Сұлтан елшiлiгi Алтын Орда Сарайына 1281 жылдың қыркүйек айында ғана жете алды. Мөңке Темiр хан 1280 жылдың шiлде айында тамаққа шыққан iрiңдi жарадан қайтыс болды. 3* Сарайшықтағы хандар пантеонында ең алғаш жерленген осы Мөңке Темiр хан.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. История Казахстана т 2, А-1997, стр 16-19. 2. Ө.Әлiмгереев «Сарайшықтың жетi ханы»
Атырау газетi 11 қараша 1999ж. 3. Салих Закиров «Дипломатические отношения Золотой Орды с Египтом» Москва-66, стр 59-63
Тоқта хан (1290-1312)
Тоқта – Бату хан ұрпағы, Мөңке Темiрдiң көп ұлдарының бiрi. Ол Мөңке Темiр қайтыс болғаннан кейiн таққа отырған Тода Мөңке, Тола Бұғалардан кейiн, Ноғай батырдың көмегiмен Алтын Орда ханы болды.
Қ.Салғараұлының кестесiнде Тоқта Алтын Ордада 1290-1312 жылдары хандық құрды делiнедi. Тарихи әдебиеттерде Тоқта ханның есiмiн Гияс-ад-дин Тоқта, Тоқтай, Тоқтағу, Тоқатай деп құбылтып атау кездеседi.
Тоқта хан өз мемлекетiнде 1310 жылы ақша реформасын жасады. Соның арқасында Алтын Орда аймағындағы ақша айналымында Сарай дирхемi жетекшi орынға шықты. Уақыт өте келе бұл дирхем мен одан кейiн шыққан Сарай ақшалары Едiл бойы, Солтүстiк Кавказ, Мордва, Бұлғар, Азов, Қырым өлкелерiндегi барлық ақша түрлерiн ығыстырып шығарды. 1*
Ол өзiн таққа отырғызған Ноғайды өлтiрiп, оның ұлысын иемденiп, ел iшiнде тыныштыққа қол жеткiздi.
Тоқта кезеңiнде ХIУ ғасыр басында Алтын Ордада әскери күште және экономикада өрлеу басталды. 2*
Тоқтаның хан тағында отырған алғашқы он жылы Алтын Орданың өз iшiнде аса бiр мазасыз кезең едi.
Феодалдық өзара қырқыс етек алды, орыс княздерiнiң салық жөнiндегi әдiлетсiздiкке наразылықтары, хан төңiрегiндегi сенiмдi адамдар арасына тасталған өсек-аяңдар Сарай маңындағы ақсүйектер арасында дүрбелең туғызды. Соңы ел iшiнде екi жақ болып соғысқа ұласты. Бұл соғыс 1300 жылдар шамасында Ноғай қолының талқандалуымен аяқталды.Парсы тарихшысы Натанзидiң дерегiндегi Ақ Орданың Алтын Ордадан бөлiнуi елде осы iшкi қайшылықтар етек алған кезде болған болуы мүмкiн. 3*
Тоқта ханның мемлекеттiң сыртқы iстерiмен айналысуына ендi ғана мүмкiндiк туды. Ол 1303 жылы Парсының сол кезгi ильханы Газанға «Арран аймағын және Азербайжанды сөзсiз бересiң» – деп талап қойды. Кейiн Парсының ханы Харбендке «Тавризге дейiнгi Хорасан аймағын бересiң» – деп талап қойғанын жазады елшiмен жiберген Египет Сұлтанына хатында. Әрине бұл талаптар Иран тарапынан орындалмағаны тарихтан белгiлi.
Тоқта Египет Сұлтаны ас-Саид ибн Бейбарысқа «екi жақтап Иранға шабуылды басталық. Сенiң әскерiң басып алған жерi сенiкi болсын, менiң әскерiм басып алған жерi менiкi болсын» – деп ұсыныс етедi.
Харбендпен бейбiт келiсiмге келгендiгiн айтып, Сайд сұлтан шабуылға шықпайтындығын хабарлайды.
Египетте мемлекет басшылығына сұлтан Мұхаммад ибн Калаун келгесiн де Тоқта Иран жөнiндегi ұсынысын қайталап, өткiзе алмайды. Бұл 1304-1306 жылдар болатын. Алтын Орда шекарашылырының Хұлағу әскерiмен Сирия шекарасындағы 1308 жылдың қыркүйек айындағы қысқа мезгiлдiк соғысынан өзге оңтүстiк шекарада жағдай Тоқта өмiрiнiң соңына дейiн тыныш өттi.
Тоқта хан 1312 жылы Құрнадағы өзiнiң жазғы ордасында қайтыс болады да, Сарайшыққа әкелiп жерленедi. 4*
Достарыңызбен бөлісу: |