. Жүгері дақылын өсіру технологиясы
Жүгеріні арамшөптерден таза, құнарлы топырақты танаптарға сепкенде, агротехникалық шараларды толығынан, талаптарға сай өткізген жағдайда қант қызылшасынан басқа барлық алғы дақылдардан кейін жоғары өнім береді. Заманауи агротехниканы қолданғанда жүгеріні бір танапқа көптеген жыл қайталап себуге болады. Жүгерінің жақсы алғы дақылдары – сүрі танабы, күздік бидай мен күздік қарабидай, жаздық бидай, арпа, дәндібұршақ дақылдары және отамалылар. Ылғал жеткілікті жағдайда жүгері көпжылдық шөптердің қыртысы мен оның аударымына да өсіріледі.
Жауын-шашыны аз аймақтарда оны топырақты қатты құрғатып жіберетін күнбағыс және қант қызылшасынан кейін орналастыруға болмайды.
Жүгерінің өзі де жаздық және күздік дақылдар үшін жақсы алғы дақыл. Сүрі жер танабының дақылы болып сүрлем мен көк балаусаға себілген жүгері, келесі күздік бидайдың жоғары өнім беруін қамтамасыз етеді.
Топырақ өңдеу. Жүгері тамыры топырақтың борпас болуын және терең жыртылуын қалайды. Сондықтан оңы себуге арналған жер, күз айларында алғы дақылдар орып алынғаннан кейін ЛДГ-10, ЛДГ-55 сыдыражыртқыштарымен немесе БД-10, БДТ-7 тырмаларымен 7—8 см-ге қопсытылады, сонан кейін 25—27 см-ге, ал механикалық құрамы ауыр сазды, батпақты жерлер 27-30 см тереңдікке жыртылады.
Жүгеріні жаңа ресурс үнемдегіш әдістермен, гербицидтерді тиімді қолданып өсіргенде, барлық аймақтарда да қатараралықты өңдеудің қысқартылуына байланысты, арамшөптерді тегіс құрту, топырақ ылғалын мол сақтау, негізгі жыртудың сапасымен тығыз байланысты.
Оңтүстік аудандарда суармалы жоңышқадан кейін сепкенде, өсімдік қалдықтарының минералдану бәсеңдету мақсатында жер өңдеу оларды жерге терең сіңіруге бағытталуы тиіс. Ол үшін қыркүйек айының басында жоңышқа пішенге орылып алынғаннан кейін оның тамырының мойнын қырқып кептіру үшін жер ЛДГ-10, ЛДГ-5 сыдыражыртқыштарымен немесе КПГ-350 сыдыра қопсытқышпен өңделеді. Осы өңдеуден 10-15 күннен кейін, тамыр мойындары кепкен кезеңде танапқа жыртаралды су беріледі де топырақ түренді соқалармен 30-35 см-ге жыртылады. Келесі жылдары өңдеу тереңдігі 25-27 см-ге, ал механикалық құрамы жеңіл топырақтарда 20-25 см-ге дейін азайтылады.
Отамалы дақылдардан кейінгі және арамшөптерден таза танаптарды алдын ала сыдыра өңдеусіз-ақ сүдігерге жыртады. Жел эрозиясы қаупі бар аймақтарда КПГ-250, КПС-2-150 жазық тілгішті қопсытқыштарды пайдаланып топырақты терең қопсытады. Ылғал жеткілікті аймақтарда топырақты жартылай сүрі жер типінде өңдейді.
Топырақты көктемгі өңдеу ылғал сақтауға, ұсақ түйіртпекті борпас топырақ қабатын қалыптастыруға бағытталуы керек. Ол ерте көктемгі тырмалау, 2-3 қопсытумен бірге қосымша тырмалаудан тұрады. Бірінші қопсыту, ерте мерзімде арамшөптер шыққаннан соң 10-14 см тереңдікке, ал тұқым себу алдындағы қопсытутұқым себу тереңдігіне жүргізіледі.
Гербицид енгізілген егістікте, көктем ылғалды болғанда тегістеу жүргізілмес бұрын, БП-8 тырмасымен немесе УСМК-5, КПС-4, КПГ-4 қопсытқыштарымен қопсытылады.
Тыңайтқышқолдану жүйесі. Жүгері егістігіне тыңайтқыштарды сол аймақтың ауа райын топырақ ерекшеліктерін ескеріп, оларды танапқа енгізу тәсілдерін, қолайлы мерзімін сақтап қолданған дұрыс.
