Алғыс айту күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығының шеңберінде «БІРЛІК – БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ» атты мерекелік іс-шара
25 жылдық тарихы бар Қазақстан халқы Ассамблеясы елдің саяси жүйесінің маңызды бір бөлігіне айналып, ол Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен этностардың мүдделерін, құқықтарын бір арнаға түйістірді. Әрбір ұлттың тегіне, дініне, көзқарасына қарамастан, барлық азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерінің бұлжытпай сақталуын қамтамасыз етіп келе жатыр.
2020 жылдың 21-ші ақпанында Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті Тарих факультеті Қазақстан тарихы және ҚХА кафедрасының ұйымдастыруымен Алғыс айту күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығының шеңберінде «БІРЛІК – БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ» атты мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік іс-шараға Бекмұрзаев Бахтиар Перналиұлы – Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры, Жұмабеков Жамбыл Әзмұханұлы – тарих факультетінің деканы, Жуманова Айман Зейнелғабденқызы- Қазақстан тарихы және ҚХА кафедрасының меңгерушісі, Бейсенбекова Нұрсахан Ахметқызы — «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры және де Қазақстан тарихы және ҚХА кафедрасының оқытушылары, тарих, шет тілдер, педагогика, математика және ақпараттық технологиялар, заң, факультеттерінің студенттері қатысты.
Іс- шараның басты мақсаты — Қасиетті қазақ жерін тең бесік етіп бейбітшілікке бөлеген, елдіктің өлшемі, тұрақтылықтың тұтқасы болған Қазақстан Халқы Ассамблеясының 25 жылдығында жас буын жеткіншектерді бірлікке, татулыққа шақыру. Біздің жеткен байлығымыз — бірлігіміз екендігін, татулық — тұрақтылықтың ең басты тұғыры екендігін, ал тұрақтылық — ұдайы дамудың бірден бір кепілі екенін түсіндіре отырып, өз Отанының, өз елінің табиғи құндылықтарын сақтай білуге баулу болды. Іс-шара екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде Алғыс айту күніне орай Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті студенттерінің этномәдени бірлестігі ұйымдастырған көрмесі өтті. Көрмеге қазақ, орыс, өзбек , татар, неміс, қытай ұлт өкілдері қатысып, ұлт өкілдері атынан қазақ еліне алғыстарын білдірді. Екінші бөлімде Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған «БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМНІҢ 25 ЖЫЛЫ» атты концерттік бағдарламамен жалғасты. Қазақ елін айтулы мерекемен Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бекмұрзаев Бахтиар Перналиұлы құттықтап, «Жігерлі болса, ер болар. Бірлікті болса, ел болар» деген Жамбыл атамыздың сөзімен татулыққа, бірлікке шақырып, оқушылар бірлігінің өте жоғары деңгейде екенін атап өтті. Концерттік бағдарламаны тарих факультетінің сұлу қыздары «Сылқым» биімен, Рахат Ислам «Құрманғазы» күйімен, математика және ақпаратттық технологиялар факультетінің 1 курс студенті Утегенов Асылбек «Туған жер» әнімен концерттік бағдарламаны ашса, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті студенттерінің этномәдени бірлестігінің Өзбек ұлттарынан құралған математика және ақпараттық технологиялар факультетінің 1 курс студенттері «Өзбек биімен» көрермендерді тамсандырса, шет тілдер факультетінің Қытай ұлт өкілдерінен құралған студенттері «Любите друг друга» хорымен, сондай-ақ Қытай ұлтының дәстүрлі билерімен жалғастырды. Өткен тарихта тағдыр тауқыметінен ұлы даланың кең байтағына ауа көшіп, қазақтың кең қолтығына сауғаланып, жан сақтаған өзге ұлттың қазақ даласындағы ерекше тарихын сипаттаған «Шабыт» әдеби-шығармашылық жастар ұжымы «Жерұйық» атты қойылымын қойды, концерттік бағдарламаның қорытынды бөлімін математика және ақпараттық технологиялар факультетінің 1 курс студенттері Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жылдығына «Жаса, Қазақстан» атты флешмобты тарту етті.
Қазақстан тарихы және ҚХА кафедрасының меңгерушісі Жуманова Айман Зейнелғабденқызы құттықтау сөз сөйлеп, мерекелік іс-шараны ұйымдастыруға ат салысқан студенттерге алғыс хатпен марапаттады.
Өткізіліп отырылған Ассамблея мерекесі — университетіміздің жүзі басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік түрлі ұлтьөкілдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып өзара ауыз бірлікте екенінің жарқын көрінісі екенін көрсетті.
Қазақстан халықтары Ассамблеясының туы Тәуелсіз Қазақстанның көгінде шарықтайды. Жастар Қазақстанның шынайы патриоттары ретінде елімізде орын алып отырған аталмыш мерекені ерекше бағалап, мақтан тұтты.
Достарыңызбен бөлісу: |