Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы «газет бетінде үкіметке қарсы мақала жариялады» деген желеумен тұтқынға алынды.
Бұл уақиғаны жеделхат арқылы білген Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетінің келесі нөміріне «Ұят!» деген мақала жариялап, Алаштың біртуар азаматтарына қолдау көрсетті. Өзінің де Самара губерниясында айдауда жүргеніне алты жыл болғанына қарамастан «Алаш» көсемі пікірлестеріне тілекші екендігін осылайша танытты.
«А.Н.Радищев... абақтыға жабылып, 10 жылға Сібірге айдалды. Оның замандасы, тағы бір газетші, Еуропаға жол ашқан Н.И.Новиков Шлиссельбург бекінісінде 15 жылын өткізді. Ахмет және Міржақып бауырларым! Сендерді қамаған түрме – Радищев пен Новиков отырған түрме. Ресейде ең болмағанда бір рет тұтқында болмаған саналы адамдар санаулы-ақ. Достоевский, Потанин, Короленко, Чернышевский, Морозов сықылды жазушылар да түрмеде отырды.... Салтыков, Герцен, Пушкин, Лермонтов, Тургеневтер айдауға кетті...» («Қазақ» газеті, № 54, 1914 ж. Самара).
Әлихан Бөкейхан қарапайым өмір сүрді. Ол тұтқынға алынып, 1937 жылы атылып кеткенде, қызы Елизавета мен немересі Ескендірге Мәскеудің коммуналдық пәтерінен бір бөлме мен кітаптар, фотоальбом, бірқатар қолжазбалары, сондай-ақ... қазір Алматыда өмір сүретін немере туысының қолында сақтаулы тұрған насыбай шақша ғана қалды.
Әлиханды 1933 жылы Мәскеуде бір-ақ рет көрген қазақ совет жазушысы Сәбит Мұқановтың әйелі Мәриям 2000 жылы жеке кітап болып шыққан өз естелігінде Алаш көсемінің тұлғасына деген ерекше таңданысын:
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың атылар алдындағы суреті. Бутырка түрмесі, Мәскеу, 1937 жыл. ССРО КГБ-сының мұрағатындағы сурет.
«Бөкейханов өте тартымды адам екен... Сырт келбетінен нағыз ақсүйектік қасиет байқалады. Маңғаз, жүзі суық» (Мәриям Мұқанованың «Сағынышым – Сәбитім» кітабынан) деп суреттейді.
Смахан төренің естеліктерінде Әлиханның «туған жерден үш аршын жер бұйырса жетеді» деген сөзді ағайын-туыстарына әрдайым қайталап отыратыны айтылады.
Алайда, Әлихан Бөкейханға да, оның қыздарына да, немересі Ескендірге де ата-баба жерінен топырақ бұйырмады. Барлығы Мәскеуде жерленді. Тек таяуда ғана Алаш көсемінің күйеу баласы, 1920 жылдардағы ірі мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов денесінің күлі Мәскеуден Астанаға әкелінді. Бірақ әлі күнге дейін оны қайда жерлеу мәселесі шешілмей отыр.
Қазақстан өнеркәсібінің жетекшісі ретінде және осы саладағы ірі ғалым ретінде қалыптасуына зор мүмкіндігі болған, Жезқазғандағы түсті металдар кенін игерудің бастауында тұрған оның ұлы Оқтайдың (паспорт бойынша Сергей) да қайда жерленгені белгісіз. Оқтай шамамен 1957 жылы жұмбақ жағдайда өмірден өтті.
Достарыңызбен бөлісу: |