Қалас жамалов философия


Философия. Дүниеге философиялық көзқарас және ғылым



бет2/62
Дата03.10.2022
өлшемі417,48 Kb.
#151479
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   62
Байланысты:
филос.учебн.
КИС 2-курс ОМ каз-конвертирован, Реферат на тему Разговорный стиль речи , Срсп9.Педзерттеу.М.Адилям
Философия. Дүниеге философиялық көзқарас және ғылым


Философияның пайда болуы. Жалпы философия қашан, қайда пайда болды деген сұраққа зерттеушілер әр түрлі жауап береді:
а) Философия болмысты рухани игерудің жаңа түрі есебінде
ежелгі мәдениеттің үш түрлі ошағында Үндістан, Қытай, Грецияда (б.д.д. VIII-VI ғ.ғ.) бір уақытта пайда болды [3. 33 б.];
б) Философиямен айналысу бірінші рет варварларда басталды
(варвар-ежелгі гректер мен римдіктердің түсінігінше шетел адамы), атап айтқанда парсы дуагерлері ілімі (ертедегі дуагерлер, сиқыршылар ілімі); вавилондар мен ассириялық халдейлер (абыздар, құдаймен ортадағы делдалмын деп құрбан шалатындар); үнділердің-гимнософистері (брахмандар, қартайған шағында тақуа, сопылықка бас ұрып, бұл жалғаннан баз кешушілер); кельттер мен галлдардың - друидтері мен семнофейлері (друидтер – кельт халықтарының діни абыздары, бұл сөздер аз пайдаланылған, гректер түсініктері бұлыңғыр) [4].
Философия Үнді, Қытай, Грецияда өрістеп, жетістікке жеткенімен неге Вавилон, Мысыр сияқты ерте дамыған елдерде пайда болған жоқ деген сұрақ осы уақытқа дейін жұмбақ қалпында қалып отыр. Дегенмен бұл елдерде пайда болған діни философиялық ойдың алғашқы белгілері туралы, мысырлық космогония мен теогония (Құлдыратушы Апофис туралы кітап) туралы айтуға болады: «Бәрінің иесі өзі шыққаннан кейін айтты: Мен Кхенри ретінде шыққанмын. Мен шыққаннан кейін өзге жәндіктер, барлық тірлік иелері шықты. Аспан жаратылғанға дейін, менің аузымнан шыққандар өте көп. Мен әлсіреп, титықтап, солармен бірге тұңғиықта болдым. Мен өзіме орын таппадым, өз жүрегімде ойладым, өз-өзімде жоспарладым, Шу мен Тефнутты түкіріп дүниеге келтіргенге дейін, менде өмір сүрген кез-келген нәрсе өмірге келгенге дейін, мен жалғыз өзім тірліктің бар нұсқасын жасадым.. Мен өз қолыммен қозғау бердім, мен өз қолыммен біріктірдім... Өзім жалғыз Құдай болғаннан кейін... адамдар менің төккен көз жасымнан пайда болды. ...мен барлық жыландарды және олармен бірге шыққандарды жараттым. Шу мен Тефнут, Геб пен Натты жаратты... Олардың балалары бұл жерде өте көп» [5.6-7 б.б.].
Философия неден пайда болды деген сұраққа жауап ретінде тағы екі түрлі, бір-бірінен түпкілікті айырмашылығы бар: мифогендік, гнесеогендік көзқарастар жүйесі қалыптасқан.
Мифогендік көзқарастар жүйесінде философия аңыздар жиынтығынан, оның ішкі заңды дамуынан туындайды, түр өзгерістері есебінен пайда болады. Басқаша айтқанда, философия аңыздың жетілдірілуі, қоғамдық сананың аңыздардағы қорытындылануы. Мифогендік көзқарастар жүйесін XIX ғ. неміс философы Гегель және т.б ұстанды.
Философияның пайда болуының гнесеогендік теориясы бойынша, философия әр түрлі ғылыми білім элементтерін (математика, физика, медицина т.б.) талдап қорытындылау нәтижесінде пайда болады. Бұл бағытты жақтаушылар XIX ғ. ағылшын философы, социолог Г. Спенсер, орыс философы А. Богданов және т.б.
Көзқарастық жүйелер, тұжырымдар, жеке түсініктердің әрқайсысы салыстырмалы түрде дұрыс деп есептеледі. Сондықтан философтардың көпшілігі осы екеуінің бірін ұстанады (дегенмен кейбір жағдайларда бұларға үшінші бастама – күнделікті тұрмыс деңгейінде қалыптасатын сана да қосылады).
Философия қалай пайда болды деген сұрақтың тағы бір жауабы, адам рухының стихиялы шығармашылығынан көруге ұмтылыстан байқалады. Философиядағы феноменологиялық бағыттың мүшесі Э. Гуссерель оны «кез-келген практикалық қызығышулықтан еркін, танымға деген ынтызарлық және әлемді пайымдаушылық» - дейді [7.]. Бұл ынтызарлық, материалдық сұраныстары қанағаттанған адамның әуестігі, құмарлығы. Мысалы, Пифагордан жеткен пікірге сүйенсек: «Өмір ойын тәріздес: біреулер оған сайысуға, екіншілер сауда жасауға, нағыз бақыттылар көруге келеді; өмірде біреулер құлдар тәріздес, атақ даңққа, байлыққа сараң болып тұрады; ал философтар тек қана ақиқат үшін қызмет етеді» [4. 334 б.]. Бұл пікірде шындықтың ұштығы жатыр, өйткені философияның өмірдің өз қажеттілігінен, мифтік-діни дүниетаным түсінігімен тартыста пайда болғанына сілтеме жасалады.
Философия ертедегі грек сөзінен аударғанда (phileoсүйіспеншілік, sоріа – данышпандық) данышпандықты сүю деген ұғымда, ең алғаш ертедегі грек философы Пифагор (б.д.д. 580-500 ж.ж.) еңбектерінде кездеседі. Бұл сөздің рухани мәдениетке, ғылыми білімге енуі Платон (б.д.д. 428-347 ж.ж.) есімімен байланысты. Философияның алғашқы мазмұндық мәні – ғалам, адам, әлемнің құрылымы туралы ойлардан және адамның табиғаты, ғаламдағы адамның алатын орны туралы болды.
Философия пәні мен мәні туралы ой-пікір, түсінік оның ғасырлар бойы тарихи дамуында әр түрлі өзгерістерге ұшырады және ол бүгінгі күні де жалғасын табуда. Зерттеуші ғалымдар ортасында философияның пәні мен мәніне деген көптеген көзқарастар бар. Одан кең таралған екі түрлі пікірді бөлектеуге болады: біріншісі – дүниетанымдық көзқарастың түрі де, екіншісі – ғылым деп қарастыру.
Дүниетанымдық көзқарас деп жалпы ғаламға және ондағы адамның алатын орны туралы әр түрлі ой, пікірлердің жиынтығы айтылады. Білімнің көзқарастық құндылықтары, адамның қайта құрушы, өзгертуші әрекеті, оның күнделікті, жекелеген, шашыраңқы біліміне, бағаларына, іс-әрекет жоспарларына қайшылықты бағытта болады.
Философия – аңыздық, діни көзқарастармен қатар тұрған дүниетанымдық көзқарастың түрі. Философиялық дүниетанымдық көзқарастың өзіндік ерекшелігін анықтау үшін адамзат қауымдастығының табиғатпен байланысы, қатынасы дамуында дүниеге келген басқа дүниетанымдық көзқарастардың түрлерімен танысамыз, анықтаймыз.
Тарихи алғашқы дүниетанымдық көзқарастың түрі – аңыздық көзқарас (гр. сөзі muthos – аңыз, ертегі және сөз, түсінік). Аңыздар – фантастикалық жан иесі, құдайлар мен батырлардың іс-әрекеттері туралы айтылатын әңгімелер. Әлем халықтарының аңыздарына ғарыш тақырыбы да арқау болған, ғаламның пайда болуы мен құрылымына, табиғаттың небір ғажайып құбылыстарына, әлемдік үндестік сұрақтарына жауап беруге талпыныстар жинақталған. Адамның дүниеге келуі, өмір сатылары, өлім мәселелеріне де көп көңіл бөлінді. Отты пайдалану, егін шаруашылығымен айналысу, қолөнер жетістіктері,салт-дәстүрлерге қатысты аңыздар қоғам өмірінде айрықша орын алды.
Аңыздың сезімдік бейнелеу түрі дүниетанымдық сұрақтарды құдайлар, рухтар жөне батырлармен байланыстыра суреттеуден байқалады. Мысалы, ежелгі үнділердің бір аңызында ұлы Индра айдаһарды бағындырып, мұхиттарды, күн, жарық пен қараңғыны жасайды: екінші аңызда - әлемнің жасалуы Варунаға телінеді. Аңыз бойынша ол ғарыштық екі денені: жер мен аспанды алғашқы жұмыртқадан бөліп, аспан әлемін құшақтап, үлкен биіктікке көтереді де, Жерді айналып тұруға мәжбүр етеді.
Адамзаттың рухани мәденнетінің ең ертедегі түрі-аңыздар өзіне алғашқы білім бастамасын, діни сенімдерді, саяси көзқарастарды, өнер түрлерін біріктірді. Тек уақыт өте бұлар өз алдына бөлек өмір сүретін, дамитын, шыңдалатын жағдайға жетеді. Аңыз - бөлшектенбеген, біріккен, жан-жақты сананың түрі ретінде өзі өмір сүрген дәуірдің дүниетанымы жөніндегі түсінігін, дүниеге көзқарастар жиынтығын білдірді. Ол сезімдік бейнелеу түрі ретінде, табиғаттың адамдық қасиеттерге ие болуымен, рефлекстердің жоқтығы және практикалық бағытымен ерекшеленеді.
Аңыздық дүниетанымдық көзқарастағы рефлекстердің жоқтығы дегеніміз әлем туралы түсініктердің ой елегінен өткізілмеуі, адамның әлем туралы өз түсінігі мен шын әлем арасындагы айырмашылықты елемеуі. Рефлекстік - бұл өзіндік көзқарас, сана, психикалық көңіл-күй туралы толғаныстар.
Аңыздың бағыттылығы - дүниетанымдық көзқарастың, шешімдердің бақытты өмірге, аурудан, жоқшылықтан, сәтсіздіктерден қорғануға деген мақсатымен тығыз байланысы. Осыған орай аңыздар бірнеше түрлі қызметтерді атқарады. Аңыздық сана табиғат пен қоғамның, әлем мен адамның бірлігі, үндестігі мен қайшылықтар шешілімін іздестіруді өзінің міндетіне алады. Оның көмегімен өткен заманғы, қазіргі және болашақ ұрпақтардың рухани байланысы қамтамасыз етіледі. Осы кезге дейін оның мазмұнынан ашылмаған сыр іздестіріледі, ой елегінен өткізіліп, баға беріледі. Мысалы, Зевс, адамға отты пайдалануды және қол өнерін үйреткен үшін Прометейді биік Колхида тауы тасына шынжырмен матап тастайды. Күндіз ұшып келген бүркіт оның бауырын шұқып жейді, ал түнде оның бауыры бұрынғы қалпына келеді, келесі күні бұл әрекет тағы қайталанады... Қайта жаңғыру дәуірінен бастап Прометей тұлғасы өнер адамы, философия, әдебиет қайраткері шығармаларында сан қилы ойға ұйытқы болды. Олардың басым бөлігі Прометейді адамға деген шексіз сүйіспеншілік, ізгілік, ержүректік нышаны десе, екіншісі оны Құдай көрсеткен жолдан тайдырушы, тәкаппарлық белгісі, адамзаттың экологиялық дағдарысқа ұшырауы, рухани азғындау деп бағалайды.
Алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауымен, аңыз үстем дүниетанымдық көзқарас ретіндегі маңызын жойды. Десек те, ғаламның, адамның, әлеуметтік құрылым, өмір мен өлім құпияларының сырын ашуға деген талпыныстар өз жалғасын таба береді. Бұл әрбір дүниетанымдық көзқарастың негізгі проблемасы болды. Оның шешімін аңыздан дін мен философия қабылдады, сұрақка жауап іздеудің әр түрлі жолдарды туындады.
Дін (латын сөзі religio - қасиеттілік) негізінде жаратылыстан тыс күштерге деген сенім жататын, оның адам өмірінде басты орын алатыны туралы дүниетанымдық көзқарас. Мысалы, өмір, тіршілік, молшылық, жеткілікті тұрмыстың бастауы Нілге тәуелді болған ежелгі мысырлықтар өзенді ерекше қастерлейді, фетиштік табыну нысанына айналдырады. Оған арналған дұғаның бірінде: «Болашақ әлемге, Мысырға өмір беру үшін осы жерден шыққан Гапи (Нілді ежелгі мысырлықтар – Нарі деп атаған) сен қасиеттісің. Сен-барлық жануарларға өмір беру үшін Күн жаратқан құпия құдайсың, бау-бақшаларды ылғалдандырушысың; барлық жерді және төніп тұрған аспан күмбезін суландырушысың; нан жасаушы, арпа өндіруші, балықтардың қожасысың; сенің арқаңда ғибадатханалар өмір сүреді, миллиондаған бақытсыздарға сенің еңбегің демалыс береді... Сенің суың көтерілгенде жер қуанышқа толады, әрбір жан иесі той тойлайды, кез келген жануар өзінің тағамын табады, кез келген ауызға ас түседі. Сен өнім өндіресің, ләззат бересің; сен-таңдаулының, дәмді тағамның билеушісісің, сен кез-келген жақсылықты жасайсың, сен жануарлар үшін шөп өндіресің, астық қоймаларын толтыру үшін, кедейлерге мүлік әкелу үшін Жоғарғы және Төменгі Мысырды құшағыңа аласың. Сен барлық көздің жасын ішесің және сол үшін өзіңнің мол игілігіңді ысырап етесің», – дейді.
Аңыз бен діннің өзара тығыз байланысы қайсыбір философтардың тарихи философияға дейін өмір сүрген, біртұтас аңыздық - діни, немесе діни - аңыздық рухани дүниетанымдық көзқарас туралы пайымдау жасауына негіз болды (Э. Гуссерель). Дінде (аңыз тәрізді) әлемнің сезімдік бейнеленуі орын алды және философиямен салыстырғанда онда анық практикалық бағыттылық басым. Діннің көзге түсетін өзіндік ерекшелігі – сенім мен діни ғибадаттан, яғни табынудан тұратыны.
Сенім - діни сананың өмір сүруі тәсілі, оның ішкі өзіндік жағдайын көрсететін айрықша көңіл-күй, әсерленушілік. Діни ғибадат, табыну, қалыптасқан діни салт, жоралғылардың құрылымы сенім түрінің сыртқы көрінісі болады.
Діни сенімнің көптеген түрлері бар. Алғашқы қауымдық пұтқа табыну діни сенімнің келесі түрлерінен өз көрінісін тапты: фетишизм (киелі деп танылатын затқа табыну), тотемизм (адамдардың шығу тегін жануарлармен, өсімдіктермен, табиғат құбылыстарымен байланыстыру, мысалы, түркі тілдес халықтардың киелі жануары – көкбөрі болған), анимизм (жан бар деп қарастыру, әруаққа сиыну), магия (сиқырлау, алдау, арбау). Мемлекеттік құрылыммен бірге өмірге келген ұлттық: дао, конфуций (қытай діндері), синто (жапония), иуда (еврей), заростр (парсы) діндер және әлемдік: будда, христиан, ислам діндері. Діни сана шеңберінде діни мінез-құлық өлшемдері әдеп (этика), арман, мұраттар (идеал) үлкен маңыздылыққа не болады, жалпы адамзаттық жоғарғы құндылықтар қалыптасуына әсерін тигізеді.
Қазіргі заманғы діннің тарихи міндеттерінің бірі – адамзат санасының бірлігін, жалпы адамзаттық өнегелікті қалыптастырудың маңыздылығын көрсетуі. Дін сүйіспешілік, мейрімділік, қайрымдылық, шыдамдылық, парыз, арлылық, әділеттілік сезімін және діни ғибадаттарды әдетке айналдырып, қоғам өмірінің құндылықтары арқылы жеке адамның рухани дамуына мүмкіндік жасау жолдарын іздейді.
Философия мен дін дүниетанымдық көзқарас ретінде адамның санасы мен іс-әрекетіне әсерін тигізуімен бір-біріне ұқсас мәселелерді шешеді. Дегенмен, олардың арасында терең айырмашылықтар да бар.
Философиялық дүниетаным ақыл-ой түсінігі түрінде өмір сүреді. Онда діннің–құдайлары, аңыздың батырлары негізгі кейіпкер болмайды. Мұнда табиғаттың тылсым күштері, ғылым, себеп, заңдылық, кажеттілік, мән және т.б. категориялар қарастырылады. Философияның тілі - жалпы түсініктер, дәлелдеп көрсетулер, қорытындылау, ғаламды жүйелі, қисынды түрінде бейнелеу.
Философия - рефлекциялық көзқарас түрі (сананың өзіне назар аударып, өзінің психикалық күйіне немесе адамның өзінің ғалам туралы түсінігіне, ғаламдағы адамның алатын орнын пайымдауы). Философия ғаламның рационалдық түсінігі, дүниетаным сұрақтарын талдауда тәжірибеге, қисынға келетін теорияға негізделген пайымдау есебінде өмірге келді. Алғашқы дүниетанымдық көзқарастар осы кезге дейін, тарихи дамудың барлық сатыларында сақталып келеді. Осымен бірге көзқарастың «таза» түрі сирек кездеседі, шынайы өмірде олар күрделі қайшылықты үйлесімділікті қалыптастырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет