14 дәріс тақырыбы: Шылау, түрлері грамматикалық қызметі
Көмекші сөздер. Көмекші есімдер. Көмекші етістіктер
Шылаулардың басқа сөз таптарынан ерекшелігі
Шылаулардың грамматикалық мағыналарының сипаттарына қарай жалғаулықтар, спетеуліктер, демеуліктер болып бөлінетіндігі
Көмекші сөздер деп нақтылы лексикалық мағыналары я әр түрлі дәрежеде солғынданып, я бүтіндей жоғалып, сөйлегенде жеке дара тұлға есебінде қолданылмай, тек толық мағыналы сөздермен тіркесіп қана жұмсалып, оларға жәрдемші болып қызмет атқаратын сөздерді айтамыз.
Көмекші сөздер көмекші есімдер және көмекші етістіктер болып екіге бөлінеді.
Шылаулардың о баста толық мағыналы сөздер болғандығы туралы барлық ғылыми еңбектерде жазылып келеді. А.Байтұрсынов шылауларды былайша үшке бөледі: 1. Үстеу. 2. Демеу. 3. Жалғаулық. Ғалым шылаулардың қатарына үстеулерді де жатқызады. Демеуліктерге да, де, ма, ме, әлде не, немесе, әйтпесе де т.б. жалғаулықтарды жатқызады. Ал жалғаулықтарға қазіргі күнде септеулік шылау делініп жүрген біраз сөздер енгізілген.
Толық лексикалық мағынасы жоқ, тек сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыратын, белгілі бір сөздердің жетегінде қолданылып, түрлі грамматикалық мағына үстейтін көмекші сөздер шылаулар деп аталады. Шылаулардың өздеріне тән мынадай белгілері бар:
Біріншіден, шылаулар абстрактылы грамматикалық мағына білдіреді, олардың толық лексикалық мағынасы болмайды.
Екіншіден, шылаулар грамматикалық қызмет атқарады. Олар тең дәрежедегі сөз бен сезді, сөйлем мен сөйлемді салаластыра және сабақтастыра байланыстырады.
Үшіншіден, шылаулар сөйлемде жеке сөйлем мүшесі бола алмайды.
Төртіншіден, шылаулар өзіне жалғау, жұрнақ жалғамайды, түрленбейді.
Шылаулардың білдіретін грамматикалық мағынасы мен сөйлемде атқаратын қызметіне қарай үш топқа бөлінеді. Олар: жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер.
Жалғаулықтар. Өзара тең дәрежедегі сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді әр түрлі мағыналық қатынаста байланыстыратын көмекші сөздердің бір тобын жалғаулықтар дейміз. Мағынасына қарай жалғаулықтар алты топқа бөлінеді:
1. Ыңғайластық жалғаулықтар: мен (бен, пен), және, да, де, та, те, әрі.
2. Талғаулықты жалғаулықтар: әлде, біресе, не, немесе, болмаса, я, яки, кейде, мейлі.
3. Қарсылықты жалғаулықтар: бірақ, алайда, дегенмен, әйтпесе, сонда да, әйткенмен.
4. Себептік жалғаулықтар: себебі, өйткені, неге десең.
5. Салдарлық жалғаулықтар: сондықтан, сол үшін, сол себепті.
6. Шарттық жалғаулықтар: егер, онда.
Септеуліктер. Объекті мен объектінің арасындағы әр қилы грамматикалық қатынасты білдіріп, белгілі бір септік жалғауын керек етіп тұратын сөздерді септеуліктер деп атаймыз.
Септеулік шылаулар мағынасы мен қызметіне қарай септік жалғауларына ұқсайды. Сондықтан да олар өзі тіркескен сөзінің белгілі бір септікте тұруын қажет етеді. Септеуліктер өздері тіркескен сөздерге себептік, бағыттық, мақсаттық, мезгілдік, болжалдық, бірлестік, талғау, таңцау т.б. мағыналар үстейді.
Септеуліктер де басқа шылаулар сияқты өзіне жалғау, жұрнақ жалғамайды, яғни түрленбейді.
Септеуліктер зат есімдерге, заттанған басқа сөз таптарына, қимыл атауына (есіміне) тіркеседі. Оларға септеуліктер мынадай тұлғалардан кейін барып тіркеседі:
1. Атау септігін меңгеретін септеуліктер: үшін, сайын, сияқты, секілді.
2. Барыс септігін меңгеретін септеуліктер: шейін, дейін, таман, жуық, тарта, қарай, таяу, салым.
3. Шығыс септігін меңгеретін септеуліктер: гері, кейін, соң, бері, әрі.
4. Көмектес септігін меңгеретін септеуліктер: қатар, бірге, қабат.
Демеуліктер. Демеуліктер - шылаулардың құрамына енетін көмекші сөз таптары. Өздері тіркескен сөздерге әр алуан грамматикалық мағына қосатын сөздерді демеулік шылаулар деп атаймыз.
Демеулік шылаулардың білдіретін мағыналары алуан түрлі. Олардың тілдік жүйедегі қалыптасқан негізгі мағыналары мынадай:
1. Күшейткіш демеуліктер: -ақ, -ай, -ау, да/де, та/те;
2. Сұраулық демеуліктер: ма/ме, ба/бе, па/пе, ше;
3. Нақтылау демеуліктері: ды/ді, ты/ті, тын/тін, қой/ғой;
4. Шектеу демеуліктері: ғана/қана, тек;
5. Болжалдық демеуліктері: мыс/міс;
6. Қомсыну демеулігі: екеш;
7. Салыстыру демеуліктері: түгел, тұрсын, тұрмақ;
Бақылау сұрақтары:
Шылаулар деген не?
Демеулік шылауларға мысал келтір.
Жалғаулық шылауларға мысал келтір.
Септеулік шылауларға мысал келтір.
www.sBook.su – қазақша рефераттар
Достарыңызбен бөлісу: |