Ә. Қайдар, Р. Сыздық, Н. Уәли, Ж. Манкеева, Ф. Оразбаева, Э. Сүлейменова,
Б. Хасанов, Б.Момынова, А.Салқынбай, Г.Шоқым, Г.Смағұлова, Э.Оразалиева,
Ш. Елемесова, А. Әмірбекова, А. Абасилов, Ж. Сұлтан сияқты ғалымдар тілді
тіл тарихы, тілдік жаңа бағыттар (когнитивті лингвистика, этнолингвистика,
психолингвистика, лингвоелтаным, лингвомәдениеттаным, нейролингвистика,
прагмалингвистика,
гендерлік
лингвистика,
лингвопалеонтология,
эколингвистика, компьютерлік лингвистика және т.б.) тұрғысынан жан-жақты
қарастырып, қазақ тіл білімін жаңа іліммен толықтыруда.
Қазақ тіл біліміндегі антропоөзектік парадигманың негізін қалаушылар –
А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжоловтың тұжырымдарын одан ары
жалғастырып, қазіргі таңда тілді антропологиялық танымның, этникалық
қалыптасудың құралы ретінде қарастырған – академик Ә.Т. Қайдар. Ол «Қазақ
тілінің өзекті мәселелері» атты еңбегінде «Тіл – Этнос – Таным» мәселелерінің
сабақтастығын танытатын ғылыми тұжырымдарын ұсынған. Қазақ тіл
біліміндегі жаңа ілімдердің бірі этнолингвистика саласын негіздеген ғалым тіл
мен этнос тоғысатын ілім жайында былай дейді: «Тіл әлемінің» өзіндік
табиғатын, даму заңдылықтарын толық та жан-жақты зерттеу барысында іштей
жіктеліп,
дүниеге
келген
социолингвистика,
психолингвистика,
статолингвистика, паралингвистика іспеттес этнолингвистика да – «этнотаным»
мен «тілтаным» ғылымдарының ортақ проблемасы шеңберінде тоғысы
нәтижесінде пайда болған жаңа сала. Ол – этностың инсандық һәм дүнияуи
табиғатын тереңнен танып-білу үшін басқа емес, тек тіл феноменінің өзіне ғана
31
ғажайып мүмкіншіліктері мен қазына байлығын зерделеп зерттеуді мақсат
ететін ғылым» [27, 8 б.]. Осы тектес тұжырымдарына сәйкес ғалым жоғарыда
аталған еңбегінде
Достарыңызбен бөлісу: |