Барлыбек Сыртанұлы ХХ ғасырдың басында қазақтан шыққан алғашқы жоғары білімді зиялы қаумының қатарына енген Барлыбек Сыртанұлы (1866-1914) Жетісудың Ақсу өңірінің азаматы. Верный (қазіргі Алматы) ер балалар гимназиясында орта білім алып, 1886 жылы Санкт-Петербург Императорлық университетінің шығыстану факультетіне оқуға түседі. Ол студенттік шағында сондағы жоғары оқу орындарында оқып жүрген М.Сералин, Б.Қаратаев, А.Теміров, Б.Құлманов секілді қазақ жастарымен бірлесіп, «Жерлестер» атты үйірме құруға атсалысты. Бұл үйірме мүшелері студент жастарға көмек көрсетуді ұйымдастырумен бірге саяси-әлеуметтік мәселелерді қызу талқыға салды. Ол – шығыстанушы, араб-түркі, парсы-татар тілдерін игерген еді. Университетті аяқтағаннан кейін Б.Сыртанов 1891-1894 жылдары Ташкент қаласында Түркістан генерал-губернаторының қазыналық палатасында қызмет етті. 1894 жылы 29 кыркүйекте Жетісу әскери губернаторының бұйрығымен облыстық басқарманың іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Мұның артынша ерекше тапсырмалардың кіші шенеунігі қызметін атқарды. Ол Жетісу облыстық басқармасында қызмет ете жүріп, Ресей шенеуніктерінен жәбір көрген қазақ халқының өкілдеріне көмек көрсетуді өз борышы санады.1903-1907 жылдары Б.Сыртанов Ресей мен Қытай шекарасының межесін тексеру ісіне атсалысты. Патша өкіметінің орыс шаруаларының Жетісу өңіріне қоныс аударып, жергілікті халықтың мал бағуға, егін егуге жарамды жерлерін тартып алуына наразылық танытты. «Айқап» журналында қазақ халқының әлеуметтік-саяси мәселелеріне қатысты мақалалар жариялады. Сол тұстағы жергілікті халықтың мұң-мұқтажын айқындау, әрі оны шешу жолдарын қарастыру мақсатында жалпықазақ съезін шақыру мәселесін көтерді. Оның мұндай ұсынысы С.Лапин, Р.Мәрсеков, Ж.Сейдалин және Б.Қаратаев секілді қазақ зиялылары тарапынан қолдау тапты. Сөйтіп, патшалық билік жүйесінде ұлық дәрежелі қызметте 18 жыл болған ол 1909 жылы отставкаға шыққаннан кейін Жетісудағы атамекені Ақсу бекетінің қасында 12 шақырым жердегі қыстауына оралады. 1910-1913 жылдар аралығында Б.Сыртанов өз тарапынан құпия түрде қазақ өлкесін Ресейдің отары қатарынан шығаруды көздеген Жарғы әзірледі. «...Ол өзі табиғатынан бойына дәрігерлік қасиет қонған адам болатын. Петербордағы Императорлық университетті бітірген соң, туған жеріне келіп, қызметке араласа бастаған тұсында қазақ даласында өсетін емдік қасиеті зор шөп, гүл, т.с.с. зерттеп, орыс тілінде «Дәрілік өсімдіктер» («Травяные растения. Способы их употребления») деп аталған медициналық еңбек жазған», – деп жазады жазушы-зерттеуші Елдос Тоқтарбай.
Бірен-саран болса да алғашқы білімді, озық ойлы ұлт өкілдері сол ауыр кезеңде ел жағдайына барынша көңіл бөліп, титімдей болса да халқыма пайдамды келтірейін деп өмір сүрген, қолынан келген көмекті аямаған.