филология ғылымдарының докторы,
профессор
АРДАКҮРЕҢ
Ол енді жоқ. Ол да жоқ. Олар да жоқ. Сен өмір табалдырығын аттағанда алыстан ақ бас шыңдай асқақтай мұнартып көрінген алыптар тобы әлдеқашан ғайып болған. Өкінсең де олардың соңында жүрегіңді жұбататын алдыңда қайысқан қара ормандай алдыңғы толқын ағалар болатын. Солардың саясында ертеңгі күнге алаңсыз қарап, бірін сүйеніш тұтып, біріне еркелеп, біріне базына айтып, біріне жан сырыңды айтып, көргенде қолтығына кіріп кетіп, еш алаңсыз өткен тіршіліктегі қамсыз күндер де артта қалыпты. Соңғы жылдары өміріңнің қолыңнан сусыған құмдай тез суырылып, жалғанның жалған жібінің ұшығы да суырылып шығып бара жатқанын сезсең де, қиналғанда басыңды кеудесіне қоятын ағалардың барлығын медет тұтатынсың. Енді, міне, көзіңді ашып қарасаң, сол қара ормандардың да қатары жылдам сиреп, әр жерде андыздап қалған, ашық даладағы жалғыз қара емендерді көресің. Қолыңды қармасаң – жетпейді, ұмсынсаң – алыс, өйткені тез сиреп барады. Сен сүйенетін, сені сүйейтін, сен сенетін, саған сенетін, қам - қаракетіңді алаңсыз тапсырып, аңғал басып жүре беретін жан ағаларың азайған. Уақыт толқыны ірке-ірке сені де алға итеріп тастапты. Шынтағына шынтағың тиіп, тығыз тұратын қатарың да босай бастапты. Жәнібектің, Жарасқанның, Кеңшіліктің, Дәуітәлінің, Асқардың орын бос тұр. Рүстемнің де тал бесігі бос қалыпты. Ендігі лектің алдына сен шығып келеді екенсің. «Өмір дегенің – есіктен кіріп төрге шыққандай ғана» – деген осы ма. Мен кешегі Сәкен серіні, сайын суреткер Сайынды, бекзат Бекежанды, риясыз Рамазанды, аяулы Ақселеу салды, енді, міне, қызыл жалды арыстан Рымғали ағаны ойлағанда осындай бір тал қармаған шарасыз күйге түсіп, үнсіз, дымымды ішіме тартып отырып қалатын күйді басымнан жиі кешетін болдым. Түсінем ғой. «Алдыңғы толқын ағалар, кейнгі толқын інілер, кезекпен өлінер, кезекпенен көмілер, бәрі де баяғыдай көрінер» (Абай). Сонда да...
Иә, олардың мұралары оларды өлтірмейді. Бірақ олардың сені сүйеген иығы, сен кірген жылы қолтығы, сен естіген дауысы мына фәниде қашан да саған енді жетпей тұрады. Өйткені, ол жоқ, ол да жоқ, олар да жоқ. Сені мәуленіңнен бастап баптаған қазақ сөз өнерінің қызыл жалды арыстаны Рымғали да жоқ. Рымғали ағасыз өткен қырық күннің ішінде қырық жыл қолтығында жүрген, қиянатын көрмеген кешусіз шақтарды ойымнан өткіздім. Не ойға келмеді дейсің? Қызығы да мол екен, өкінішсіз де болмапты. Кеш сұрасатын да қиянатты күндер бар екен. Соның ең соңғы, мен үшін ең ауыр салмағын өткен жазда басымнан кешіп, үш айдай қатты күйзелгенімді ойласам, тұла бойым шымырлап қоя береді.
Емін-еркіме жіберіп, емін-еркін өсіргендіктен бе, аз үақыт көріспегенімізге кісіркенгенім бе, кім білсін, Әбіш, Қойшығара, Төлен, Серік ағалырыммен Несіпбектің басы қосылған киіз үйдегі бір отырыста Оразгүл мен Әпризаны арқаланып: «Қазақтың қызыл жалды, қызыл көз арыстаны», – деп мақтай жөнелгенім бар емес пе. Жылдам қозғалатын жанары оты жарқ етті. Тілімді тістеп, кешірім сұрап үлгердім. Бірақ кеш еді. Мен оның арыстандай беделін, тура сөзді сыншыл мінезін мегзеп едім. Түсінді, бірақ әлде неге мүжәзі келмей отырды ма, шыға бергенде ауыр сөздер айтты. «Сен түсінбей қалдың, Рымғали. Ондай теңеу бізге айтылса, қуанар едік...», – десті Төлен мен Қойшығара ағаларым. Бірақ бір көтерілсе басылмайтын арынынан қайтпады. Өкіндім. Не пайда?
Ол да жуырмаңда райынан қайтпады. Сол арада қиулы тұсты пайдаланып, пікір білдірудің орайы келді. Жан сырымды: «Кемістігімді ескерткен сәттерінде: “Өзіңізден көріңіз дұрыстап, жеріне жеткізе тәрбиелемеген ” – деп сытылып кететінім де бар. Мұның барлығы сол баяғы өзімсінген көкбауыр мінездің демі.Аз сөзге көп мағына беріп жазуға тапсырыстың уақыты тығыз боп, көп оқиғаның қайырымы келмей қалды. Өзі шарапатын тигізген шәкірт інілерінің бірі есебінде бұрынғыдан да қаттырақ бауырына баса түссе екен деп тілеймін», – деген емеуірінмен аяқтап едім.
Жаз өтті, күз өтті. Хабарласуға жүрегім дауаламады. Әбден қысылған сәтте әдепшіл Құныпия мен Несіпбекке қас –қабағын біліп келуді өтіндім. Олар: «Саған сәлем айтты. Сөзі жылы», – деп көңілімді бір сергітіп тастады. Диссертациялық кеңеске келгенде қасынан жанай өте бергенімде: «Қалың қалай?», – деп қолын ұсынды жылы жүзбен. Мен бірден оның көңіл айнасы – көзіне қарадым. Баяғыдағы ұмытылған бозбала кезімдегі мейірім жанарын еске салатындай өзімсінуді аңғарғанда ғана бойым байсал тартып сала берді. Сол бір сезім мейірімін қайтып суытпаспын-ау деп сызылып жүргенімде ... оның бойы суып сала берді. Тәубә! Егерде сол наз жазылмаса, оның өкініш екі дүниеде кетер ме еді?! Тайыр ақынның:
Жан сүйер сөз саулықта,
Айтыла бермейді екен ғой.
Жандарыңды жай уақта,
Азырақ ұққан екм ғой, –
деген жолдары осындайда айтылса керек.
Біз: өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын ағайынбыз – дегенді жиі айтамыз. Ал мен осынау орыны толмас өкінішке айнала жаздаған шетін жайды еске ала отырып: «Ажал сенің қас-қабағыңа қарамайды, қисаң да, қимасаң да дымыңды басып тынады. Қимасаң – өкпеге қима. Өкпеге қиғаның – өлімге қиғаның. Тіршілікте сыйласпасаң, өлгенде салған топырағың – бұйыртпасың бұйыртса, бұйырады екен», – демекпін. Соның өзгелерге де тәлімі тисе екен деген сақтық тілегімен де осы жолдарды жазып отырмын. Онсыз да мағыналы-мағынасыз мынау өтпелі өмірде бір-біріміздің жанымызды жаралап алмайық – дегім келеді. Өкпе -наздың орынын толтырған сол бір пікірімді редакцияның рұқсаты бойынша пайдалана отырып, дүниеден өзған рухына тағы да бір тағзым етемін.
Әр пенденің өмір өзегімен өзектескен бір адамы бары анық. Оның алдында сенің, сенің алдыңда оның жасырып істер тойы болса да ойы болмайды. Өйткені, жалт еткен көзінің қиығынан, қатар қадам басқанда тыныс алысынан, әңгіме арасында сөзінің әрінен оның жан демеуі мен медеуін, көңіл күйінішін сезе қоясың. Жайшылықта сырт беріскендей көрінгенімен де, оңашада жұлын-жүйкеңнің қырындысына дейін еріп сала береді. Мен үшін Рымғали Нұрғали сондай етене жандас та, қандас та, тағдырлас та әрі аға, әрі ұстаз.
Ойлап отырсам, менің балаң санама көркемдік талғам мен ойлау жүйесінің жүлгесін есіп берген де, жазушылықтың терең сырын түсіндірген де, адамдық тағдырдың қилы сәттеріндегі қиналысының куәсі де осы адам екен. Тіпті менің бойымдағы кейбір мінездер де осы Ардакүреңнен (Жәнібек, Несіпбек үшеуміз Р-ағаңды осылай атайтынбыз) ауысқанын өзім де аңғарып қаламын. Мұны еліктеудің де, тәрбиенің де жемісі деп қабылдауға болар. Басқаны қайдам, дәл осылай деп айтуға менің толық құқым бар сияқты. Оны өзі де жоққа шығара алмас. Еркелеген де, елжіреп сағынған да, еркінсіген де, ренжіткен демейін, өкпелеткен демейін, наз артқан кезім де болыпты. Бірақ соның барлығының астарында да туған ағасына туған бауырының өзімсінген терең сезімі жатыр еді.
Қазір де сол күйден арыла алмай, бастап қойған сөздің арасына уақыт салып қайта жалғастырып отырмын. Өйткені бауырында өскен қырық жылдың ішінде талай-талай қабырға қайыстырар ауыр күндерде аспандағы бұлтты ысырғандай, бауырлап қалғанда жерден көтере демегендей, тығырыққа тірелгенде тыныс қосқандай болған жанашырлық демін сезініп, қашан қанатым қатайғанша қамқорында, қолтық қарында, бүйрек бүлкілінде жүріппін. Сондықтан да қысқа мақалада ойымды маған тікелей қатысы бар өмірдегі мінезді сәттерге ғана негіздегім келді.
Мінез демекші, аға мен бауырдың, ұстаз бен шәкірттің арасындағы ілтипатымыздан бұрын мінезіміз танысқан сияқты. Алғашқы таныстығымыз қабылдау емтиханының үстінде өтті. Сақнасы келіспеді демесең, ішкі ырғасуы мен үшін “Еңлік – Кебектегі” Еспенбет пен Көбейдің тартысынан кем еместей көрінген. Сол жылдары маған жақсылық та, жамандықта әкелетін осы “Еңлік – Кебек” болды. Үш жыл бұрын осы екі бидің айтысын сыныптастарыма түсіндіріп беремін деп “ру араздығын қоздырушы” ретінде тоғызыншы класста мектептен шығып қалғанмын. Мұхтар Әуезовтің пьесасы да арашаға жарамады. Әйтеуір, он бес күннен соң Семейдің облыстық театры “Еңлік – Кебек” спектаклін біздің ауылға әкеліп қоя қалмасы бар ма. Кітапты оқымаған Еңлік пен Кебектің туыстарының келесі, яғни, ата-аналар кеңесі спектакльден кейін шешімін қайтарып алып, “әділдік орнатқан”.
Кеудені әдемі арман мен болашаққа деген ұлы үміт әлдилеген он жеті жасымда Алматыға келіп, университеттің журналистика факультетіне емтихан тапсырғанмын. Шет тілін оқымағандар да емтихан тапсыратын болып шықты. Одан да өтер едім, басты кілтипан шығарма мен әдебиеттің ауызша емтиханынан шықты. Екеуінен де үш алдым. Ал өзге-өзге, бұл маған өліммен тең еді. Бірақ кейін анықталғанындай, бұл “үш” “саяси баға” екен. Ауызша емтихан кезінде лыпып-ақ тұрғамын, Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың өткірдің жүзіндей лыпылдап, жастықтың қуатына жанылып тұрған шамырқанысты шағы болатын, мақтап-мақтап кеп билеттен тыс: “Еңлік – Кебектің” жазылу тарихын сұрады. Тура осы оқиғаны оқушының дәптеріне толтырып жазып үш алған “сүйікті шығармамның” кемшілігін толтырайын деп “Еңлік – Кебектің” жазылуын Шәкерімнен бастап, суылдата жөнелдім. Мырзакеңнің қабағы кіржің ете қалды. Дауысы бәсең тартып: “Мына бала сайрап тұр” – деді. Қасындағы тілші: “Естідім қалай сайрағанын. Екі” – деді. Жүрегім су ете қалды. Ақыры үшке келісті (Бұл Қ. Жолымбетов деген тілші ағамыз екен. Ал содан бері Мырзакеңнің маған беретін бағасы ылғи бестен басталып, үшпен аяқталып келеді). Келесі жылы Несіпбекпен, Жүрсінмен, Асқармен, Намазәлімен, Жанболатпен бірге оқысын деген шығар, ауылға қайттым.
Бір жыл бойы әбден тақыстанып, шығарманы 4 бет етіп, Алтынсарин мен Ильминскийдің достығын мөлдіретіп жазып бергенмін. Қазақ тілінің емілесі мен тыныс белгісін тастай еткемін. Алдында Оралхан Бөкеев “Лениншіл жас” газетіне суретіммен өлеңдерімді шығарған. Бұл кітабы шыққан ақындар да сирек көрген құрмет еді ол тұста. “Қабылдау комиссиясының төрағасы Тұрсынбек Кәкішев: “Жұртбаевты құлатып алмаңдар – деп тапсырма беріпті, оның алдында: «Рымғали деген ағаң бар, сенің өз ауылыңнан. Атағы жер жарып тұр. Сені іздеп жүр. Жүсекең – Жүсіпбек Елебеков шақырып жатыр” – деп бәрін танитын Жәнібек Кәрменов келгенде жүрексініп бармап едім. Ауызша емтиханды тапсыруға ішке кіргенде шығармадан тағы да үш алғанымды білдім. Үшті қойған Рымғали Нұрғалиев. Дүние төңкеріліп түсті. Емтихан қағазын қайтып беріп, кетуге бет алдым. Паңгерей марқұм аты-жөнімді біле сап Тұрсекеңді шақырып: “Әлгі байқа деген Жұртбаевыңыз емтихан тапсырмаймын дейді. Міне, өзі. Үш алыпты” – деп мені нұсқады. Тұрсекең қағазды алды да: ”Е, өз ағаң екен ғой. Рымғалидің осындайы бар. Тапсыр. Емтиханды сенен Рымғалидің өзі алады. Қалғанын беске тапсырсаң сөзсіз түсесің” – деп жетектеп апарып аудиторияға кіргізіп жіберді.
Көзілдірікті дәу қара, сырбаз сөйлейтін ағамыздың (Мырзатай Серғалиев) қасында шашын артына қайырған, көзі оттай лапылдаған (жанып емес), денесі қызудан көтеріліп-басылған жанартаудай, бәрін билеп-төстеп, өктем-өктем сөйлеген ақсары жігіт отыр. Мына жігіттен аман құтылмасым белгілі. Билетті алмай қасарысып тұрдым да алдым. Бір бала бағасын алып кеткесін маған қарап:
– Әй, сен бізді арбап тұрмысың, немене? – деді.
– Жоқ.
– Ендеше мына сұстиып тұрысың не?
– Емтихан тапсырғым келмейді.
– Ендеше біреу сені зорлап кіргізді ме?
– Иә. Емтихан төрағасы.
– Ей, сен өзің бір қырсық бала екенсің. Неменесіне бұлданасың. Ал қане билетті, әйтпесе емтихан қағазыңды әкел. Екіңді қойып берейін.
– Бәрібір тағы да үш қоясыз. Оқуға түсе алмаймын. Бірақ шығарманы қатесіз жазғанмын. Тура оқулықтағыдай. Тексертейін деп едім, болмай осында кіргізіп жіберді.
– Ей, сен өзің бізден емтихан алғалы тұрсың ғой. Фамилияң кім өзі сенің?
– Жұртбаев…
– А, не дейсің, Жұртабаев сенсің бе? Әлгі “Қызылтудан” келген ақын бала сен бе? – дауысы бірден бәсең тартып, кілт түсі жылып сала берді. – Шығармадан үшті мен қойыппын. Не туралы жазып едің?
– Ыбырай Алтынсарин туралы.
– Әлгі “ХІХ ғасырдың екінші жартысында төбеге шығып, төңірегіне қараған қазақтың бірі” – деп басталатын ба?
– Иә.
– Қап! Мұндай сөз мектеп бітірген баланың ауызына түспейді. Көшіріп алған – деп ар жағын оқымай үш қойып жіберіп едім. Ештеңе етпейді. Келесілерінен бес алсаң түсесің. Қане, билетіңді алып отыра ғой, айналайын.
Соңғы сөзі жүрегімді жылытып жіберді де көңілсіздеу болса да билетті алдым. Екі рет дайындалмай жауап беруге ұмтылып едім, рұқсат бермеді. “Ана баладан менсіз емтихан алма” – деп әріптесіне тапсырып, сыртқа шығып, біраз бөгеліңкіреп барып келді. Қазақ тілінің сұрағын қағазға жазып беріп ем, Мырзатай Серғалиев ағамыз:
– Мен осы баланы сөйлеткім келмей тұр. Бәрін қағазға дұрыс түсіріпті. Қалғанын өзің біл, – деді.
Ауызша сұрақтардан сүрінбегенім есімде. Бірақ қосымша сұрақ дегеніңді жаудырды-ай дерсің. Тағы да “Еңлік – Кебек” шықты алдымнан.
– Дастанның қандай нұсқалары бар, кім жазған?
Тағы да «халық жауының» шығармасы мен оның атын сұрап отыр. Ауызым күйіп, тақыстанып қалғамын.
– Білмеймін, – дедім.
– Қалайша білмейсің? Білмегенің қалай? Қой, мұның жарамаған. Онда өлеңді қалай жазып жүрсің?. Ауылыңның іргесінде моласы тұр емес пе?, – деп шоршып кетті де өзі де менің білмегенім үшін жасып қалғандай көрінді.
Содан не де болса тәуекелге басып, былтыр осы сұраққа жауап беремін деп әуелгі қойылған екіні үшке әзер түзеткенін ескерте отырып, Мұхтар Әуезовтің пьесасын оқығанымды, соның сыныптастарыма мазмұндап айтып бергенім үшін мектептен шеттетілгенімді, одан кейін спектаклін көргенімді, одан кейін Мағауияның дастанын, одан кейін Ойқұдықтағы 1917 жылғы қойылымын айттым. Шәкәрімге сонда да жуыи қойғамын жоқ. Бірақ Абыздың толғауын жатқа айттым. Қабағы жадыраңқы тартты. Бірақ:
– Мен сенен Әуезовтің пьесасынан емтихан алып отырғамын жоқ. Оны сенсіз де жатқа білемін. Есті ақын боласың ба, ессіз ақын боласың ба, соны білгім келген.Өз ауылыңның ұлы ақынын білмесең, өрісің белгілі болды, – деп тіпті қазбалап қоймағасын, – тағы бір нұсқасы бар дейді – деп қашқақтадым.
Сонда да тақымдап қоймады.
– Е, биыл да маған оқу жоқ екен – дедім де:
– Аға! Бұл қажының – Шәкерімнің дастаны. Тоғызыншы класста Сирақбай Досмағамбетов деген үлкен кісіге көшіріп бергем. Сол үшін мектептен шықтым. Былтыр осы үшін үш қойдыңыздар. Ол былай басталады – дей беріп ем қайтадан жылы шырайланып, Мырзекеңе қарады. Сөйтіп, «Еңлік-Кебек» дастанынан шумақтар келтіре отырып айтып бердім және сол Шәкәрімнің «Нартайлақ – Айсұлу» дастанын да көшіріп алғанымды, оның оқиғасы арғын мен тобықтының ортасындағы рулық ырғасудан басталатынын, оқиғасының (рымғали ағаның өскен жері) Бақанас, Құр, Тай, Дағандыел, Көкшетауда өткенін айтып бердім. Ақыры өлең оқытып тынды. Қойшы ауылдағы сәске кезінде өрістегі жігітті күткен, кеудесін арман кернеген қойшының қызы туралы өлең еді.
– Е, қойшының қызы қойшы жігітті армандаса жетіскен екен. Сонда қазақтың қамын кім ойлайды. Бәрі қойшы болып кетсін деп армаедайсың ба. Басқа өлеңің жоқ па? Соны оқы.
Оқыдым. Бірақ жанартаудың қызуын басатындай табы жанды қаритын жыр он сегіз жастағы ауыл бозбаласынан шыға қоя ма. Шытыныңқырай қаламсабын қолына ала берді де:
– Ақын ағаңды көрдің бе? Обалда кеткен есіл өмір-ай! Қалай жүр екен?,– деді лезде өңіне мұңлы нала ұялай қалып.
Мен де түсіне қойдым. Қазақ сөз өнеріне отыз жасқа толғанша «Есіл» дастаны арқылы алғаш рет, Олжастың «Адамға табын, жер енді» поэмасынан жеті жыл бұрын сюжетсіз желі мен күрделі еркін ырғақты, құрмаласып жатқан еркін ой мен он алты буынды өлең өлшемін әкелген:
Жырларымды мақтаймын деп шала үйткен,
Нем бар еді айтысам деп Сәбитпен!,–
деп өр сөйлейтін, Драйзердің «Америка трагедиясын» аударған, сол жылдары салбурында жүрген Төлеужан Ысмаиыловты мекзеп тұрғанын түсіндім.
Несіпбек М.Мағауинге ертіп барған кезде Жазушылар одағынан, одан кейін сол жылдары Шәмші мен Мұқағалидың тағдырлары жиі тоғысатын «Есік» қонақ үйінің жертөлесінен, университеттің алдынан көргемін. Соңғы жолы кездескенімде: «Қор болдым ғой, қор болдым. Енді ауылға қайтамын. Елге барғанда менің бұл жүрісімді шешеме айтып қойып жүрме»,– деп жылап жіберіп, шайқала тербеліп бұрылып кетіп еді.
– Көрдім. Жазушылар одағының фоэсінде өлең оқып тұр екен.
– Түсінікті. Сол баяғы «Қойларын» ба, сен сол өлеңді білесің бе? Оқышы.
– Иә, сол «Қойлар, қойлар, шәйт дегенде сескенген»,– деп басталып, «Аға,– дедік, – туымызды оң ұстар, «Баран», – деді сонда бізді орыстар!», – деп аяқталатын өлеңін оқып жүр екен!
– Ауылда туысы бар ма?
– Шешесі мен Серік деген інісі бар. Қой бағады. Солардың қолында қыстақта тұрады.Кейде аттың екі жағына теңселе ырғалып, бөлімше орталығына келіп кетеді.
– «Қор болдым, ауылға қайтамын» – деді ме? Онда барғанда қай бір жетісіп жүреді дейсің.Сенің Абайың мен Абыралының ақынды қалай «еркелететінін»білеміз ғой. Сендердің атомдарыңның да әсері болған шығар. Әлі де жарылыс болып тұра ма?
– Болып тұрады.
Ол кезде Дегелеңде атом бомбасының сынағы өтетінін өзге түгіл, сол полигонның сынаққа алған малын баққан бақташының баласы біздің өзіміз де өзара әңгімеде айта бермейтінбіз.Ал мына өжет жігіттің Шәкәрімді де, атом сынағын да ашық, көптің көзінше айтып отырғанына таңдана да, сезіктене қарадым.
Реті келгенде кіріктіріп айта кетейін, осынау бір есіл де өмірі өксіп кеткен ақын тағдырына қатты күйзелетін. Үнемі өзін, шешсінің қолында қалған жалғыз қызын, інісін сұрап, аманаттап, жүретін. Кейін Медеу Сәрсеке ағамыз құрастырған кітабының жоспарға кіруіне атсалысты. Естеліктер жинағын құрастырды.Бірақ басылмай қалды. Ақыры менің қолыма түсіп, қайтадан қарастырып шығуды өтініп ем:
– Неткен бақытсыз, талайсыз, тағдырының зауалы басым жан еді.Сол туралы ойлап, бір ісіне араласайын деп кіріссем болды, бір трагедияға тап боламын.Иесі де, киесі де ауыр екен.Өткен жолы Айғалидан айырылып қалдым. Енді жүрегіме тиіп қалыпты, қолыма да алмайын, сен өзің бітір, не ана аталас інісі Бауыржанға (Жақыповқа) тапсыр, –деп тайсақтай жауап беріп еді.
Шындығында да Төлеужан марқұмның тағдырында осындай бір зауалдың, «Демондық» – Дүлейлік күштің барлығы рас еді. Мен де сондай тылсым күйге жолықтым да қолжазбаны ысырып қойдым.Сол естеліктер жинағы әлі де басылмай жатыр, қолға қайталап алуға тітіркене беремін.Мүмкін кездейсоқтық шығар, дегенмен де Рымғали аға аңғарғыш еді ғой. Қайтып ағамыздың алдында Төлеужан туралы сөз қозғамайтын болдым).
Осы жарты сағаттан астам уақыттың ішінде басын бірінші рет төмен салып біраз үнсіз отырып қалды да, емтиханның онсыз да ұзаққа созылғаны есіне түсті ме,
– Ал, Мырзатай, мына балаға неше қоясың? – деді.
– Бес қоямын. Өзің ше?
– Мен алты деген баға болса алты қояр едім. Енді екі бес алса оқуға түсе ала ма? Ал, сен, бауырым, енді өкпені қой. Тарихтан жақсылап дайындал. Бес ал. Осында Бақтажар Мекішев деген ағаң бар. Білесің бе?
– Білем. Мекішпен менің әкем құрдас.
– Ендеше соған неге жолықпайсың. Қазір мені күт. Емтихан біткен соң шығамын,– деді.
Сыртта жаңа ғана танысқан кірпі шашты, қаршыға көзді Несіпбек күтіп тұр екен. Болған жайды айттым. Ол Рымғалиді біледі екен. Ағасы Қабдеш Жұмаділов пен Мұхтар Мағауин мұны соған тапсырып қойыпты. Қойшы, содан екеуміз екіндіге дейін бас поштаның алдында ағаны тостық. Ағамыз жоқ. Сөйтіп тұрғанда көрші ауыл “Қайнардан” бітірген Айғали Файзуллин жолыға кетті.Кеудесі кең, көңілі көтеріңкі. Сөзі өткір. Мен жөнімді айтып едім, телефонға жүгірді.Ар жағындағы адаммен: “Қайда жүрсің? Сені күтіп жүр ғой. Адамды неге шаршатасың” – деп телефонды маған бере салды. Сөйтсем, біз күтіп тұрған Рымғали ағамыз: “Мен ұмытып кетіппін. Хабарласып тұр. Үйге кел Айғалимен. Қалғанына көмектесемін. Айғалиға ақылыңды айт. Түскен соң да қыдырасыңдар” – деп ағалық мейірім танытты. Сөйтсем, Айғали – Рымғали ағаның туған кенже інісі екен. Әрине, бұл маған үлкен демеу болды. Тарихтан өзім де қамсыз емес едім. Алатын бесін алып оқуға түстік. Сөйтіп, “Еңлік – Кебек” мені үш рет сүріндіріп, Рымғали ағаның алдына тағзым еткізіп барып жолымды ашып еді.
Бұл арада мен өзімді емес, Рымғали ағаның жас кезіндегі өтімді де өрт, асқан мейірімді, әділ, жігіттің сұлтаны шағындағы мінезін көрсеткім келді. Шындығында да ажары ғажап, алды алымды, еңсесі өр еді. Кейінгі жылдары сол мінезі сирек те болса сыртына шыға келгенде іштей сүйсініп тұратынмын, кейде әдейі сөйлеткім келіп мінез де көрсетіп қоятын кезім бар еді. Жалғыз мен емес, сол кезде көргендердің бәрі де сол әсерді сезінген екен. Тұрсынбек Баймолдаев сияқты шәкірттері қазір де ұстазының үлгісімен екпіндетіп сөйлеуден танбай келеді.
Бұл 1969 жылдың 2 тамызы болатын.
Сол күннен бастап Рымғали ағаның бауырына кірдім. Оның әр сөзі, мейірімі, ақылы туыссыраған көңілдің жұбанышына айналды. Күзгі дәріс басталғанша “Трагедия табиғаты” атты монографиясын оқып шықтым. Күз соңында “Талант тағдыры” да қолға түсті. Алғашқы кірген көп қабатты пәтер, қабырға толы кітап сөресі, неғыласыз, қала мен білім қарекетіне қатысты жайдың бәрін осы үйден көріп, таптым.
Ал Рымғали ағаның оқыған лекциясын айтсаңшы. Алла, сөз бен білім дәл осылай қабысып та шығады екен-ау. Пафос қандай! Өзің де көтеріліп отырасың. Кейде бойыңды шымырлатып, кейде тітіркендіріп, кейде суытып, миыңның ішін шаңдатып кететін. Әдебиет теориясына келтірген мысалдарын алдындағы алақандай тілшеге қарап қойып:
Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді құлыным,
Сексен асып тақағанда тоқсанға үзілді ғой жұлыным, –
деп лапылдатып жібереді. Ілиястың теңеулерін Уольт Уитменен, Поль Элюармен, Пабло Нерудамен шендестіріп, қазақта мынадай да ақын болған деп, Мағжанның «Түркістан», «Шойын жол» атты өлеңдерін жатқа айтады. Қисындық термингдерге қатысты мысалдарды Флобер, Стендаль, Кафка, Сартр, Джойс, Хэмингуэй, Әуезов, Мүсірепов, Соқпақбаев шығармаларынан алып, оларды салысырып, «қара шалды» басым етіп көрсетеді. «Қилы заман» атты бізге бимәлім шығарманы таныстырып:
«Сонымен өмір бойы дұшпан ниетімен келген ескі жәрмеңке үлкен өрттің құшағына кіріп, қара түтіннің астында тұншығып, бықсып, жоғалып бара жатқан шақта қалың албанның елі де Қытайға қарай бет түзеді. Салқар-салқар болып, қайтқан қаздай тізіліп, ауа көшіп тартып берді. Артында қара түтін боп жәрмеңке қалды. Иесіз болып қаңырап Алатаудың жайлауы қалды. Кіндігін кескізіп, кірін жуған момындық күн қалды...Тау толған арқар, бұғы, елік, қара құйрық, таутекедей жабайы, жайын көршілер қалды...Жұртта қалған бұралқы иттей болып, ұлықтардың обозының артынан ере бермекке тілмәштар қалды. Оспан мен Жебірбаев қалды», – деп екпіндете лықсытады.
Сөйтсек, Мұхтар Әуезовтің мұражайының қорында белгісіз жатқан «Қилы заманды» тауып, алғаш жұртшылыққа жария еткен Рымғали ағаның өзі екен. Ал былайғы оқырман бұл шығармамен арада жеті жыл өткен соң барып, онда да орыс тілінде танысты. Бұл біздің құмарымызды оятты. Өзге курстың студенттері де келіп жүрді. Үзіліс кезінде сұрақтың астында қалатын. Ал мұның барлығымен кітапхананың сирек қоры арқылы танысуға болатынына жөн сілтеп, мұрағатқа дәніктірген де Рымғал ұстаз болатын.
Дәріс кезінде сескендіріп сөйлегенімен де жеке әңгімелескенде керемет мейірімді еді. Алғашқы айдың өзінде маған ол жылдары жасырын оқылатын Мағжанды ақтау туралы Дінмұхамед Қонаевқа жазған башқұрт ақыны Сәйфи Құдаштың көлемді хатын таныстырды. Іле Сәду Машақовтан алып келген Жүсіпбек Аймауытовтың “Жан жүйесі” мен Міржақыптың “Бақытсыз Жамалын” үйінде жатып оқытқызды. Сол әсермен Ұлттық кітапхананың сирек қорынан Ахаңның, Әлекеңнің, Міржақыптың, Жүсіпбектің, Мағжанның шығармаларына Айтуған, Нұрқасым, Несіпбек, Жанболат бәріміз бірінші курста-ақ қаныға бастадық. Лекция болар күннің алдына ағамыздың өзі де бізбен бірге кітапханада отыратын. Кейіннен біздің конспекті дәптерлерімізді жиып алып, соның негізінде «Өнер алды қызыл» тіл атты теория кітабін дайындап шықты.
Ал көркем әдебиет туралы пікірлері ұшан-теңіз. Мен шет елдік сирек шығармаларды алғашқыда осы үйдегі кітапханадан алып оқыдым. Бір курс жоғары Марат Қабанбаев та анда – санда кітап алып тұратын. Одақтас республикаларға жазушылық іссапарға шыққанда үнемі кітап алып келеді. Кейбірін маған сыйлайды. Шығармашылық психологияны терң зерттеген, менің кейінгікөркем көзқарасымның қалыптасуыма жыға әсер еткен Ян Парандовскийдің “Сөз сиқыры” әлі күнге дейін менде сақтаулы. Екі рет қайырып беріп, үшіншісінде сіңіріп кеттім (Өзінің де жастық шақта сіңіре де қызыға оқыған «қимасы» болса керек, осыдан екі-үш жылға дейін сұрап жүрді. Өзге басылымдарын ұсынып едім, бас тартты).
Ойымыз бен өреміз, ойлау жүйеміз, қоғам туралы пікіріміз бірден өзге бағытқа өріс алды. Ол жылдары жазушылар Хэмингуей мен Сэлинджерсіз сөйлемейтін, біздің шал, әлгі шал деп, бір-бірін Мағауин, Ысқақов, Аязбаев, Шайкенов, Әкімжанов деп фамилиясымен атайды. Бұл “ауру” бізге де жұғып, бір-бірімізді Кәрменов, Айтов, Алпысбаев, ал ағаның өзін Ардакүрең дейтін болдық. Одақтағы түрлі жиналыс пен съездің шақыруы Р-ағаңның мойнында. “Көшпенділер” мен “Соңғы көш”, “Көк мұнар” талқыланғанда да ағаның қолтығында жүрдік. Сол жылдары аға ақын-жазушылармен де ұстазымыз таныстырып, Сапарғали Бегалинді әке қатарында сыйлайтын. Күйтабақтағы Әміренің дауысын тапқан Жарқын Шәкәрімді түн ортасында Сапакеңнің үйіне ертіп апарып әнді тыңдатты:«Қаншама нашар сақталған болса да Әміренің дауысының мінері сақталыпты», деп Сапакеңніің жылағаны есімде. Онымен да тоқтамай түні бойы Алматыдағы ағалары мен достарын тегіс аралап, таң атпай радиоға, одан телдидарға апарғаны есімде. Жаңалық біткенді тез іліп алып, соны елге жеткізгенше тағаты қалмайтын. Ілияс Есенберлин бастатқан қаламгерлермен кездесулерді жиі өткізіп тұрдық. Еснберлинді, Ахтановты, Соқпақбаевті қатты қадір тұтатын. Бердібек марқұмды қонаққа шақырып, жерге дастархан жасап, Несіпбек екеуміздің күтіскеніміздің, соңында шығарып салғанымыздың өзі бір әңгіме. Әдеби сыннан жолы болмаған Бердібектің «Өлгендер қайтып келмейді» романына пікір жазып, орынсыз сынға араша түскендіктен де: «Менің сыншым – Нұрғалиев. Қалғандарының бәрі мен үшін Тахауиме тең», – дейтін.
Әлем әдебиетінің тарихымен де әуелі Рымғали ағаның үйдегі лекциясы арқылы танысып, екінші курста бесінші курстың деңгейіне жетіп қалдық. Үйіне қонып шыққан күні Рымғали аға Айғали екеумізге үш теңгеден, Ләпәң – Ләтипа апай он теңгеден береді. Бұл күтіп ұстаған адамды жиырма күн толық асырайтын.Абайдың 125 жылдық тойында Оралхан екеуін Қарауылда қонақ етем деп Алматыдан ауылға ұшып кеп, ақыры өздеріне қонақ боп қайтқан аңғал да алаңғасарлау сәттер де болды. Несіпбек Қабдеш пен Мұхтар ағасының ортасында “қорғасындай балқып жүрді”, мен Рымғали ағаның етегінен нық ұстап айырылмадым.
Сынды көркем де шешен тілмен жазу осы Рымғали ағадан басталған дәстүр. Жалынды жастық оты қайтпай тұрып отыз жаста докторантураға шықты. Бұл сол жылдары қоғамдық саладағы шектен шыққан данышпанның да қолынан келе бермейтін оқиға еді. Сол күннен бастап ағамыздың әбігері басталды. Зерттеуі қиын жазылды. “Күретамырдың” басылуы да баяу жүрді. Ал қорғаудың алдындағы қарбаласты айтпаңыз. Біз – Несіпбек пен Манат машинкадан шыққан беттерді оқимыз. Қатенің орынын ақтап, оның орынына әріп кесіп жапсырамыз. Жан-жаққа автореферат жібереміз. Әдеби ортада тілектестер көп, ғылыми ортаның бақталасы басым. Қорғауға байланысты қиянаттарды естігенде төбе құйқаң шымырлайды. Қорғауға жетпістегі әкесі Нұрғали атамыз да келді. Диссертация ұзақ талқыланды. Бір адамның қарсы болуымен дауыстан өткенін естігенде атамыздың мойнынан құшақтап жібермей тұрып алғаным әлі есімде.
Дастархан әзір еді үйде. Бірақ Мұхтар Мағауин екеуі үйге кірмей үш сағаттан астам уақыт Панфилов паркінің ішінде ұзақ әрі алаңдаулы күйде әңгімелесті. Айғали екеуміз ту сырттарынан алыстау жерде ілесіп отырамыз. Әйтеуір үйге бұрылғанда көңіліміз орнына түсті. Бәрі де тынышымен біткен сияқты болатын. Арада үш ай өткен соң ағаның алаңы ашық қауіпке ұласты. Сөйтсек Мәскеуге өзге ағаларымыз салмақты арыз жазып та үлгеріпті. Ол да жабылып, жарты жылдан соң жақсылыққа бет алған сияқты болатын. Бірақ екінші рет қайталанып жазылған арыздар ақыры диссертацияны бекіттірмеді. Бұл лаулап тұрған жанартауды өшіргендей сенімсіз, бірақ шындық оқиға еді. Сол кездегі алғашқы әсер ме, жоқ, ғылыми талап пен жауапкершіліктің күштілігі ме, білмеймін, қазіргіге қарағанда , жұмақ пен тозақтың арасындай тұрғандай жанталаспен өтуші еді.
Адамның адамға ашық қиянатын алғаш көргенім осы. Келесі қайта қорғау өткенге дейінгі бес-алты жыл Рымғали ағаны жүйкелетіп жіберді. Ұйқысыздық, мазасыздық, жалғыздық, сенімсіздік, өзін қорланғандай сезіну, айналасының алаңы төзімді жұқартты. Сондай сәттерде Жәнібекті, Құныпияны, Несіпбекті, мені шақырып алып қона-жастана әңгімелесіп, қасынан шығарғысы келмейтін. Саяжай сатып ап барып жаны сая тапқандай болды. Адал да аяулы досы, курстастары Құрманбай Толыбаев, Мәткәрім Әкімжанов, Әміржан Қалиев ағалармызды алдыға салып ап барып тұрамыз. Неше түрлі қалжың да сонда туды. Несіпбектің “Қарға бойлы Қазтуған” атанып: “Галстугын байлап ап, екі бетін майлап ап, бірі келер сәнденіп, бірі келер бәлденіп. Жаның болса Кәрменов, қаның болса Кәрменов, Алпысбаевты ал келіп” – деп шұбыртатыны да сол Обсерваторияның түбіндегі саяжайда өтті.
Ой деген ұры емес пе, онда да тыныштық бермеді. Ақыры көлік сатып алып барып езгі ойды шаң қаптырып адастырып, серги берді. Еңсесін көтерді. Өзі “Ақ бұзау” деп атаған жеңіл көлікпен біз қайда бармадық десеңші. Әсіресе, Несіпбек, Жәнібек, Құныпия ағаның тұрақты жол серіктері болды. Шалкөде, Жіңішке, Көкқасқа аттың жайлауы, Сартауқұм, Бозой, Сарқан, Алакөл арасындағы айтылған әзіл, Жәнібек пен Несіпбектің айтысы бір томнан асып жығылар еді. Соны ұйымдастыратын да, тарқататын да, басты кейіпкер де Рымғали ағаның өзі болатын.
Екінші рет қорғауға тақырыбы бекітілген соң тамырына нәр жиып, қуаттана күш алды. Бірақ та баяғы жанартау, жалын от, өктем ой сол қалпына қайтып келмеді. Бір күні Төлебаев көшесінің бойындағы ұстаздарының көңілін сұрауға шықты. Әуелі Темірғали Нұртазиннің үйіне кірді. Үмітсіз дертті еді. Ол кісі: ”Рымғали әлі жассың. Осы әдебиеттану ғылымына жолама. Сатқын ғылым екен. Сен жаңа ой айтасың. Ертең оны біреу малданып кетеді. Артыңа із қалдырмайды екен” – деп өсиет етті. Содан Бейсекеңнің – Бейсенбай Кенжебаевтың үйіне кірді. Ұлы ұстазы: “Темірғали да нашар жатыр. Мен де сыр бере бастадым. Темірғали көңілге беріліп кетеді. Оның сөзіне ерме. Бастағанды тастама. Сын – ұлы ғылым. Берік бол” – деп шегелеп қоя берді. Одан өрлеп Мұхамеджан Қаратаевқа сәлем бере кірді. Ортаңғы бөлмедегі үлкен столға басын қойып қатты ойға кеткен екен. Басын көтеріп: “Жағдайдың несін сұрайсың. Жан-жағыма бомба түсіп отап жатқандай, Темірғали мен Бейсенбайға да тырнағын салыпты. Сол бомба енді маған қашан түседі деп күтіп отырған жай бар. Қуатың бар кезінде қаламыңды қатты ұста. Өкініш өмір болмайды” – деді. Осы сөздерді Рымғали ағадан естігенде тіксіне қалдым. Сынға үйір едім. Қайтып жоламаспын-ау деп іштей бекінгенім әлі есімде (Неден қауіптенсең соған жолығасың деген. Ақыры айналып сол шырғаға түстік қой). Қалай дегенмен де үш ұстазының да өсиетін кезек-кезегімен орындады. Әуелі “Дән” атты өмірлік дерекке құрылған әңгімелерді, содан кейін “Ертең ат шабыс” хикаятын жазды. Іле драматургия туралы монографиясын қолға алды.
Әдебиет туралы әңгімелер тағы да алдыңғы қатарға шықты. 1976 жылдың қыркүйегінің соңғы күндерінің екінтісі болатын. Әңгімелесе жүріп Рымғали ағаның ауласына кіргенде кезіккен егде тартқан өжет әйел батыл-батыл сөйлесе амандасты. Ол кісі кеткен соң: “Бұл мықты апаңыздан Әуезовтің өзі именіп жүретін болған. Әйгілі “Қаралы сұлудың” прототипі осы кісі. Мықты кемпір. Тура сенің ауылыңнан” – деді. Жалпы ол кісінің туған-туыстарынан хабардар болатынмын. Әйгілі Ике мен Мұсатайдың келіндері. Содан сөз Әуезов шығармаларының шығу тарихына ауысып кетті де соңы тапсырмамен аяқталды. Абай мен Әуезовтің шежірешісі мен болуым керек екен. Оның өлең мен көркем шығармаға қатысы жоқ екен. Сөйтіп, Рымғали ағаның сол кигізген қамытынан басымызды шығара ала алмай қалдым. Ал өзіне оқуға берген Шәкерім мен Мағжанның өмірін тұспалдап жазған “Жер-бесік” атты роман -новелланың екінші бөлімінің көркем шешімін мүлдем өзгерттірді. Зиянынан қорықты. Сөйтіп менің қалған шығармашылық өмірімнің арнасын мүлдем басқа жаққа бұрып жіберді. Алғашқы өлеңдер жинағымның қолжазбасын өзі апарып баспаға өткізді. Марқұм Қабдікәрім Ыдырысовтың демеуімен ұзамай жарық та көрді. Міне, оған да қырық жылдан асыпты. Сол күні басталып кеткен, келе-келе өлеңді де, прозаны да шетке ысырып тастаған Мұхтар Әуезов туралы шығарманы әлі бітіре алмай жүрмін.
Докторлығын екінші рет қорғаудың алдында аралас адамдарының өзгере бастағанын байқап ем: “Ал енді бұрынғы ағаларыңды іздеп әуре болмаңдар. Бұл жолы аянбаймын. “Жанашырларыммен” жақынымдай, жақындарыммен жатымдай аралассам таң қалма” – деді. Өзі қауіптенген адамдар қолдап шықты да сәтті қорғалды. Оппонент Мәскеуден келді. Оны достары Сейіт Қасқабасов пен Өмірзақ Айтбаев оңаша күтті. Аға екеуміз такси ұстап, бір сағат Секеңнің үйінде, бір сағат өзінің үйінде болып, екі араға түн ортасы ауғанша «теңселумен» болдық. Өмірзақ ағаның сол күнгі дауысы әлі құлағымда. Сонда да өз қатарының алдындағы ең жас доктор, ең жас академик, ең жас лауреат атанды. Жаңа достарының кітап жазуға мүмкіндік бермегені болмаса, дегенінің бәріне жеткізді. Керісінше өз ағайындарын өкпелетіп алды. Әрине, бұл түсінуге болатын, солай істелуге тиісті жай еді. Өкініштісі, кейбір өте етене достарымен арасы алшақтап, барған сайын суық тарта берді. Бір түскен жарықшақ қайта сызатсыз бітпейді екен.
Бұдан кейінгі менің тіршілігім жеке тағдырға ұласты. Рымғали ағаның өзі әуелі мектеп, содан кейін университетке түсірген менің туған қарындасым Төлеу ақ қаннан қайтыс болды. 1963-1964 жылы тура полигонның өз ішінде Дегелең мен Балапан шахтасының ортасында, біреуінен 6, біреуінен 15 шақырым жерде тұрып ек. Пәле содан жабысқан болып шықты. Қарлы қарашаның қайғылы қара түнінде, түнгі сағат үште қараңғы көшенің бойындағы телефонмен үйіне жылап тұрып хабарласқаным есімде. Ондай дертке ұшыраған адамның мәйітін бірден бере қоймайтын. Ендігі уайым сол еді. Таңғы сегізде ауруханаға келіп бас дәрігердің рұқсатын алып берді. Іле ағаның ең сүйікті де талантты суретші інісі Жеңіс те сол полигонның дертіне шалдығып өмірден өтті.
Сондай күңгірт күндердің бірінде, дәлірек айтсам 1980 жылдың 6 мамыр күні, Асанәлі Әшімов СССР халық артисін алған күні Қалибек Қуанышбаев туралы дерек іздеп театрға барамын деп мен бір шолақ оқиғаға іліктім. “Жұлдызға” жаңа орналасып, белімді тіктегендей шақ еді. Сейілғазы досым түнделетіп біраз адамға хабарлапты. Таңертең ерте Рымғали ағаның машинасына отырып Сағат Әшімбаев марқұм, Жәнібек марқұм және Несіпбек мені Алматыны шыр айналып іздеуге шығады. Сөйтіп алаңдап жүргенде апатқа ұшырайды. Сағаттың аяғына зақым келген, Несіпбектің иығы шыққан, әйтеуір өздері аман-есен. Ал “ақ бұзаудың “көркі кеткені” өз алдына. Бұдан бейхабар мен үш күннен кейін барып болған жайды естідім. Өзімді қоярға жер таппадым. Не хабарласудың бабын білмедім. Содан жарты жылға дейін кездеспей тайсақтап жүрдім. Көліктің дауының өзі ұзаққа созылды. Бір күні Рымғали ағамен де, Сағатпен де бетпе-бет келіп қалдым. Екеуі де: “Сенің не жазығың бар. Тек қалдарыңыз қалай демегенің болмаса” – дегенде иілген бас қайтып көтерілмей қалды. Аталған жігіттердің адамгершілігіне осы күнге дейін тағзым етем. Әрине, алдымен Рымғали аға мен Сағат марқұмға. 1982 жылы августта ұлым Алмас суға кеткенде: “О, сорлы!” – деп көріскендегі суық дауысы қазір де құлағымның түбінде. Сол сөз менің ішкі сезімімді тітіркендіре суытып жіберді. Табалағаны ма, жаны ашығандық па – деген сұғанақ ой миымды көпке дейін тілгіледі де жүрді. Бірінші рет ағаның осы сөзі көңіліме келді. Мұны ол кісіге айттырып, маған соны естірткен де тағдыр ғой. Дегенмен де…
Сол бір ауыр күндердің табы тағдырымыздан әлі де сезіліп қалады.Тегінде өзектес жандардың бір-біріне тым жақын тартылуы да жүйкеге салмақ сала ма, кім білсін. Кейінгі жылдары Айғалидің қазасы соны еске салған тосын оқиға болды. Осыдан кейін Рымғали ағаның көңіліне кәдімгідей уайым кірді. Өмірдің өзге де берекелі бейберекеті жүрегін шаншыған шығар. Бауырдан айырылу бастан өткен жай ғой. Орынсыз еркелеп кетіп өкпелетіп аламын ба деп оңаша жолығудан бойымды қашық ұстауға тырысатыным да содан еді. Өйткені сөгілген жіптің тігісін табуы қиын. Ал мен қандай жетістікке жетсем соның басты бір себепшісі осы Рымғали аға. Кемістігімді ескерткен сәттерінде: “Өзіңізден көріңіз дұрыстап, жеріне жеткізе тәрбиелемеген ” – деп сытылып кететінім де бар. Мұның барлығы сол баяғы өзімсінген көкбауыр мінездің демі.
Ағайын мен достың назы ауыр, жақсылыққа бергісіз жамандығы, жамандықтан да сорақы жақсылығы алмасып жататыны кейде жазықсыз жаныңды қинайтыны да бар. Сексен жетінші-сексен сегізінші жылдары ағалы-інілі, ұстаз-шәкіртті екеуміздің арамызда үнсіз салқындық орнады. Қиналысы мен толғанысы көп, менің Олжастың тапсырмасын орындап, «ең жас алашшыл» атанып, қабылданбаған қаулының атым жазылып қалған шақ болатын. Соңымнан арыз да молайып, «Жас алашшыл ұлтшылдан сақтанайық» деген мақала «Қазақ әдебиетіне» түскен кез еді. Бірде Мекемтас Мырзахметов пен Қойшығара Салғара ағаларым жеке-жеке келіп, Орталық комитетте мен туралы үлкен пікір қлзғалып жатқанын, ол материалдарға пікір білдруді партиялық құпия тапсырма ретінде өздеріне тапсырғанын, не деп жазғандарын, соған жауапты дайындай жүруімді ескертті. Сол кезде Рымғали аға еске түсті. Салқын қарсы алды, сөзімді құлықсыз тыңдады, ең соңында: «Жә! Осы пәлеге өзің тіліңнен ұрынып жүрген жоқсың ба? Сен: Рымғали Нұрғалиев менің Әуезов туралы деректерімді пайдаланып, соны қызғыштай қорғап жүр депсің ғой. Мұның қалай?»,– деді. Өзге-өзге, мұндай сөзді ағадан күтпеген едім: «Иә, осы тақырыпқа жолықтырған Рымғали Нұрғалиев еді. Енді содан қалай құтыларымды білмей жүрмін– дегенім рас. Ал, өзіңіз берген тапсырманы орындап жүріп өзіңізге қалай пәле жабамын. Асырып айтып тұрсыз. Мен Әуезовті жазбасам да қаламым суымайды. Бүгіннен бастап қойдым», – дедім. Содан бастап он жыл бойы «Бесігіңді түзе!...» мен «Бесігіңді аяла!...» кітаптары еш жерге басылмады. Баспалар қайырып берді де отырды. Тәуелсіздік келді. Мен өз ырқымнан тыс тағы да Әуезовке ат басын тіредім.
Сол әңгіменің салқыны ма, неге екенін білмеймін, Ләйлә Мұхтарқызы Әуезованың: «Егер Әуезовтің рухын силайтын болсаң, онда менің өтінішімнен бас тартпа», – деген базынасынан бас тарта алмай, Мұхаңның мұражайын ауысуымды онша қолдай қоймады. Сөйтіп жүргенімде Ләйлә апай қақпайлап жүріп, кітаптың негізінде кандидаттық диссертация қорғатуға алып келді. Ресми оппонент ретінде Рымғали ағаны таңдап алып, авторефератты дайындап, енді қол қойғызуға апардым. З.Ахметов марқұммен шайтанқұлақ арқылы ұзақ сөйлесті. Бір уақытта қаламсабымен мұқабаның бетіндегі адамның атын сызып-ақ тастағаны. Кері шегінуге жол қалмаған. Рымғали Нүрғалиев сызып тастады десем, арандатқан боламын: «Әйтпесе қол қоймаймын», – деді. Орынымнан атып тұрдым да: «Осыған құмартып жүрген мен жоқ. Онда өзіңіз бір шәкіртіңізге қорғатып алыңыз. Енді мен қорғамаймын», – деп қолжазбаны алдына тастай салып, бұрылып кетіп, шақырғанына қарамай сыртқа беттей бердім. Қалай жаныма жетіп келгенін білмеймін: «Үй, дүлей!», – деді де мұқабаға қолын қойып берді. Осы өзімсіген сөзі көңілімді жадыратып жіберді, соңы Ләпәңнің дәмін татумен аяқталды.
Содан кейін ежелгі еркелік пен еркіндік қайтып қалпына келді.
Тура сол жағдай докторлық диссертацияда да қайталана жаздады. Бірақ ол кезде қолды қоюдың қажеті жоқ болатын және тақыстанып та қалып едік. Шындығына көшсек, оның мені бұлай өзімсінуіне толық қақы бар болатын. Мұндай ньюанстар ғылым, диссертация деген салада көп болады екен. Кейін де соған бойсына алмай, бір-екі рет кеңестең бостау туралы өтініш беріп ем, кеңес мүшелерінің көзінше рахаттана отырып күлдей ұсақ қып жыртты да: «Жүр, шәй ішіп келейік», – деді. Әр түрлі әңгіме айтып, қалжыңдап, ұмыттырып жіберген болды. Әрине, мен де «ұмыта» қалдым.
Астанаға ауысқан соң бұрынғыдай отбасының тұрақты қонағы болдым деп айта алмаймын. Алайда қалыптасқан жағдайға байланысты тебіреністі, күйзелісті, екіұшты ойдың соңына көп берілді. Қарындасы Әсима қайтқан соң тіпті тұнжыраңқы тартты. Өзін-өзі іштей мүжуге бейімдеу боп жүрді. Оңаша қалсақ жүрекке салмақ салатын әңгіменің әуеніне көшіп кетерміз деген ниетпен, үнемі жеңілдеу сыдыртып, тездете амандасып, сырдаң тартып жүрдім. Кейде сағынып кеткенде арқасын қапсыра құшақтап, бір иіскеп, жылдамдата шығып кететінмін. Сөйтіп жүріп сөз басында айтылғандай налытып алғанымды несіне жасырайын.
Жоғарыда ескертілгеніндей, осы танысу мен қоштасудың арасында өткен қырық жылдың әдібін аз сөзге көп мағына беріп жазуға екінші тапсырыстың да уақыты тығыз боп, көп оқиғаның қайырымы келмей қалды. «Өзі шарапатын тигізген шәкірт інілерінің бірі есебінде бұрынғыдан да қаттырақ бауырына баса түссе екен деп тілеймін», – деген назымды көзі тірісінде оқып, тілегімді берген ағатайымның дәл бұлай көз жаздырып кетерін кім білген.
Рымғали ағаның кенеттен, сонау алыс Дубайда үзілген, ғұмырының соңында қос жарылған өмірі де, шындығын айту керек, ағайын-досқа біраз алаңдау туғызды. Көңілді күпті еткендей көрінді. Достарының сыналатын шағымды шағы еді. Алатаудың биік шоқысының ең биік тұсынан тұңғышы Ардақ пен Ердос, Ләйлә, Айша, Рабиға таңдап, топырақ салған мәңгілік қонысы, рухы ұялаған бақилық бесігі – Рымғали марқұмның тұғырына лайық. Енді ол рух – мүсін боп сол биік тұғырдан бүкіл қазақ даласына өткір де өжет, жылы да жылдам, намысты жанарымен көз жазбай қарап тұратын болады. Ал оның «Үшінші Алматыдағы» сол рух мүсіні мұқым елінің, тұтас жұртының көз алдынан мәңгі кетпейді, жадында, жүрегінде сақталады.
Ол енді жоқ. Ол да жоқ. Олар да жоқ. Жазуға отырған кезімде ол үнемі қарсы алдымда қарап отырғандай сезінетін болдым. Күтпеген жерден түсіме кірді. Тамшысы ірі жолақты костюм-шалбар киген, ақ жағасы, галстугі де сықия тағылған, қарсы алдымнан шыға келді. Өңі қоңырлау, жанары тік, адымдай басып қасымнан өте шықты. Қайда барады? Белгісіз. Сол сәтте, енді ол жолдың мәңгі қиылыспайтынын ғана ойлағаным есімде. Жолымыз қиылыспағанымен ойымыз сәт сайын қиылысатынын ғана медет тұтумен осы жолдарды жаздым.
Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ,
жазушы
ТОЛЫҚ АДАМ ЯКИ РНН – РЫМҒАЛИ НҰРҒАЛИҰЛЫ
НҰРҒАЛИЕВ ЖАЙЛЫ ЭССЕ
Беу, дос!
Рухыңа тағзым. Өткен күндер
ұмытылмайды. Жасқа жас, ойға
кәрі, жылы жүрек, жарқын бейнең
жадымызда.
Ақ қағазға адал сөз түсті.
Автор.
Рымғали Нұрғалиұлы (1940-2010 ж.ж.) Семей облысы Абыралы ауданы Қайнар ауылында туған.
1963 жылы Әл-Фараби (бұрынғы С.М.Киров) атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі (2003), Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1988), Жоғары мектептің үздік қызметкері (1984), Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі (1995), Қазақстан Республикасы Ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер (1998), Халықаралық Айтматов академиясының академигі (2003). Қазақстан ғылымы мен техникасына қосқан аса үлкен үлесі үшін берілетін Мемлекеттік стипендияның иегері (1998), Ш.Уәлиханов сыйлығының лауреаты (2004), «Парасат» орденінің (2005), «ЖОО-ның ең үздік оқытушысы» (2006) грантының иегері, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, А.Байтұрсынов сыйлығының лауреаты (2006), М.Шолохов, Тәуелсіздіктің 10 жылдығы, Астананың 10 жылдығы медальдарын алған. Қырғызстан Республикасы Құрмет грамотасымен марапатталған.
Рымғали Нұрғалиұлы – қазақ әдебиеті тарихында ерекше орын алатын үлкен ғалым, танымал көсемсөзші, ұлағатты ұстаз.
1 маусым күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ҚР Тұңғыш Президенті аудиториясында (№ 208) Рымғали Нұрғалидың туғанына 70 жыл толуына арналған «Рымғали Нұрғалм мұрасы және қазіргі әдебиеттанудың көкейкесті мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Ғұлама ғалым, көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Рымғали Нұрғалиевтің 70-ке толған (1 маусым) мерейжасы осылай ғана (ҚР Мәдениет министрлігі мен Еуразия университеті ұйымдастырған) бір университеттің аудиториясында өтті. Біреуге көп, біреуге шөл заман тірлігі…
Живи так, как будто ты сейчас
должен проститься с жизнью,
как будто время оставленное тебе,
Есть неожиданный подарок.
Марк Аврелий
Бозторғай шырылдап, таң атты.
Тағы бір жарық күн келеді.
Бисмиллә, ирахман ираһим!
Бүгін…
Түс көріппін. Той ма, әлдеқалай бір жиын, ығы-жығы халық. Осының ішінде Рымғали жүр.
Рымғалиды сыртынан көріп тұрсам да (өмірден көшкенін сезем бе), жанына жақындай алмаймын. Сонны аңдағандай Рымғали:
- Әй, Қара қыпшақ Қобыланды (ол мені осылай атаса, мен оны «РНН» дейтінмін. Яғни Рымғали Нұрғалиұлы Нұрғалиев дегенім – Қ.С.), неге алыстап тұрсың, кел, жақында бері! – дейді анадай жерден баяғы өзімси сөйлейтін дағдысымен. Сөзі әдеттегідей ірі, өр!
Тартыншақтаймын. Аяғым жүрмейтіндей. Булығып үнім шықпайды.
Осы кезде Рымғали маған тақап келіп:
- Білем, білем, сен менің жетпіс жылдығыма байланысты мақала жазам деп қиналып жүрсің-ау, несіне көп толғанасың, Абайдың аталары тоқтап, ат шалдырған өңірді сыпатта, сосын баста сөз басын анау ертедегі екеуіміздің Торғайға барған сапардан. Арада қанша заман өткен… Көңілден өшпейтін кездесулер… Анаң Мәрзия шешеміздің қолынан дәм татып ем… «Ахаң, Жақаңдарды көп сұрайды екенсің. Байқашы, қарғам» - деп, маған жаны аши сөйлейтін жарықтық, әулие анна еді-ау! – деп әңгімені алыстан орағыта бастай бергенінде қасымызға бір жігіттер шоғыры келіп қосылды. Бәрі де «Реке, Реке» деп қаумалай, Рымғалимен амандасып, жапатармағай сәлем беріп жатыр. Сөз бөлінді. Осы екі аралықта араға және біреулер килікті ме, оянып кетіппін…
Түс деген де бір елес, есте кейде сақталып, кейде жадыңнан тез өшеді. Бірақ әлгіндегі Рымғалидың түр-түсі кәдімгі өңімде көргендей көз алдымда сақталып, оның бастай берген әңгімесі құлағымнан кетер емес. «Рымғалидың арамызға келіп, бізбен сөйлесіп жүргені – елімен, жұртымен, достарымен әрдайым бірге жасайтынының белгісі, рухы тірі! – деймін оянғасын түсімді жақсыға жорып. – Қайран достың аруағы желеп-жебеп жүргені ғой…»
Өткен ұмытылмайды. 1964 жылдың жазы. Оқу бітірісімен (1963 ж.) мен Алматыда қалып, «Қазақстан пионері» газетінде жұмыс істейтінмін. Рымғали «Лениншіл жастың» Солтүстік облыстар көлеміндегі тілшісі, Ақмолада тұрады. Жол сапармен жүрген мен Ақмолаға келіп, содан әрі екі дос Қостанай жақты аралауға шықтық. Елді бетке алып келеміз. Қостанай – Торғай менің туған өңірім. Жол ұзақ.
Досымыз – қызыл тілдің шешені. Ойы қашағанның ұзын құрығындай алға озып отырады. Сөзге жүйрік қой Рымғали. Жол бойғы әңгіме тізгінін Рымғали ұстаған.
Жастықтың көңіл құсы шартарапқа құйқылжиды. Ыстық қайрат, жылы жүрек жеткілікті. Дәуренді күндеріміз… Рымғали бірде өзі, бірде Абай боп шырқап, сорғалай тамылжытып, судай тұнық сұлу әңгіме тиегін ағытып келеді. Ара арасында: «Жә, бәрін көріп, жастайымыздан ет өліп, цлден көнбіс қазақ бопалдық», - деп әлдеқалай бір күрсініп қояды. Мұндай күрсінісі Торғайдың ен даласына шығысымен әсіресе жиіледі. «Біздің Абыралыда мұндай ауа жоқ, - дейді сосын. – Полигон құртты ғой жалмап…» Аз-мұз үнсіз отырып қалып, ойға шомады. Жеңіл машинаның ішінде екеуміз және жүргізуші.
Рымғали жазық далаға қарап отырып, тағы тіл ұстартады. Айтатындары – сан сала әңгіме. Бірге оқыған курстас достардың әр қайсысына мінездеме беріп болды. Одан жерігесін қазақтың көне жырларын – сонау Сыпыра жыраудан бастап бір төкті, содан Ахаңа соғып:
Қазағым, елім,
Қайқайып белің
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып, - деп, маған аңсын-аңдай қарайды. «Көсіл!» - деймін мен. О, ғажап! Рымғали Абай, Шәкәрім, Мағжан, Ахмет, Міржақып өлеңдерін жатқа айтады. Біліп, түсініп айтады. Кейде Шәкәрім қажыға ұқсап:
Кетті, келді,
Толды, семді,
Өзгеленді бұл ғалам.
Туды, өлді,
Жанды, сөнді,
Өршіп өнді қайтадан.
Дөңгеленткен,
Өңгеленткен,
Түк білімсіз күш пе екен?
Тіпті мінсіз,
Кемшіліксіз,
Есті қылған іс пе екен?
Жан деген не,
Мүлде өле ме,
Шын жоғалып сөне ме?
Дене жөн деп,
Жоғары өрлеп,
Жаның мен деп келе ме? – деп толғайды. Толғайды да осы Шәкәрім шал «Сау ақыл – менің иманым, аламын соған сыйғанын» неге айтқан деп таңырқайды.
Шәкәрім – Рымғалидың Абайдан соңғы сыйынар пірі екенін осы сапарда анық аңғарғандай болдым. Абай нәрін бойына мол жиған досымыз сәлден соң қазақтың бас ақынының «Нұрлы ақыл» дейтін ұғымын Шәкәрімнің «Сау ақыл» дейтін сөзімен сабақтастыра айтып кетеді. «Абайдың «нұрлы ақылы» мен Шәкәрімнің «сау ақылы» - тың сөз, энтелехиялық ұғым!» дейді және. Енді қалай тыңдамассың. Дос әңгімесін шабытты айтады. Және көңілге түрлі ой тастап отырса – елтисің әрине.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың!... – Жыр басын қайта Абайға тірейді. Бұл Рымғалидың әдеті, оралып Абайға соғып отырады.
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамасты! – Міржақып ауылының тұсынан өтіп бара жатқанда Жақаң өлеңін жосытып, ақын рухын бір көтеріп тастады да: «Қайран Ахаң, Жақаң… Халқыңа оралар ма екенсіңдер қайтып…» - деді Рымғали ерекше мұңайыс білдіре. Мен оның сұңғыла зеректігіне таңырқай қарап қалғандай едім, соны сезді ме: «Жә, бұл менің сөзім емес, біздің қара шалдың сөзі ғой!?» деді өзінің айтқанын жуып-шайғандай болып. Рымғалидың «қара шалы» өз ұстазы Бейсенбай Кенжебаев екенін мен ұға қойдым. Ол әдеттегі астарлы сөзінің түйінін әдіптегенде сөзінің аяғын Бейсекеңе әкеп тіреп қоятын-ды. Бұл жолы да сөйтті. Айнымады.
Торғай тересіне енгеннен-ақ Рымғали тіпті ашылып салды. Сөз ұшын жолшыбай Аманкелді ауданына соғып, университете бірге оқыған Өтеген Сейдазимов үйінде қонақта отырғанда шығарып еді. Сонда-ақ Торғайды басыбүтін иемденіп алып, «бұл өңір менің бабаларымның жері – Абайдың ата қонысы, осындағы Ырғыз-Торғай өзендері біздің шалдардың аттарына қойылған» деген. Сонда мен: «Онда Семейде неғып жүрсіңдер, көшіңдер бері» дегенімде жымиған-ды, осы тақырыпқа кейін бір сонар шежіре сабақтады, қазақтың өзінен сөзі ұзын!
Аманкелді ауданында негізінен қыпшақ ағайындар мол тұрады. Бұл сөзді Өтегеннің шешесі шығарған. «Батырлар ауылы» деп аталатын өңірде Аманкелді, Кейкі, Әбдіғапар, Әліби дүниеге келген ғой. Кенесары батыр да осы төңіректі көп төңіректепті. Аманкелдінің атасы Иман батырды соңына ерткен Кенесары қырғыз жеріне осы Батпаққарадан шығыпты. Мұндай жайлар сөзге өзек болғанда Рымғали маған: «Саған кезек келді. Бүгін сенің күнің!» деген. Онысы Аманкелді батыр тақырыбын кеузеп жүргенімді меңзеп, «құлағың түрік болсын» дегені. «Бегімбеттің (Аманкелдінің руы) қызымын» деген Өтегеннің шешесі де қаражаяу болмады, бізге өз аталарының шежіресін теріп, тізіп шықты. Қайран қазақтың шаңырағы! Екі қазақ бас қосқан жерде осындай, келісті әңгіме-дүкен жүйелі өрбиді. Ғажап дәстүр!
Арғы атам – Ер Түрік,
Біз – Қазақ еліміз.
Ежелден Ер Түрік,
Оқ тескен етіміз
Қасарып, қайтпаған
Еш жаудан бетіміз!..
Ер Түрік, Түрік бірлігі ол заманда айтыла бермесе де Рымғали ақын Сұлтанмахмұт өлеңдері арқылы бұл тақырыпты да осы отырыста қозғап жіберді. Кәдімгідей арқаланып қалдық. Текті халықтың тарихы ірі!
Рымғали асқан ынтызарлықпен Торғайда Ыбырай Алтынсарин өз қолымен салған мектепті көріп тамашалады, қызықты. «Осы қалай деген кісіден» Ахаң-Жақаңды қазбалай сұрастырып жүрді. Ол тұста Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов ақталмаған, жұрттың аузын басып сөйлейтін кезі. Біздің дос соған қарамастан арыстардың туған жерінде төпелей сұрақ жаудырады. Талаптыны ел таниды. Рымғалидың сөз ұстаған қалпын байқаған ақсақалдар жағы білгендерін аяп қалған жоқ, әсіресе менің шешем өзі көзі көрген жылдар шежіресін шыжымдай шығарады. Қызды-қызды әңгіме 1928-ге ойысқанда анам өз әкесі Байтұрсынның конфескеге іліккенін, інісі Жүсіпназардың «халық жауы» атанып, 1937 жылы атылғанын, өзінің 1939 жылы колхоздың 40 бұзауы өртке кеткенінде істі болып, абақтыда отырғанын айтқанда Рымғали әбден ұйыды.
- Ау, сонда мына Қоғашты қайттыңыз?
- Қоғабайжанды үш мезгіл түрмеге әкеп еміздіріп алатын. Абақты заңы қатаң! Ол жылдардың несін айтасың, қарғам… - дейді анам өткенді есіне қинала түсіріп. – Емшектен амалсыздан ерте айрылған балапаным алты айлығынан әжесінің бауырында өсті. Менің атымды атайтыны да сондықтан, бетін қақпадық құлынымның…
Елді екі аптадай еркін араладық. Сол сапарда Рымғали Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) төңірегіндегі әңгімеге аса зейін қоя зер салды. Шежіресін жазып алды. Көнекөз қариялар Ахмет Байтұрсыновтың түп атасын арғы Шақшақ Жәнібектен, содан соңғы Аманжол бабадан өрбітіп, бертін таратқанда Ахаңды Үмбетейге әкеп тірейді. Үмбетейдің Аралбайы, оның Таңбайы. Таңбайдан Шошақ, Шошақтан Ақтас, Ақтастан Байтұрсын, Байтұрсыннан Ахмет тарайтынын естіді.
Әңгімеден әңгіме туады. Ахаңның «Аққұм» әнін тыңдағанда ел аузынан ән кейіпкері Іңкәр қыздың Торы Қыпшақтың Бессарысына жататын әнші-күйші Бөгембай-салдың қызы екенін, Бөгембайдан Дүйсенбай мен Іңкәр туатынын білді. Бұл деректі де Рымғали қалт жібермеді. Бәрін қойын дәптеріне жазып алып отырды. Маған: «Сен осы тақырыпқа неге пьеса жазбайсың, - деп мені қайрап қояды. – Нағыз махаббат, трагикалық спектакль шығар еді-ау…»
Бұдан соңғы Рымғалидың ынталы тақырыбы – Торғай дуанындағы ақындық мектеп болды. Уақ Жұмабай, Есенжол Жанұзақұлы, Сейдахмет Бейсенұлы, Құбаш Шалбайұлы, Әбіқай Нұртазаұлы, Күдері Жолдыбайұлы, Қашқынбай Қазұлы, Әбдірахман Иманқұлұлы – Ахмет Байтұрсыновтың ұстаздары. Бұл мәліметтерді де Рымғали шет қалдырмаған. Досымызды Ахаңның тұстас ақындары: Күдері, Құтжан, Файзолла, Сәт, Әлсүгірдің Атырауы, Рсалдының Ибрагимі, Баспақтың Уәлісі, Жүсіп, Аяп, Шаңдыаяқ, Қияқбай, Нұрхан ақын жырлары да қызықтырды. Курстас досымыз Байтұрсын Ілиясовтың «Байтұрсын ол кезде Қарағандыда қызметте-тін – Қ.С.) дуан орталығында тұратын әке-шешесіне сәлем бере барғанымызда ақкөлдік бір көне құлақ қария Рымғалиға:
- Балам, арапша танысаң, мына бір қағазымды оқып берші?! – деп, сарғайған ескі қағазды ұсынды. Рымғали бір мезет әрі-бері қарап көрді де, әбден бүктетіліп тозған қағаздағы жазуды жүргізіп оқи жөнелді:
Не жазып ем, құдай-ау, мен қазаққа,
Мұншама ғып салғандай бұл азапқа?!
Адамшылық есебіне кірісіп,
Қолы жетсін дегенім бе азатқа?
Жөн көрсеттім қазақ деген ұлысқа,
Жол сілтедім жақын емес алысқа.
«Өзге жұрттар өрге қадам басқанда, -
Дедім, - сен де қатарыңнан қалыспа!»
Бар ма, қазақ, мұнан басқа қылғаным?
Неңді шаштым, неңді бұздым, былғадым?
Аштан өлген аталарың бар мА еді,
Тамақ үшін сатқан сірә иманын.
Көң тасыған көк есектер, бәріңе,
Қалдырмастан жағалай жас кәріңе.
Үрім-бұтақ нәсіліңе қалғандай,
Нық басылар кетпейтін мөр тәніңе.
…Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен,
Өз аулымның иттері үріп, қапқаны!
Рымғали араб ғарпімен жазылған қағазды алдымен ежелей, соңынан жүргізіп оқи бастағаннан-ақ менің көз алдымнан университетте араб пәнінен дәріс оқыған Мәрзия Мәженова апайымыз өтіп отырды. Рымғали сол апайымыздың бар уақытын алатын қайдағы бір сұрақтарды жаудырып. Апай бізге жадитті үйретті ғой «төте жазуды білсеңдер жетеді» деп. Ал Рымғали «қадымды (кадим) үйрет» деп тұрып алатын. Біздің көбіміз апайдың «ғамилун, жамилунымен» қалып қойғанда Рымғали арабшаны өз бетінше ізденіп оқыды. Сонысы міне іске асты.
Қағаздағы сөз оқылып болғанда жұрт ошарылысып, үнсіз отырып қалды.
Рымғали:
- Бұл өлеңнің иесі кім екенін сездіңіздер ме? – деді.
- Таныс өлең ғой! Бұл – Ахаңның өлеңі-і… - деді Байтұрсынның Баймырза дейтін ағасы ақынның жыр шумақтарын дәл танып.
- Иә, Ахаңның өлеңі! – деді Рымғали жұртқа жалтақ-жұлтақ қарап тұрып. – Қағаздағы жазу өше бастаған екен, мен оны жадымнан оқып шықтым…
- Көп жаса, қарағым, талабың жақсы екен! – десті отырғандар.
Әңгіме тиыла қалды. Осы кезде менің шешем:
- Осындай өлеңдерді менің інім Жүсіпназар домбырасына қосып айтушы еді. «Үш бурыл», «Екі жирен», «Аққұм», «Қарғаш» дейтін әндерді айтатыны әлі құлағымда! – деп қалды.
Рымғали осы сәтті пайдаланып менің шешемнен:
- Шешей, шыныңызды айтыңызшы, әкеңіздің аты Байтұрсын болса, Ахаң Сіздің туған ағаңыз ба? – деп сұрады.
- Жо-ға, қарағым. Ахмет ағамыз арғын, оның ішінде үмбетей, біз қыпшақ тайпасынанбыз, соның дәулетбикесі, бірақ ауылымыз қатар. Менің әлгі Жүсіпназар інім Ахмет ағаны жақсы таныған, соңынан ертіп жүріп ән айтқанын жұрт біледі, - деді.
Рымғалидың күдігі тарағандай, әйтпесе ол менің шешемнің әкесінің аты Байтұрсын екенін естігенде мені «Ахаңа жиен екен ғой» деп жүріпті. Соңынан үйге келгесін Рымғали шешемнен мен туралы сұрайды қоймай-қоймай. «Ау, оның саған не қажеті бар» десем болмайды «керек» деп. Осы жолы Рымғали өзі араласатын адамның бәріне жадында «қалта» ашып қоятын дағдысын және айқын танытты. Кісіні бүге-шігесіне дейін білуге тырысады. Содан анашым Рымғали баласының сөзін екі етпей:
- Қоғабайжан мына Қабырға өзенінің арғы бетіндегі «Қолдас» аталатын Сарының (ру аты) жерінде Қоғабай дейтін кісінің көңінде туып еді. Атын сол себептен де «Қоғабай» қойғанбыз, жарықтық киелі кісі болыпты. Кіндігін әкесінің өзі Қалы дейтін үш жасар балаға ұстатып тұрып, ырымдап шотпен кескен-ді, - дейді.
- Бәсе, содан екен ғой, кейде қатты қайрақтай қатып қалатыны, - деп Рымғали әңгімеге қарық болады…
Рымғали жоғарыдағы түсімде аян бергендей еске салған сапар сыры осындай еді. Уайым аз, үміт көп күндер-ай, ол сапар әсте ұмытылмас.
Кісінің алаң көңілі болмашыға сенеді.
Сенісерге келгенде,
Сене берер талғамай.
Жұрты құрғыр сенгішке
Тұра ма құрық жалғамай? – деген Абай ғақлиясын Рымғали өмірде берік ұстанады. Ол кісі тануға келгенде аса сақ еді, кім-кімге де талғамай сене бермейтін. Сырт көзге қанша арынды, аңғал көрінгенімен де Рымғали қызды-қызды «мен қалайға» салынбайтыфн жан еді. Адам періште емес. Бір басына жетерлік ақылы, қажетті жерде біреуді арбар әдісі, кейде тіпті пенделік те мінездері болатын. Әйтсе де жайдақтықтан ада еді. Өтетін өткелін білетін. Ол тәңірі ісінен басқаның бәріне қайратпен кіріп, өзі қиынға түскенде не бір додадан сүрінбей топ жарып шығатын. Екеуіміздің алғаш кезіккеніміз есте. Арықша келген, ашаң жүзді, құлағы қалқиған, көзілдірікті жігіт кісіге аңысын аңдай, сынай қарайды екен. Бірінші көргеннен ол маған:
- Was ist das? – деді немісшелеп.
- Das ist – Ich! – дедім мен оған.
- Gud, gud! – деді ол тағы немісшелей.
- Немене немісшең тасып тұр ма? – дедім мен енді тіктене.
Рымғали маған ұзақ тесіле қарап алып:
- Сені немісшеге жүйрік деп естіп ем, содан да ғой тілімді бұрап тұрғаным… - деді.
- ?! – Мен үндей алмай қалдым. Ол менің «жанды жеріме» тиді. Мектепте неміс тілінен сабақ беретін мұғалимама «ғашық» болып, содан да неміс тілін жақсы оқығанымды, тіпті немісше спектакльге қатысып ойнағанымды, сонда жаттап алған немісшемді қызықтап әлі күнге жиі айтатынымды курстастарымнан Рымғали естіп алған екен де, сонны алдыма тартып тұр екен.
Қайткенде де әу баста шәлкем-шалыстау, сөз қағыстыра таныстық. Сол таныстық кейін түсініскен табысуға ұласты.
Ол кезде біз оқитын журналистика бөлімі КазГУ-дың филология факультетіне тіркеулі еді. Рымғали филфакқа түсіпті. Өзін көбіне-көп кітапханалардан көреміз, кітапты көзі қызарғанша оқитынын байқайтынбыз. Осылайша алғашқы курстарды филфакта оқыған Рымғали 3-ші курстан біздің журналистика бөліміне ауысты. Рымғалидың келуімен біздің біраз жігіттер кітапхана есігін ашатын болды, көбіне сабақтарын сонда дайындап, сонда «өріп-жайылатын» қалыпқа түсті. Кітапты жарыса оқитын дәрежеге жетті. Орыс, шетел әдебиеттеріне зер салды. Журналистика бөлімінде оқитын жігіттердің түпкі мақсаты – жазу ғой, осы тұста да бөліне көзге түсе бастағандар арамыздан суырыла шықты. Бірақ Рымғали бұл «жазғыштар» тобынан әуелде табыла қоймады.
Рымғалидың оқуы жақсы екен, сол зеректігін бізге келгесін де танытты. Жүйрік қашан да жүйрік!
Соңғы курстерге таман озық мінезді Рымғали газет-журнал беттерінде мақалаларымен көрінді. Жазу-сызуында тың лекпін бар, мақала, очерк, сыни материалдары тосын басталып, тосын аяқталады. Оқып жүріп-ақ «Лениншіл жасқа» орналасты. «Лениншіл жас» - Рымғалидың қолы болды. Стилі жастар басылымына оң келеді, содан құлаш-құлаш материалдарды төпеді-ай келіп. Етектей-етектей мақалалары жиі шығады. Бірге очерк, бірде новелла, бірде суреттеме… Өстіп жүріп ол әдеби сынға көшті, өнер тақырыбына ойысты. Әсіресе театр жағын қаузады. МХАТ театрының гастролі кезінде рецензияларды үйіп жазды. Бақсақ, Рымғали театрды текке қуып кетпеген екен, алдына мақсат етіп қойған кандидаттық жұмысын жазып жүргенін кейін білдік. Бұл ісін және сәтті аяқтады.
Ол еңбек жолын Республикалық жастар газетінде бастады дедік қой. Содан Одаққа (Жазушылар одағы) келіп қызмет етті, қаламгерлер арасында бедел-атаққа ие болды. Университетке (ҚазМҰУ) барды, онда сіңісті. Қазақ Совет энциклопедиясында Бас редактор қызметін атқарды. Өмірінің соңғы жылдарында Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі болды. Соңынан көп шәкірт ертті, 42 ғылым кандидаты, 14 ғылым докторын дайындап шығарды. Жалпы, Рымғали Нұрғалиев жүрген жерінде көптің бірі емес - бірегейі болып шыға келетін. Еткен еңбегінің нәтижесінде ол филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері болды.
Түбі жақсының тегі жақсы. Осыны санасында ұстаған перзент адаспайды. Рымғали осы қалыпты білді. Мұндай жандарды «ұлт өрісі» деу орынды. Еңбегін халқы үшін, ақылын ұлты үшін жұмсайтын тұлғалар өмірде аз. Рымғали – осы аздар санатынан.
Рымғали Нұрғалиев – ғылымда қазақ драматургиясының теориялық мәселелерін зерттеген сыншы-ғалым. Оның «Трагедия табиғаты», «Талант тағдыры» дейтін кітаптарын жұртшылық кезінде жылы қабылдаған болатын. Содан соң «Күретамыр» атты жинақ ұсынды. Онда қазақ драматургиясының поэтикалық мәселелері, сахналық шығармадағы күлкінің эстетикалық мәні, дәстүрдің жаңғыруы, сондай-ақ жанрлық формалардың дамуы сөз болатын.
Жалпы өнер атаулының халықтық сипатын зерттеудің тамыры тереңде жатқаны белгілі жайт. Мәселен, философ жазушы, ағартушы Жан-Жак Руссо бұл төңіректе кейін тұтас мектептерге азық болған пікірлер айтқан. Буржуазиялық қарым-қатынастар өнер мен халықтың арасындағы байланыстың соңғы дәнекерлерін өз идеологиясымен үзді десек, оған апарған жол олардың халықты бір төбе, өнерді бір төбе деп қарауында. Немістің ұлы ақыны Шиллер халық пен өнерді табыстыру үшін қалың қауымды биік эстетикалық өреге көтеру керектігін айтқан. Әдебиет пен өнердің халықтық сипатын анықтар алдында автор – елдің өз ішінен шыққан перзенттер қолынан туған халықтық идеяны көтеретін коллективтік өнер туындыларын бөліп алып қарайды. Оған ол фольклорлық шығармаларды жатқызады.
Ғалымның екінші бір ұстанымы – дара творчестволық тұлғалардың өмірдегі орнын белгілеу. Қашан да суреткер анна тілі арқылы өз халқының өмірін, психологиясын, тұрмысын, рухын бейнелемек. Әдебиет пен өнердің образдық табиғаты, дара сипаты тілмен өзектес. Олай болатын себебі тіл халықтың қоршаған ортаға, болмысқа қарым-қатынасын білдіретін құрал. Сондықтан халықтық сипат белгілі бір елдің әдеби тілі үшін күресінен басталатын кездері болатындығын ғалым өзінің жоғарыдағы аталмыш еңбектерінде нақты мысалдармен дәлелдейді. Сыншының бұл тұстағы табысы өзіндік ой қорыта лу ерекшелігінде жатыр. Жоғарыдағы әңгіме болып отырған әдебиет пен өнердің халықтық сипаты тұсында автор ойын былайша түйіндей келіп: «Әдебиеттің халықтық сипаты – ана тілімен өзектес, ана тілі – ананың ақ сүті. Өйткені көркем образ, оның әртүрлі сәулелері, бояуы, ырғағы тек анна тілінде ғана айқын ашыла алады», - дейді.
Кітап «Реалистік драма жолында», «Күлкінің эстетикалық мәні», «Тарихи дәлдік пен көркемдік», «Жаңғырған дәстүрлер», «Әдебиеттің даму сипаты» дейтін бес бөлімнен тұрады. Атынан-ақ көрініп тұрғандай, бірінші «Реалистік драма жолында» деп аталатын тарауда ХХ ғасырдың басында дүниеге келген қазақ драматургиясы жайында сыр шертіліп, жаңа төл әдебиетіміздің бір саласы – драматургия жанрының өсіп өркендеуі әңгімеленеді. Бұл тұста автор замана тынысын, уақыт сырын, дәуір талабын айта отырып, жаңа дүние ашқан төл әдебиетіміздегі пьесаларға тоқталады. Автор бұл ретте ұлы суреткер Мұхтар Әуезов драматургиясын бөліп алып қарастырған. Мұндағы себеп – үлкен әлеуметтік төңкерістердің әсерінен халық санасына түскен өзгерістерді, рухани эволюцияны бейнелеу жолында Мұхтар Әуезов, әсіресе, драматургия жанрында сан алуан творчестволық тәжірибе жасаған қаламгер. Міне, осы ерекшеліктерді ашу тұсында зерттеуші көп еңбектенген. Оған автордың М.Әуезов пьесаларын талдаудағы әдістері мысал бола алады. Бұл тұрғыдан алғанда Мұхтар Әуезов тақырыбы Рымғалидың зерттеуіндегі негізгі қазық, алтық арқау болып табылады.
Қазақ драматургиясының поэтикасын зерттеуге арналған бұл монографияның басқа тарауларында да сонны ізденіс, тың тұжырымдар жеткілікті. Автор бірінде драматургиялық шығармадағы күлкінің эстетикалық мәнін әңгімелесе, кітаптың келесі бір тарауында әдебиеттегі дәстүрдің жаңғыруын сөз етеді, тағы бір тұста жанрлық формалардың дамуын зерттеу объектісіне айналдырады. Р.Нұрғаливтің өз ұстазы Бейсенбай Кенжебаевпен бірге жазған «Сабыр Шәріпов» атты кітабы ғылыми жұртшылықты елең еткізіп еді. Жұмат Шанин жайындағы кітабы да осындай табысқа ие болды. Оның «Дән», «Ертең ат шабыс» дейтін хикаяттары, «Полигон әңгімелері», «Жартастағы қарағай», «Оқ» секілді повестері, көркем аудармалары жазу ерекшелігімен құнды. Ғалымның «Әуезов және Алаш» атты монографиясының табиғаты тым бөлек. Мұнда өткен Алаш Арыстарының шығармашылық лабораториясы терең зерттеледі. «Телағыс», «Арқау», «Айғақ» сияқты шығармалары бір сала әңгіме. Зерттеу еңбектерінің көркем тілмен жазылуы, толайым қазақ сын жанрының өрісін кеңейту үрдісі Рымғали Нұрғаливтің әдебиетке әкелген жаңалығы. Ғалымның бұл саладағы еңбектерін тізбелеу жөн емес, Рымғалиды зерделей оқу керек, сонда ғана жалпы сөз иланымды болады.
Рымғали жан-жағына сәуле түсіріп жүретін жан болатын. Бір жайт еске түседі.
Менің роман жазып жүргенімді білетін (Аманкелді батыр жайлы) досым бірінде телефон шалды.
- Сенің романыңды «Жалын» баспасының тақырыптық жоспарына «Қызыл жалау» деген атпен кіргізіп жібердім. Жанрын тарихи-революциялық роман дедім, - дейді.
- Ау, мен әлі романымды біткен жоқпын ғой, - десем, ол:
- Оқа жоқ, бітпесең бітіресің! – дейді өктем дауыспен.
- Асығыс болып жүрмесе…
- Жә, болар іс болды, енді қамшыны бас!
Рымғали «Романның аты қалай болар екен?» дегенімде де қарамады. Жоғарғы жақ «Қызыл жалау» деген сөзді сыза алмайды деп шегеледі.
- Қызыл түс – революция символы. Так что, бұл жағы қатып тұр…
Маған енді жайбарақаттықты тастап, романымды жазуды жеделдетуге тура келді. Рымғали айтқандай, қамшыны бастым. Күзінде журналдық нұсқасы (1977) «Жұлдызда» жарық көрді. Ұзамай романым Рымғали қойған атпен кітап болып шықты.
Тағы бірде Рымғали телефон арқылы маған шұғыл жжет деді. Келіншегім Гүлбаршын екеумізді Панфилов паркінің алдынан қарсы алды.
- Не боп қалды? – десем, қолыма бір парақ қағаз ұсынды.
- Бұл сенің кандидаттық жұмысыңның аннотациясы. Дереу барып КазПИ-ге тіркел! Кандидаттық минимум тапсыруың керек! – дейді.
- Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин ағаларыңмен келісіп қойдым!
- Мұның не? Ау, менен ғалым шыға қоймас, - деймін мен.
- Неге шықпайды, шыққанда сенен шықсын! Сөзді көбейтпе! – деп Рымғали өзеурей түссін. – Осы сенің шегіншектігің-ай!? Жұртқа есең осындайдан кетіп жүр…
Келіншегім екеуіміз аң-таң. Сәлден соң:
- Жә, көрерміз, - дедім мен енді сөзді басқа жаққа бұрмақ болып. Рымғали:
- Жоқ, көрермізіңді қой, істі бастап кет, тақырып өзіңе таныс – Сәбит Мұқановтың драматургиясы – қатқан тақырып. Ғылыми кеңесте тіркетіп алдым! – деді сөзін бекітіп.
Тағдыр шығар, бірақ мен ғылым жолын қумадым.
Ғылымнан гөрі ғалымы көп мына қарбалас заманда қара көбейткендік те мұрат емес…
Айту парыз! Рымғали осындай өзгеге болсын деп жүретін дос-тын.
Қашанда қара қылды қақ жарып сөйлейтін Рымғалидың әдебиеттегі толымды қазылығы Толыбай сыншы төрелігіндей еді. Ол үшін басты өлшем біреудің аты үркердей атақ-мансабы емес, кім таланты болса, сонны тап басып танудан танбайтын. Жақсы шығарма оқыса, «Пәлі!» деп сүйсінер Әуезовше қуанып, жанын сала мақтаушы да, жақтаушы да мінезі бар-тын. Өзі «біздің кішкентай Абайымыз» деп атап кеткен курстасы Есенбай Дүйсенбайұлының – алпысыншы жылдары әлі жинағы шықпаған, баспасөзде де жөнді жарияланбаған ақынның өлеңдерін студенттерге лекциясы үстінде жатқа айтып жүргенінен де хабардармыз. Сол Есенбай былай дейді:
- Ол кезде мен аудандық газете тілші едім. Өзім ауру. Бала-шағам бар. Үй-күйім жоқ. Біреудің түйе қорасын 200 сомға сатып алып, сонда күнелтіп жатқанбыз. 1967 жылы Совет өкіметінің орнағанына жарты ғасыр толатын мерекесіне орай Бүкілодақтық қызылізшілдердің «Әкелер даңқы жолымен» жорығы тақырыбына арналған шығармаларға әдеби бәйге жарияланып, соған мен үш өлеңмен қатыстым. Ұмытпасам, бір туындым «Есептегі комсомолец туралы баллада» аталады. Ұзын ырғасы мынандай:
Алдында ақ тілеуі, татар дәмі,
Жылқышы болатын ол қатардағы.
Соғысқа кете барды қырық бірде,
Қалдырып жалғыз үйді жапандағы.
Кідірсем, кеш қалам деп ұғынды да,
Кім білсін, алқымға жас тығылды мА? –
Қапылып жүрген кезде ұмытыпты
Комсомолдық есептен шығуды да.
Созылды сол кеткеннен сапар-дағы,
«Қайдасың, о, жауынгер қатардағы?!» -
Комитет адресін білмек болып,
Майданға сұрау салып, хат арнады.
Бір күні отауына – тұрағына
Ол жайлы айтып келді «Правда»:
«Қорғауда Москваны қаза тапты,
Адал боп азаматтық ұранына!»
Алдында ақ тілеуі, татар дәмі,
Комсомолец еді ол қатардағы.
Есептен шықпай ақыр өліп кетті,
Қаңырап қалды үйі жапандағы.
Көзайым жыр түлетем өр кеудеден,
Көнетоз сол қағазды көргенде мен…
Е, егер ез болмаса, ер жігіттер
Есептен шықпайды екен өлгенменен!
Әділқазылар алқасының өзге мүшелері бірінші орынды бір орыс ақынның өлеңіне берейік десе, оған Рымғали көнбей, ұзақ айтысып-тартысып, ақыры аяғында бірінші орынды менің өлеңдеріме бергізгенін мен бертініректе Сәбит Досановтан естідім. Ал бұл жеңіс, яғни Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші секретары Өзбекәлі Жәнібековтің қолынан жеңімпазға берілер Диплом мен Абай бюстісін және Ленинград қаласында өтетін Бүкілодақтық «Әкелер даңқы жолымен» жорығы жеңімпаздарының жиынына жолдама алуым, шынымды айтсам, мені шыңыраудан шыңға шығарғандай керемет қолдау, рухани сүйеу болды. Тап сол тұста Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» газеті: «Байғаниндік таланты жас ақын Есенбай Дүйсенбаев республикалық ақындар конкурсында бірінші орынды жеңіп алып, облыс жастарының жарыс эстафетасын Ленинград қаласының Сатай алаңына жеткізді», - деп жазды…
Осыдан кейін-ақ атым, атағым жұрт аузына ілігіп, Байғанин ауданы мені мойындай бастады. Көп ұзамай жаңа үй алуыма да Рымғали досым алып берген сол бірінші орын игі ықпал етті-ау деп ойлаймын.
Десе дегендей, Есенбай ақын ағынан жарылып отыр. Рымғали өзімен бірге оқыған курстастары жайлы «Жетпістің жетеуі» дейтін эссе жазды. Бұл эссе-естелік кейін жеке кітап болып шықты да. Сонда жоғарыдағы курстас досы айтқан ақиқат адалымен айтылады. Осы биылғы қаңтардың орта тұсында Рымғали маған телефон шалып: «Сен Астанаға келсеңші, үйден дәм тат, курстастар болып бір көсілелік! – деді. – Мұнда Митько (Мәткәрім Әкімжанов) мен Бөкеңе (Болат Бодаубаев) айтып қояйын!» Солай болды да. Бірде тату, бірде қату пенделік жоқ. Шешілмедік пе ақтарылып. Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Зейнолла Қабдолов, Тауман Амандосов, Темірбек Қожекеев, т.т. ұстаздарымыз тілге оралды. Құрекең (Құрманбай Толыбаев), Нұриден, Әнуар (Жапаров), Байтұрсын, Маман (Ементаев), Сейдін (Есназаров), Қарауылбек, Жүсіпқали, Өтеген (Сейдазимов), тағы кім, біраз өмірден өткен курстастарымыз еске түсті. Рымғали бір сәт Семей полигонына көшіп, атом бомбаларының зардаптарына тоқталған кезде жеке мұңайып, ғасыр нәубетінің атына ашына лағнет айтады. «Маңайымды түгел жалмады, тықыр бізге де таянғандай, - дейді әлдеқандай қауіп төндіре. – Ыңқыл-сыңқыл көбейді». «Тек!» дейміз біз шошынып.
Мұндайда жүйелі әңгіме болмайды. Әзіл-қалжың араласады, шынайы күлкі! Былайғы тірлік, бала-шағалардың қызықты қылығын айтумен отырысты ұзартып, тарасқанбыз…
Уақыт оралмайды. Сонда біздің осы бас қосуымыз, Рымғалимен соңғы отырыс екенін біле бердік пе? Кездесуіміздің де соңы осы болды. Дүние шолақ, адам қонақ. Дубайға демалысқа барған жерінде үзілген жайсаңымыздың ажалы бір жұмбақ… Қыран қазасы қияда, деп қанша жұбанғанымызбен сену қиын, қайтерсің, не шара… Елі-жұрты, дос-жарандары, енді Рымғалидың соңында қалған тұяқтары: Ардақ, Ердос, Ләйлә, Айша, Рабиғасын көз көреді. Қос шаңырағы орнында, шырақшылары Ләтипа мен Қадиша түтінін түтетіп, шамын сөндірмей отыр, азамат жаққан шырақ сөнбейді. Тек өзі: «Человек приходит в мир со сжатыми ладонями и как бы говорит: весь мир мой, а уходит из него с открытыми ладонями и как бы говорит: смотрите, ничего не беру с собой» деп айтқан Талмуд сөзін растап, бұл жалғаннан құйрықты жұлдыздай ағып, өте шықты. Ол мына өзімшіл қоғамға симай, көрер қызығына тоймай, өмірге құштар қалпынан таймай, жат жерде ел-жұртымен алыстан бақұлдасып, жарық дүниені қимай кете барған. Лә иләхә илаллаху Мухаммадүр расулуллаһ, әшһаду әллә иләхә илаллаху, уә әшһәду әннә Мұхаммәдән ъабдуһуу уә расуулуһ – іжмали иманға мойынсұнып, тілін кәлимаға келтіріп барып аттанған болар. Қайран ғұмыр, үзілді…
Абай баласы Әбдірахман өлгенде:
Тұла бойың ұят-ар едің,
Ескеріп істеп, ойлаған.
Тәуекелге нар едің,
Талаппен терең бойлаған.
Ерлікке де бар едің,
Үйренуге тоймаған.
Жасқа жас, ойға кәрі едің,
Атаңның атын жоймаған.
Замана, неткен тар едің,
Сол қалқамда қоймаған?! – деп жазған ғой. Рымғалиды да осы Абай сөзімен жоқтап, іздесек болады. Ол ағайынға бауырмал, досқа адал, айнымас пейілді жан еді. Рымғали орынсызды айтпайтын, түзу жолдан қайтпайтын, жақсылық қылар орында аянып бойын тартпайтын қалпында арамыздан кетті. Ол өз ортасында барша мұқым достарының ноқта ағасы болып келе жатыр еді. Рымғали әуелгі Тобықты ауылынан шығып барша Алаш жұртының Арысы болған жасқа еніп еді. Жүрегі – жылы, бойы – құрыш дос қазасы ортайтады әрине. Біздің осы сезімімізді курстасымыз Есенбай ақын:
Қара хабар…
Аяқ асты…
Тосын-ай…
Қалды-ау құлап көңіл деген қосым-ай.
Алты алашты қазасымен жылатқан,
Арысым-ай!
Аяулым-ай!
Досым-ай!
Қара көзден аққан жастың жосыны-ай,
Қайран жүрек қайдан тұрсын шошымай.
Басы сайран, түбі ойран дүниеден
Ойда жоқта өткенің бе осылай?!
Өзіңсің бұл өмір-дүние босын-ай.
Тірлігіңе тілек, ниет қосып-ай,
Жетпісіңді тойлаймыз деп жүрсек біз,
Алдыңда ажал тұр екен ау тосып-ай!
Ірісі едің, бірісі едің алыптың,
Алаш десе, айтады енді жанып кім?!
Иесі едің ұлт намысын ұстанған,
Киесі едің қазақ деген халықтың.
Асыл сөзден моншақ тізген, лағылдан,
Арысым-ай, Арға ғана бағынған!
Академик Рымғали ең біз үшін
Жиырмадағы студенттік шағыңнан.
Жап-жасыл сол кезіңнен-ақ жалын жас,
Ер едің сен жалғандыққа қаның қас.
«Еуразияға» ұстаз аға табылар,
Есенбайға өзіңдей дос табылмас!
Ессіз ажал берген кімге есені,
Құлап тауым, қайтты көңіл меселі…
Достарыңмен қоштасуың екен-ау, кешегі –
«Жетпістің жетеуі» атты кітабың, -
деп білдірді азалы күндерде өзінің қоштасу пейіл сөзін. Тағдырға тәбділ (өзгеріс жоқ).
Бүгінде көп жұрт алашшыл. Өз басым соған сене бермейді. Ал Рымғалиға сенетін едім. Өйткені ол Алашын сүйетін. Өзі де шын мәніндегі ұлтжанды жігіт еді. Ахаңды, Әлекеңді (Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхановты) ақтарыла, адал жанымен беріле зерттей жазған ғалым-ізденуші де әділіне көшіп айтқанда – Рымғали. Қазақ мәдениетінің бәйтерегі Ахмет Байтұрсынов жайлы, ұлт ұстазының ақын, көркемсөз шебері, ғалым, қоғам қайраткері ретіндегі барша еңбегін Рымғали Нұрғалиев білгірлікпен саралады. Таланты талант таниды. Ахаңды алғаш таныған Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов, Мұхтар Әуезов болса, жаңа дәуірде Алаш жұртына Ахаңды қайта таныстырғандар легінің және бір санатында Рәбиға Сыздықова, Әбіш Кекілбаев, Рымғали Нұрғалиев есімдері алдымен аталады. Бұлай деуге себеп: Рымғали Нұрғалиев Ахмет Байтұрсыновтың «Жалын» баспасынан шыққан «Ақ жол» кітабына кең көлемде алғысөз жазды. Содан соңғы оның Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Бюросының «Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың және Жүсіпбек Аймауытовтың творчестволық мұрасы туралы» қаулысынан кейінгі «Алыптар қайта оралғанда» дейтін зерттеу мақаласы алабөтен дүние. Бұл зерттеуді сыншы-ғалымның Алаш мұраты, оның қайраткер қаламгерлер хақындағы алғашқы ізденіс, байыпты талдау, байсалды бағалау, оңды көзқарастарының бірі деу орынды. Осындай есті сөз айтуға келгенде Рымғали досымыз жанып түсетін еді. Ғалымның елшілдік мінезі алға шығатын. Рәбиға Сыздықова мерзімді баспасөз бетінде Ахаңның тіл жайындағы еңбектерімен таныстырды. Әбіш Кекілбаев Ахмет Байтұрсыновтай алып тұлғамыздың халқына қайта оралған тұсында ұлт ұстазының елінде көсіле төгілтіп баяндама жасады.
Рымғали Нұрғалиевтің әлихантану іліміне қосқан үлесі аса зор. Ғалымның Ә.Бөкейханов шығармашылық мұрасы төңірегіндегі еңбегі құндылығы жағынан баға жетпес жұмыс. Бұған сыншының Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев жайлы еңбектерін қосыңыз. Қосу аз, Рымғали Нұрғалиев – осы салаға қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін әкелген қаламгер-сыншы.
Алаштану ғылымы – Рымғали Нұрғалиев жұмыстарының ең бір өзекті саласы. Ғалым бұл тақырыпты біліп жазды, білгесін жазды, киелі «Алаш» сөзінің көкпар болып кетпесі үшін ширықтыра жазды. Өйткені алаштану ғылымы ұлт жұмысы еді. Сондықтан да ғалым бұл тақырыпта түйінді сөз түйгенде: «Әлихан бастаған алаш азаматтары қандастарымен қуансақ бір төбеде, өлсек бір шұқырдамыз деген уәделерін орындаған» деп сөз қорыта алды.
Академик-жазушы – Рымғали Нұрғалиев көзі тірі болғанында бүгіндері 70-ке толатын еді. Лұқпан хакім Абай: «Құдай тағаланың жолы деген жол Алла тағаланың өзіндей ниһаятсыз (шексіз) болады» дейді. Және де ол осы өлшеусіз, шексіз жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, сол – таза мұсылман – толық адам болатынын түсіндіреді. Яғни, толық адам деп Алланың хикметін сезген адамды айтады екен. Сенелік. Рымғали сондай жан, жалғанның жалпақ жолында Жаратқанның хикметін сезіп өткен толық адамның бірі де Рымғали! Иланыңыз. Абай меңзеген мұндай «толық адамдар» қатары мына жарық дүниеде бар, қазақ қауымында олар қай ғасырларда да болған, бірақ өмірде тұлпардың аздығы секілді сирек. Бұл – ақиқат!
Бисмиллә, ирахман ираһим!
Бозторғай шырылдап, тағы бір таң атты.
Таңның атқаны жақсы.
Кел, жарық күн!
Бүгін…
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор
АЛАШШЫЛ АЗАМАТ
Біз ол кезде қазіргі Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің бітіретін 5-ші курсында оқитынбыз. Соңғы курстарда көбіне мамандану пәндері жүретін. Бір күні дәрісханамызға толқынды қалың қара шашын артқа қарай қайыра тараған ашаңдау келген өрімдей бір жас жігіт кіріп келді де алға қарай оза берді. Алғашында біз оны жай жүрген біреу шығар деп ойладық. Олай болмай шықты. Ол оқытушы отыратын столдың жанына барып тұрды да не істерін, не дерін білмегендей, сәл аңтарылып тұрып қалды. Бір кезде «Менің аты-жөні – Рымғали Нұрғалиев. Қазақ әдебиеті кафедрасының аспирантурасын бітіріп жатырмын. Бүгіннен бастап сіздерге қазақ драматургиясы бойынша арнаулы пән өтемін»-деді. Ылғи да профессор, доцент ағай, апайларымыздан дәріс тыңдап келе жатқан біздер мына бір жас жігіттің айтып тұрғанына сенерімізді де, сенбесімізді де білмей, абдырып қалдық. Ішімізде бұл жігіттен де ересектеріміз бар біздерді «өзі жап-жас болып бізге дәрісті қалай өтеді» деген сияқты бір күмәнді ойлар да кимелеп кетті. Көп ұзамай-ақ бұл күдігіміз сейіле бастады. Алдында именіңкіреп, жаймен бастаған сөзін Рымғали орнымен сабақтап, бірте-бірте даусы ашылып, бауыры жазыла түсті. Сыпайы көрінген мөлдірдей жас жігіттің әдемі қоңыр дауыспен төгіліп шыққан ойлы сөздері бірте-бірте бүкіл аудиторияны баурап, әдебиет деген сырлы әлемінің драматургия атты бір ауылына қарай алып бара жатты… Бұл Р.Нұрғалиевтің қазақ университетінің аспирантурасын бітіріп, оснда ұстаздық жолын алғаш бастаған 1968-жылдың қоңыр күзі болатын. Міне, сол бір есте қалған сәтті күннен бері де қырық жылдан астам уақыт өтіпті. Осы қырық жыл ішінде ол аспиранттықтан академиктікке дейін өсіп, қазақ әдебиеттану ғылымының аса көрнекті өкілдерінің қатарына қосылды. Бұл айтқанымызға оның қаламынан шыққан ондаған зерттеулер, жүздеген мақалалар, атқарған қызметтері көзіңізді жеткізеді.
* * *
Белгілі ғалым, сыншы, публицист, жазушы Рымғали Нұрғалидың есімі әдебиет сүйер қауымға кеңінен танымал. Оның қаламынан шыққан әдебиет пен өнердің түрлі мәселелеріне арналып жазылған бес жүзден астам мақала, қырық шақты кітап оны қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілдерінің қатарына қосты. Ол бұл биікке ғылымның не бір қиын да ауыр жолдарынан өтіп барып, көтеріліпті.
Р.Нұрғали қазақ халқына Абай мен Шәкәрімді, Мұхтарды берген Семей өңірінде өмірге келген. Рымғали туып-өскен Абыралы ауданы кейіннен КСРО-ның ядролық қаруларды сынау орталығына, радиациялық аймаққа айналып, халқы ай-күн аманда үй-жайын, туған жерін тастап, басқа жаққа босып, тарап кетті. Қазір Абыралы ауданы қалпына келгенімен де жергілікті халқы ядролық жарылыстардан тараған рациялық аурулардың зардабын күні бүгінге дейін тартып келеді. Міне, осы өңірде балалықтың бал дәуренін өткізіп, орта мектепті алтын медальмен бітірген жас жігіт арман қуып, бақытын іздеп, әсем Алматыға тартады.
Мектеп қабырғасында жүрген кездің өзінде-ақ мақала, өлең жаза бастаған Рымғали алғашында Ауылшаруашылығы институтында оқығанымен де бір жылдан соң жүрек қалауымен Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсті.
Ол кезде қолынан жазу келетін талапкердің дені журналистика факультетінде оқитын. Рымғали да екінші курста осы факультетке ауысып, бұрқыратып жаза бастайды. Мысалы, ол 1961-жылы университеттің үшінші курсында оқып жүргенде 21 мақала жариялапты. Сол сияқты 1962-жылы 21, 1963-жылы 15 мақаласы республикалық баслымдар бетінде жарық көреді. Студент кездің өзінде-ақ (1962) ол «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істей бастайды. Осы кезде оның публицистік қарымы барынша жарқырай көрінді. Бір ғана 1964-жылдың өзінде ол 43 мақала жариялап, журналист ретінде кеңінен танылды. «Лениншіл жастағы» жалынды жылдар болашақ ғалымның жазу-сызу өнерінің қыр-сырларын меңгере түсінуде үлкен мектеп болды.
Р.Нұрғали ғылыми жұмыстармен университет қабырғасында жүргенде-ақ айналыса бастайды. Зерек шәкірттің шығармашылық жұмыстарға ыңғайын байқаған профессор Б.Кенжебаев оны өзіне тартып, ғылыми жұмыстарға баулиды. Екніші курстан бастап студенттердің ғылыми үйірмесіне қатысып, түрлі жиындарда баяндамалар жасап, өзінің тыңғылықты ізденістерімен көзге түскен ол 1960 жылы Алматыда өткен Орта Азия мен Қазақстан студенттерінің ғылыми конференциясында «Иран тақырыбы қазақ әдебиетінде. Сабыр Шарипов», 1962 жылы Қазан қаласында өткен студенттердің бүкілодақтық конференциясында «Қазақ-татар әдеби байланыстары тарихынан, Ғ.Ибрагимовтың «Қазақ қызы» роман» тақырыптарында баяндамалар жасап, ғылым әлеміндегі алғашқы қадамдарын сәтті бастады. Университет қабырғасында жүріп, ұстазы профессор Б.Кенжебаевпен бірігіп «Cабыр Шарипов. Өмірі мен творчествосы» (А., 1961) атты тұңғыш еңбегін жазды.
Оқуды үздік бітірген ол Қазақ мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының аспиранттығына қалдырылып (1963-1966), біржола ғылыми жолға түсті. Бір жағы «Лениншіл жас» газетінде де қызмет атқара жүріп ол Мұхтар Әуезовтің драматургиясы жайлы ғылыми ізденістерін сәтті жалғастырды. Сол кездегі қазақ басылымдары бетінде осы тақырып бойынша ондаған мақалалар жариялап, енді өзін ғалым ретінде республика жұртшылығына таныстырды.
Аспиратнураны ойдағыдай бітірген ол 1967-жылы «Мұхтар Әуезовтің трагедиялары» тақырыбында филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған диссертациясын ойдағыдай қорғады. 27 жасында ғылым кандидаты болған Р.Нұрғали ғылыми ізденістерін тереңдете түсіп, алты жылда докторлық диссертациясын аяқтап, қорғауға ұсынады. «Қазақ драматургиясының поэтикасы» тақырыбында қорғалған (1973) докторлық жұмысын «диссертацияда ұтлшылдық, алашорда жазушыларын мадақтау, саяси қателер бар» деген сияқтылармен кінәлап, Мәскеудегі Жоғары аттестациялық комиссия бес жыл бойы қарап, соңында бекітпей тастады.
Алашорда әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі болған М.Әуезовтің шығармашылығына қатысты шындықты айтамын деп, орынсыз айыптауларға ұшырап, еңбегінің өзіне лайықты ресми бағасын ала алмай қалуы жас ғалымға психологиялық тұрғыдан ауыр тигенімен де оның сағын сындыра алмады. Керісінше, оның жігері жанып, өзін танытуға қайраттандыра түскендей болды. Енді он жыл өткен соң он шақты кітап шығарып барып, докторлық диссертация қорғауға қайта соқты. Сөйтіп, 1983-жылы Р.Нұрғали «Қазақ совет драматургиясының жанрлық проблемалары» деген тақырыпта докторлық диссертацияын сәтті қорғап шықты.
Алғашқы кітабын студент кезінде-ақ шығарған Р.Нұрғали қаламынан «Сабыр Шарипов» (1961), «Трагедия табиғаты» (1973), «Өнер алды – қызыл тіл» (1974), «Дән» (1977), «Поэтика драмы» (1979), «Өнердің эстетикалық нысаны» (1979), «Зерно» (1981), «Айдын» (1985), «Телағыс» (1986), «Қазақ ревалюциялық поэзиясы» (1987), «Ай қанатты арғымақ» (1989), «Древо обновления» (1989), «Арқау» (Екі томдық шығармалары, 1991), «Әуезов және алаш» (1997), «Вершины возвращенной казахской литературы» (1998), «Айғақ» (2000), «Сырлы сөз» (200), «Драма өнері» (2001), «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» (2002), «Сөз өнерінің эстетикасы» (2003), «Алашордынцы» (2005), «Эпическая драматургия» (2005) сияқты кітаптар туындап, ғылыми жұртшылыққа жол тартты; қазақ әдебиеттану ғылымын биіктете түсті.
Р.Нұрғалидың негізгі зерттеулері қазақ драматургиясының тарихи, теориялық проблемаларын саралауға арналған. Ол кандидаттық, докторлық диссертацияларын қазақ драматургиясынан қорғады. «Трагедия табиғатында» М.Әуезовтің трагедияларын, «талант тағдырында» қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шаниннің өмірі мен шығармашылығын, «Күретамырда» қазақ драмасының поэтикасын, «Өнердің эстетикалық нысанында» қазақ драмасының әсемдік әлемі, «Айдында» қазақ драматургиясының жанрлық жүйесін жан-жақты зерттеді. Ал, қазақ поэзиясы мен прозасының жай-күйіне арналған «Өнер алды – қызыл тіл», «Телағыс», «Әуезов және алаш» қазақ әдебиеттану ғылымын тың пікірлермен байытты.
Ғалым 1988-жылы «Айдын», «Телағыс», «Қазан ревалюциялық поэзиясы» атты іргелі монографиялық зерттеу еңбектері үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алды. Жалпы Р.Нұрғали зерттеулерінің сыр-сипатына, мән-маңызына көз жеткізу үшін осы кітаптарға назар аударыңқыраған жөн. Үш монографиясының да зерттеу обьектісі жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің даму проблемалары. Жаңа тұрпатты қазақ әдебиеті төңкерістен кейін дүркірей дамып, барлық жанрларда жетігіп, жайқала көркеюі ұзақ та күрделі процестерді басынан кешірді. Зерттеуші осы даму диалектикасының ішкі қырсырларына үңіле түскен. Бұл ретте әдебиеттегі сабақтастыққа, дәстүр мен жаңашылдыққа ерекше назар аударған. Шындығында да даму дегеніміздің өзі дәстүрдің жаңаша жаңғыруы емес пе? Дәстүрсіз әдебиеттің болмайтындығы секілді жаңа заман талабына жаңаша жауап бере алмаған әдебиеттің де өмір сүруі екіталай.
Кітаптарды оқып отырғанда байқалатын тағы бір нәрсе – зерттеу диапазонының кеңдігі. Әңгіме өзегі негізінен қазақ әдебиеті болғанымен де нақтылы бір проблеманы қарастыру барысында автор осыған қатысты туыстас, әлемдік әдебиеттердегі шығармашылық іс-тәжірибелерге, тұжырымдарға арқа тіреп отырады. Қазақ әдебиетінің толымды табыстарымен кемшіліктерін сралағанда салыстыру әдісін жемісті қолданған.
«Айдында» қазақ драматургиясының, «Телағыс» прозаның, «Қазақ ревалюциялық поэзиясында» поэзияның проблемалары арнайы зерттелінеді. Байқалып тұрғандай, әр кітаптың проблемалары нақтылы.
«Айдын» - жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ драматургиясының жай-күйін, дәлірек айтсақ, жанрлық жүйесін жан-жақты саралауға арналған зерттеу. Автор қазақ драматургиясының толқынды айдынында еркін жүзіп, оның асау ағыстары мен тұңғиық тереңдерін, тылсым иірімдерін анықтауды мақсат тұтқан. Бұл ретте қазақ драматургиясын ұзақ уақыттар бойы сарсыла зерттеген Р.Нұрғали мақсат биігінен көріне білген. «Айдын» монографиясы сыншы ғалымның осы салада жүргізген игі ізденістерінің жемісі, ғылыми топшылауларының қорытындысы іспеттес.
Монографияда қазақ пьесалары жанрлық тұрғыдан жіктелініп, белгілі бір ретпен қарастырылады. Зерттеу еңбегінің ғылыми жағынан құндылығы сол, мұнда қазақ драматургиясы тұтас күйінде жанрлық жағынан жүйеленіп, дәйектеледі. Қазақ қаламгерлерінің алпыстан астам пьесалары ғылыми тұрғыдан талданылып, ғылыми айналымға түседі; олардың идеялық-көркемдік қасиеттері, жанрлық-стильдік сипаттары ашыла түседі. Автор драмалық шығармаларды бұрыннан белгілі трагедия, комедия, драмаға бөліп, әр жанрдағы шығармаларды ішкі сипаттарына қарай тағы да бірнеше түрлерге жіктейді. Мәселен, трагедия эпикалық, адамгершілік-тұрмыстық, тарихи деп үшке, комедия сатиралық, лирикалық болып екіге, драма қаһармандық, саяси-әлеуметтік, ғұмырнамалық делініп үшке бөлінген. Осылайша жүйелеудің өзі драмалық шығармаларды жан-жақты терең зерттеудің, жанрдың ішкі жақтарына көп үңілудің барысында туғандығы көрінеді. Осы жерде монографияның жаңалығы, сонылық сипаты айқын байқалады. Кітапта ұлттық мәдениетіміздің дамуына өзіндік орны бар, солай бола тұра түрлі себептермен әлі күнге дейін зерттеу нысаны бола қоймаған бірсыпыра туындылар хақында тың деректер бар. Мәселен, бұрындары зерттеушілер назарына ілікпей келген І.Жансүгіровтің «Райхан» атты драмасы алғаш рет ғылыми таңдалып, өз кезіндегі жақсы шығармалардың қатарында бағаланады. Сондай-ақ, Ғ.Мүсіреповтің ауыз әдебиетіне негізделіп жазылған атақты «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясына дейін осы тақырыпқа ұлттық өнеріміздің тарихында үлкен орны бар тұңғыш қазақ режиссері Жұмат Шаниннің де пьеса жазғандығы туралы мәліметтер кімді де болса елең еткізері анық.
«Телағыс», «Әдеби дәстүр», «Әдеби тұлға», «Әдеби қозғалыс» атты тараулардан тұрады. Тақырыптарынан көрініп тұрғандай-ақ, көтерер жүгі, қозғар проблемасы анық. Алғашқы тарауда көркем әдебиет пен оның ғылымының даму сатылары, түрлі әдеби мектептер, әдістер Платон, Аристотель, Әл-Фарабилерден бастап, күні бүгінге дейін шолынды. Қазақ әдебиеттану ғылымының үлкен жетістігі ретінде көп томды қазақ әдебиетінің тарихы, М.Әуезовтің шығармалар жинағы хақында өз ойларын ортаға салды. Қазақ әдебиеті сыны мен ғылымының көрнекті қайраткерлерінің еңбектері де зор ілтипатпен сөз болған.
Әдебиеттердің бір-біріне әсер ете, ауыс-түйіс жасап, байланыса отырып дамуы – дәлелді қажет етпейтін ақиқат. Қазақ әдебиеті де көрші елдердің, әлемдік мәдениеттердің үздік үрдістерінен үйрене отырып, кемелдік кезеңге жетсе, кейіннен М.Әуезов сынды саңлақ суреткеріміздің шығармашылық үлгісі туысқан халықтар қаламгерлеріне ықпал жасағандығы да көп айтылып жүр. Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас болып қоңсы қонған көршілес башқұрт, татар халықтармен әдеби байланыстарда да әңгіме боларлық тұстар баршылық. Кітапта татар әдебиетінің классигі Ғ.Ибрагимов пен осы үш халықтың төл ұлы С.Шариповтың шығармаларын сөз ете отырып, әдеби дамудағы мәдени әсерлердің жемісті жол екендігін дәлелдей түседі. Әдеби ықпалда озық орыс, Еуропа әдебиеттерінен аудармалар жасаудың қаншалықты роль атқарғандығын Шекспир, Тургенов шығармаларының қазақшалану тәжірибелерін талдай отырып сөз етеді.
Көркем шығармадағы форма мен мазмұнның бірлігі, сюжет пен композиция, фабула, жанр, стиль сырлары, әдеби әдістер мен ағымдар жеке тарауда қарастырылады. Э.Сетон-Томпсон мен Джек Лондонның хайуанаттар өмірі жайлы жазған шығармалары мен М.Әуезотің «Көксерегі» арасындағы үндестіктерді де жіті аңғарған. Роман жанры жайлы айтылып жүрген әрқилы пікірлерге тоқтала отырып, қазақ романистикасының даму тенденцияларын айқындауға ұмтылады. М.Әуезовтің «Өскен өркен», Қ.Исабаевтың «Айғыз», Ж.Жұмахановтың «Соқпақ соңы», Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді», Ғ.Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» сияқты туындылары жан-жақты талданылған.
«Әдеби тұлға» атты тарауда сегіз эссе топтастырылып беріліпті. Жалпы эссе жанры қазақ әдеби сынында сирек жазылып жүргенін ескерсек, автордың осы салада қалам тербеуі қуантады. Эссе – көркемдік тәсілдерді қолдана отырып, еркін формада жазылатын болғандықтан да оқырманы көп жанр. Р.Нұрғалидың да эсселері қызыға оқылады. М.Әуезов, С.Қирабаев, Қ.Ыдырсов, С.Бегалин, Ғ.Мүсірепов, Ш.Әбенов сынды әдебиет қайраткерлерінің шығармаларын оқығанда, түрлі кездесулерде көкейге түйген жүрекжарды пікірлерін әдемі тілмен жайып салады. Олардың өнерпаздық, адамгершілік, азаматтық үлгілері кімді де болса бейтарап қалдыра алмайды.
Әдебиет ылғи да қозғалыс, даму үстінде болады. Қазақ әдебиеті де өсу, ізденіс үстінде. Туған әдебиетіміз шыққан биік белестер мен бірге алынар асулар да алда. Монография авторы қазақ әдебиетінің соңғы кездегі талпыныстарын прозаның роман жанрындағы, сын саласындағы, драматургиядағы тың туындыларды әңгімелеп отырып айқындайды. Ғ.Мүсіреповтің, І.Есенберлиннің, Ш.Мұртазаның, Ә.Әлімжановтың, М.Мағауиннің, С.Сматаевтың, Ә.Кекілбаевтың, Қ.Жұмаділовтің романдарын таңдаулы туындылар ретінде жоғары бағалайды.
«Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей, қазақ әдеби сынының көсегесін көгертпей, кежегесін кейін тартып жүрген кеселдер деп, «күні бұрын тон пішу», «методологиялық кенжелік», «өнердің эстетикалық мәнін ұмыту», «Бір шығарма жайлы қарама-қарсы пікірлер» сияқты сырқауларды атап көрсетеді.
«Октябрь және әдебиет» тақырыбы бізде көп зерттелініп, біраз жазылды да. «Қазақ ревалюциялық поэзиясы» кітабында Р.Нұрғали осы мәселеге қорықпай, тағы да барған. Ол бұрыннан айтылып келе жатқан мәселелерді қайталамауға тырысып, «Ревалюция және әдебиет» аталатын алғашқы тарауда қазақ кеңес әдебиетінің төңкерістен кейінгі жай-күйі кеңінен әңгімеленумен бірге М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин сияқты ірі өкілдерінің шығармашылық қыр-сырлары ашылыңқырай түскен. Ал, қазақ кеңес поэзиясының негізін қалаған С.Сейфуллин мен І.Жансүгіровтің шығармашылықтарына жеке-жеке тараулар арналған. «Ревалюция дауылпазы» Сәкен мен қазақ қара өлеңінің «Құлагері» Ілиястың тек өлеңдері ғана емес, прозалық, драмалық туындылары да назардан тыс қалмайды. Осы жерде «әттең, Б.Маилин туралы зерттеу очеркінің жетпей тұрғандығы-ай» деген ой да қылаң беріп қалады.
Зерттеуші қазақ кеңес әдебиетінің мәселелерін неғұрлым толық сараптау үшін түрлі зерттеу әдістерін қажетті жерінде шебер қолдана біледі. Зерттеушілерінің өн бойында тарихи типологиялық методты негізгі әдіс ретінде пайдаланған ол ұлттық әдебиетті тарихи даму үстінде қарастырады. Мысалы, трагедиялық шығармаларды тексергенде «Еңлік-Кебектен» бастап, С.Мұқановтың «Қашқар қызына» дейін, комедиялық туындыларды Б.Майлиннің 8 актілі пьесасын талдаудан Қ.Мұхамеджановтың «Қуырдақ дайынына» шейін, ал драманы С.Сейфуллинің «Қызыл сұңқарларынан» Ш.Хұсайыновтың «Біздің Ғаниға» дейін алып, біртұтас процесс күйінде қарастырады. Біршама зерттелінеді деп жүрген М.Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясының алғашқы нұсқасы мен өңдеп жазылған кейінгісі мәтіндік тұрғыдан салыстырылып, автордың көркем образдар жасау жолындағы ұзақ ізденістері, идеясы жоғары, көркемдігі кемел классикалық шығарманың қалайша өмірге келгендігі жөнінен хабардар етеді. Бұл үш кітапта төл әдебиетіміздің тарихына қатысты айғақты деректер орынды пайдаланылып отырған. Қазақ әдебиетіндегі үздік үлгілерді сөз еткенде, оның сыр-сипатын неғұрлым толық ашып көрсету ниетінде оның шығармашылық туу тарихына да көңіл бөлінген.
Түйіп айтқанда, Р.Нұрғалидың біз арнайы сөз еткен «Айдын», «Телағыс», «Қазақ революциялық поэзиясы» монографиялары өзіне дейін жүргізілген зерттеулерге сүйене, оны тың фактілермен, пікірлермен толықтыра, жалғастыра отырып, қазақ әдебиетінің драма, проза, поэзия түрлеріндегі жанрлардың туып, қалыптасып, даму жолдарын зерттеушілік зердеден өткеріп, ғылыми көрінісін жасаған, оның жетістіктері мен олқы соққан тұстарын әдеибеттану тұрғысынан сараптап, соны байқаулар, теориялық тұжырымдар түйген соқталы еңбектер.
Р.Нұрғалидың бұл үшін монографиясы ғалымның 1991-жылы «Жазушы» баспасынан шыққан екі томдық «Арқау» (1991) атты шығармалар жинағының негізін құрады. Автор бұрынғы зерттеулерін қайта бір қарап, толықтыра түскендігі көрінеді. Мысалы, негізін «Айдын» монографиясы құраған «Арқаудың» бірінші томының «Драма» бөлімі «Қазіргі драма», «Сахнадағы драма» деген жалпы көлемі елу беттік екі тараумен толықтырылған.
«Әуезов және алаш» - Р.Нұрғалидың сексенінші жылдардың соңы мен тоқсаныншы жылдардың басындағы ғылыми ізденістерінің жемісі. А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбергенов сынды біртуар жазушыларымыздың кезінде қудаланып, жазықсыз жазалауларға ұшырап, шығармалары қалың көпшілкке беймәлім болып келгендігі белгілі. Уақытпен бірге тоталитарлық заман да өзгерді. Жаңа заманмен бірге алыптарымыз да туған халқына қайта оралды. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің алып бәйтеректерін халқына қайта табыстыруда Р.Нұрғали айтарлықтай еңбек сіңірді. Алыптарды ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның мүшесі болған ол қауіпсіздік комитетінің архивтеріне шаң басып түкпірде жылтырап жатқан ұлы шығармаларды жарыққа шығаруда, оларды оқырмандар мен таныстыруда қыруар жұмыстар жасады; алыптар туралы алғаш мақалалар жазып, халқымен қауыштырды. «Әуезов және алаш» осылайша өмірге келген еді.
«Әуезов және алаш» негізі екі үлкен бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Алаш ұранды мәдениетте» жиырмасыншы ғасырдағы қазақтың ұлы қаламгерлері Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, қоғам қайраткері, әрі әдебиетші Әлихан, қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат шығармашылықтары кеңінен әңгімеленеді. Әрқайсысына жеке тараулар арналған. Автордың әр тарауға тақырып қоюы да назар аударарлық: тарау аттарын олардың өз сөздерімен берген. Мысалы, А.Байтұрсынов «Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған», Ә.Бөкейханов «Қазақты ақ жолға саламыз десек», М.Дулатов «Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш», Мағжан «Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да», Ж.Аймауытов «Ой, кер заман, кер заман» дейді, яғни тақырып атына берілген өз сөздерінен олардың кім екендігі, шығармашылық сипаты біршама айқындалып та тұр. Қазақтың біртуар асыл азаматтарына арналған шығармашылық портреттерде олардың қилы тағдыры, шығармашылық жолдары жайлы мол мағлұматтар берілген. Тағдыры ортақ тағдырлас тұлғалар жайлы тараулар қызғылықты оқылады.
Кітаптың екінші бөлімі түгелдей М.Әуезовтің шығармашылығына арналған. Көлемі 250 беттей «Әуезов әлемін» жеке монография десе де болғандай. Мұнда автор барынша көсіліп, өзінің белді әуезовтанушылардың бірі екендігін дәлелдеген. Әсіресе Мұхтардың драматургиясын талдағанда терең білімдарлық, шын шеберлігін танытады. Ғылыми стиль мен көркем публицистикалық серпін ұштаса келіп, өзінше өрнек тапқан. «Мұхтар Әуезов өлген жоқ; ұлы қаламгердің есімі кеме болып теңіздерде жүзіп, көше болып соғылып, қала болып құлпырып тұр. Мұхтар Әуезов әрқайсымыздың жүрегімізде. Мұхтар Әуезов – сарқылмайтын, бітпейтін, жасарып, жаңғыратын, өмірдің өзіндей, жапырағы мәңгі жап-жасыл, жалғаса беретін құбылыс» (Әуезов және алаш». А., 1997, 420-бет) – деген сияқты жолдардың кімнің болса да жүрегін баурап алары анық.
Жалпы Р.Нұрғалидың тілі-жатық, өрнекті. Автордың кейде талдап отырған көркем шығарманың кілтін тауып, ішіне кіріп, шешен тілмен шабыттана желпініп-желпініп кететін кездері де бар. Мысалы, «Ашуды намыспен жанып, оған кектің уын құйып, таптап шауып, салып ат. Тағдырын тілер бар тілегі солдағы. Кеңгірбайдың қабырғасына Кебектің өлімі, я бір сынбаса дейді өз сағы» («Айдын», 17-бет) – деген жолдарды оқығанда, ұлы Мұхтар жеткізбек болған «Еңлік-Кебекті» бар рухты сезгендей боласыз. Бұл жерде зерттеуші көркем әдебиеттің өз әдісін, көркемдік құралдарын шығарманың сыр-сымбатын барынша аша түсу мақсатымен сәтті қолдана білген.
Қазақтың тұңғыш режиссері, әрі актер, әрі музыкант, әрі өнер ұстазы, әрі театр сыншысы, әрі драматург Жұмат Шанинге «Әуезов және алашта» едәуір орын берілген. Ұлттық мәдениетіміздің тарихында өзіндік ерекеше орны бар сегіз қырлы бір сырлы дарын иесі Ж.Шаниннің өнерпаздық жолының бірден бір зерттеушісі болған Р.Нұрғалидың ол туралы көп мағлұматтар жинағандығы байқалады. Сол материалдарының біразын Жұматқа арнаған портреттік очеркінде ғылыми айналымға түсірсе, денін «Ай қанатты арғымақ» атты роман жазуға пайдаланды. Бұл жерде Р.Нұрғалидың негізгі зерттеушілік жолының көркем шығармашылық жолға ұласып жатқандығы көрінеді. Ол өмірінің соңғы жылдарында өнімді еңбек етіп, кітап үстіне кітап шығарды. Рымғали ұлттық әдебиетіміздің тарихы, қазіргі жай-күйі жайлы зерттеулерін жалғастырумен бірге бұрындары жазылған еңбектерін де дәуір биігінен сын елегінен қайта өткізді. 2000 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Сырлы сөз» атты бір томдық жинағына автордың кезінде газет-журнал беттерінде басылғанмен де жеке кітапқа енбеген дүниелер топтастылырып берілген. Тараулардың орнына жеті желіге бөлінген. Желілер «Туынды», «Тұлға», «Шартарап», «Сұхбат» аталынса, алтыншысында «Абай» энциклопедиясына жазылған мақалалар, жетіншісінде «Екі сөздік» берілген. Бірінші желіде жеке шығармалар туралы жазылған рецензия, мақала, ой-толғаулар бар. Мұнда «Абай жолы» роман-эпопеясы, «Қилы заман» романы, «Хан Кене» трагедиясы сияқты туындылармен бірге, «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» романдары мен «Кездеспей кеткен бір бейне» жан-жақты талданылады. Ал А.Құнанбаев, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Бегалин, Т.Исмаилов сынды қаламгерлердің шығармашылық өмірлері «Тұлғада» талданылады.
«Төрттаған» аталған үшінші желіде қазақ поэзиясы мен прозасының, драматургиясы мен сынының көкейкесті проблемалары кеңінен әңгімеленеді. «Шартарапта» С.Шариповтің, Ғ.Ибрагимовтің шығармашылықтары жайлы және де «Мажарстандағы Абай күндері» мен «Америкада талқыланған Азия әдебиеттерінің тағдыры» жолсапар очерктері орын алған. «Сұхбатта» ғалымның әр кезде басылымдарда айтқан әдебиет, мәдениет жайлы толғақты ойлары бар. Сондай-ақ, кітаптағы Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Б.Кенжебаев, Х.Оралтай хақындағы және де Абайдың бірнеше өлеңдері жайлы жазылған энциклопедиялық мақалалар да жеке желіні құраған. «Екі сөздікте» Абай поэзиясында кездесетін басқа тілдерден енген сөздер түзіліп, олар мысалмен бірге түсіндіріліп отырған.
Драматургия – Р.Нұрғалидың еншілес тақырыбы. «Драма өнерінде» (2001) қазақ драматургиясының жай-күйі, жанрлық жүйесі кеңінен сараланады. Онда қазақ топырағында дүниеге келген пьесалар түгенделіп, түсі түстеліп қана қоймайды, әрбір туынды өзі өмірге келген уақытпен, тарихи жағдаймен бірлікте қарастырылып, мәдени-әлеуметтік контексте зерттелінеді. Автордың талданылып отырған пьесаның өмірде болған барлық нұсқаларын бір-бірімен салыстыра отырып зерттеуі де шығарманың көркемдік сапасының арта түсуін, жазушының шығармашылық лабораториясының құпияларын бағдарлап, бақылап отыруға мүмкіндіктер туғызған. Монографияда, ең бастысы, қазақтың драмалық шығармалары ғылыми түрде жүйеленіп, хронологиялық тәртіпте жанрларға жіктеледі. Пьесалардың жанрларын анықтағанда қазақ әдебиетінің өзіндік ұлттық ерекшеліктері, тарихи даму жолы диалектикалық тұрғыда ескеріліп отырған.
Қысқасы, «Драма өнері» монографиясы тек драматану саласында ғана емес, бүкіл қазақ әдебиеттану ғылымы саласында өзіндік орны бар салмақты дүние дейміз. Өйткені, мұнда жалпы бүгінгі қазақ әдеби ой-пікіріндегі жаңа ізденістерді байқататын табыстары мол.
«Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» (2002) – бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымының елеулі жетістігі санатына қосыларлық еңбек. Монографияда ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті оның ұлы өкілдерінің өмір жолы мен шығармашылықтары арқылы зерттелінеді. Қоғамдық-әлеуметтік өмірде болып жатқан өзгерістер мен көркемдік процесс біртұтас диалектикалық бірлікте қарастырылған. Қоғамда жүріп жатқан әлеуметтік-мәдени жағдайлардың қаламгердің шығармашылық тағдырына әсері сияқты соқталы проблемалар сыни пікірлермен түйінделеді.
Р.Нұрғали бұрын да бұл тақырыпқа қалам тартып, «Әуезов және Алаш» атты кітап шығарған болатын. Онда тек алаш ұранды әдебиетті қарастырған болса, енді «Қазақ әдебиетінің алтын ғасырында» осы бағыттағы зерттеулерін тереңдете, толықтыра түскен.
Қазақ кеңес әдебиетінің көрнекті өкілдері С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, І.Есенберлин жайлы шығармашылық портреттердің берілуі ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ғылыми көрінісін жасауға мүмкіндіктер берген.
Алаш ұранды әдебиет концепциясының негізгі принциптері, эстетикалық ұстанымдары Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтар шығармалары арқылы көрсетіліп, әдебиеттегі жалғастығы нақтылы әдеби материалдармен дәлелденіледі. Ал, қазақ әдебиетінің әлемдік әдеби айдынға шығуы М.Әуезовтің туындыларын талдау арқылы көрсетілген. Кітаптың соңында ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті туралы зерттеулер тізімінің берілуі де еңбектің құндылығын арттырып тұр.
2005 жылы Р.Нұрғалидың жеті томдық шығармалар жинағы (қосымша томды қосқанда 8) жарық көрді. Бұл томдарда ғалымның қазақ әдебиеттану ғылымында қырық жылдай жасаған еңбектері белгілі бір жүйемен толықтырылып берілді. Р.Нұрғалиды әдебиетке алып келген Семей облысының Шұбартау аудандық газетінде 1956 жылы басылған тұңғыш өлеңі болса, оны әдебиетші ғалым ретінде танытқан – қазақ драматургиясы саласындағы зерттеулері. Оның драматургия бойынша кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғағаны белгілі. Көптомдықтың бірінші томына драматургия жайлы еңбектері енген. «Трагедия», «Комедия», «Драма» аталған бөлімдерде қазақ драматургиясы алғаш сахна төріне қойылғаннан бастап, бүгінгі профессиональды биікке шыққанға дейінгі аралықтағы жай-күйі кеңінен қамтылып, ғылыми тұрғыдан сараланған. «Драма өнері» аталған бұл томды қазақ драматургиясының энциклопедиясы десе де болғандай. «Сөз өнерінің эстетикасы» аталған екінші том «Әдеби дәстүр», «Әдеби байланыс», «Әдеби шығарма», «Әдеби тұлға», «Әдеби қозғалыс» тарауларынан тұрады. Мұнда ғалымның қазақ кеңес әдебиетінің түрлі мәселелеріне арналған зерттеулері, сын мақалалары топтастырылған. Үшінші том – «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры». Рымғалидың А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, М.Әуезов жайлы көлемді зерттеулері мен әр жылдарда жазған театр рецензиялары, Т.Нұртазин, С.Бегалин, Ш.Әбенов, Е.Ысмайылов, Б.Бодаубаев, Қ.Жұмәділов, Қ.Ыдырысов, С.Оразалинов, Ә.Марғұлан, М.Серғалиев, А.Еспенбетов, Б.Көшербаев, М.Базарбаев, Х.Тілемісов, Қ.Толыбаев, т.б. жайлы жазған портреттік эсселері, интервью, сұхбаттары осы томда орын алған. Бірінші том бөлімдерге, екінші том тарауларға бөлінсе, үшінші том желілерге жіктелген. Жеті желіден тұратын кітаптың бірінші желісі «Алаш ұранды әдебиет», екіншісі «Теңдік ұранды әдебиет» аталған. Осы томның негізгі салмағын осы екі желі көтеріп тұр деуге болады. Әдебиет әлемінің есігін өлеңмен ашқан Р.Нұрғали прозада да қаламын сынап, «Ай қанатты арғымақ» романын жазған. Қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шанин жайлы туындысы төртінші томның негізін құрап тұр. Сондай-ақ, бұл томға «Дән» атты ортақ тақырыппен берілген новелла-хикаяттары да кірген. «Аяқталмаған трагедия» тарауында полигонға қатысты жазылған алты әңгімесі енген. Л.Н.Толстойдың «Әзәзіл» повесінің аудармасымен оқушы осы кітаптан таныса алады. Р.Нұрғали ұзақ жылдар бойы Әл-Фараби атындағы қазақ және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясы бойынша лекциялар оқыды. Бесінші томдағы «Әдебиет теориясы» студенттерге арналған оқу құралы қажеттілігін өтеу мақсатымен өмірге келген. Мұнда әдебиет теориясының түрлі проблемаларына арналған шетелдік ғалымдардың еңбектері аударылып берілумен қатар, осы сала бойынша қазақ тіліндегі зерттеулер де тақырыптық жүйемен топтастырылып берілген. Сондай-ақ оның түрлі энциклопедияларға арнап жазған мақалалары да осында Алтыншы том да оқу құралы қажеттілігінен туындаған. Кітапта қазақтың тұңғыш романы «Бақытсыз Жамалдан» бастап, тәуелсіздіктің он жылдығына арналған республикалық бәйгеде бас жүлде алған Тұрсынхан Зәкенұлының «Көк түріктердің көз жасына» дейінгі «Қазақтың 100 романы» жинақталған. Оқу құралын жазысуға академик М.Қаратаевтан жас әдебиеттанушы Е.Тілешовке дейінгі белгілі әдебиеттанушы ғалымдар қатысқан. Соңғы жетінші том «Қазақтың 10 000 мақал-мәтелі» аталынған. Бұл томды ғалымның ұзақ жылдар бойына халық арасынан жинаған сөз маржандары құрайды. Кітапқа алғы сөз ретінде берілген «Телегей-теңіз асыл сөзде» қазақ мақал-мәтелдерінің мәніне, жиналу, зерттелу тарихына қысқаша тоқтала келіп, өзі ұсынып отырған мақал-мәтелдер жинағының өзіндік ерекшеліктерін аңғарта кетеді. Адам өмірінің түрлі жақтарын қамтитын 77 тарауға бөлініп берілген бұындары көп қолданылмай келген мақал-мәтелдердің оқырманға берер ғибраты мол. Р.Нұрғалидың ғылыми зерттеулері кезінде ғалымдар, замандастары тарапынан жоғары бағаланған. Ғалымның елу, алпыс жылдығы, ҚР Мемлекеттік силығын алған тұстарында жазылған көптеген мақалаларда оның ғалымдық, азаматтық бейнесі жарқырай көрінді. Қосымша том ретінде ұсынылған сегізінші кітапқа Р.Нұрғалидың шығармашылығы жайлы жазылған 52 автордың шығармашылық портрет, рецензия, зерттеу мақалалары мен арнау өлеңдері топтастырылған. Р.Нұрғалидың жеті томдық шығармалар жинағының әр кітабына автор тарапынан алғысөз, кіріспе, аңдату ұсынылып, соңынан ғалымның шәкірті филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Алпысбаевтың түсініктері беріліп отырған. Сондай-ақ ғалым өмірінің әр кезеңдерін, сәттерін бейнелейтін фотосуреттердің беріліп отыруы да академиктің азаматтық, ғалымдық бейнесін аша түскен. Р.Нұрғалидың «Дән» (1977), «Зерно» (1981) атты очерк, новелла жинақтары жарық көрген. «Поэтика драма» (1979), «Древо обновления» (1989), «Вершины возвращенной казахской литературы» (1998), «Алашордынцы» (2005), «Эпическая драматургия» (2005) атты кітаптары орыс тілінде жарық көріп, қазақ әдебиетінің татымды табыстарын басқа ұлт өкілдеріне кеңінен таныстырды.
Р.Нұрғалидың бүкіл саналы ғұмыры жас ұрпақты тәрбиелеумен тікелей байланысты. Ол қырық жылға жуық болашақ әдебиетшілерге қазақ әдебиетінен дәріс оқып келеді. Университеттерде ұзақ жылдар ұстаздық еткен ол талай ақын-жазушыларды, сыншы-ғалымдарды тәрбиелеп шығарды. Оның жетекшілігімен, ресми сараптауымен көптеген адам докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғады. Ол 1985-86 жылдары әл-Фараби атындағы ұлттық университет филология факультетінің деканы, 2000 жылдан өмірінің соңына дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болды. Осы саладағы жемісті еңбегі үшін оған «Жоғары мектептің үздік қызметкері» (1984) атағы берілген. Р.Нұрғали (Х.Әдібаев, М.Базарбаев, З.Қабдоловтармен бірге) – төрт рет қайта басылым көрген 11-класқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығының да авторы.
Ғалымның құрастыруымен, алғы сөз, соңғы сөз, түсініктемелер жазып, редакциялаумен Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Аймауытовтың, Ж.Шанинның, І.Есенберлиннің (он томдық), Б.Кенжебаевтың, Ш.Әбеновтің, Қ.Бадыровтың, Т.Ысмайыловтың, Ф.Оңғарсынованың кітаптары басылып шықты. Ол Л.Толстойдың «Әзәзіл» повесін, Н.Погодиннің «Салтанат жыры» пеьсасын, Ә.Кекілбаевтің «Соңғы шақырым» пеьсасын, эстон әңгімелерін, «Әшкерелеу», «Бағзы күндер істері» фильмдерін қазақшаға аударды. «Жұмат Шанин» деректі фильмінің сценариін жазды.
Ол 1986-1987 жылдары Қазақ энциклопедиясының бас редакторы қызметін атқарды. Оның тікелей басшылығымен «Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедиясын» (төрт томдық), «Ол кім, бұл не?» (үш томдық), «Шаңырақ», «Қарағанды. Қарағанды облысы», «Ақмола», «Алматы» энциклопедиялары жарық көрді. Сондай-ақ, «Свод памятников истории и культуры Казахстана», «Ислам», «Философиялық сөздік», «Айқап», «Ә.Бөкейханов. Таңдамалы», «Әлемде талай қызық бар», «М.Әуезов. Таңдамалы», «Боздақтар» кітаптары да осы кездерде энциклопедия баспасынан шықты. Р.Нұрғалидың ұсынысымен «Абай» энцоклопедиясы жасалды. Р.Нұрғалидың құрастыруымен, редакциясын басқаруымен «Көкейкесті әдебиеттану» (1 кітап 2001, 2 кітап 2002, 3 кітап 2003, 4 кітап 2004, 5 кітап 2005), «Әдебиет теориясы» (Хрестоматия, 2004), «Қазақтың жүз романы» (2004), «Орыс классикалық драматургиясы» (2004), Шекспир шығармаларының жинағы (2004), Б.Кенжебаев туралы «Алаш туы астында» (2004), Библиографиялық көрсеткіш (2004) жарық көрген.
Р.Нұрғали Қазан, Рига, Душанбе, Бішкек, Тбилиси, Ереван, Баку, Мәскеу, Кишинев сияқты қалаларда өткен түрлі халықаралық ғылыми конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады. Америка, Франция, Германия, Индия, Венгрия, Иран, Түркия, Моңғолия, Қытай, Корея, Чехия, Словакия елдерінде болып, қазақ әдебиеті, мәдениеті, тарихы жайлы сөз сөйледі. Р.Нұрғали қоғамдық-мәдени жұмыстарға да белсене араласты. Ол КСРО Жазушылар одағы басқармасы сын секциясының, «Большая советская энциклопедия» баспасы ғылыми-редакциялық кеңесінің, Қазақ ССР Министрлер советі жанындағы Терминология және ономастика комиссияларының, Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті мен қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында филология бойынша мамандандырылған кеңестерінің, Қазақстан Респубилкасы мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комитетінің, «ана тілі» газеті редколлегиясының, Қазақстан ПЕН клубының, «Абай», «Қазақстан Республикасы Ғылым Министрлігі – Ғылым академиясының хабарлары. Тіл-әдебиет сериясы» журналдары редакция алқасының, ҚР Жоғары аттестациялау комиссиясы президиуымының мүшесі, Қазақстан Республикасы Мелкеттік аттестациялау комиссиясы филология және өнертану сараптау комиссиясының, Қазақстан Жазушылар Одағының халықаралық Алаш сыйлығы комиссиясының төрағасы ретінде қыруар жұмыстар атқарды.
Оған «Айдын», «Телағыс», «Қазақ ревалюциялық поэзиясы» атты әдеби-сын-зерттеу трилогиясы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы (1988), Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлық (2003), Қазақстан мен Түркия бірігіп жариялаған М.Әуезовтің көркемдік әлемі», «Алаш ұранды әдебиетте Әуезов көтерген азаттық идеясы», «Дала тағдырын толғаған ұлы шығарма» еңбектері үшін бірінші дәрежелі сыйлық (1997) берілген.
Ол – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі (1989), академигі (2003), халықаралық ақ Айтматов атындағы халықаралық академиясының академигі (2003). Рымғали 1998-жылы Меккеге қажылыққа барып қайтты.
Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, Мемлекеттік және Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтардың иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалидың қазақ әдебиеттану ғылымындағы орны қомақты. Оның қаламынан шыққан құнарлы еңбектер ұлттық рухани қазынамызға үлес болып қосылып, халқымызға қызмет ете беретін болады.
Арап ЕСПЕНБЕТОВ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор
АЙ ҚАНАТТЫ АРҒЫМАҚ
Ақпанның қақыраған қысы еңсені көтертпей, ауа райы қатаң мінез көрсетіп тұрған қысталаң шақта Астанадан ауыр хабар келіп жетті... Ол – Алаштың ардақтысы, ай қанатты арғымақ, қазақ ғылымы мен әдебиетінің тарланбозы Рымғали Нұрғалидың пәни жалғаннан мәңгілік бақилыққа көшуі. Қазаның жеңілі болмайды. Әйтсе де, Ркеңнің қазасы тосын, аспаннан жәй түскендей шапшаң, ешкім ойламаған, күтпеген оқыс алапат санатында. Абзал аға рухына соңғы рет құрмет көрсетіп, қабіріне бір уыс топырақ салуды парыз санап Алматыға сапар шеккенде сан қилы ойлар торлап алды.
Алдымен алғашқы танысуымыз еске түсті. 1971 жылдың қыркүйегі. Қазақ университетінің аспирантурасына түсуге талаптанып Алматыға келгенмін. Емтихандарды «өте жақсы» бағаға тапсырып, аспирантура бөлімінен қажетті құжаттарыма белгі қойғызып Семейге қайтпақшымын. Зинаида Уәлиханованың (аспирантура меңгерушісі) кабинетінен енді шығуға ыңғайланып едім:
- Семейденсің бе? – деген бейтаныс адамның даусы естілді.
- Иә.
- Арапсың ба?
- Иә.
- Жаңа ғана Бейсекеңе [проф. Бейсенбай Кенжебаев- А.Е.] жолықтым. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының варианттары» тақырыбына тоқтаған екенсің. Меніңше, Бейсекеңнің сүйікті тақырыбы, әрі көп мәселелері даулы Сұлтанмахмұт төңірегінде ойланғаның дұрыс. Байсалды ғылыми зерттеу шығады, өкінбейсің, -деп шегелей түсті.
Жаңа танысыма көз тоқтатып қарасам бір жерде көрген сияқтымын. Өткен жылы сатып алған «Трагедия табиғаты» монографиясындағы суреті көзіме оттай басылды. Дәл өзі. Қою шашы толқындаған қалпы, ұзын бойлы, тығыршықтай, сөзі де, киім киісі де жинақы, жігіттің серкесі.
Рекең көзден таса болғанымен, қырық жыл бұрынғы сурет көңілде сол қалпында қалды...
Жуырда «Үш қиян» газетіне берген сұхбатында абзал ағаның талантты шәкірттерінің бірі Тұрсын Жұртбай ағынан жарыла сыр ақтарыпты: «Рымғали Нұрғали – қазақ сөз өнерінің көркем ойлау жүйесінің жаңа мектебін қалыптастырған тұлға. Сын жанрының қарымы да, алымы да, ойлау жүйесі де оған дейін мүлдем басқаша болатын. Ол үш толқынды тәрбиелеп шығарды. Ол мектептің түлектерінің ықпалы ендігі елу жылға дейін жойылмайтынына көзім анық жетеді». Қысқа да нұсқа тұжырым. Академик Нұрғали мұрасының өміршеңдігіне нұсқайтын әділ баға. Өзі өлгенімен, сөзі өлмейтіндігін айғақтайтын биік толғам.
Рымғали Нұрғали көтерілген биік көптеген тұрғыластары мен әріптестеріне асу бермес арман дерсіз: жазушы, сыншы, ұстаз, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик, «Парасат» орденінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның ғылым мен техникаға еңбек сіңірген қайраткері, Шоқан Уәлиханов және Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлықтардың лауреаты, Білім беру ісінің еңбек сіңірген қызметкері.
Атақ дәреженің болғанына не жетсін?! Кейде атағы дардай жандар арасынан адами қасиеттерден жұрдай, менмен, ұрдажық, тәкаппар, қызғаншақ, пендешіліктен аса алмайтын таяздықтары, өкінішке орай, аракідік ұшырасқанымен жиіркенішті тірлік. Байқағаным Рекең жас та болса ойлап қимылдайтын, кесіп айтатын, шешен сөйлейтін, кездескен жан көңілінен шықса жатсынбай баурына тартатын, жаны жайсаң азамат екен. Сыйласа келе доспейіл көңілі жарқырап көрінді, адалдық қасиеттері риясыз ашылды, тереңдігі, білімділігі ерекше көзге шалынды.
Жасынан айналасына сәуле шашып ел аузына іліккен жүйріктің өмір жолында кедергілер көбейді, тосын тосқауылдар молайды. Өмір шырғалаңы талай-талай тар жол, тайғақ кешулерден өткізді. Ақыры соның барлығы жүйкені жұқартты, өмірін қысқартты. Алланың жазуына сайсақ та, ащы шындықтан аттап өту қиянат.
1973 жылы қыркүйекте Р.Нұрғали докторлық диссертациясын қорғады. Небәрі отыз үш жаста! Уақыты үшін төтенше жаңалық. Тілеуқорлар қуанып қайттық қорғаудан, ертеңінде Ләтипа жеңгейдің шәйін іштік. Қуаныш ұзағынан сүйіндірмеді. Мәскеудегі жоғары аттестациялық комиссияға арыз қарша борады. Ол аз дегендей Өзбекстаннан да домалақ арыздар ұйымдастырылыпты. «Диссертация өткендегі ұлтшылдықты дәріптеуге құрылған, Алашордаға мүше жазушыларды бірыңғай мадақтауға арналған, саяси бет-бағдарында өрескел қателер орын алған» деген бәз баяғы «көрсоқыр жалалар» отыз жетінші жылдан оралып соққан. Түрлі желеуден диссертациялық жұмыс бес жыл бойы қаралмаған, ақыры бекітілмеген. Он жылдан кейін, 1983 жылы қайыра қорғап, докторлық дипломға әзер қолы жетті. Жүйке жұқармай көрсін!
Бұралаңы мол өмір сапарындағы алғашқы ауыр соққыны 1969 жылы алады Рекең. Кандидаттық диссертациясы бойынша «Трагедия табиғаты» (1968) монографиясы жарық көріп, ғылыми қауым жылы қабылдап үлгерген.
Рымғали Нұрғалидың өзін сөйлетейік: «1968 жылы «Жазушы» баспасынан «Трагедия табиғаты» деген кітабым шықты. Үлкен ағалар Мәлік Ғабдуллин, Темірғали Нұртазин еңбегімді мақұлдап, баспасөзде пікір білдірді. Сондай күндердің бірінде Орталық партия комитетіне шақырылдым. Аң-таңмын. Бірнеше рет ұмтылғаныммен партияға алмаған... Жалпы, ол кезде коммунист болмасаң, екінші қатардағы кісісің. Тәуір қызмет бермейді, өспейсің, жазғаның басылмайды. Мені ОК-ның қызметкері Әбілмәжін Жұмабаев қарсы алды. Қасында отырған төртпақ, түсі суық, жер ортадан асқан қара кісі. «Трагедия табиғаты» кітабында Мұхтар Әуезовтің алашордашыл, ұлтшылдық сарындағы шығармалары мадақталған. Бұл аз болғандай, бандит, совет үкіметіне қару алып, қарсы шыққан жау-Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» дастаны да дәріптелген. Бұл кітапты өртеп, оны жазған мына боқмұрынды соттау керек!» - дегенде зәрем ұшып кетті. Мынау маған арнап келген тажал екен деп ойладым оңай».
Орталық Комитет деңгейінде сөзге ілігу оңай шаруа емес, жүрегі шайлығып қалады. Біраз ес жиып алғаннан кейін, мән-жайды баяндап, ақылдаспақ ниетінде ұстазы Бейсенбай Кенжебаев пәтерінің қоңырауын басады. Сәлем беріп, табалдырықтан аттауы сол екен қаққан қазықтай бір орнынан қозғала алмай қалады. Мәссаған!.. Екі-үш сағат бұрын Әбілмәжін Жұмабаев кабинетінде аяғына отырғызбаған манағы «төртпақ, түсі суық қара кісі» Бейсекеңнің төріне жайғасыпты. Сөздің әрі жоғалмауын, шындықтан ауытқып кетпеуден сақтанып әңгімені Рекең жазбаларынан өрбітейік: «Жиырмасыншы жылдардың аяғында [1929- 1930 жылдары-А.Е] Бейсенбай Кенжебаев Павлодардың газетінде бас редактор болып тұрғанда қауіпсіздік комитетіне кадр керек болып бір жас жігітті ұсынып жібереді. Сол жігіт мына отырған төртпақ қара, демалысқа шыққан чекист- Абзал Қарасартов екен. Бейсекең екеуі көп ырғасты. Мен туралы ырғасты. Біреуі қайтсе де мені жерге тықпақ, біреуі қайтсе де мені құтқармақ. Ақыры Бейсекең Қарасартовтың аузын алғандай болды. Қайтар жолының ақшасын берді, үстіне менің ат-шапан айыбым деп костюм-шалбар кигізді, сөйтіп, мені, менің кітабымды аяулы ұстазым айтып келген өлімнен құтқарып қалған». Міне, «Трагедия табиғаты» монографиясының, оның авторы Р.Нұрғалидың ажал аузынан аман-есен қалуының жәй-жапсары жеке бір тарих. Айтқанынан қайтпайтын, саяси қызметкер, байырғы чекист А. Қарасартовпен Керекуде әріптес болғандағы істеген жақсылығы, қауіпсіздік комитетіне бағдар сілтеуі, оның Бейсекең алдында бір рет шегінуіне мәжбүрледі. Шындығында, бұрын да, бұдан кейін де, тіпті өле-өлгенше Абзал Қарасартов Шәкәрімнің ақталуына барынша қарсы болған жан. Бұл реттегі деректердің жетіп артылатындығын оқырман қауым жақсы біледі.
Рымғали Нұрғали артынан мол мұра қалдырды. Оның елуден астам кітабы баспа көрген, бірнеше тілдерге аударылған. Журналистермен арадағы сұхбаттарда шығармашылықпен шұғылданатын тұлғаны өрісті арнаға бастайтын қасиеттерді қайталап- қайталап көрсеткен. Олар- табиғи қабілет, еңбекқорлық және білікті ұстаздың қолына түсу. Өнегелі ұстаз-шәкіртінің талантын ұштайды, кеудесіне нұр себеді, бойына имандылық, адамгершілік қасиеттерді дарытады. Армандай астана Алматыға ауылдан аңсары ауып, ғашықтық асыл сезіммен аяқ басқан бала Рымғалидың профессор Бейсенбай Кенжебаев тектес сұңқар табиғатты, биік парасатты, ғажап мәдениетті көшелі ұстазға кез келуі жас таланттың болашағын анықтап берген сәулелі сәт. Бейсекең сынды білімдар ұстаз шәкіртін жұмбақты әлемнің кілтін іздеуге, толғағы жеткен мәселенің түйінін талмай, тайғақтамай әділ түйіндеуге ұмтылдырды. Бұрын айтылған, ертеректе жазылған жәйттерді қуалап кететін қайталаулардан арылып, нақты деректер мен архив құжаттарына сүйеніп қорытындыланған ғылыми тұжырымдар жасауға бағыттады. Профессор-ұстазбен қаршадай студент арасындағы түсіністік пен ынтымақтан туған, «Сабыр Шарипов. Өмірі мен творчествосы» кітапшасынан басталған қадам ғылыми принципке адалдықтың, шығармашылық жолдағы ізденгіштіктің, өткендегі мұраға құрметтің үлгі- өнегесін қазақ әдебиеттану ғылымында тасқа қашағандай орнықтырып, негіздеді.
«Қолымнан жетектеп үйіне апарып, дәм-тұзын беріп, баласындай еркелетіп, ғылымға баулыған, екінші курста оқып жүрген кезімде ғылыми зерттеу жаздырып, сол кітапшаны өзі тең автор болып жариялатқан профессор Бейсенбай Кенжебаевтың ғылымдағы, өмірдегі рухани әкем екенін мақтанышпен айтамын», - деп ағынан жарылады Р. Нұрғали. Ұстазы да тек өзіне тән ұстамдылықпен, қарапайымдылықпен шәкірті жайлы: «Жалпы Р. Нұрғалиев зерттеулеріне тән ерекшелік - ол күрделі проблеманы құрғақ сөз етпей, нақты шығармаларды талдау арқылы ғылыми дәйекті тұжырымдар жасайды», -деп өз орайында емірене әңгімелейді. Ұстаз бен шәкірт арасындағы қимас сыйластық, ғылыми үндестік салиқалы дәстүр кейінгі буынға да жұғысты болғандай. Қуанбасқа шара жоқ, іштей неше мәрте қайталап «тәубе!» дейміз.
Кіндік қаны тамған туған жерден перзентін бөле-жара қарау мүмкін емес. Айналасына ажал сепкен Дегелеңнен айрылғанына жарты ғасыр өтсе де ел тірлігі, халық тынысы бей-жай қалдырған жоқ Ркеңді. Өткен жылдың мамыр айында бір жұмадай Семейде бірге болдық, көптеген сыр шертілді, мұң айтылды. Сүйікті қарындасы Әсиманың басына ескерткіш зират тұрғызып, қатым бағыштатты. Аса көңілсіз, еңсесін тіктей алмай, шаршап жүрді. Қайнарға барғанда ат басын тірейтін іні-қарындастың қалмағандығын күйзеліспен білдірді. Қолымыздан келгенше сергітуге, ойын бөлуге тырысып бақтық.
Ркеңнің Семейге соңғы келуі 2009 жылдың 27 тамызы. Мақсаты 28 тамыз күні Қайнар ауылында полигон құрбандарына арналған мемориалдың ашылу салтанатына және ұлтжанды әкім Бердібек Сапарбаевтың ынта- ықыласымен Өскемен қаласында бой көтермек Абай ескерткіштерінің тұсаукесеріне қатынаспақ. Ертеңінде таң сәріден жүзге тарта машина Қайнарға бет түзедік. Сол жерде Ркеңнің сырқаттанып қалғандығын естідім. Келесі күні Өскеменге аттандық. Анықтап сұрастырсам, Семейдегі орталық аурухананың реанимация бөліміне түсіпті. Тәртіп бойынша реанимация бөліміне кіруге рұқсат берілмейді. Дәрігерлер жағдайының ауыр екендігін айтып, мүмкін болса мазаламасаңдар, дәрі-дәрмек жеткілікті деді.
Үш-төрт күннен кейін телефон шалсам дауысы көңілді, біршама оңалып қалыпты. Дереу палатасына бардым.
- Иә, Реке, қалай ауырып қалдыңыз?
Екі ескерткіштің ашылуына арнайы келгенмін. Әуелі қаладағы екі-үш туысқан, көз көргендерге сәлемдесіп, соңынан қарындасымның, туыстарымның басына барып, құран бағыштаттым. Қонақ үйге келіп демалмақ болып едім, басым қатты ауырды, дәрігерлер өлшеп жіберсе қан қысымы қатты көтерілген, содан жедел-жәрдем қол-аяққа тұрғызбай алып кетті. Жағдай осы бауырым деді.
Мен кетуге ыңғайланып едім:
- Маған қалам, қағаз, қазақша Құран әкеліп берші, - деді.
Қалам, қағазы жарайды, реанимацияда жатқан адам неге Құран сұрайды? Ойланып қалдым. Қиын екен. Жаман айтпай жақсы жоқ.
- Реке, кітап дүкендерінде қазақша Құран жоқ екен, біреуін тауып едім, шрифтері өте ұсақ, көзіңізге күш түсер, басыңыз ауырар деп алмадым. Содан өте қызғылықты, танымдық қызметі зор төмендегі кітаптарды әкелдім: «100 великих загадок природы», «100 великих тайн XX века».
Кітап шығарудың техникасына жетік Рекең әңгімені әріден қозғады. Қалай айтсақ та, көрші орыстарда кітап басу мәдениеті көш ілгері ғой. Мына сен әкелген кітаптар қазақ балаларының игілігіне айналса қандай ғанибет?! Кезінде энциклопедияда жүргенде «Шаңырақ», «Ол кім? Бұл не?», «Әлемде талай қызық бар», «Негеш» кітаптарының шығуында көптеген қолдан жасалған кедергілерге кездестік. Сынға ұшырап, сөгіс естіп жүріп оқырман қолына тигізуге жетістік. Көңілді аулайтын, беймәлім деректер мен оқиғалар жөнінде ықшам, нақты баяндалған деректер ұнады. Діттеген жерден шыққан менің қуанышым да шексіз.
Оншақты күннен соң Астанаға шығарып салдық. Қасиетті Семей топырағындағы соңғы жүздесуіміз екендігін ағалы-інілер сезбеппіз. Шыр ете түскен ұялы телефонға қол создым: «Астана аэропортындамын, жігіттер қарсы алды», - деді ұлт ардағы, алаш жанды азамат.
Мәуен ХАМЗИН,
филология ғылымдарының докторы,
профессор
АСЫЛ АҒА ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ
Сірә, қазақтың ұғымындағы пешене ден аталатын шетсіз-шексіз абстрактылы ұғымның ауқымына сиятын құбылыс шығар, мына фәни жалғаннан қимас азаматтар кетіп жатқанда қиналасың, мұңаясың. Олар туралы өткен шақта сөйлейсің. Солардың бірі де бірегейі Рымғали аға Нұрғали болатын. Айналдырған жарты жылдың ішінде әзілдері жарасып, қатар жүрген Рекең мен Ақаңнан (Ақселеу) айырылыппыз. 2009 жылдың 16 қыркүйегінде Ақселеу ағаның өмірден озғанын естісек, 2010 жылдың 16 ақпанында Рымғали ағаның қайтыс болғаны туралы хабар жетті.
Қандай адам болса да, ол жер басып жүргенде атқарған істері оның кісілік келбетінің көрсеткіші болмақ. Өз басым Қазақ мемлекеттік университетінде оқыған жоқпын. Басқа жерде оқыдым. Рымғали аға сияқты ғұлама жанның дәрістерін тыңдау бақыты маған бұйырмапты. Алайда 1983 жылы мен кандидаттық диссертация қорғағанымда, ол кісі ресми оппонент болды. Сол кезден бастап, 2005 жылға дейін сырттай болса да, байланысымыз үзілген жоқ. Ал, 2005-2007 жылдар аралығында мен екі жыл Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасына конкурстан өтіп, профессорлық қызметке қабылданғанымда қоян-қолтық араласуға мүмкіндік туды.
1982-1998 жылдар аралығында Жезқазған педагогтік институтында (1996 жылдан – университет) қызмет атқардым. 1988 жылы Қазақ мемлекеттік университетіндегі біліктілікті жетілдіру факльтетінде 4 ай курстан өттім. Рымғали ағаға барып сәлемдестім. Жезқазған облысында жергілікті ұлт өкілдерінің көп тұратынын, алайда облыс орталығындағы пединститутта қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының жоқ екенін, көпшілікті осы жайттың қинап жүргенін айтқанымда, ол кісі жақсы кеңес берді. Қысқасы, сәті түсіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі аға Жәнібековтің қабылдауында болдым. Ол кісінің мені қалай қабылдағаны, терезесі тең адамдай әңгімелесіп, қарапайымдылық көрсеткені туралы баспасөз бетінде жазғанмын, бұл жерде тоқталмай-ақ қояйын. Ақыры, осынау тұлғаның шарапатымен 1989 жылы Жезқазған пединститутында қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі ашылды, кафедра құрылды. Соған дейін факультет деканы болып істеген мені кафедра басқаруға ұйғарыпты. Жаңа кафедраның жұмысы тым көп болатыны белгілі ғой, білікті кадрлар қажет болды. Міне, сол тұста Рымғали ағамен, т.б. ғалымдармен тығыз байланыс орнаттым. Ертелі-кеш мерзімде кафедра мүшелері С.Тапанованың, Ғ.Ештанаевтың, К.Ахметовтың диссертациялық жұмыстарына (бірінің кандидаттық, бірінің докторлық) жетекшілік еткен де Рымғали аға еді.
Рекеңнің ғылыми, әдеби - сын трилогиясы кезінде республика Мемлекеттік сыйлығына ұсынылғанда, Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде қолдап, мақала жарияладым.Асыл аға Алматыдан телефон соғып, алғыс айтқаны әлі есімде. 2000 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аттестациядан өтті. Аттестациялық комиссия құрамында ол кезде 1998 жылдың қыркүйегінен бастап, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарып жүрген мен де бар едім. Аттестациялау мерзімі бітіп, Қарағандыға қайтпақшы болғанымда, құрдасым Құныпиядан естідім, Рымғали аға Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде өзінің 60 жасқа толу мерейтойына орай, кездесу өткізбекші екен, екеуміз сонда бардық. Рекең қатты қуанып, кездесу соңында Қарағандыдан өзі алпыс жылдығына шақырған азаматтарына шақыру қағазын менен беріп жіберді. Сол жылы 1 маусымда ол кісінің 60 жылдық мерейтойы Қаз МУ-да өтті. Қарағандыдан барып, мен де қатыстым. Дәм үстінде ол кісі мерейленіп: «Мәуен, қытай халқында «Құмырсқа қырға шықса, қанат бітеді» деген қанатты сөз бар, келгеніңе, қатысқаныңа рахмет!» дегенін ұмыта қойған жоқпын. Кейіннен, 2005 жылы Еуразия университетінде 65 жылдығы өтті. Биыл 70 жылдық мерейтойын маусымда атап өтпекші еді, тағдырдың ісіне не шара, мейірімсіз ажал ол күнге жеткізбей, ортамыздан алып кетті.
Рымғали аға Нұрғали биік зияткерліктің үлгісі еді. Ұшан-теңіз энциклопедиялық ілімнің иесі еді.
Рымғали аға Нұрғали даңғайыр ғалым еді. Ол кісінің ғылымдағы ұлы ерлігі тоталитарлық тәртіптің қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде-ақ арманда кеткен Алаш арыстарының өлмес мұралары туралы шәкірттеріне дәріс оқып, олардың бойына ұлттық рухтың дәнін егуге деген талпынысында еді.
Рымғали аға Нұрғали талай шәкірттерін тәрбиелеген, үлкен өмірге аяқ бастырған қамқор жан еді. 2005 жылы республикалық газеттерде Еуразия ұлттық университетінің ғылыми әлеуетін көтеру үшін конкурс жарияланды. Мен де құжаттарымды өткіздім, бірақ ақылдасу үшін Рекеңмен хабарластым. Қалай қарайтынын сұрадым. Сөзге келген жоқ, «мен сені келмейтін шығар деп ем, ондай ойың болса, кел» деп, батасын берді. Сонымен, конкурстан өтіп, мен, С.Негимов, Қ.Алпысбаев, Р.Тұрысбек яғни төрт профессор қазақ әдебиеті кафедрасына қызметке қабылдандық. Басшымыз Рекең болып, студенттер үйінде тұрдық. Ол кісілер кейіннен үй алды. Жатақханада тұрғанымызда бір топ болып, кешке серуенге шығамыз. Сондай сәттердің бірінде өз өмірі жайлы, Семей полигонының туған-туыстарына әкелген зардабы жайлы тебіреніп, маған әңгімелеп бергені әлі есімде. Осындай адамның қарағайдың қарсы біткен бұтағындай қайсарлығына, төзімділігіне, рухының мықты екеніне көзім жетіп еді. Ұмытпасам, сол 2005 жылдың соңына қарай ректор С.Ә.Әбдіманапов ұжымның басын қосып, әсіресе, жаңадан келгендерге арнап, университет асханасында дәм берді. Сол тұста Рымғали аға «Парасат» орденімен марапатталған еді. Жұрттың бәрі ол кісіні ас үстінде құттықтап жатыр. Өзіне сөз тигенде: «ал, құттықтағандарыңызға рахмет, орденді осымен бітірейік, енді ордерді сөз қылайықшы» деп, елді бір күлдіріп алды да, кафедраға жаңадан келген 4 профессор туралы айтты, ректорға «осыларға баспана тауып беріңіз яғни ордердің тойын тойлайық» деп сөзін аяқтады. Елдің бәрі күліп, ризашылығын білдіріп жатыр.
Астанада пәтер алудың қиындығы белгілі ғой. Екі жылдан кейін яғни 2007 жылдың жазында Қарағанды «Болашақ» университетінің президенті, академик Ж.С.Ақылбаев пен ректор, профессор Н.О.Дулатбековтердің шақыруымен мен сол «Болашаққа» ауыстым. Астанадан кетерімде Рекеңнің үйіне барып шықтым. Ол кісі қатты қиналып: «Қалқам-ай, мені паналап, менімен ақылдасып, осында келдің. Сенің ең болмаса, 2 бөлмелі пәтер алуыңа да менің еш жәрдемім болмады-ау» - деп мұңайғаны есімде қалыпты. Рымғали аға тым принципшіл жан еді. Әділетсіздікке төзбейтін, бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын.
Адам, бәрінен бұрын, пенде. Шекспирдің Лир деген каролі айтпақшы, қандай биік, атақты адам болса да, оған да пендешілік қасиеттері тән. Рекеңнің бойында да аңғалдық, аңқаулық, біреулердің арандату үшін әдейі айтқан әзәзіл сөзіне сеніп қалушылық элементтері кездесіп қалатын. 2008 жылы, ұмытпасам, күзде Қарағандыдан телефон соқты. Амандық-саулық сұраған соң: «Айналайын, саған аздап өкпеледім. Мен туралы сыртымнан ғайбат сөз айтыпсың бір-екі рет. Маған оны қарағандылық бірер адам айтты» деді. Мен: «Аға, бір кең отырып, әңгімелесерміз» дедім. Астанаға арнайы барып қайтпақ болып ем, ауыл жақта бір жақын ағайын қайтыс болып, Астанаға баруымның реті келмеді.Сосын бір сенімді адамнан Рекеңе хат жазып беріп жібердім. Оқыған соң жыртып тастауын өтіндім. Ол кісі айтқан «бірер» адамның кім екенін де білетінімді, осы жасқа дейін шамам келгенше ешкімнің сыртынан өсек-аяң айтпағанымды, бәріне бір Алланың, уақыттың төреші екенін айттым. Тағы да біраз сөздер айтыппын. Ол адамның (жаңағы «бірер») неге олай деп, бізді арандатып жүргенін де топшылайтынымды да айттым.
Сонымен, арада он күн өткен соң, ағам телефон соғып тұр. «Мәуенжан, кешір. Айтқанымның бұрыстығына көзім жетті. Көңілімізде дақ қалмасын» дегенді айтты. Бұның бәрін мен өзімді биіктетіп, басқаны төмендетейін деп жазып отырған жоқпын. Көңілдің кірі айтса кетеді ғой, сондықтан жазып отырмын. Өмірден көшкендер енді қайтып келмейді. Солардың рухын, адами мінез-құлқын кір баспасыншы, ақиқат жайттың сыры осындай еді деп әдейі еске алып отырмын. Шіркін-ай, мына фәни жалғанда анау жетіспеді, мынау жетіспеді деп жанталасып жүріп жатамыз. Адам баласының осынау дүниеге қонақ екенін, ерте ме, кеш пе, қонақтан яғни, өмірдің базарынан қайтатын уақыт та болатынын көп ескере бермейміз. Адамдар арасындағы ең құнды қасиет-тіршіліктегі силасу екенін де ұмытатын кездеріміз болады.
Рымғали аға өмірден өтті. Енді оның екінші өмірі басталмақ. Қыруар шәкірттері, өлмес еңбектері барда ол кісінің есімі ұмытылмақ емес.Қазақ руханиятының тарихына аты-жөні алтын әріптермен жазылатыны ақиқат.
Темірғали ЕСЕМБЕКОВ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор
ҒАЛЫМ ТУРАЛЫ СӨЗ
Бүгінгі руханиятта кімнің сөзін сөйлеу емес, адамгершілік пен халық мүддесін көздеу басым болмақ. Ендігі жерде адамзаттық мақсатпен терең қабыса алатын ұлттық мәдениеттің, шығармашылық тұлғаның ғана мерейлері аспақ. Өткеннен қалған мұраларға да, бүгін жарық көріп жатқан шығармаларға да осы тұрғыдан баға берілгені лазым. Көркемдік таным туралы түсінік кеңейді. Шеберлікке қойылатын талап-талғам да биіктеген. Бүгінгі эстетикалық ойдың ауқымы да кең. Осының барі ХХ ғасырда өнер мен мәдениетте, ғылым мен білім саласында қажымай, талмай еңбек еткен ерлердің арқасы. Солардың бірі емес, бірегейі – Р. Нұрғалиұлы еді. Қиянда туған, қиял қуған, қияға ұмтылған талантты тұлғаның жарты ғасырға жуық еңбегінің нәтижесін санамалап берудің өзі ұзақ әңгіме. Ол шырғалаң уақыттың таусылғанына куә болды. Пікір ете білсек, талай шыңырауға бойлапты. Шүкір ете білсек, талай биікке шығыпты. Жыл санап қайтеміз. Жол санап, қанша белестен өткенін, қандай биікке жеткенін де мөлшерлейтін уақыт келер. Тәңірге мың мәрте «тәубе» деу керек. Қазақтың жақсылары жасып, батырлары қашып, жайсаңдары сасып, айбары аяққа басылып, әулеті мен дәулеті шашылып жүрген жылдары өмірге келген ұрпақ сол кетікті толтыруға, жыртықты жамауға, жоқты бар етуге жаратқанның өзі жіберген өкілдеріндей еді. Жасығанды жұбатты, жығылғанды демеді, шашылғанды жинады. Тарих алға қойған талай тапсырманы абыроймен атқарған да солар болатын.
Олар ең алдымен бойымыздағы біртуар барды анық мөлшерлеп, неміз жетісіп, неміз кетісіп тұрғанын анықтауға күш салды. Одан кейін жетістігімізді өзгелерге қалай танытып, әрі қалай дамытатынымызды қаузады. Сөйтіп ұлттық мәдениетті кемеліне келтірудің жолын талмай іздеді. Осындай мәдениеті бар қоғамның ғана саясаты парықты, шаруашылығы нарықты болатынын айқын білді. Сананы сауықтыру қоғамды сауықтырудың негізі деген қағиданы қағбаға айналдырған. Эстетикалық талғам тәрбиесін қолға алды. Куәсі – Рекеңнің «Өнер алды – қызыл тіл» еңбегі. Ғалымның психо-эмоциялық салауаттылықты өркениетпен үйлестіру тауқыметін күн тәртібіне қойғаны осы кезеңнен басталып, «Сөз өнерінің эстетикасында», «Әдебиет теориясында» жалғасты.
Р.Нұрғалиұлы ауыспалы кезеңдерде болмай қоймайтын модернистік құбылыстарға сезімталдықпен және төзімпаздықпен сергек қарауға үндеді. Әлемдік руханиятпен ықпалдасу жағдайында жаппай еліктеу – солықтаудан, жаппай жатырқаушылықтан да сақтандыруға тырысқан ойлары барын еске салмақпыз. Әдеби-мәдени құбылыстарға кластерлік тұрғыдан баға беруді алғашқы болып қолға алғанын айта түсудің артықтығы жоқ.
Қоғамдық пікірдегі тек тым әріректегілерді дәріптеп, одан бергідегінің бәрінен секем ала қарайтын қарадүрсіндікпен келіспеді. Тұтас тұлғалардың, ағымдардың кезеңдердің көзден қағыс қалмауын қатаң қадағалағаны көпшілікке аян, сол ұстанымды шәкірттеріне дарытты. Оған қоса әдебиет пен өнер туындыларын тануда әлемдік эстетикалық ойдың арғы бергі тәжірибесіне, бүгінгі жеткен биігіне орайлас шынайы плюралистік көзқарас қалыптастыруды армандады. Мәдени-танымдық, руханияттық-зерттеушілік, эстетикалық-насихатшылдық зерттеулерді жоспарлап, жүзеге асыруға тырысқаны өз кітаптарында және шәкірттерінің еңбегінде тұр.
Есті бабаларымыздың өнер құдіреті мен киесінен ыққан, оған табынған, болмысын қадір тұтқан қасиетіне үлкен құрметпен қараған, тереңін түсінген ғалым да өнер мен әдебиеттің байланысын нығайтуға күш салды. Ұлттық драматургия мен театр тарихы мен теориясын қоса зерттеді. Ұлттық фольклордың театрлық нышаны бар үлгілерін анықтады, яғни ғылыми проблеманы кешендік тұрғыдан қарастырудың ғылыми үлгілерін қалыптастырғаны белгілі. Ғылыми еңбекте әрекеттен гөрі терең ойлануға көп мән бергені өз зерттеулерінде тұр, мүридтерінен де саны талап ететін.
Әдебиеттің концептуалдық өнер түрі екендігін зерттеулерінде талай мәрте дәйектеген. Өнердің «Телағысы» мен «Айдынын» сараптағанда сөз өнерін парасатқа, пайымдауға, сараптауға құрылған өнер дей отырып, бейнелілік сараптау мен образдық пайымдаудың қыр-сырына үңілгенінің нәтижесі продуктивті пікірлерге ұласқан, ал қалғандарымызға осы дәстүрді жалғастыру аманат.
Соңғы кезде әдебиетанудың өзекті мәселелері жайында кластерлік зерттеулерді дамытуды қолға алды, сондықтан «100 қазақ романы», «Көкейкесті әдебиеттану» атты кітаптардың ғылыми өнегесін осы тұрғыдан білмек парыз.
Р. Нұрғалиұлы барша күш жігерін жұмсаған басты бағыт осы заманғы кәсіби ұлттық әдебиеттің тектері мен түрлерінің қалыптасуын зерделеу еді. Ауыз әдебиеті мен драматургияның арасындағы коммуникативтік қарым-қатынастарды бажайлап, қазақ драматургиясының қарыштап дамуын дәстүр тұрғысынан түсіндіргені Мәскеуге ұнамады. Өзіне дейінгі аузы дуалы ағаларының ұлттық театрдың пайда болуын орыс сахна өнерінің ықпалы деп қана түсіндіргенімен келіспеген жас ғалым өз жолын қиындатқаны тарихтан белгілі.Оған қоса алаш ұранды әдебиет өкілдерінің шығармаларын атағаны үшін тағы жазықты болды. «Әуезов және Алаш», «Алаш ұранды әдебиет» сияқты зерттеулер сол ширығудың, алған бетінен қайтпайтын ғылыми қайсарлықтың белгісіндей.
Р. Нұрғалиев – ұлтымыздың рухани құндылықтарының ойдағыдай қалыптасып, ойдағыдай өркендеуіне аянбай ат салысқан азамат. Оған шығармашылығымен бірге ұйымдастырушылық, ұстаздық қызметтері де айқын дәлел. Алдындағылардың қадір-қасиетін әділ бағалай алмайтындардан адал шәкірт, кейінгілердің қабілетін кезінде бағалай білмейтіндерден абзал ұстаз шықпайды деген пікірдің жаны бар. Жалпы өзгенің қасиетін бағалау ерліктің үлкені, мәрттіктің биігі. Тек өзін ғана біліп, өзгені көзге ілмеу – күпірлік. Р. Нұрғалиев өнегелі ұстаз әділ сарапшы да бола білген. Б.Кенжебаевтай ұстазына адам теңгермегеніне қарап, адал шәкірт болғанына сүйсіндік.
Біз білетін Рекеңнің тұйық шақтары бар еді, көбінесе ашық болатын. Тақылдаған шешендікке онша әуес емес, ойшыл әңгімешіге жақын тұратын. Бір жақсысы – сүрлеу қуалап жортақтай бермейтін. Әңгімені қиыннан қозғап, қияға бұлтарып, әріптесін сынап бағатыны бар еді. Оқып білгені, тоқып танығаны да көп. Көргені мен түйгені баршылық. Көп алдында көсіліп сөйлейтін көсемдіктен гөрі оңашада шешіліп сөйлейтін шын сырласқа, сыралғы сұхбаттасқа көбірек ұқсайтын.
