3. Өткен шақтық есімше арқылы жасалған:
Адасқан күшік секілді
Ұлып жұртқа қайтқан ой. (Абай)
4. Тұрақты эпитет – ауыз әдебиетінде жиі кездеседі. Қандай жағдайда айтылса да, фольклорда “жүздің” алдына көбінде “ақ” деген эпитетті кездемтіреміз. Басқа түрлі эпитет не өте аз, не кездеспейді. Немесе “тақтың” алдында “алтын” деген айқындау ғана қолданылады. “Алтын тақтың үстінде” деп келеді.
Күрделі, ұлғайған эпитет осылардың әрқайсысынан бола алады. Мысалы, С. Мұқановтың: “Меңіреу, мылқау, қимылсыз, мүлгіген, мәңгі даланың” деп келетін өлеңіндегі қатар келген бес айқындау – күрделі.
Әдеби тілге үстеме мағына беріп, оның көркіне көрік қосатын, сол арқылы әдеби шығарманың мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдарының бірі – теңеу (орысша сравнение). Мұнда суреткер заттың не құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейді. Сонда бұлар туралы оқырман түсінігі айқындалу үстіне тереңдейді де, өнер туындысының эстетикалық әсері күшейе түседі. Мысалы:
Шілдеде қандай момақан,
Толқының майда мақпалдай. Бірнеше жұмсақ алақан Көтеріп бара жатқандай... (Ғ. Қайырбеков)
Жалпы, қай теңейді алсақ та, суреттеліп отырған нәрсені не құбылысты тура көз алдымызға әкеліп, олар туралы дәл, нақты ұғым қалыптастырады. Бұл ретте А. Байтұрсынұлының мына пікірі орынды: “Теңеу – белгісіздеу сипатты белгілі сипатқа, белгісіздеу нәрсені белгілі нәрсеге теңеп, көрнектеп, ашығырақ көрсетеді”.
Теңеудің неше түрлері ескі өлеңдерде, әсіресе, батырлар жырында көп кездеседі. Мысалға, “Ер Тарғын” жырындағы мына жолдар теңеуге толы:
От орнындай тұяқтым,
Омыртқаң бар оқтаудай. Жауырыныңа қарасам,
Сыпыра шапқан тақтайдай. Құйрығыңа болайын,
Қынаптан шыққан қанжардай. Жалыңа сенің болайын,
Күлтеленген жібектей... Әдебиет зерттеушілері айқындау мен ауыстырудың ұлғайған, күрделі түрі болатынын, мәселен, С. Мұқановтың: “Меңіреу, мылқау, қимылсыз, мүлгіген, мәңгі даланың” деп келетін өлеңіндегі қатар келген бес айқындау – күрделі болса, Абайдың “Демалысы – үскірік аяз бен қар” дегендегі қатар тұрған екі ауыстыру – күрделі ауыстыру екенін дәлелдейді. Бірақ теңеудің ұлғайған, яки күрделі түрі болатынын тек қана З. Қабдолов еңбектерінен (“Сөз өнері”) кездестіреміз.
Жоғарыда көрсетілген төрт өлең жолында Ғ. Қайырбеков суда жүзген адамның майда толқын құшағындағы қалпын, түйсігін бір сөзге сыйғыза алмай, теңеуін бірнеше сөзбен ұлғайта бере “Бірнеше жұмсақ алақан көтеріп бара жатқандай” деп, тамаша сурет, образ жасап тоқтайды. Бұл – теңеудің ұлғайған, күрделі түрі. Айқындау сияқты теңеудің де құны сонылығында, ойламаған жерден өзгеше өрнектер жасап, құлпырып, ойнап тұруында, орнымен қолданылуында жатады. Т. Жароков ақынның:
Желектей желпіп желіңді,
Желқомдай жырттым жеріңді,
Түбіттей түтіп бұлтыңды,
Таспадай тілдім толқынды,
Бағынбай енді нең қалды? –
деген отты жолдарындағы келісті теңеулер қасиетін жоймастай көрінеді.
Сонымен қтар А. Байтұрсынұлы теңеудің екі түрін көрсетеді: әншейін теңеу және әдейі теңеу. Екеуінің арасындағы айырмасы сол: әншейін теңеу - әдетті теңеу болады. Мәселен, удай ащы, айдай жарық, күйедей қара дегендегі “удай”, “айдай”, “күйедей” деген сияқты сөздер. Ал жоғарыдағы мысадардағы теңеулер - әдейі теңеулер.
Теңеудің жасалу жолдары:
1. - дай, - дей, - тай, - тей жұрнақтары:
Көптің күші көлдей, Көшіп жүрген елдей. (Мақал)
2. - дайын, - дейін жұрнақтары:
Түлкідейін түн қатып,
Бөрідейін жол жатып...
(Махамбет)
3. - ша, - ше жұрнақтары:
Қазша қанатын жаяды,
Үйрекше мойнын созады...
(Махамбет)