Алаш қайраткерлері үшін қоғамдағы әйел теңдігінің маңызы. Негізгі бөлім



Дата07.02.2022
өлшемі36,18 Kb.
#96593
Байланысты:
Алаш қайраткерлері үшін қоғамдағы әйел теңдігінің маңызы


Жоспар:
Кіріспе
Алаш қайраткерлері үшін қоғамдағы әйел теңдігінің маңызы.
Негізгі бөлім

  1. Әйел теңдігінің ХХ ғасыр басындағы өзектілігі

  2. Алаш қайраткерлерінің әйел теңдігі жолындағы қызметі мен саясаты

  3. Әйел теңдігінің қазіргі заманғы ахуалы

Қорытынды
Әйел теңдігі идеясының бүгінгі қоғамдағы көрінісі мен қолданысы

ХХ ғасыр басында халқына аянбай қызмет еткен, ұлтының нағыз жанашырлары Алаш зиялылары қазақ қоғамының түкпір-түкпіріндегі мәселелерді жарыққа шығарып, күн тәртібіне қоюмен қатар олардың түпкі тамырын зерттеп, күресу жолында нық қадамдар жасай білгені қазіргі таңда әдебиет пен тарих беттерінен көрініс тауып отыр. Соның ішінде әйел теңдігі мәселесі Алаш қайраткерлерінің назарынан еш уақытта тыс қалған емес. Әлихан Бөкейхан: “Саясатшыл азаматтың алдында бүгінгі мәселе, бүгінгі тұрмыс мәселесі тұратын болса, ақынның алдында өткен, бүгін, келешек – үшеуі де тұруға тиісті” деген еді (Жүсіп, С.А, 2013, 143б.). Демек, Алаш өкілдері әйел теңдігі мәселесі әрдайым қазақ қоғамында өзекті болып келгенін және келешекте де өзектілігін жоғалтпайтындығын дәлме-дәл аңғара білген. Сол себепті де, 1910 жылы жарық көрген қазақтың тұңғыш романы Міржақып Дулатұлының “Бақытсыз Жамалы” қазақ қызы тағдырын арқау еткені, Бейімбет Майлиннің өз шығармаларында қазақ әйелінің жай-күйі мен тұрмысын сипаттағаны және Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Неке қияр”, “Қамар сұлу” шығармалары бұдан былай әйел мәселесі жөнінде үнсіз қалуға болмайтындығын нұсқаған Алаштың бастамашыл идеясын аңғартады. Алаш зиялыларының шығармаларындағы осы бір ортақ қасиеттен әйел теңдігі мен ұлт теңдігінің паралелдігін және әйелдің қоғамдағы орнын көтеру арқылы ұлттың да әлауқаты көтерілетінін тұжырымдауға болады.


Өткен ғасыр басындағы әйел теңдігі мәселесінің қаншалықты өзекті болғанын “Бақытсыз Жамал” романын талдау арқылы аңғаруға болады. Роман негізінен Жамалдың тағдырын ғана сөз етіп қоймай, сол замандағы қазақ қоғамын улаушы факторларды да әшкере етіп жан-жақты қарастырады. Әуелі, қазақта қызды өз еркінсіз жастайынан тұрмысқа беретіндігі және қызды бес байталдың құнына айырбастап жіберетіндігі бейнеленеді. Онымен қоса, қазақтың түбіне жететін парақорлық, болысқа таластық, баланы орысша хат танытудан қорқып тек мұсылманша біліммен шектеу, арамза молда мен балгерге сенгіштік сияқты әрекеттер оқып отырған оқырманның жанын ауыртпай, бей-жай қалдырмай қоймайды. Романның соңғы шумақтарында “Қараңғыда қалдым мен, шамшырақ сөнген заманда” (Дулатұлы М., 1910, 44б.) деп зарыққан Жамал өзінің ғана емес сол заман мен қоғамдағы барша қазақтың жай-күйін зарлағандай. Романдағы қыз тағдыры қанша аянышты болғанменен, Міржақып Дулатұлы сол уақыттың Жамалдарына ұран тастап, тығырықтан шығар жолдың бар екендігін көрсете білген деп санаймын. Яғни, Жамалдың қалаға барып еріктілігін растайтын заңды қағаз алуы, күйеуі Жұманның соққысынан қашып, қалада өз бетінше жалданып болса да күнін көруге беттенуі және ең маңыздысы, оқу-білімді сүйгені, хат тануға ұмтылғаны өзге қазақ қыздарына үлгі бола алады. Сондай-ақ, Бейімбет Майлин “Күлпаш”, “Қара шелек”, “Аштық құрбаны” секілді шығармаларында әйелдің көп жағдайда отбасы үшін еріксіз құрбандыққа түсетінін құр сипаттап қана қоймай, қазақ қыздары “Аштық құрбанындағы” Дәмеш секілді әділдік жолында, бақыты үшін өз құқығын қорғаудан тайсалмай, батыл бола білу керек екенін хабарлайды. Cұлтанмахмұт Торайғыр өзінің “Неке қияр” деген еңбегінде әлі күнге дейін өзектілігін жоймай келе жатқан қалың мал, жасы келген ер мен уыздай жас қыздардың некеге отыруы және әмеңгерлік секілді мәселелерге тоқталады. Ал Әлихан Бөкейханұлы француз авторы Мопасаннан аударған “Жарасын алдырған ана” шығармасында шығарманың әйел теңдігі туралы тұсына келгенде әйел байғұстың күні, ерлердікіндей емес, сары уайым мен қайғыға толы екендігін, сол себептен де бертін келе “жаман қатын” боп шыға салатынын (Жүсіп, С.А, 2013) дәл бір қазақы нақышқа келтіріп аударғаны әйел теңдігі мәселесінің тура француз қоғамындағыдай қазақ қоғамына да тән екендігін айрықша бөліп көрсеткісі келгені. Алаш қайраткерлерінің сол заманның өзекті мәселелерінің бірі әйел теңдігі тақырыбын көтеруі, оны әдебиет беттеріне кереметтей етіп түсіруі жай ғана демократиялық ұстанымдардан туған дүние емес. Алаштың әрбір ойшылы әйелдің қоғамдағы және отбасыдағы ролін тиісті орнына көтермей, өр рухты ұрпақ тәрбиелеу мүмкін еместігін түсінгені анық. Себебі Әлихан Бөкейханұлы сипаттағандай қайғы мен уайымда жүретін ана үшін балаларын еркін, ашық ойлы және рухани бай етіп тәрбиелеу оңайға соғатын іс емес. Түптеп келгенде, әрбір қоғамдық институт өз функциясын дұрыс атқармаса, соның ішінде, әсіресе, отбасы институтындағы әйел ролі бұзылса, күллі қоғамның да ұзаққа бармасы сөзсіз.
Ендігі кезекте аталған теңдікке жету үшін Алаш қайраткерлері нендей қызметтер атқарғаны мен ұстанған саясаттарына талдау жасап өткен абзал. Аса маңызды оқиғалардың бірі ретінде 1917 жылы 21-маусым мен 28-шілде аралығында Орынборда өткен бірінші жалпықазақ съезінде Алаш қайраткерлері құрастырған 14 түрлі күн тәртібінен тұратын бағдарламаны атауға болады. Соның ішінде тоғызыншы тақырып әйелдер мәселесіне арналып, әйелдердің саяси құқығы ерлердікіне тең болуы, тұрмыс құру еркі тек әйелдердің өздеріне ғана тиесілі болуы, қалың малдың күшін жою, он алты жасқа толмаған қыздарға құда түсуге тыйым салу, молдаларға он алты жасқа толмаған қыздардың некесін қиюға тыйым салыну мәселері ұсынылды. Сонымен қатар, неке қию рәсімінде молда екі тараптың да келісімін алуы тиістігі, жесір әмеңгерлікпен емес, тек өз қалауымен тұрмыс құра алуы, екінші әйел алу тек бірінші әйелдің рұқсатымен жүргізілуі, егер ол келіспей, кеткісі келсе, басқа азаматпен тұрмыс құрмайынша ол әйелге жәрдем беріп тұрылуы, бір рудан жеті атадан аспайынша үйленуге рұқсат берілмеуі жөніндегі ұсыныстар да көрсетіледі (“Collection of Documents," 1917). Озығы мен тозығы қатар жүретін ескі ата-баба заңдарының олқылықтары бар екендігін және олардың әйел қауымы үшін аса әділетсіз тұстары жетерлігін ескерген Алаш өкілдері әрбір бөлшегіне тоқтала отырып, әйел құқығын қорғайтын егжей-тегжейлі жарлық құрастырып, жалпықазақ съезінде ортаға салуы қазақ әйелінің қамы үшін бұрын соңды ешқашан жасалып көрмеген әрекет әрі қазақ әйелдері тарапына баға жетпес қолдау. Әйел теңдігі мәселесіне бағытталған механизм ретінде Алаш зиялыларының публицистика саласындағы еңбектерін де ауыз толтыра атауға болады. Мәселен, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналында жарияланған мақалалар оқырманды әйелдің қоғамдағы жете бағаланбаған ролі мен аянышты тағдырына қайта көз тастауға еріксіз итермелейді. Осы тұста 1917 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Сайлау хұқы» мақаласын атамай кету мүмкін емес, себебі ол Алаштың әйел теңдігін орнату жолында атқарған қызметінің тағы бір айқын дәлелі. Бұдан бөлек, Бейімбет Майлин «1929 жылы «Әйел теңдігі» журналының алқа мүшелігіне бекітіліпті» (Сыдықов, Т.С. мен Арынбекова Ж.С., 2012, 25б.) дегеннен-ақ оның қаламгерлігі арқылы талай санаға әсер етіп, әйелге теңдік әперу жолында білек сыбана қызмет атқарғаны сезіледі. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы 1918 жылы «Абай» журналында ХХ ғасыр өркениеттер бәсекеге түскен, халықтар мәдениетке ұмтылған дәуір екенін атап өтеді (Жүсіп, С.А., 2016). Сәйкесінше, әйел теңдігі орын алмай мәдениеттің жоғарғы сатысына қол жеткізу мүмкін емесін жете білген Бөкейханұлы халықты сауаттандыруға ерекше назар аударып, ұлдың да, қыздың да мектеп пен жоғарғы оқу орнындарында білім алу қажеттігін 1917 жылғы жарлығында күн тәртібіндегі басты тапсырма етіп көрсетеді (“Collection of Documents," 1917). Сондай-ақ, 1920 жылдың ортасына қарай Алаш өкілдерінің жіті қатысуымен мектеп және жоғары оқу орындары үшін түрлі пәндер бойынша оқулықтар құрастылып, аударылып және басылып шығарылды (Жүсіп, С.А., 2016). Өз билігін өзіне бермеген Кеңес үкіметінің тоқтаусыз қысымына қарамастан жоғарыда аталғандай белсенділік танытуы Әлихан Бөкейханұлы бастаған Алаш зиялыларының іс жүзінде Алаш көсемі айтқандай “тірі тұрсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын” (Жүсіп, С.А., 2013) деген ұстанымды өмір жолдарында негізгі қағида еткенін білдіреді.
Алаш зиялыларының өткен ғасырдағы әйел теңдігін орнатудағы мұқтаждығы қазіргі қоғамда да өз өзектілігінен толық айырыла қойған жоқ. Мұқтаждық дейтін себебім Н. Нұртазинаның зерттеу еңбегіне қарағанда сол заманғы қазақ әйелінің ауыр отбасы тұрмысы мен көнетоз салт-дәстүрлер есебінен, сондай-ақ, көшпелі өмір салтына байланысты батыс әйелдері секілді бірігіп бой көтеріп, қоғам санасына ықпал ету мүмкіндігі болмағандықтан (Khassanova, Galiya, 2002, 8б.), тек Әлихан Бөкейханұлы бастаған Алаш зиялылары бұл мәселені өздері бастап көтеруі шын мәнінде қоғамдағы мұқтаждықтан туғаны сөзсіз. Алаш ардақтыларының әйел теңдігі жолында атқарған орасан зор еңбегіне куә бола отырып, соған қарамастан әйел теңдігі идеясы қоғамда кең қанат жая алмады деп айту өкінішті-ақ. Дегенмен, Ғалия Хасанованың «Қазақстандағы демократиялық институттардағы әйелдер» деген зерттеуінде Алаш Орданың ер мен әйел арасында теңдік қалыптастыру атты идеясы партия мүшелерінің тұтқындалып, көшбасшысының өлім жазасына кесіліп, қысқа ғана ғұмыр сүруі себебінен әйел теңдігі идеясы қоғам санасына сіңіп үлгермегендігі көрсетіледі (Khassanova, Galiya, 2002). Әрине бұл мүлде Алаш қайраткерлерінің қызметі мен күресі зая кетті деген тұжырым емес, себебі кез келген ұлы идеяға негізделген мақсат қас пен көздің арасында іске асатын дүние емес, керісінше, қоғам санасының ашықтығы мен уақытты талап ететін үдеріс. Бірінші жалпықазақ съезінде талқыланған күн тәртібіндегі барлық сұрақтар шешімін таппағанымен, қазіргі таңда біз куә болып отырған қазақ әйелдерінің жаппай сауаттылығы мен ғылымдағы жетістіктері Алаштың көксеген армандарының бір бөлшегі орындалғаны. Есесіне ХХ ғасыр басынан бастап жаппай белең ала бастаған қазақ әдебиетіндегі жаңа бөлім - егжей-тегжейлі қазақ әйелінің тағдырын суреттеген шығармалар, романдар мен әңгімелер қазіргі күнге дейін маңызын жоғалтпай, қазақ әйелінің рух-жігерін көтеретін сарқылмас қазына күйінде қалып отыр.
Қазақты әлауқаты дамыған алдыңғы елдер қатарына қосамын деген адал әрі батыл ниетті Алаш қайраткерлері әйел теңдігі мәселесін көтеру арқылы әйел бақытты болмаса, қоғам бақытты бола алмайтынын көрсетті. Алаш ардақтыларының қай саясаты мен ұстанымын алып қарасақ та бүгінгі күнге, бүгін түгілі келер қоғамға да жарамды екені еш күмәнсіз. Оған дәлел ретінде әлі де болса қоғамда сиремеген қалың мал, көп әйел алу, ел ағасы жасындағы ерлердің жас қыздарға үйленуі секілді көптеген олқылық әрекеттер оңалмай тұрғаны жасырын емес. Әйелдің ғана емес күллі қоғамның дерті болған осы мәселелер тығырығынан шығаратын жол сілтеуі Алашорданың көреген саясаткерлігінің белгісі. Сонымен қатар, Алашорда жазушыларының сүйсіндіретін әрі қайран қалдыратын бір қасиеті – ақты ақ, қараны қара күйінде көрсетіп, бұрмасыз билік пен объективті пайым жасау білуінде. Егер осы қасиет болмаса, «Бақытсыз Жамал», «Қамар сұлу», «Қалың мал», «Ақбілек», «Шұғаның белгісі», «Шолпанның күнәсі», «Қорғансыздың күні» сияқты қазақ әйелінің жай-күйін көрсетететін шығармалар мүлде басқа бағытта жазылып, әйел мәселесін тайға таңба басқандай етіп көрсетпес те еді. Сол себепті, қазіргі заман жазушылары мен саясаткерлері де біржақты болмай, барды бар, жоқты жоқ дей отырып қоғамына қызмет еткісі келсе, Алаш қайраткерлерінің жолын өзіне үлгі етіп қалыптастыра білу керек.

Әдебиеттер тізімі:






Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет