Алашұлы. –Алматы: «Өлке», 2011. 239 бет



бет2/5
Дата14.11.2016
өлшемі4,15 Mb.
#1695
1   2   3   4   5



ЖАНСЕРІК

Бұл естелік мақала осыдан 4-5 жыл бұрын жазылған еді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті академик Рымғали Нұрғалидың 65 жылдығына арнап мақалалар жинағы шығармақ болса керек. Кітапты құрастырушылар: «Рекең сізге өтініш жасады», - деген соң бұл дос тілегінің өтеуі болатын. Естелікте күнде көріп, күнде араласып жүрген жолдасымның кейбір пенделік мінездерін де қатқылдау жазып жіберсем керек. Соған өкпелеп қала мА деген оймен: «Өзің оқып берді. Бірер сөзді ғана түзетіпті.

- Оразалиновский (әзілдеп осылай атайтын), жазғаның қатып тұр. Рахмет! Әрине, маған сен ғана айтатын сын бар. Ал екеуміз білетін талай қимас сәттер қамтылмай қалған екен. Оларды ұмытпа! – деді.

- Е-е, бүгін-ертең өлейік деп тұрғанымыз жоқ қой. Әлі жазылар...

Сол қайран дос қазір көзден бұлбұл ұшты. Шынымды айтсам, бұл қазаның тосын болғаны сонша, әлі есімді жинай алмай жүрмін. Ол әдетінше телефон соғып, өзінің бір жас үлкендігін бұлдап: «Әй, «аға», қашан іні болып мені іздейсің?» - дейтін сияқты. Одан әрі әзілі мен көңіліне шемен болып қатқан кермек ойларын айта жөнелетіндей. Дүниеден өтерінен бір апта бұрын көріскенімізде солай болған. Онда біз алдағы 70 жылдық тойын сөз еткенбіз. Кім ойлаған, бұл той арғымақ шабысты асылдың өзінсіз өтеді деп…

Қайран Рекем!

Өмір көшінде ұзақ жылдар иық тіресіп, қатар жүрген адам туралы жазудың қиындығы сол – анталаған көп ойлар мен көзбен көрген сан оқиғалардың, бастан кешкен ыстық-суық күндердің, өтіп кеткен сағынышты сәттердің қайсысының жалынан ұстарыңды білмей аңтарылып қалады екенсің. Талай адаммен сапарлас, қызметтес, аралас-құралас өмір кешіп келеміз. Бірінен ұзын жолдың үстінде көз жазып қалсаң, енді бірі жолайрықта, бел-белестің арасында сағымдай бұлдырап қалып қояды. Ал жастық, бозбала шағыңнан бүгінгі пайғамбар жасынан асқанға дейін араң суымай, достығың тозбай, ой-пікір, іс-әрекетің үйлесіп, жақсылығына қуанып, ол қиналса қабырғаңа бататын адамдарың әрине көп емес. Мен үшін сондай аздың бірі – Рымғали Нұрғали баласы.


Бүгінде ұлан-ғайыр іс тындырған, халқына зор еңбек сіңірген, атақ-даңқы, ғылыми мәнсабы, жазған шығармаларының көлемі атан түйеге жүк болатын Рымғалидың барша өмірі, күресі мен жеңісі, қуанышы мен реніші, тіпті, жастық-мастық шақтағы қыз-қырқынға қырындаған тәтті күндеріне дейін көз алдымда өткені рас. Өйткені біз бір-бірімізден алшақ жүріп сыр жасырысқан емеспіз.

Кей адаммен қашан, қайда жолыққаның, не айтысқаның ойлансаң да есіңе түспейді. Ал санаңда тайға таңба басқандай із қалдырып, қай уақытта да суреттері айқын, сөздері нақты сақталатын кезеңдер болады. Он сегіз жасар Рымғалиды алғаш көрген сәтім де күні кешегідей көз алдыма келеді.



Бұл 1958 жылдың шілде айының соңы болатын. Мектепті жаңа бітіріп, ҚазМУ-дің филология факультетіне түсуге емтихан тапсырып жатқанбыз. Алматыдағы Чайковский мен Пастер көшелерінің бұрышында тұтас бір кварталды алып жатқан жалғыз қабатты, жалпақ үй – ҚазМу-дің спорт залы атанады. Соның ішінде қаз-қатар қойылған жүзге жуық темір төсектердің бірі менің еншіме тиген. Жатқандардың бәрі әртүрлі факультеттерге түсуге ниет еткен талапкерлер. Шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін мықтылар. Сөздеріне, екпiндерiне қарап, оқуға түсер-түспесіңе күдіктеніп, жаның шошиды. Менің қасымдағы төсекте бәкене бойлы, қағылез, сұлу жүзді жігіт көп сөзге араласпай оқулықтан қажыған сәтінде үнемі тығып ұстайтын қалың дәптеріне әрнені жазып жатады. Күн бойы кітапханаға кетіп, тек кешке қарай оралғандағы тірлігі осы. Бірде сөйлесіп қалдық. Ол бір жыл Ауылшаруашылығы институтында оқыпты. Қазір оны тастап мен тапсырған факультетке түспек екен. Жерлес болып шықтық. Семейдің Шұбартау ауданынан келіпті. Аты-жөні – Төлек Тілеуханов. Иә, бүгінде қазақтың қабырғалы жазушысы болған Төкең осы жігіт еді. Бірақ ол кезде ақын боламын деп талмай өлең жазады. Екеуміз қатар жатқандықтан көп сөйлесеміз. Ол өлеңдерін оқиды. Менің де біраз шимайларым болатын. Бірақ Төлектің өлеңдерінің қолына су құюға жарамай қалды. Алғашқыда бөсіңкіреп «ақындығымды» айтып қалғаныммен кейін ол тақырыпқа жоламайтын болдым. Бірде Төлек маған өзінің кластас екі досын таныстырмақ болды. Айтуынша, екеуі де болашақ классиктер, қазақ әдебиетінің көгіне жұлдыз боп жану үшін астанаға оқуға келіпті. Мұхтар Мағауин дегені филфактың бір курсын бітіріп те тастаған, ауыз әдебиетін қазірдің өзінде игерген, болашақта асқан ғалым болмақшы, ал Рымғали Нұрғалиев – Төлекпен бірге Ауылшаруашылық институына түскен екен жақсы оқып жүрсе де жүрегі қаламай, енді ҚазМУ-дің филфагіне тапсырып жатыр. Басқа жатақханада тұрады. Екеуі кешқұрым қаланы аралатпақшы болып бізге келді. Шашын тықырлап алғызған, қалқайған екі құлағы төбесіне шошайта киген сары түсті ши қалпағының етегіне тірелген, жылт-жылт еткен жанары ойнақы, әзілкештігі бірден сезілетін қуақы жігіт Рымғалимын деп танысты. Екіншісі – жалпақ бет, торсық шеке, көзі баданадай, қоңыр шашын желкесіне дейін жылмита тараған, шалқақ төстісі – Мұхтар болды. Олар келген бетте қол алысып:

  • Ал сен Оразалинсің ғой, – деді төтесінен.

  • Иә.

  • Медалиспісің?

  • Иә!

  • Мына тұрған үшеуміз де медальмен бітіргенбіз, – деді қарсы алдымда талтайып тұрған Мұхтар «онда тұрған ештеңе жоқ» дегендей иегін жоғары көтеріп. – Баршатаста бірге оқыдық.

  • Естідім. Төлек айтты.

  • Төлек сен туралы бізге де айтты. Ағаңның үйінде Қасым Аманжоловтың жылағанын көргенің рас па? – деді Рымғали әлде бір сезікті күйде көзін сығырайтып.

  • Рас. Абайдың зиратына барып келген соң өлең жазып отырғанда көзінің жасы тамшылап тұрғанын көрдім. Ол кезде мен бастауыш класта оқитынмын. Қатты таңырқадым.

  • Үйлеріңе Сәбит пен Ғабит келгенде қолдарына су құйыпсың ғой, – деді ол енді қызыға, күлімдей қарап.

  • Құйдым.

  • Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Ғабдол Слановты таниды екенсің. Қандай екен? Әңгімелері қызықты ма?

  • Ағамның үйінде талай рет көрдім. Көп әңгімелер айтады. Олар мені де таниды.

  • Кеше Қайнекей Жармағанбетовтің үйінен шәй ішіп келгенің рас па? – деді сөзге Мұхтар араласып. – Кітапханасы бай дейді ғой. Онда неше түрлі архив те бар шығар?

  • Рас. Ол Кәмен ағамның жақын досы. Бір бөлмесі кітапқа лықа толып тұр. Бірақ әркімге бермейді екен. Екеуі менің әдеби білімімді де біраз тексеріп, көңілдері тынған соң енді қатарға қосылатынымды, дос болатынымызды айтысты.

  • Көздерің жетті ме? – деді үнсіз тұрған Төлек тоқмейіл риза көңілмен. – Айттым ғой, аржағында нәрі бар.

Енді үшеуі де көпті көрген көнекөздердей сәби жүздері есейіп, салқын, сабырлы кейiпте маған жөн айтуға кірістi.

  • Сұлтан,– деді Рымғали. – сенің көргендерің Париждің әдеби салондарынан бірде кем емес екен. Біз оны көрмедік. Бұл – артықшылық. Айтарым, осының бәрін жадыңнан шығармай, көкірегіңе сақта. Кейін жазғаныңа керек болады.

  • Артықшылық дейсің бе? Тек әзірше ғана! – дедi Мұхтар. – Әзірше!

Бұдан кейін қалада үшеуі жүріп-тұруды, студент бола қалсам қандай киім сатып алуымды сөз етті. Әсіресе, Рымғали іші-бауырыма кіріп, жанашырлық танытады. Ол аяғымдағы ауылдан киіп келген жұлығы ақжем болған көнетоз туфлиіме қарап қойып:

- Есіңде болсын, - деді, - туфли сатып алсаң табаны жалпақ, жиегі сыртқа шыққанын алма, қысқа қарай галошқа (кебіске) сыймай әуре етеді. Алматыда қысқы-жазғы киімің біреу-ақ, екі түрлісіне шамаң келмес. Галош алатын кезде айт, өзім таңдап әперемін. Әйтпесе, былтырғыдай бізге ұқсап, алданып қаласың…

Сағымдай сырғып, студенттік жылдар да өте шықты. Махаббатқа, қызыққа, әлдебір сәулетті, нұрлы дүниеге ұмтылған күндер… Бірақ Рымғали жеңіл тіршілік іздеген жоқ. Күн сайын, апталар бойы, айды-айға ұластырып кітапханалардың есігін тоздырды. Архивте жұмыс істеуді, сирек қордағы сарғайған қолжазбалар сырын ақтаруды сүйетін. Ол қаршадай кезінде-ақ Алаш арыстарының қасіретін оқып, ұғып, жан-жүрегінен өткізе білді. Кейін олар ақталған кезде ғалымдардың алғашқы легінде асыл ағалары туралы тамаша зерттеулерін жариялады.

Рымғалидың шығармашылық сапары “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газетінен басталды. Әлдебір қуаң даладан шөліркеп кеп мөлдір бастаудың салқын суына бас қойған жолаушыдай ол жазуға ашқарақтана кірісті. Оның тың өлкесінен жіберген репортаждарында, суреттемелері мен очерктерінде өмір ұшқыны, көркем ой, адамдардың тосын мінезі көрінетін. Рымғали сол бетімен көркем проза жазып кетсе, бәлкім, өресі биік, қабырғалы талай шығармалар дүниеге келер ме еді, кім білсін. Бірнеше роман, хикаят, әңгімелері жарық көрдi. “Ай қанатты арғымақ” романы –соның ішіндегі шоқтықты туынды. Ал Дегелең қасіретіне арналған деректі әңгімелері ше? Тек “Өлген тау” мен “Қабір қанша тұрады?” деген екі әңгімесін оқыңыз. Бұлар – ойдан құрастырылған ондаған әңгімелерді қанжығасына бөктеріп кететін шығарма. Әңгіме кейіпкерлері Сапарғали Бегалин мен Орынғалиды мен де білемін. Қазақтың белгілі жазушысы өзінің мүшел тойында кіндік қаны тамған Дегелең тауына жете алмай, оған дүрбімен қарап, балалық базары өткен жердің атом сынағынан ойран ботқасы шыққанын көреді. Адам өледі, тіршілік иесі өледі, бірақ таудың өлгенін кім көрген? Соны көріп, сақалынан алты тарам жас ағып отырған қарияның қасіретін көз алдыңызға елестетіңіз. Ал қырықтың қырқасына жаңа шыққанда айықпас дертке ұшыраған Орынғалидың онкология институтынан қашып шығып, өзінің басына қандай құлпытас қойылатынын, оны қоюға бала-шағасының шамасы келе ме, жоқ па, соны ойлап зират кезіп жүргенін оқығанда жүрек қылдарыңыз үзіліп кеткендей әсерде боласыз. Рымғали өзінің “Дегелең дерті” атты жаңа кітабына қолтаңба жазып жіберген екен:

“Сұлтан! – депті. – Ата қоныстан, аға-бауырдан айырған, ұрпақ тамырына балта шапқан Дегелең дерті – менің ғана дертім емес, сенің де дертің, Сұлтан, еліңнің дерті. Бұл кітапты сол көз жасының бір тамшысы деп білерсің. Рымғали.”

Иә, Дегелең – менің де дертім. Мен Қарауылдағы Абай атындағы орта мектепте оқып жүргенде апта, ай құрғатпай Дегелеңде атом сынағы өтіп жататын. Үкімет халықты алғашқыдағыдай сай-сайға тығып, сақтық ойлауды да қойған. Бар-жоғы Қарауыл селосының ортасына орнатылған радио табақшасын бар күшіне қойып, саңқылдаған дауыстан бомбаның қашан жарылатынын сағат-минутына дейін хабарлап тұрады. Адамдар жарылыстан құлайтын үйлердің астында қалмас үшін тоқал тамдардан сыртқа шығып, құдық пен пештің аузын бітейді. Мектепте сабақ тоқтап, балалар үйдің төбесіне шығып алып, сымға тізілген бозторғайдай қатарласа отырып Дегелең жаққа көз тігеміз. Бір кезде қып-қызыл алып күн пайда болады. Одан кейін қалпағы көк тіреген саңырауқұлақ шығады. Ол сейіле бергенде Қарауылға қарай шаңытқан қара дауыл жетеді. Жер-дүниені бозғылт мұнар басады. Дегелеңнен жүз шақырым жердегі Қарауылдың жәйі әлгіндей болғанда оның іргесінде жатқан Рымғалидің ауылы Қайнар қандай күйде десеңізші! Кейін елге барып жүріп өзіммен мектепте бірге оқыған, үйдің төбесінен Дегелеңге көз тіккен бозторғайдай замандастарымды іздесем көбін таппаймын. Бәрі Дегелең дерті – ақ қан мен қатерлі ісіктің құрбаны болған. Бірең-саран тірі жүргені елден жырақта тұрады. Қара ормандай біздің әулет те сиреп қалды. Ал Рымғалидың туыстары ше? Мен білетін екі інісі – Жеңіс пен Айғали сол ортақ дерттен көз жұмды. Жеңіс талантты суретші болатын еді, бірақ тағдыр оны бұйыртпады. Ал Айғали елге тұтқа боларлық, Нұрғали әулетіндегі кесек азамат болатын, қыршынынан ерте қиылды.

Халықта “Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмайсың, елуіңде ел шаңын көре алмайсың” дейтін аталы сөз бар. Рымғали отызында-ақ орда бұзып, әдебиеттануда қатарынан оқ бойы алға шықты. Оның “Трагедия табиғаты” атты алғашқы монографиясы-кейіннен іргелі зерттеулерге ұласқан төлбасы. Айналасы он жылдың ішінде іркес-тіркес жазылған “Күретамыр”, “Өнер алды – қызыл тіл”, “Өнердің эстетикалық нысанасы” атты кітаптары әдебиеттану ғылымына сүбелі үлес қосып, қазақ әдебиетінің эстетикалық негіздерін саралауда тың тұжырымдар жасады. Жалпы Рымғали ғалымдығының, зерттеулерінің басты бір арнасы – қазақ драматургиясын түптеп, түгендеп қарау. Біз жоғарыда атаған “Трагедия табиғатынан” бастап кейіннен ұлғайып, тереңдеп, қанаты кеңи беретін “Күретамыр”, “Айдын”, “Драма өнері” тәрізді іргелі еңбектер қазақ драматургиясын жан-жақты қарастырып, бастау көздерінен бүгінгі өрісіне дейін жинақтап, теориялық зор біліммен, аса мол деректерге сүйене отырып зерделеген қазақ әдебиеттану ғылымындағы сирек құбылыс. Жалпы Рымғалидың ғалымдық аңсары әдебиеттің бір жанрымен ғана шектеліп қалмайды. Оның проза, поэзия, әдеби сын, сахна өнері туралы жазған ғылыми еңбектері ой тереңдігі, пікірінің айқындығы, логикасының беріктігі, эстетикалық талғамының биіктігімен бөлекше танылады. Осы еңбектерді оқып отырғанда стиль сұлулығына, тіл шеберлігіне сүйсінесің. Ғылыми қасаңдық – оған жат.

Соңғы жылдары жарық көрген “Қазақ әдебиетiнiң алтын ғасыры” атты кiтабының ғылыми құндылығы мен ой-түйiндерiнiң сонылығын айтпағанда, ондағы көсемсөздiң, тiптi, лирикалық сарынның молдығы жоғарыдағы пiкiрiмiзге дәлел болса керек. Кiтаптан үзiндiнi бөлiп алмай-ақ әрбiр тарауға қойылған аттарға назар салыңыз: “Қаз едiк қатар ұшып қаңқылдаған” – Ахмет туралы, “Мен бiткен ойпаң жерге аласа ағаш” – Мiржақып туралы, “Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да” – Мағжан туралы, “Ой, кер заман, кер заман” – Жүсiпбек туралы, “Ғашығым менiң – бостандық” – Сәкен туралы, “Соғайын сөзiмнен бiр сұлу сарай” – Iлияс туралы, “Ей, халайық, барым ең сен” – Мұхтар туралы, тағы басқа. Әрине әр суреткердiң өз сөздерiн өзiне пайдаланғанымен олардың мазмұны авторының бүкiл болмысын, жан-дүниесiн, шығармашылық ерекшелiгiн ашып беретiнiн Рымғали дәл пайымдаған. Зерттеуiнiң iшкi мазмұны да соған сай.

Ғылым қуған, өнер тудырған, ақындық, жазушылықты мұрат еткен адамдардың мансап пен атаққа селқос қарайтыны болмайды. Рымғали да солай. Оның еңбектерi бұл күндерi толық әрi әдiл бағасын алды. Оннан аса ғылыми, шығармашылық мансабы мен атақтарын түгел тiзiп жатудың қажетi бола қоймас. Ол – қалың жұртқа белгiлi.

Бұл күнде қазақ әдебиетiнiң iрi зерттеушiлерi, алдыңғы ағалары, әрi ұстаздары М.Қаратаев, Б.Кенжебаев, Е.Ысмаилов, Т.Нұртазин, С.Қирабаев, З.Ахметов, З.Қабдолов т.б. зерттеушiлердiң iзiн басып, өнерiн жалғастырып, тiптi, кейбiрi жете алмаған ғылыми дәреженің биiгiне шықты. Еңбегiңнiң жанғаны деген осы. Мен жоғарыда айтқандай, отызында орда бұзса, қырқында қамал алып, мемлекеттiк сыйлықты иелендi, алпысында академик атанды. Бұл өзi таңдаған шығармашылық жолдың биiк белестерi.

Кез келген жүйрiктiң күндеушiсi қасында жүретiнi белгiлi. Ғылым мен мәдениетке екпiндей кiрген жасқа кейбiреулердiң тосырқай қарап, қылтасынан қағып жiбергенiне де куә болдық. Рымғали қазақ әдеби ғылымында бұрын бола қоймаған үрдiстi бастап, отыз үш жасында докторлық диссертация қорғады. Ғылыми кеңестiң алдында ол маған:

– Бiр өтiнiшiм, қорғау кезiнде менiң берген жауаптарыма сын көзiңмен қарап, залдағы ғалымдардың мiнез-құлқын бақылай отыршы, – дедi. Өңi боп-боз едi. Әлденеге өте алаңдаулы болатын. Әрине, жауапты сәттегi көңiл толқыны ғой деп ойладым. Бiрақ оның астарын кейiн бiлдiм. Қорғау сәттi өттi. Дәстүр бойынша диссертация қорғалып болған соң Рымғали үйiне шақырып дәм бердi. Халық кеш тарады. Түнгi үштiң мөлшерiнде үйге қайтқалы тұрған менi ол жiбермей, оңашалап далаға алып шықты.

– Сұлтан, – дедi ол, – сен ойлап тұрған шығарсың, мен бүгiн қуаныштан, жеңiстен масаттанып тұр деп. Тiптi де олай емес. Бағанадан бергiнiң бәрi көз қылып сыртқы түгiмдi тiкiрейткенiм ғой. Шынымды айтсам, бүгiн менiң ең ауыр күнiм, опасыздықтың не екенiн, көре алмаушылықтың қандай болатынын барша болмысыммен түсiнген күнiм. Оған өзім де кінәлімін.

- Е, не болды? Бәрі жақсы өтті ғой. Неге сонша түңілдің?

- Түңілген себебім – опасыздық өз маңайымнан шықты. Біреулердің сөзіне еріп, жастықтың желігінен өзің білетін ұстаз-ғалымның шығармасын мансұқ еткен сын жазғаным рас еді. Соның қолжазбасы үйде жататын. Бүгін осы қолжазбаны әлгі ағамның қолынан көрдім, өзі көрсетті. Кірерге тесік таппадым. Олар енді менің соңымнан шырақ алып түседі. Кешірмейді. Бағана қорғау кезінде әр сөзімді келемеждеп отырғанын байқадың ғой. Онсыз да маған іштері тарылып жүргендер енді сол топқа барып қосылады. Аяғы немен бітері белгісіз.

Бұл қорғаудың аяғы ұзақ дауға ұласып, ақыры дұшпандық жеңдi. Бес жылдан кейiн диссертация бекiмей қалды. Үмiт пен күдiкке, жала мен пәлеге толы бес жыл. Жiгерсiз адам болса осындай моральдық соққыдан жүнжiп кетер ме едi, қайтер едi?! Бiрақ Рымғалидың қайсарлығы, сабырлылығы, шығармашылық қуаты, ғалымдық таланты iске қосылып, iргелi еңбектерiн жаза бердi. Он жылдан кейiн диссертациясын қайта қорғады. Сүйтiп мамандық жамандықты жеңдi.

Ол –ағайын-жұртқа, студент шәкiрттерiне өте мейiрман адам. Оның қолдауымен көптеген талантты жастар ғылым айдынына шықты. Өзiнiң жақын достарының талай туыс-туғандарын оқуға түсiрiп, бiлiм алып, адам болуына септiгi тидi. Сонда “Сендерге сөйттiм-ау” деп бәлсiнгенiн көрген емеспiн. Достарының балаларына да ықыласы ала бөтен, қашан көрсе бауырына басып, мейірленiп жатқаны. Жастайынан анасынан айрылып, жетiмдiк көргендiктен бе, менiң шешем Күләндi “қара кемпiр” деп жанындай жақсы көредi, аузынан тастамайды. Анамның да Рымғалиға пейiлi түсiп, қатты еркелететiн, көзi жұмылғанша екеуiнiң әзiлi жарасып өттi. Осыдан бiраз жыл бұрын Меккеге барып қайтқан соң Рымғали:

– Әй, Орзалин, мен Қаағбаны жетi айналып жүргенде өз әке-шешеммен бiрге сенiң анаң “қара кемпiрдiң” де жаны жәннатта болса екен деп Аллаһ тағаладан тiлеу тiледiм, – дедi. Достарының сәттi туындыларын оқи қалса, оған қуана пiкiр айтып, көңiлiне қанат байлап жiберетiн мiнезiн де айту ләзiм.

Рымғалидың ғылымға адалдығы, принциптiлiгi, тарихи деректерге ыждағаттылығы, алаш ардагерлерiн пiр тұтуы, ұлттық құндылықтарды қорғай бiлуi, халқын сүюi, намысшылдығы – үлгi тұтар қасиеттер. Кейде басына пәле болып жабысса да көңiлi қаламаған iстi өткiр тiлмен жайратып айтатыны бар болатын.

Сөз жоқ, Рымғали әрбір талант иесі тәрізді – күрделі тұлға. Ол да өз мақсаттары үшін күрестің сан түрлі тәсілдерін жетік меңгерген. Керек жерінде қой аузынан шөп алмас – моп-момақан, қажет болса, аузын батырып жіберетін жыртқыштығы да бар. Көп жағдайда әзілдеген болып, тіпті, бауырыңа кіріп отырып, дұшпанның айта алмайтын ауыр сөзді айтады. Біреудің аузымен от көсей біледі. Көңіл хошы болмағанда өзі сыйлайтын жақын достарын да аямай, көбіне сыртынан шала байлап жібереді. Табиғаты солай болса керек, адамның мінін көргіш. Көп достарына таңбалап қойған жанама аттары бар. «Ағаш аяқ», «темір тіс», «гастрит», «мүңкітпе», т.б. Ал өзіне жас кезімізде қойған «құлақ» деген жанама есімін еске алсақ, жаратпай, қызарақтап қалады. Рымғалидың осы мінезіне кейбір достары, інілері ренжіп жүреді. Марқұм Жәнiбек Кәрменов қаза табарынан екi күн бұрын маған жолығып, Рымғали ағасына деген үйдей өкпесiн ұзақ айтқаны бар. Бала кезiнен бiрге өскен досы Мұхтар Мағауин талай рет ат құйрығын кесiспек болды. Менiң де көңiлiмдi қалдырғаны аз емес. Бiрақ, Рымғали өз мiнiн сезетiн болса керек, түк болмағандай артынан жуып-шайып жiбередi.

Бiрде Мұхтар Мағауин үйге телефон соқты. Жарылардай болып, ашуланып тұр екен.

– Әй, Оразалин, өзiмiз жолығатын жерге тез шықшы, – дедi дегбiрсiзденiп. – Ана сенiң досың туралы айтатын сөз бар.

– Қай досым?

– Қай досың болушы едi, Нұрғалиевтi айтамын.

– Ол сенiң де досың емес пе?

– Барынан жоғы ондай достың! Тез шық...

Мұхтар жолығысымен Рымғалиға деген ренiшiн айта бастады. Менiң құптауымды қалағандай бетiме жалтақ-жалтақ қарап қояды. Мұхтардың оған деген ренiшiн бiрiншi естуiм емес, кейiннен екеуi қайта табысып кететiн. Сондықтан үндемей тыңдай бердiм. Шыдамы таусылған Мұхтар:

– Сен неге үндемейсiң! Менiкi қисық па? – дедi.

– Жоқ, Мұха, секiнi дұрыс. Бiрақ Рекеңе кiна қоюға болмайды.

– Неге?


– Олай болса тыңда. Мен саған бiр мысал айтайын:

“Баяғыда қоян мен шаян жан аяспастай дос болып, ұзақ уақыт бiрге жүрiп, бiрге тұрыпты. Бiрде екеуi жалпақ жайылған өзеннiң жағасына тоқтайды. Ар жағы жасыл шалғын екен. Өзеннен өтулерi керек. Шаян болса суда жүзе алмайды. Қоян досын арқасына мiнгiзiп суды жалдап келе жатады. Шаян жайлы, жұмсақ жерге отырып алып, өзеннiң орта тұсына жеткенде досының майлы желкесiне көзi түсiп кетедi де, шағып алады. Жай әншейiн, жаман оймен емес, шаяндығы ұстап кетедi. Сөйтiп, сеспей қатқан қоянмен бiрге өзi де суға кетедi”. Мiне, осылай достым, Рымғали да әдейi iстемейдi, бойына бiткен мiнезi сондай, ащы тiлiн өзi де байқамай сұғып алады. Мен оған ренжудi қойғанмын.

Кейiннен Мұхтар:

– Әй, Оразалин, сенiң айтқан әңгiмең көкейiме қонды. “Е, оның жаратылысы сондай ғой!” деп Рымғалиға кешiрiммен қарайтын болдым, – дедi.

Пендешiлiк кiмде жоқ? Ұлы Абайдың өзi “ат шаба алмас мiнiмнен” демей ме? Сондықтан бiрде келiсiп, кейде тебiсiп, өмiр жолын бiрге өткерген досыңды жамандыққа қимайсың. Ол туралы бөтеннiң ғайбат сөзiн, қиянатын бiлсең намысың қозып шыға келедi. Рымғали да солай. Өзi айтса да өзгеге дес бермей, қорған болуға жарайды. Сондықтан мен досымды “қисық ұшып, түзу өлетiн қыранға” балаймын.

Рымғалимен сан рет сапарлас болдық. Соның бiрi – жетпiсiншi жылдардың басында арнайы барып, Шыңғыстау мен Абыралыны аралағанымыз естен кетпейдi. Қайнарда бiздi Нұрғали ақсақал қарсы алды. Жетпiстен асқан кезi. Қуанышында шек жоқ. Екi ұлын төбелерiне қойып күттi, ауылдастарына да күткiздi. Бiрде Қайнардың түбiндегi тiк шаншылған Қобыланды биiгiне шығып, Қобыланды батыр отырды деген тас-тақытты маған көрсетпек болды. Келгеннен берi ел шежiресiн, осы өңiрден өткен оқиғаларды көзбен көрiп, қолмен ұстағандай шебер баяндаған сұңғыла-шешен шал тауға шыққанда да отыз жасар бiзден озып кеттi. Қобыланды тағына шығу өте қиын екен.

– Таққа лайық баламсың, – дедi Нұрғали ақсақал. – Арнайы келгенде оған отырғызбай жiбермеймiз.

Сөйтiп өзi бiр қапталға тұра қалып, екiншi қапталға ұзын бойлы, атан жiлiктi, ақкөңiл азамат, аудан басшысының бiрi – Қадiрдi тұрғызып, менi тiк көтерiп жартасқа шығарды. Сол биiк жартастың қиясынан тамыры тасты жарып тереңге сiңген жап-жасыл арша ағашын көрген едiм. Бұндай ағаш Абралының құз-қиясында көп өседi екен. Желге де, ыстық-суыққа да шыдамды жасыл арша iргедегi Дегелеңнiң төбесiнде жасын боп, аждаһадай от шашқан атом жалынына да төтеп берiптi.

Менiң Рымғали досым да сол қияға бiткен, жапырағын кеңге жайып, маңайын жасыл желекке бөлеген төзiмдi, қызулы, тастай берiк арша ағашына ұқсайды. Тiк шаншылған Қобыланды тауының биiктiгi мен құнарлы қасиетi оның бойына терең сiңген.

Рымғалидың “Қазақ әдебиетiнiң алтын ғасыры” атты сөз өнерiндегi жүз жылдық табысымызды зерделеген қомақты кiтабын маған жіберген екен. Оған Рымғали былай деп жазыпты: “Сұлтан! – дейдi ол. – Жарты ғасыр бiрге кешкен ғұмырымызда достық, адалдық, құрмет сезiмiнен айырмаған Алла қалаған күндерiмiзде де сол рыздықты сыйлай берсiн! Рымғали. 3.04.2005».

Соңғы демің таусылғанша осы тілектен айныған жоқпыз, асыл досым, Реке!

Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ,

жазушы,

АЛАШТЫҢ АЗАМАТЫ

Рымғалиды алғаш көргенім есте. Шидей арық, құлағы қалқиған ашаң жігіт кісіге зерттей қарайды екен. Аңғарымпаз, төңірегіне қырағы, зердесі мықты сияқты көрінді. Және бір байқағаным: сөйлеп тұр, сөзі ірі, еркін көсіледі, тіпті тарпаңдау мінезі барын да аңғаруға болатындай, құрық тимеген асаудай лыпып тұр.

Ол кезде біз оқитын журналистика бөлімі КазГУ-дың филология факультетіне тіркеулі еді. Рымғали филфакқа түсіпті. Бұл жігітті көбіне-көп кітапханалардан көреміз, кітапты көзі қызарғанша оқитынын байқадық...

Алғашқы курстарды филфакта оқыған Рымғали 3-ші курстан біздің журналистика бөліміне ауысты. Бірден жақын араласып кеттік. Келген беттен-ақ ол қыздарымызға қырғидай тиді, әсіресе «Мәткәрімнің класы» дейтін топқа «тастай батып, судай сіңді».

Рымғалидың келуімен біздің біраз жігіттер кітапхана есігін ашатын болды, көбіне сабақтарын сонда дайындап, сонда «тіршілік» ететін қалыпқа түсті. Кітапты жарыса оқитын дәрежеге жетті. Орыс, шетел әдебиеттеріне зер салды. Журналистика бөлімінде оқитын жігіттердің түпкі мақсаты – жазу ғой, осы тұста да бөліне көзге түсе бастағандар арамыздан суырыла шықты. Бірақ Рымғали бұл «жазғыштар» тобынан әуелде табыла қоймады.

Рымғалидың оқуы жақсы еді, сол зеректігін бізге келгесін де танытты. Жүйрік қашан да жүйрік!

Соңғы курстарға таман озық мінезді Рымғали газет-жорнал беттерінде мақалаларымен көрінді. Жазу-сызуында тың лекпін бар, мақала, очерк, сыни материалдары тосын басталып, тосын аяқталатын. Мен Рымғалидың осы «мінезіне» – жазу тәсіліне ынталы болдым.

«Лениншіл жас» – Рымғалидың қолы, стилі жастар басылымына оң келді, содан төпеді-ай келіп. Құлаш-құлаш етектей мақалалары жиі шығады. Өстіп жүріп ол әдеби сынға көшті, өнер тақырыбына ойысты. Әсіресе театр жағын қаузады. МХАТ театрының біздегі гастролі кезінде рецензияларды үйіп жазды. Бақсақ бақа екен, Рымғали театрды текке қуып кетпеген екен, алдына мақсат етіп қойған кандидаттық жұмысын жазып жүргенін кейін білдік. Бұл ісін және сәтті аяқтады. Содан докторлығына кірісті, қорғады. Бірақ бұл жол оған оңай болған жоқ. Бәріне төзді, төзе жүріп жеңді. Және білімімен жеңді, сүйеу балдақсыз жеке күресіп жүріп мұратына жетті.

Рымғали біздің көбіміз сияқты ашылып-шашылмай, төгілмей, жайдақтық танытпай жоғарыдағы айтқан мақсатына өз аяғымен жетті. Ғұлама ғалым болды. Бүгінде ол – академик. Бұл жағы, әрине үлгі!

Сәл шегініс жасасақ ол еңбек жолын жастар газетінде бастады. Содан Одаққа (Жазушылар одағы) келіп қызмет етті, қаламгерлер арасында бедел-атаққа ие болды. Университетке (КазГУ) барды, онда сіңісті. Жалпы, Рымғали жүрген жерінде көптің бірі емес – бірегейі болып шыға келеді. Оның бұл қасиетін тегінен деу орынды. Абай ауылының төл перзенті туған жер табиғатына көп ұқсаған Алаш Азаматы, осы жайды және жақсы, бар санасымен ұққан перзент екенін айғақтады.

Түбі жақсының тегі жақсы. Қазақтың жалпы тегі жақсы халық қой, тәрбиесі бесіктен қалыптасатын мұндай ұлт жер бетінде аз. Осыны ұғына түсінген перзент азбайды. Рымғалидың тәлімі жөргегінен қалыптасқан десек орынды. Рымғалидың табиғи дарынын шынайы зерделеген кісі оның шын талантты жан екенін бағдарлар еді. Мұндай жандарды «ұлттық табыс» дейді өсер ел. Еңбегі халқы үшін, қаламы рух үшін, ақылы заман үшін жұмсалатын тұлғалар өмірде аз.

Рымғали жан-жағына сәуле түсіріп жүретін жан. Осы реттен де оның шәкірттері көп. Бір жайт еске түседі.

Менің роман жазып жүргенімді білетін (Аманкелді батыр жайлы) досым бірінде маған телефон шалады.

– Сенің романыңды «Жалын» баспасының тақырыптық жоспарына «Қызыл жалау» деген атпен кіргізіп жібердім. Жанрын тарихи-революциялық роман дедім», – дейді.

– Ау, мен әлі романымды біткен жоқпын ғой, – десем, ол:

– Оқа жоқ, бітпесең бітіресің! – деп, мені билеп-төстеп алды.

Ақыры мені көндірді. «Романның аты қалай болар екен?» дегеніме де қарамады. Жоғарғы жақ «қызыл жалау» деген сөзді сыза алмайды деп шегеледі. – Қызыл түс – революция символы. Так что, саспа!

Маған енді романымды жазуды жеделдетуге тура келді. Қамшыны бастым. Күзінде журналдық нұсқасы (1977 ж.) «Жұлдызда» жарық көрді. Ұзамай «Қызыл жалау» кітап болып шықты.

Тағы бірде Рымғали телефон арқылы маған шұғыл жет деді. Келіншегім Гүлбаршын екеумізді Панфилов паркінің алдынан қарсы алды.

– Не боп қалды? – десем, қолыма бір парақ қағаз ұсынды.

– Бұл сенің кандидаттық жұмысының аннотациясы. Дереу барып КазПИ-ге тіркел! Кандидаттық минимум тапсыруың керек! – дейді. – Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин ағаларыңмен келісіп қойдым!

– Ау, менен ғалым шыға қоймас, мұның не? – деймін мен.

– Неге шықпайды, шыққанда сенен шықсын! Сөзді көбейтпе! – деп Рымғали күржисін.

Мен келіншегіме, ол маған қарайды.

– Жә, көрерміз, – дедім мен енді сөзді басқа жаққа бұрмақ болып. Рымғали:

– Жоқ, көрермізіңді қой, істі бастап кет, тақырып өзіңе таныс – Сәбит Мұқановтың драматургиясы – қатқан тақырып. Ғылыми кеңесте тіркетіп алдым! – деді сөзін бекітіп.

Мен олай созып, бұлай созып, ақыры кандидаттықты қорғамадым. Ғылымнан гөрі ғалымы көп заманда басқалармен жағаласуды қол көрмедім. Кінә Рымғалидан емес өзімнен болды.

Міне, Рымғали достың менің жеке «өміріме» қосқан «үлесі». Мұны Тағдыр демей көріңіз.

Рымғали Нұрғали ғұлама ғалым, зиялы ұстаз, қарымды жазушы. Бір сөзбен айтқанда – Алаш Азаматы!

Рымғали Нұрғали – қазақ әдебиеттану ғылымына зор үлес қосқан сыншы-ғалым. Әсіресе әдебиеттің драматургия саласын зерттеуде ерен еңбек етті. Оның бұл саладағы зерттеу жұмыстары тың дүние, тірі сөз! Және бір ерекше астын сызып айтар жайт – Рымғали Нұрғалиұлының Алаш тақырыбын жүйелеу, зерттеуге жұмсаған еңбектері ұлан асыр! Мұны оның әдебиетке, жалпы Түркі әлеміне сіңірген аса құнды ісі деп бағаласақ болады. Қазақия жұртының Рымғалидай қазағы бар!



Құныпия АЛПЫСБАЕВ,

филология ғылымдарының докторы,

профессор

САНАДАН ӨШПЕС ЗОР БЕЙНЕ

1

2010 жылғы ақпан айының 16 жұлдызы біз үшін, қазақ әдебиеті мен ғылымы, мәдениеті үшін қайғы жамылған күн болып қалды. Бұл күні тарлан-талант, ұлы ұстаз Рымғали аға өмірден өзды. Бір апта бұрын ғана ортамызда жүрген академик Рымғали Нұрғали сонау Дубайда бақилық сапарға аттанапты. Рымғали аға қайтыс болды деген хабар төбеден жай түскендей етті. Аяулы, абзал аға өмірден өтті өзекті өртеп. Ақылшы ұстаз, халқының асылтекті перзенті, дархан дарын иесі, қазақ сөз өнері шеберлерінің бірі, талантты ғалым, алашшыл қайраткер Рымғали Нұрғали кетті арамыздан мәңгілік сапарға аттанып. Істерге шара жоқ. Аяусыз ажал тағыда бір ардақтымызды алып тынды.



Мен үшін Рымғали ағаның орны бөлек еді. Ғылым жолында да, өмір жолымда да ақылшым болып еді. Туған інісі Айғалидан кем көрмей, ағалық қамқорлығын аямап еді. Туған жері Семей полигонының аумағы екенін айтып сыр бөлісуші еді. Өмірден ерте кеткен ағасы мен екі інісінің, қарындасының жайын баяндап мұңаятын. Бәрі де полигонның кесірі деуші еді. Өзін де сол полигонның зардабынанан пайда болған түрлі сырқат мазалап жүргенін айтатын.

Ағаның қырық жылдан аса уақыттан бері университет аудиториясында оқыған лекциясы алдынан дәріс тыңдаған мыңдаған студенттердің жүрегінде ұялап, көңілдерінде тоқылғаны сөзсіз. Шебер стиль, шешен тілмен өрілген дәріс мазмұны тыңдаушысын ұйытып, саналарына әдебиет әлемінің қасиетін сіңдірген, алаш рухын ұялатқан сәттер шәкірт көңілінене өшпек емес.

Қайран аға!... Орны қалды ойсырап... Санада өшпес бейнесі, жарқын мінезі, мейірімге толы болмысы қалды елестеп.

2

Студенттік шақ. Арман жетегінде, қиял құшағында өткен күндер ғой ол. Бітпейтін пікірталасқа, таусылмайтын талпынысқа толы, өзіне тән қиындығына қоса қызығы да мол жастық дәурен еді ғой, ол бір! Әр түрлі оқу орындарында оқып жүрген дос-жаран, жолдас-жора бас қосқан уақыттарда сондай пікірталас тақырыптарының бірі әр мамандықтың артықшылығы, онда оқитын студенттердің ерекшелігі төңірегінде өрбіп жатар еді... Ол кезең қазақ тілінің қызмет аясы барынша азайып, соған орай қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының да өрісі шегіне жете тарылған жылдар еді ғой! Техникалық, ауыл шаруашылығы т.б. мамандықтарының қазақ тілі мен әдебиетіне қарағанда мүмкіндігі мол, болашағы зор болып есептелетін, көпшілік көңілінде сондай пікір орныққан, психология қалыптасқан.



Біз, филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде оқитындар ең әуелі ұстаздарымызбен, одан соң оқу объектімізбен мақтанар едік.

–Сендер мектепте оқыған қандай оқулық авторларынан лекция тыңдайсыңдар, бетпе-бет кездесе аласыңдар? – деуші едік ол кезде болашағы “бұлыңғыр” көрінетін қазақ тілі мен әдебиетіне кемсіте қарайтын өзге мамандықта оқитын достарымызға іштей жасыған көңілден сыр бермей. Әрине олар тосылып қалар еді.

–Ал, біз мектеп оқушыларына арналған қазақ тілі, қазақ әдебиеті оқулықтарының авторлары М.Балақаев, І.Кеңесбаев, К.Ақанов, С.Қирабаев, М.Базарбаев, Б.Сахариевтердің лекциясын тыңдаймыз, кездесулерде әңгіме, естеліктерін естиміз. Орта мектеп оқулығына енген Абай, Сұлтанмахмұт, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиндер туралы зерттеулер жүргізген, ғылыми еңбектер жазған, Абай мен Сұлтанмахмұттан кейінгі қаламгерлермен қоя-қолтық қызметтес болған, тағлымын алған Б.Кенжебаев, М.Қаратаев, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев, Х.Сүйіншалиев, Т.Кәкішев, З.Қабдолов, Р.Нұрғалиев т.б. ғалымдардан тікелей дәріс аламыз, әсерлі әңгімелеріне қанығамыз, – деп таңдаған мамандығымыздың мәртебесін өсіруге тырысамыз.

Шындығы да солай еді. Қазақтың тұңғыш университетінде ол кезде дәріс беретін республикаға белгілі ұстаз-ғалымдардың барлығын айтпағанның өзінде, “көзі тірісінде-ақ ғылыми жаңа мектеп қалыптастырған” Бейсенбай Кенжебаевтың алдынан тәрбие алу, Мұхтар Әуезовтың өзі болмаса да ұлы тұлғаның тағлымын бойларына терең сіңірген шәкірттерінен Әуезов үнінің әсері жадыларынан әлі өше қоймаған уақытта лекция тыңдау, Т.Нұртазин тәрізді профессордың телегей білім, терең талдау үлгісінде оқылатын дәрісіне қанығу біздің буынның бақытына қарай кездескен мүмкіндік деуге болады.

Осындай асыл ұстаздардың ішіндегі біз айтқан пікірдің айқын айғағындай, нақты мысалындай болып, сол ұлағатты ортаның жиырма бірінші ғасыр басындағы ұрпаққа үнін жеткізер, мұңын шертер көзіндей болып күні кешеге дейін ортамызда жүрген айтулы тұлғалардың бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және гуманитарық ғылымдар саласы бойынша берілетін Шоқан Уәлиханов атындағы нөмірі бірінші сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалиұлы.

Жоғарыда айтылғандай студенттік кезде өзгелерге ұстаздарымызды айтып мақтанатынымызбен оқуға түскенге дейін аттары аталған оқытушы-профессорлрдан болашақта дәріс алатынымызды біліп, танып келмегеніміз белгілі. Бірлі-жарым осы оқу орнын бітірген ағаларымыздың аузынан профессорлар Б.Кенжебаев пен Т.Нұртазин есімдерін ғана естігенім бар. Онда да толық мәлімет емес, әңгіме арасында ғана. Ол кедн қазіргідей әр мамандық, онда қызмет істейтін атақты тұлғалар туралы жан-жақты жазылып, толық мағлұмат берілетін анықтамалар мен буклеттерді көрмегеніміз рас. “Қайда оқығың келеді?” дейтін хабарландыруда оқу орнында қандай факультеттер бар, оған түсудің тәртібі қандай? – деген мәселе бойынша ғана хабардар етілетін.

Дей тұрғанмен әдебиетші болуға деген ұмтылыс болғандықтан қолға түскенінше “Жұлдыз” журналы мен “Қазақ әдебиеті”, “Лениншіл жас” газетттерінде жарияланған көркем туындылырды, әдеби сын мақалаларды оқуға тырысатынбыз. Болашақ ұстаздарымыздың кейбіреуінің есімімен осы газет, журналда басылған әдеби-сын еңбектері арқылы таныстық. Әрине, олардың болашақ ұстазымыз екенін ол кезде білгеміз жоқ.

Өзгелерді қайдам мен үшін ұлы есім, өмірімдегі ең жақын адамға, ардақты жанға айналған, ара-қатынасымыз ұстаз-шәкірттен аға-інілікке , аға-ініліктен достыққа ұласқан аяулы Рымғали аға – Рекеңмен алғаш рет “Жұлдыз журналы арқылы таныс болдым. “Жұлдызға” жазушы Жекен Жұмахановтың “Cоқпақ соңы” повесі туралы сын мақаласы шықты. Оқып шықтым. Мақаланың ең әуелі көркем шығармадай оқылатын әсем нақышты тілі әсер құшағына бөлеп, баурап алды. Шығарманы талдау тәсілі, тереңіне бойлап, астарлы ойларды ашуы, оқырманның таңданып отырған шығармаға құштарлығын оятатын әсерлі ой тұжырымдары ерекше әсерлендірді. Мақаланың ықпал еткенісонша, артынша “Cоқпақ соңын” тауып алып оқыдым. Көп ұзамай аудан орталығына жолым түсті. Әдеттегідей үлкен кітап дкеніне кіріп жаңа шыққан кітап іздей бастадым. Әрине, ол кезде бірінші кезекте іздейтініміз көркем шығармалар екені рас. Сөредегі тізілген кітаптарды шетінен көріп келе жатқанда “Трагедия табиғаты” атты кітапқа көзім түсті. Авторы «Жұлдыздағы» мақаласы арқылы Жекен Жұмахановтың повесін оқуға еріксіз «мәжбүрлеген» Рымғали Нұрғалиев екен. Ескі танысымдай көзіме жылы ұшырай кетті.

Сол жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетіне түсіп, арман орындалғандай болды.

Ол жылдардағы тәртіп бойынша жыл сайын студенттер күздің алғашқы айларында ауыл шаруашылығы жұмыстарына көмектесіп, егін жинауға қатысатын. Сабақ содан кейін басталады. Біз де сөйттік. Студенттік өмірдің алғашқы сәттері. Жоғары мектеп жүйесіне қатысты біз үшін бұған дейін бейтаныс терминдер, тосын атаулар: аудитория, лекция, семинар, курстық жұмыс, семестр. Олар жайындағы алғашқы түсінік, алғашқы пайым қат-қабат өріліп, қатарласа санаға сіңісіп жатты. Сабақ кестесінен қандай пәндер жүретінін, қай пәннен кәм беретінін жазып алдық. Сабақ берушілердің біреуі Рымғали Нұрғалиев екен. Таныс есім, таныс фамилия тағы да жылы ұшырай кетті...

Міне, өзге де курстастарыммен бірге қазақ әдебиеттану ғылымының көшбасшыларының бірі, көрнекті әдебиет зерттеушісі, сыншы, жазушы, энциклопедист ғалым, көптеген мәртебелі атақтар мен биік лауазымдар иесі болған, сан қырлы талант, ұлт мақтанышы Рымғали Нұрғалиевпен жақындықтың алғашқы жүздесу сәті осылай болып еді. «Туған ай тураған етпен тең» дейді халық даналығы. Қалай дәл айтылған теңеу? Содан бері де аттай қырық жылдан аса мезгіл өтіпті-ау! Зулаған күндер, жылжыған жылдар білдірместен артта қала беріпті. Оны осындай еске түсірер себеп-жайларда ғана аңғарғандайсың.

Сол студенттік кезден ғылым жолына түсуіме ықпал етіп, курстық жұмысқа жетекшіліктен докторлық диссертацияға кеңесшілік жасауға дейін үздіксіз жалғасып келе жатқан жақындық аясында ұстаз бойындағы өз әлімше сезіп білген, көзбен көрген, талай рет куә болған асыл қасиеттері, талант қырлары, қабілет-қарымы, адамгершілік пен азаматтық келбеті турлы ұзақ-ұзақ толғауға болар еді. Алайда ұстаз-ағаны етене жақын сезініп кеткендіктен бе, ол жайында ақтарыла жазуға үнемі имене беремін, тартына сөйлеймін.

Дей тұрғанмен әдеби орта, зиялы қауым жақсы білетін, алдынан дәріс алған жүздеген шәкәрттеріне де белгілі ұстаз келбетінің кейбір тұстарын қайталап айтудың артықшылығы жоқ жеп білемін. Осы орайда Р.Нұрғалиев талантының алғаш ауызға ілінер ерекше бір қыры – оның лекторлық шеберлігі. Біздің курсқа Рекең бірінші курста «Әдебиеттануға кіріспе», төртінші, бесінші курстарда «Қазақ әдебиеті тарихы» пәнінің Кеңестік кезеңінен және арнаулы курстар бойынша дәріс берді. Біз оқуға түскен жылдары «Әдебиеттануға кіріспе» пәні бойынша қазақша оқулық жоқ болатын. Зекеңнің «Сөз өнері» кітабы әлі шықпаған кез. Бірінші курстың алғашқы күндерінен оқытылатын «Әдебиеттануға кіріспе» пәнінен лекция оқитын Р.Нұрғалиев шәкірт көңілін бірден-ақ баурап алып, әдебиет әлеміне деген құштарлығымызды бұрынғыдан да арттыра әсемдік әлемінің гүлзар бағына енгізіп жібергендей болды. Әдеби болмысты түсіндіруінде қазақ әдебиеті шеңберінен әлдеқайда әрі асып, әр мысалын орыс және әлем әдебиетінің озық үлгілерімен сабақтастыра түйіндеп, ағыл-тегіл сөйлегенде лекция жазуға әлі дағдыланбаған, жүйелі ой қорытуға қалыптасып үлгермеген біз абдырап қалушы едік. Тума талант, қабілет-қарымына орай жинақтаған терең білімі, философиялық тұжырымды ойлары шешен тілмен көмкерілгенде айызымыз қанып, қанаттануға қоса, бұған дейін ештеңе оқымағандай күйге түсетінбіз. Рекең қандай тақырыпта лекция оқыса да студенттердің ынтасын тудыра, нәрлі ой тұжырымдарымен әсерлендіре, өзінің жазу мәнеріндегі көркемдікті әлсіретіп алмай сөйлейтін, үнемі шабыт үстінде жүретіндей көрінетін. Ол оқыған лекцияларда тіпті трафарет тәрізді есептелетін жазушы өмірбаянының өзі өзгеше стильде, көркем өрнектеле баяндалып, көркем образ деңгейінде тыңдалатын.

Бұл құбылыс Сәкен, Ілияс, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов тақырыптары өтілгенде ерекше көрініс табатын. М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы тұсында аса бір сүйіспеншілік сезім мен шабытты күйде болды. Ұлы жазушыға арналып бірнеше күн бойы оқылған лекцияда «Абай жолы» эпопеясына көп орын берілді. Эпопеяның жазылу, жарық көру тарихын баяндай келе, ондағы образдар әлемі, кейіпкерлер болмысы, құрылымдық сипаты, табиғат құбылысы, мінез бен портрет т.б. толып жатқан мәселелер жайында жеке-жеке талдай отырып ойын жинақтай сөйлегенде кітапта суреттелетін бар әлем қайта жаңғырып жан бітіп көз алдыңа келгендей болатын. «Эпопеяда кейіпкер көп. Үш жүзге тарта кейіпкер бар... кітапта аянышты тағдыр көп. Иіс кемпір, оның баласы Иса, немересі т.б...» деп алып әр алуан кейіпкерлер тобының басты тұлғалары, түрлі тағдыр иелері, көркем бейне ретінде олардың өзіндік орны мен көтерер жүгі жайлы жіліктеп талдап кетер еді.

Романда боран, жауын, қыс, жаз, көктем, күз т.б. алуан түрлі құбылыс, қилы іс-әрекеттің мол көрініс табатыны, оның бәрі де қазақ өміріне байланыстырыла суреттелетіні, белгілі бір авторлық мақсатқа қызмет істеуге, шығарманың идеялық мазмұнын ашуға жұмылдырылатыны туралы айта келіп, сол әр-түрлі құбылыс, іс-әрекеттің әрқайсысына жеке тоқтала отырып, оларға байланысты роман ішіндегі өзіне керекті детальдар, оқиға, сюжетті жатқа айтып, ой маржанын төгілте баяндайтын. Бұрынырақ оқыған эпопеядағы ұстаз келтірген дерек, детальдарды аңғармағаныңды, не ұмытқаныңды сезініп, қайта оқығың келіп кетуші еді.

Әсіресе «Абай жолын» кең тыныспен талдап түсіндіру барысында романның екінші кітабының аяғындағы эпилог арқылы түйінделген ойларды жеріне жеткізе зор шабытпен толғаған тұстары әлі күнге көз алдымда, көңілімнен өшкен емес. Эпилогтағы Мұхтар Әуезовтің қалам қуатымен өрілген әуезді әсем ырғақты сөйлемдер лектор Рымғали Нұрғалиевтің құлаққа жағымды қоңыр үнімен тыңдалғанда оқылғаннан әлдеқайда әсерлі еді.

Жеті жарым беттен тұратын эпилогтың ке й тұстары «Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән, сан салалы жырлар көшіріліп жатталып, әуендеп толқып, тарап жатты. Алуан сырлы жаңа сөз Арқаның қоңыр желіндей жай жылжып, бірақ кең жайылып тарады...

Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән жатталып, көшіріліп, әуендеп толқып Ералыға жетті...

Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән көшіріліп, жатталып Мұхаметжан әуенімен Ұлжан аулына жеткен еді...

Ақшоқыда туған ән жатталып, сол күндердің бір кешінде ұйқысыз жатқан Құнанбайдың құлағына жетті...

Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән жатталып, әуенге қосылып, кең атырапқа тарап жатты. Даланың қоңыр желіндей, жай соққан самалындай лүпіп-толқып, Тобықты жайлауларын түгел шарпып өтті...» тәрізді болып белгілі бір тіркестің қайталануы арқылы басталып отыратын, бірақ әрқайсысы жаңа мазмұнға құрылып, бірін-бірі толықтыра түскен бірнеше абзацтық мәтінді жатқа айтып, шығарма түйінін берудегі жазушы шеберлігін ғылыми терең пайыммен, философиялық толғаммен тұжырымдап, шешендікпен жеткізе, кестелі тілмен баяндаған тұста Абай-Мұхтар, Мұхтар-Рымғали әлемі болып тұтасып, жарасым тапқандай көрінер еді.

Бұлар арқылы қазақ әдебиетінің үш дәуірі бірімен бірі жалғасқандай, бір нүктеде түйіскен үш дәуір болып, бір ниетте ұласқан үш тұлға күйінде ұлт ұраны, қазақ үні, қазақ сөзі, қазақ ойы болып, бірін бірі демеп болашақ бойлығына жол тартқандай.

Қазақ әдебиеттану ғылымының аса көрнекті тұлғасына айналған Рекеңнің ғалымдық таланты, зертеушілік қабілеті, сыншылық өресі өз алдына бір төбе. Сонау студент кезінің алғашқы жылдарында-ақ ғылым-білімге деген ынтасын, қабілет дарынын бірден байқатып, ұстаздар назарын өзіне аудара білген ол қазақ әдебиеттану ғылымының қайсар қайраткері, бойына сіңірген алаш рухын бір сәтте өшірмеген дана ұстаз Бейсенбай Кенжебаевпен бірігіп «Сабыр Шарипов. Өмірі мен творчествосы» (1961) атты кітаптың авторы болғаннан бастап қазақ әдебиетінің тарихына, теориясына, жеке жанрлық т.б. көкейкесті мәселелері мен әдебиетіміздің дара тұлғаларының шығармашылығына арналған монография, сын, зерттеулерден тұратын қазақша, орысша басылған ондаған іргелі ғылыми еңбектер, публицистикалық және прозалық туындылар берген академик Р.Нұрғалиевтің энциклопедиялық біліммен қаруланған кең шеңберлі ғалым ретінде ғылымның биік тұғырына көтерілгенінің куәсіміз. Оның қаламынан туған «Трагедия табиғаты» (1969), «Күретамыр» (1973), «Өнер алды қызыл тіл» (1974), «Өнердің эстетикалық нысанасы» (1977), «Поэтика драмы» (1979), «Айдын» (1985), «Телағыс» (1986), «Қазақ революциялық поэзиясы» (1987), «Древо обнавления» (1989), «Арқау» 2 томдық, «Әуезов және Алаш» (1997), «Вершины возвращенной литературы» (1998), «Сөз сыры» (2000) тәрізді ғылыми еңбектері мен «Дән» (1997), «Ай қанатты арғымық» (1990) т.б. прозалық туындыларының қай-қайсысы да өз кезіндегі бұрын көтерілмеген мәселе бойынша жаңалығымен, бұрын айтылмаған тұжырым, ашылмаған тұстар төңірегіндегі соны ойлармен, тың тақырып, соны бағытымен құнды, бүгін де таптырмайтын кітаптарға айналған, келер ұрпаққа мағлұмат жеткізетін, қазақ әдебиеттану ғылымындағы көп жаңа көзқарас, идеялардың бастау көзі болғандығын көрсете алатын, көркемдік қуаты мол, ғылыми деңгейі жоғары, философиялық ой-тұжырымдары терең, мәнді еңбектер.

Осындай қордалы тақырыптарды қопарып құнарлы ойлармен түйінделетін кітаптар жазуға қоса ғылыми мамандар дайындауға қосқан үлесі қаншама!?

Оның ғылыми жетекшілігімен және оппонент болуымен диссертация қорғаған бірнеше ондаған ғалымдардың ішінде филология ғылымдарының докторлары Ш.Елеукенов, М.Мырзахметов, У.Қалижанов (мәжіліс депутаты), С.Дәуітов, Қ.Әбдезұлы (ҚазҰУ-де декан), М.Хамзин (Қарағанды «Болашақ» университетінің проректоры), Б.Байменше (Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің қызметкері), Д.Мәсімханұлы (белгілі шығыстанушы), С.Тапанова, М.Шындалиева, А.Ищанова, С.Дауытова, А.Әлтай, Ж.Жарылғапов, филология ғылымдарының кандидаттары Л.Әділбекова (Қыздар педагогикалық институттың проректоры), Р.Шаханова, З.Тайшыбаев, Ш.Уәлиханов, Г.Орынханова, т.б. сияқты республикаға белгілі қоғам қайраткерлер, түрлі мемлекеттік құрылымдар мен жоғары мектептерде ұстаздық етіп жүргендер бар.

Ол өз мамандығы саласында білімпаз ғалымдығына орай тәуелсіз Қазақстанның ғылыми дәреже мен атақтар беретін тұңғыш жоғары аттестациялық комитетінің мүшесі болып, филология ғылымдары бойынша сараптау комиссиясының төрағасы ретінде жаңа ұйымның бекіп орнығынуына іскерлікпен ат салысты, ғылым жолындағы талай азаматтардың тағдырын шешті.

Бір мүшелге жуық уақыт, он екі жылдай Қазақ энциклопедиясын басқару барысында ұлт мүддесін көздейтін, ұрпаққа қызмет істейтін сан алуан озық идеялардың, жақсы бастамалардың ұйтқысы болып, оның жүзеге асуы үшін барынша тер төгіп, мол қажыр-қайратын жұмсады, ұлттық энциклопедияны ғылыми теориялық тұрғыдан жаңа биік деңгейге көтерді. Профессор Р.Нұрғалидың бас редактор кезінде «Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедия», «Ол кім? Бұл не? Шәкірт энциклопедиясы», «Шаңырақ», «Свод памятников истории и культуры Казахстана», «Ислам», «Философиялық сөздік», энциклопедиялық принциппен жасалған «Айқап», Ә.Бөкейхан «Таңдамалы», «Әлемде талай қызық бар» тәрізді дүниетанымдық мәні зор еңбектердің шоғырлана дүниеге келуі соны да, тың бастамалардың іске асуының көрінісі еді.

Біз, шәкірттері академик Рымғали ағаны ұстаз, ғалым ретінде де, қайраткер тұлға, азамат ретінде де мақтаныш етеміз. Оның ұстаздығы мен ғалымдығы адамгершілікпен ұштасқан, қайраткерлігі мен азаматтығы принципшілдігімен тұтасқан.

Әр кезде, әр тұста жазылған пікірлерге, әр жерде, әр ортада айтылған әңгіме әуеніне қарағанда әділ шешімді, мейірбан жүректі, озық ойлы зиялы ағаның асыл тұлғасы шәкірт санасында, оқырман көңілінде берік ұялаған.
3
2010 жылдың 19 ақпаны. Алматы қаласы. Ұлы ұстазды жер қойнына жатқызып келеміз. Табиғат ана да, асыл ағаны қимағандай жабырқау күйде. Төгілген көз жасындай болып жаңбырда құйып тұр. Ауа-райының қолйсыздығына қарамай қара-құрым болып жиналған адамның көптігінің өзі аяулы ұстаздың, аысл тұлғаның халық сүйіспеншілігіне бөленгендігінің белгісіндей еді.

Содан бері де Рымғали ағасыз күндер өтіп жатыр. Көңілімізде қалған бір арман, жетпіс жастық мерейтойын ағаның өзі көре алмай кетуі. Алланың ісіне шара бар ма?! Құттықтау сөздің орнына естелік айтылып, шаттана қуанудың орнына мұңая еске алу болады деп кім ойлаған?!





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет