Алтын Орда ханы Тоқтамыстың Мәскеуге жорығы Түйін



Дата12.03.2018
өлшемі180,42 Kb.
#38820
УДК 94 (=5121):502
Т.О. Омарбеков

т.ғ.д., профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, ҚР, Алматы қ-сы

e-mail: talas_1948@mail.ru
Алтын Орда ханы Тоқтамыстың Мәскеуге жорығы

Түйін

Ортағасырлардағы мемлекеттер арасында Алтын Орданың өзіндік ерекше орны бар екені белгілі. Оның қалыптасу, даму және құлдырау кезеңдері болды. Алтын Орданы әр түрі хандар басқарған тұста оның Орыс мемлекетіне деген саясаты да үздіксіз өзгеріп отырды. Алтын Орданың ханы Тоқтамыстың кезінде екі мемлекет арасының шиеленіскені сондай, Тоқтамыс хан Мәскеуге әскери жорыққа аттанды. Мәскеу қаласы үшін және орыс княздіктері үшін үлкен қасіретке айналған бұл жорық орыс жылнамаларында көрініс тапқан. Дегенмен де, бір таң қаларлығы, Мәскеуді күйретуге алып келген осы жорық шын мәнінде Мәскеу княздігінің атын орыс жерніде жарнамалап, орыс княздіктері арасында бұл қаланың орыс мемлекетін біріктіруші қала ретінде рөлін көтере түсті. Оқырманға ұсынылып отырған мақалада орыс-түрік қатынасының елеулі беттері болып табылатын осы тарих екжей-текжейлі баяндалған. Мұнда, Тоқтамыс ханның Мәскеу князі Дмитрий Донскоймен және Орталық Азия өңірінде үлкен империя құрған атақты Әмір Темірмен қайшылықты қарым-қатынасының салдарлары баяндалады. Мақала Тоқтамыс ханның билігінің күйреуінде Әмір Темір мен қарым-қатынасының нашарлауы барысында қалыптасқан ахуалдарды біршама түсінікті және нақты баяндаған. Мақала бұрынғы Еуроцентристтік көзқараста жазылған Алтын Орда мен Мәскеу мемлекетінің қарым-қатынасына қатысты ұстанымдарды жаңаша қарауымен ерекшеленеді.    



Кілт сөздер: Алтын Орда, Тоқтамыс хан, Мәскеу, Орыс Княздігі, Әмір Темір

Т.О. Омарбеков

д.и.н., профессор кафедры истории Казахстана

Казахский Национальный Университет им. аль-Фараби, РК, г.Алматы

e-mail: talas_1948@mail.ru
Поход хана Золотой орды Тохтамыша на Москву

Аннотоция

Известно, что Золотая Орда занимает особое место в ряду средневековых государственных образований. В ее истории были периоды формирования, расцвета и падения. Политика Золотой Орды в отношении к Русскому государству менялась в зависимости от возглавлявших ее в разное время правителей. В период правления хана Золотой Орды Тохтамыша взаимоотношения двух государств обострились настолько, что хан Тохтамыш предпринял военный поход на Москву. Для Москвы и русских князей этот поход, получивший отражение в русских летописях, обернулся большими лишениями. Тем не менее, удивительно, но этот поход, имевший целью разрушить Москву, в действительности способствовал популяризации имени московского князя на русской земле, а в среде русских князей поднял роль Москвы как города – объединителя русской государственности. В предлагаемой читателям статье подробно повествуется история, являющаяся одной из знаменательных страниц тюрко-русских отношений. Здесь, отражены последствия противоречивых взаимоотношений между ханом Тохтамышем и московским князем Дмитрием Донским, а также создавшим в Средней Азии крупную империю знаменитым Амиром Тимуром. В статье ясно и четко описывается положение, создавшееся в ходе ослабления власти Тохтамыша и ухудшения взаимоотношений с Амиром Тимуром. Статья характеризуется новыми подходами к ранее освещаемым с позиции евроцентризма взаимоотношениям между Золотой Ордой и Московским государством.



Ключевые слова: Золотая Орда, Тохтамыш хан, Москва, русские княжества, Амир Тимур

Т.O. Omarbekov

Doctor of Historical science, professor of Kazakhstan history department

al-Farabi Kazakh National University, Almaty

e-mail: talas_1948@mail.ru
Campaign of Golden Horde Khan Tokhtamysh to Moscow
Summary
It is known that the Golden Horde takes a special place among the medieval statehoods. It has its history of formation, rise and fall. Policies of the Golden Horde in relation to the Russian government changed depending on who headed it at different times of the rulers. During the reign of Tokhtamysh Khan relations of Golden Horde between the two countries deteriorated so much that Tokhtamysh Khan undertook a military campaign against Moscow. For Moscow and Russian princes of this campaign that gets reflected in the Russian chronicles, it turned in a great hardship. However, surprisingly, this campaign, which had to destroy Moscow, in fact, helped to popularize the name of the Prince of Moscow on Russian land, and among Russian princes raised the role of Moscow as a city – as the unifier of the Russian state. In this article author tells readers the story in detail, which is one of the most significant pages of Turkic-Russian relations. Here, the effects of reflected conflicting relationship between Tokhtamysh Khan and Moscow Prince Dmitry Donskoy, and famous Amir Timur who created largest empire in Central Asia. The article clearly and accurately describes the situation related with weakening power of Tokhtamysh and the deterioration of relations with Amir Timur. The article is characterized by new approaches to the previously illuminated from the perspective of Eurocentrism between the Golden Horde and the Moscow government.
Key words: Golden Horde, Tokhtamysh Khan, Moscow, Russian principality, Amir Timur

Алтын Орда ханы Тоқтамыстың Мәскеуге жорығы және оның осы тұстағы Әмір Темірмен, Мамаймен және т.б. қарым-қатынастары арнайы әңгімелеуге тұратын тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерінің бірі. 1380 жылы 8 қыркүйекте Куликово даласында болған жанкешті шайқастан кейін, Көк Орда ханы Тоқтамыстан тағы жеңілген Алтын Орда билеушісі Мамай Кафуға (Феодосия) қашып кетеді. Оның орнына Алтын Орданың ұлы ханы болып Тоқтамыс қалады «Дүниежүзілік тарихтың» ІІІ томында Тоқтамыстың ендігі әрекеті былай түсіндіріледі (қазақша аударма біздікі): «Руське өзінің билігін нығайту үшін ол — (Тоқтамыс — Т.О. Ескерту: Барлық орыс құжаттарында — Тохтамыш) 1382 жылы Мәскеуге жорыққа шықты»[1,782 б.].

Л.Н.Гумилев Тоқтамыстың Мәскеуге шабуыл жасау себебін былай түсіндіреді. Оның айтуынша Мәскеу мемлекеті өзіне православие дініндегілерді көбірек қарату үшін Киев метрополиті Киприанды шақырады. Мұны Мәскеудің күшеюін қаламайтын Суздаль князьдігі Тоқтамыс ханға Мәскеу мен Литваның және Мамайдың өзара келісімі ретінде жеткізеді. Сонымен бірге өсек тасушылар бұл одаққа Рязань князі Олегтің де тартылғанын айта кетеді. Л.Н.Гумилевтің сөзімен айтсақ, «аққөңіл және сенгіш» Тоқтамыс осындай арандатуға иланған», сөйтіп Мәскеуге қарсы жорыққа аттанған [2.428].

Дегенмен де біз тарихшы Л.Н.Гумилевтің бұл пікірімен толық келісе алмаймыз. Оның үстіне ежелгі Никон жылнамасы да Л.Гумилевті қолдай қоймайды. Өйткені, біріншіден, литвалық князьдің Мәскеуді қорғаушылар қатарында болғаны рас: “Таже потом прииде к ним в град некоторый князь Литовский, именем Остей, внук Олгердов: той окрепи град и люди затвориси с ними в граде”[3] .

Литваның ұлы князі Ольгерд (Альгирдас) (1345-1377 жж.) кезінде 1363 жылы Буг өзеніне жақын жерде татар әскерлерін талқандағаны тарихтан белгілі. Днестр, Днепр өзендері бойын, Киев, Подольск, Волынь жерлерін, Смоленск князьдігін басып алған Ольгердтің 1349 жылы Жәнібек ханмен Мәскеу князьдігіне қарсы одақ жасауға әрекеттенгені және айқын нәрсе. Ольгерд тверьліктердің Мәскеуге қарсы сәтсіздікпен аяқталған (1368-1372 жж.) үш жорығын да қолдады [4.539]. Әңгіме бұл жерде міне осы Ольгердтің немересі, яғни, Алтын Орданың және мәскеуліктердің ата жауы төңірегінде болып отыр. Ежелгі Никон жылнамасы Ольгердтің Мәскеуді Тоқтамыстан қорғаудағы рөлін одан әрі былай түсіндіреді: «Князь же Остей Литовский, внук Ольгердов, со множеством народа оставшемся во граде (в Москве — Т.О.), елико снидошася от всех стран во град, укрепляхуся и подвизехуся противу Татар на бой...глаголюще: «не устрашимся нахождения Татарского, имеем бо град камен тверд и врата железна: и не терпят Татарове стояти под градом нашим долго, понеже имеют сугуб страх: изнутрь града от нас боятся: а, атгневе града об князей наших устремленна на них боятся: и се и сами тии Татарове вскоре убоятся и побежат в поле в свояси” ...[5.189].

Көріп отырмыз, Никон жылнамасында Остей Литовский Мәскеу қорғанысын белсенді ұйымдастырушы. 1539-1542 жылдар аралығында жазылған, өзінен бұрынғы Воскресенской, Иосафов (1446 ж.), Хоронограф тәрізді көптеген жылнамаларды құрастырып жазған орыстардың өздерінің Никон жылнамасын теріске шығаратын дерек біздің қолымызда әзірге жоқ. Сондықтан да Л.Н.Гумилевтың А.В. Экземплярскийдің еңбегіне сүйеніп Мәскеу мен Литваның өзара келісім жасауы мүмкіндігін жоққа шығармақ болған әрекетін қолдай алмаймыз. Біздің ойымызша Тоқтамыс аңқаулықпен осындай өсекке сеніп Мәскеуге шабуыл жасады деуге негіз жоқ.