Жүгері жоғары агротехникада мол астық өнімін қалыптастыратындықтан осы өнімді түзу үшін бірінші топ астықтарына қарағанда көп қоректік заттар шығындайды. Өсімдік қажетті қоректік заттардың көп бөлігін вегетацияның екінші жартысында пайдаланады. Сондықтан, жаздық үстеп қоректендірудің жүгері үшін маңызы зор, ал кеңқатарлы және пунктирлі себу тәсілдері вегетацияның барлық кезеңдерінде тыңайтқыштар қолдануға қолайлы жағдай жасайды.
Жүгерінің тыңайтқыштар қолдану жүйесі - негізгі, тұқым себу кезіндегі және үстеп қоректендірулерден тұрады. Негізгі тыңайтқыштарды сүдігер жыртқанда гектарына: қаратопырақ пен қара-қоңыр топырақтарда 10-15 т көң, 20-30 кг-нан фосфор мен калий. Азотты көктемгі қопсытуда гектарына 20-30 кг, ал тұқым сепкенде қатарға гектарына 15 кг дейін фосфор береді. Үстеп қоректендіруде 20-30 кг-нан азот пен фосфор, 15-20 кг калий қолданады. Құнарсыз топырақтарға гектарына негізгі тыңайтқыш ретінде 30-40 т көң, 45-60 кг фосфор, 40-50 кг калий, көктемгі қопсытуда - 50-60 кг азот, тұқым сепкенде қатарлы 15 кг фосфор жұмсалады. Үстеп қоректендіруге 20-30 кг-нан азот пен фосфор қолданады. Қышқыл топырақтарға күзде гектарына 3-5 т әк пайдаланады.
Бұл тыңайтқыштар мөлшерлерін топырақ сапасына, алғы дақылдарға, бұрын берілген тыңайтқыштарға, климат жағдайлары мен топырақтың химиялық сараптама нәтижелеріне байланысты нақтылайды.
3.5 Жүгері егісінің фитосанитарлық жағдайы және арамшөптермен күресудегі экономикалық тиімділігі
Арамшөптер жарық түсуін нашарлата отырып жүгерінің жапырағында фотосинтез үрдісінің жүруін тежейді. Көлеңке түсуіне байланысты топырақ температурасы төмендейді де, қоректік заттар жинау үрдісіне қатысатын, топырақтағы микроорганизмдердің тіршілікке қабілеті нашарлайды. Жүгеріден жоспарланған өнім алынбағандықтан, оның өндірісінің тиімділігінің рентабельділігін төмендетеді.
Арамшөптер мәдени дақылдардың конкуренті. Арамшөптердің ауылшаруашылық өндірісіне тигізетін зияндылығы тек ауылшаруашылық дақылдарының өнімнің күрт төмендеуінде ғана емес, алынатын өнімнің сапасының нашарлауында. Тәжірибе учаскесінде кездесетін негізгі арамшөптер мыналар: тауық тары, алабота, тісті ошаған, кәдімгі гүлтәжі, Теофраст канатнигі, жусан жапырақты ойраншөп, егістік қалуен, дала шырмауығы, кәдімгі қамыс, құмай (кесте 12 ).
кесте 12
Агрофитоценоздың арамшөп компонентінің құрлымы
Арамшөптердің агробиологиялық тобы
|
Арамшөптер саны, дана/м2
|
Биотоптың үлесі,%
|
Аз жылдық арамшөптер оның ішінде:
|
96
|
69
|
Ерте пісетін жаздықтар
|
74
|
53,2
|
Кеш пісетін жаздықтар
|
42
|
30,2
|
Көп жылдық арамшөптер
|
23
|
16,6
|
Басқалар
|
20
|
14,4
|
Арамшөптердің барлығы
|
139
|
100
|
Гербицид берілмеген мөлдекте арамшөптермен ластану дәрежесі өте жоғары екенін зерттеу көрсетті. Агрофотоценоздың арамшөптер компонентінің ерекшелігін зерттеуде, егістікте 20-дан 139-ға дейін арамшөптердің түрлері өседі, олардың ішінде 15 космополиттерге, 17 басқа елдерден әкелінген.
Орташа есеппен алғанда, аз жылдық арамшөптердің мөлшері шаршы метріне 52 дананы құрады. Олардың ішінде дара жарнақтылардың үлесіне 16 және қос жарнақтылардың үлесіне шаршы метріне 36 дана тура келді. Дара жарнақты жаздық арамшөптер 3 түрмен келтірілген олар: күрмек тары (Echinochloa crus galli (L.), көкшіл мысықұйрық (Setaria pumila (Poir.) Schult.), жасыл мысықұйрық (Setaria viridis (L.) Beauv). Қыстаушы қос жарнақтылар 2 түрмен келтірілген олар: жұмыршақ (Capsella bursa-pastoris (L.) Mediuc) және жабайы ассүттіген (Lactuca serriola (L.)). Қос жарнақты жаздық арамшөптер 11 түрімен сипатталған, олар: кәдімгі сасық меңдуана (Datura stramonium L.), бақша қараоты (Portulaceae oleracea L.), ісінген бөрітарақ (Hibiscus trionum L.), қызыл таспа таран (Polygonum aviculare L.), Теофраст канатнигі (Abutilon theophrasti Medic.), арам кенепшөп (Cannabis ruderalis Jan), татар көкпегі (Atriplex tataricum L.), алабота (Chenopodium album L.), қара алқа (Solanum nigrum L.), гүлтәжі (Amaranthus retroflexus L.) және кәдімгі ошаған (Xanthium strumarium (L.)).
Жүгері егіс алқабында кездесетін арамшөптердің биологиялық ерекшеліктері.
Биологиялық ерекшеліктеріне қарай арамшөптерді азжылдық (біржылдық, қыстап шығатын және екіжылдық) және көпжылдық деп қарастырады. Арамшөптерді мәдени өсімдіктерге зияндылығы мен күресу шараларының күрделілігіне байланысты ерекшеленеді.Аса залалды атпатамырлы, яғни: тікенқурай (қызғылт қалуен),егістік қалуен, дала шырмауығы және т.б. Арамшөптердің бұл тобымен үздіксіз күресу шараларын жүргізіп отыру қажет. Олармен күресудің қиындығы сол, өсімдігін жойғанменде қайта өсіп өніп, жаңа сабақтар түзу қабілеттері жоғары. Ал дала шырмауығының аса қиыншылығы ол кеш пісетін жаздық арамшөптер тобына жатады, яғни ол гербицидпен өңдегеннен кейін өнеді.сондықтан жүгеріні қорғау жүйесінің негізі ретінде, бірінші кезекте өте жақсы препарат таңдап алу керек.
Жүгеріні өндіруде арамшөптермен химиялық күресудің экономикалық тиімділік
Экономикалық баға – ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіріп-өндіру технологиясының тиімділігі мен есептеу көрсеткіші болып табылады. Кейінгі нарықтық заман талабына байланысты, пайдаланылатын тыңайтқыштар мен гербицидтердің және өндірілген дән мен жанар жағар май бағасының тұрақсыздығы, сонымен қатар ауылшаруашылығы дақылдарын өсіру барысында агротехникалық іс-шаралар жұмыстарын жүргізу құнының ауытқуы экономикалық тіимділікті ақшалай есептеу үшін біршама қиындықтар туғызады.
Ауылшаруашылық дақылын өндірудің экономикалық тиімділігін арттыру үшін бұл дақылдың қаншаға түскенін зерттей, өнімнің өзіндік құнының құрамы мен құрылымын анықтай отырып, шығынның қай түрінен жоспардағыданартық немесе кем жұмсалғанын салыстыру шаруашылықтағы шығындардың дұрыс жұмсалуына бақылау жасау болып табылады.
Ауыл шаруашылық дақылдарын өндірудің экономикалық тиімділігін есептеу үшін өндіріс шығындарын, өнімін, сатылатын бағасын анықтап, сол арқылы таза пайда мөлшері, өзіндік құнын және рентабельдік деңгейін есептеп шығару керек етеді. Ауылшаруашылығында жоғары сапалы өнім өндіру бір өлшеміне шаққанда оны өндіру көлемін ұлғайтады, екінші жағынан бір гектар егіске немесе бір малға шаққанда қосымша жұмсалған шығыны артады. Осыдан келіп экономикалық нәтижесін, өнім сапасын жақсартуды анықтау проблемасы барған сайын зор мәнге ие болады. Тек сонда ғана рентабельдіктің артуына, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігіне қол жеткізіледі.
Өндіріс шығындары – өнім өндіруге жұмсалған нақты және затқа айналған еңбек шығындарының жиынтығы. Өндіріс шығындары қоғамның өнімдерді өндіруге жұмсаған шығындары және кәсіпорындардың тауар өндіруге жұмсаған ақшалай шығындары болып келеді. Қоғамдық өндіріс шығындарына өнімді өндіруге жұмсалған өндіріс құрал жабдықтары бағасының бір бөлігі және қажетті еңбекпен жұмсалған өнімнің құны кіреді.
Олар тауардың жалпы құнын анықтайды. Кәсіпорындардың тауар өндіруге жұмсаған ақшалай түріндегі шығындары сол өнімнің өзіндік құны түрінде әрекет етеді. Өндіріс шығындарының бұл бөлігіне материалдық қорларға және жұмысшылардың еңбек ақысына жұмсалатын шығындары жатады.
Тауар өндірісі кезінде өндіріс шығындары құн түрінде көрініп іске асады. Қоғамдық өндіріс шығындары өндірілген өнімнің құнына тең болады.
Өзіндік құн – өнім өндіруге жұмсалған барлық шығын. Өндірілген өнімнің өзіндік құнына барлық жұмсалған шығындар: шикізат, материал, электр энергиясы амортизациялық жарна, еңбекақы және тағы басқалар жатады. Өзіндік құн сол кәсіпорын шығынының жиынтық көрсеткіші, ол әрбір өнімге жұмсалған жалпы шығын сомасын өнім көлеміне бөлу арқылы анықталады. Неғұрлым өзіндік құн төмен болса, солғұрлым өндіріс тиімділігі жоғары болады. Өзіндік құнды төмендетудің негізгі жолдары: өнім көлемін көбейтіп, сапасын арттыру, ғылым мен техника жаңалықтарын және қалдықсыз технологияларды өндіріске енгізу, еңбек өнімділігін арттыру, өндіріс қорларын ұтымды пайдалану, өндіріс циклін қысқарту, ұйымдастырумен басқаруды жақсартып оған кететін шығындарды азайту, өндіріс қалдықтарын толық пайдалану, өндірістің тоқтауын және дер кезінде жүргізілген бақылау, есеппен экономикалық талдау, айналым қаржыларының айналуын тездету болып табылады.
Кез келгендақылдарды өңдеу технолгиясымен өнімді өңдеу жүйесін, барлық негізгі бағалық көрсеткіштерді ескере отырып, бағалау қажет болады. Оған табыстылық, пайда, өзіндік құн, рентабельділік жатады. Баға тауар құнының ақшалай көрінісі. Тауар өндірісі мен айналысы жағдайында еңбек өнімдері тауар түрінде өндіріліп, сатылады. Әрбір тауардың бағасы оның құнымен тепе-тең болуы керек. Бағаның құнынан ауытқуының жоғарғы шегі пайда көлемімен, ал төмегі шегі өнімнің толық өзіндік құнымен анықталады.
Қандай болмасын өндірістің тиімділігін, оның соңғы нәтижесі көрсетеді. Тиімділік мәні мен маңызын, соңғы нәтижесімен байланыстыра қарайтын болса, өнімнің қандай шығындардың жұмсалуымен алынғандығы ашылады. Оларды пайдалану өнімділігі кез-келген меншік формасы және қоғамдық – экономикалық формация кезінде мәні мен маңыздылығын өзгертпейтін әр түрлі көрсеткіштерде көрінеді. Негізгі экономикалық көрсеткіштерге бір гектарға шаққандағы өндірістік шығындар, өнімнің өзіндік құны, өнімділігі, таза пайда, рентабельділігі жатады.
Таза пайда - жалпы өндірілген өнімнің бағасы мен өндірістің шығыны арасындағы айырмашылық, қосымша алынған өнімнің ақшамен көрсетілген көрінісі. оның көлемін жалпы түскен пайда мөлшерімен жұмыс күшін сақтап қалуға арналған шығындарды шығарып тастау арқылы анықталады. Таза пайда өндірісте болашақта кеңейтудің және қоғамдық пайдалану қоры өсуінің басты көзі болып саналады. Пайда көлемі сатылған өнім мөлшеріне және сапасына, басқа түрдегі түсіммен шығынға байланысты.
Рентабельділік деңгейі - ең басты экономикалық категория ретінде, шаруашылық негізінде есептеуші мекемелердің барлығына тән. Онда тек еңбектің бүгінгі қорытындылары ғана емес, ол жұмыс арқылы өнімге айналған орналастыруға, сатуға, өткізуге тиісті өнімдердің, өндірісті ұйымдастыруға және басқаруға кеткен шығындарды да кіреді. Өнімнің жалпы бағасы өндірілген өнім мөлшерін сатылу, қабылдану немесе белгілі келісілген бағаға көбейту арқылы анықталады.
өнімінің жалпы түсімі, таза пайда, өзіндік құны көрсеткіштерін төмендегі формула бойынша есептедік:
Ж.т = Ө Ч С.б ; мұндағы (2)
Ж.т - жалпы түсім, тг; Ө- өнімділік, ц/га; С.б- сату бағасы, тг.
Т.П.= Ж.т.- Ш ; мұндағы (3)
Т.П- таза пайда, тг; Ж.т - жалпы түсім, тг; Ш- шығын, тг.
Ө.қ.= Ш / Ө ; мұндағы (4)
Ө.қ- өзіндік құн, тг; Ш- шығын, тг; Ө- өнімділік, ц.
Экономикалық баға қосымша шығындардың дұрыс қолдануы және олардың біршама жарамды болуына байланысты. Рентабельділік деңгейін мынадай жолмен анықтайды:
Р.деңг = Т.П. / Ш; мұндағы (5)
Р– рентабельділік деңгейі, %;
Т.П – таза пайда, теңге; Ш - шығын, теңге.
Жүгері егістігінде гербицидтердің арамшөппен күресудегі тиімділігін алынған қосымша өнім арқылы бағаланады. Шығарылған шығын гербицидтердің бағасының қымбаттығына қарамастан, алынған қосымша өнімменнен ақталады.
Экономикалық тиімділікті есептегенде гербицидтерді сатып алуға, оларды топыраққа ендіруге және олармен жүгері егістіктерін бүркіп шығуға кеткен шығындарды есепке алдық. Сонымен қатар гербицидтерді сақтаумен, қосымша өнімді жинаумен және тасымалдаумен байланысты қосымша шығындар да есепке алынған болатын. Шартты түрдегі таза табыс,жүгері шикізатының өнімінің үстеме құнынан, жүгеріні күтіп баптаумен байланысты барлық шығындарды шығарып тастау арқылы есептеліп шығарылды.
Гербицид қолданылған нұсқаларда түскен таза пайда 43600 – 98800 тг аралығында болды. Бақылау гұсқасымен салыстырғанда трефланды 3л/га мөлшерде ендіруден жүгері өнімінің қосымша таза пайдасы 7900 теңгені құрды. Қалған гербицид қолданылған нұсқаларда қосымша өнім 32000 теңгенің маңында болды. Ең жоғарғы рентабельділік 98,8% эстеронды 0,7 л/га мөлшерінде қолданғанда көрсетті.
кесте 13 Жүгерінің арамшөптермен күресуге байланысты экономикалық тиімділігі
р/с
|
Нұсқалар
|
Өнім-нің мөлшері
|
Өзіндік құны, тенге
|
1 ц өнімнің өзіндік бағасы, тенге
|
Жалпы өнімнің құны, тенге
|
Шыққан шығын, тенге
|
Таза пайда, тенге
|
Рентабель-ділік деңгейі,
%
|
1
|
Бақылау (гербицидсіз)
|
39
|
1885
|
2800
|
109200
|
73500
|
35700
|
48,5
|
2
|
Пульсар к.э=0,7 л/га
|
51
|
1490
|
2800
|
142800
|
76000
|
66800
|
87,8
|
3
|
Трефлан 24%, к.э - 4 л/га
|
42
|
1762
|
2800
|
117600
|
74000
|
43600
|
58,9
|
4
|
Базагран 48%, к.э. – 3 л/га
|
62
|
1645
|
2800
|
173600
|
102000
|
71600
|
70,1
|
5
|
Эстерон, 850 г/л к.э. – 0,7 л/га
|
71
|
1408
|
2800
|
198800
|
100000
|
98800
|
98,8
|
3.6 Жүгері егісін күтіп-баптау және өнімді жинау
Негізінен арамшөптермен күресуге және топырақтың физикалық жағдайын жақсартуға бағытталады. Тұкымды сепкеннен кейін 3-4 күн өткеннен соң, жеңіл немесе орташа тырмалармен топырақ бетіндегі қабыршақтарды және өсіп келе жатқан арамшөптерді жою мақсатында себу қатарларына көлденең тырмалау жүргізеді. Осындай өңдеуді жүгері өсімдігі көктеп шыққаннан соң 2-3 жапырақ кезеңінде қайталайды.
Әрі қарай жүгеріні күтіп-баптаудағы маңызды шара – қатараралықтарды қопсыту мен үстеп қоректендіру. Ол үшін қопсытқыш өсімдік-қоректендіргіштер қолданылады. Бірінші қопсытуды 7-8 см, ауыр топырақты жерлерде 8-10 см дейінгі тереңдікке 3-4 жапырақ пайда болған кезеңінде, 10-12 см қорғаныш алаңын қалдыра отырып, ал екіншіні, егер қажет болса үшіншіні де 6-7 см тереңдікке жүргізеді.
Үстеме қоректі қатараралықтарды бірінші қопсытумен біріктіріп берудің тиімділігі өте жоғары.
Танаптар көпжылдық арамшөптермен ластанған жағдайда 50%-дық 2,4-Д амин тұзы (1,5-2,5 кг/га) және 40%-дық диален (1,0-3,0 кг/га) гербицидтерімен жүгерінің 3-4 жапырақ кезінде егісті бүркеді. Гербицидтермен өңдеу үшін тек қана штангалы бүріккіштерді қолдану керек.
Суармалы егістік жағдайында, тиімділігі жоғары гербицидтер қолданғанда (эрадикан, агелон, атразин) қатараралық өңдеу шараларын өткізбеуге де болады.
Суармалы егіншілікте өсіргенде топырақтың тамырлар әрекет ететін қабатындағы ылғалдылықты ең төменгі ылғал сыйымдылығынан 75-80% кем емес деңгейде суару арқылы ұстап тұрғанда ғана астық өнімі мол болады. Бұл жағдай күздегі ылғал жинау үшін суару мен вегетациялық суарудың жақсы үйлесуінің нәтижесінде қалыптасады: бірінші суару - 5-7 жaпыpaқ кезеңінде, екінші - шашақтану алдында, үшінші - гүлдену, төртінші және бесінші суарулар - дән түзу алдында және дәннің сүттеніп-балауызданып пісуінің алдында; жүгері егісін суару «Фрегат», «Днепр» және ДДА-100 МА суару машиналарының бірімен жүргізіледі.
Өнім жинау. Астыққа өсірілген жүгері гүлдей бастағаннан 50-55 күн өткен соң, собықтағы дәннің толық пісер алдында орылады.
Жүгері собықтарын 16%, ал дәнін 13%-дан аспайтын ылғалдылыққа дейін кептіріп қоймада сақтайды.
Еңбек қорғау және азаматтық қорғаныс
Еңбек қорғау адам еңбегінің қауіпсіздігін, ден-саулығының қорғалуын және еңбекке жарамдылығын қамтамасыз ететін заң актілерін әлеуметтік жағдайын және алдын алу, емдеу шараларымен тәсілдерінің жүйелерін зерттейді. Сол сияқты жарақаттануға, профессионалды ауруларды болдырмауға бағытталған көптеген санитарлы – гигиеналық жағдайлар, техникалық жүйелер қызмет жасайды.
Ауыл шаруашылығы қазіргі кезде жаңа қуатты тракторлармен, суландырғыштармен және тағы басқа ауыл шаруашылық техникаларымен қамтамасыз етілуде. Сондықтан еңбек қауіпсіздік жағдайын қамтамасыз ету әр шаруа қожалықтарын, кәсіпорын басшыларының алдындағы тұрғын басты міндеттерінің бірі.
Ғылым мен техниканың жоғарғы деңгейде дамыған шағында ауыл шаруашылығында жұмысшылардың еңбегін қорғау басты мақсаттарының біріне кіреді. Себебі ауыл шаруашылығындағы қолданылатын техникалардың жылдамдығы артып, күші артып, дақылдардан мол өнім алу жолында пайдаланатын әр түрлі пестицидтермен гербицидтердің көп қолдануынан жұмысшы қызметкерлердің денсаулығын сақтау, еңбегін бағалау басты дәрежеде орындалуын талап етеді. Сондықтан да жеке шаруа қожалығындағы жетекшіледі және жұмысшыларға алдын ала техника қауіпсіздігі мен өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша инструкция жүргізілуі тиіс.
Осыған байланысты еңбекті қорғау барысында төмендегідей талаптарды ескергенді жөн көрдік.
Жұмыс басталар алдындағы қойылатын талаптар
Жұмыс кезіндегі техника қауіпсіздік талаптары
Жұмыс аяқталған соң техника қауіпсіздік талаптары
Саймандарға қойылатын талаптар
Гербицидтермен жұмыс кезіндегі сақтандыру шаралары
«Агроуниверситет» ОТШ - да еңбекті қорғау қызметі барлық мекемелер үшін ережеге сай құрылган. ОТШ - да жұмысты дұрыс ұйымдастырудың негізгі маңыздылығы техника қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға негізделгені көрсетілген.Механизатордың еңбек атқарушының қиын - жеңілділігіне байланысты оларға арнайы демалыс ұйымдастыру қажет.
Агроуниверситет ОТШ әкімшілігі еңбеккерлердің еңбек жағдайын жақсарту үшін бар жағдайды жасаған. Мұның негізінде өсімдік шаруашылығы саласында белгілі мөлшерде қаражат бөлінеді. Еңбекке және демалысқа да жақсы көңіл бөлінеді.Шаруашылық жұмысшылары арнайы киімдермен және аяқ киімдермен қамтамасыз етілген, сонымен қатар сақтық заттарымен де (регираторлар, көзілдіріктер, т.б.) қамтамасыз етілген.
Қорытынды
Қорыта келгенде, ауыл шаруашылық маманы ретінде бізге жүктелетін міндет өте зор, білікті маман болып шығу үшін теориялық білімдерімді практикамен ұштастыру мақсатында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Саймасай ауылы, «Агроуниверситет» ОТШ – да өндірістік практикадан өттім. Практика барысында, ауыл шаруашылық дақылдарын өсіп-өндіру технологияларымен танысып, зерттеу танабында жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеу жұмыстарына араласып, дипломдық жұмысыма қажетті материалдарды жинадым.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Ерлепесов М.Н. Культура кукурузы в Казахстане.-Алма-Ата: Сельхоз издат, 1964.-288 б.
Ерлепесов М.Н. Возделывание кукурузы на зерно в Казахстане.- Алматы:1995.-215 б.
Юмагулова Г.А. Кукуруза индустриальная технология возделывания.- Алма-Ата: Кайнар, 1987.-187 б.
Петренко П.В., Юмагулова Г.А. Интенсивная технология возделывания кукурузы в Казахстане в условиях неорошаемого земледелия.-Алма-Ата: Кайнар, 1987.-121 б.
Әрінов Қ.К, Мұсынов Қ.М., Апушев А.Қ., Серікпаев Н.А., Шестакова Н.А., Арыстанғұлов С.С. Өсімдік шаруашылығы.- Алматы: 2011.-359 б.
Әльдеков Н., Балғабаев Ә., Есіркепов Т. Жүгері дақылын өсірудің тиімді технологиясы.-Алматы:2010.-160 б.
Сулейменов М.К., Кирягин А.Ф. Рекомендация по интенсивной технологий возделывания кукурузы на силос в Северном Казахстане.г. Целиноград: 1988.-30 б.
Богунов О.В. Особенности ухода за посевами кукурузы в орошаемых условиях юга Украйны, 1976. 47 б.
Сухимов Е.О. Влияние сроков посева и густоты стояния на урожай зеленой массы кукурузы // Вестник сельскохозяиственник науки Казахстана.№8. 1975.-Б.10-11.
Часовитина Г.М. и др. Полевое кормопроизводство в Казахстане.-Алма-Ата: Кайнар, 1986.-152 б.
Ефимов И.Т. орошаемая кукуруза.-М: Колос, 1974.- 220 б.
Юмагулова Г.А., Шаушеков Т.К. Кукурузе заботливый уход и передовую технологию, Алма-Ата, Кайнар, 1987. 187 б.
Ерлепесов М.Н. Кукуруза на поливных землях Казахстана. Алма-Ата. Кайнар, 1968.-160 б.
Богарников А.П. Интенсивная технология возделывания сои в условиях юго-востока Казахстана, Алматы 1989, Б.26-43.
Боико А.Т. Основные приемы агротехники сои на орошаемых землях предгорной зоны заилийского Алатау. Диссертация. Алматы, 1973 Б. 25-27.
Достарыңызбен бөлісу: |