Алпысыншы жылдары ержете бастағандар ресми уағызға іштей күмәнмен қараған алғашқы ұрпақ болатын. Оң мен солын өз бетімен айырып алуға алғаш талпынғандар да солар екені аян. Әр түрлі саяси желөкпе желпіністердің куәсі болған бұл ұрпақ азаматтық белсенділікті байсалды әлеуметтік дегдарлықпен ұштастыруға тырысқандықтан, олардың өнер мен әдебиетке деген құштарлығы ала бөтен болды. Ол әуелі әдеби сынға дәт қылды. Сол кезеңде бұл жанрда қалам сілтейтіндер бірқатар болғанмен, әдеби сын ғасыр басындағы барлаушылық батылдығын, сарапшылдық саралығын, талдау байыптылығын, сардарлық қыралығын жоғалта бастап еді. Жас сыншы сөз өнері хақында көсілте мақалалар жаза бастаған кездегі әдеби ахуал осындай болатын. Онсыз да көп уақыт бағы ашылмай келе жатқан сыни ұлттық әдебиетке жаны ашығандықтан ол арғы төркіні идеологиялық баса-көктеуде, бер жағы графомандық дүмбілездікте жатқан көзқарасты қабылдамады, қолынан келгенше өзгертуге тырысты. Әдеби шығармашылықтың құпиясы мен талантты тұлғаның тылсым сырларын білуге ұмтылды. Ол әлемдік классика мен сол кезеңдегі озық тәжірибеге сүйенді, ағымдағы әдеби үдеріске сол тұрғыдан талдау жасады. Пайымдауынша, шынайы көркем шығармашылық аса күрделі білік пен сарабдал әдіс-амалды талап ететін аса қиын кәсіп болып шықты. Көбейе бастаған әдеби «қоқысты», яғни тау болып үйіле бастаған «ширпотребті» мінеп, сынап, күзеп, түзеп қана жеңуге болады демеді. Түгендеп тауыса алмайтын жаманға қарамай, назар аударарлық жақсыны сұрыптады. Кешегі келеңсіз уақытта да шын суреткерліктің рухани байлық пен әлеуметтік кемелденудің шешуші тетігі екендігін талғампаздықпен зерделеп шыға алды. Алаш ұранды азаматтардың жамандықпен күресудің жалғыз жолы – жақсылыққа ұмтылу, ал оның амалы – өз бойларындағы күш пен жігерді, дарын мен қайратты бітіспес күреске емес, ұлт үшін жасампаздыққа, яғни өз қолынан келетінді бүгінгі ұрпақпен қоса ертеңгі өскіннің көңілінен шығатындай қылып, қапысыз атқару екендігін ұғынғанын дәйектеді.
Өмір бойы тыншу көрмей өткен нәзік жүрегі мен елгезек ақыл-ойының сергелдең ізденістерінің нақты нәтижелері сан алуан. Ол зерттеу өрісі мен көтерер тақырыптарын, айтар ойының ауаны мен ауқымын ертеде-ақ саралап алғандай. Сондықтан жазғандарынан өнер мен өмір құбылыстарын шымырлаған сезімталдық пен шыңғырған азаматтық шамырқаныс тұрғысынан зерделеген қазағуар шындық пен болмыс көрінеді.
Өз жүрегі өз кеудесіне сыймай, өрекпіген кездері де болған шығар. Дүниенің барлық кетік-кемшіні оны күтіп жатқандай күйлер де басынан талай мәрте өткен болар, сұңғыла суреткер, кемел ұстаз, көреген басшының алғашқы адымдарынан бастап жолын кес-кестеген көре алмаушылық көзі жұмылғанша алдын орағыштап, артынан аңдумен болыпты. Бірақ ол бәрібір беріспепті, азаматқа деген сенімін жоғалтпапты.
Тұлға мен тобыр арасындағы текетіресте қырық құбылған құйқылжыма заман қылығы мен қулығын аямай қолданды. Осындайда ақылына адамгершілігі қосылған Рымғали аға отқа да түсіп кетпей, өзгені де күйдірмей, жарты ғасыр көлемінде өзінің маңдайға алған бағытынан қайтпаған. Таланған кезде талықсығанын көрсетпеген екен. Ол көздеген меже ұстанған бағыт – қазақ халқының рухани әлуетін нығайтып, төл өнері мен әдебиетінің шыңырағының биіктету іргесін бекемдеу арқылы дәйім алға баса беруіне қызмет ету еді. Ол өмірде де, шығармашылық қызметінде де сол сертінде тұра білді.
Расында Р. Нұрғалиұлы – әлемдік дамудың үздік жетістіктеріне сүйене отырып, таза кәсіби деңгейде өрістей бастаған көпсалалы ұлттық мәдениетіміздің ықпалды білгірі бола білген тұлға. Өз тұсындағы әлеуметтік ой сананың орнықтылығы мен парасаттылығын арттыруға табандылықпен еңбек сіңірген қайраткер. Оның қырғидай қырағы түйсігі ел басындағы жақсылы-жаманды құбылыстардың ұлттық астарына үңілді. Көз шоласына іліккендерін көңіл шоласымен тексеріп, өрелі тарихи мән-мағына іздеді. Қайсысының құбылмалы, қайсысының тұрлаулы екендігіне қапысыз қанығуға тырысқанына айналасы куә.
Алпысыншы жылдардағы әлеуметтік оптимизм мен азаматтық ерлік ұзаққа созылғанын білеміз. Десек те Сәкен, Бейімбет, Ілиястардың ақталуы, М. Әуезов сынды алаш ұранды әдебиетке тікелей қатысы барлардың лайықты бағалана бастауы ізденімпаз жаңа лекке күш берген болатын. Осы оптимизмді өршіту жас өскіннің тегеурінді буынына талантты шоғырға аманат етілді.
Қазір Рымғали Нұрғалиұлының ғылыми жетістіктерінің бағасын білу оған емес, бізге керек. Ол үшін ғалымның ізденістерін ұлттық әдебиеттің ғана емес, әлемдік әдебиеттанудың жетістіктерімен салғастыра қарастырудың берері мол болмақ.
Шәкірттеріне қайырымды ұстаз замандастарына үйірімді болыпты. Тілінің күйдіргісі де, күлдіргісі көп Рекеңнің қалжыңдары тауып айтылуымен мағыналы еді.
Есіл ер әу бастан өз мәресін өзі аласарттай, дәйім биіктен үңіліп, ХХ ғасырдағы мықтылармен іштей жарысып өтті. Қазақ әдебиетінің ғұлама тарихшысы, сұңғыла теоретигі, қай істің болсын қиыннан қиюын тапқан ұйымдастырушысының төл жеңістері жетерлік. Әсіресе әдеби деректі ғылыми дәйекке айналдыра білетіні әдебиеттанудағы ғылыми дәлдікті көздегенінің көрінісі.
Таланса да, толықсығанын көрсетпейтін сырттандай, жалын жықпай баққан-ды. Маңдайға алған басты бағытынан ауытқыған жоқ.
Өзінің ата жұртына сіңірген аса мол қызметін былай қойғанда, ғылым мен өнердегі жеңімпаз шәкірттері қаншама. Тағылымы ұрпағын тәрбиелер, ерен еңбегі ұлттық танымды нұрландыра түседі деген осындайда айтылар.
Рымғали ағаның адамгершілік пен абзалдыққа толы даңқы азат елінің талапкер түлектерімен кемелдене бермек. Ол әлемдік дамудың үздік жетістіктеріне сүйенуді шәкірттеріне аманат еткен. Ол – таза кәсіби деңгейде өрістей бастаған әдебиеттануымыздың іргелі көшбастаушыларының бірі. Ол – ұлттық дамуға өнікті үлес қосқан ірі тұлға. Ол әлеуметтік ой-сананың орнықтылығы мен парасаттылығын арттыруға табанды қызмет етті.
Р. Нұрғалиұлы күрт өзгерістер мен тосын құбылулар заманында өмір сүрді. Жоғарғыдан озбыр билік, жағадан тоғышар орта, қапталдан көзқамандар, етектен іштарлық жармасқан жағдайда еңбек етті. Тарихты тағдырлар арқылы, тағдырды тарих арқылы сараптады. Қазақ басындағы нешеме кесапат құбылыс жайында талай жиында ашық айтқан өткірлігі де Рекеңе салмақ түсіргені белгілі. Жазғандары көзге де түсті, сөзге де ілікті.
Бірақ, төтеден жазықсыз ешкімнің жағасына жармаспаған екен. Жасыққа түйілгені болған шығар. Өз тұрғыластарының жақсы аяқ алысына жетістіктеріне алдымен қуанды, құрбы-құрдастарының дер кезінде танылуына мұрындық болды. Кейін де олар туралы емірене естелік айтты Әдебиеттің елең еткізер табыстарына енжар қараған емес. Өзін сүйсіндірген жас қаламгерлерге, қалтарыста қала бастаған қастерлі тұлғаларды көзден де, көңілден де қағыс қалдырмауды борышым деп есептеп өтті. Өнер адамын жылы лебіз, орнықты пікір өсіретінін қаламына бағдар етті. Тегеуріні мықты, тілі айшықты, сезімі сарабдал еді. Алдындағыларды айбынтып, артындағыларды қаймықтыратын пәрмен мен әлуетке ие болғанын мойындайтын кез келгендей. Қисынын тапқан ой иірімі, сезім үйірімі, сөз кестесі мен дестесі, тереңнен тартатын таңдайды қуырып айтатын Рекеңнің өнегесінен үйренеріміз жетерлік.
Артында бітірген ісі, көп көңілінен шыққан үлгісі, үздік өнері, талантты шәкірттері қалғанына шүкірлік дейміз. Ең бастысы қадірін білетін қауымы, қасиетін ұлықтар ұлты бар. Көшелі ғалым, өнегелі зерттеуші хақында әлі де талай тұщымды сөздер айтылатынына сенім мол.
Өмірхан Әбдиманұлы,
филология ғылымдарының докторы,
профессор
ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ
Өмір-тіршіліктің қым-қуыт, асығыс-үсігіс тірлігімен жүріп, айналаға байыптаап қарауға да мұрша болмай кейін сол бір сәттерге өкінетін де жайттар көп болады. Шіркін-ай сол бір сәттер қайта оралса, бәрі басқаша болар еді деген ойға қаласың. Оған уақыт зымыран тоқтар ма... Зырылдап шыр айналған дүние ерік берер ме?! Адамды өкінішке орар сондай бір сәтті мен Рымгали Нұрғалидай арыс азамат дүниеден өткенде кештім... Бүкіл дүние бір мезет тыныс алмай, тұншығып қалғандай болды маған.
Алдында біраз күн бұрын ғана телефон арқылы сөйлескен едік. Мені кафедра меңгерушісі болуыммен құттықтап, ол орынның қадір-қасиетіне тоқталып, ағалық ақыл-кеңестерін берген-ді. Ұстазым Тұрсекең туралы інілік әзіл-қалжыңы аралас назын айтып, соннан соң бір өтінішін орындауымды сұранған-ды. Рекеңнің өзі тапсырма беріп тұрғанда, бізде жан қалама, өтінішін бір екі күнде орындап тастағанбыз. Сол екі арада шет елге демалуға кеткенін естіп, келгеннен соң, алдында бір мақтанып қалуды ойлап жүрген жайымыз бар еді. Естіген суыт хабар тіптен есімізді шығарып жіберді. Біраз ес жинап, өзімізге келген соң өткен күндер елесі санамызды шарлап, жақсылы –жаманды біліскен жайлар көз алдымыздан тізбектеліп өте берді. Рекеңнің азамат-ғалымдық тұлғасы бұрынғыдан да тұлғалана биіктеп, әдеби-ғылыми еңбектерінің мәні мен маңызы айшықтала түсті.
Аралас-құралас болған жайлардың қызығы мен өкінішін еске алып, өткенді шолып, кейінгіге үлгі болар өнегесін алға жайсақ деген ой кесе-көлденеңдей берді. Ғұлама ғалым еңбектерінің өзіміз таныған асылын алға жайсақ деген ой келді. Қолға қалам алып, ой толғауға ден қойдық.
Иә, кеше ғана өзіміз жанында жүргенімізді мақтан тұтатын аз жақсының бірі қазақтың арыс азаматы Рымғали Нұрғали аға болатын. Рекеңді бір кісідей білем десем, еш жалғандығы жоқ... Кездесе қалсақ, жылы ұшырап, әңгімелесе қалсақ, ой-пікір бір жерден шығып, сырласа қалсақ, жанымыз жадырап қалар жайы бартын. Әрине, Рымғали ағаның азаматтық тұлғасы, ұстаздық ұлағаты, ғалым ретіндегі әдеби-ғылыми ізденістері туралы аз жазылған жоқ. Біздің мақсат – өзіміз куә болған жайттар негізінде азаматтың асыл қасиеттерін асқақтату. Ғұлама ғалымның соңғы кезде жазылған еңбектері төңірегінде келелі ой толғау. Біздіңше осы соңғы еңбектерде ғұламаның алашшыл рухтан нәр алған, әдебиеттану ғылымын ардың ісі деп білген азаматтық болмысы жатыр.
Рымғали Нұрғалиді алғаш сон-а-ау ХХ ғасырдың 70-жылдарының орта тұсында көрдім. Жоғарғы оқу орнына жаңадан түскен сары ауыз шәкірт болсақ та, мақалаларын үзбей оқып, кітаптарына тұщынып жүрген кез еді бұл. Біз оқуға өмір көріп, есейіңкіреп келген едік. Дегенмен де студенттің аты студент. Алғаш келгенде кімдер сабақ жүргізеді екен деп сабақ кестесіне таласа-тармаса қарап, көп нәрсені таңсық көретін әдет бар. Сонда бір байқап қалғанымыз өзімізге өте жас боп көрінетін Рымғали ағайымыздың жоғарғы курстарға арналған сабақ кестесіндегі аты-жөні тұсында ғылым докторы деген анықтама тұратын. Біраз күндер өткен соң, сабақ кестесі ауысқанда қарасақ, филология ғылымдарының кандидаты, доцент деген анықтама жазылып қалыпты. «Бұ несі екен?..» деп, жоғарғы курстардағы «данышпандардан» сұрастырғанда барып көп нәрсенің жайына қанықтық. Ғылым жолының «инемен құдық қазғаннан» да қиын екендігін сонда көңілімізге бір түйгенбіз. Не дегенде де, құдықты инемен өзің қазасың ғой, ғылымды «қаздырмайтындар» да бар екен. Әлі сабақ бере қоймаса да, сырттай жақсы көретін ұстазды әрі аядық, әрі ол кісіге деген жүрек жылылығы бұрынғыдан да арта түсті.
Құдай берем десе, оңай ғой. Бір күні екінші курста ғой деймін, жоғарғы курста дәріс оқитын Рекең бізге «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» пәнінен Сейділдә Ордалиев ағайымыздың орнына сабақ өткізуге келді. Ана кісінің бір жағдайы болып, өтінген соң кірген болуы керек. Көп нәрсенің көзі ашылмай тұрған, ұстаздар аса шешіле бермейтін кезең емес пе?.. Рекең ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің өзекті мәселелері туралы келелі ой қозғап, Шәкәрім, Мағжан туралы сипай ғана әңгімелеп, бір-а-аз нәрселер айтты. Бір сәт өзінің тым тереңдеп кеткенін байқап қалды ма, дәрісін кілт тоқтатып: «Араларыңда ақын бар ма?» деп сұрады. Арамыздағы Бақытжан Райысова бастаған «ақиық» ақындарымызды алға шығардық. Ұстаз олардан өлең оқуын өтінді. Ақындарымыздың ұяла-ұяла оқыған өлеңдерін біраз тыңдап алып, ақындық болмыс, ақын табиғаты, талантты уақытында тану туралы толғана сөйлеп, тебіреніске толы ойлар айтты. Алдыңғы курстардан Рымғали ағаның дәрістерінің кереметтігі туралы көп естіп жүрген біздер өзін дәрісханада көріп, сөзін тыңдағанға дән риза болдық. Бір ғана сабақта көп жайдың басын ашып, білімі мен білігіне біздерді тәнті етіп-ақ тастады. Сол күннен бастап біз ұстазбен жүздесер алғы күндерді асыға күтіп, шығып жатқан кітаптарын іздеп жүріп оқитын болдық.
Бір өкініштісі мен Рымғали ағаның соңғы курстарда оқитын дәрістерін тыңдай алмадым. Өйткені, келесі жылы МГУ-ге ауысып, Мәскеу кеткен едім.
Мәскеуден Жезқазған барып, онда бір-екі жыл қызмет істеп, Алматыға оралған соң, мен ҚазМУ-ге оқытушы болып орналастым. Рекеңмен қасиетті қарашаңырақта жиі кездесіп, сұхбастасып тұрудың орайы осылай келгенді.
80-жылдардың аяғына таман «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп» ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялылары мен әдебиет арыстарының еңбектері ғылыми ортаның зерттеу нысанына айнала бастады. Қазақтың ардақты азаматы, ұстазым Тұрсынбек Кәкішұлы аспирантура шақырып, Шыңғыс Айтматов шығармашылығынан тақырып беріп, жұмыс жасатып жатқан Зекеңнен (академик Зейнолла Қабдолов) тартып алғандай болып, сұрап алып, басымды ала қашқан «байбаламыма» қарамай, әкеліп қазақ әдебиетінің «ақтаңдақтарына» салып жіберді. Сөйтіп бізде алашшыл әдебиет жайлы зерттеуге кірісіп, Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығы туралы тақырып алып, ізденіс жолына түстік.
Бұл кезде Рекең ХХ ғасыр әдебиетінің білгірі ретінде әдебиетіміздің «ақтаңдақтарын» аршуға ертерек кірісіп, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжандардың шығармашылығын тыңнан зерттеу, М. Әуезовтің шығармашылық болмысының жаңа қырларын ашу бағытында біраз жұмыстар атқарып тастаған-ды. Ол кісі жетекшімнен кейінгі бірден-бір пікірлесетін ақыл-кеңесшіме айналды.
Шындығында, алаш азаматтарын ақтау туралы алғаш сөз қозғап, пікір тудырған, олар ақтала салысымен ұлт ардақтылары туралы үлкенді-кішілі мәселелерге араласып, уақытқа сай азаматтық жүк көтере білгендердің бірегейі – атақ-даңқын тізбелесең, бір кітапқа жүк болар академик Рымғали Нұрғали.
Иә,бүгінде естен шыққан «ескі сөзге» айналған кешегі «Қайта құрудың» заманында әдебиеттануды әлемдік ілімнің ғылыми-теориялық тұғыр-тұжырымдарымен ұштастыра отырып, ұлттық танымға негіздеуге бет бұруды алғаш көтергендердің бірі де осы Рекең еді. 80-жылдардың аяқ тұсындағы ол кісінің әдебиеттегі «ақтаңдақтарға» қатысты мақалаларындағы тың ғылыми-теориялық тұжырымдамалары мен өміршең ой-пікірлері бағдарлық сипат танытып тұратын.
Сол кезеңнен бергі уақытта ғалымның Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек жайлы жазған топтама мақалалары қалыпты қағидалар шеңберінен шығып, ұлттық танымның өзіндік жаңа арнасын ашты. Кезінде қайта түлеген ой-сана көшін бастаған бұл мақалалардың ұрпаққа ұлағаттық жол тартқан асыл міндеті әдебиеттегі ұлттық рухтың көркемдік қуатын тану мен таныту болатын. Бұл ұстанымға ғалым үлкен дайындықпен келген-ді. Сонау социализм дәуірлеп, коммунистік идеология белең алып тұрған белгілі кездің өзінде шын зерттеуші, таза ғалым ретінде Рекең кеңестік өкіметтің ұлттық саясатымен сиыспайтын Алаш ұранды әдебиетті шырақ ала жүріп іздеп, қолы жеткенін қадала оқып, керектісін көкей түпкіріне қазына етіп жинай берді. Бұған дәлелді алыстан іздемей-ақ, ғұлама ғалым Бейсенбай Кенжебаевтан тәбәрікке алған Ахаңның «Әдебиет танытқышын», Сапарғали Бегалиннен қиыла сұрап алып, қызыға оқыған Мұхаңның «Қилы заманын» атасақ та жетіп жатыр.
Ендеше, қолда барды қаужай бермей, қияндағы құпияға қаныққан сол бір тұстарда жүрегі қаяулы болғанымен, көкірегі ояулы жас ғалымның азатшыл рухтағы әдебиетпен ертеден етене таныстығына күмән болмаса керек-ті. Ынталы жүректің қалауымен оқығанды көңіліне ықыласпен тоқи білген көреген ғалым күні ертең керегіне жарар ой-пікірлерді сырт көзден тыс жерде ақ қағазға түсіріп жүргенін де жоққа шығаруға болмас. Арыстарымыз ақтала салысымен көкейкесті мәселелерді алға тартқан салмақты да салиқалы мақалалардың бірінен кейін бірі тізіле жарық көруінің бір сыры осында жатса керек.
Ол сырлардың «құпиясын» білуге мына бір жайлар себеп болып еді. 80-жылдардың басында Рекең менің бажам көрнекті математик ғалым, ұзақ жылдар механика-математика факультетінің деканы болған Есентай Рахымұлы Рахимовпен Оқу министрлігі берген үйде бірге тұрған құдайы көрші болды. Рекеңнің пәтері төртінші қабатта, Есағаңның пәтері бірінші қабатта болатын. Екеуі екі саланың ғалымдары болғанымен, көңілдері жақын азаматтар еді. Олардың кейде дастархан басындағы, кейде қыдырыстағандағы сұбхаттасуларына бірде кездейсоқ, бірде арнайы шақырылып, ортақтас болып жүрдім. Бұрын сырттай бақылаушы болсам, осы тұстарда мен Рымғали ағаның адами-азаматтық қасиеттерін айқын тани алдым десем, өтірік айтқандық емес.
Есағаң жаратылыстану бағытындығы ғалым болғандықтан да Рекеңнен руханиятқа қатысты мәсселелерді көп сұрастыратын. Өз ортасында көп ашыла бермейтін Рекең көңілі жақын дос көршіге көп жайды ағынан жарыла әңгімелейтін. Кейде бізде өз көкейімізді түрткен көп түйіткілді алға тартып қалатынбыз. Ондайда Рекең көзін төңкере сынай қарап алып, қойылған сүраққа нақты жауап беретін-ді. Бір байқағаным, Рекең ешуақытта біреу туралы жаман сөз айтпайтын-ды. Ол кісі негізсіз ғайбатқа жоқ еді. Не айтса да шындықты етіп, дәлелмен сөйлейтін. Қазақтың небір айтулы азаматтарымен аралас-құралас болған адам ғой, шешіле сөйлесе, талай сырды тереңнен тартып шығарар еді. Әдебиетке жетіктігі екібастан, тарихқа да, тіпті руханияттың қай саласынан да білгір еді. Қызықты әңгімесін таңдай қаға тыңдап, рахаттанып қалушы едік. Бірде әдебиет тарихына қатысты келелі әңгіме қозғап отрырған сәтінде Рекеңе көкейде кқптен жұрген Шәкәрім туралы сұрақ ұойып ұалдым. Мұның екі түрлі себебі бар. ҰазМуде оқып жүрген кезімізде Сейділдә Ордалиев ағамыз ол кісі туралы іліп-шалып бірді-екілі әңгіме айтқан-ды. Кейін Мәскеу барғанда сондағы қазақ студенттер арасында Шәкәрімнің, Мағжанның тамаша-тамаша өлеңдері ротопринттік әдіспен көбейтіліп тарап жүр екен. Сейдағаңның әңгімесі бар, әлгі өлеңдер керемет болғандықтан Шәкәрімге тәнті болып қалған жай бар еді. Ол тұста Қазақстанда Шәкәрім туралы сөз де айтылмайтын, аты да аталмайтын. Сонда Рекең тістеріңнен шығармаңдар дегендей белгі беріп алып, Шәкәрімнің өмірі, ақындығы, өлімі жайлы көп жаттың бетін ашып берген болатын. Сол Шәкәрімді өлтірген Қарасартовтың Шәкәрімді ақтауға көп қарсылық көрсетіп келе жатқандығын да айтқан еді. Сонда мен Рымғали ағайдың алашшыл әдебиетті терең білетіндігіне көзім нақты жеткен-ді.
Алаш әдебиеті туралы телегей теңіз теңдес толқынды ойларын толымды мақалаларында толғап, алаш әдебиеті өкілдері шығармашылығына олардың энциклопедиялық сипаттағы жинақтарын шығару арқылы дендеп бара алған зерттеуші, енді өзге бір қиырға бет түзеп, абыройлы міндетті қолға алады. Ол – бұрынғы зерттеулерінің ХХ ғасыр әдебиетіне қатыстысын іріктеп алып, жаңа ізденістеріндегі өткен ғасыр әдебиетінің өзі аршыған «ақтаңдағын» ғылыми зерделеуден қайыра бір өткізіп, әдебиеттегі рухани үндестікті, идеялық бірлікті, сан қилы көркемдік әдіс-тәсілдер мен ағым-бағыттар тоғысын саралау арқылы ғасырлық әдебиеттің тұтас күйіндегі ұлттық келбетін айқындау.
Ғалымның бұл бағыттағы іргелі істерінің қортындысы іспетті еңбегі – «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» (2002) атты кітабы. Ол – әдебиетіміздің «ақтаңдағына» айналған ақын-жазушылар шығармашылығын уақыт талабына сай тану арқылы ХХ ғасыр әдебиеті көрнекті тұлғаларының әдеби мұраларын тұтас бір көркемдік құбылыс ретінде қарау концепциясын ұсынған кең іргелі зерттеу.
Кітаптың құрылымдық жүйесі шартты түрде үлкен екі бөліктен тұрады. Жұматқа (Шанин) дейінгі бөлікте қайта қауышқан арыстар шығармашылығын танып, талдау мақсат тұтылса, екінші бөлікте әдебиетіміздің сол арыстарға өкшелес шыққан алыптары, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің әлемдік деңгейге көтерілуіне өлшесіз үлес қосқан сөз зергерлеріне арналған. Бұларды бір желіге біріктіріп тұрған «тартылыс күші» – көркемдік әлем тұтастығы мен ұлт мүддесін алға қойған мақсаткерлік.
«Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» – ұзақ жылғы ізденістің, көз майын тауыса жүріп арыстар шығармашылығының тұңғиығына сүңгіп, тұнығынан маржан терген еселі еңбектің жемісі. Сондықтан да кітаптағы әр тарау белгілі бір шығармашылық тұлғаның әдеби әлемін нақты да айқын танытады.
Мысалы, кітаптың беташары іспетті Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына қатысты «Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған» атты тарауда ұлтымыздың рухани ұстазына айналған Ахаң шығармашылығының күрделі құбылыс ретіндегі көркемдік-эстетикалық мәні толық ашылған деуге болады. Өйткені мұнда А. Байтұрсынұлы поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық, күрескерлік ойды оятар азатшыл сарынның ұлттық рухтық сипаты, тіл қолданысының көрнектілік қасиеттері терең талданып, кеңінен толғанған. Ғалым Ахмет Байтұрсынұлының рухани көсем ретіндегі тұлғасын тануға көсемсөздік мақалаларынан бастап, теориялық еңбектеріне дейін түгел қамтып қарастыру арқылы қол жеткізген. Мәселен зерттеуші Ахмет ақындығының көшбасшылық қасиетін былайша түйіндейді: «Екі жинақ – «Қырық мысал», «Маса» қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен, өрнектермен байытты; Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты, заман талабына сай жігерлі поэзия туды, бұдан кейінгі талантты ақындардың жаңа буыны тарам-тарам жүлгелерді тереңдетіп жалғастырып әкететін болады» («Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры», 18 бет).
Зерттеу еңбекте Ахметтің әдебиет теориясы саласындағы ұлы еңбегі «Әдебиеттанытқыштың» баға жетпес байлығы былайша нақтыланады: «Әдебиеттанытқышта» Ахмет Байтұрсынов әдебиеттанудың әлемдік терминологиялық стандарт деңгейіне көтеріліп, шет сөздерді араластырмай, қонымды, ықшамды, бір-бірімен сабақтас, ұйқас, ұялас ұғымдардың тұтас ұлттық қазақы жүйесін жасап берді» (36 бет). Бір сөзбен айтқанда, Рымғали Нұрғали өз еңбегінде Ахмет Байтұрсыновтай сан қырлы саңлақ дарынның қазақ әдебиеті тарихындағы мәртебесі биік тұғырлы орнын нақты анықтап, тап баса танып көрсетеді.
Ахмет демекші, осыған орай мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Рымғали аға бірде менен: «Өмірхан, осы сенің тақырыбың нақты қалай аталады» деп сұрап қалды. Өйткені мен аспирантураға түсіп, тақырып бекіткен кезде Рекең «Энцклопедияда» басшылық қызметте жүрген-ді. Мен тақырыптың «Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-публистикалық қызметі» деп аталатынын айттым. Сәл ойланып отырды да, тақырып атауын да кемшілік бар екенін ескертті. Тақырыпты не әдеби мұрасына, не публицистикалық қызметіне қатысты алғаның оңды болр еді дегендей ой білдірді. «Әлі де болса осылай түзету енгізу керек, себебі ертеңгі докторлықты да ойлаған жөн. Біріншіден, Байтұрсынов деген қазақ руханиятындағы шеті мен шегі көрінбейтін алып кеңістік, оны бір жұмыста түгел қамту мүмкін емес, шыға алмай малтығып қалуың мүмкін. Екіншіден, кандидаттыққа бір қырыда аздық етпейді, жинаған материалды шашауын шығармай пайдаланып, кейін Ахаңды түгел қамтып жазар докторлыққа жаратуға болады. Сен ҚазМУ-дің филологиясында оқыған, МГУ-дің журналистикасын бітірген әрі әдебиетші, әрі журналистсің ғой, менің ақылымды алсаң, алдымен Ахаңның публистикасын зертте, сонда көп жайға қанығып, кейінгі зерттеулеріңе жол ашасың» деп ағалық та, көреген ғалымдық та ақылын айтты. Бекітіліп кеткен тақырыпты өзгертуге мүмкіндік болмады, таза көсемсөзге кетсек, диссертациялық кеңес бағытына сай келмейтін болып шықты. Бірақ ағаның сол бір ақыл-кеңесінің зерттеу жұмысымызда көп пайдасы тиді. Кейінде бірнеш рет пікірлесіп, көп нәрсені көкейге түйдік. Солардың нәтижесінде Ахаңдай алыптың мұрасы туралы жетекшіміздің алдына 343 бет еңбек қойған едік, риза болған жетекшім қалауынша сызып, 218 бетке түсіріп беріп: «Сызылғандарды да сақтап қой, оларды кандидаттық жұмыстың, көлемінен артық болған соң алып тастап отырмын, кейін керегіңе жаратасың» деп еңбегімді бағалап, арұқамнан қағып еді аяулы ұстазым. Бүгіндегі кандидаттар жазған жұмыстарын белгіленген 125 бетке жеткізе алмай алып келген де, Тұрсағаң осыны үнемі еске алып, ана «жазғандарға» қатты ренжиді. Қос ағаның ақыл-кеңесі, қолдауымен сол жазған еңбектің негізінде Ахаңа қатысты үлкен-үлкен екі кітап жазып шығардық («Қазақ газеті», «Ахмет Байтұрсынұлы»).
Зерттеуде Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, т.б. шығармашылығы терең талданып, сол тұстағы әдеби даму үрдісі бірілігінде қарастырылып, әдеби-көркемдік өсу үдерісіндегі орны мен мәні ашылып, шығармаларының басты құндылықтары туралы ой қорытылған.
ХХ ғасыр әдебиетіндегі арыстарымыз ел-жұртымен қайта қауышқан тұста Р. Нұрғалидің зерттеушілік құлқы ерекше ауған шығармашылық тұлға – Мағжан Жұмабаев. Сондықтан да, мағжантануды биік белеске көтерген санаулы ғалымдардың бірі – Рымғали Нұрғали десек, еш қателеспейміз. Сол себепті де кітаптың күретамыры іспетті тарау – Мағжанға арналған «Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да» бөлікті ғалым толғанысын тебіренбей оқу мүмкін емес. Рымғали танымындағы Мағжан – лирикасында сыр мен сезім тоғысқан, мұң мен жігер шарпысқан, дастандарында ұлттың ұлы рухы көркемдік сиволға айналған өзгеше әлем. Зерттеушінің Мағжантанудағы негізгі табысы – ғұмырбаяндық материалдардың молдығынан емес, ақын поэзиясының мың қыртысы ішкі иірімдеріне үңіліп, сұңғыла суреткердің шеберлігін аша алуынан көрініс табады. «Ақынның ақыны» атанған Мағжан жасампаздығының құдіретін тану – екінің бірі еншілей алмайтын бақ. Мағжантануға таза теориялық білім аздық етеді. Мағжан жұмбағы білім мен білік, талғам мен таным айқұшақ қабысқанда ғана ашылады. Бұлардың Рекең бойында біте қайнасып жатқандығында дау жоқ.
Мағжан шеберлігінің сыры неде?.. Міне, зерттеушілік қызығушылықты тудыратын тылсым дүниенің құпиясы осы сұрақ астарында жатыр. Сондықтан да ғалым Мағжан әлемін ашу үшін алдымен оның өлең өрнегіндегі өзіне ғана тән қасиеттерді нақтылап алады.
Мағжанды біз көбіне сырлы сезімнің, асқақ махаббаттың жыршысы ретінде танимыз. Мөлдір сезімді төгілдіре жырлайтын Мағжан сыршылдығының сыры неде?! Бұл сұраққа зерттеуші: «Мағжан поэзиясының мәңгі өлмес ұрпақтан ұрпаққа жалғасар алтын көпір, асыл қазына, інжу-маржаны – махаббат, сүйіспеншілік, ғашықтық стихиясының сан алуан тылсым, жұмбақ күйлерін шерткен, терең ақындық шабыттан толқып туған, адам жүрегінің мың сан дірілін шеберлікпен бейнелеген, ішкі мазмұны мен түр кестесі жымдана ұласқан, ықшам, жинақы, жұп-жұмыр жауһар дүниелері» (99 бет), - деп, өте дәл әрі нақты жауап қайтарады.
Мағжантанудың күрделі мәселелерінің бірі – ақынның эпикалық жанрдағы дүниелерінің көркемдік жетістіктерін танып-білу, оларды қандай талаптар тұрғысынан зерттеу қажеттігін айқындау. Бұған байланысты Р. Нұрғали аса бағалы екі шешімді алға тартады. Біріншіден, «... Еуропа, орыс әдебиетіндегі ізденістерді, бағыттарды ұлттық топыраққа батыл да еркін ендірген Мағжан эпикалық жанрдағы поэманың ықшам формаларын қалыптастырды» ( 102 бет). Екіншіден, «Ішкі мазмұн тұрғысынан келгенде бұл шығармалардың бәрінде де халықтық аңыз, тарихи дерек үлкен көркемдік идея тұрғысынан қайта құрылып, ежелгі әңгіме, миф сарындары өзгеше құбылып, эстетикалық игіліктер жасалды» (102 бет).
Ғалым Мағжанның поэма жанрындағы көркемдік жетістіктері тақырыптық ізденістеге орай ойластырыла өрілетіндігін де назардан тыс қалдырмайды. Ол осыған тікелей байланысты болып келетін ақын поэмаларының басты белгілерін нақты атап көрсетеді. «Ең бастысы, - дейді зерттеуші, ақын ықшамдық, сұлулық, философиялық талаптарды, бейнелілік, суреттілік шарттарын бірінші қатарға шығарады» (103 бет). Міне, осынау қасиеттерден келіп Мағжан поэмасында әр тақырып өзіне ғана тән аяда жырланып, мазмұнды ашар тақырып тыңнан туған көркемдік әдіс-тәсілдер арқылы айшықтала түседі. Зерттеуші танымына дәру болған Мағжан шеберлігінің сыры да осында! Рекең Мағжан шығармашылығымен ол ақталғаннан кейін ғана емес, кеңестік кезеңнің кер заманында-ақ таныс болатын. Оған дәлел – мен куә болған төмендегі оқиға.
Мәскеуде оқып жүрген кезімізде ҚазМУ-де орыс әдебиеті тарихынан дәріс оқыған, жас та болса, сыйлайтын ұстазымыз, дүниеден ерте озған марқұм Жәнібек Жайықұлы Бектұров білім жетілдіру жөнімен МГУ-ге келе қалды. Бұрыннан да жақсы пікірлес едік, алты айдай бірге жүріп, дос болып кеттік. Бір күні Жәкең Мәскеудегі қонақ үйдің бірінде Рекең жатыр, барып сәлемдесіп қайтайық деген ұсыныс жасады. Бардық. Жәнібек мені мақтай-мақтай таныстырған соң: «Мұнда ауысқаның жақсы болған. Ғылым мен білімнің орталығы ғой. Ақыры келген соң ізденіске бет бұру керек», - деп білім алу, ғылым жолына түсу жайында ой қозғады. Содан соң, Қазақстанда рұқсат етілмейтін көптеген кітаптар мен деректерді мұнда еркін пайдалануға болатынын ескертіп, соларды іздестіруге қатысты бағыт-бағдар берді. Шындығында кейіннен МГУ-дің Горький атындағы және Ленин атындағы Орталық кітапханалардан Рекең ақылымен қазақ әдебиетіне, қазақ тарихына қатысты Қазақстанда сирек кітаптар қорында сақталып, студент тұрмақ ғалымдардың қолына тимейтін көптеген еңбектерді (олардың ішінде алаштықтар да бар) тауып оқып, олардың біразын әйтіп-бүйтіп ротапринтке түсіріп алдық. Қайтар кезде Рымғали аға Москва түбіндегі бір демалыс үйінде Мұстай Кәрімнің жатқандығын айтып, мүмкіндіктерің болса ертең барып сәлемдесіп, жолығып қайтайық деген ұсыныс жасады. Біздер қуана-қуана келістік. Ертесіне келісілген уақытта Мұстай Кәрімге сәлем беруге бардық. Ол кісі Рекеңді ескі достарындай қарсы алды. Әрине, үлкен жазушы мен әдебиетші ғалым кездескен соң, әңгіме руханият, әдебиет жайлы болары белгілі. Көп әңгіме айтылды. Біз ағаларға қызмет көрсеттік. Сонда бір нәрсе менің есімде қатты қалып қойды. Бір сәт Рекең Сәйфи Құдаш ақсақалдың халін сұрап қалған-ды. Содан сөзден-сөз туындап Сәйфи Құдаштың Мағжан есімін ақтауға деген еңбегінің мәні мен маңызы, Бейсебай Кенжебаев пен Хайрулла Махмудовтың Сәйфи ағаның Қазақстанның Орталық Комитетіне жазған хатын арқаланып, Мағжан шығармашылығын ақтауға біраз күш салғаны, бірақ нәтижесіз аяқталғаны сөз болды. Сол жерде Рымғали аға Мағжан туралы тебірене сөйлеп, оның өлеңдері туралы орнықты ойлар айтып, «Батыр Баянның» «Жүрегім, мен зарлымын, жаралыға» деп басталатын шумағын жатқа оқыды. Рекеңнің Мағжан ақындығына ғашықтығын сол жолы байқап, атын естісек те, затын байыптамаған ақынға біз де тәнті блып едік.
Кітаптың екінші бөлімінде күрескер ақын Сәкеннен бастап, тарихтың тереңіне бойлап, елдігімізді танытып, ұлттық ой-сананы оятуға аз үлес қоспаған Ілиясқа (Есенберлин) дейінгі әдебиетіміздің өсу жолы әдебиеттің ардың ісі деп білетін ғалымның азаматтық ар-ожданынан жаралған пәк пайымы арқылы ыждахатты сараланған деуге болады.
Ғалым кешегі Алаш ұранды әдебиет өкілдері мен кейінгі толқын арасындағы саяси-әлеуметтік көзқарастар қайшылығы, еріксіз ерген «идеологиядан» тыс көзе көрінбес, көкірек сүйсініп, жүрекпен сезілер көркемдік тұтастықтың сыр пернесін баса алған. Ол осы екі толқынды жалғастырып тұрған олардың өнери жасампаздықтарындағы рух пен идея, бағыт пен нысананың ұлт мүддесі тұрғысынан келгендегі біртұтас бірлік деп біледі. Ендеше ғалымның ғасыр әдебиетін түгендей, түптей қарастыруының мәні мен маңызына осы қисын қағидасынан келген жөн. Шәкәрімнен Ілиясқа дейінгі әдебиетті тұтастырып тұрған алтын қазық – ұлттық рух. Зерттеуші өзі алтын ғасырға балаған әдебиеттің ортақ бірлігін осыдан іздеген. Сол арқылы кейбір тұстарда үзіліп кетіп, қайта жалғасын тауып, өнеге өрімінен жаңылмаған әдебиетіміздің тұтастығы саяси-әлеуметтік өмір қайшылықтарынан емес, шығармадағы көркемдік шындықтан көрініс тапқандығын үлкен білгірлікпен көрсетіп берген. Бұл – аталмыш зерттеу еңбектің басты жетістіктерінің бірі. Автор қазақ әдебиетінің өзіне ғана тән ұлттық табиғатын, әдебиеттегі ұлттық рухты, ақын-жазушыларды біріктірген ұлттық мақсатты сан қилы шығармашылық ізденістер болмысына терең бойлай отырып ашады.
Әрине, жеке-жеке Сәкен, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Ілияс туралы Р. Нұрғали бұрын да жазған-ды. Ал мына еңбекте осынау тұлғалар шығармашылығы бөлінбес бүтіндікте алынып қаралған. Ғалымды олардың жеке алғандағы шығармашылық табысы емес, жалпы қазақ әдебиеті атты арналы ағысқа қатысы, әлемдік үлгідегі озық дәстүрлерді дамытуға қосқан ортақ үлесі қызықтырады. Мәселен автордың М. Әуезов шығармашылығының мән-маңызы туралы мына түйіні бізді осындай ойға жетелейді: «Ұлы жазушының бас шығармасында бейнеленген негізгі тартыс әділет пен зорлық, тұтастық пен алауыздық, білім мен надандық, махаббат пен ғадауат майданында түптің түбінде жарқын өмірдің, нұр сәуленің береке-бірліктің жеңетінін мадақтаған, өзі құлай сүйіп, сол жолда барлық қайрат жігерін, өз талантын, саналы ғұмырын арнаған – қазақ халқының өрісі, келешегі мәңгілік деген асқақ арманды үміттің оты маздап жанып тұр»(«Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры», 482 бет).
Айтса айтқандай-ау, Әуезов шығармашылығы әрбір қазақ жазушысын сөз өнерінің биігіне қанаттандыратын ұлы өнегелікке айналғандығы талассыз шындық емес пе?!
Біздің әдебиеттануымызда М. Әуезов турасында аз жазылған жоқ. Әйтсе де, осы еңбектің екінші бөлігінің басты тірегіне айналған, Мұхтар шығармашылығын түптей тануға арналған «Ей, халық, барым ең сен» тарауының басты жетістігі ұлы жазушының дәуір суреткері ретіндегі табиғаты мен шеберлік ұстаханасының қыр-сырының толыққанды ашылуы дер едік. Мақсат М. Әуезовтің көсемсөзші ретіндегі шығармашылық бастауларынан бастап, қара сөздегі алғашқы тәжірибелерінен көркем сөздің шынайы шеберіне, кең көлемдегі ұлы суреткер ретіндегі сөз зергеріне айналу үдерісін көрсету болып табылған. Сол арқылы М. Әуезов шығармашылық құдіретінің шындығы ашылған. Бұл әуезовтанудағы ірі жетістік. Өйткені бұған дейін ұлы жазушы шығармашылығы тек жеке ізденіс жетістіктері тұрғысынан ғана қарастырылып келген-ді.
Р. Нұрғали Әуезовті қазақ әдебиетіндегі өзіндік көркем-эстетикалық әлем деп біледі. «Әуезов әлемі – Шығыстың алдыңғы қатарлы мәдениетінің тоғысуынан туған дүниежүзілік мәні бар құбылыс. М. Әуезов өнері – қазақ халқының қайта түлеу заманында туған өнер. Бұл бүгінгі ұлттық өнердің көркеюінің тамаша айғағы. Әуезовті терең зерттеп, жан-жақты ұғып-білу қажет» (246 бет), - деп бастайды ғалым Әуезов туралы тарауды. Алдына нақты мақсат қойған зерттеуші осынау жасампаздық құбылыстың құпиясын ашып, көркемдік әлемнің көкжиегіне жетелей жөнеледі. Сөйтіп әуезовтануда жаңа жол ашып, сара бағыт бағдарлайды.
Рымғали ағаның әдебиетке, әдебиеттану ғылымына деген адалдығы адам қызығарлық еді. Бір мысал. 1992 жылы қазақ әдебиеті кафедрасы екіге бөлініп Қазақ әдебиеті атында қалған кафедраны академик Зейнолла Қабдолов, ал одан бөлініп шыққан Қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны кафедрасын Тұрсынбек Кәкішұлы басқаратын болды. Екі кафедра бөлінісі негізінде Тұрсынбек Кәкішұлының кафедрасы ежелгі дәуірден ХХ ғасырдың басындағы әдебиет тарихын қамтыған кезеңге дейін, ал З. Қабдоловтың кафедрасы ХХ ғасырдың 30 жылдарынан аяғына дейінгі кезеңді оқытатын болып келісілді. Алайда біраз уақыт өткен соң Зекең (Қабдолов) өзінің айналасындағылардың түрткілеуімен Тұрсеңкеңнің кафедрасына ХХ ғасырға дейінгі кезеңді қалдырып, ХХ ғасыр әдебиеті тарихын бір бүтін етіп оқытпақ болып түрлі әрекеттер жасай бастады. Осыған қатысты бірнеше пікір алысу, отырыстар, мәжілістер болып жатты. Тұрсекең бұған көнбей біздер кеңес кезеңіне дейінгі әдебиетті оқытамыз, сендер Кеңес дәуірінен кейінгі кезеңді оқытасыңдар деп отырып алды. Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры демекші мұндағы бір айтыс-таласты тудырып отырған мәселе ХХ ғасыр әдебиеті болатын. Қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны кафедрасында бұл кезеңді Сейділда Ордалиев екеуіміз оқитын едік. Сейділда Ордалиев дүниеден өткеннен кейін Зекеңнің кафедрасындағы сол кезеңді зерттеген кейбір жігіттер бұл пәнді өздеріне алып жүргізгісі келген-ді. Олардың айдауына көнген Зекең Абайға дейінгі және Абайдан кейінгі әдебиет деген концепциясын ұсынып, ХХ ғасырдың басын өз кафедрасына алмақшы болды. Алғашында «сендердің кафедраларында бұл кезеңді оқытатын маман жоқ», - деп Тұрсекең бет қаратпай қойғанымен, кафедраға осы тұста Рымғали Нұрғали энциклопедиядан қайта оралған болатын. Енді маман табылды дегендей қазақ әдебиеті кафедрасының жігіттері Рекеңнің құлағын көтеріп, осыны сізге алып береміз дегендей ойлар айтып, екі ауыр сабақты оқытушы ғалымдарды (З. Қабдолов, Р. Нұрғали) өз ойларын жүзеге асыру жолында пайдалануды көздеді. Т. Кәкішұлы бір іссапарға кеткен сәтті пай даланып, Зекең өз жігіттерінің кеукеулеуімен екі кафедраның біріккен мәжілісін жасап, оқу бағдарламаларын бөлісудің мәселесін алға қойып, ХХ ғасыр әдебиетін оқыту мәселесін шешіп алмақ болды. Қызу айтыс-талас болып, әркім өз пікірін алға тартты. Бір кезде тартыстың салмақ жағы ХХ ғасыр басындағы әдебиетті Рекеңнен артық кім оқи алады деген дәйекті алға тартқан Зекеңнің жанындағылар жағына ауа бастады. Осы тұста бірнеше рет өзіндік пікірімді өткізе алмаған мен әдебиетке деген адалдығынан еш айнымаған, әдебиетті дәуірлеудің білгірі деп білетін Рымғали ағаға тікелей қайырылдым.
- Реке, ХХ ғасыр басындағы әдебиетті сізден керемет оқимын дей алмаймын, сіздің бұл кезеңнен білетініңіз де, біліміңіздің де зор екенін мойындаймын. Бірақ әділдігіне жүгінсек, сонау арғы дәуірлерден сабақтасып келе жатқан әдебиеттің өзіндік даму жүйесі бар емес пе? ХХ ғасырдың басындағы кезеңге дейін әдебиетіміз ұлттық дәстүрлі арнарар негізінде дамып, біртіндеп жаңа бағыттар ашылып келе жатқан жоқ па? Мәселен, Абай бастаған ағартушылық әдебиеттің ұлт азаттық әдебиетке айналу процесі ХХ ғасырдың басында айқын көрініс таппай ма? Оны өзіңіз алашшыл әдебиет деп жүрген жоқсыз ба? Ал кеңестік кезеңде әдебиет басқа арнаға бұрылып, бүкіл мән-мазмұны өзгеріп кеткен жоқ па? Ендеше әдебиет тарихы кафедрасы әдебиеттің тарихын Кеңес әдебиетіне дейінгі кезеңді оқытып, қазіргі әдебиет пен әдебиет теориясын оқытуға ыңғайластырған қазақ әдебиеті кафедрасы оқытса әдебиет тарихын оқытудың жігі нақты айқындалмай ма? Неге болмайтын жерлен дау шығарамыз. Тұрсекең жоқ жерде сізге жүгініп отырмыз. Адалын сіз айтыңыз, - дедім. Бағана бері айтыс-тартысқа араласпай ой үстінде отырған Рекең қара қылды қақ жарған әділетшіл мінезін нақты көрсетіп, өзінің беделін пайдаланып, буынсыз жерге пышақ ұрып, жоқтан дау шығарып отырған Зекеңнің қасындағы кейбіреулерге тіксіне қарап:
- Жігіттер, мені арандата жаздаған екенсіңдер. Қашанда әділдікке жүгіну керек. Әдебиет жұлмалауға келмейді. Екі кафедра өз бағыттарын айқындап алып барып бөлінген екен. Ендеше не талас бар. Ежелгі дәуірден ХХ ғасырдың басына дейінгі кезең жүйесін бұзбас тарихи-әдеби процесс. Ал кеңестік кезең жаңаша көзқарасты, жаңаша танымды қажет ететін әдеби-тарихи процесс. Ендеше, әр кафедраның өзіндік дәуірі, кезеңі болуы керек. Әдебиет тарихы кафедрасы ежелден ХХ ғасырдың басына дейінгі кезеңді оқытуы тиіс. Ал қазіргі әдебиет пен әдебиет теориясы біздің кафедраның еншісінде болуы керек. Менің айтарым осы. Құрыққа сырық жалғамаңдар, - деп әділін айтқан-ды. Сөйтіп ділі таза Рекең әділдіктің ала жібін аттамай, бар мәселені шешіп беріп еді. Қайран, ақ жүректі азамат-ай! Өзім деп өзеуремей, әдебиеттану үшін әділетке тақ тұрып, ақ жолды айқындап бергеніне қалай риза болмассың! Ол да бір уақыт ырысы екен-ау...
Мен Рекеңмен қызмет бабында ғана кездесіп қоймай, бірнеше рет сапарлас та болғанмын.. Солардың ең бір есте қалғаны 1996 жылы болған сапар. Сол жылы біз Семейдегі Аягөзге ХХ ғасыр басындағы көрнекті ақынымыз Әріп Тәңірбергеновтың 140 жылдығын тойлауға бардық. Алматыдан қазақтың бір топ зиялы азаматтары барды. Ішінде Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғалиев, Қабдеш Жұмаділов сынды үлкен ағалар мен марқұм Ғабиден Құлахметов (жазушылар одағының хатшысы болатын), Тұрсын Жұртбаев сынды алқалы азаматтар бар. Аягөзде екі күн дүрілдеген дәстүрлі той өтті. Талай қызықтар болды. Қайтар күні Әріп тойын тойлауға келген делегацияны ауданның бұрынғы әкімі ... үйінде күтті. Керемет мәжілісті дастархан болып, ойлар айтылып, сөз сөйленіп, ән айтылып, күй тартылған керемет отырыс болды. Гу-гумен отырған жұрт бір-біріне сөз беріп, бәрі сөйлеп болған қайтар уақыт та жетті. Қоштасар тұста мен арқа елі жігіттерінің өзді-өзі сөйлеп, мені ұмытып кеткендерін еске салып, қазақтың бір әдемі қалжыңын айттым. Осы кезде өздерінің той төрінің ең қадірлі, құрметті қонағы болған Рекең өздерінің қателік жіберіп алғанын біліп, алды сыртқа шығып, аяқ киімін киіп жатқан жұртты қайта дастарханға шақырып;
Әй, бала-ай, біз өзді-өзіміз болып аға баласын ұмытып кеткен екенбіз. Мұнымыз қателік. Әркімнің өз орны бар. Дастахан басына оралып бәріміз Өмірханның сөзін тыңдаймыз, - деп әзіл-қалжыңы аралас, маған сөз берді. Осы бір көрініс менің есімде мәңгілік жатталып қалды. Былай қарасаң елді қайта жинап шақырып алатындай мен кім едім. Бұл Рекеңнің көрегендігінің, үлкенге аға, кішіге іні бола білгендігінің көрінісі емес пе? Менің үлкен ата баласы екенімді ескеріп, сол дастарханның соңғы сөзін маған айтқызды. Вокзал басына келіп пойызға шығарда мен біздің елдің салт-дәстүрін еске салып, Ғабиденге әзілдіп қалжың айттым. Өйткені олар бізді құр шығарып салып тұрған. Ғабиден дереу бәрін дайындатып, керек жарақтың бәрін алдырды. Сонда Рекең:
- Әй, Ғабиден, шығарып салудың жөн-жобасын нұсқаған Өмірхан. Өзің қалып барасың. Жолбасшылықтың тізгінін осыған тапсыр, - деді. Ғабиден маған бәрін өткізіп, қоштасып қала берді. Семейден Алматыға келгенше ұстаздар мен ағалардың жағдайының жақсы болуын қадағалап, Алматыға аман-есен жеттік. Менің жолбасшылық қызметіме риза болған Рымғали аға кездескен жерде үнемі сол бір сапарды еске алып, «жол жүрсең Өмірханмен жүру екерек» деп айтып отыратын. Бұған Тұрсынбек аға да, Тұрсын замандас та куә. Қазір сол күндер еске түссе, көзіңе жас келеді. Дүниенің өтпелігіне деген өкпенің, ағаға деген сағыныштың жасы ғой. Амал нешік, уақыт-зымыран өз дегенін жасап-ақ жатыр...
Жалпы алғанда, академик Рымғали Нұрғалидың «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атты зерттеу еңбегі– ізденімпаз ғалымның бір ғасырлық қазақ әдебиетінің даму жолын белгілі әдеби тұлғалар шығармашылығын жеке-жеке алып және әдеби шығармашылық ізденістің ортақ бірлігін түптей қарастырған жүйелі зерттеу. Мұнда ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің әлемдік көркем ой-жүйедегі алар орны мен мәні айқындалып, жоғары эстетикалық құндылықтарды танудың құпиясы ашылған.
Иә, ғылымға деген құштарлығын білім мен ғылымның алтын ұясы бір кездегі ҚазМУ, қазіргі ұлы ойшыл-ғұлама әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оятып, биікке қанат қақтырған, саналы ғұмырын қазақ руханиятын өрге сүйреуге арнаған ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым, қайраткер азамат Рымғали Нұрғалидің ұлт жадында мәңгілік сақталар аз тұлғаның санатына қосыларына еш күмән жоқ. Алаш қайраткерлерін ардақтап, алаш ұранды әдебиеттің ұлттық рухын айқындай алған білімпаз өзі де алаштың арда ұлына айналып, тарихтағы орнын саңлақ санаткерлер сапынан ойып алды. Ғылым жолындағы бейнетті еңбегінің қанша қиналса да зейнетін көрген ғалымның екінші өмірі басталды. Маған ол артында қалған мол мұрасы арқылы көктен өз нұрын аямай төгіп тұрған көк жұлдызындай көрінеді. Құдіреті күшті бір Алла ұлтымыздың кейінгі ұрпағының сол жұлдызды жазбай таныр көкірек көзін кең қылғай!
Зинол-Қабден БИСЕНҒАЛИ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТIНIҢ ТАРИХЫ ЖӘНЕ
АЛАШ ҰРАНДЫ ӘДЕБИЕТ МӘСЕЛЕЛЕРI
(Профессор Р.Нұрғалидiң шығармашылығына орай)
Рымғали Нұрғали — қазақ әдебиеттануының С.Қирабаев, З.Қабдолов, З.Ахметов бастаған көрнектi өкiлдерiн кейiнгi А Қыраубаева, Ж.Дәдебаев, Ш.Ибраевтармен жалғап тұрған аз-кем әдебиеттанушылар арасындағы алтын көпiр iспеттi белгiлi тұлға.
Ұстаз, жазушы, ғалым.
Р.Нұрғали 1968 жылдан, ҚазМУ-дағы ұстаздық қызметiнен бастап студенттер арасында айрықша беделге ие болған құрметтi жан. Р.Нұрғали туралы студенттер арасында мүлде басқа көзқарас, ерекше құрмет қалыптасты. Оның әлденеше себептерi болатын. Бiрi — 1967 жылы "Қазақ әдебиетi" газетiнде жарияланған "Қилы заман" қандай туынды?" деген мақала
Осы жылдарда М.Әуезовтің көпшілікке беймәлімдеу шығармасы туралы әңгiме басталғанмен де ол кезде «Қилы заманды» білетіндер аздау болатын. Ұстаздар тарапынан да онша көп мәлiмет шықпады, тек қана проф.Т.Нұртазин ғана әзiл-шыны аралас әлдене айтқан болады. Сондықтан, 1968 жылы мақала авторының өзiмен кездесу, оның лекцияларын тыңдау миында мың сұрақ жүретiн тынышсыз студенттер үшiн үлкен олжа едi. Екiншiден, Р.Нұрғали лекциядан босаған бойда, болмаса көшеде өзiн қоршаған жастармен қаймықпай әңгiмелесiп жүретiн. Шәкәрiм, Мағжан туралы да там-тұмдап айтатын. Тек қана жан-жағына абайлай қарап қойып тыңдеушылар назарын байқап отыратын.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде Алаш ұранды әдебиет рухы — А.Байтұрсынов пен Ә.Бекейханов, М.Дулатов пеп Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев пен Ж.Аймауытов шығармалары туралы мөлiметтер мен әңгiмелер түрлi үлгiде айтылып жүрді.. Сөз арасында, алуан мақсатты салыстыруларда, кейде шабытты лекцияларда абайсызда айтқансып көпшiлiкке белгiсiз шығармалар мен олардың авторларына қатысты мәлiметтер қозғалатын.
Студенттер арасында да Мағжаншыл, Шәкәрiмшiл, олардың жырларын жатқа бiлетiн ақындар аз болмайтын. Қатал ұстаздардың өздерi де олардың қиғаш сұрақтары мен "қауiптi сөздерiне" кешiрiммен қараушы едi. Көбiнесе күлетiн де қоятын. Тым асып бара жатқанда ғана: "Әй, қоясың ба, жоқ па?" -деп айбат көрсететiн.
Сол Алаш ұранды әдебиеттiң көрнектi өкiлдерi мен олардың шығармаларын жүйелi түрде оқытуды Р.Нұрғали ҚазМУ-да 1987 жылдан бастап қолға алып өткiзiп келдi. 1997 жылы "Санат" баспасынан жарық көретiн "Әуезов жөне Алаш" атты көмекшi оқу-құралы сол кезден басталған ойлардың жиынтығы ғана.
Төмендегi әңгiмелердi бiз негiзiнен осы бағыттағы қаламгер ойларына және жоғарыда аталған "Әуезов жөне Алаш" атты оқу-құралына арнаймыз. Басқа тақырыптарды да ретiне орай қозғап отыратын боламыз.
"Өнердегi ұлттық рухқа арналған еңбегiмдi "Әуезов және Алаш" деп атауға бел байладым", - деп жазыпты қаламгер кiтабының алғы сөзiнде.
Әдебиеттегi ұлттық рух!
Ол өзiне күле қараса да сенің қандастарыңды адам, жұртыңды ел деп есептегеннен гөрi "есалаң" деп ойлайтын өктем ұлт өктемдiгiне қарсылықтан туындайтын қуатты сезiмнiң бiрi ғана. Оны көпшiлiк сезiнедi. Бiреу iштей жәбiрленедi, бiреу оған көнедi, бірте-бірте ерiксiз мойындайды. Өйткенi, әдетте адамды астамшылық пен өктемдiлiкке бастайтын желiк артында оны көтерiп тұрған қуатты қол мен темiр жұдырық, дүлей күш тұрады. Ендеше, оған қарсы тұратын адамның рухы да суарылған болаттай берік болуға тиiс.
Сонау аласапыран, 20 - жылдардың өзiнде бас көтере бастаған ұлттық рух пен дүниетанымды бейнелеуге көшкен қаламгерлер мен қоғам қайраткерлерiнiң ерлiгi — жанқиярлықпен парапар құбылыс.
Р.Нұрғалидiң осыны ұғуына дүниетанымының қалыптасуына көптен факторлар әсер еттi. Соның бiрi, осы — дүлей күшке қарсылық болатын.
Ата-баба аруағы тыным -тапқандай болған киелi Абралыға ел-аман, жұрт тынышта атом бомбасын жарған астамшылықтың алатаяғы дүниеге ойлы көзбен қарай бастаған балаң жасқа — Р.Нұрғалиға ерте тисе керек. Халық жауы атанып ұсталған әкесi М.И.Калининнiң көмегiмен қайтып оралған соң, әңгiме үстiнде осы сипатты ойлар сiлемiне кез тiккендей болып отыратын.
Р.Нұрғали шығармашылығында бәлкім, сондықтан шығар - өнердегi ұлттық рух басты сипат алады. Осы дүниетаным мен көзқарастың өзге мақсаттардан басым түсуiне ұстазы Б.Кенжебаевтың да үлесi аз болған жоқ.. Жас шәкiртiнiң бойынан намысқа толы ерекше қасиеттi байқаған ұстаз С.Шәрiпов шығармашылығы туралы жазуға кеңес берді. Шығармаоарын жинатып, жариялауға жәрдемдесiп, мақала жазғызды.
Әдебиеттегi ұлттық рух!
Бұл - басынан бостандығы таймаған қуатты елдер үшiн кәдiмгi, күнделiктi нәрсе. Ағылшын, француз, немiс т.б. елдер әдебиетi оны ешқашан бiздегiдей еткiр сезiнген емес. Соның өзiнде де Еуропалықтар соңғы жылдарда Америка Құрама штаттары салт-санасының ұлттық менталитетке керi әсерi туралы жаза бастады. Ал бiзде мәселе мүлде басқаша қалыптасты. Ойлана қарасақ, совет үкіметі ұлттық рухты жоюды мақсатты түрде жоспарлаған. Алғашқы кұндерінен бастап-ақ «ұлтшылдық» деген сөзді рухы берiк жандарды басып, жаншып, жойып жіберу үшiн саналы түрде қолданған. 20 ғасырдың ар жағында да, бер жағында да бұл мәселе, оған дейiнгiдей өткiр қалыпта қозғалған емес. Нақты ұлттың тұрмыс-салтындағы қалыптасқан тұрақты, дәстүрлi белгiлердi бұзып беймәлiм, жат жаңа қатынастар мен үлгiлердi күшпен таңу тектi халықтың ашу-ызасын, қарсылығын, туғызатын нәрсе.
Қазақ әдебиетiнде осы қарсылық "Зар заман" әдеби ағымы түрiнде көрiнiс тапты. Бұл процестiң прогрессивтi де, регрессивтi де беттерi болады. Болашаққа ұмтылған халықтың өз дамуына кедергi болған "көненi" лақтырып тастауы, одан босағысы келуi түсiнiктi жай. Ал отарлық жүйеде ол мүлде басқа заңдылықтарға тәуелдi болады. Отарлаушы мемлекет үшiн отар елдiң халқынан гөрi, байлығы, жерi ғана қымбат.
Р.Нұрғали ез зерттеулерiнде осы басты мәселенi жоғары қойды.
А.Байтұрсынов пен Ә.Бөкейхановтың және М.Дулатовтың қазақтың бостандығы мен болашағы үшiн саяси қүреске араласуы, отарлаушы Ресей мемлекетiнің мiнбелерiн қазақты ата-қонысынан ығыстырып, қырып-жойып бара жатқан қанқұйлы зорлықты әдем алдында әшкерелеу үшiн пайдалануы айта қаларлықтай жайлар. Олардың мақалалары сол кездегi орыс тiлдi салмақты, сауатты басылымдарда жарияланып, Ресей ішінде ғана кең таралған жоқ, әлемдік айдынға шықты.
А.Байтұрсынов - қазақтың тiл ғылымын, әдебиеттануын қалыптастырып, дамытып, қоғамдық санаға қозғау салды. М.Дулатов «қазақты оянуға шақырып» қаншалықты iрiлiктi танытса, Мағжан мен Жүсiпбектiң педагогика мен психологияға, оның жүйесi мен әдiс-тәсiлдерiн орнықтыру жолындағы еңбектері одан бірде бір кем емес.
Ә.Бөкейхановтың "Исторические судьбы киргизского края и культурные его успехи" (1953) — деген мақаласы қазақ елiнiң мыңжылдық тарихы мен мәдениетi оның көршi, алыс елдермен қарым-қатынасы туралы түрлi тарихи деректермен ғана қымбат емес. Мақала Ә.Бөкейхановтың ұлттық рухтың биiктiгiн берiк сақтауымен де құнды. Орыс отарлауының мақсаты – қазақты өркениетке жеткізуден мүлде аулақ екенін тарихтан небiр бағалы мәлiметтердi ала отыра дәлелдейді. Қазақ даласында мектептер ашудағы, балаларды оқытудағы мақсатының миссионерлiктен аспайтынын айтады.. Ә.Бөкейхановтың осы бағыттағы пiкiрлерiн "Қырғыздар" атты еңбегiнде де жалғастыратынын Р.Нұрғали нақты деректер арқылы көрсетеді..
Алаш ұранды әдебиет өкiлдерiнiң қазақ қоғамдық санасын қозғауға бағытталған еңбегіне талдау жасалған Р.Нұрғалидің қай мақаласын алсаңыз да ондағы тереңдiктi байқайсыз. Қазақ елiнiң рухани болмысын әр қадамында мақсатты түрде қатыгездiк пен қиратып жатқан отарлық жүйеге деген қарсылықты да көреміз. Р.Нұрғали Алаш рухты қоғам қайраткерлерінің ұлттых руханият алдындағы перзеттік адалдығын олардың шығармаларына талдау жасап, үзiндiлер келтiрiп жан-жақты дәлелдейдi.
Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Шанин, М.Әуезовтер Еуропалық деңгейде бiлiм алған және елiнiң тағдыры туралы сол деңгейде сөз қозғаған ғұлама қаламгерлер екенiн Р.Нұрғали дөлелдейдi, қайта-қайта айтады.
Алаш рухты әдебиет үшiн мәселе — партия, тап дейтiн саяси терминдерден мүлде тыс болды. Ол адамның жаны мен тәнiне, рухани әлемiне замана артқан салмақтан туған әсердi көркем жеткiзу, бейнелеуге саяды.
1929 жылға дейiнгi қазақ әдебиетiнде "Бай, болысты қойдай қу қамшымен" дегендерден де бөлек әдеби ағымдар болған. Өнердiң эстетикалық сипатын қуған бұл бағыттағылар революция, партия, көсем, жұмысшы табы деп даурығып жатпай-ақ ел басына түскен ауыр салмаққа сақтана қарады. Қазақ әдебиетiнде бұл бағыттың дәстүрi де бар едi. Қазақ елiнiң бейғам күнелтiсiн бiрден байқаған және оны тез пайдаланып жергiлiктi халықты қырып жiберудi ойластырған Ресей үкiметiнiң қанқұйлы саясатын олар бiрден ұққан. Оған қарсы күресте олардың бiр-бiрiмен идеялық, шығармашылық байланыстары да болған.
А.Байтұрсынов туралы өмiрбаяндық, шығармашылық очеркiн Р.Нұрғали М.Әуезов пен С.Сейфуллиннiң А.Байтұрсыновтың 50 жылдық мерейтойына арналған мақалаларынан үзiндi келтiре отырып бастайды. Алыптар шығармашылығындағы елге деген ұлтжандылық, қызметтi бағалаудың 1929 жылға дейiн өте жоғары деңгейде болғандығын айтады. (Одан кейiн де ол есiмдер ұлтжанды адамдар есiнде сақталған).
Р.Нұрғали еңбегiнiң ең бiр маңызды беттерi А.Байтұрсыновтың қазақ әдебиетi мен әдебиет теориясына арналған еңбектерiне бағытталады. Ғалымның ауыз әдебиетi нұсқаларын жинап бастыруынан, аса қажеттi терминдер мен теориялық қағидаларды қазақшалауы қазақ әдебиетi алдында тұрған келелi мiндеттердi көрсетуiне дейiн жан-жақты талданады.
А.Байтұрсыновтың әдебиеттiң барлық жанрларына, көркемдiк құралдарына қатысты еуропалық, орыс әдебиеттануындағы ұғым, терминдерге мағынасы төмендеп кетпейтiндей қазақы сөздер тапқанын айтады. Мұнымен шектелiп қалмай оның негiздерiн түсiндiредi. Әсiресе, әдебиеттi текке, түрге бөлуге байланысты А.Байтұрсынов пiкiрлерiн айқындап көрсетiп, оған орынды түсiнiктеме жасайды.
А.Байтұрсыновтың қазақ әдебиетiн дәуiрге бөлудегi пiкiрлерiне тоқталады және осы дәуiрлерде басты қызмет атқарған жанрлар мен оның түрлерiне де жан-жақты дәйектемелер жасайды: "Таңқаларлық нөрсе, А.Байтұрсынов революциялар дәуiрiнде өмiр сүрсе де, әдебиет мәселелерiне күнделiктi науқандық жәйттердi, түрлi құжаттарды, қаулы, қарарды, партиялық талаптарды, қызыл танау саясатты, солақай социалогияны араластырмайды, негiзiнен ғылыми өлшем, жалғау арқылы, жеке бөлшектерiн, бұтақтарға, тармақтарға назар аударады, қазiргi терминологиямен айтқанда, структуралық поэтика тұрғысынан талдаулар жасап, қорытындылар шығарады. Үнемi дәлдiк, факт, дерек бiрiншi қатарға шығады" (23 бет) деп жазады ғалым.
А.Байтұрсынов қазақ өлеңiнiң негiзгi- құрылымын (структурасын), өлшемдерiн барлық деңгейде (сызба) схема, өрнек арқылы көрсетiп бердi. Кейiнгi өлең зерттеушiлер сол iздi басып отырды десек, ешкiмнiң егiнiне түсiп, обалына қалған болмаспыз, ақиқаттың өзi солай" (24 бет).
Р.Нұрғали А.Байтұрсыновқа қатысты ұлы зерттеушi деген тiркестi жиi қолданады.
Автор А.Байтұрсынов "Әдебиеттанышқышындағы" басты теориялық ойлардың ұлттық әдебиет, қазақ әдебиетi материалдарынан туындайтынына көңiл аударады.
Әрине, әдебиет туралы жаза отырып тек қана ұлттық қағидалармен шектеле алмасың да белгiлi. А.Байтұрсынов та бұл еңбегiнде қандай материал, зерттеулердi пайдаланды деген ой оқырманды осы кiтапты алғаш көргеннен берi ойландырып келедi. Бұл туралы Р.Нұрғали байымдаулары былай: "Ең алдымен ғалымның әдебиет теориясы, сыны; тарихы, текстологиясы, жанрлары жөнiнде дүниежүзiлiк әсемдiк ойдың негiзгi тұжырым, идеяларымен теория таныстығы аңғарылады. Қоғамдық, тарихи-эстетикалық, филологиялық бiлiм мығымдылығы үнемi сезiлiп отырады" дей келе, оның (22) Лессинг, Гегель, Белинский, Веселовский еңбектерiмен үндестiгiн көрсетедi.
Фольклорға қатысты А.Байтұрсынов пiкiрлерiнде орыс фольклорының дәстүрлi еңбектерiн жақсы бiлгендiгi байқалады.
Р.Нұрғали зерттеуінде А.Байтұрсынов еңбегiнде көпшiлiк көңiл аудара бермеген, өнердiң айырықша бiр қасиетi барлығына көңіл аударады. Өнердiң танымдық, қоғамдық т.б. мәнi, қызметi туралы айтып жүрмiз. Алайда, осы қатарда ескерiлмей қалып келе жатқан бiр қасиетi - өнердiң сауықтамалық мәнi. Әрине, бұл "атауды" кейде өнердiң эстетикалық қызметi, мәнi дегендермен алмастырып қолданатынымыз да бар. Алайда, көңiл көтеру мен эстетикалық әсер арасында айырманың бары да белгiлi. Қазiргi эстрада, өнердегi басты қызмет атқарып отырған "шоу" дегендер осы мәнге көңiл аударудан туындап отырған жоқ па?
Р.Нұрғали А.Байтұрсыновтың "Әдебиеттанышқышында" кездесетiн осындай ескерiлмей келе жатқан маңызды нәрселердi, терминдердi айқындап көрсетедi.
А.Байтұрсынов мұраларының негiзгi арнасын Абай тапқан соқпақ пен орыс әдебиетi арқылы әлемдiк әдебиет арналарына бұрады.
1909 жылы Петербургте шыққан "Қырық мысал" кiтабындағы аудармаларды жан-жақты талдай келе, А.Байтұрсыновтың қазақ оқырманына жеткiзбек болған идея-ойларына көңiл бөледi. "Елдi тұтастық, ынтымақ жалауының астына шақырады" — деп жазады Р.Нұрғали. А.Байтұрсынов аудармаларын түпнұсқамен салыстыра келе олардың арасындағы поэтикалық айырманы айқындайды. И.Крылов өлеңдерiн өте еркiн аударғанына назар сала отырып, мұнда қолданған тәсiлдердi "Маса" жинағында ұштай түскенiн назар аударады. "Қазақ ақыны дәстүрлi уақиға, қалыпты бейнелердi ала отырып, ойға ой, суретке сурет қосып, жаңа, ұлттық төл туынды жасағанын көрсетедi. Бұрын емеурiн, ишара, мегзеу, астар, мысалмен берiлген ойлар "Маса" (Орынбор. 1911) кiтабында ашық, анық, дәлдi, нақты айтылады. Мұнда Ахметтiң өз басынан кешкен қиын—қыстау күндер, ауыр жолдар, қуғын-сүргiн, жетiмдiк-жоқтық бiрталай өлеңдерге арқау болады, ел тағдыры, халық қамы, бостандық арманы — басты сарын" — деп жазады (12).
А.Байтұрсыновтың әртүрлi мәселелерге арналған публицистикалық шығармаларын атай келе осы мақалалардың ғылыми көздерiн көрсетедi.
А.Байтұрсынов шығармашылығына арналған тараудағы басты назар ғылыми тiл және терминология қалыптастыру бағытындағы мiндеттерге арналады.
Еңбектің қазақ тiлi, қазақ iшiндегi оқу-ағарту жайына арналған бөлiмде көлемінiң шағындығына қарамай А.Байтұрсынов шығармашылығындағы аса маңызды идеялардан хабар бередi. Ғалымның тiл бiлiмi үшiн жазған еңбегi - шексiз. Тiл бiлiмiнiң қазақы терминдерiн қалыптастырудан бастап, түрлi анықтама беру, олардың қызметi мен түрлi қарым-қатынастарын түсiндiру т.б. толып жатқан аса маңызды мәселелердi шешу жолында байсалды еңбектенген ғалым туралы Р.Нұрғали пiкiрлерiмен — Ұлы А.Байтұрсынов деген бағалаумен келiспеу қиын.
Зерттеуде ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамдық санасының жаңа реалистiк әдебиетке жаппай бет бұрғаны туралы А.Байтұрсынов ойларына үңiлу, талдау кездеседi. Әсiресе, қазақ әдебиетi өзiнiң кем-кетiктерiмен, жаңа жанрларды игеру бағытындағы ізденістерімен А.Байтұрсынов "Әдебиеттанытқышымен" танысқаннан кейiн ғана шындап ойлана бастады деген пікірлеріне көрегендiк бар.
Қазақ әдебиетi тарихында орны болуға тиiс iрi тұлғаның бiрi Ә.Бөкейханов. Р.Нұрғали зерттеуiнде аса көрнекті қоғам қайраткерінің қазақ елiнiң саяси-әлеуметтiк, экономикалық жағдайына қатысты ғылыми еңбектерiне де тоқталады. Қазақ халқының азаттығы мен мемлекетінің тәуелсіздігі үшiн күрескен тұлғалардың Алаш партиясын құруы, елдiк сана ұстанымдары туралы ойлары оқушы алдына тартылады. Әсiресе, Ә.Бөкейхановтың орыс тiлiнде жазылған шығармаларының басты бағыттарының да қазақ елiнiң тарихы мен шаруашылығы, мәдениетi туралы екендiгi көрсетiледi. Ел тарихы мен мәдениеттiң ғасырлар қойнауынан басталатын мол тарихын түрлi деректермен көрсету арқылы оны жабайы ел санап келген отаршыл санасына соққы беретiнiн айтады.
"Қазақ өлкесiнiң тарихы тағдыры және мәдени өркенi" — мақаласына айрықша тоқталады. "Мұнда қазақ жүгiнiң мың жылдық тарихы, өткенi, ертелi-кеш мекендеген түрлi ру-тайпалардың, елдер мен ұлыстардың қалдырған заттық жазба ескерткiштерi, сәулет енерiнiң белгiлерi жан-жақты сөз болады", — дей отырып, ғалым, — қазақ хандығының құрылуын баяндайды. Қазақ елiнiң қалмақ, қытай, орыстармен қарым-қатынастары жайлы айтылады. Орыс отаршыларының ерекшелiктерiн ашып көрсетедi.
Ә.Бөкейханов еңбектерiнiң үлкен саласы — қазақ балаларын оқытуда миссионерлiктi басшылыққа алған патша үкiметi саясатын көрсету.
Ә.Бөкейханов бiрiншi орыс думасының мүшесi болғаны белгiлi. Осы кезде ол барша мәселелердi керсете отыра, үлкен мiнбеден қазақ елiнiң мүдделерi ұлттық рух үшiн күрескен Ә.Бөкейхановтың идея-ойларына көңiл боледi.
Р.Нұрғалидың мына пiкiрлерi болашақ зерттеушiлер үшiн аса маңызды: "Әлихан Бөкейхан әртүрлi экспедициялар, ғылыми топтар iшiнде жүрiп, түрлi бақылауды, сұрауды, есептеудi саралау негiзiнде көптеген қайнарлар материалдарына сүйенiп алынған тарихи экономикалық статистикалық, шаруашылық деректерiн қорыту барысында орыс тiлiнде жазылып, патша өкiметiнiң басылымдарында шыққан еңбектерiнде қазақтың байырғы ата-мекенi, меншiктi жерлерi, олардың бiрте-бiрте отарланып, сан алуан айла, шарғымен, қорлық-зорлық арқылы, алдымен заң баптарымен мұжықтарға, көпестерге, алпауыттарға, шенеунiктерге тартып әперiлуiн салмақты дәлелдермен байыпты да орнықты көрсетiп берген болатын" (45-46 бб.).
Р.Нұрғали қазақ халқының бостандығы үшiн күрескен Ә.Бөкейхановтың өзге қоғам қайраткерлерiнен басты өзгешелiгiн керсетедi: "... оның арнаулы Еуропалық жан-жақты бiлiмi бар эрудициясы мол мөселенi ерекше кең қолға алады, дүниежүзiлiк тарихтан мысал алуға жүйрiк, ұлттық мөселенi Ресей империясы көлемiндегi жағдайлармен сабақтастыра қарайды, кез келген озбыр патша өкiмiмен, қызыл көз тарғыл генерал губернатормен нәсiлшiл профессорлармен, шовинист депутатпен, шариғатқа шүлғыған дiн иелерiмен кеудемсоқ кейбiр қазақ оқығандарымен дәрежесi тең сөйлесе алады" (46).
Ә.Бөкейханов қызмет iстеген жылдарда басты мәселе қазақ-орыс қарым-қатынасы болатын. Осы аса күрделi қатынастың бiршама мәселелерiнiң Ә.Бөкейханов тарапынан замана талабына сай қозғалып отырғанын оның ғылыми, қоғамдық еңбектерiнен үзiндiлер алына отыра дәлелдейдi.
Оқу, ағарту жайы, қазақ мектептерiн ашқандағы мақсаты патша өкiметiнiң ұлты қазақты адам деп қарамай оны мал-мүлкiмен жерiне коз салатындығын түрлi жолдармен айтады.
Р.Нұрғалидiң бiрден назар аударатыны Ә.Бөкейхановтың қазақ қоғамындағы келелi мәселелерге көңiл бөлуiнде. Әрi ғалым не жазса да оны түрлi дерек көздерiн, ғалымдар еңбегiне сүйене жазатынында.
Абай Құнанбаев туралы баспа бетiн көрген алғашқы, салмақты мақала Ә.Бөкейханов қаламынан туындағаны әркiмге белгiлi. Ал осы еңбектiң қаншама ғылыми маңызының бар екенiн көпшiлiк бiле қояр ма екен? Р.Нұрғали оны да ашып керсетедi. Бiрiншiден, мақала орыс тiлде жазылады да, Абай туралы мәлiмет әлемге тарады. Ә.Бәкейханның Абай шығармалары мен шығармашылығын оның өскен ортасын жақсы бiлгендей көрiнедi. Ә.Бөкейхан Шәкәрiм Құдайбердiұлының "Түрiк, қырғыз, қазақ һәм хандар шежiресi" кiтабы, "Қалқаман-Мамырға" сыни мақала жазған. Ғалымның ең салмақты еңбегi "Қарақыпшақ Қобыланды". Р.Нұрғали бұл еңбекке монографиялық очерк деген жанрлық анықтама бередi.
Ә.Бөкейханның әдеби туындыларын бiрнеше iрi топтарға бөлiп қарастыруға болады. Этно-географиялық зерттеу мен тарихи мәлiметтердi, белгiлi адамдар, қоғам, өнер қайраткерлерi туралы очерк, портрет, аударма және әдеби сын-теориялық зерттеулерi. Ә.Бекейханов роман тарихы мен М.Дулатовтың "Бақытсыз Жамал", "Ж.Аймауытовтың "Қартқожа" туралы ой-пiкiрлерi айрықша бағалы.
Р.Нұрғалидiң М.Дулатов туралы еңбектерi негiзiнен қаламгердiң шығармаларына көзқарас, талдау үстiнде келген қорытындыларға негiзделедi. М.Дулатовтың "Оян, қазақ!" жинағындағы өлеңдерiнiң басты идеясы -ата-қоныс, шұрайлы жерден айрылған, ел басына түскен ауыртпалық айту, болашағы көрiнiп тұрған отаршылдық саясаттың сипатын, трагедиясын көрсету, халықты ояту. Одан құтылу жолы ретiнде бiлiм мен ғылымға ұмтылу, жаңалыққа жатырқамай өркениеттi елдер қатарына жету екенiн зерттеушi айрықша айтады.
Р.Нұрғали М.Дулатовтың "Насихат ғұмұмия" туралы өлеңiне алғаш рет жанрлық анықтама бередi: "17 бөлiмнен 356 тармақтан тұратын үлкен дүние. Жеке емес, бiр идеяның астына бiрiктiрiлген өлендер циклы, шоғыры десек, дұрыс болмақ" (67).
Ел басына қиын күн туғанда қара басынан басқаны ойламаған атқамiнерлер мен маңайынан әрiнi көрмеген, би-болыстарды сынай келе, қазақ елiне қажеттi болса қара жерге қайық салатын жiгiттер бар деп көрсетедi. Олардың сауатты бар болуын атап көрсетедi.
Р.Нұрғали М.Дулатов өлсңдерiнде кездесетiн татар, ноғай тiлдерiнiң элементтерi, сөздерi туралы қаламгердiң ез пiкiрiн алға тартады.
М.Дулатов "Бүркiт кегi" балладасы туралы болашақ зерттеулерге ой салатындай, түрткi болатындай пiкiрлер айтады.
Р.Нұрғали зерттеуiнiң М.Дулатов поэзиясына арналған беттерiнде ақын поэзиясына тән басты белгiлерден, ақынның туған халқының ұлттық болмысын, рухани азаттылыгын уыздауға бағытталған идеяны басты концепция ретiнде ұсынады. М.Дулатов туралы әңгiмелерде қозғалуға тиiстi үлкен объект — "Бақытсыз Жамал" романы екенi белгiлi. Р.Нұрғали бұл шығарма туралы бiрнеше мақала жазды. Мына оқу құралында соларда байқалған, тексерiлген басты мәлiметтердi екшеп бередi.
Р.Нұрғали роман сюжетiнiң жолын бастан өткен уақиғаға, тарихқа тәуелдi құралғанын айта келе Ғалидiң Жамалмен ұшырасатын көрiнiстерiн М.Дулатов қазақ шiлдеханасындағы дәстүрлi айтыстағы жұмбақтасуылармен сәттi шешiлетiнiн айтады. Осы романға қатысты әңгiмелерде зерттеушi Сәрсенбай мен Байжан образына айрықша тоқталады. Сәрсенбай дүниеге қызықпаса да мансап үшiн қызы Жамалды Жұман тазға ұзатуға келiсiм берсс, Байжан — бостандығы үшiн күрескен жастарға қарсы қазақ ата-дәстүрiн ғана емес, жаңа, орыс заңдарын да иiп қолдануға қабiлеттi жан.
"Бұл кейiн қазақ романдарында терең реалистiк қуатпен бейнеленетiн Құнанбай, Игiлiк типтестердiң мiнез-қылығы ғой" — деген Р.Нұрғали байымдауларында қазақ әдебиетi дамуының басты бағыттарының бастауларын, құнарлы топыраққа түсiп, өне бастаған тұқым болашағын байымдау бар.
"Бақытсыз Жамал" романындағы пейзаждық қолданыстардағы ерекшелiктер, бейнеленетiн кескiн суреттерi, портреттер мен мiнездеулер туралы да романмен таныс зерттеушiлерге бағдар болатын сәттер аз емес.
М.Дулатов шығармашылығында үлкен орын алатын "Балқия" пьесасы туралы да зерттеушi пiкiрiнде қызықты ойлар мол. Р.Нұрғали қаламгердiң оқиға өтетiн ортаны, қайшылықтарды шебер көрсеткенiне, қатысқан адамдар жас шамасы, мiнез-құлық, қызметiн автордың ремаркада мұқият таныстыратынына көңiл бөледi.
М.Дулатовтың публицистикалық еңбектерiнiң басты тақырыптары, негiзгi идеялары нақты әдеби-тарихи деректер арқылы көрсетiледi. Жер мәселесi, 1916 жыл уақиғалары, оқу-ағарту, бостандық, мемлекеттiк дума т.б.
Қаламгер шығармалары iшiнде "Абай" мақаласының орны мүлде бөлек. Абай қазақтың жаңа әдебиетiнiң басы, негiзiн салушы — деген М.Дулатовтың пiкiрiн Р.Нұрғали айрықша атап көрсетедi. Оның "Абылай", "Шоқан" т.б. мақалаларына тоқталады. Олардың қазақ қоғамдық санасындағы орнын сол кездiң өзiнде дұрыс атап көрсеткенiн айтады.
М.Дулатов туралы тараудағы Р.Нұрғалидiң айрықша атап корсететiн еңбегi қаламгердiң "Ахмет Байтұрсынович Байтұрсынов" атты мақала-очеркi: "Мiржақып Дулатов тарихи фактiлердi тырнақтай да бұрмаламастан алаштың ардақтысы — Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылық, қайраткерлiк, реалистiк портретiн жасап бердi. Бұрынғы кеңес елiнде, шет мемлекеттерде Ахмет Байтұрсынов туралы жазылған кейiнгi еңбектердiң авторлары бiрқыдыру нақты деректердi осы Мiржақып Дулатов очеркiнен алынғанын көремiз" (86-6).
Р.Нұрғали М.Дулатовтың маңызды мақала, очерк т.б. жазбаларын жан-жақты талдайды. Қазақ арасындағы оқу-ағарту арнайы қазақ мектептерiмен қазақ тiлiне қатысты еңбектерiн ұлттық мәдениет, ұлттық рух, сана туралы түрлi ойларын айрықша қарастырады.
"Әдебиеттiң барлық жанрларында бiрдей қалам тартқан қаламгер, қоғамдық-әлеуметтiк iске жанын салып араласқан қайраткер М.Дулатовтың өмiрлiк мақсатының биiк нысанасы, табылмас темiрқазығы — бiр күндiк даңқ, өтпелi дәулет, баянсыз шен емес, туған халқының бостандығы, өзiн-өзi билеуi, отарлық езгiден қүтылуы, ол қуғын-сүргiн көрiп, түрмелер азабын тартып жүрген азапты күндердiң өзiнде де, ақтық демi бiткенше бұл жолдан тайған емес" деп жазады Р.Нұрғали (13).
"Әуезов және Алаш" атты кiтаптағы ең үздiк талантты жазылған очерк Мағжан және оның шығармашылығына арналған. Өнер қайраткерлерi туралы жазса, сiрө осылай жазу керек шығар. Артық кемi жоқ он беттен сәл асатын ғылыми мақалада көркем тiлмен жүйелi түрде мөлдiрете талантты ақын туралы баяндау үлкен шығармашылық табысқа сай ерлiк деуге болады.
Шығармада Мағжанның өмiрбаяны, оқыған, болған жерлерi аталады. Зерттеушi оның бәрiн көркем тiлмен бейнелей жазады.
Мағжан туралы бүгiнде кiм жазбай жатыр. Кеше Мағжан дегендi естiсе тиiстi органдарға, ЦК-ға шабатындарды былай қойғанда, оның өлеңдерiнiң рухын түсiнбейтiн, бiр өлеңiнiң поэтикасын ажырата алмайтындардың жазғыштығын айтсаңшы. Бiр ғажабы күлдiбадам бiрдеңе жазып, содан рахат табатындар алыптарға үйiр келедi. "Мен жаздым". "Мен айттым" деп кеудесiн соғып жүргенi...
Мағжанды жазып жатыр...
Р.Нұрғали Мағжан туралы толғамдарын оның шығармасының басты қасиеттерiн тайға таңба басқандай түсiндiруден бастайды: "Мағжан бала күнiнен халық фольклорын, ауыз әдебиетiн, елдiң дарынды сөзiн бойына сiңiрiп өсумен қатар, қаршадай күнiнен арабша, орысша хат танып, артынан арнаулы оқу орындарын аяқтап, сүйегiне бiткен сұңғыла, зерек, қиялшыл қасиеттерiне орай, Шығыс пен Батыстың поэзиясын терең бiлiп, көңiлге тоқып, жүрекке ұялатып, бойына сiңiру арқасында таза толғам, биiк парасат, үздiк көркемдiк нысаналарға тiптi ерте жеткен. Ақын таланты қыл-қыбыр, жүн-жүқа, шаң-тозаңды дарытпай, шын мөлдiр қасиетiн сақтап, табиғат ұста соққан қалпында қалған" (96 б).
Мағжанның табиғатпен тiлдесуi туралы зерттеушi пiкiрлерi ойға қалдырады.
Ақын табиғат лирикасында көргендерiн, әдемiлiктi ғана жазып қоймайды, ол табиғатпен сырласады. Әртүрлi сезiм түйсiгi арқылы қабылдаған психологиялық күйдi, астарлы сыртқы болмысты реалистiк үлгiде жазылған жырларға фантастикалық, мифтiк әуендер араласады. "Әлем поэзиясы классиктерi шығармалары қалай, менiң туындым қалай дейтiндей, ақын әртүрлi үлгiлердi қатар жарыстырып берiп отырады", - деп көрсетедi зерттеушi (97).
Р.Нұрғали Мағжан пейзаждарының шығу төркiнiн ашып көрсетедi: "Халық әдебиетiнен, Абай дәстүрiндегi жыл маусымдарына қатысты әлеуметтiк терең сарындардан алынған үлгiлердi дамыта келе Мағжан табиғат көрiнiстерiн бейнелейдi, әлем поэзиясындағы классикалық тәжiрибелерге ден қоя отырып, жаңа көркемдiк игiлiктер жасайды.
"Табиғатпен Мағжандай тiлдескен, түсiне бейнелеген ақын алып лирика әлемiнде сирек. Қуаныштан, рахаттан, ләззаттан басталатын пәк дүние соңы — апат, қырғын, зобалаң нәубет, селебе" (98).
Мағжан поэзиясының қантамырын дөп басып, дүниеге ғажап, ойлы көзбен қараған ақын жүрегiнiң тiлiн Р.Нүрғали да көркем жеткiзедi. Мағжан поэзиясының алтын қазығы — махаббат туралы пiкiрлерiнiң өзге өрнектерi мен содан аңғарылатын ойларға қатысты талдаулары ерекше талантты жазылған. Артық сөз, тамсану жоқ - тебiрену бар. Бойды билеген сезiм ағымын дөп басып, айқындап жазуда Р.Нұрғали ерекше талант танытады.
Мағжан дүниенi өз көзiмен көрген. Оның түйсiну, тұшынуының тiлдерi де өзге. Р.Нұрғали түсiндiруiне мұның бәрi көзбен көрiп, қолмен ұстағандай деңгейде айтылған.
Әйел тақырыбын қазақ поэзиясы үшiн — жаңалық деп ешкiмде айтпаса керек. "Жамырай жазды, жабыла жазды" — деп айтуында жазылған тақырып. Ал Мағжан оған өзге қырынан келедi. Бәлкiм олай айтуға да болмайтын шығар. Өйткенi Мағжан үшiн әйел - өмiр гүлi, өмiр көркi. Алыс сапар содан басталады, күш берiп қанаттандыратын да сол. Қалжырап құлаған сәтте де тиылған торыққан сәтте де соған табынасың. Жалғыздықтан құтқарар да сол. Р.Нұрғали Мағжан Жұмабаев шығармашылығындағы осы тақырыпты былай жазады: "Қанатты ақын лирикасындағы қыз, әйел қай жағынан алғанда да жiгiт, еркекпен тең иықтас, деңгейлес. Торыққан, қиналған, тапталған кездерiнде медет сұрап, сыр бөлiсiп, қайырым тiлеп әйелге тiл қатады, алатын демi таусылып, ажал тырнағына iлiнер сәтте айтылар сөз сүйген жар, туған анаға арналады" (99-бет).
Ғашықтық сезiмнiң сан алуан толқындары: ұнау, құлай сүю, бiр көргеннен құлап түсу, ұзақ уақыт сүйiспеншiлiк зарын кешу, ләззат рахатына бату..... Осы алуандас сезiмiн күйлер, мұң-қайғылар Мағжан өлеңдерiнде жеке адамның тұтас тағдыры, көзден — жас, жүректен - қан, тiлден — у ағызған сырлар боп төгiледi (100 бет). Осындай жолдарда зерттеушiнiң өзi де ақынға айналатындай.
Мағжан шығармаларында трагедиялық жырлардың, коллизия, мұңды толғаудың көптiгi белгiлi. Алайда оның бәрi таптаурын болған дiлмарлықтан басталмай өмiр аталатын ұлы арнаға алып шығады.
Р.Нұрғали Мағжанның тарихи уақиғаға, адам кезеңдерiн бейнелеуде символ медитацияға баруын, тiптi кейде фантастикаға ауысып түсiп отыруын айта келiп алуан түрлi өлеңдердi келтiредi. Ұлттық рухпен байланысын да көрсетедi.
Мағжан фольклорды игеруде соны табыстарға жеттi: "...Қайта жырлау, нәзира, сарындау емес, түп-түгел тосын, биiк асқақ көркемдiк жүйелер жасады" (102 бет).
Мағжан поэзиясындағы поэма жанры туралы толғана келе қазақ ақынының Батыс Еуропа iзденiстерi жолында екенiн айтады.
"Батыр Баян" поэмасы туралы бiраз жазылды. Р.Нұрғали мақалаларында да бұл поэма туралы әр қырынан талай ойлар, пiкiр айтылды.
Зерттеушi жiтi үңiлiп, назар аударатын бiрнеше жайлар бар. Бiрi -"Батыр Баян" барша талапқа жауап бере алатын профессионалдық деңгейде жазылған ғаламат туынды, екiншiден, қоғамдық мұрат әлеуметтiк идеал азаматтық үшiн күрес тағдырында орны бар, тарихи тұлғаларды әдеби образға айналдыруға ерекше керкемдiк танытады.
Р.Нұрғали назар аударған Мағжан поэзиясындағы басты тақырыптың бiрi - өлiм. Бұл тақырыптың қазақ поэзиясында барлығы белгiлi. Алайда ол Батыс Еуропадағыдай көп қозғалғанда емес. Оның басты себебi — дiн. Дiн бұл тақырыпты өзiне қажеттi қырынан ғана қарастырады. Мағжанда өмiр мен өлiм тақырыбының қозғалуы бөлек. Ақынның бұл тақырыпқа қалам тартқанда аты шулы қаламгерлер шығармашылығына көз тiккенi байқалады. Халықты қан-жосаға айналдыра қырып-жойып бара жатқан өктем, озбыр, қанқұйлы күшке қарсы тұрар лаж таба алмаған ақын жаны дүниеге, арайлай таң атып," қызара күн батып жатқан нұрлы әлемге сыймай, оған қарай алмай алас ұрған сәттерiнде Батыс Еуропаның Данте, Гете, Байрон, Пушкин, Блок, Фет жырларына үңiледi, олардың осы тақырыптағы жырларынан зар қаққан, қан-қақсаған жан-дүниесi әлдеқандай дауа табатынын, оны өз шығармашылығына түрткi есебiнде пайдаланғанын Р.Нұрғали ашып көрсетедi. Тыншыған бiр сәтте қолына қалам алып олармен сырласатындай. Р.Нұрғали еңбегiнде осы бағыт тезистiк ауқымда айтылса да, үлкен әсер қалдырады.
"Үш революция, аласапыран дәуiр, саяси төңкерiстер, қоғамдық-әлеуметтiк өзгертулер, санадағы сiлкiнiстер, тұтас рухани құрлықтар жоқ болып, жаңа өлшемдер пайда болып жатқан, күнделiктi iс-әрекет, талап-тiлек, уақыт сұранысы өнер атаулыны өзiне қызметшi етiп алған, публицистикалық, саяси ұрандар, ұғым-категориялар, байлам-тұжырымдар әдебиеттiң барлық саласына ентелеп кiрген уақыттардың өзiнде Мағжан поэзиясы зеңгiр көкпен, тәңiр пайғамбармен, мәңгiлiкпен тiлдескен заңғар шыңдай боп, таза ақындығын сақтайды, бiр тақырыптың, бiр кезеңнiң, бiр халықтың, тiптi бiр таптың жаршысы болып кетпей, уақыттар желi құлата алмайтын алтын дiңгек, әлемдiк, планетарлық әуез сарындармен тамырлас, өлмес туындылар берген ұлттық ақын, ғажайып суреткер болып қала береді" (105 бет).
Р.Нұрғалидың Жүсiпбек Аймауытов туралы мақаласында қаламгер шығармашылығына қатысты тосын, тың ойлар байқалмайды. Негiзiнен автордың бұрынғы мақалаларында сөз болатын, көпшiлiкке жақсы таныс ойлар қайталанады.
"Қартқожа" мен "Ақбiлектiң" роман жанрының Еуропалық шарттарына жауап бере алатын толыққанды шығармалар екендiгiне" назар аударылады: "Қазақ әдебиетiнде реалистiк роман принциптерiн алғаш меңгерген қаламгерлердiң бiрi — Жүсiпбек прозадағы ырғақ, стиль, композиция, көркемдiк құралдарға ерекше көңiл бөледi, әсiресе халық тiлiнiң сан алуан байлығын еркiн қолдана отыра Еуропа орыс әдебиетiндегi бейне жасау, мiнездердi даралау, сезiм иiрiмдерiн, ой-толғауларды көрсету дәстүрiн еркiн пайдаланды" (111 бет) - деп жазады ғалым.
Жүсiпбек Аймауытов шығармашылығының iрi саласы - драматургия туралы да маңызды ойлар айтылады. "Қанапия-Шәрбану", "Рабиға", "Мансапқорлар", "Ел қорғаны", "Шернияз" атты пьесаларға қатысты түрлi пiкiрлер келтiредi. Жүсiпбек Аймауытовтың қоғамдық санаға қозғау салу, оқу-ағарту, мәдениет, психология, методика салаларындағы еңбектерi аталып, олардың тиiстi ғылым салаларын қалыптастырудағы рөлi мен маңызы айтылады. Сол ғылымдарға арналған еңбектерiнде Жүсiпбек Аймауытовтың АҚШ, Германия, Шотландиядағы әйгiлi оқу орындарының зерттеушi ғалымдары материалдарын бiлгендiгi, ретiне орай қолданғандығы сөз болады.
Ж.Шанин қазақ театрын қолымен құрған, оның қаз тұруынан бастап қанаттанып қияға самғауына үлкен үлес қосқан қайраткер. Ол туралы Р.Нұрғали 60-жылдардан жазып келедi. Кейiн ақталса да "Халық жауы" туралы жазуға көптiң тәуекелi жете бермегенi де шындық. Р.Нұрғали бұл тақырыпқа үнемi көңiл бөлiп, жаңа материалдар табылған жағдайда оны қазақ драматургиясы тарихына қосып отырды.
Зерттеуде Ж.Шанин өмiрi мен шығармашылығы туралы жақсы ғылыми материал берiлген. Жақсы деп отырғанымыз көрнектi өнер қайраткерi қаламгер туралы бүгiнде бiзге белгiсiз жаңа деректер келтiрiледi. Мысалы. Ж.Шаниннiң кейiн табылған "Қозы Көрпеш — Баян сұлу" пьесасының мәтiнi. Р.Нұрғали көрнектi сахна, драматургия қайраткерiнiң генеологиялық тегiнен бастап дара қасиеттерiн, оқыған жерлерi мен өнердегi өмiр мектебiне дейiн рет-ретiмен талдайды. Қазақтың ұлттық театрын құру жолындағы Жұмат Шанин атқарған iстердiң бiреулерге ұсақ-түйек тәрiздi көрiнсе де мәндiлерiн атап көрсетедi. Мәселен, алғашқы қазақ театрындағы тәрбие-тұрмыс мәселесi т.б.
Бүгiнгi күн биiгiнен қарағанда күнделiктi тiрлiк тәрiздi көрiнсе де Жұмат Шанин қаламынан шыққан мақалалардың кезiнде үлкен рөл атқарғаны әдебиет пен театр тарихын зерттеушiлерге белгiлi. Р.Нүрғали Жұмат Шанин жайындағы мақалаларды ретiмен атап, маңыздыларын талдап, қаламгер назар аударған басты мәселелердi айқындап, бөлектей көрсете отыра оның негiзiндегi шығармашылық iзденiстердi көрсетедi.
"Қазақтың мемлекеттiк театры", "Театрдың қысқаша тарихы", "Театр тарихында", "Сахна техникасын меңгерейiк" т.б.
Ж.Шаниннiң орыс тiлiнде жазылған шығармалары мен қазақтың ән-күйлерiн нотаға түсiру, жазып алудағы еңбектерi де ғалым назарынан тыс қалмаған.
Мақаладағы қызықты деректер Ж.Шаниннiң драмалық шығармаларына арналады. Үлкен драматургияның талаптарына жауап бере алмаса да кезiнде көрермен көңiлiнен шыққан әрi аса өзектi ойды қозғаған "Торсықбай", "Айдарбек", "Өлiмнен үмiтке", "Шахта" пьесаларының көркемдiк-идеялық табыстарын атай келе "Арқалық батыр" трагедиясын жан-жақты талқылайды.
Пьеса материалдарының негiзi туралы айта келе шығарманың өзiнiң де ел арасындағы Арқалық батыр туралы қатысты жыр-аңыздарға нұсқаларға негiз болуы мүмкiн деген ой айтады.
"Арқалық батыр" трагедиясына әдеттегi драмалық шығармаларды талдау — образдарды бағалау, идеяны көрсету, конфликтiнi ажырату, сюжет ерекшелiктерiн айқындау тұрғысынан ғана келуге болмайды. Өйткенi, бұл туынды ұлттық әдебиетiмiздегi ең алғашқы күрделi пьесалар үлгiсiнiң бiрi. Сондықтан, негiзгi көркемдiк компоненттерге анализ бере отырып, диалогтың жасалуы авторлық ремаркалардың түрлерi, көрiнiстер, перделер арасындағы байланыс, тiл бояулары — осы сияқты мәселелер теңiрегiнде де байлам жасау қажеттiгi туады", - деп атап көрсете отырып Р.Нұрғали пьесаны жан-жақты талдауға алады.
Шығармадағы кейiпкерлiк сарын пьесаның басталуы мен алуан түрлi характерлер арасындағы қарым-қатынас, тартыс желiлерiнiң дамуы Әжiхан -Арқалық, Дүрбiт — Арқалық, Ұлтарақ, Қарашешен т.б. пьеса құрамындағы кейiпкерлердiң қызметi көрсетiледi. Халық әдебиетi дәстүрi мен классикалық драма бейнелеу тәсiлдерi арасындағы айырманың Ж.Шанинге әсiре айтылады. "Арқалық батыр" — екi бөлiмдi пьеса, дилогия. Қазақ әдебиетiнiң ондай үлгiнiң Ж.Шанинге дейiн болмағаны белгiлi. Р.Нұрғали пьесаның екiншi бөлiмiндегi декорациядан бастап Дүрбiт ханның ордасындағы алуан-түрлi уақиға, тартыстарды, алғашқы бөлiмдегi желiлер мен жалғау iзденiстерiн көрсетуге назар аударды. Шығарма сөресiндегi Арқалықтың қаза табуы "тартыс логикасынан шығатын объективтi қорытынды" дей отыра оның нақты көркем көрiнiске айналуындағы автордың шеберлiгi жетпеген тұстарын көрсетедi. (Егiлдiң қолынан қаза табуы).
Р.Нұрғали пьеса тiлiндегi тұрақты тiркестердi, мақал-мәтелдердi, қытай қазақтарының сөздерiн, психологиялық жәйттарды айқындайтын ремаркалардың маңызын, қызметiн атап көрсетедi. Айрықша есте болатын жай Р.Нұрғали "Арқалық" пъесасын сахынаға шығарған артистер туралы сақталған мәлiметтердi де пайдаланады. Ғалымның Ж.Шаниннiң "Қозы Көрпеш — Баян сұлу" пьесасы туралы пiкiрлерi де ойлантады. Әйгiлi эпос өзегiндегi уақиғаның ғана емес, жыр өрнегiн де сақтай пьеса жазуға талпыну Ж.Шанин шығармашылығындағы көркемдiк идеялық iзденiстердiң iзiне алып шығады.
Зерттеудегi басты назар — М.О.Әуезовтiң шығармашылығына әсiресе оның сиректеу сөз болатын публицистикалық мақалаларының алғашқы кезеңдерiне, ондағы өмiр шындығы мен авторлық идеяларға, драмалық шығармаларға арналады.
Баспасөз бетiнде жарық көретiн алғашқы шығармасы "Адамдық негiзi -әйелден" бастап "Оқудағы құрбыларыма", "Ғылым", "Қайсысын қолданамыз", "Ғылым тiлi", "Оқу iсi" мақалаларындағы басты назар заманаға ойлы көзбен қарау, оның талап тiлегiн ұға бiлу, оқу-ағарту iсi, оқулықтар жазу т.б. Бұл бағыттарда М.Әуезов ойларын да, дара сара жолдарын да Р.Нұрғали атап көрсетедi. Қазақ жастарын замана талабына сай тәрбиелеу үшiн осы мақсатқа сай жаңа оқулықтардың қажетi айтылады.
М.Әуезов айрықша назар аударған бағыт "Пантюркизм" болатын. Ресей империясының отар елдердегi ұлттық езгiсiне қарсы күрестегi үлкен факторға айналған түрiкшiлдiк идеялары туралы М.Әуезов ойларының негiзi Ұлы Абай пiкiрiнiң арнасында қалыптасқаны белгiлi.
"Абай жолы" эпопеясында да осы бағыт туралы Абай пiкiрлерiн бейнелеуге айрықша көңiл бөлiнедi. Мiне осы концепцияның М.Әуезов шығармашылығының алғашқы кезеңiнде-ақ барлығын Р.Нұрғали ашып көрсетедi. Өркениеттi елдерге жетудiң тура жолы түрiкшiлдiк арқылы емес екенiн М.Әуезов даңқты эпопеясында батыл айтады. Түрiкшiлдiк идеяларына М.Әуезов жол жылдардың өзiнде салмақпен, парасатпен қарағанын ғалым атап айтады.
Бұл тарауда М.Әуезовтiң философиялық көзқарасы, идеялық бағыттарының қалыптасуы, оның өркениет пен мөдениет туралы ойлары да жан-жақты көрсетiледi. Ғұлама қаламгердiң XX ғасыр басындағы саяси-әлеуметтiк оқиғаларға көзқарасы мен тiкелей араласуы оның қаламгер шығармашылығына әсерi шығармаларынан алынған нақты мысалдар арқылы дәйектеледi.
М.Әуезов драматургиясы Р.Нұрғали шыгармашылығының iрi салаларының бiрi екенi көпшiлiкке белгiлi. Ғалым еңбегiнде М.Әуезовтiң драматургия жанрына келуiнiң басты себептерiн атап көрсетедi. Тоғыз жасынан қалада өсу, оқу, орыс театрларында болу, Еуропа драматургиясымен танысу, қазақтың халық әдебиетiндегi драматургиямен өзектесе мол қазынаны жетiк бiлу, оны өз мақсат-мүддесi тұрғысынан пайдалана бiлу, театрда қызмет iстеу т.б. Р.Нұрғали М.Әуезовтiң драмалық жанрдағы еңбектерiн тақырыптың материалдарына қарай бiрнеше салаға бөлiп зерттеудiң бағытын байқатады: аңыз бен эпосты пайдалану, тарихи революциялық тақырыптар; советтiк өмiр кезеңдерiн бейнелеу; Ұлы Отан соғысы; фантастика және ақындар өмiрi туралы т.б.
Қазақ драматургиясында М.Әуезовтiң "Еңлiк-Кебек" атты пьесасының орны өте зор болса, оның негiзiндегi өмiрлiк материалдар мен көркемдiк шешiмдi шығарманың түрлi нүсқаларын қолдана, салыстыра отырып байсалды, ғылыми негiздi зерттеу жазған Р.Нұрғали екенi белгiлi. Ғалым бұл тақырыптағы еңбектерiнде де таза драматургиямен ғана шектелмей театр өнерiнiң небiр қырларынан тың деректер, тосын материалдар алып отырады.
"Түнгi сарын", "Қарагөз", "Абай" пьесалары туралы еңбектерiнде де шығарманың шығу төркiнiне, тарихына қатысты да маңызды молiметтердi қосып, болашақ зерттеушiлер үшiн басты бағыттар көрсетiледi.
М.Әуезовтiң "Көксерек", "Өскен өркен" шығармалары туралы материалдарда мәлiметтер мол. "Көксерек" повесiн талдау барысында, оны жазу үстiнде қаламгердiң Эрнест Сетон-Томпсон шығармашылығымен таныстығы айтылады. Дж.Лондонның "Ақ азу" романындагы адам мен орта, табиғат пен тәрбие арасындағы жұмбағы мен сыры мол түйiндердiң М.Әуезовтiң "Көксерегiндегi" көрiну ерекшелiгiне Р.Нұрғали жүйелi барлау жасайды, талдайды, байсалды байымдарға келедi (220 бет).
М.Әуезов шығармашылығындағы басты сарын қазақ елi рухани әлемiндегi замана тынысын сезу мен түрлi жағдайларда болса да рухани болмысы мен ұлттық рухты сақтаған қаһармандарының жан-дүниесi болып қала бередi.
Р.Нұрғалидiң "Әуезов .және Алаш" атты оқу-құралында қаламгердiң соңғы жылдардағы iзденiстерi топтастырылғанмен оның негiзiнiң сонау бала кезден бастау алған рухани бостандықта, соған ұмтылған қазақ елiнiң ұлттық рухының ғажайып әлемiн бейнелеп көрсетуге ұмтылған дана да дара қаламгерлер шығармашылығында екенiн аңғару қиын емес.
Достарыңызбен бөлісу: |