Л.Н.Гумилевтің князь Остей Литовскийдің Мәскеуді қорғауға белсене қатысқанын көргісі келмеуі бізді таңдандырады. Тіптен Никон жылнамасының Патриарша үлгісінде бұл мәселе редакцияланып қолдан қосылған дегеннің өзінде де мәскеулік ұлы князь Дмитрий Иванович Донской қала қорғанысын тапсырып кеткен митрополит Киприанның өзінің де осыдан бұрын әрі Киевтің, әрі Литваның митрополиті болып істегені және оның өзінде де орыс емес, Тырновадан шыққан болгар екені тарихтан белгілі [6. 251]. Яғни Мәскеудің Литвамен жақындасу мүмкіндігіне Л.Н.Гумилев сенбесе де басқарушылардың Литвамен байланыс жасауға толық мүмкіндіктерінің болғанын теріске шығара алмаймыз. Бұдан шығатын қорытынды: Тоқтамыстың шабуылын өсекке сеніп емес, алда екі ел арасындағы орын алуы мүмкін келісімге қарсы әрекет ету деп бағалаған жөн болар бөлкім.

«Тоқтамыс, – деп жазады Л.Н.Гумилев, – өсектің көпе-көрнеу қисынсыздығына қарамастан түгел сенді. Ол ойлауға емес, шайқасуға әдеттенген еді» [7. 428]. Бұл жерде біріншіден Л.Н.Гумилев айтқандай Тоқтамыстың «өсекке сенгені” дәлелденбеген, екіншіден біздің ойымызша Тоқтамыстың Мәскеуге жорығы автор жазып отырғандай жеңіл-желпі ойдан тутан жоқ. Руське Куликово шайқасынан кейін беделі күрт арта бастаған Дмитрий Иванович Донскойдың және оның Мәскеу князьдігінің күшейіп келе жатқанын, оның түбінде Алтын Орда үстемдігінен Русьті азат етуші күшке айналуы мүмкіндігін айқын байқатты. Ал бұл Тоқтамысты кез келген сылтауды тиімді пайдаланып, оған соққы беруге итермеледі дей аламыз.

Русь пен Алтын Орданы тату-тәтті көршілер ретінде көрсету, яғни евроазия концепциясын ұстанған Л.Гумилевтың бұл мәселеде, Мәскеуді бағындыруда ашықтан-ашық жаулық саясат ұстанған Тоқтамысты кінәлап, қаралап жазудан басқа амалы да жоқ еді. Шын мәнінде Мәскеуге еркіндік беру дегеніміз күллі Орыс жерінің Алтын Орда жауына айналуына алып келер еді. Мұны кейінгі тарихымыз айқын дәлелдеп берді.

Біздің ойымызша сол тұста орыс халқының ұлттық тарихи тұлғасына айналған Димитрий Донскойға қарсы қатал саясат ұсталмайынша орыс жерін Алтын Ордаға тәуелді ұстау мүлде мүмкін емес еді. Сондықтанда Тоқтамыстың Мәскеуге жорығы үлкен стратегиялық мақсаттан туындаған еді.

Мәскеуді басып алған Тоқтамыстың аса қатал болуы да Л.Н.Гумилевты емес, біздің айтқанымызды іс жүзінде растайды. Тарихшы М.Н.Покровский мойындаған мәлімет бойынша татарлар 24 мың мәскеуліктерді қырып салған [8. 176].

Мәскеуліктердің өз еріктерімен темір қақпаны ашып бергеніне қарамастан осылай болған.

Егер Никон жылнамасын одан әрі оқи түссек, Тоқтамыстың Мәскеуге жасаған жорығын орыстың кейбір князьдарының да қолдағанын көреміз. Мысалы, князь Олег Рязаньский Тоқтамыстың жағалауда жөңкіліп жүрген қалың қолына Ока өзенінен өтетін суы таяз өткелді көрсетеді. Бұған тарихшы Л.Н.Гумилев сенбесе де, біз сенбеуге негіз жоқ. Өйткені жылнама Рязань князінің бұл әрекетін Тоқтамыстан өз жерін тонаудан сақтайын деген қорғану пиғылынан туындады деп нанымды түсіндіреді. Тоқтамыстың алғаш Рязань жеріне зобалаң салмай, оны оңтүстіктен айналып өтуі бізді мұнда шындық бар-ау деп айтуға итермелейді.

