АЛАШТЫҢ АҚИЫҚТАРЫ
Мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы
«АЛАШ» БАСПАСЫ.
Алматы. 2006 жыл.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ, АҚПАРАТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ
Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ «ОТЫРАР КІТАПХАНАСЫ» ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫ
Құрастырып, алғысөзі мен түсініктерін жазған – филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы ЖҰРТБАЙ.
Пікір жазғандар:
С.С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, ф.ғ.д., профессор.
Р.Ф.Нұрғали, ҚР ҰҒА-ның академигі, ф.ғ.д., профессор.
Алаш ақиықтары. Мақалалар мен деректі құжаттар, тәржімалар жинағы.
«Алаштың ақиықтары» - атты бұл жинаққа 1928-1932 жылдары арасында Мемлекеттік саяси басқармасының ерекше бөлімі «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметі қайраткерлерінің тергеу ісі» деген атпен жүргізген тергеу ісіне тартылып: кеңес өкіметін құлату үшін контрреволюциялық астыртын ұйым құрып, көтеріліс дайындаған, өздерінің қастандық идеясын насихаттау үшін «Алқа» жасырын үйірмесін құрған - деген желеумен түрмеге қамалып, алды ату жазасына, соңы жер аударылуға бұйырылған алаш ардагерлерінің тергеу ісіне айыптау айғағы ретінде тіркелген, не қылмыстың дәлелі есебінде көрсетілген, бұрын кітап бетінде басылым көрмеген көркем әдебиет туралы мақалалары мен ашық хаттары, аудармалары топтастырылған. Бұл басылым арқылы алаш қайраткерлерінің ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қоғам мен өмір, өнер мен көркем әдебиет туралы ой-пікірлерімен, көзқарастарымен, тарихи көркем танымдарымен тереңдеп таныса аласыздар.
Жинақ «Алаш» қозғалысының тарихы мен тұлғаларының өмірімен тереңдей танысқысы келген жалпы оқырман қауымға және жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне арналған.
ТАЛАНТ ТАЛҚЫСЫ
Азаматтың, ұлттың, тұлғаның, таланттың, әр пенденiң рухынан қасиеттi және мәңгiлiк күш жоқ. Дүниенiң тұтқасы да сол рух. Рух өлген тұстан, рухани тәуекелдiкке телiнген сәттен бастап адамзат – ақыл парасаттың дербес шешiмiнен, ұлт – тәуелсiздiгiнен, тұлға – дара ойлау жүйесiнен, талант – танымнан, адам – ар – ождан бостандығынан айырылады. Ал рух еркiндiгiнiң көрiнiсi – рухани мәдениет, өнер, әдебиет болатын. Рухани мәдениет еркiндiгiнен айырылған ұлт пен талант – жаны кеудесiнен суырылып алынып, жанын жалдап күн көрген ертегiдегi кейiпкерлердiң кебiн киетiн. Ол рухы үшiн емес, жанын саќтау үшiн жалдамалы күн кешiп, сол «күштi өкiметтiң аса қауiптi жазалау құралына айналды. Қадым заманнан берi ешқандай мемлекет пен жаhангердiң ашықтан – ашық жүзеге асыруға дәрменi мен пәрменi жетпеген мәңгүрттiк жазалау тәсiлiн кеңес өкiметi қысылып - қымтырылмастан–ақ «iске қосты». Мiне, бұл ұлт пен ұлыстың, тұлға мен таланттың, тобыр мен жеке адамның жаппай басыбайлануының басы, мәңгүрттiк дәуiрдiң қарсаңы едi.
Түбiнде жазасы құтылмайтынын бiлсе де, дүние дүр сiлкiнген дәуiрде, рухани күш иелерi де бiр серпiлiп жан – жүйесiн, санасын, өнердегi танымын талқыға салды. Ол iзденiстерi ақыры шарасыздыққа алып келдi. Келешектiң жолы кесiлiп қалды. Iрi тұлғалар атылды, асылды, өзiне өзi қол салды. Ол аздай, ұлты үшiн барлық түрме мен азапты, қорлықты көрiп, шыдап келген қазақ зиялыларына да қауiп төндi. «Алаш iсi» деген сылтаумен алдыңғы толқын түрмеге қамалып, үкiмi шыққанда екiншi толқынның да басына зауал төндi. Ол Голощекиннiң әйгiлi:
«Жолдастар, мен қазiр жария ететiн құжаттардың барлығы... Байтұрсыновтың контрреволюциялық ұйымы деп аталатын, көзi жойылған ұлтшылдардың жауаптары (Дәл қазiргi кезде Тынышбаевтiң, Ермековтiң және Досмұхамедовтiң контрреволюциялық ұлтшыл ұйымы жойылу үстiнде)...» - деген «Партия құрлысының 10 жылдығы» атты сөзiнен басталды.
Әрине, «жаппай құрбандық шалу» нақанына ұшырағандардың негiзгi «кiнәсi» ұлтын сүйгендiгi, ұлты үшiн күйгендiгi, ұлтының рухани мұрасын сақтап қалу жолындағы күресi екендiгi түсiнiктi. Бұл ретте тергеушiлердiң тонын терiс айналдырған сөзiн айнаға терiс түскен бейне деп ұққан жөн. Ондай дөрекi бұрмалауларға қосымша түсiнiк берiп жатпаймыз. Ескерте кететiн бiр жай: бiз бұл тарауда Мұхтармен қоса Жүсiпбек Аймауытовтың тағдырына баса көңiл аударамыз. Тiптi кеңес өкiметiнiң таптық талабының тұрғысынан алғанда да жаны таза жанның жазықсыз құрбан болуынын бiр ұшығы тарауда ашылды.
Сонымен, «дүние астан – кестен болды». Өмiр де, өнер де тығырыққа тiрелдi. Не iстеу керек? Ұлттың рухын өлтiрмей, жанын қалай таза ұстау керек? Бұл қатты ойлантты. Соның нәтижесiнде «Алқа» атты әдеби үйiрме құрудың қажеттiгi туды. Сондықтан да ұлт ақыны:
“Бұл құрғанымыз сегiз қанат боз орда, алты қанат ақ отау емес, «абылайша». Майдан анық, жарық дәуiрiнде дағарадай орда да, айдан ақ отау да құрып отыруға болмайды. Аттан дәуiрiне «абылайша» керек. Жорық «абылайшасы» керек (жорықта тiгiлетiн қос). Басы жаңа тұрмыс орынына «абылайша» қалып, бәрiмiз сиятын боз орда тiгiлер. Бұл келешектiкi. Әуелi баспана - «абылайша!». Оқушы! Жақсы келдiң. «Табалдырықты» аттап, төрге шық. «Алқаға» кiр!» - деп ұран тастады.
Бұл – «Алқа» әдеби үйiрмесiнiң «Табалдырық» атты бағдарламасының кiрiспе үндеуi болатын. Оны жазған – ақын Мағжан Жұмабаев едi.
Ақындық асқақ көңiлмен екпiндете жазылған бұл үндеудiң астарында терең мән жатыр едi. Ол тұстағы әрбiр науқанның өзiн «майдан» деп атау рәсiмге кiрiп кеткендiктенде, әр саланың адамдары өзiн әскер ретiнде сезiнуi заңды және мұны Мағжан жарым – жартылай мысқылмен айтып отыр. Негiзгi түйiнi қалайда Мәскеудегi әріптестерi сияқты бiр бағытты ұстанған өнер адамдарының басының бiрiктiруiн тiлеген ниетте жатыр. Өйткенi сол тұстағы жалаң әлеуменшiлдер мен қызыл жалаулы ұраншылдар мәдениеттiң түп тамырына балта шауып, бәрінен бас тартты. Тек қана ұранды желеу еттi. Бұл өнердi өлтiрудiң ең үлкен шарасы едi. Екiншiден, дәл осыны жазардың алдында Мәскеудегi қазақ оқығандары мен студенттерi жиналып, Мағжанның шығармаларын қазақ кедейдерiне қарсы үгiт – насихат құралы деп есептеп, оны жарияламауға қаулы қабылдап, барлық баспасөздерге хат жазған болатын. Ақынның намысын қоздырған және оны «Алқа» атты әдеби үйiрме құруға мәжбүр еткен де сол жағдай. Ол майданға «жеке әскер» ретiнде емес, «абылайшасы» бар әдеби топ ретiнде аттануға қамданған. Сондықтан да ол өзiнiң ойын айқындай жазып, қанаттас қаламгерлерден ақыл – кеңес сұрады. Тергеушiлерге берген жауабында ол «Алқа» үйiрмесiн құруды және оның «Табалдырық» атты бағдарламасын 1924 жылдың желтоқсан айының аяғында, 1925 жылдың қаңтар айының басында жазғанын, бағдарламаны сол кездегi Мәскеу студенттерi Сәрсенбин мен Сегiзбаевқа оқып берiп, талқылағанын, өзгертулер енгiзгенiн жазды. Содан кейiн барып жан – жаққа таратқан.
Әрине, тергеушiлерге берген жауабында «Алқаның» алдына қойған ешқандай саяси мақсаты жоқ, тек қана әдеби мүддеден туындады деген лаж айтады. Бұл орынды да және солай, негiзгi мақсат – өнерден туындап отыр. Бiрақ та тергеу барысында анықталғанындай, Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов қағыс қалатындай елеусiз iс емес едi. Мұнда ұлттың мәйектi мүддесi жатқан. Бұл жөнiнде Ахмет Байтұрсынов 1929 жылы маусымның 18 күнi берген жауабында былай дейдi:
«Менiң әдеби шығармаларымның iшiнен самодержавие тұсында басылып шыққандары: Крыловтың мысалдарының аудармасы және «Маса» деген атпен шыққан өзiмнiң өлеңдерiм мен аудармаларым. Кеңес өкiметi тұсында мен әдеби iспен айналысқамын жоқ. Көркем шығарма туралы мәселеге келетiн болсақ, мен көркем дүниенiң құндылығын оның қандай идеяны негiзге алғандығымен емес, адамның жандүниесiне, сезiмiне қалай әсер етуiне байланысты бағалануы керек – деген көзқарастарын жақтаймын.
Қазақстандағы әдеби ағымдармен таныспын, бiрақ та олардың ешқайсысына iш тартпаймын, себебi мен үшiн әдеби бағыттардың – пролетарлық немесе ұлтшылдық сарынның қайсысы басымдық танытса да бәрiбiр. Оқу орындарындағы жастарды тәрбиелеу жолындағы ұстаздық қызметiмде әдебиет жөнiндегi дәрiстерiмдi жоғарыдағы айтқан пiкiрiмнiң негiзiнде жүргiземiн. Ал Орынбор мен Қызылорда қаласындағы қазақ ағарту институтында дәрiс берген «Мәдениет тарихы» пәнiнiң бағытына келетiн болсақ, онда мен өзiмнiң негiзгi арнамды – адамзаттың дамуының қозғаушы күшi мен қуаты – ғылым мен техника деген пiкiрдi жетекшiлiкке алдым.
Бiрде, 1927 жылы Қызылорданың қазақ ағарту институтында тарих пәнiнен дәрiс берiп тұрған кезiмде маған: болашақта өкiмет бола ма? – деген сұрақ қойылды. Бұл сұрақ мемлекет билiгi туралы оқылған дәрiстегi адам баласы барлық заманда да билiксiз өмiр сүрмеген деген сөзден туындады. Мен ол сауалға ғылым – тәжiрибеге негiзделедi, ал өткен тәжiрибеге жүгiнсек, адамзат билiксiз өмiр сүрiп көрмептi. Сондықтан да тәжiрибеден өткiзiп алмай, болашақта өкiмет билiгi бола ма, жоқ па, оған ғылыми тұрғыдан баға беруге болмайды – деп жауап бердiм.
Егерде ұмытып қалсам, менiң жауабым сонымен тәмәмдалған сияқты болатын. Ал социализм құрылысының даму болашағы мен содан келiп туындайтын мемлекттiк билiктiң тағдыры жөнiндегi сұрақтар маған берiлген емес.
Қазақ әдебиетiнiң ағымдары туралы мәселенi мен ешкiммен де бiрiгiп талдағам жоқ. Оның iшiнде, Мағжан Жұмабаев жасаған әдеби платформаны Бөкейхановпен бiрiгiп оқыған емеспiн. Қалай болған күннiң өзiнде, мен Мәскеуге барған кезiмде Мағжан Жұмабаевтi Бөкейхановтың пәтерiнен көрмегенiм анық, сондай–ақ Жұмабаевтiң де пәтерiнде болғаным жоқ.
Нақтысын айта алмаймын, бiрақ Жұмабаев пен Бөкейханов мен орналасқан жатақханаға (ол РСФСР –дiң Халық ағарту комиссариатының Мәскеудегi жатақханасы болатын, 1924 жылы күзде мен өлкетанушылардың өлкелiк құрылтайына қатысу үшiн барғанмын) келдi ме, әлде бiрiмiзде өлкетанушылардың құрылтайының мәжiлiсiнде кездестiк пе, әйтеуiр, бiр жүздескенiм рас. Сондай–ақ, «Табалдырық» әдеби үйiрмесiнiң бағдарын оқығаным да есiмде жоқ. Әрине, әдеби шығармаларды оқыған болармыз, алайда ешқандай қолжазбаның болғаны жадымда сақталмапты, ал Сәрсембиннiң газетте жарияланған мақаласы есiмде. Мен Мәскеуде болған кезiмде оны Жұмабаевпен көрiп қалғаным бар.
Орынбор қаласында тұрғанымда Сәрсенбин менiң үйiме келген емес. Әйтеуiр, менiң жадымда қалмапты. Тiптi, өлкетанушылардың құрылтайынан кейiн соның өзiн көрдiм бе, жоқ па, бiлмеймiн.
Жұмабаевтiң әдеби бағдарын талқылауға арналып Алдыоңғаровтың үйiнде мәжiлiс өткендiгiнен бейхабармын, тiптi, Алдыоңғаровтың үйiне бiр рет бас сұққан жоқпын.
Шоқаевқа қатысты бiлетiнiм, оның Парижде тұратындығы ғана. Тек 1924 жылы жылы Парижде өткен дүниежүзiлiк өнер мерекесiне барған қазақ әншiсi Әмiре Қашаубаев ол жақтан қайтып келген соң Шоқаевтi көргенiн айтқан болатын. Бұдан басқа ол туралы ештеңе деген жоқ. Бұл сөздi Әмiре менiң үйiме әдейi келiп айтты ма, жоқ, көшеде кездейсоқ кездесiп қалғанда айтты ма, ол жағы есiмде қалмапты.
Менiң берген жауабым өзiме оқылды, менiң айтқан сөздерiм дұрыс қағазға түсiрiлген, сол үшiн қол қоямын. А. Байтұрсынов. Жауап алған - Саенко».
Философия ғылымында «терiске шығуды терiске шығару» деген категория бар. Сөздi ойнату арқылы ұғымды тұмандату сияқты көрiнгенiмен, өмiрдiң қайшылығын терең талдайтын және соны түсiндiретiн қарама-қарсы ойлардың шарпысуынан туған парасаттың пайымы. Ұлттың рухани көсемi Ахмет Байтұрсыновтың жауабынан ғылыми тұжырым суыртпақталып шықпағанымен де, осынау қысқа ғана айғақтан оның ойлау жүйесiнiң күрделi құрылымы мен ақыл сарасы анық аңғарылады. Ол тергеушiлердiң барлық сұрақтары мен боспаларын жоққа шығарып отыр. Сол арқылы өзгенi де, өзiн де оқшаулатып, адамдардың арасындағы көзқарас бiрлiгiн қасақана ыдыратып жiберiп, оларға тағылатын ортақ айыптан құтқаруды көздеген. «Алаш iсiнiң» жалғасы болатындығын және оның мiндеттi түрде рухани мәселенi қамтитынын бiлген. Сондықтанда, Тынышбаев, Досмұхамедов, Әуезов, Ермеков, Е. Омаров, Қ. Кемеңгеровтердiң тұтқынға алынуынан бiр жыл бұрын оларды арашалап, екi топтың «қылмыстық iсiн» бiр – бiрiне байланыстырмаудың бар шарасын қарастырған. «Алқа» әдеби үйiрмесi мен оның «Табалдырық» атты бағдарламасына ешқандай қатысы жоқ екендiгiн мәлiмдейдi. Бiрақта өзiнiң көзқарасын ашық айтады. Демек, «күйсек, бiз күйейiк, сендер өздерiңдi сақтаңдар. Елге екi сөз айта алмаймыз. Ал сендер келешек үшiн керексiңдер» деген сөзiн iс жүзiнде дәлелдеген. Тiптi, Мағжанның өзiн Әлихан мен Мiржақыптан бөлiп тастайды. Әйтпесе, жоғарыдағы жауаптың әр сөзi «Алқаның» негiзгi бағыттарының бiрi болғандығы бағдарламадан анық байқалады. Мұны Мағжан да түсiнген. Сондықтанда тергеушiлердi «жалған iзге» салып, әр адамның iс – әрекетiн дербестендiруге тырысқан. Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың, Мiржақып Дулатов пен Мағжан Жұмабаевтiң, Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтiң ұлттық рухани тұтастығын және олардың бiр бағытта, бiр майданда күрескенiн досы да, дұшпандары да мойындады. Бұл тәсiлдi жауап беру барысында Мағжан да қолданды. Ол өзiнiң түсiнiктемесiнде:
«Байтұрсынов пен Бөкейхановтың жалпы әдебиет, оның iшiнде әдеби сын туралы көзқарастары менiң пiкiрiммен үнемi қайшы келiп отырды. Өз басым әдебиеттi рухани толысуға, рухқа, рухани, құштарлыққа қызмет етедi деп есептедiм, ал жоғарыда аты аталған адамдар әдебиет – ең алдымен халықты жаңа бағытқа, жаңа iске шақырады, оларды үгiттейдi деп түсiнедi. Әдебиеттi өнер деп емес, насихатшы құрал деп қабылдайды. Мiне, осындай пiкiр қайшылықтарының нәтижесiнде жолымыз екi айырылды. Осыған орай «Тоқсанның тобы» деген толғау жаздым, мұндағы негiзгi ойым: тоқсан деп көрсеткенiм қалың бұқара халық, қалған оны – еңбексiз күн көретiн тоғышарлар...
Осы толғау арқылы болып жатқан төңкерiске өзiмнiң көзқарасымды бiлдiрдiм. «Алқа» атты үйiрменiң бағдарламасын сол толғау арқылы насихаттадым. Бұл толғауды Оқу–ағарту халық комиссариатының Ақмоладағы бұрынғы төрағасы Молдағали Жолдыбаевқа жiбердiм. Сонымен қоса «Толғау» атты өлеңмен жазылған бағдарламаны да қоса жолдадым. Ол «Толғау» баспасөзде жарияланбаған күйiнше қалды. Аты аталған ұзақ толғауымда өзiмнiң бүкiл өмiрiмдi, жiберген қателiктерiмдi, оңды – солды толқуларымды, соқпақсыз жолдарымды, тұтастай жалпылама баяндап шықтым.
Ақыры «Алқа» үйiрмесi ұйымдастырылмай, аяқсыз қалды», - деп көрсеттi.
Әрине, мұндағы Бөкейханов пен Байтұрсыновтың көзқарасының Мағжанның көзқарасымен үйлеспеуiнiң шынайы мәнiсiн, саяси астарын жоғары ескерткен жайды еске ала отырып түсiнген абзал. Әйтпесе, ұлтын ояту үшiн Мiржақып пен Мағжанның тартынып қалған жерi жоқ. Ахмет Байтұрсыновтың: «мен үшiн әдеби бағыттардың – пролетарлық немесе ұлтшылдық бағыттардың қайсысы басымдық танытпаса да бєрiбiр» деп немқұрайлы қарамағаны анық. Бұл тергеушiнi iзден жаңылыстырудың ғана амалы.
Ұлттық даму бағытын мұрат еткен жазушылар барған сайын қоғамдық өмiрден шеттетiлiп, әрбiр қадамы аңду мен арандатуға ұшыраған тұста олар жан сырын бiр – бiрiне ашты. Өзара пiкiр бiлдiру арқылы болашақ «Алқа» әдеби үйiрмесiн құрудың алғы шарттарын жасады. Соның бiрi – Жүсiпбек Аймауытовтың Мағжанға жазған хаты болатын. «Табалдырық» атты бағдарламада осында көтерiлген пiкiрдiң ұшығы аңғарылады. Және Жүсiпбектiң пiкiрлерi өзгелерге қарағанда ашық әрi дәлелдi. Ең алдымен, оның Мағжанға жазған хатын назарға ұстынамыз. Зады, әдебиет турасында пiкiр қозғау олардың ойында бұрыннан болса керек. «Мағжанның ақындығы» туралы өте терең мазмұнды мақала жазудың алдындағы Жүсiпбектiң дайындығы iспеттi. Екiншiден, тергеу хаттамасындағы қолжазба – Жүсiпбектiкi емес, Молдағали Жолдыбаевтiкi немесе тергеуде көшiрген өзге бiреудiкi болуы керек. Жүсiпбектiң жазуы маржандай тiзiлген, өрнегi сұлу әрi анық келедi. Ал мына жазуға қадым үлгiсi араласып отырған және ұсқыны тым қарабайыр. Сонымен...
«Орынбор. 1924 жыл. Майдың 16.
Ардақты Мағжан!
Сенiң Мағжан, ақындығыңа тосыннан хат жазып, иманыңа, идтихатыңа қол сұққалы отырмыз.
Ақылды не ақылы қысқаны аға айтады, не жан ашыр дос–жаран айтады. Жүздес, сырлас болмасақта, туыстаспыз. Соған орай қолға қалам ұстап, дос – жарандық бiлдiргелi, ақындығыңа бiз бiр ақылсымақ айтқалы келемiз.
Сен – ақынсың. Күнiмiз де көз алдымызда ұстайтын қазақ әдебиетiнiң «көгiне өрмелеп шығып, Күн болатын» үмiткер ақын сенсiң. «Жаралы жанды», «Қорқытты», «Баянды» берген ақыннан одан да зорды күтемiз. Қазақ әдебиетiнде артынан мүрида етуге, өзiндiк дәуiр жасауға сенiң қаламыңнан басқасының дәмесi жоқ. Ақындығыңа мiн тағуға болмайды. Сенен «әттең ғана» деп табарлық бiр кемшiлiк: сен торығасың, зорығасың, зарланасың. Асау алып жүрегiң «сұм өмiр» деп жұбаныш таппайды. Келешектен жарық сәуле, жақсы үмiт күтпейсiң, «бүгiннен» жиренесiң, безесiң, түңiлесiң, Өткендi жоқтап, алданыш етесiң. Өмiрге түңiлген, өмiрге қол сермеген сары қайғыға түсiп барасың, Мұндай сары уайымшылдық (пессимизм) ақынның бойын өсiре ме? Өрiс ұзарта ма? ‡мiтсiз, тiлексiз өмiрде не мағына бар?
Сен Байронның рухына түсуге таяусың. Бiрақ Байрон заманнындағы қара күн (реакция), Байронның жиhан күйiгi (мировая скорбь) бұл күнде бар ма? Қазақтың басына қиын қыстау күндер келген болса, қазақ жұтқа, апатқа, талауға, зорлыққа шалдықса, қайғырса күйiнсе, оны «жиhан күйiгi» деп санауға бола ма? Ол таркөздiлiк болмай ма? Сұр айдың артынан күншуақ болмай тұрған ба? Күннiң көзiн мәңгiлiк бұлт басып тұру мүмкiн бе?
Рас, сен ақынысың. Қазақ мұңын жырлайсың. Қам көңiлдi қайғыртып, уайым төгiп, қаяу салғаның қалай? «Торықпа, жабықпа, түңiлме, алдыңда жарық сәуле бар, жылтылдаған (Короленконың) от» бар деп көңiлiн көтерiп, демеу бермегенiң қалай? Болғанды «болды» деуден болашақты болжау қиын. Әлде болашаққа сендiру, қараңғы тұманда жылтылдаған сәуле көрсету қиын ба? Қазақтың келешегiне hеш бiр сенiм жоқ болса, жоғалатын елге сұлу сөз – әдебиет неге керек? Бiз сенен дертке дәрмен болғандай, рух бергендей, ауыр халдан шара тауып сөз iздеймiз. Өткендi өткендер де жоқтаған, зарлаған, жырлаған. Қазақтың жұртшылығына одан келген пайда қанша едi?
Пушкиндi Пушкин қылған оның нұрлы ақылы, сергек көңiлi, өмiрдi дұрыс бағалай бiлгендiгi ғой. Сен – туысың қазақ, адымың - қарға, елiң – мешеу болса да, өмiрге ашық көзбен қарайтын 20 ғасырдың ұлы емессiң бе. «Қу өмiр, сұм жалған», «жауыз жазым» дәуiрi сұйылып, өмiрдiң қожасы, тақтың Алласы – адам болған заманда, адамға жаңа тiлек, жаңа арман, жақсы салт – сананың заманында сен сықылды күштi ақынның... (бiр сөз танылмады – Т. Ж.) өзгерiс кiрмейдi деуге көңiл бармайды.
Сарыуайымшыл болса да, бүгiнде Байронды төңкерiс ақыны деп санап отыр. Төңкерiсшiл болмаған ақынның өркенi өспейдi. Өркенiңнiң өсуiне тiлектес болғандықтанда, дос – жараның сөз айтып, көңiлдегi мүддемiздi шығарып отырмыз.
Жүрекке, ихтихатқа, иманға қолқа салу кiмге болса да зорлық, әсiресе, ақынға зорлық. Сөйтсе де себепсiз нәрсе болмақ емес қой, таяу тұрған нәрсеге түткiдей себеп болсақ, бiздiң мақсұтымыздың орындалғаны.
Бауырларың:
Жүсiпбек, Молдағали».
Мiне, шынайы тiлек, шынайы сын деген осы. Қаншама «жасасындатып», «қарғанып қарғап - сiлеген» сыннан көрi Жүсiпбек пен Молдағалидың дәл осы сөздерi Мағжанға әлдеқайда мол әрi терең әсер еткенi сөзсiз. «Жиhан күйiгi» туралы iшкi рухани ақындық түйсiктi Мағжанды өлеңдерiнен алғаш аңғарған да және оны дәлелдеп берген де – Жүсiпбек Аймауытов. Қазiргi сауаты сан – салалы, әлем поэзиясына көзi қарақты сыншылар мен зерттеушiлер де мұны назардан тыс қалдырып келедi. Демек, ақынның жан құпиясы әлi толық ашылмады деген сөз. Өзара пiкiр алысуларда осыншама тереңдеп барған зиялылардың көзқарасы қалайда жарыққа шығып, талқыға түсуi қажет едi. «Алқа» - сол мұхтаждықты өтедi. Араларында пiкiр алысудың тәжiрибесi болғандықтанда және сол тұстағы маңдайалды жазушының қатарына көтерiлген сөз қайраткерi ретiнде «Алқаның» «Табалдырық» атты бағдарламасын Мағжан Жұмабаевтiң Жүсiпбек Аймауытовқа жiберуi заңды да, орынды да едi. Бұл Аймауытовтың айы оңынан туған дүлдүлдi шағы болатын. Мағжан жолдаған бағдарламаны қалай алғаны туралы түрме тергеушiсiне Жүсiпбек былай деп жауап бердi:
«24 / VI – 29 жыл.
Мен «Алқа» үйiрмесiнiң бағдарымен бiрiншi рет 1925 жылдың басында Орынбор қаласында мынадай жағдайда таныстым.
Мен Ташкент қаласында шығатын «Ақ жол» газетiнде iстейтiнмiн, содан Орынбор қаласына демалысқа келдiм. Сол жолы редакцияда мен Сәрсембинмен кездесiп қалдым, ол өзiнiң менде жұмысы бар екендiгiн айтты. Екеумiздiң сөзiмiздi Алдыоңғаров тыңдап отырған болатын, содан кейiн бiз соңғы адамның (Алдыоңғаровтың – Т. Ж.) пәтерiнде кезiгуге уәделестiк. Сәрсембин: «Онда бiзден басқа да бiрнеше адам болады», - дедi. Сөйтсем Алдыоңғаров үйiрме бағытымен (платформасымен) таныс екен.
Келесi күнi, әлде сол күнi ме, әйтеуiр түс әлетiнде бiз Алдыоңғаровтың үйiнде жолықтық, онда – Сәрсембин, Алдыоңғаров, Сегiзбаев, аты – жөнiн бiлмейтiн тағы да басқа адамдар отыр екен. Менiң ойымша, олар Қостанайлық студенттер болуы керек. Сәрсембин «Алқаның» бағдарын оқып шығар алдында «Мұны Жұмабаевтың қатысуымен мәскеулiк студенттер жазған» деп түсiнiктеме бердi. Кейiннен Жұмабаевпен хат алысудың барысында ол бағдарды жазған Жұмабаевтiң өзi екенiн бiлдiм, себебi оның маған жолдаған бағдарының үлгiсi әлгiден айнымайды. Бұл iске Бөкейханов Әлихан мен Байтұрсынов Ахметтiң қатысының бар – жоғын бiлмеймiн, ол туралы Сәрсембин ештеңе деген жоқ. Ол маған бұл бағдарды Байтұрсыновқа оқып бергенiн айтты, бiрақ бұл жөнiнде Байтұрсыновтың не дегенiн бiлмеймiн. Бағдарды Сәрсембин тағы кiмге оқып бердi, одан да хабарым жоқ. Бағдарды оқып болғаннан кейiн өзiм келiспейтiн бiрнеше тармағын қағазға түртiп алдым да бұл туралы пiкiрiмдi Жұмабаевтiң өзiне тiкелей жазып жiберемiн дедiм. Ол тармақтарда не жөнiнде айтылғаны қазiр есiмнен шығып кетiптi.
Қатысқандар Сәрсембиннен: «Алқа» сияқты үйiрмелер өзге жерде бар ма, ондайды ұйымдастыруға мүмкiншiлiк бола ма? – деп сұрады. Оларға Сәрсембин: «Мәскеуде орыс жазушыларының «Алқа» iспеттi үйiрмелерi бар, «Алқаны» ұйымдастыратын күш те бiзде бар», - дедi. Сөзiнiң соңында Сәрсембин: «Кiмде – кiм үйiрменiң бағдарымен келiспесе және оған мүше болғысы келсе Мәскеудегi Жұмабаевқа не Сәрсембинге хабарлассын», - дедi. Содан кейiн мен өзiмнiң әдеби бағыттардың ағымдарымен таныс емес екенiмдi айтып Жұмабаевқа осы мәселе турасында жазылған кiтаптарды жiберудi өтiндiм. Ол маған «Символизмнен бастап қазан төңкерiсiне дейiн» деген кiтапты жiбердi.
Орынборда үйiрме жұмысы ұйымдастырылмады. Мүмкiн менсiз өтуi де мүмкiн, өйткенi, мен iле Ташкентке кеттiм. Онда барған соң әлгi бағдарлама тағы да алдымнан шықты, оның бiр данасы Мәскеуден Қошмұхамед Кемеңгеровтiң атына жiберiлiптi. Бiр күнi мен, Кемеңгеров пен Байтасов және маған белгiсiз тағы екi студентпен бiрге Кемеңгеровтiң үйiнде отырып, тағы да сол бағдарды талқыладық, «Алқа» үйiрмесiн ұйымдастыра аламыз ба, оған кiм қатысуға келiседi, кiмдер қарсы болады – соны талқыладық.
Негiзiнен алғанда үйiрменi ұйымдастыруды қатысқандардың бәрi де қолдады, ал жекелеген тармақтарымен келiспеген нәрселерiн Мәскеудегi Жұмабаевқа жазып жiберуге уағадаластық. Олардың барлығыда: үйiрме мүшелерi бағдарламада көрсетiлген талаптардың негiзiнде көркем шығарма жазуы тиiс, қазақ әдебиетi жас әрi жұтаң болғандықтанда, әдеби мәселелердi талқылау үшiн құрылтай шақыру керек дегенге келiстi.
Қорыта айтқанда, үйiрменiң негiзгi мiндетi - қазақ әдебиетiн дамытуға үлес қосу болатын.
Құрылтайды шақыру жөнiндегi барлық жауапкершiлiктi мәскеулiк студенттер өз мойындарына алсын дестi жиналғандар. Кейiн менiң өзiм Жұмабаевқа хат жазып, құрылтайдың қай жерде өткенi оңтайлы деп сұрадым. Мәскеуде ме, Орынборда ма, Ташкентте ме? Олардың көпшiлiгi Ташкент қаласында жиналуға тiлек бiлдiрдi. «Алқа» үйiрмесi сол күйi ұйымдастырылмай қалды, себебi айтылған мәжiлiстен кейiн бiз бiрде – бiр рет бас қосқамыз жоқ, Жұмабаевтың бағдары өзiне қайтарылып берiлдi. Ол бағдарға мен қол қойдым ба, жоқ па, есiмде қалмапты, сондай – ақ өзгелердiң де қол қойған - қоймағанын бiлмеймiн.
Осы бағдардың негiзiнде жазылған шығарма жарық көрдi ме, оны да айта алмаймын. Жеке басым ол бағдарды негiзге алып ешқандайда туынды жазғамын жоқ Кемеңгеров пен Байтасов бағдардың көшiрмелерiн өздерiнде қалдырды ма оны да бiлмеймiн. Ал менiң өзiмде оның ешқандай көшiрмесi қалған емес. Кейiннен мен бұл бағдар туралы Жұмабаевпен, Әуезовпен пiкiр алысып, хат жаздым
«Екеу» деген бүркеншiк атпен жазылған көркем әдебиет туралы мақаланы оқыдым. Оның иелерi – Байтасов Абдолла мен Ысқақов. Соңғы адам үйiрменiң бағдары талқыланған мәжiлiске қатысты ма, анық айта алмаймын, қатысқан болуы да мүмкiн. Мақаланы мен қолжазба түрiнде оқыдым, оны маған Ташкенттегi жоғары оқу орындарының не рабфактың бiрiнде оқып жүрген Шымкенттiк студенттердiң бiреуi әкеп бердi. Оған дейiн мен Ташкентке барғанмын, сонда А. Байтасовпен де, Ысқақовпен де кезiктiм, олар маған: «Еңбекшi қазақ» газетiнде көркем әдебиет туралы мақалалардың жариялануына байланысты бiз де мақала жазуды ойластырып жүрмiз, - дедi. Қашан дайын болған кезде оны маған көрсетiңдер, мүмкiн мен кей жерiн түзетiп берермiн дедiм. Сол уағадаластықтың желеуiмен ол мақаланы әлгi студенттер арқылы Шымкентке берiп жiберiптi. Бұл – 1927 жылдың алғашқы жартысындағы қыс айларының бiрi болатын. Мақалаға аздаған өзгерiс енгiзiп, мұны баспа бетiнде жариялауға болады деген тiлекпен өздерiне қайыра жолдадым. Мақала газетке жарияланған соң ондағы пiкiрлердi толық қостайтынын бiлдiрген Әуезовтiң пiкiрiн өз құлағыммен естiдiм. Мақаланы мен өңдеп бергеннен кейiн оны өзге қазақ жазушылары, мысалы, Дулатов қарап шықты ма жоқ па, ол жағын бiлмеймiн. Ол мақаланы «Алқаның» бағдарын толықтай қостаған дүние деп мен есептемеймiн. Аймауытов (қолы қойылған)».
Өмiрiнде де, өнерiнде де шындықты ту қып ұстап өткен Жүсiпбек Аймауытовтың бұл жауабында ешқандай жала да, жалтаң сөз де жоқ. Олар «Алқа» үйiрмесiнiң бағыт – бағдарын ашық мәлiмдеп, ондай ниеттiң болғанын бiр ауыздан тайсақтамай мойындайды. Өздерiне пәлендей кесiрiн тигiзедi, айып ретiнде тағылады, үйiрменi астыртын ұйым ретiнде бағалайды деп қауiптенбегендерi байқалады. Алайда, қандай да қолға iлiнетiн суыртпақты iздеген кеңестiң кекшiл тергеушiлерi мұны мүлдем басқаша баяндап, контрреволюциялық ұлтшыл әрекеттiң қатарына жатқызды. Мұны олардың барлығында кеш, өте кеш, айыптау қорытындысымен танысқанда бiр – ақ бiлдi.
Осы арада екi нәрсенi назарға iлiктiре кеткендi лайық санадық. Бiрiншi, Мағжанның ақындығын талқылаған Мәскеудегi жиналыста оны қорғап сөйлеген, кейiннен «Алқа» үйiрмесiн ұйымдастыруға белсене қатысқан Сәрсембиннiң кейiнгi тағдыры көмескiлеу болып қалғандығы. Оның өмiрi мен шығармашылығы туралы нақты зерттелген еңбек жоқ. Әдеби естелiктерде де аты аталмайды. Сондықтанда осынау азамат қақында белгiлi бiр дәрежеде дерек пен мiнездеме бере алмағанымызға өкiнемiз. Екiншiден, осы уақытқа дейiн «Екеу» деген бүркеншiк атпен жазылған әдеби мақалалардың Әуезовке телiп келдi. Ал мына жауапта Абдолла Байтасов пен Даниал Ысқақов та сондай бүркеншiк атты пайдаланғаны дәлелдi түрде көрсетiлген. Беделдi ғалымдарымыз да дәл осы екi азаматтың жазған мақаласын Аймауытов пен Әуезовтiң «екiншiсiне» бердi. Бұл - қиянат. Ескерiп, әркiмнiң сыбағасын өзiне берген лазым. Тергеушiлердiң назары ендi Мұхтар Әуезовке түстi. Соған көшейiк.
«Алқа» әдеби үйiрмесiн алдыға тарта отырып тергеушi Поповтың Мұхтар Әуезовке қойған сұрақтарына алған жауабы мынадай:
«Ал «Алқа» үйiрмесiне байланысты айтарым мынау:
1925 жылдың басында «Табалдырық» әдеби тобының декларациясы қосып салынған Жұмабаевтың хаты маған почта арқылы келдi. Ол партияда бар және партияда жоқ 6 – 7 адамнан тұратын топ жария түрде «Алқа» әдеби үйiрмесiн құрғандығын, бұл туралы менiң пiкiр бiлдiруiмдi, егерде бұл үйiрменi қостайтын болсам, онда соның құрамына кiруiмдi өтiнiп, тiлек бiлдiрiптi. Мен ол кезде Семейде болатынмын. Мен «Табалдырықтың» декларациясын губерниялық комитеттiң үгiт–насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Тоқжiгiтов жолдасқа көрсеттiм, бiрақта ол мұны бiр айдай ұстады да, қайтарып бердi, алайда нақты ештеңенi ашып айтқан жоқ.
Бұл декларацияның мазмұнынан ұққаным: үйiрме ашық жұмыс iстеу керек екен және баспасөзге араласуы керек көрiнедi, өйткенi өзiнiң бағыт – бағдарынан байқалып тұрғанындай, М. Жұмабаевтiң бұрынғы көзқарастарына қарағанда мүлдем басқаша, мазмұны жағынан солшылдыққа жақын, бүгiнгi күнге бейiмделе жасалған едi. Жұмабаев бұл бағдарлама (платформа) туралы маған баспасөз бетiнде пiкiр бiлдiруiмдi өтiнiптi, бiрақта мен олай iстемедiм және оған жауап хат жаздым, мазмұны толық есiмде жоқ, бiрақта әдеби мектептiң өмiр сүруi аса қажеттi, көкейкестi мәселе, «Алқаның» талап–тiлектерiн қостаймын, кейбiр дiттеген ұсақ мәселелер жазушылардың кеңесiнде талқылануы тиiс – екендiгiн ескерттiм.
Жұмабаев екеумiз бұдан кейiн де хат жазысып тұрдық, мен оған шақыру, қалайда кеңесу керек екендiгi туралы жаздым, алайда «Алқа» жөнiндегi мәселе бiрте – бiрте өшiп тынды.
Қандай да бiр астыртын ұйым туралы ештеңе естiгенiм де жоқ, бiлмеймiн де. Күдеринмен арадағы қарым-қатынасым туралы Ташкентте берген жауабымда айтқан болатынмын.
Мұхтар Әуезов”
Қат - қабат хатталған көп томдық тергеу iсiнiң iшiндегi жауаптардың арасынан «Алқа» әдеби үйiрмесi жөнiндегi барынша толық тоқталған жауаптың бiрi осы. Мұнда Мұхтар Әуезов өзiнiң көзқарасын ашық бiлдiредi. «Алқаны» ешқандай күдiксiз–ақ ақтап шығады. Тергеу iсi жаңа басталғандықтанда, бұл мәселеге Голощекиннiң және барлық жазалау мекемелерiнiң қандай астарлы мән берiп отырғандығын аңғармаса керек. Кейiнгi тергеулердегi пiкiрлерiнде оған барынша елеусiз етiп жауап берген.
«Алаш iсi» мен «Алқа» туралы әңгiме қозғалғанда қағазға аты жиi түскен адамның бiрi – Абдолла Байтасов. Аудармашылығымен, шағын мақалаларымен, сыни пiкiрмен сол тұста жұртқа танымал болған, жолдастарының арасында үлкен беделге ие болған бұл азаматтың да әдеби мұралары толық зерттелген жоқ. Көзден таса қалып келедi. Әдебиетте елеулi iз қалдырмағаныменде, сол кездегi ұлттық мүдденiң туын ұстаған азаматтың Жүсiпбек Аймауытовқа жазған хаты тергеу қағаздарының iшiнде тiркеулi жүр екен. Тура бiз сөз еткен әдеби ортаға тiкелей қатысы болғандықтанда және оның көзқарасын толық бiлдiре кету мақсатымен бұл хатты толық жариялауды мақұл көрдiк. Осындай хаттардың iшiндегi пiкiп алысулардан барып «Алқаның» өмiрге келгенi аян. Оның үстiне, осынау дегдарлардың жандүниесiнен мағлұмат беретiн деректердiң көзi де шамалы. Сондықтанда дос адамдардың арасында ғана айтылатын кейбiр жеке мәселелердi де қысқартпадық. Өмiрдiң аты – Өмiр. Ол үнемi – күйiнуден тұрмайды, сүйiнiш те сыйлайды. Сонымен қатар, бұл хаттың түрме тартпаларынан жуырмаңда жарыққа шыға қоюы да неғайбыл. Сонымен, елге демалысқа кеткен Абдолла Байтасов өзiнiң сыралғы досы Жүсiпбекке былай деп сәлем жолдапты:
«Жүсiпбек!
«Көрмегелi көп айдың жүзi болды» дегендей, бiр–бiрiмiзбен көрiспегелi көп уақыттар болып та қалды–ау! Сенiң биылғы жазған хатың маған кешiгiп тидi. Сондықтан саған iле жаза қоймадым. Өйткенi сенiң адресiң өзгерген шығар деп ойладым. Және де Ташкентке барған соң қапшықтың ауызын бiр–ақ шешiп, жаздайғы бастан кешкендi бiр көйтермiн – ау деушi едiм.
Не керек, жолыға алмадық. Сенi Қызылордада кездестiремiн деген оймен Қызылордаға соқтым. Мен келген күнi таңертең Жақаңдыкiне (Мiржақып Дулатов – Т. Ж.) барсам, Ж.: «Жүсiпбектi шығарып жаңа ғана вокзалдан келдiм» - деп отыр. Санды бiр –ақ соқтым. Сенi Ташкент пен Қызылорданың бiрiнде болар деп ойлап едiм. Болмаған себебiңдi Жақаңнан естiдiм. Ж. айтуынша: «Дәлелi – дәлел!» - дейдi. Және Женяның (жеңгенiң) науқасы, Ташкент ауасын жақтырмайтындығы екiншi себеп болса керек. Қалайда Орынборда оқшауырақ тұрып қалдың, ендi орнығып қалған шығарсың. Әйтсе де, сенi Шымкентке шақыртуы күштi көрiнедi (Шымкент педтехникумының бастығына жолығып едiм), Өзiң ырза болсаң, олар сенi тұрмыс жағынан мұңсыз қылар едiк деп ынтық - ақ болып отыр. Әуесi жақсы жер, барсаң да терiс болмас едi. Әлi де кеш емес қой.
Ендi әңгiменi өз жағыма аударайын. Жаз – ай жарым елде болдым. 2 ай шамасы Қызылжарда болдым. Көңiл – күй жақсы. Әзiрше ойлаған нысанаға дәл тиiп келедi. Ана жағын айтам. Бiзге қырын қарайтын (Өсек айтпаса iшi кебетiн бiр адамдардан келген хабар болса керек) бiреу ол туралы саған терiс информация берген сықылды. «Онымен мен қосылыппын, ол менен өзгерiп қалса да, сырттағы бiр күш ерiксiз...» - деген сықылды. Бұл сөздердiң источнигi атақты қу атышулылардан шыққан көрiнедi. Әмининың сiңлiсiн Байдiлдин алды. Ол тұқыммен бiз ежелден дұрыс болмайтұғынбыз. Дұрысында бұрынғы күйiмiзден еш бiр өзгерiс болған жоқ. Қайта одан көрi өмiр қызығырақ болған сықылды. Бiрақ саған ол күйдi суреттi түрде сездiруге қалам шабан ғой. Өзiң ауызға салып жiберсең: «Иә, солай!» - дер едiм. Қалайда, көңiл тынды. Ресми тұруды оның оқуын бiтiруiне байлап қойдық. Ол жағынан қысқаша хал – жайымыз осы.
Мағжанға жолықтым. 15 күндей бiрге болдық. Ол саған қатты разы. Жалғыз сын жазғандықтан емес, сенiң соңғы жазғандарыңа қанағаттанды. Осы күнге шейiн айызым қанған сәулетшi қалам «Нұр күйi» болды. Қызыққандықтан әлденеше оқыдым дейдi. Ақынның мұнысы сен туралы ойлайтын менiң ойларымды нық бекiттi. Қуандым. Онымен түрлi мәселелер туралы көп кеңестiм. Соны пiкiрлерi бар, дүниеге көзқарасы нығайған сықылды. Мұхтар оған: «Түбiнде жалғыздар тобы жасайды, бiз жалғыздар тобының құрамасымыз», - деп жазады екен. Бұл пiкiрдi Мағжан да қуаттайды. Екпiнi күштi қалам, сиқырлы сөз, негiзi берiк пiкiр түбiнде алып та, шалып та жығады деп ақын шалқып–ақ жүрген көрiнедi. Оның настроениесiн көтерiп отырған – Мәскеу. Мәскеуде әдебиет туралы пiкiр жарысы бар, майдан бар сықылды. Еуропа әдебиетшiлерiнiң де соны пiкiрi жарыққа шығып қалатын шақтары болады дейдi. Марксшылдыққа қарсы пiкiрдi қолдайтын әдебиетшiлер де пiкiр ұсынатын сияқты. Тегiнде бiрезулiк қылмай, ғылыми жетiп, сығалап жүрiп таңдап алса, пiкiр–пiкiр тудыратын майдан шығатындай. Қапелiмшiл желөкпелер көп ағымның арасында кез – келгенiнiң бiреуiне қақтығып, саломдай салмақпен бiреуiне ерiп жүре беретiндей сияқты. Бiздiң Қызылорданың ВАП-ы да сондай бiр ағымға ерiп бара жатқандай деседi. Түрлi әдебиет ағымдарымен таныстыру үшiн олардың программаларының жинағы басылып шығыпты, Мағжан маған жiбермек болды. Сен де сұрап алып таныс.
Мағжан саған жазудан қажитын емес дейдi, өзiң де ендi шет тұрғаннан кейiн жазудан тартынбассың. Мағжан, Әлекең (Әлихан Бөкейханов–Т.Ж.) «Восиздаттың» нау. сотрудниктерi. Мүмкiн бұлар арқылы жазуға кiтап та аларсың. Мектеп балалары оқитын әдебиет кiтаптарын қазақшаға аудару керек дейдi, оларды осы күннен сұрауың керек сықылды.
Мұхтар: «Әдебиет соңынан жарық алып түстiм. Оқимын» - деп Ленинградқа кетiптi. Оның «Таңдағы» соңғы жазған әңгiмелерiн оқып шығарсың. Мен анық байқай алмадым, әйтсе де жақсы – ау! Мұхтар Мағжанмен жиi жазысып тұрған екен, пiкiрлерiн оқыдым. Олардың ендi бiр ойы – сол ұйымдардың бiр қазаққа қолайлы деген бiреуiне қатынасып, қазақ әдебиетiне лайықты жол деген жолдарын ұсынбақ. Баяндамалар жасап, пiкiрлерiн тыңдатпақ. Мағжан жаза бастапты. Мәскеуде бiрнеше қырғыз, қазақ тiлдерiнде шыққан әдеби кiтаптарға сын жазған екен, олар да басылыпты. Мағжан биыл бұл жағына күрделi кiрісемiн деп отыр.
Ташкентте тұрмыс жағынан биыл қыс ауырлық көрмеспiз. Қошке институтқа әдебиет сабағын беремiн деп барып едi, «Жәшейке қабыл алмады», - деп жүгермектер қабыл алмады. Қошке военный школаға кiрдi. Мен орыншамын. Менiң мұндағы қуанышым: педфак түзелiптi, программа жақсы. Әдебиет тарихы, тєрбие жағы күштi. Әзiрге оқу басталған жоқ.
Жалғызсырайтын емеспiн. Жолдастар бар. Әйтседе, сенiң орының бөлек. Биылғы хатыњ менi көп желпiндiрдi. Жазып тұр. Не жазайын демессiң. Өмiрiмiздiң қою-сұйығы, ащы–тұщысы бiр–бiрiмiзге мәлiм шығар деп ойлаймын. «Туғаныңды көргемiн жоқ, өлгенiңе жыламаймын», - дейтiн жерiмiз жоқ. Достық пен махаббатқа сауда жоқ деген иман қайсымызда болса да бар. Достың таза сөзiнен қымбат нәрсенi мен өзiм әзірге бiлмеймiн. Жалғыз–ақ, шын достық санаулы екенiн бiлемiн. Бiрақ достық тар кезең, талма жер көрсететiн көрiнедi ғой.
Жап–жақын жайшылықта көп достарды,
Мен неге жамандықта сирек көрем, -
дейтiн ақынның сөзi сүзiлiп өткен таза сөздiң нақ өзi шығар деп ұғамын. Сенiң жақсылығыңа мерейi өсiп қуана алмаған, жамандығыңа жаны ашып күйзеле алмаған ерлiгi жоқ ездердiң не керегi бар?
Жарайды, жазып тұр.
Женеге (Женя, Евгения – Жүсiпбектiң әйелi – Т. Ж.) жақсылап сәлем айт.
Бектұр, Мәруә, Жанақ жолдастарға сүйiп сәлем. Анық адресiңдi жазып жiбер. Абдолладан сәлем.
Ғабдолла. 12 / IХ».
Жылы көрсетiлмеген бұл хаттың шамамен 1924 жылдың аяғында жазылғандығы байқалады. Өйткенi, Мағжан мен Мұхтар өзара пiкiр алысып, жаңа әдеби бағытты бағдарлайтын үйiрме ашудың жоспарын талқылап жүргендiгi туралы мәлiмет соны растайды.
Иә, «Алқа» үйiрмесi мен «Табадырық» атты бағдарламада ешқандай «жасырынбақтың» жоғы анық едi. Алайда, тергеушiлердiң қаламының күшiмен ол «контрреволюциялық ұлтшыл астыртын ұйым» болып шыға келдi. Оған таңданатындай ештеңе жоқ едi. Бұл кезде Ресейдiң өзiндегi әдеби ағымдардың жетекшiлерi бiрiнен кейiн бірі жазаға тартылып, қудалауға ұшыраған болатын.
Өкiнiшке орай, «ұлы құрбандыққа» деген тәбетi ендi ашылып келе жатқан Қужақ бұл хатты тергеушiлерге жолдап, қосымша айғақ ретiнде iске тiркеттiрдi.
2. Мәдениет майданы
Өздерiнiң жолын қуатын iзбасарларды дайындаудың аса маңызды мәселе екендiгiн ескере келiп, ұйым мүшелерi оқушы жастарды өздерiнiң қарамағына iлiктiру үшiн белсендi түрде қимылдады және оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылды.
«...1926 жылы оқу–ағарту институты бiздiң ықпалымыздан шығып кеттi, оның есесiне Ташкенттегi жоғары оқу орындарындағы партияда жоқ жастарды өзiмiздiң ықпалымызға қаратып алдық. Бiз мұны жоғары оқу орындарында оқып жүрген Байтасов пен Ысқақов арқылы жасадық. Бұл 1924 – 1926 жылдары жүргiзiлдi. (Досмұхамедовтiң 22.IХ.30 жылы берген жауабынан № 2370 – iс 1 т., 220 - бет).
Жастардың арасындағы өздерiнiң ықпалын күшейту үшiн және ұлтшыл рухтағы жастарды дайындау арқылы өздерiнiң идеяларын бұқара қауымның арасында кеңiнен тарату үшiн контрреволюциялық ұйым баспасөздегi, мәдени-ағарту мекемелерiндегi және ғылыми–зерттеу мекемелерiндегi, жоғары оқу орындарындағы, ең бастысы, әдебиет саласындағы контрреволюциялық әрекеттерiн өршiте түстi.
Астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерiнiң көмегімен басылып шыққан кiтаптар – бұқара халықты ұлттық рухта тәрбиелеуге, хан мен батырлардың дәуiрiн аңсау сарынында, кеңес өкiметiне наразылық тудыру рухына бағытталды.
Жекелеген әдеби еңбектердi дайындау белгiлi бiр тәртiп бойынша жүргiзiлiп, ұйым мүшелерiне өзара бөлiнiп берiледi. «Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды, оның бағыт–бағдарын («Табалдырықтың») анықтауға Жұмабаев М. және айыпталушылар Ысқақов Даниял, Досмұхамедов Х., Әуезов Мұхтар мен Кемеңгеров Қошмұхамед қатысты.
«Осы кезде әдебиет майданындағы жұмыстарымыз жандана түстi… Әуелi Аймауытов, содан кейiн Кемеңгеров келiп қосылып, бiздiң iсiмiздi жүргiзiп отырды. Өзiмiздiң ықпалымызды баспасөз арқылы кеңiнен тарату үшiн бiз барлық күшiмiз бен жағдайды пайдаланып қалуға тырыстық... «Алқа» үйiрмесiнiң пайда болуы да соның нәтижесi. Бұл iстi тiкелей жүзеге асырған Ысқақов, Кемеңгеров және Байтасов маған жұмыс бабы бойынша кеңес алу үшiн келiп тұрды, мен оларға өзiмнiң нұсқауларымды бердiм». (Досмұхамедов Х., № 2370 – iс 1 т., 221 – парақ).
«Алашордашылар» көркем әдебиетке ерекше көңiл бөлдi. Олардың көзқарасын бұқара халыққа кеңiнен таратуда пьесалар, өлеңдер, ескi әдебиеттiң нұсқалары, әңгiмелер мен фельетондар, тағы да басқа жанрлар таптырмайтын оңтайлы құрал болды... Бұған қоса Байтұрсынов: қазақ жазушылары өзiнiң туындыларында тек қана қазақ ұлтының мұқым мүддесiн қорғауы тиiс деп үндеу тастады... Әуезов Мұхтар мен Ысқақов Даниал да 1923 жылы осыған шақырып, әдебиет мәселелерiн ұлтшылдық бағытта талдады, өздерiнiң мақалаларында Аймауытов пен Кемеңгеров те солай iстедi». (Байдiлдин, № 5441 784 – iс, IV т., 134 – парақ»).
«Бұдан кейiнгi жылдарда кеңес өкiметiне қарсы ашық пiкiр бiлдiре алмадық, оны жүзеге асыра қоятындай күш болмады, сондықтанда барлық күштi кеңес мекемелерiндегi қызметке ие болып, сол арқылы кеңес өкiметiнiң науқандары мен шараларына бөгет жасауға тырыстық». (Тынышбаев, № 2370 – iс, 1 т., 131 – парақ).
«...мәдениет майданындағы жұмыстарды толықтай, ұйымды қаражатпен қамтамасыз ету үшiн шаруашылық саласын жарым – жартылай қолға алуға шешiм қабылдадық. Бiздiң тобымыздың тiзiмiн Рысқұловқа берiп, жұмысқа жауапты қызметке қоюды ұсындық. Ұйымның өкiлi ретiнде Рысқұловқа бұл тiзiмдi мен және Әдiлов апарды. Берiлген тiзiм оны толық қанағаттандырды... Менi ұйымның атынан Оқу–ағарту коллегиясының мүшесi етiп бекiттi...» (Қашқынбаев, № 2370 – iс, 1 т., 378 – парақ).
«...бiздiң ойлаған мақсаттарымыз кеңес өкiметiнiң мемлекеттiк басқару аппараты арқылы жүргiзiлiп, iске асты. Басқа салаларға қарағанда мәдениет майданында бiз көп iс тындырдық.
а). Оқу–ағарту комиссариатының ғылыми комиссиясында Байтұрсынов, Досмұхамедов және Ысқақов қызмет iстедi.
б). 22 –жылға дейiн Оқу-ағарту комиссариатын Байтұрсынов басқарды, одан кейiн Сүлеев Оқу-ағарту комиссариатының орынбасары болды, одан кейiн Сәдуақасов келдi, ОАК–ға Дулатов та жақын жүрдi, бiр кезде Ташкенттегi институтттың директорлығының мiндетiн Әдiлов те атқарды.
в). Қазақ мәдениетi мен ағарту iсiнiң жанашырларының қоғамы құрылды. Басқарма мүшелерiнiң құрамында: Х.Досмұхамедов төраға, Есболов орынбасар, Әуезов, Тынышбаев және Ж.Досмұхамедов пен Қашқынбаев болды.
г). Қазақтың мемлекеттiк баспаларында – Досмұхамедов пен Ысқақов Даниал (Ташкентте), Дулатов (Қызылордада да), Бөкейханов пен Әуезов (Мәскеуде) қызмет iстедi.
д). Оқулықтарды - Байтұрсынов, Дулатов, Омаров Елдес, Досмұхамедов Х. және («Алашорданың» кезiндегi идеологиялық бағыт – бағдар бойынша) жазды.
е). Аударма әдебиеттерiмен – Бөкейханов, Дулатов, Жұмабаев, Байтасов (аудармалардың мағынасын бұрмалап, керексiз, кеңес мектептерi мен бұқара халыққа аса қажеттi емес кiтаптарды аударумен шұғылданды.)
ж). Қазақ тiлiнде мыналар: Х. Досмұхамедов (қазақтардың тәуелсiз кезiндегi өмiрiн жырлаған, батырлар мен қазақ даласының құдiретiн баяндайтын ежелгi әндер мен халық аңыздары), Әуезов (өткен кездiң табиғаты мен ауыл өмiрiн үлгi ете эпикалық сарында суреттедi, оларды үлгi етiп көрсеттi), Жұмабаев (сол сарындағы әндер мен өлеңдер), Тынышбаев (орыс тiлiнде – кең байтақ кең далаға қоныстанған бұрынғы тәуелсiз өмiрдiң, өзге халықтарға тәуелсiз күн кешкен тарихын) кiтап етiп бастырып шығарды.
з). Ескi араб әлiпбиiн жақтап қорғағандар: Байтұрсынов, Е. Омаров, Байсейiтов Әзiз.
и). Тiлдiң тазалығы үшiн күрескендер: (бұрынғы атаулар мен ұғымдарды): Байтұрсынов, Жұмабаев, Х.Досмұхамедов.
к). Маркстiк қондырғысыз, бұрынғы «Алашорданың» идеологиясының негiзiнде мектепке: Байтұрсынов, Аймауытов, Жұмабаев, Байтасов, Жәленов, Омаров Е., Омаров А.С., Байсейiтов Әзiз, Әдiлев, Әуезов, Х. Досмұхамедов, М. Тынышбаев оқулық жазды.
л). Баспасөзде пiкiр бiлдiргендер: («Ақ жол» және басқа да «Алашорданың» идеологиясының ықпалында болған басылымдар арқылы): Байтұрсынов, Дулатов, Жұмабаев, Әуезов, Есболов, Аймауытов, Омаров Уәлихан, Досмұхамедов Х., Қашқынбаев, Қожамқұлов, т. б.
м). Көпшiлiктiң алдында лекция оқып, баяндама жасағандар (қазақтың мәдениетi мен тарихын, өмiрiн «Алашорданың» идеологиясы» тұрғысынан түсiндiргендер): Досмұхамедов., Есболов, Қашқынбаев, Жұмабаев, Әуезов, Тынышбаев – бұлар Ташкенттегiлер, Орынбордағыларды бiлмеймiн, Қожанов та баяндама жасаған, Аспендиаров пен И. Тоқтыбаев және басқалар да араласты.
н). Университетте (Алматыдағы) сабақ бергендер: Байтұрсынов, Ермеков, Досмұхамедов Х, (университеттiң ашылу кезiнде Байтұрсынов «Алашорданың» идеологиясы тұрғысынан сөйледi).
Осы кезде шыққан кiтаптардың көпшiлiгi «Алашорданың» идеологиясы тұрғысынан жазылды, оқу орындарының түлектерi сол идеямен қаруланып шықты. (Тынышбаевтiң 3. Х. 30 ж. жауабынан. № 2370 – iс, 1 т., 277 – 278 – парақтар).
Соңғы уақытта, Тынышбаев және басқа да астыртын ұйымның мүшелерi түрмеге қамалғаннан кейiн, ұйым мүшелерi Оқу – ағарту комиссариаты мен жоғары оқу орындарына, оның iшiнде қазақ мемлекеттiк университетiнiң маңына топтаса бастағаны байқалады.
Қазақ жастары оқып жатқан Қазақ мемлекеттiк университетiне, бiз өзiмiздiң идеологиямызды кеңiнен таратуға мүмкiндiк беретiн оқу орыны ретiнде қарадық. Қазақ мемлекеттiк университетiн бiтiрiп шыққан соң мектептерде сабақ беретiн, қалың бұқарамен тығыз байланыста болатын жастарды оқытады, сондықтанда, бiз үшiн жастарды «Алашорданың» рухында тәрбиелеудiң маңызы ерекше болды.
ҚазМУ-дiң ректоры Аспендиаров пен оның орынбасары Жандосов бiзбен жақсы араласып тұрды және бiзге сендi, сондықтан олар бiздiң пиғылымызды аңғарған жоқ. Мысал үшiн, бiздiң оқу орындарындағы жүргiзген әрекетiмiз туралы маған Домұхамедов хабарлаған бiр жайды айта кетейiн: Досмұхамедов Қаз МУ–де рефлекстанудан дәрiс бердi және шәкiрттерге маркстiк емес тұрғыда түсiнiк бердi. Мұны байқап қалған студенттер, одан сабақты маркстiк тұрғыдан түсiндiрудi талап етiптi. Сонда ол: мен марксшыл емеспiн, сондықтан маркстiк тұрғыдан түсiндiрiп бере алмаймын, сондықтанда рефлекстануды маркстiк негiзде оқытатын адамды өздерiң тауып алыңдар – дептi. (Тынышбаевтың 4/Х – 30 ж. жауабынан № 2370 – iс, 1 т., 312 – парақ ).
Тағы да ол:
«Оқу – ағарту комиссариатының нұсқауы бойынша бiз оқу орындарында қызмет етуге және кейбiр кiтаптарымызды шығаруға мүмкiндiк алдық. Досмұхамедов пен Ермеков ҚазМУ – де, Сүлеев – Семейдiң Аймақтық оқу – ағарту бөлiмiнде қызмет еттi» (Сонда, 313 – парақ) – деп көрсеттi.
Досмұхамедов Х.:
«...байдың балаларын ҚазМУ–ден шығарып тастаған кезде мен оны (Аспендиаровты – тергеушiлердiң ескертуi – Т. Ж.) бұлар байдың балалары емес деп сендiруге тырыстым. (Досмұхамедовтiң 21 IХ – 1930 ж. жауабынан. № 2370 – iс, 1 т., 209 – парақ)».
Мiне, қазақ ұлтының рухани мұрасын сақтап қалған тұлғаларға деген көрсетiлген «құрметтiң» сиқы осындай. Әрине, тергеушiлер үшiн мұндағы айтылған жайлардың байыбына барудың пәлендей қажетi жоқ. Тек тiзiм мен дерек болса жетiп жатыр. Егерде, дәл сол кезде Ахмет Байтұрсынов қазақ тiлi мен әдебиеттану ғылымының негiзiн салмаса, бiз бұл күндерi бастауыш пен баяндауышты - бастаушы мен қостаушы, анықтауыш пен толықтауышты, айқындаушы мен толдықтырушы, зат есiм мен сын есiмдi – негiздi есiм мен түрлi – түс, қимыл есiмi деп атап жүрер ме едiк, кiм бiлсiн. Ал, шылау мен үстеудi, етiстiктi қалай атарымызды бiр алланың өзi бiлсiн. «Тiлмен ұғымның тазалығы» үшiн күрескенiне «айыпкер, алашордашыл» атанған Ахаңсыз есептiң төрт амалына – алу мен қосуға, бөлу мен көбейтуге ат тауып көрiңiзшi. Алынғыш, қосылғыш, көбейткiш, бөлiнгiш деп тәржiмаланып жүрген ұғымдардың санамызда мәңгi тұрақтап қалмасына кiм кепiл? Мағжанның өлеңдерiнсiз, «Ақбiлексiз», «Қилы замансыз», «Аламансыз», «Қазақ тарихынсыз», жаратылыстану, физика, психология, геология саласындағы алғашқы оқулықтардағы атаусыз (терминдерсiз) қазақтың бүгiнгi рухани, мәдени–ғылыми iлiмдерiнiң дәрежесi қандай «табалдырықта» жатар едi?
Қазақ ұлты рухани парасаттың даму баспалдағына неғұрлым биiктеп көтерiлген сайын, өзi үшiн құрбан болған алаш ғұламаларын соғұрлым құрметтеп, тағзым етуi тиiс. Өйткенi, ұлттың рухани тәуелсiздiгiн сақтап қалғандар да, мәңгүрттiктен құтқарып кеткендер де, болашақтағы тәуелсiздiктiң қасиеттi ұлы жолын анықтап берген де солар.
Таланттың тағдырын талқыға салған, тұлғаларды тұқыртқан жазалау науқанының кезектi бiр науқаны былай аяқталды:
«Қазақстандағы бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың төтенше өкiлеттiгiнiң жанындағы үштiктiң мәжiлiсiнiң № III/к мәжiлiс – хатының көшiрмесi 1932 жыл. 20 көкек.
Тыңдалды: № 2370 – iс бойынша : Тынышбаев Мұхамеджанды, Досмұхамедов Халелдi, Досмұхамедов Жаhаншаны қылмыс кодексiнiң 58/10, 57/7, 58/11 және 58/3 – статьялары бойынша; 2. ‡мбетбаев Алдабергендi, Мурзин Мұхтарды ҚК 58/7, 58/11 – статьялары бойынша; 3. Мұңайтбасов Әбдiрахманды ҚК 58/4, 58/11 – статьялары бойынша; Кемеңгеров Қошмұхамедтi, Бұралқиев Мұстафаны ҚК 58/10, 11 – статьялары бойынша; Күдерин Жұмақанды, Қожамқұлов Нашимдi ҚК 58/11 – статьялары бойынша; Ақбаев Әбдүлхамиттi ҚК 58/11 және 16 – статья бойынша; Ақбаев Жақыпты ҚК 58/10, 59/3 – статьялары бойынша; Қадырбаев Сейтазымды ҚК 58/7, 11 – ст. бойынша; Омаров Әшiмдi ҚК 58/10, 7, 11 – ст. бойынша; Тiлеулин Жұмағалиды ҚК 58/2 – ст. бойынша; Ермеков Әлiмханды, Әуезов Мұхтарды ҚК 58/7, 10, 11- ст. бойынша Омаров Уәлиханды, Сүлеев Бiләлдi 58/2 – статьясы бойынша; Ысқақов Даниалды ҚК 58/10, 11 – статьялары бойынша жауапқа тартты. Шешiм:
Тынышбаев Мұхамеджанды. 2. Досмұхамедов Халелдi. 3. Досмұхамедов Жаhаншаны. 4. Үмбетбаев Алдабергендi. 5. Мұрзин Мұхтарды. 6 Мұңайтбасов Әбдiрахманды. 7. Бұралқиев Мұстафаны. 8. Кемеңгеров Қошмұхамедтi. 9. Күдерин Жұмақанды. 10. Қожамқұлов Нашимдi. 11. Ақбаев Әбдүлхамиттi. 12. Ақбаев Жақыпты. 13. Қыдырбаев Сейтазымды. 14. Омаров Әшiмдi. 15. Тiлеулин Жұмағалиды – бес жыл мерзiмге концлагерьге жiберуге, оны сонша мерзiмге жер аударумен ауыстыруға... шешiм қабылдады. 16. Ермеков Әлiмхан. 17. Әуезов Мұхтар – үш жыл концлагерьге қамалсын, уақыттары 8/Х – 30 ж. бастап есептелсiн. Ермеков пен Әуезовтiң үкiмi шартты түрде есептелсiн. 18. Омаров Уәлиханды. 19. Сүлеев Бiләлдi. 20. Ысқақов Даниалды қамаудан босатсын, тергеу кезiндегi отырғаны еске алынсын».
Қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымын әшкерелеуге арналған бес жылға созылған тергеу ісiнiң нәтижесi осындай үкiммен тәмәмдалды.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор.
БІРІНШІ БӨЛІМ: «Алқаға кір!..»
«АЛҚА»
Табалдырық
Қазақ әдебиеті тоғыз жолдың торабында тұр. Атында бір жол, алдында мың жол. Мың жолдың ішінде өзен өрлегені де, шөліркегені де, барса келері де, барса келмесі де бар. Қазақ әдебиетін мынау мың жолдың тарауына алып келіп, аңыртып тұрған – тұрмыс. Ќазаќ тұрмысы орыс тұрмысымен, орыс тұрмысы арқылы Еуропа тұрмысымен соқтығуы — қазақ әдебиетінің орыс әдебиетінің екпініне, орыс әдебиеті арқылы Еуропа әдебиеті екпініне кез келуі: «таспен жапалақты ұрсаң да, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өлмектің» кепі.
Әрине, қазақ тұрмысы қирамақ, әрине, қазақ әдебиеті өлмек. Бірақ бізге молда болатын Еуропа әдебиетінің өзі — бір молда емес, мың молда. Алыстағы анау Еуропаны қоя-ақ ќоялық, көршіміз орыс әдебиетін алалық. Оның да өткен дәуірлерін бүркеп, осы күн дәуірін алалық.
Осы күнде пролетариат төңкөрісі дәуірінде, кеңес өкіметінің өзінде орыс әдебиетінің мың бағыты бар. Бәрінің жалауы — қызыл, ұраны — төңкеріс, алды — ортақшылдық... Алайда, искусство … (бір сµз танылмады — Т.Ж) һәм оның бір саласы болған әдебиет туралы түрлі жаќтыњ т‰рлі ұғымы бар. “Искусство бар єм болмақ” — деген бағыттан бастап: «Искусство жоқ әм болмақ емес. Бұрын болса да — бұдан былай болмақ емес. Болуға тиісті емес»,— деген бағытқа шейін бар.
Оның үстіне, біз дүние астан-кестең болған заманның адамымыз. Жұмыр жердің бетіндегі шірік қауды өртеп, өртең шығару үшін қылыш, найзаны қолдан түсірмей майданда жүрген әскердейміз. Әйеліміз де, еріміз де — саясатшылымыз (да), шаруашылымыз (да), әдебиетшіліміз (де) тегіс әскерміз. Әскер болуға міндеттіміз. Төңкеріс ісі де осыны тілейді. ... (бір сµз танылмады — Т.Ж) тұрмысы да осыны тілейді. Бірақ, майдандағы әскердің әрбір тобының да, әрбір таптың да бес міндеті болмақ. Әрбір топ өзінің ісін дұрыс атқарса ғана жалпы әскер соғыста ұтып шықпақ. Бұл топ өз міндетін атқара алмаса, өз міндетін ұмытып, көптің дүрмегімем, айғай-аттанның желімен лап қойып кете барса, майдан құр ойранға айналмақ.
Қазақтың жазушылары да аз әскердің кішкене бір қанаты. Үркердей бір тобы.
...Олардың мойнында жалпы әскерлік міндеттен басқа бес міндет бар. Жазушылықтың, ақындықтың өз міндеті бар. Жазушыларымыз әскерлік міндетін біліп, ақындық міндетін білмесе, атқара алмаса — ақын емес. Ақындықты біліп, әскерлікті білмесе — әскер емес.
Қазақ елі — Еуропа мәдениетінің көзімен қарағанда мәдениет қоры, әдебиет қоры жоқ, кедей ел болғандықтан, біздің жазушыларымыз әскерлік, азаматтық міндетін ұмытып, құр ақындыққа қадалып қалуы мүмкін. Әсіресе, ақындық міндетін біле алмай, жалпы айғайдың екпінімен кетуі де мүмкін. Әдебиетті айғай ғана деп, ақындықты үгіт-насихат қана деп ұғуға. Мысалы: әдебиет не діншілдіктіњ бәдуємі (бір сµз танылмады, “бєдуєм” – єліппе, яѓни ќ±ралы — Т.Ж) , не дінсіздіктіњ бєдуємі (деп). Єйтеуір «бєдуєм» деп ұғуға мүмкін... Үлгі боларлық орыс әдебиетінің түрлі тарауының тұрақсыз бір тарауына, не «Барса келмесіне», не ұзамай құрып кететін сиырдың шұбырындысына түсіп кетуге мүмкін.
Осы мүмкіндіктердің шет-пұшпағьн көріп, әдебиет қазанының бір құлағына жармасып жүрген — біз, тоғыз ойланып, тоқсан толғанып, төмендегі пікірлерді ортаға салуымызды борышымыз деп білдік.
Бұл құрғанымыз — сегіз қанат боз орда, алты қанат ақ отау емес — абылайша ( Жорыќ кезіндегі єскери ќос – Т.Ж.). Майдан, ойран, жорық дәуірінде дағарадай орда да, айдай ақ отау да құрып отыруға болмайды. Аттан дәуіріне «абылайша» керек. Жорық «абылайша» болады. Жорық басылар, жаңа тұрмыс орнар, «абылайша» қалып, бәріміз сиятын боз орда тігілер. Бұл келешектікі. Әзірге баспана — «абылайша».
Оқушы! Жақсы келдің. «Табалдырықты» аттап, төрге шық. «Алқаға» кір.
Достарыңызбен бөлісу: |