15.12.2009
Төменде жарияланып отырған екі баяндама белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай мен Дихан Қамзабекұлының «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубында жасаған баяндамасы болып табылады. Аталған пікірсайыс клубында өзекті тақырыптар көтеріліп
«АЛАШ АМАНАТЫ: ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫ»
Биылғы желтоқсанда Астанада «Нұр Отан» ХДП-ның жанынан шаңырақ көтерген «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубы 1 жасқа «толды». Бір жылда қоғамдық пікірлер мен ерікті көзқарастардың көрігін қыздырған клубтың 9 жиыны өтіпті. Осы «тоғыздың» да көтерген тақырыптары қоғамдық пікірді ғана емес, тұтастай ұлтты дүр сілкіндірді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін, тақырыптарды тізбелеп көрелік: «Алаш құндылықтары және Қазақстанның елдік мүддесі», «Көпұлтты Қазақстаннан «қазақстандық ұлтқа» айналудың қаупі қандай?», «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде», «Ашаршылық зұлматына неге лайықты баға берілмей келеді?» және тағы басқалар.
15 желтоқсанда елордамыздағы «Риксос» қонақ үйінде өткен «Аманаттың» биылғы соңғы отырысы «Алаш аманаты» деген тақырыпқа арналды. Біз төменде алқалы жиында айтылған орнықты ойлар мен парасатты пікірлерді жазып алып, «Жас қазақтың» қалың оқырмандарына ұсынып отырмыз. Сондай-ақ, «Аманаттың» тізгінін ұстаушы Берік Уәлидің айтуынша, бұдан былай барлық отырыстардың жазбаша нұсқасы аталған клубтың өз сайтында жарияланады.
Берік УӘЛИ: Біз өткен жылы «Аманаттың» тұсаукесер жиынын Алаш тақырыбымен бастағанбыз, биыл да сол тақырыппен аяқтамақ ойымыз бар. Өйткені, Алаш құндылықтары ешқашан да күн тәртібінен түспеуі керек. Сол себепті, біз ұдайы желтоқсан айында Тәуелсіздік күнімен қатар келетін Алаштың туған күнін бір-бірімен ұштастырып, бүгінгі жиынымызды «Алаш аманаты» деген тақырыппен өткізіп отырмыз. Басты баяндамашымыз – жазушы Тұрсын Жұртбай мырза.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Қадірлі ағайын! Баршаңызды қазақ дүниеде жаралғаннан бергі ең қасиетті күн, ең қасиетті ұғым, ең қасиетті аңсар және біздің үрім-бұтағымызға дейін сол игілікте болсын деген ТӘУЕЛСІЗДІК күнімен құттықтаймын! Бүгінгі отырыста «Алаштың аманаты не еді? Сол аманат бүгінгі күнмен қалай байланысып жатыр?» деген тақырып аясында әңгіме өрбітбекпіз. Осы отырысқа келерде Алаштың біртұтас идеясын, тұжырымдамасын бүгінгі күнгі идеямен салыстырып қарап, өзімше ой түйдім. Мысалы, Алаштың жер туралы бағдарламасының өзі 70-80 беттен асатындықтан, оларды тұтас мазмұндап беруді жөн көрдім. Өйткені, Қазақстанның тәуелсіздігі - өзімнің жеке басымның, үрім-бұтағымның, ата-бабамның тәуелсіздігі. Міне, осы идеяны, қоғамдағы көріністерді Алаш идеясымен салыстырғанда төбе шашым тік тұрды. Мысалы, 1905 жылғы М. Тынышбаев пен Х. Досмұхамедовтердің «Ақмоланы астана жасаймыз» деген идеясынан бастап, барлық пікірлерді салыстырсақ, бірақ нәрсе орындалыпты. Ол – Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алған. Қалған айтылған сөз, 1905, 1911, 1917, 1919, 1923, 1927, 1934, 1937-ші жылғы таластарға дейін қазақ ұлттық мемлекетін орнату барысындағы жоспарлар сол арман күйінде тұр! Сол арманды патша өкіметі тұсында, кеңес өкіметі кезінде кім тұншықтырды? Бүгінгі күні 1994 жылғы Конституцияға дейін тәуелсіздіктің сипаттары қалған мемлекетіміздің қазіргі бет-бейнесін өзгертуге кім әсер етті? Неге біз осы он сегіз жылдың ішінде тығырыққа тірелдік? Яғни, кешегі мен бүгінгіні салыстырып отырып, мен таң қалдым. Дәл бүгін қазақ қоғамы профессор Нұрлан Өтеғалиев айтқандай, «аса бір қауіпті жағдайға бойын үйретіп алған сияқты». «Қазақстан қоғамы жалған ғылымға бірте-бірте бой үйретіп барады» деді ол. Демек, біз жалған қоғамға бойымызды үйретіп барамыз. Жасандылық – бұл ең қауіпті көрініс. Өз табанымен жерді басып тұрған мемлекетті қабыршақ мұздың үстіне апаратын көрініс. Біз барлық салада осыған кетіп барамыз. Алданып болған халық бұрынғысынша өмір сүргісі келмейді. Ана қабыршақ мұздың астында батпақ жатқанын біледі, оған қайтып батқысы келмейді. Өйткені, билік соның ішінде үкімет бұрынғысынша басқара алмайтындай дәрежеге жетті. Ол соңғы үш жылда мемлекеттің ішкі құрылымдарының немесе жекелеген саясаткерлердің күйреуінен анық байқалуда. Қай жерде қылмыстық дау бар, соған біздің мемлекеттің қатысы бар. Міне, жақында Тайландта 40 тонна қару-жарақпен қазақстандық ұшқыштар ұсталды. Әй, қай уақытта, қай мемлекеттің 3-4 қауіпсіздік министрі шетелдің шпионы болып шығып еді? Біздікінің Мирошниктен бастап бүгінге дейін барлығы шетелдің тыңшылары болды. Әй, қай уақытта, қай мемлекеттің төтенше жағдайлар министрі шабаданын жиып алып, қатынын қолтығынан ұстап ертіп, шетелде талтаңдап жүруші еді? Қай уақытта, қай елдің қорғаныс министрі пәленбай миллиардтаған қару жоғалғанда, із-түссіз жоқ болып, шетелде жүруші еді? Оларға кім не деп жатыр? Біздің қоғамның алдында бір жауап беруі керек емес пе? Ол ол ма, әй қай кезде ҰҚК мен Бас прокуратура соттасып жатушы еді? Бұл мемлекеттің құлдырауы емес пе? Осындай күйреуге бізді не алып келді? Әрине, намыссыздық. Ал осы намыссыздық қайдан туып отыр? Осы сауалға жауап іздеп көрелік.
Алаш идеясы деген не? Алаш бізге нені аманаттап қалдырды? Алаштың қорғайын деген идеясы, орнатайын деген мемлекеті – Жапония секілді ұлттық демократиялық мемлекет құру. Оның негізі неде? Мен мұны Әлихан Бөкейхановтың пайымдауы бойынша, жәй сөзбен қысқартып айтайын. Алаш идеясын ту етіп көтерген азаматтарды бес түрлі мақсат біріктірген. Қазақ мемлекеті үшін ең бірінші мәселе – жер. Өйткені, жер – Отан, жер – экономика, жер – қорғаныс, жер – мәдениет, жер – намыс. Жерсіз мемлекет болмайды. Ә. Бөкейхановтың айтуынша, жер ешқашан жеке меншікке берілмеуі керек. Өйткені, әр ұлт, әр сарбаз өз елін «Менің жерім!» деп қорғауы керек. Біз бүгін әнұранымыздағы Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің елім, менің жерім!» деген өлең жолдарындағы «жер» сөзін алып тастап отырмыз. Бұл сөз тегін алынған жоқ. Жер жеке меншікке берілді дегенше, қазақ та өзінің бостандығынан, тәуелсіздігінен айрылды деп есептеу керек. Бүкіл жер қазаққа ортақ болуы қажет. Өйткені, жер – мемлекеттің меншігі және Отанның кепілі. Ал шын мәнінде, 2001 жылғы жер реформасынан кейін, билік әрбір қазақты, әрбір қазақстандықты өзінің отанынан айырды. Сонда менің балам кімнің жері үшін соғысуы керек? Енді осы сөздеріме нақты мысалдар келтірейін. Мен Торғайдағы Ахмет Байтұрсыновтың Ақкөлін көрдім. Бұл 2,5 мың шаршы метр аумақтағы жалғыз көл, құрдымның өзінде жатқан көл. Яғни, Арқалыққа дейін 600, одан Торғайға дейін 500, Торғайдан әрі қарай 270 шақырым жерде орналасқан. Бұл бүкіл Торғайды ашаршылықтан аман сақтап қалған көл. Сол көл 2006 жылы жеке меншікке сатылып, Торғайдағы 17 кеңшардың халқы балықсыз қалған. Торғайдың жері сары топырақты болып келетіндіктен, онда сабағы қоға, басы бидайық сияқты қоқа деген өсімдік қана өседі. Оны мал жемейді, егін салуға келмейді. Яғни, халықтың күнкөріс көзі – балық аулау ғана. Ал былтыр сол Ақкөл тартылып, балығы шіріп, жағаға шығып қалды. Сөйтіп, ақкөлдіктер «ең қорлығы сол, биылғы жазды балық өртеумен өткіздік» дейді. Балық шіріген жерде індет тарайды. Ал, жалғыз күнкөрісінен айрылған ел не істейді? Тағы бір мысал. Былтыр Шығыс Қазақстанда өскен шөп адам бойынан асып кетті. Ал, Семейде басты мәселе шөп тапшылығы болды. Ана адам бойынан асатын шөпті шабуға болмайды. Өйткені, ол біреудің жері. Кімнің жері? Ивановтікі, Петровтікі, Мерзоевтікі, әйтеуір қазақтікі емес. Оның иесі не бір грузин, не бір армян. Сондай-ақ, Қазақстанның көп аймақтарында биыл егін бітік шыққанымен, орылмай қалды. Неге? Өйткені, Қазақстанның бүкіл егіні - 7-11 латифундистің меншігі. Солтүстіктегі облыстардың барлық элеваторлары шешендер мен ингуштардың қолында. Ауыл шаруашылығы министрі бұл мәселені қарайын десе, шамасы жетпейді. Өйткені, ана жер Кулагиндікі, мына жер Терещенконікі, үшінші бір жер Мәдиновтікі. Мен өз сөзімнің дәлелін алдын-ала айтайын, қазақ жерін бөліп алған сол 11 адам да Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі. Ассамблеяға саясатпен айналысуға құқық берген соң, солар жер саясатын жүргізіп отыр. Салыстырып қарасам, осы ассамблея патша заманындағы жерді отарлау, бөліп беру саясатын жүргізген земствоның міндетін қолына алыпты. Яғни, бізде қазір екі үкімет бар. Ал ассамблея бірінші үкіметтің қызметін атқаруда. Жер мәселесі – қазақтың тәуелсіздігінің кепілі. Бұл мәселеге қайтып оралу керек шығар?!. Бәлкім, бұл мәселені бүкілхалықтық референдуммен шешкен дұрыс шығар...
Алаштың екінші идеясы – қазақ жерінің асты-үстіндегі, аспанындағы байлықтың бәрі бір тыйыны да қалмай қазақ мемлекетінің игілігіне жұмсалуы керек. «Одан асса, шетелге инвестицияға шығаруға болады» дейді. Мен үнемі статистикалық мәліметтерді жиып жүремін. Мысалы, Ресейге барып, компьютерді қосып қалсаң, Қазақстанның экономикасы туралы ақпарат самсап шыға келеді. Түркияға, Монғолияға барсаң да барлығын ашық оқи аласың. Ал біздің сайттарымызда ондай ақпараттар неге жоқ? Сондай-ақ, екі жердегі ақпар бір-бірімен сәйкес келмейді. Қазақстан жерінің 77 пайызы латифундистердің қолында. Менің таң қалатыным, сонда еліміздің жері қайда? Біз не үшін жер басып жүрміз? Біз басатын жер жоқ. Біздің бүгінгі күйіміз баяғыда мектептегі тарих оқулығында бір аяғымен жер басып тұрған орыс мұжығының суретіне ұқсайды. Жеріміздің асты мен үстіне басқалар ие. Аспанды айтпай-ақ қояйын, өйткені «Қазсаттың» қайда қаңғып жүргенін білмеймін. Қара металлургия Машкевич, Шодиевтердің қолында, түсті металлургия мен мыс Ким, Нилердің қолында. Қай өндірісті алсаң да, қожайыны қазақ ұлтының өкілі емес. Үшінші идея - Әлихан айтқандай, қойдың үстінен қырқылған бір уыс жүн қазақ халқының үстіне тоқыма болып тоқылуы керек. Алаш көсемдері: «Отарлық жүйеде басқаға қарайлаумен күніміз өтті. Тәуелсіз экономика жасамасақ, емінсек ел боламыз. Ол біздің алған тәуелсіздігімізді он бес жылда екінші бір тәуелді мемлекетке айналдырады» деген. Біздің бүгінгіміз тура осы. Ауылда мал жоқ. Ең болмаса малды да баға алмай отырмыз. Көзіммен көргенімді айтайын, менің ауылым Көксеңгір деген жерде. Қаншама жер шөбі шабылмай бос жатыр. Бірақ, ондағы ел малына шөп таба алмай отыр. «Әй, мына шөпті неге шаппайсың?» деп ағайыныма ұрыссам, ол: «Болмайды» дейді. Неге? Өйткені, біреудің жері. Ойбай-ау, қазақ өзінің жеріне шыққан шөпке өзі ие болып, малын өсіріп, өзінің үстіне киетін көйлекті өз қойының жүнінен алмас, не болмақ? Жұмыссыздық деген осы емес пе?!.
Төртінші идея – тіл, дін, діл үстемдігі. Мемлекет бүгін тіл туралы бағдарлама жасағысы келсе, Алаштың бағдарламасын сол күйінде көшіріп қолдануға болады. Дін туралы бір мысал айтайын. Міне, екі жарым ай болды, Қазақстанның БАҚ-да мұсылман дінін насихаттамау туралы нұсқау шығыпты. Әй, мұндай нұсқауды кім берді? Ондай идеологияны басқарып отырған кім? Әрине, халық ассамбеясы. Қазір біздің діліміз үшке бөлініп кетті. Әнуар Әлімжанов ағамыз айтқандай, дала мен қаланың баласы өмір-бақи тіл табыса алмайды. Шынында да қала мен дала екіге бөлінуде. Жерде ие болмаған соң діліміз бұзылуда. Мысалы, астанадағы «Жеті бөшкеде» бір мың қазақ тұратын болсақ, соның 999-ы қазақтар. Бірақ бірде біреуі қазақша сөйлемейді. Мыж-мыж болған кемпірлер де бар ішінде. Діл бұзылғандықтан, тіл әлі көшеге шыққан жоқ. Егер маған салса, бір күн президент болсам, Қазақстандағы бір телеарнаны күніне 24 сағат, жылына 365 күн және мәңгілікке қазақша мультфильмдер көрсететін арна етіп ашар едім. Бесінші идея – ұлттық дәстүр мен тәуелсіз ғылымға негізделген, заңғы сүйенген ұлттық демократиялық мемлекет құру. Неге тәуелсіз ғылымға негізделген? Мысалы, несиелік технология дегеніміз – Қазақстан үшін сауатсыздықтың басы. Өйткені, бізде онымен оқитындай негіз де, менталитет те, оқулық та, білім де жоқ. Өз бетіңше оқитын оқулығың болмаса, бірінші курстан бастап қандай тәжірибелік жұмыс туралы айтуға болады? Біз студент кезімізде Л. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романын бір семестр оқығанбыз. Ал, қазір 40-60 жылдардағы қазақ әдебитетін бір блок оқимыз. Бір блок дегеніміз – 1 ай, 20 күн. Оның ішіне Әуезовың да, Мұқановың да, Мүсіреповың да кіріп кетеді. Бір блокта басқа емес, М. Әуезовтың «Абай жолын» оқып шығуға мүмкіндік бар ма? Сөйтсек, біздің оқыту жүйеміз бакалаврлықпен, магистрлықпен сәйкестендіріліп қойылған көрінеді. Дәстүрлі заң дегенде, біздің 100 заңымыздыың бірде біреуі ішкі дәстүрімізге негізделмеген. Малайзия, Сингапур дегендерді айтады. Әй, ең болмаса ұлттық мүддесі бар анау Францияның, Германияның заңына неге негізделмейді? Ал, біздікі болса орындарын ауыстыра салған. Болды. Яғни. Бір сөзбен түйіндесем, Алаштың осы бес аманаты жүзеге аспай, қазақ қоғамы қалпына келеді, қазақ алға басады деу бекершілік. Алаштың аманатына адал боламыз, оны жүзеге асырамыз десек, Қазақстан халқы ассамблеясын өзінің орынына қоюмыз керек. Қос өкіметтік жойылмай, қазақ қоғамында тыныштық болмайды. Халық ассамблеясы жалған ғылым, жалған идеология, жалған насихатты дамытып отыр. Қазіргі кезде қоғамдық наразылықты да тудырып отырған осы ассамблея. Әй, «Ел бірлігі» доктринасындағы «қазақстандық ұлт жасаймыз» дегені неткен масқаралық?.. Америкалық ұлт жасау үшін, сол жердегі үндістер сияқты бүгінде Қазақстанның халқының 77 пайызын құрап отырған қазақтарды қырып тастау керек. Осыдан біраз бұрын Амангелді Айталы ағамыз айтқандай, халық ассамблеясы билік басына 5-6 жылда емес, бүгін шығып алды. Неге мемлекет оларды бюджеттен қаржыландырып отыр? Неге ол қоғамдық бірлестік бола тұра, мемлекеттік идеологияға өз бетімен араласып, Қазақстанның болашағын анықтайды? Міне, барлық мәселе осында жатыр.
Амангелді АЙТАЛЫ: Орыстілді баспасөзде «Алаш қозғалысының өзінде бір тұтастық болмады», «Алаш көсемдерінің бастары бірікпеген және олар қазақ мемлекетін құруға асықты» деген пікірлер айтылуда. Бұл бір. Екіншіден, кейбір депутаттарымыз «Қазақ өзінің тәуелсіздігін Кеңес үкіметінің оқытып-тоқытуы арқасында алды» дегенді айтып жүр. Осы екі ойды жалғастырып айтатындар көбейіп кетуі мүмкін-ау деймін?
Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Тарихи фактілерге сүйенсек, Алашорда желтоқсанның 13-де өз тәуелсіздігін жариялады. Яғни, олар үш ай кешікті. Ал, беріде 1991 жылы тамыздың 24-де өзбектер, одан кейін түркімендер, соңынан қырғыздар жариялады. Біз ғана желтоқсанның 16-сына создық. Екі жағдайда да, Ленин мен Николай және Ельцин мен Горбачев соғысып, басқаға мойын бұра алмай жатқанда сәті түсті. Ал Алаш асықсын, асықпасын, енді бір ай кешіксе, кеңес өкіметі орнап, автономия ала алмайтын еді. Енді ауызбірлік туралы. Ахмет Байтұрсыновқа: «Сіз Рысқұловпен қалайсыз?» деген сұрақ қояды. «Ол большевик қой. Мен большевиктердің жауымын. Мені ол Қожановпен жақсы дейді» деп жауап береді. «Ойбай, ендеше Қожановпен қалайсыз?» деп сұрағанда, «Қожанов коммунист емес пе? Мен коммунистердің жауымын. Және оның Түркістан мемлекетін құрамын дегеніне қарсымын» дейді. Осы жауаптан соң, Рысқұловты жақтаушылар Ахаңды түкке алғысыз қылып тастайды. Қазір Рысқұлов туралы диссертация қорғалмай отыр. 25-27 жылдардағы Рысқұловтың Алашты құрту, кәмпескені тездету, 32 жылғы Сталинның сәуірдегі баяндамасы халықты ашаршылыққа алып барған сияқты. Бұл факті. Мұстафа Шоқайдың Түркістан идеясына Байтұрсынов, Бөкейхановтардың қарсы болғаны дұрыс. Өйткені, алашордашылардың әрекеті арқылы Қазақстанның солтүстігіндегі және оңтүстігіндегі бес облыс еліміздің құрамына енді. 1920 жылы 4-17 тамызда Кремльде Әлихан Бөкейхнов, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсыновтар Ленинмен айтысқа түсіп, Қазақстанның бүгінгі аумағын қорғап қалған. Егер де Тұрар Рысұловтың Түркістан идеясы жүзеге асса, Алматы, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда және Хиуаның жартысы ғана Түркістан республикасының жері болар еді. Ал Қостанай, Торғай, Орал облыстары Қазақ автономиясының жері. Петропавл, Көкшетау, Қарағанды, Ақмола, Семей және Өсекемен – Батыс Сібірдің аумағына кірген. Сонда кімдікі дұрыс? Менің бір түсінбейтінім, осылар бүгінде неге айтылмайды. Неге осы идеяны ұстанбаймыз? Ал орыс баспасөзі бұларды арандаут ретінде пайдаланып отыр.
Амангелді АЙТАЛЫ: Әрине, біз Алаштың барлық мұрасын бір жиында айтып, тауыса алмаймыз. Мен қысқаша өз ойымды айтайын. Жер асты байлығымыздың қолды болып кетуі мұнай, газ, металл шығатын жерлерде... Бірақ, мынадай бір ақиқат бар екен. Ақтөбедегі Дөң кен байыту комбинатының еншілестері тек шетелдіктер ғана емес. Өзіміздікі де бар екен. Жергілікті ұлттық буржуазяи шетелдіктермен бірігіп, жұмыс істеп жатқан көрінеді. Бірақ, бұл құпия. Десек те, қанша құпия болса да, шығып қалады. Тәуелсіз экономика дегенге келсек, бүгін біз өзімізді өзіміз асырай алмай отырмыз. Басқаны айтпағанда, «30 корпоративтік көшбасшы» деген бағдарламада ауыл өндірісіне арналған жоба жоққа тән. Бір кездері ағылшынның бір премьер Үндістанға қатысты былай депті: «Тәуелсіздікті алу бар да, оған қол жеткізу бар. Үндістан әлі біраз уақыт бізден кетпейді». Бізде сол тәуелсіздікті алдық, бірақ шынайы тәуелсіздікке қолымыз жетпей жатыр. Әрине, Алаштың барлық идеясымен келісеміз. Бірақ, жоғарыдағы бес мұратқа жете алмай отырмыз. Бірақ, ғасырлар бойы қордаланған мәселелерді 18 жылда шеше аламыз ба? Мүмкін, шын мәнінде уақыт аз болып жатқан шығар. Бірақ, осы уақытта біраз мәселені шешуге болмайтын ба еді деп те айтуға болады. Тұрсын Жұртбайды қолдасақ, біраз уақыт көптеген мүмкіншіліктерден айрылып қалдық. Қадіріміздің қашқанын енді біліп жатырмыз ғой деймін.
Мысалы, жер мәселесінің бұдан да әрі ушығуы мүмкін. Бір жағынан алғанда, Ресеймен шекараны анықтау үлкен жетістік. Жалпы орыстар қазақтармен шекараны анықтауға ешқашан да көңіл бөлген жоқ. 2005 жылы қараша айында Ресей мен Қазақстанның шекарасын анықтауға арналған отырыс болды. Бірінші нүктесінен бастап, көлі бар, сайы бар, суы бар, орманы бар, тауы бар әрбір метріне дейін екі тілде жазылған 500 бет кітап екен. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин осы мәселені бір күнде келісіп, шешкен. Біз өте үлкен құлшыныспен ратификация жасадық қой. Сонда «жер берілмесін» деп Ресейдің 36 депутаты өре түрегелген. Путин болса: «Қазақ деген жақсы халық» деп тоқтатыпты. Өйткені, қазақтан басқа Ресейді қолдайтын ешкім қалмады ғой. Украинасы анау, Балтық жағалауы анау, Кавказы анау. Соның өзінде, күні бүгінге дейін шекараның әлі шешілмеген мәселелері бар. Десек те бұл үлкен жетістік. Осы хаттама БҰҰ-на кетті ғой. Халықаралық күшке енді. Қытаймен де сол сияқты. Ал еншімізді алғанмен, елдің ішіндегі мәселені келістіре алмай жатқанымыз рас. Балқаштан былай қарай 30 млн-ға жуық жер әскери полигон. Оның жалдық ақысы да көп емес. Сол жерлерге де қазақ малын жая алмай отыр. Бұл – зымырандық полигондар. «Бұл да еліміздің қорғанысы, бұл зымырандар тек Ресейді емес, бізді де қорғайды» дейді. Өз еліміздің байлығына ие болу, жерді тиімді пайдалану және рухани мәселелерді шешпеу – бұл әрине, әсіресе Ресейдің ақпараттық үстемдігі. Біз бүгін орысша ойлаймыз, орысша сөйлейміз. Біздің көп адамдар украиндықтарды, грузиндерді, шешендерді айыптайды. Неге олай? Себебі, біз әлгі орысшалағанда «зомбыланғанбыз». Бұл міне, бар дүние. Неге сол Украинада, Грузияда біздің бір телеарнаның журналисі отырмайды? Олай емес, бұлай деп. Мәскеуде бар. Өйткені, оларға тиімді, ал біз толық ақпарат ала алмай отырмыз. Осылайша көптеген жағдайларда біз орыстың жетегінде кеттік. Содан соң ішіміздегі орыстар Ресейдің Осетия, Абхазия, Грузияменен қақтығысын түгелдей қолдап отыр ғой. Біздің сыртқы саясатымыз бар. Бірақ, орыстар оны қолдамайды. Жаңағы ақпараттың да ықпалы бар. Сондықтан Тұрсын Жұртбай айтқандай, ұлт-азаттық күрес барлық салаларда жалғасып келе жатыр деуге болады. Шекара бар, ал рухани салада шекара жоқ. Содан кейін қол-аяғымызды байлап тұрып, ЕҚЫҰ «Діни сенім және діни бірлестіктер туралы» заңымызды қабылдатпады ғой. Ол да соның кесірі. Ал бір жыл төрағалық етеміз деп, 1000 жылдық құндылықтан айрылып қаламыз ба?.. Құрсау сол. Сондықтан, көтерілген мәселелер өте орынды, ойланатын жағдайлар көп. Бір жағынан «уақыт аз» деп ақтауға болады, бір жағынан сол 18 жылда басқа мемлекеттермен салыстырғанда көп жағдайда бітіретін істерді салғырттыққа салдық. Енді мәселе, шын мәнісінде философиялық тұрғыдан айтқанда, «не страшно то, в каком обществе мы живем, а страшно то, из какого общества мы вышли». Коммунистік, атейстік психология, ұлтқа деген салқындық жалғасып келе жатыр әлі. Сол психология билікте отыр. Сондықтан, әлі де болса, сол бұрынғы идеология, бұрынғы саясаттың ықпалы жүріп тұр деуге болады.
Бүркіт АЯҒАН: Мен де Алаш көсемдерінің алдында сөзсіз бас иемін.Социология ғылымында мынадай жағдай бар: біреулер жақсы ой айтады, енді біреулер соны іске асырады. Мысалы, Алаш көсемдері керемет ой да айтқан, сол ойын іске де асырған. Алаш бағдарламасының бірінші тармағын қарасаңыздар, 20-шы ғасырдың бас кезінде олар алғаш автономия, президенттік билік туралы ой айтқан. Ең кереметтігі сол, сол ойлары үшін жандарын пида етті. Олар 1937-38 жылдары атылып кеткенге дейін, өз идеяларымен қоғамды өзгертіп үлгерді. Мысалы, Қазақстанның бүгінгі шекарасын сызды. Автономия жариялады. Тіпті, сол кезде қазақ полктері де болды. Ал, біздің бүгінгі жағдайымыз қалай? Осы арада мен Түкеңнің кейбір ойларын қостаймын, ал кейбірімен келіспеймін. Мысалы, ауыл әлі де ұйқыда жатыр. Былай қарасаңыз, керемет заңдар қабылдануда. Қолыңнан келсе, көл сатып ал. Жер ал да, малыңды көбейт. Ең оңайы, мал көбейту. Бірақ, жалқау қазекең малын көбейтпей отыр. Жұмыс істегісі келмейді. Бір жылқы, бесалты қой ұстайды. Содан қалғаны үкіметтің әлеуметтік көмегін алады. Болды. Енді рухани тәуелсіздік дегенге бір мысал айтайын. Ұлтаралық некеге келгенде мынадай мәселені білу керек. Қазір меншік деген бар. Қазақ қызы орысқа күйеуге шықты. Біреудің үйінде крес тұрады, енді біреудің мәдениеті бойынша ондай жағдай болмау керек. Мәселен, айталық сенің балаң шетелде жүріп, басқа ұлттан әйел алып, сол жерде қалып қойды. Ертеңгі күні сенің байлығың мұралық құқық бойынша сол жаққа кетіп қалуы мүмкін. Қазір біздің байларымыз балаларын шетелде оқытып, сол жақта қалдырып жатыр. Мұның арғы жағында үлкен даулы мәселе туады. Мысалы, арабтар қыздары, ұлдарын шетелге жібермейді. Неге десеңіз, оларда бұрыннан меншік мәселесі бар. Оларда біз сияқты үш бөлмелі пәтер емес, көбінде млрд-таған ақша бар. Сондықтан, бұл мәселеге ерекше көңіл бөлу керек. Рухани мәселемен экономиканың байланысы бар.
Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ: Бізде не жоқ? Бізде рух, намыс жоқ. Биыл Монғолияға бардым. Сонда көргенім, Мәскеудің «Арбатындағы» сияқты екі қабат үлкен кітап дүкені тұр. Бір бұрышына «Шығыс кітаптары» деп жазып, қытайша, вьетнамша, кәрісше кітаптарды, енді бір бұрышына орысша, ағылшынша кітаптарды қойыпты. Ал екі қабатты алып кітап дүкенін монғолша кітаптармен толтырып тастаған. Бір таң қалғаным, бірде бір дүңгіршектен жалғыз орыс газетін көрмейсіз. Таза монғолша газеттерге лық толы. Ал біз қандай бір жиын өткізетін болсақ, орыс іздейміз. Бір орыс отырмаса, ол жиналыс жиналыс болмайды. Міне, бізде рух жоқ. Сондықтан, бүгінгі интернационализмді шығарып отырған ассамблеяға қарсы келетін жерде қарсы шығуымыз керек. Сіз бен біз Елбасын жақсы көреміз. Бірақ, ол кісі көп нәрсені білмейтін шығар. Сондықтан, оны интеллигенция қатты айту керек. Біз қозғалуымыз керек. Біз айқайлауымыз керек.
Берік УӘЛИ: Біз бұған дейін көптеген атаулардың әлі берілмей келе жатқанын, оның бәрі айналып келіп Алашқа қарсы азаматтардың қарсылығына тап болғанын айттық. Яғни, ондай азаматтар билікте отырған кезде Алаштың аманатының іске асуы екіталай. Ол ақиқат. Алаш тақырыбын талқылауымыз тек 90 жылдықпен шектеліп қалмай, ол үнемі дәстүрге айналуы керек. Менің ойымша, Алаш аманатына адал болу үшін әр азамат өзінше үлес қосу керек. Мысалы, былтырғы отырысымызда көптеген кедергілердің бар екені айтылған. Көптеген облыстарда Алаш көсемдеріне көшелер берілмей келеді. Бұл жерде Қарағандыны мысалға алуға болады. Алдағы уақытта Алаштың негізгі орталықтарының бірі – Қарағандыда Алаш ардақтыларына бас көшенің аты берілсе, үлкен қалаларымыздада ескерткіштер орнатылса нұр үстіне нұр болар еді.
Жазып алған «Жас Қазақ» газетінің тілшісі Төлен ТІЛЕУБАЙ
Достарыңызбен бөлісу: |