Акмеология адамзат білімі жүйесінің ғылымы ретінде
Болашақ мамандарды дайындау білім алушыларды кәсіби білімді меңгеру, еңбек жағдайында қарым-қатынас жасау, ғылыми әдебиеттермен жұмыс істеу, кәсіптік міндеттерді тиімді шешу біліктерімен қаруландыру мәселелерін шешу болып табылады. Осыған орай, болашақ маманды жоғары шеберлік деңгейде қызмет етуге дайындау ерекше қоғамдық мәнге ие, өйткені олардың білімі кәсіби құзыреттілікпен тікелей байланысты. Қазіргі педагогикалық білім беруде болашақ мамандардың кәсіпке деген мотивациясын күшейту, олардың шығармашылық әлеуетін жетілдіру, тұлғаның шығармашылық әрекетке дайын болуын қалыптастыру арқылы кәсіби іс-әрекетте жетістікке қол жеткізу үшін жеке мүмкіншіліктерін анықтау мен пайдалануды қамтамасыз ету алдыңғы орынға шығарылады. Білім алушыларды өзінің таңдап алған болашақ мамандығына деген сүйіспеншілігін арттырып, тек қана педагогикалық іс-әрекет негіздерін игеріп қана қоймай, кәсіптік шеберліктің шыңына жетуге бағдарлануы жас маманның акмеологиялық дайындығының қалыптасуына мүмкіндік береді. Бұл ретте интегративті-кешенді ғылым ретіндегі акмеологияның алар орыны ерекше.
«Акме» ұғымы кәсібиліктің шыңына шығу сол арқылы өмірде табыстарға жету, шығармашылық әлеуеттің дамуы мен адамның шығармашылық әрекет жағдайында ұзақ болуымен түсіндіріледі. Маманның кәсіби тұрғыдағы жетілуі және оның шыңына жетуі оның кенеттен әрі бірден қалыптаса салмайтын полифункционалды жағдайы. Оған индивидтің алдыңғы сатыда алған білімдері мен жинаған тәжірибелері «жұмыс жасайды». Тек солар ғана маманның қандай тұлғалық бағдарлары мен кәсіби қабілеттері, қаншалықты білім қоры мен білік, дағдылары оны жасампаз субъект деңгейіне жетелейтінін көрсетеді.
Акме – (грек тілінен аударғанда – шың, кемелдену кезеңі) – бұл жоғарғы нүкте, тұлғаның кемелденуі, оның жоғарғы жетістіктерге қол жеткізудегі кезеңі, оның барысында әр түрлі салалар бойынша тұлға жетілуінің көрініс беруі, оның қабілеттері мен даралығының барынша дамуы байқалады.
Акмеология – жаратылыстану, қоғамтану және гуманитарлық пәндер негізінде пайда болған ғылым, ол адамның жетілу кезеңіне дейінгі оның даму заңдылықтары мен феноменін зерттейді.
Акмеологиялық әдіс – акмеологиялық мәселелер мен міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік беретін тәсілдер мен әрекет ету амалдарының жиынтығы. Акмеологиялық әсер ету– бұл гуманистік мазмұндағы кіріктірілген және мақсатқа бағытталған тұлғаға немесе топқа әсер ету.
Акмеологиялық білім – бұл ғылыми-әдіснамалық бағыттағы және үш компонентті құрылымнан тұратын арнайы кешенді білім. Акмеологиялық заңдылықтар – тұлғаның және іс-әрекеттің кәсібилігіне қарай ұмтылудағы қатынастар мен басымдылықтардың тұрақты байланыстарының сипаттары.
Акмеологиялық зерттеу – акмеологияның жетекші қағидаларына негізделген, акмеологиялық мәселелер мен міндеттердің шешілуімен байланысты ғылыми зерттеу. Акмеологиялық құзыреттілік – А.К.Маркова ұсынған категория, кәсібиліктің жүйесін және оның кәсіби жүргізілуінің саласын құрайтын таным компоненті.
Акмеологияның пәні – жетілген тұлғаның ілгері дамуына ықпал ететін және оның жоғары кәсіби жетістіктеріне себеп болатын заңдылықтарды, психологиялық және акмеологиялық тетіктер, шарттар мен факторларды сипаттайды. Акмеологиялық амал – акмеологиялық мәселелер мен міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін, психологиялықакмеологиялық қағидалар мен әдістер жиынтығын сипаттайтын базистік жалпылама акмеологиялық категория.
Акмеологиялық технология – гуманистік мазмұндағы тұлғалық-кәсіби дамуға бағытталған «психологиялық технология» ұғымына жақын категория. Акмеологиялық технологиялардағы басты әдіс – акмеологиялық әсер ету.
Акмеологиялық факторлар – қозғаушы күштер сипатындағы негізгі себептер, кәсібиліктің басты анықтаушылары (В.Г. Зазыкин).
Акмеологиялық шарттар – тұлғалық және іс-әрекеттің жоғары кәсібилігіне қол жеткізудің маңызды шарттары. Тұлғаның кәсібилігі – бұл кәсіби маңызды және тұлғалық-іс-әрекеттік қасиеттерді дамытудың жоғары деңгейін бейнелейтін еңбек субъектісінің сапалық сипаты, ілгерушілік дамуға бағытталған креативтіліктің жоғары 5 деңгейі, түрткілер жүйесінің және құндылықтық бағдарлардың адекватты деңгейі. Тұлғалық-кәсіби даму – бұл жоғары кәсіби жетістіктерге және өзін-өзі дамыту, кәсіби іс-әрекетінде және өзара әрекеттесулерде жүзеге асатын тұлғаның кәсібилігіне қарай бағдарланған оны қалыптастыру үдерісі (А.А.Деркач, В.М.Дьячков).
Шеберлік – иілгіш дағдылар мен шығармашылық көзқарас негізінде қол жеткізілген, белгілі бір саладағы кәсіби біліктердің жоғарғы деңгейі ретіндегі, тәжірибе арқылы жинақталған тұлғаның сапасын сипаттайтын, акмеология мен еңбек психологиясына жататын категория.
Іс-әрекет кәсібилігі – жоғары кәсіби біліктілікті және құзыреттілікті, сонымен бірге шығармашылық шешімдерге, қазіргі алгоритмдер мен кәсіби міндеттердің шешілу тәсілдеріне негізделген тиімді кәсіби дағдылар мен біліктерді, бейнелейтін жоғары тұрақты өнімді іс-әрекетті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін еңбек субъектісінің сапалық сипаты (А.А.Деркач, В.Г.Зазыкин).
Білімді бекіту үшін сұрақтар:
1. Акме, акмеология ұғымдары нені білдіреді?
2. Ғылым ретінде акмеологияға қандай жалпы анықтама берілген?
3. Акмеологиялық білім туралы қалыптасқан қандай ғылыми және тарихи алғы шарттар бар?
4. Акмеологиялық факторларды сипаттаңыз.
5. Тұлғалық кәсіби даму дегеніміз - ......
6. Шеберлік дегеніміз? 7. Іс-әрекет кәсібилігіне жалпы анықтама беріңіз
Достарыңызбен бөлісу: |