Алматыда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында "Қазақстан және қазіргі заманғы жаһандық қауіп-қатерлер" атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті
Алматыда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында “Қазақстан және қазіргі заманғы жаһандық қауіп-қатерлер” атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылған ғылыми конференция аясында “Президент Н.Ә.Назарбаев және бүгінгі Қазақстан” атты үш томдық құжаттар жинағының тұсаукесері өтті. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұжымы дайындаған “Президент Н.А.Назарбаев и современный Казахстан” атты орыс тіліндегі бұл еңбектің алғашқы томында негізінен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ең маңызды мәселелер және сыртқы экономикалық ахуалғабайланысты ой-түйіндер мен пікірлер жарияланған. “Президент Н.Ә.Назарбаев және бүгінгі Қазақстан” атты жаңа жинақтың келесі томы тәуелсіз мемлекеттегі дәйектілікпен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар стратегиясына арналған. Оқырмандар бұл еңбекте Мемлекет басшысының саяси жүйені реформалаумен қатар, ұлан-байтақ елімізде қоғамдық келісімді қамтамасыз ету бағытындағы ықпалды іс-шараларымен, салмақты ой-түйіндерімен таныса алады. Ал, жинақтың үшінші томында республиканың 1991-2009 жылдар аралығындағы сыртқы саяси бағыты кеңінен қамтылған. Соған орай, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның сыртқы саясаты туралы мақалалары мен сұхбаттары берілген. Жаңа жинақ жөнінде өз ойын ортаға салған Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлтанов еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі және мемлекеттің қалыптасып, кемелденуі Мемлекет басшысының атымен тығыз байланысты екендігін атап айтты. “Қазақстан және қазіргі заманғы жаһандық қауіп-қатерлер” атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар бүгінгі күн тәртібінде тұрған ең басты әрі ауқымды мәселе – мемлекет қауіпсіздігі, ішкі саяси тұрақтылық және дағдарыстан кейінгі даму төңірегінде өз пікірлерін ортаға салды. Жаһандық қауіп-қатерден сақтану және оның алдын алу бағытындағы ықпалды іс-шаралардың ең тиімдісі біздің қоғамымыздағы ынтымақтастық пен бірлік және келісім екендігі көпшілікке жақсы белгілі. Бұл орайда кездесуге қатысып, сөз алғандар үш мемлекеттің Кеден одағына және оның келешегіне үлкен сенім жүктеліп отырғандығын да ашып айтты. Өйткені, оның басты себебі Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы ынтымақтастық байланыс бұл мемлекеттердің ғана емес, сондай-ақ ТМД-ның басқа мемлекеттерінің экономикасының дамуына айтарлықтай игі ықпал ететіндігінде жатса керек. Жиында сөз алған Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков Қазақстанның әлемдік дағдарысқа қарсы іс-шараларының ұтымды әрі сауатты жүргізілуі мәселесіне кеңінен тоқталды. – Елімізде экономиканың дамуы мен нығаюы Қазақстанның қазіргі таңдағы жаһандық жағдайларға ықпалындағы маңызды факторлардың бірі болып есептеледі. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы төрт айында ішкі жалпы өнімнің өсуі 7,6 пайызға жетуі көп нәрседен хабар берсе керек. Ашығын айтсам, Қазақстан экономикасы әлемдік экономиканың жаһандану аясында Кеден одағына, ал жақын арада БСҰ-ға енуіне орай бірқатар күрделіліктерге кездеспек. Олардың арасында ішкі рыноктағы тауарлар мен қызметке тұтынушылар сұранысының төмен деңгейі, шикізаттық бағыттылық және өзге де шешімі қиындау мәселелер бар. Ал, енді бұл проблемаларды шешу үшін және тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда еліміздің 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасына үлкен сенім жүктелуде. Осы бағдарламадағы “индустрияландыру картасы мен өндірістік қуатты үнемді орналастыру” ең өзекті құрамдас болып табылады. Сондықтан да бұл бағдарламаның дәйектілікпен жүзеге асырылуы еліміздің экономикалық қарқынын арттыруға ықпал етпек,– деді Анатолий Башмаков. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері мен Орталық Азия аймағындағы даму тұрақтылығын қамтамасыз етудегі Қазақстанның рөлі жөніндегі жақын және алыс шетелдердегі саясаткерлер пікірі көпшілік назарын аударарлықтай. Ресейлік белгілі саясаткер Ю.Солозобовтың тұжырымдауынша, “Ресей шекарасы Орталық Азия жағынан қорғалып тұрса, онда Ресей өз қауіпсіздігіне сене алады. Осы себептен де ұзындығы 7,5 мың километрден астам ортақ шекарасы бар Қазақстан Ресей үшін маңызды геостратегиялық әріптес”. Ресей Федерациясының саяси тұрақтылығы, экономикалық қауіпсіздігі, тіпті аумақтық тұтастығы көбінесе Ресей-Қазақстан қарым-қатынас тағдырына тығыз байланысты”. “Қазақстан және қазіргі заманғы жаһандық қауіп-қатерлер атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда әлемдегі күрделі жағдайларға Қазақстанның және оған көршілес елдердің алаңдаушылық білдіріп, тиімді іс-шараларды ойластыру қажеттігі бұл бағыттағы басты талаптардың бірі екендігі сөзсіз. Бұл орайда Парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бұрхановтың ой-пікірімен келіспеске болмайды. Шын мәнісінде де, Еуразия континентіндегі қауіпсіздіктің біртұтас жүйесінің берері мол екендігіне ешқандай талас болмауы тиіс. Оған қоса, мұның өзі сарапшылар болжамындағыдай этностық сепаратизмнің өсу ықтималдығы қарсаңында өте қажет және оған тікелей қатысты өзге де мәселелер аз емес. – Көпшілікке жақсы белгілі, бұрын Кеңес өкіметі заманында Қазақстан ет және сүт өнімдері шаруашылығы жоғары деңгейде дамыған мемлекет болатын. Ал, бүгінде еліміз аталған өнімдердің 50 пайызын ғана өндіреді. Мемлекет басшысының 2010 жылы бұл көрсеткішті 80 пайызға дейін жеткізу туралы міндет қоюы да тегіннен-тегін емес. Дегенмен, 2020 жылға дейін тұрғындарды өз өндірісіндегі азық-түлікпен толықтай қамтамасыз етудің қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Сонымен қоса, азық-түлік қауіпсіздігі біздің ұлттық басты міндетіміз болуы тиіс,– дейді Камал Бұрханов. Халық қалаулысының айтуынша, жаһандық күрделі мәселелердің біріне айналып отырған энергия ресурстары көлемі төңірегіндегі қиын түйінді шешу үшін барлық күш-қуатты жұмсау қажет. Қазақстан үшін мұның өзі тек энергетикалық проблема ғана емес, сондай-ақ бұл экономикаға да қатысты екені жасырын емес. “Танымал және бейтаныс Алматы: бүгіні мен келешегі” тақырыбы төңірегінде сөз қозғаған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов қаржы орталығының қазіргі ахуалы туралы айтып берді. Әсіресе, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету бағытында ілгерілеушілік байқалуда. Өткен жылғы дағдарысқа қарсы іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде қосымша 40 мың адам жұмыспен қамтылды. Сонымен, қазіргі заманғы жаһандық қауіп-қатерлерді барынша терең талдау, ғылыми сараптамадан өткізу, оның алдын алуға дайындық іс-шараларының берері мол.