Сонымен Ока өзенінен өтіп, жолда Серпухов қаласын басып алған, жүк тасушы көліктеріне де қарайламай асыққан Тоқтамыстың жер қайыстырған қалың қолы саржеліспен 1382 жылдың 12 тамызында (ескіше, 23 тамызда) жау келеді деп күтпей қаннен-қаперсіз жатқан Мәскеуге келіп жетеді. Дегенмен де жылнамаға сенсек, Мәскеудің ұлы князі Дмитрий Иванович Донской Тоқтамыстың өзіне қарсы келе жатқанын ести тұра Мәскеуді тастап, Переяславльге кетіп қалған және ол жақтан Костромаға әскер жинамақшы болған. Л.Н.Гумилевтың айтуынша оның орнына Мәскеуді қорғауға басшылық етуге митрополит Киприан қалған. Бірақ Л.Н.Гумилевтан басқа орыс тарихшылары Митрополит Киприан мен бірқатар Мәскеу боярларының Тоқтамыстан қорқып, астанадан қашып кеткенін де айтады [9. 782]. Ал енді Никон жылнамасы бойынша татарлар келгенде Мәскеуде бүлік басталған. Қаладан қашып кетпек болған халықты көтерілісшілер түк қалдырмай тонаған, таяққа жыққан. Митрополит Киприан мен князь Дмитрий Ивановичтің әйелі ұлы княгиня Евдокия көтерілісшілерден өздерін босатып жіберуді өтінген.

Бірақ қылыштарын жалаңдатқан ызалы да ызғарлы, құдайларын ұмытқан көтерілісшілер қаладан қашпақ болғандардың бәрін таспен атқылап, ешкімді сыртқа жібермеуге тырысқан. Осындай қысылтаяңда митрополит пен ұлы княгиня әзер дегенде ашулы топтан сытылып шыққан, бірақ көтерісшілер олардың дымын қалдырмай тонап жіберген.

Жылнамаға сенсек, Тоқтамысқа басқалар емес ұлы князь Дмитрий Иванович Донскойдың өзі қажет болған. Алғашқы күннен-ақ түс кезінде оның қалың қолы Мәскеудің тас қамалынан екі-үш оқ бойындай қашықтықта, яғни садақ оғы жетпейтін жерге тоқтаған. Қала қорғанысынан бұларға мойындарын соза қарап, енді не істер екен деп сырттай бақылап тұрғандарға жақын келген бір топ салт атты татарлар: «Қалада князь Дмитрий бар ма?» — деп айқайлап сұраған. Қаланың биік қорғанында тұрғандар: «Ол қалада жоқ», – деп жауап берген.

Жөңкіле қозғалған салт атты татарлар жеделдете қала төңірегін айнала шауып, шолып шыққан. Қала айналасын тұрғындар тып-типыл етіп, ағаш-бұта атаулыны өртеп жіберген еді. Бұл қалаға басқалардың бұқпантайлап жақындауына мүмкіндік бермеу үшін жасалған болатын. Өз төңірегіне мәскеуліктерді топтастырған жоғарыда аталған князь Остей Литовский қорғанысты ұйымдастыруға белсене кіріскен.

Алғашқы күннің кешіне қарай қараңғы түсе Тоқтамыстың қалың қолы қаладан алыстап, шегініп кеткен. Бірақ келесі күні таңертең Тоқтамыс ханның өзі бастаған қаптаған әскер Мәскеуге тұс-тұстан келіп, оны тағы қоршап алған. Дегенмен де бірінші болып олар атпаған. Және жебелерін кезеніп, жалаңаш қаруларын жаландатып сес көрсетті. Осы сәтте қала тұрғындары оларға садақ жебесінен оқ жаудырды. Өздерінің биікте және бекіністе тұрғандарын пайдаланып мәскеуліктер қолға түскен нәрсенің бәрін татарларға лақтырды. Қардай бораған садақ оғының, жаңбырдай жауған тастың, дүркін-дүркін атылған самострел мен алғашқы зеңбірек-тюфяктың соққыларына душар болған Тоқтамыс жасағы жауап оқты жаудырды.

Никон жылнамасы мұны төмендегідей суреттейді: “Татаровск же возьяришася и начаша стреляти на град со все страны. И идяху стрелы их на град, аки дождь силен и умножен зело, не дающе не прозрети, понеже и воздух омрачиша стрелами, и мнози гражане во граде и на забралех пахадуся мрьтви, одоляху бо Татарьскиа стрела паче, неже градскиа”... Одан әрі жылнамашы татарлардың құралайды көздеп ататын мергендігіне таңдай қағады. Олар атпен шауып келе жатқан бетте тізгінді жібере салып, садақпен қамалдағыларды көздеп атқан кезде қорған төбесінде қалқиып тұрғандарды жұрындай ұшырған. Татарлардың біраз бөлігі ұзын сатыларды қамал қабырғасына апыл-ғұпыл сүйей салып, олармен жанталаса құмырсқадай өрмелеген. Қаладағылар да қарап қалмай қамданып, олардың төбелерінен қайнаған суды буын бұрқырата құйған.

Осы жерде Тоқтамыс жасағын едәуір қобалжытқан бір оқиға болады. Бұл туралы жылнамашы былай деп жазады: “...Нехто гражданин Москвитин, суконник, именем Адам с Фроловьскых ворот пусти стрелу из самострела и уби некоего от князей Ординьских сына, нарочита и славна суща, и велику печаль сотвори Тохтамышу царю и всем князем его...”[10].

Мәскеуді қорғаушылар «түгел мас болған, өйткені олар бал мен сыра сақталатын боярлар подвалдарын талқандаған» [11. 429].

Мәскеудегі көтеріліс біздің ойымызша ұлы князь Дмитрий Иванович Донскойдың және онымен бірге бірқатар боярлардың қаладан кетіп қалуларына байланысты басталған. Л.Н.Гумилев мұны ұлы князь татарлар Мәскеуді ала алмайды деп сенгендіктен қалдырып кетті деп түсіндіреді. Шынында да тас қамалмен қоршаған, оқ-дәрімен атылатын алғашқы зеңбірек — тюфякпен қаруланған Мәскеуді алу тас қамалды бұзатын қарулары жоқ, қылыш, садақ және найзамен ғана қаруланған Тоқтамыстың қалың қолы үшін мүмкін емес те еді. Оның үстіне қамалда азық-түлік жеткілікті болған.

Л.Н.Гумилев Мәскеуді қорғауға «бір ғана нәрсе - жауынгерлік рух күші жетіспеді, өйткені Куликово даласының қаһармандары өздерінің туған деревняларында демалып жатты, ал астанада бірлі-жарым қала тұрғындары, қала маңындағы көптеген басыбайлылар және қолөнершілер тұрып жатты” — деп жазады [12. 429].

Зерттеушінің бұл сөзі Никон жылнамасындағы мына сөйлемдерден туындаған: “...оскуде бо вся русская земля от Мамаева побоища за Доном, и вси русстии людие в велице страсе и трепете быша за оскудение людей” [13].

Әрине, орыс жері үшін Куликово шайқасы оңайға түскен жоқ. Бірақ негізгі жаулары Алтын Орда хандары әлі біржолата талқандалмаған кезде бұл неғылған «демалыс»? Оның үстіне Тоқтамыс Куликово шайқасы болғаннан кейін іле-шала емес, араға екі жылдай уақыт салып Мәскеуге шабуыл жасап отыр емес пе? Жаугершілік заманда орыстардың екі жыл бойы демалып жатқаны несі? Біздің ойымызша орыстарда Кулиководағы жеңістен кейін бізді Мәскеу қорғайды деген сенім пайда бола бастаған. Орыстардың бей-жайлығы осыған байланысты болса керек.

Мұнан әрі жылнама бойынша оқиға былай өрбиді. Жоғарыда аталған Тоқтамыстың жағындағы суздальдық орыс князьдерінің азғырған сөздеріне иланған мәскеуліктер темір кақпаны ашып, татар елшілерін ішке кіргізбек болған. Бірақ олармен бірге қалаға тасқын судай екпінмен Тоқтамыстың қалың қолы баса көктеп еніп кетті. Князь Остей астыртын өлтірілді. Қалада қанды қырғын басталды.

Жылнамада Тоқтамыстың тек Мәскеуді алумен ғана шектелмей жекелеген қарулы жасақтарын Владимирге, Переяславльге, Юрьевке, Звенигородқа, Можаевскіге, Боровскіге, Рузаға, Дмитровқа жөнелтіп, оларды басып алғаны да айтылады. Жаулаушылар Переяславльды да өртеп жіберген, ал оның тұрғындары қайыққа мініп көлге қашып кеткен.

Ұлы князь Дмитрий Иванович болса өзінің қашып келген жұбайымен, балаларымен және көптеген боярларымен Костромада оқиғаның соңын күткен. Ал оның туысы князь Владимир Андреевич көп күшпен Волока түбінде тұрған және татарлардың сонда жеткен қаннен-қаперсіз жекелеген жасақтарына соққы берген. Таяқ жеген татарлар шоқыта желіп, Тоқтамысқа келіп бұл туралы оны үрейлене хабардар еткен. Онсыз да байлыққа белшеден батқан Тоқтамыс өзінің әскерлерін жедел жинап, жолшыбай Коломнаны тағы да тонап, Рязань жерінен де мол олжаларға кенеліп, өзінің барлық күштерімен Оканың арғы бетіне өтіп кеткен. Князь Олег Иванович Рязанский болса татарлардан қашып құтылған. Осыдан соң көп кешікпей-ақ ұлы князь Дмитрий Иванович және оның туысы Владимир Андреевич өз жерлеріне оралып, Мәскеу қаласына келіп, өлгендерді жерлеумен айналысқан [14].

Келесі жылы жазда Мәскеу князі Дмитрий Иванович тутан баласы Василий Владимировичті Владимирде және Новгородта өзінің орнына ұлы князь етіп тағайындауды өтініп, көп сый-сияпатпен, тарту-таралғымен Алтын-Орда ханы Тоқтамысқа жіберді. Оның жанына Твердің ұлы князі Михаил Александрович ілесіп барды.

Осылайша Тоқтамыс өз мақсатына жетіп, орыс князьдерінің Кулиководағы жеңісінен кейін де олардың Алтын Ордаға алым-салық төлеп тұруын қайта жолға қойды. Бірақ Тоқтамыстың Алтын Орданы дәуірлетуіне Орта Азиядағы Әмір Темірдің даңқы көлеңке түсірді. 1383 жылы Хорезмді басып алған Тоқтамыс 1400 жылға дейін Темірмен және оны жақтайтын Қойырчак пен Темір-Құтлықпен және Шәдібекпен таққа таласып арпалысты. Жоғарыда айтып кеттік, Хорезм бұрынғы Алтын Орданың қарауындағы жер болатын. Оның үстіне Хорезмде әлі де Әмір Темірдің билігі орныға қойған жоқ еді. Бұл өңірде Алтын Орда билігінің орнығуы Өзбек хан тұсындағы мемлекеттің қуатын толық қалпына келтіру болып табылатын еді. Сондықтан да Тоқтамыс 1380 жылы Хорезмді басып алған соң онда өзінің атынан теңге соқтырды. Бұл жорық кейбір орыс тарихшылары айтып жүргендей, Әмір Темірге қоқан-лоққы көрсету, немесе оның беделін көзге ілмеу мақсатымен жасалған жоқ. Тоқтамысқа Алтын Орданы бөлшектеуге бейім тұрған әмірлердің көз алдында өзінің беделін берік орнықтыру аса қажет болды. Сондықтан да Тоқтамыстың бұл жорығы Б.Грековтың сөзімен айтсақ, оның «Хорезмге бағытталған нақты саяси бағдарламасы еді» [15. 329].

1385 жылы қыста Тоқтамыс Әзірбайжанды Алтын Орданың ықпалына қарату үшін Дербент арқылы Тевризге дейін барды. 1387 жылы Тоқтамыс Дербент арқылы Әзірбайжанға тағы жорық жасады. Бұл кезде Әмір Темір Қарабахта болатын. Тоқтамыс мұнда да Әмір Темірдің ұлы Мираншах бастаған әскерлермен кездесіп қалып, жеңіліске ұшырап кейін шегініп кеткен еді. Сонымен қатар ол Хорезмді Алтын Орда құрамында ұстап қалуға күш жұмсап, 1387 жылдың күз айларында Амударияға жетті. Алайда Ходжентке барар жолда ол Әмір Темірдің әскерлеріне кездесіп қалып амал жоқ шайқасуға мәжбүр болды. Бұл 1388 жылдың қыс айлары еді. Алайда Хорезмді қолда ұстап тұруға Әмір Темірдің мүмкіндік бермейтінін түсінген ол, Жайыққа қарай шегініп кетті. Осылайша Тоқтамыстың Әзірбайжанды және Хорезмді Алтын Ордаға біріктіруді көздеген саясаты Әмір Темірдің ашық қарсылығына кездесіп, сәтсіздікке ұшырады.

Әмір Темір Әзірбайжанда Тоқтамысқа тойтарыс бере тұрса да 1388 жылы Тоқтамыс Хорезмге екінші рет шабуыл жасалғанға дейін ашық жауласуға бара қойған жоқ. Сондықтанда 1387 жылы Әзірбайжаннан шегінген Тоқтамыстың көптеген әскерлері Дербент түбінде Әмір Темірге еріксіз тұтқынға түскен кезде ол оларға жүмсақтық пен қайырымдылық танытып, жанашырлықпен Тоқтамыстың денсаулық жағдайын сұрастыра келе былай деген: «Біздің арамызда әке мен баланың құқы бар. Бірнеше ақымақтың кесірлерінен осыншама адамдар неге өлулері керек? Біздер арадағы келісімді сақтауларымыз керек және ұйқыдағы тәртіпсіздікті оятып алмайық». Осылайша Әмір Темір тұтқындарға барлық жағдайлар жасап, оларды ақшамен және киіммен қамтамасыз етіп, аман-есен Тоқтамысқа шығарып салды [16.436].

Алайда Хорезм өңірінің Тоқтамысқа қосылмақ болып әрекеттенуі, тіптен Әмір Темірге қарсы көтеріліс жасауы және Моғолстанды билеуші Әмір Қамар-ад-дин Дулаттың Тоқтамыспен келісімге баруы Әмір Темірді 1388 жылы осы бағытта жорыққа аттануға мәжбүр етті.

Қондыршадағы екі алыптың 18 маусымда басталған қырғын ұрысы үш күнге созылды. Аса тәжірибелі Әмір Темір өзінің жауынгерлерінің рухын көтеру, керісінше қарсыласының әскерлерінің рухын түсіру үшін психологиялық әдіс-амалдарға барды. Мысалы, ұрыстың әбден қызған кезінде Әмір Темір өзінің немересі Мырза Әбубәкір бастаған 8000 әскерге шатырлар тігіп, жауынгерлерге арнап тамақ дайындауға бұйрық берді. Мұның өзі әскерлердің еңсесін көтеріп, оларды ұрысқа жігерлендірді. Ол Тоқтамыс әскерлерінің еңсесін түсіру үшін, оның басты ту көтерушісін сатып алды. [17.75] «Мен, – деп атап көрсетеді осы орайда Әмір Темір, – жауымның ту кетерушісін сатып алдым. Ол екі жақтың әскері ұрысқа кіргенде туды түсіретін болып уәде берді». Негізгі тудың түсірілуі Тоқтамыс әскерлері қатарында үлкен абыржу туғызды және олар Еділге қарай шегіне қашты. Әбұмұхаммед Хұсаинның айтуынша көлемі жағынан мұндай ұлы шайқас «бұрын ешқашан болған емес» [18.109].

Алайда Қондыршадағы ұрыс екі жақ үшін де шешуші шайқас бола қойған жоқ. Жауынгерлер екі жақтан да аз қырылған жоқ. Сондықтан да Әмір Темір өзінің жеңісін соңына дейін жеткізбей, кейін қайтып кетті [19. 441-442].

Ұрыстан кейін кеп кешікпей, өзінің астанасы Сарайға оралған Тоқтамыс Египет сұлтанымен және Литва князімен жақындасып, одақ құруға күш салды. Сонымен қатар ол Алтын Орданың оңтүстіктегі шекарасы Әзірбайжанда өз ықпалын күшейтуге тырысты. Бұл Әмір Темірді бей-жай қалдырмады. Ол 1395 жылдың ақпан айында Тоқтамысқа қарсы жорыққа аттанды.

Ұрыста жеңілген Тоқтамыс әскерлерін батыс тарихшылары тіптен ұйымдасқан түрде шегіне де алмады деп кінәлайды. Шын мәнінде бұл тарихи шындықты толық бейнелей алмайды. Шараф-ад-дин Йездидің айтуынша Әмір Темірдің өзіне Тоқтамысты қолға түсіру қажет болған. Ол былай деп жазады: “Темір Тоқтамыс ханның соңына қуалап түсті және оның соңынан күн демей, түн демей аса қатты жүрді” [20. 305]. Мұндайда ашық далада жеңілген әскерді тоқтатып, қорғану ұйымдастыру дегеніңіз қиынның қиыны еді. Алайда Тоқтамыс бәрібір қолға түспей, Булар (Булгар) жеріне өтіп кетті.

Ибн Арабшахтың айтуынша Әмір Темір өзі жүрген жерлерінде адам айтқысыз қырғын және тонаушылық пен зорлық-зомбылықтар ұйымдастырған. Мұны орыс жылнамалары да мойындайды. «Оның әскерлерінің алды Азаққа (Азов) дейін барып, Алтын Орданың астанасы Сарайды, Сарайшықты, Хажытарханды және осы өлкенің бәрін талқандады”. Әсіресе мемлекет астанасының жермен-жексен болып жойылып кетуі Темірдің шектен шыққан қатігездігі болды. Ибн Арабшах бұл туралы сөзбе-сөз былай деп жазды: «енді бұл жерлерде, Хорезмнен Қырымға дейін бұрынғы халықтар мен адамдардың ешбірі өмір сүрмейді және қозғалыста жоқ, және енді онда қарақұйрықтар мен түйелер қауымдарынан басқа ештеңе де жоқ. Дештінің астанасы – Сарай. Бұл қала мұсылманша салынған, керемет қамалы бар. Сарай ғылымның орталығына айналды. Қысқа мерзімнің ішінде мұнда ғалымдардың және атақтылардың, шешендер мен шеберлердің, тіптен барлық лайық адамдардың тамаша және салауатты үлесі жиналды. Мұндай белгілі кісілер тіптен көп адам мекендейтін Египеттің бөліктерінде де, елді мекендерінде де жинақталған жоқ еді» [21. 280].

Өзінің Самарқанд тәрізді астанасын гүлдендірген Әмір Темір Алтын Орданың басты қалаларын жермен жексен етті. Бұл ойранды орыстың белгілі тарихшылары әлі күнге дейін ақтап, тіптен қуана баяндап келеді. Мысалы академик Б.Греков былай деп жазды (орыс тілінен аудармай сол қалпында береміз): “Победа Тимура над Токтамышем, опустошение и сожжение Астрахани и особенно Сарая Берке – столицы Золотой Орды – в 1395 г. имели огромное значение не только для Средней Азии и тогдашней юго-восточной Европы, но и для Руси. Сам того не подозревая, тот самый Темир Аксак, который грабительски опустошил Рязанскую землю, объективной победой над Токтамышем оказал Русской земле услугу, хотя своими поступками и оставил по себе в русском народе заслуженную дурную память” [22. 373].

Бүгінде біздер қазақ тарихшылары, бұған керісінше мынандай қорытынды жасай алар едік: Алтын Орданы Әмір Темірдің әлсіретуі, оның басты қалаларын талқандауы Дешті Қыпшақ даласында бір орталыққа бағынған көшпелілердің мықты мемлекетін қалыптастыру процесін бір ғасырдай мерзімге тежеп тастады.




Әдебиеттер тізімі:


  1. Всемирная история-Т.ІІІ. -М.,1957.

  2. Всемирная история-Т.ІІІ. -М.,1957.

  3. Полное собрание русских летописей (алда — ПСРЛ).-т.ХІІ.

  4. Советская историческая энциклопедия, Т.10.

  5. Гумилев Л.Н., Экземплярский А.В. Великие и удельные князья северной Руси в татарский период с 1238 по 1505 гг. Т. ХІІ, Спб.

  6. СИЭ. – 7 т.

  7. Гумилев Л.Н. Древняя Русь и Великая степь. –М., 1992.

  8. Покровский М.Н. Руская история. – Т.1.

  9. Всемирная история. – Т.3.

  10. ПСРЛ, т. ХІІ.

  11. Гумилев Л.Н. Древняя Русь и Великая степь. –М., 1992.

  12. Гумилев Л.Н. Древняя Русь и Великая степь. –М., 1992.

  13. ПСРЛ, т. ХІІ.

  14. ПСРЛ, т. ХІІ.

  15. Греков Б., Якубовский А. Золотоая Орда и ее падение.

  16. Гумилев Л.Н. Древняя Русь и Великая степь. –М., 1992.

  17. Тамерлан. Жизнь и деяния. Хроника великих завоеваний. А.: ИД «Кочевники», 2003.

  18. Прошлое Казахстана в источниках и материалах.

  19. Гумилев Л.Н. Древняя Русь и Великая степь. –М., 1992.

  20. Прошлое Казахстана в источниках и материалах.

  21. Прошлое Казахстана в источниках и материалах.

  22. Греков Б., Якубовский А. Золотоая Орда и ее падение.


References:


  1. Vsemirnaya istoriya-V.III. – M., 1957.

  2. Vsemirnaya istoriya-V.III. – M., 1957.

  3. Polnoye sobraniye russkikh letopisey. – V. XII.

  4. Sovetskaya istoricheskaya entsiklopediya, – V.X.

  5. Gumilev L.N., Ekzemplyarskiy A.V. Velikiye i udel'nyye knyaz'ya severnoy Rusi v tatarskiy period s 1238 po 1505gg. –V. XII, Spb.

  6. SIE. – 7 V.

  7. Gumilev L.N. Drevnyaya Rus' i Velikaya step'. –M., 1992.

  8. Pokrovskiy M.N. Ruskaya istoriya. – V.1.

  9. Vsemirnaya istoriya. – V.3.

  10. PSRL, V. XII.

  11. Gumilev L.N. Drevnyaya Rus'i Velikaya step. –M., 1992.

  12. Gumilev L.N. Drevnyaya Rus'i Velikaya step. –M., 1992.

  13. PSRL, V. XII.

  14. PSRL, V. XII.

  15. Grekov B., Yakubovskiy A. Zolotoaya Orda i yeye padeniye.

  16. Gumilev L.N. Drevnyaya Rus'i Velikaya step. –M., 1992.

  17. Tamerlan. Zhizn'i deyaniya. Khronika velikikh zavoyevaniy. A.: ID «Kochevniki», 2003.

  18. Proshloye Kazakhstana v istochnikakh i materialakh.

  19. Gumilev L.N. Drevnyaya Rus'i Velikaya step'. –M., 1992.

  20. Proshloye Kazakhstana v istochnikakh i materialakh.

  21. Proshloye Kazakhstana v istochnikakh i materialakh.

  22. Grekov B., Yakubovskiy A. Zolotoaya Orda i yeye padeniye.

Каталог: edu.history -> media -> upload -> 2662 -> 2016
upload -> Жандарбек з
upload -> Ауызша тарих: деректемелік талдау мәселелері ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихнама, деректану және заманауи методология
upload -> Ханкелді Әбжанов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры
upload -> Боранбаева б. С
upload -> А. А. Оралова ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері жеңіс үшін күрескен азаматқа тағзым
upload -> Кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты
upload -> Мақалада Мәскеу мұрағаттарында және Санкт-Петербор шаһарларында жинақталған Қазақ халқының тарихи-этнографиялық жәдігерлері туралы деректер сөз болады
upload -> Сапакова К. Н. 2 курс магистранты ХХ ғасыр басындағЫ Ұлттық элитаның Қалыптасу тарихынан
upload -> Мақалада қимақ қағандығын құрған тайпалардың шығу тегінің тарихы және осыған орай ғалымдардың әртүрлі пікірлері талданған. Махмут Қашқаридің «Түркі тілдерінің сөздігіндегі» яғма сөзі талданады
2016 -> Статья «Деятельность и полномочия казахского чиновничества Туркестанского генерал-губернаторства»


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет