Жоғары мектеп педагогикасы теорияларының мектептегі педагогикадан айқын айырмашылығы байқалады. Онда білім берудің логикасы, құрылымы және жүйесі, негізгі категориялары бар, онда теорияның заңдылықтары мен принциптерін айқындауға болады.
Аталмыш теорияға: жоғары оқу орындарындағы ғылыми қызметтің даму тарихы, әлемнің түрлі елдеріндегі жоғары мектептегі ғылымның дамуын және қазіргі заманғы жай-күйін салыстырмалы сипаттауды, ғылыми қызметтің мақсаты мен міндеттері, мазмұны, әдістері мен принциптері, дәстүрлері мен ғылыми мектептері сияқты негізгі категорияларды, жоғары оқу орындарындағы ғылыми қызметтің жағдайы мен ғылыми-инновациялық ортаны қосуға болады.
ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТ
зерделенетін нысандарға, құбылыстарға (процестерге) тән қасиеттерді, ерекшеліктер мен заңдылықтарды анықтау мақсатында қоршаған болмысты зерделеуге және алынған білімді практикада пайдалануға бағытталған қызмет.
(ҚР ҒЫЛЫМ ТУРАЛЫ ЗАҢЫНДА: (2011 жылғы 18 ақпандағы N 407-IV)
9-бап. Жоғары оқу орындарының ғылыми қызметі
1. ЖОО жүзеге асыратын қызметтің негізгі түрі білім берумен қатар: ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет, оның ішінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықты іске асыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу.
2. ЖОО-ның, сондай-ақ олардың ғылыми қызметкерлерінің ұжымдық пайдаланымдағы ғылыми зертханалар көрсететін қызметтерді пайдалануға, мемлекеттік бюджеттен және ҚР заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар конкурстарына қатысуға тең құқығы бар.
3. ЖОО оқу білім беру процесіне ғылымның озық жетістіктерін енгізумен қатар оқыту процесіне ғылыми, ғылыми-зерттеу ұйымдарының ғалымдарын, оның ішінде шетелдік ғалымдарды тартуға құқылы.
4. Мемлекеттік жоғары оқу орындары ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен ғылыми зертханаларды, ғылыми-зерттеу институттарын, тәжірибелік өндірістерді, инновациялық инфрақұрылымның мамандандырылған субъектілерін, жобалау-конструкторлық ұйымдарды, сондай-ақ ғылыми-білім беру консорциумдарын құруға құқылы.