«алаш» баспасы



бет12/26
Дата19.12.2016
өлшемі5,84 Mb.
#4110
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   26

ҚОРЫТЫНДЫЛАР

Айтылғандардың бәрін жинақтай келгенде,біз Абай философиясын кәдуілгі буржуазиялық идеалистік философиясының, теология басымырақ келетін, әр түрі деп көп күмілжімей-ақ тиянақтай саламыз. Бұл философия осы кезге дейін қазақ халқының байсалды зиялы топтары мен қалың бұқарасы арасында таратылып келді және таратылып жатыр. Мұны, айтпағанда, біздің өкінішімізге орай, революциямыздың он бірінші жылының өзінде осынау буржуазиялық қоқыс (Абай философиясы) ешбір сынсыз-тексерусіз жас қазақ жұртшылығына нағыз материалистік философия ретінде ұсынылып жүр. Абай философиясы – нақыл сөздері әлі күнге дейін күллі қазақ оқулықтары мен басылымдарында, бізде өндірілетін дәптерлердің сыртында, сол сияқты баяндамалар мен сөздерде т. б. цитат ретінде алынып келеді және алынып отыр. Егер осындай өрескел олқылықтар осыдан бес-алты жыл бұрын қайталанса, оған таңырқауға да болмас еді. Өйткені ол кездері Қазақстанда еңбекшілер билігін орнату процесі енді ғана жүріп жатқан-ды, ал қазір ол орнатылды және қазақ халқы өмірінің кез-келген саласында революция жүріп жатыр, сол себепті де біз Қазақстан партия ұйымының идеологиялық майдандағы бірінші кезектегі міндеттерінің бірі, кәдуелгі буржуазиялық қоқыс ретінде, абайшылдықтың түбіне жету болмақ деп есептейміз. Сондықтан да ең таяу мерзімде Қазақстан партия-совет жұртшылығының мәдени күштерін Абайдың ілімі мен оның қазіргі пікірлестеріне қарсы күреске жаппай жұмылдыру керек.


Аударған Әбілмәжін ЖҰМАБАЙ.


Ыдырыс МҰСТМБАЕВ
АҚЫН АБАЙ ЖӘНЕ ОНЫҢ ФИЛОСОФИЯСЫ

(Қабылов жолдастың мақаласы туралы)


Қабылов жолдас «Қазақ ақыны Абайдың философиясы және оның сыны» атты «Советская степке» шыққан мақаласын (2 тамызда): «Қазақстан партия ұйымының идеологиялық майдандағы бірінші кезектегі міндеттерінің бірі — кәдуелгі буржуазиялық қоқыс ретінде, абайшылдықты жоқ ету. Сондықтан да өте қысқа мерзімде Қазақстанның партия, совет жұртшылығының мәдени күштерін Абайға және оның қазіргі пікірлестеріне қарсы күреске жаппай жұмылдыру керек» - деп, Абайды өлтірумен бірдей сөздермен аяқтапты. Әралуан философиялық ғақлиялармен және өзінің схематикалық жолмен атүсті құрыла салған ой-пікірлерін орынды да орынсыз пайдалана отырып, Қабылов жолдас қолын бір сермеп-ақ Абайдың түбіне жеткісі келеді.
АБАЙДЫ ҚАЛАЙ ТАЛҚАНДАУ КЕРЕК
Әрине, Абай атын идеалға айналдыруды тоқтату керек, бірақ оны Қабылов жолдас жасаған мәнермен тоқтатуға болмайды. Алуан түрлі рухани-мәдени құнды нәрселерді бағалағанда, мейлі ол үлкен бе, кіші ме, бәрібір, тарихи жағдайға сәйкес және сонымен орайластыра отырып, маркстік-лениндік жолмен бағалаған жөн. Қабылов жолдастың бұл мәселеге тасырлықпен дөрекі түрде келуі Абай есімінің төңірегіндегі фетишизмді күшейтіп, біздің партия ұйымының идеологиялық майданындағы ұғым-түсініктерін шашыратып жіберуі мүмкін.

Біз, Абай жас өскіндеріміздің рухани көсемі болу керек деп әсте ойламаймыз. Қабылов жолдас: «Біздің танымның ғылыми әдісі — материалистік диалектика, ал жас қазақ жұртшылығы Абайдан емес, Маркстан, Плехановтан, Лениннен, марксизмнің басқа да классиктерінен үйренуге тиіс» — деп жазады.

Кейбіреулердің Абайды жаратылысы бөлек ғажайып адам дейтіні рас. Бұл арада ондай адамдардың идеологиялық дүниетанымда сергелдеңге түсіп жүргені рас, біз осы мәселеде Қабыловпен келісеміз. Әсіре адамдар жоқ. Бірақ бұл тарихта айрықша роль атқарған жеке кісілер, ешбір таланттар болмады деген сөз емес. Өз бейнесімен тұтас дәуірді, өзінің әлеуметтік ортасын т. б. айқын көрсететін жеке адамдар болған және әлі де ұзақ уақытқа дейін бола береді.

Біз қазақ халқының тарихында тым аз кездесетін тамаша адамдардың бірі Абай деп есептейміз, сонда оның философиялық жүйесі үшін емес, қазақ классикалық әдебиетінің атасы, өз уақытының қоғамшылы болғаны үшін. Біздің ойымызша, философ Абайдан өз уақытының суреткері болған Абайды, публицист Абайды мүлде бөлуге болмайды. Абай тұтас алғанда әлеуметтік-экономикалық тірлігі қайнап жатқан сол тарихи дәуірдің түлегі болғандықтан да, біз ақын астарынан тарихи процестердің бүтін бір концепциясын іздеп, сол тарихи ортаның нақты жай-жағдайын білуге тиіспіз. Әлде Қабылов жолдас шынымен-ақ өзінің ұшқары талғамына сәйкес, Абайды зорлықпен жіліктеп, Абай - философты, Абай - суреткерді және Абай - публицисті бөлек-бөлек қарауға болады деп ойлай ма?! Философия, публицистика, әдебиет пен өнер, эстетика адамзаттың рухани мәдениетінің сабақтас салалары екенін ұмытуға болмайды.

Бұған көз жеткізу үшін мынадай мысал келтірейік: Пушкиннің «Ресейдің жалақорларына» деген сұмдық уытты өлеңі бар, бұл өлеңінде ол 19 ғасырдың 1 жартысында Николай I тағалы табаны астында зар илеген поляк халқының халықтық-революциялық қозғалысына жала жабады. Сонда не, бұл арада Пушкин жай адасты ма, әлде жаңылысып қара басты ма? Жоқ! Бұл — кемеңгер ақын-классиктің, ұлттық ақынның орыс мырзасы ретіндегі әлеуметтік соқыр сезімінің жалт етіп бір көрінуі. Пугачев көтерілісін Пушкин мағынасыз да қатыгез бас бұзарлық деп атаған. Оның «Бородино жылдығы» сияқты бірқатар кертартпа өлеңдері бар, олардан шенеуніктік-төрелік идеологияны бірден байқайсың.

Толстойды алайық. Толстойды бір кезде оны құлау дәуіріндегі орыс зиялыларының ой-пікірінің билеушісі деп көтермелеп кана қоймай, тіпті мәдениетті Еуропаның XX ғасырдағы пайғамбарына дейін айналдырған діни-философиялық жүйесі, өзінің мемлекеттік өктемдікке, сол кездегі қоғамдық тәртіпке қарсы, ресми шеркеуге қарсы жүргізген күресімен жағымды рөл атқарса да, тап қазір керітартпа реакциялық нәрсе болып табылады. Бұл күнде Толстойдың философиясы аңқау да аянышты, кертартпа ілім. Ал суреткер Толстой ескі дүниенің рухани мәдениетіне бүкіл адамзаттың ұлы рухани жетістіктерінің бірі есебінде енеді.

Біз бүкіл шығармашылық мұраны сын елегінен өткізіп, кемшілігін ашып, идеологиясы мен әлеуметтік негіздерін айқындап алуымыз керек.

Әрине, Пушкин, Толстой және басқаларын оп-оңай-ақ жәукемдеп тастауға болады. Бірақ онда адамзаттың өткен замандардағы мәдени-рухани жетістіктерінің орнында тек қана нөл қалады. Партия көркем өнер мен мәдениеттен өзімізге қалған мұраны пайдалану мәселесіне келгенде өте сақ қарайды. Ленин: Пролетариат мәдениеті беймәлім бір жақтан сопаң етіп шыға келген нәрсе емес, өздерін пролетариат мәдениетінің маманымыз деп жүрген кісілердің ойдан шығарылған ертегісі де емес. Ол барып тұрған бос сөз! Пролетарлық мәдениет қоғамның капиталистік қауым, помещиктік және шенеуніктік қауымның езгісі астында жүріп ойлап тапқан білім қорларының заңды жалғасы болып табылады.

Бұл жалпы мәдениет жөнінде айтылған, ал көркем өнерге келгенде Лениннің бұл сөзі санкциямен бірдей екені даусыз.

АБАЙДЫҢ ФИЛОСОФИЯСЫ

Жас қазақ жұртшылығының: философия мәселелеріне келгенде дәрменсіз философ Абайдан үйренетін ештеңе жоқ. Біз Қабылов жолдаспен үндеспіз. Бірақ оны байқаған тек жалғыз Қабылов жолдас қана бола алмайды, бұл мәселедегі бірінші орын оныкі емес. Қабылов жолдастың Абай жөніндегі толғамына негіз болған, әрине, маркстік қағида, дегенмен, оның шатасқан жерлері де баршылық, математика өзінің қатал да сындарлы ғылми жүйесінде де зәрредей де ауытқушылыққа қалай жол бермейтін болса, марксизм де тап солай ешбір шатысуға жол бере алмайды. .

Шатты-бұтты философияның осындай бір мысқалына қоса Қабылов жолдас Абайдың философ ретінде тұрлаусыз екенін дәлелдеуге тырыса отырып, оның философиясы мен публицистикасының сипатын түсінбейтінін сездіріп қояды.

Біз әуелі Абай шығармашылығының публицистикалық-қоғамдық жағына көшелік. Осы бағыттағы өлеңдерінің бәрінде Абайды шабыттандырған әлеуметтік табиғаты (шыққан тегі емес) анық көрінеді. Бұл өлеңдер Абай дәуірінде өтіп жатқан әлеуметтік қозғалыстың, ерекше бір айнасындай-ақ,соның көңіл-күйі мен ой-толғамдарын айнытпай береді, ал сол дәуірдің өзін елдің одан бұрынғы бүткіл тарихи даму жолының дайындағаны белгілі ғой.

Біздің Қабылов жолдаспен келісетін бірден-бір нәрсеміз — оның Абай шығармашылығында өшпес із қалдырған ақын дәуірінің дәл де дұрыс сипаттамасын бергені. Біз ол жалпы қазақ баспасөзі үшін жазылған, Абай туралы арнаулы очеркімізде бұдан гөрі кеңірек тоқталдық, онда ақынның күллі шығармашылығының сол дәуірге тәуелді болғанын тиянақты көрсеттік. Ал қазір газет мақаласының шама-шарқына сәйкес, Абай туындыларының сипаты жөнінде егжей-тегжейлі айтуға мүмкіндік болмай отыр.

Біз тек партия-совет жұртшылығын, Қабылов жолдас өзінің сыңаржақтығымен біраз адастырып, қисық-қыңыр әңгіме-сөзге қалдырмас үшін ескертіп қоюды өзіміздің міндетіміз деп білеміз. Қабылов жолдастың пікіріне бұдан басқа аса мәнді бір ғана түзету енгізген жөн, атап айтсақ, біріншіден, Абай дәуірі патриархалдық-қауымдық ортаға отарлық сауда капиталының — оның бүкіл жағымды да жағымсыз себеп-салдарларымен бірге — белсенді түрде кимелеп кірген дәуірі, екіншіден, оған қоса екі мәдениетпен қақтығысып, тартысқа түсуінің дәуірі.

Осынау жәйт Абай шығармашылығына айрықша бір рең береді.

Қабылов жолдас Абайды өз бетімен екі кезеңге бөледі: бірінші кезеңде ол кертартпа болып шығады да, екінші кезеңде либерал сияқты біреу. Ал бұл тірі Абайды зерттеу емес, жай ғана жалаң схематизм.

Біздің бірінші кезекте назар аударатын нәрсеміз — Абай 30 жасқа дейін ештеңе жазбаған сияқты, оның басылып шыққан туындыларының бәрі ақын өмірінің екінші жартысында, 20 жыл ішінде жазылғанға ұқсайды. Оның әуелгі шығармалары түгел публицистикалық сипатта, ал түрі жағынан — қазақтың ескі қара өлеңінің үлгісінде шығарылған. Осынау өлеңдердің бәрінде де қисынды түзілген айқын кертартпалық жоқ. Абай туындыларында оның мәдениетсіздігі, надандығы салдарынан туған жеке қателер мен жаңсақтықтар кездеседі, ал бірақ қалған жәйттердің бәрінде де ақынның өзі өмір сүрген және өзінің көзі алдында азып-тозып бара жатқан ортаны сынайтын сатира мен алуан күлкі бар.

Абайдың, кейде қойыртпақтау болып келсе де, өзіндік дүниетанымы бар, бірақ тұтас алғанда, оның алғашқы, тіпті нашар өлеңдерінің өзінде ешқаңдай қырсықты кертартпалық кездеспейді. Ол тек кейде болып жатқан құбылыстарды түсінбей, жол айрығында аңырып тұрып қалады. Ал содан былай қарай Абай кемелдене толысып, іріп-шіріген қоғамдық ортаны, оның тоғышар байлары мен жебір билеушілерін, бұлардан гөрі ұсағырақ алаяқ сұмдарын, жалқаулары мен арамтамақ азғындарын т.б. өлтіре сынап, әшкерелеуге дейін барады.

Біз таң қалатын бір нәрсе, Қабылов жолдас ақынның айтылмыш сипаттағы өлеңдерінен бірнеше үзінділер келтіреді де, өмірінің бірнеше кезеңінде оны кертартпа деп есептейді. Өйткені Абайдың өзі рубасы болған, ал оны типтердің бәрі - байлар, болыстар және басқалары Абайды көзге ілмейтін жаңа қоғамшылар еді. Және олар өмірдің жаңа қалыптасқан қоғамдық түрінің иелері-міс, сол себепті де оларға өшіккен Абай дұшпандарын тілдеп, көре алмайтын болыпты. Бұл барып тұрған үстірт, тұрпайы пікір. Біздіңше өткен ғасырдың 80-жылдарында олар іріп-шіріп бара жатқан қоғамдық ортаның типтері болған, сол себепті де Абай өз тұсындағы осынау типтердің бейнесіндей болған жұртшылық қауымын аяусыз әшкерелеген. Абайдың жағымды жағы, міне осында, ал біз ақынның осынау сөздерінен дәуірдің саңқылдаған сұңқар үнін танимыз, әлеуметтік қимыл-қозғалыстың бедерлі де бейнелі тілін табамыз. Абайдың бір кереметі де осы жерде. Толстой да, Салтыков-Щедрин де осындай жағымен тамаша. Бір ғажабы, Абайдан тіршілік еткен ортаға өлердей өш сатираны тапқаныңмен, өткенді жоқтаған көз жасын таба алмайсың.

Қазақ тілінде шыққан очеркімізде Абайдың осы публицистикасының сипаты туралы жазғанымыз сияқты тұрлаулы етіп жазуға қазір мүмкіндігіміз жоқ.

Қысқаша айтсақ, біз Абайдың публицистикалық және сатиралық өлеңдерінің кертартпалығы туралы пікірмен таласамыздағы, оны (Абайды) төніп келе жатқан жаңа сауда капиталы дәуірінің жаршысы деп мәлімдейміз, біз бұдан Абайдың аса жағымды тарихи еңбегін көреміз.

Абайдың қоғамдық идеалы ойдағыдай түр, сипат тауып кемелдене алмаса да өзі тұрған ортада ол кемелдене де алмас еді. Уақыт өткен сайын ол толысып, қалыптаса түседі. Тілі мен түрі жағынан жетіліп, марқая түскен соңғы өлеңдерінде Абай жұртшылық пен жастарды жаңа тәртіпті орнатуға үндеп, батасын береді, оларды мәдениетке ұмтылуға, еңбекке кірісуге, тіпті сауда жасауға шақырады, өз ортасының күллі кесел-кесапаттығы мен қырсық бойкүйездігін аяусыз мысқылдайды. Оның осындай өлеңдерінің бәрінде де бұрын сол орта естімеген, білмеген жаңалықтар мен тереңірек ойлар, міндеттер мен жұмбақтар бар. Сонда осының бәрі түкке тұрғысыз нәрсе болғаны ма? Тіпті де олай емес. Мұның бәрі дәуірдің тілі, әйтеуір бір жаңа нәрсенің үні, сондықтан да олар қалың қазақ арасына кеңінен тараған, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін, тіпті сауатсыз қараңғы қазақтардың өзі оларды жаттап алып, әнге қосып айтып жүрген.

Абай шын мәніндегі халықтық ақын болған, әдебиет пен публицистиканың тарихында, жалпы алғанда, қалың халық арасында Абайдай абырой-беделге ие болған жазушы өте сирек кездеседі.

Мұндай жәйттер тарихтың шұғыл бұрылыстарында, ұлттар мен таптардың тарихи дамуының белгілі бір кезеңдерінде ғана болады, бұндай даңқ пен бүкілхалықтық мойындау дәуірдің рухани өмірінің жай-күйі мен ой-пікірін көрсете білген аз ғана адамдар үлесіне ғана тиген. Әлбетте, қазір Абайдың көп дүниелері көнерген, көбінен аңқаулық аңқып тұрады, ақын шығармашылығының бір бөлегі кертартпа болып қалған. Дегенмен де осының бәрі Абайдың өз дәуірінде туып келе жатқан жаңа жұртшылықтың қоғамдық-публицистік идеологі ретіндегі тарихи мәнін әсте кеміте алмайды. Әрбір марксші кез-келген әдеби мұраны нақты тарихи жағдайлармен байланысты қарауға міндетті.

Біздің көп жолдастарымыз Абайды даттағанда оның идеологиясының артта қалғанын, марксизмге көзқарасындағы бірқатар қайшылықтарды көрсетеді де, оның ақын ретіндегі және өз уақытының қоғамшылы ретіндегі тарихи мәнін назарынан тыс қалдырады. Тіпті оған пролетарлық идеологияны көрсете алмады деген де кінә қойылады. Абай алашордашылар мен ұлтшылдарға ұнайды деп те ілік іздейді. Мұның бәрі бос сөз. Абайдың марксизммен қайшылығы, оның қателері мен әңгүрттігі бізге жақсы мәлім, бірақ бұдан кеңес жұртшылығы Абайды архивке тапсырсын деген қорытынды мүлде шықпайды. Абай марксшіл бола алмайтын еді, өз шығармашылығында пролетарлық идеологияны көрсете алмайтын еді. Тіпті Чернышевскийдің, Салтыковтың өзінен, оған қоса тіпті Горькийдің өзінен біраз қайшылықтарды, маркстік емес нәрселерді қалағаныңша табуыңа болады, ал бұл кісілердің кейбіреуі орыс пролетариатымен, оның таптық санасы өсіп қалыптасуымен бірге өсіп өнді ғой, жаңа социалистік дәуірде өмір сүріп, орыс халқының рухани байлығының игілігін азды-көпті көріп, Европа мәдениетімен таныс болды ғой. Сонда біз марксизм туралы Абайдан не сұраймыз? Чернышевскийлерді, Салтыковтарды және басқаларын ысырып тастай алмаймыз, олар ұзақ уақытқа дейін ұмытылмайды да. Олардың маңызы мен қадыр-қасиеті қай дәрежеде марксшіл болғандығында емес, мүлде басқа нәрседе. Абай туралы біз де осыны айтамыз.

Абай философиясы тым қарапайым. Абайда тұтас философиялық жүйе жоқ. Дүние мен қоғам жайлы жеке ойлар мен көзқарас, жалпы ақын атаулыда бар болса, Абайда да бар, бірақ оның жеке шығармаларынан ақынның дүниетанымы, қоғамдық идеалы дер кезінде мәдениеті кем қазақтың рухани өміріне ықпал еткені даусыз, бірақ ол Абайды артына белгілі бір көзқарастар жүйесін қалдырған философ деп атауға дәлел бола алмайды. Рас, Абайдың бір жерде дүниенің бірегей де тұтас екенін мойындап, бүкіл дүниетаным бөлшектерінің бірлікте болатынына, онда әркімнің өз орны бар екеніне дейін жеткені бар. Бұл өз ортасының жазмыштың шарттылығының қыспағына түскен қайратты-жігерлі тұлғаның өскен ортасының өзінің алдына қойған қиын мәселелерін шешуге ұмтылған бұлқынысы болатын.

Бұдан басқа да оның, Державиннің одасы «Құдай» сияқты, діни-философиялық тақырыпқа жазылған екі-үш өлеңі бар.

Абайдың діни сипаттағы күллі ой-пікірлерінде ешбір жаңалық жоқ, бәлкім, бұл ойлар көрінген дүмше молдалар білгішсініп алдай беретін сол кездегі қазақ қауымы үшін жаңалық та болып көрінген шығар. Одан бұрын ертеректе өткен мұсылманның діни философтары «ислам» дінінің шын мәнісі туралы Абайдан гөрі кеңірек те тұтас метафизикалық, теориялық системалар жасап дамытқан; солардың көзқарасы Абайдан төбе көрсетеді. Абайдың өз кезінде өмір сүрген, молдалар уағыздап жүрген діни қағидаларды жоққа шығаруында да солардың ықпалы байқалады.

Абайдың қалған туындыларынан ақынның өзі құмарта оқыған Толстойдың ықпалы сезіледі.

Абайдың бүкіл философиясы эклектикалық: әр жерден үзіп-жұлқып алынған. Абайдың көптеген философиялық сөздері, оның публицистикалық өлеңдерінің көпшілігі сияқты, енді қазір кертартпа да кесірлі дүние болып ескіріп қалды, бір кездері осы өлеңдері қазақтардың рухани өмірін қатты толқытқанымен, қазір жай қарабайыр туындылар болып көрінеді.

Алайда өзінің философиясы үшін Абайды айыптап, оны біржолата ұмытуға болмайды. Ал, оның қоғамдық-публицистикалық өлеңдерінің тұтас бір дәуірдің дерегі ретіндегі тарихи мән-маңызын мойындауға тиіспіз. Ал Абайдың ел алдындағы ең басты еңбегі — оның шығармашылығының көркемдік қадыр-қасиетінде.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет