Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
38
Бірақ хандардың іздегені басқа. Адамның дүниеге өзі тойғанмен көзі тоймайды.
Байыған Қыпшақ хандары байыған үстіне байи түсуді мақсұт етті. Тегін алтын,
күмісті, асыл жиһаз дүниені, ғасырлап жинаған бөтен жұрт қалаларының
қазынасын тонап алғысы келді. Алдарына салып айдаған мыңдаған малдан түсер
пайда оларға аз көрінді. Ерлігі ішіне сыймағанынан емес, қанағатсыздығы мазасын
алып, ажал түрткілеп, жорыққа шықты. Ақырында дүниеге
тоймаған қос жанар,
басқа елдің бір уыс қара топырағымен тойып тынышталды деп қарт ақын күңірене
күрсініп, «жауынгер туған, Қыпшағым» зираттары жат жұрттың даласында қалған
хандарыңның қылығын несіне дәріптейсің! — деп Қотан жырау жырын тоқтатты.
Қыпшақ жағында үн жоқ. Қобыландының екі беті түктеніп кеткен. Бірақ хан
алдында ұстамды, үн-түнсіз. Сондықтан да, теңіз тулап, дауыл соқса да мызғымас,
су жағасындағы жартастай, қозғалмай тұнып қалған. Тек Қазтуған жырау ғана сыр
түйіп, бұрқ-сарқ тасығалы кезегін күтіп, тыпыршып әзер отыр. Ал төреші Асан
Қайғыда да үн жоқ. Ол сонау Қыпшақ хандарының қанды жорықтарын ақыл
таразысына салып ойға кеткен; әлден уақытта басын көтеріп, баяу ғана:
— Сөйле, жырау, — деді.
Қазтуған «Айт, шу!» деген бәйгі ұранын естіген қылаң құйрықтай, бірден аға
жөнелді.
Бұ жолы ол домбырасын безектей ойнатып бір тізерлей отыра қап ащы айқайға
салды. Күре тамыры білеудей боп, кең тамағы торғай жұтқан жыландай ісініп ап,
толғауына кірісті.
— Ерлік — ежелгі салтым, — деді. — Алыс-жұлысқа жаратылған қанды балақ
қыран құс, құр ұясын күзетіп отыра алмайды. Қыпшақ та сол қыран құс. Ол ерлік
үшін жаратылған, — деп Қазтуған құлашын алысқа сермеді. Дәл осы сәтте қарсы
алдында отырған жауы — қарт жырауға қона түсуге дайын,
өзі де сол қыран
құстың бірі тәрізді. Екі көзі қанталап, қалың қабағы жауар күндей түксиіп кеткен.
Даусын кеңнен алып, тағы да бір шырқап жіберді де «Осы ерлігінің арқасында
Қыпшақ әлемге аян болды. Батыр жұрт Қоламан
1
патшаның кезінде Стамбулды
да жау тырнағынан алып қалды» деп жырын бітірді.
Қотан мырс етіп езу тартты.
— Сөйле, жырау, — деді Асан Қайғы Қазтуғанның ағат кеткенін аңғарып,
ұнатпай қалғанын жасырмай сәл қабағын түйіп.
Қотан қарттың күткен кезі осы мезгіл еді. Кәрі қыран енді Қазтуғанның құрыш
денесіне сояу-сояу тырнақтарын қырш-қырш кіргізді.
— Орынсыз қан төккізгенді ерлікке кім санаған? — деп бастады ананы әжуа
ете, қарт жырау. Қазтуған ақын паш еткен Қыпшақтар қатынасқан Стамбул
оқиғасын Қотан қария жыр еткенде, қобыз үні
құдды қан жылағандай аңырай
шықты. Қарт жыраудың өзінің даусы да дәл бір өксігін баса алмай отырған қаралы
адамның үніндей. Бұл хикаяны естіген жұрттың екі ұрты суалып, жақ жүндері
үрпиісіп жүдеп кеткендей. Әбілқайыр хан көз қиығын Қобыланды батырға
аударып еді, оның да басы төмен салбырай түскен екен. Қарт жыраудың сөзі
жүректерін тырнап, көздерін жасқа толтыруға таяу тұрса да «Тоқтатыңыз!» деп
бұйыруға бірде-бір адамның аузы барар емес. Ханның да,
батырлардың да
көмейіне құм құйылған.
1
Қ о л а м а н — Комнин — Византия патшасы.