Ал, менің ботақандарым, Ақылды қошақандарым! Айтамын Ғаламторда да, Біз білмес талай сыр барын. Тыңдаймын десең әнің бар, Кітап та, дос та табылар. Не керектің бәрі бар, Ғаламторың бар – бағың бар! Ғаламтор – сені таң қылар, Отыртып таңды таңға ұрар. «Айшылық алыс жерлерден, Жылдам хабар алдырар».
Қарағын әркез сақ болып, Көрінсе де дос болып, Ол жердегі адамдар, Кетеді кейде жат болып. Сол себепті абайла, Жан-жағыңа қарайла. Менен алты кеңес бар, Жадыңда сақта, жарай ма?
Ол жерде сені арбайтын, Қыр соңыңнан «қалмайтын», Алаяқтар бар «Көп сыйлық Алып берем» деп алдайтын. «Ойыншық берем» десе де, «Қыдыртамын» десе де, Кездесу үшін онымен, Шыға көрме көшеге.
Қалған сонау жұрттағы, Жыбырлаған құрт дағы, Көрінсе де қауіпсіз, Оның көзін құрт тағы! Мынаны да біл тағы: Сүйкімсіз түр-тұрпаты, «Вирус» дейтін сол құртың, Файлдарыңды құртады. Сол себепті үн қаттым, Тыңда мені, қымбаттым! Компьютерге көп созбай, Антивирус орнатқын! Әлеуметтік желіде, Отырад(ы) сері, пері де. Сене берме ондағы, Ақпараттың бәріне. Мекенжайыңды көрсетпе, Нөміріңді де көрсетпе, Осылайша өзіңді, Қорғадым деп есепте. Сені мазақ ететін, Мақсатына жететін, «Трольдер» бар өзіңді, «Жынды» қылып кететін. Көрінеді икемді, Жұқартады жүйкеңді. Мән бермегін оларға, Мені тыңда, сөйт енді. Отырса да шалғайда, Сені сөзбен арбай ма? Ұрсысам деп олармен, Өзің трольге айналма! Ойын ойнап отырып, Терең ойға батырып, Шыға келуі бек мүмкін, Сен үшін мүлде жат тақырып! Ғаламтор онсыз бола ма? Дақ түсірме санаңа. Сайтан сайттар кездессе, Аулақ болғын, жолама! Ақпаратты сұрыпта, Жаман сайтқа құнықпа. Компьютерге сүзгіні (фильтр) Орнатуды ұмытпа! Ынтықсаң бәрін көруге, Өзгеріс енгіз көңілге. Шынайы қызық дегенің Ғаламтор емес, ӨМІРде! Зарина Әбілмәжінова