Әуендік анафора:
Балдырғаны білектей,
Балаусасы жібектей...
(І. Жансүгіров)
2. Синтаксистік-ырғақтық анафора:
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың.
(Қ. Аманжолов)
3. Лексикалық анафора:
Кім көрді көктің жерге құлағанын,
Кім көрді күннің жарық сұрағанын...
(И. Байзақов)
4. Әуендік-лексикалық анафора:
Қайтсін ол, жыламасқа жанға батты,
Күйінді ол, күңіреніп Құлагерге,
Айрылды ол аттан жақсы, достан тәтті.
(І. Жансүгіров)
Ал мына жолдар – кезекті қайталаудың, яки эпифораның (грек. epiphora – соңынан алып жүру) үлгісі:
Күншілдер өледі
Көңілін от қарып;
Батырлар өледі
Борышын атқарып;
Бұзықтар өледі
Пышаққа құлшынып;
Сұлулар өледі
Құшақта тұншығып;
Арғымақ өледі
Артында шаң қалып;
Ақындар өледі
Бәріне таң қалып!
(Қ. Мырзалиев)
Мұнда өлеңнің әр жолының соңындағы немесе әрбір ой ағымының аяқ жағындағы бір сөз бірнеше мәрте қайталанып отырады.
А. Байтұрсынұлы “Әдебиет танытқышында” сөзді қандай жағдайларда қайталайтынын көрсетіп өткен:
1. Шығарушы бірдемеге көбірек назар салғызғысы келгенде, соны қайта-қайта айтады. Бұл жоғарыдағы жай қайталау болса керек.
2. Бірдеменің көптігін көрсеткенде: “Көре-көре көсем болар, сөйлей-сөйлей шешен болар” т.б.
3. Қайталақтау бір нәрсенің ғамалын, күйін еліктеген орындарда келеді:
Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күрең мінген бар ма екен?
Алып-алып, алып басқан
Арабы торым өзіңсің.
(Билер сөзі)
4. Қазақ тілінде біреуге арнай сөйлегенде де, бір сөз қайта-қайта айтылады:
А, Бозмұнай, Бозмұнай,
Берер ме екен бір құдай?
(“Ер Сайын”)
Ей, Қартқожақ, Қартқожақ,
Атыңның басын тарт, Қожақ.
(“Ер Тарғын”)
5. Тағы бір түрі еспелеу келеді дейді. Сонда бұл еспе қайталаумен бірдей келетін болу керек.
Қ. Жұмалиев анафора мен эпифораның қабат келетін түрі – симшюканың (сплетение) - кездесетінін көрсетеді. Мысалы:
Ойнама, батыр, ойнама,
Ойнар кісің мен емес,
Ойнағаның жөн емес!..
(Батырлар жылы)
Сонымен қатар Қ. Жұмалиев синтаксистік параллелизмді де қайталаудың бір түріне жатқызады. Мысалы:
Қас жақсыда кек болмас,
Қас жаманда тек болмас...
Фигураның бір түрі – шендестіру, яки антитеза (грек. antithesis – қарама-қарсылық) – бір-біріне керағар құбылыстарды, мән-мағынасы әр тарап ұғымдарды, түр-түсі әр бөлек нәрселерді өзара бетпе-бет қою арқылы бұлардан мүлде басқа бір құбылыстың, ұғымның, нәрсенің суретін, сыр-сипатын, кескін-кейпін анықтау, аңғарту, елестету.
Мысал үшін “Ер Тарғын” жырындағы Ақжүністің мына сөзі шендестіруге жатады:
Қара жерге қар жауар
Қарды көр де, етім көр.
Қар үстіне қан тамар
Қанды көр де, бетім көр.
А. Байтұрсынұлы: “Сөзді бұлай әсерлеу түйістіру деп аталады”, - дейді.
Ішінде топ қарғаның бір бүркіттей
Көзіме көрінесін келген жерден.
Қ. Жұмалиев шендестірудің жаңа үлгілерін Абай енгізді деп көрсетеді. Бұған дейін тек сыртқы түр-сипаты байқалса, Абай құбылыстарды, сезімдерді танытуда шендестіру тәсілін шебер қолданған:
Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл,
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.
Немесе:
Бір суып, бір ысып,
Бір үміт, қауіп...
Бір суынып, бір ысып.
Шендестіру біздің бүгінгі ақындардың өлеңдерінде де жиі ұшырайды және жаңа шыраймен көрінеді. Бір ғана мысал:
Тек сарымен бояса, нетер еді?
Онда тегіс құлазып кетер еді.
Тек қарамен бояса, қайтер еді?
Күндізі де түн бе деп айтар еді...
Ал бәрімен, әр түспен бояса ше?
Бәлкім, ару күлімдер қара шашты.
Бәлкім, гүлдер жайқалар алаулаған,
Бәлкім, таулар мұнартар манаураған...
(Е. Ибраһим)
З. Ахметовтың “Әдебиеттану терминдерінің сөздігінде” антитезаның бір түрі – антиметабола – аталынып өтеді.
Фигураның бір түрі – дамыту, градация (лат. gradatio – бірден-бірге күшейе беру) – алдыңғы сөзден соңғы сөзді, алдыңғы ойдан соңғы ойды, алдыңғы құбылыстан соңғы құбылысты асыра, асқақтата түсу.
Құбылып Бурыл гуледі.
Табаны жерге тимеді.
Тау менен тасты өрледі.
Төрт аяқты сермеді...
...Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтайиледі...
(“Қобыланды батыр”)
Қиқу салып құзға ұшқан,
Құздан суық мұзға ұшқан,
Мұздан биік бұлтқа ұшқан
Бұлттан биік көкке ұшқан
Қарулы қыран кім еді?
(Т. Жароков)
Дамытудың прозада да кездесетінін З. Қабдолов атап өтеді. Және де М. Әуезовтың “Абай жолы” романынан мысал келтіреді.
Қазақ поэзиясында қолдану сипаттарына қарай градацияны, шартты түрде, профессор Е. Ысмайыловтың үлгісімен 2-ге бөлуге болар еді. Бірі – түйдектету:
Адам ол – қайғырымпаз, қуанымпаз,
Жиіркенімпаз, сүйімпаз, уанымпаз.
Дариядай шалқымпаз, шаттанымпаз.
Керкетімпаз, тасымпаз, суалымпаз.
(С. Мұқанов)
Екіншісі – баяулату:
Әм жабықтым, әм жалықтым,
Сүйеу болар қай жігіт,
Көңілден кеткен соң тыным?
Әм сүйіндім, әм түңілдім,
Үнемі неткен үміт,
Өткен соң бар жақсы жылым?
(Лермонтов - Абай)
Ал мына шумақта осының екеуі де – түйдектеу де, баяулату да бар:
Соқ, жігіт! Соқ! Соқ жігіт! Күйіңді тарт!
Лапылдат! Жандыр! Күйдір! Құмарт! Құмарт!
Безілдет! Сарнат! Зарлат! Үздіктірші!
Керек жоқ! Лақтыр әрі! Қысқарт! Қысқарт!
(І. Жансүгіров)
Қ. Жұмалиев Абай шығармаларында дамытудың кездеспейтіндігін айтады.
Фигураның бір түрі – сөз орнын ауыстыру, яки инверсия (лат. inversio – орын өзгерту, төңкеру) – прозалық, әсіресе поэзиялық шығармаларда сөздердің әдеттегі грамматикалық түзілу тәртібінен тыс, орындарын ауыстырып, өзгеше тіркестер құру. Тіл мен стильдегі үйреншікті машықтан бөлек бір алуан мәнер іздеп байқау үшін бұл тәсілді де оқта-текте орнымен қолданудың оғаштығы жоқ.
Өлеңдерде кейде ұйқастың қажет етуімен, кейде сезімнің, ашығырақ айтқанда, сол сезімді оқушыға жеткізуде үлкен орын алатын дауыс ырғағының керек етуімен байланысты, сөйлемдегі сөздердің орындары, жайшылықта айтылатын сөйлемдерден басқаша болып, ауысып келе береді. Көбіне толықтауыштың баяндауыштан бұрын келуі, эпитеттің анықтайтын сөзінен кейін келуі түрінде кездеседі.
Келдік талай жерге енді,
Кіруге-ақ қалдық көрге енді...
(Абай)
Бұл өлең сөйлемді жай сөйлемге айналдырсақ: “Талай жерге келіп, енді көрге кіруге-ақ қалып отырмыз” дер едік. Бұлай құрылғанда да мағынасына келетін кемшілік жоқ. Бірақ сезімге әсер етуі жағынан бірдей емес. Алдыңғысы (өлең жолдары) күштірек әсер етеді. Соңғы сөйлемнің мағынасын дәл ұқсақ та сезімге өлең сөйлеміндей әсер ете алмайды.
Қазақ жазушыларының ішінде инверсияға көбірек бой ұратын Ғ. Мұстафин екенін
З. Қабдолов атап өтеді. Оның романдарынан ауыспалы тіркестерді көптеп кездестіруге болады.
Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым?
Ол ақшаға сатқан жоқ,
Тізеден кесіп аяғын.
Еріккеннен де ұстап жүрген жоқ,
Қолтықтағы ұзын таяғын.
(Ә. Сәрсенбаев)
Осында ақын сөздерді инверсия айшығына салып, әдейі “бұзған” да, жай сөз емес, өлеңге айналдырып, бұрынғы ұғым үстіне енді әсерлі жылу, қызу қосқан. Орыс әдебиетінде А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтовтар инверсияны шебер қолдана білген.
Фигураның бір түрі – сөз тастап кету, яки эллипсис (грек. ellepsis – түсіріп тастау, аттап айту) – сөйлем ішінде немесе өлең шумағында атап айтпаса да түсінікті кейбір сөздерді әдейі жазбай тастап кету. “Сөз тастап кетудегі мақсат – не оқиғаны күшейтіп, қимылды тездеу, не аз сөзге көп мағына сыйғызу”, - дейді Қ. Жұмалиев.
Ақ көбігің... ақ жүзің
Айнам еді бір қарар.
Өткізген түнім... күндізім...
Тербетер мені, ой салар.
Сол майдандар... қатты айқас
Есіңде ме, ер Айдар?
Өшкен құрбан... аққан жас...
Өтті жылдар... көп айлар...
(Ж. Саин)
Осындағы әр ойдың арасында жеке сөз емес, бүтін сурет не үлкен шындық қалып қойып отыр. Айталық, ақ көбік айна болу үшін тап-таза, мөп-мөлдір болса керек. Оны ақын айтпайды. Айдарда өткен түн мен күн ақынды тербету үшін олар – жай түн мен күн емес, ірі-ірі оқиғаға, шындыққа, сырға толы түн мен күн. Оларды да автор айтпайды. Қай майдан? Қандай құрбан? Жас төккен кімдер? Қай тұстағы жылдар мен айлар?.. Бұларды да автор тәптіштеп жатқан жоқ. Өйткені бұлардың бірқатары ақынның шындықты суреттеу үрдісінен айқын көрініп тұрса, бір алуаны жалпы логикадан түсінікті, ал қайсыбірін, тіпті, айтудың қажеті жоқ.
Эллипсис кейде эвфемизмнің орнына да қолданыла береді: кейбір былапыт сөздерді бүкпелей жұмсартып жатпай-ақ, тастап кетсе де түсінуге болады:
|