Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
195
Сұлтан-Махмұт ханның араларындағы наразылықты пайдаланып, Сұлтан-Махмұт
хан берген бес мың әскерді өз әскерімен қосып, ең алдыменен Самарқант, Бұқар,
Андижанды алды. Содан кейін барып, Жағатай әскерін өз әскеріне қосып
күшейтіп, Ташкент уәлиетіне ауыз салды. Ташкент, Түркістан, Самарқант, Бұқар,
Андижан уәлиеттерін әбден өзіне бағындырғаннан кейін, Дәшті Қыпшақ жерімен
шекаралас Хорезмді шапты.
Сөйтіп Мауреннахр, Түркістан өлкесін тегіс жеңіп
болып, енді Дәшті Қыпшақты жаулауды ойлана бастады.
Мұхамед-Шайбанидың жиһанкерлік әрекеті мінекей осылай, Қасым сұлтан
ойлағандай боп шықты. Мұхамед-Шайбани хан елу мың атты әскерімен Созақ пен
Ұлытауға аттануға дайындалып жатқанын естіп, Қасым сұлтан Қаратаудан
қайтадан Шу бойына көшіп келді. Бұл кезде Бұрындық хан Сарайшықта болатын,
абыройын айрандай төгіп алған ханның құр «хан» деген аты ғана қалған, бүкіл
билік әскер басы Қасымға көшкен.
Қасым Шу
бойына көшіп келісімен, «бәлем, сені ме!» — деп Мұхамед-
Шайбаниға әбден өшігіп алған қазақ халқына дабыл қақты. Мұхамед-Шайбанидың
достық шартын бұзып Ұлытау мен Созақты шапқалы жатқанын хабарлады. Егер
Созақ пен Ұлытаудан айрылса Дәшті Қыпшақтың басқа жерлерін қорғап отыра
алмайтындарын түсіндірді. Мұхамед-Шайбани хан Мауреннахр мен Түркістан
өлкесіне аттанып, Моғол, Жағатай, Ақсақ Темір әмірлерімен қан-жоса болып
қырылысып жатқанда, ешкіммен жөнді соғыспай әжептәуір тынығып қалған
Дәшті Қыпшақ жауынгерлері қайтадан атқа қонды. Ұран салып топтанып, ру-ру
боп өздерінің батырларының жанына жинала бастады.
Дәл осы кезде Мұхамед-
Шайбани елу мың атты әскермен Қорасанға аттанды. Ташкент уәлиетін билеп
тұрған Сүйіншік сұлтанды жиырма бес мың адаммен Ұлытауға жүргізді. Рабиу-
Бегімнің екінші баласы, Түркістан уәлиетінің осы кездегі әміршісі Күшкінші
сұлтанды отыз мың әскермен Созақты алуға жіберді. Мұхамед-Шайбани бұл
уақытта әбден күшейіп алған. Ол енді бұрынғыдай қалаларды біртіндеп алу
саясатынан бас тартқан. Өз күшіне өзі сенген әміршінің ғұрпыменен оңтүстігі мен
солтүстігіндегі екі елді бірден жаулап алуға кіріскен. Бірақ Мұхамед-Шайбани хан
Қорасанда жеңіске жеткенмен, Созақ пен Ұлытауда сәтсіздікке ұшырады.
Ұлытау мен Созаққа келген Қасым мен Қамбар
сұлтанның қалың әскері
Сүйіншік пен Күшкінші сұлтанның лашкарларының быт-шытын шығарды. Елу
мың әскердің тең жартысына таяуын қырып, қалғанын сонау Дәшті Қыпшақтың
шекарасында жатқан құмайт, тақыр құмды далалармен Түркістан мен Ташкентке
дейін қуды. Бұл жеңіліс бүкіл Орта Азияны өзіне бағындырып, енді Дәшті
Қыпшақ пен Иранға ауыз сала бастаған, айбындарымен
талай елді тітіреткен
Әбілқайыр бөлтіріктерінің көптен бергі елеулі жеңілісі еді. Ал Дәшті Қыпшақ
халқының рухын көтеріп тастады. Енді қазақ рулары Қасым төңірегіне жинала
бастады. Дәл осы кезде Сарайшықтан Бұрындық хан бар балаларының аулымен
көшіп келді. Құр ғана көшіп келген жоқ, өзімен бірге бір тайпа елге бақытсыздық
ала келеді. Өткен қыс өте қатты болған. Әсіресе Тянь-Шань тауының теріскей
жағында отырған көптеген қырғыз, қазақ ұлыстары жұттан бар малын қырып
алған. Қатты күйзеліске ұшыраған. Сол себепті Дулат руының біраз ауылы өзінің
жылдағы әдеті бойынша Шудың Жуанарықтан жоғарғы
жағына жайлауға шыға
алмай, Жаңғы қаласына таяу жердегі Талас өзенінің жағасындағы көкорай
шалғынды жайылымға жылжып көше салған. Елдің ат жалын тартып мінер бар
жігіті Қасым мен Қамбар батырға еріп, Ұлытау мен Созақты жаудан арашалауға