Алматы – әсем қала
Алматы қаласы, Алатау ауданы
№151 ЖББ мектеп
Мақала авторы: 9 «Е» сынып оқушысы
Оразбек Әсел
Жетекшісі: Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
Серікбек Нұрғұзар
Жер бетінде баурайы гүлге көмкерілген, көркі көз сүріндірер, қарасаң тұмса табиғатына көзің тоймайтын, көгіне көз салсаң теңгедей бұлтта көркіне көрік қосатын, табиғаты тіл жетпес тылсым жұмбақ, төсінде қаз-қатар тізілген көшелері мен сап түзеген зәулім үйлері бар Алматы дейтін алып шаһар бар. Алматының атын асқақтатып, айбынын асырып тұратын Алатаудың басы қар құрсанып жатса, етегі жап-жасыл болып әсем қала - Алматыға өзінше бір көрік беріп тұрады. Таудан соққан «үп» еткен самалының өзі бетіңді шарпып өткенде, арманыңа қанат бітіргендей болады. Бір жұтым ауасының өзі жан сарайыңды ашып, сергіп қалғандай күй кешесің.
Осынау тынымсыз тіршілікте арманына шарқ ұрып, жанталасқан жандар да Алматыға дем беріп тұрғандай. Келген жанның кеткісі келмей, мәңгілік осы қаланы мекен етіп қалғысы келеді. Қалаған арманыңа талмай талаптансаң, өздігінен орындалып кететіндей бір сиқыры бардай. Кез-келген мақсатқа жету үшін де мол мүмкіндік бар. Өйткені, Алматы – армандар қаласы. Қаланың сұлулығына қарап бой түзеп, табиғатына қарап жан дүниеңді көркем еткің келеді. Тамыры терең тартқан осынау бір жұмбақ мекенге ағыңнан ақтарыла сыр шерткің келеді. Бала болып баурайында тай-құлындай тебісіп, асыр салып өскен соң, осы қаланың өркендеуі мен дамуына болашақта құлшына еңбек еткіміз келеді.
Шіркін, Алматының көктемін айтсаңызшы! Көк белдерде құлпырған қызғалдақтар-ай! Алыстан көзіңе оттай басылып, жан дүниеңді керемет бір сезім шарпып өтеді. Қызғалдақтардың арасынан кеудеңді салқын самалға керіп, жаңа туған лақтай ыршып-шоршып секіргің келеді. Бірақ, мына сұлулықты таптамақ түгілі, бір талын жұлуға да қимайсың.
Қызықтың бәрі жазғы демалыста. Жазда Алматы тотыдай түрленеді. Саябақтар, жол жиегіндегі ағаштар, тіпті гүлдердің өзінен не бір түрлі жануарлар мен оюлардың өрнегін байқайсың. Қала қызылды-жасылды түрге еніп, қөрген жанды өзіне баурап алады. Әсіресе, жаздағы кешкі серуен. Ымырт үйіріле көше шырақтары қалаға көрік қосады. Осынау қаланың әдемілігін сыртынан бір көру үшін жазда міндетті түрде Көктөбеге ат басын тірейсің. Жалт-жұлт еткен шырақтар, аспандағы жұлдыз біткен жамырап жерге түскендей сезіледі. Алла жер бетіндегі бүкіл әдемілікті осы қалаға ғана үйіп-төгіп тастағандай ішіңнен разы боласың.
Алматының күзі ме?! Міне, ғажап. Көз алдыңызға бірден нарттай қызыл алмалар келген болар. Алматының алмасын жеген де арманда, жемеген де арманда! Алматы осы мезгілде алтын түске боялады. Сарғайған жапырақтар ақырындап жерге түсіп, жердің бәрін сары алтын басқандай боласың. Қалың қарбаластықтық пен сабақтың арасынан уақыт тауып, тылсым табиғатқа сыр шерткің келеді. Қолыңа қалам алып, шабытыңды ұштағың келеді.
Ал, Алматыға қыс бір-ақ күнде келеді. Таңертең ұйқыдан тұра сала көзіңді тырмалай ашып, терезеден сыртқа көз салсаң, ақ мамыққа оранып жатқан қаланы көресің. Алматы өзінше бір кербез тартып, күннің нұрымен шағылысқан аппақ қар – ақ моншақтай жалт-жұлт етіп көздің жауын алады. Әй-шәйға қарамастан, ақ қала жасап, омбылауға кетесің. Алғашқы жауған қар көп уақыт тұрмайды. Түс ауа еріп, жоқ болып кетеді. Алматыда қыс ұзақ болмайды. Есесіне Медеуге шықсаңыз, міне, сізге, табиғат. Медеу мұз айдынына барып, Шымбұлаққа шығып шаңғымен сырғанасаңыз өзіңізде, жан дүниеңізде рахаттанып сала береді.
Осынау ұлы даланың төсінде орналасып, еліміздің оңтүстік Астанасы атанған Алматының әдемілгі мен әсемдігін бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ол үшін Алматының суын ішіп, топырағына аунасаң ғана тегін жер емес екенін білесің. Ата-бабамыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр жерімізді көзіміздің қарашығындай қорғап, тазалығын, әсемдігін сақтайық! Қаламыздың әдемі де, әсем болуы сіз бен біздің қолымызда.
Ару қала – Алматы!
Әсем қала – Алматы!
Мақсатыңа жетелер,
Арман қала – Алматы.
Көркіне көз сүрініп,
Жанды баурар Арбаты.
Қаламызды сақтайық,
Ластамайық Албаты!
Достарыңызбен бөлісу: |