психологиялық параллелизм арқылы жасалған әсерлі сурет, сурет қозғаған сезім, сезіммен туған сыр: шынында да табиғаттың биыл “кеткен” көктемі келер жылы жаңғырып қайта оралады, ал адамның өткен жас шағы ғұмырда қайтып келер ме? Шал соны ойлап күрсінеді....
Екі жаяу келеді:
Біреуінде күрек бар, лүпілдеген жүрек бар,
Біреуінде күрек жоқ, жүрек бар да, жүрек жоқ.
Бірі шаршап келеді, күні бойы жер қазып:
Бірі шаршап келеді, жолдасына ор қазып.
Бірі үй сап, сол үйдің жылынуын тілейді:
Бірі – орға досының жығылуын тілейді.
Екі жаяу келеді, ортасында – бір күрек:
Сол күректің астына қашан тесер сұм жүрек.
(Е. Ибраһим)
Бұл – ақиқат өмірдегі жақсылық пен жамандықты, солар қалыптастырған екі түрлі бітімді, осылардан туатын адамдық пен зұлымдық туралы екі түрлі ұғымды жарыстыра егіздеу. Бұл параллелизм де парасатты байлауға апарады.
Сағындың ба, Қарақұм,
Сарыарқадан жаңбыр болып келейін.
Сағындың ба, Қарақұм,
Жаңа туған ән жыр болып келейін.
(М. Әлімбаев)
Манаурайды балбырап таң ғажайып,
Торғын төсін тосады таңға жайып.
(Қ. Шаңғытбаев)
Қыңыр болды не керек, - болайын деп болды ма?
Бір үн болды керемет, - болайын деп болды ма?
(Ж. Нәжімеденов)
Бұлар - әр алуан синтаксистік параллелизмнің үлгілері. Қ. Жұмалиев синтаксистік параллелизмді қайталаудың бір түріне жатқызса, З. Қабдолов параллелизмнің бір түрі етіп көрсетеді. Қалай дегенде де, егіздеудің мұндай түрлері ақынның тілі мен стиліне айтарлықтай ажар береді, өрнек төгеді, нәтижесінде өлеңге кәдімгідей кенеулі күй, сүйкімді әуез бітіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |