Аманғазықызы мөлдір қазіргі қазақ прозасындағы қала моделі және ұлттық ментальділік


Әлем әдебиетінде қалалық прозаның дамуы



бет11/31
Дата16.04.2024
өлшемі314,84 Kb.
#200889
түріДиссертация
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   31
Байланысты:
aman-azy-yzy-m-phd-povtorno (4)

1.2 Әлем әдебиетінде қалалық прозаның дамуы
«Қала – пәнаралық зерттеулердің нысаны болып табылады және экология, әлеуметтану, психология, философия тұрғысынан жан-жақты қарастырылады. Қала – әдебиеттану ғылымының да зерттеу нысаны болып табылады. Себебі, ерте замандардан бері қала өмірі ойшылдардың, ақындар мен жазушылардың назарын өзіне аударып келеді. Сол себептен де, қаланың мәдени бейнесін жасау әдебиеттану ғылымының еншісіндегі мәселе.
Қаланың адамдардың қолында барға қанағаттанбай, одан да артық дүниелерді қажет ете бастаған уақытында тұтынушы қоғаммен бірге пайда болғанын тарихтан білеміз. Қолында қандай да бір мүлкі бар адам өзін және байлығын сыртқы жаулардың қол сұғуынан сақтауды ойлады. Осылайша, алғашында қалалардың қорғаныс қызметін атқару үшін салынғаны белгілі. Қалада өмір сүру адамдар үшін әлдеқайда тыныш және қауіпсіз болып, қала өз тұрғындарына өз өнімдерін сатуға мүмкіндік берді. Демократия, яғни халық билігі де алғаш қалада пайда болды. Уақыт өте келе ауыл тұрғындарына қарағанда өзгеше өмір салты бар қалалық орта қалыптасты. Қала тұрғындарының бос уақытының көбеюі өнер мен ғылымның, жалпы мәдениеттің өркендеуіне жол ашты. Алайда, біртіндеп қалалық өмірдің келеңсіз жақтары да бой көрсете бастады. Отбасылық және достық қарым-қатынастардың ыдырауы, адамдардың өз-өзін, өзін қоршаған қоғамды жатсынуы – үлкен және кіші қалаларға тән басты ерекшелік ретінде саналды. Осы кезде «үлкен қаладағы «кішкентай адамның» тағдыры» – әлем әдебиетінің ажырамас бөлігіне айналды» [3, б. 276].
Зерттеуші В.В. Иванов қаланың ғалам кеңістігінің моделі ретінде қарастырылатындығын айтады: «Қала ғалам кеңістігінің моделі ретінде қарастырылады. Тиісінше, оның шоғырлануы тұтас әлем құрылымын береді» [22]. Ал, Т.И. Васильеваның айтуынша, «Қала – өркениеттің дамуын бейнелейтін әлем бейнесінің өзгермейтін, тұрақты элементтерінің бірі. Бұл әлеуметтік-мәдени жағдайында болашақта көрініс табатын күрделі, көп деңгейлі нысан» [20, с. 85]. Мәдениеттанушы Н.П. Анциферов «Қаланы әлеуметтік ағза ретінде зерттеу жолдары» («Пути изучения города как социального организма») атты кітабында «қала бізге өткен уақыт мәдениетінің ең көркем бейнесін береді. Ол өз елінің бүкіл тарихын бойына сіңірді... өткен тарих барлық жерде: оның көшелері мен алаңдарының бойында, күмбездері мен мұнараларының көлеңкесінде, тұрғындарының тілінде көрініс тапты. Ұзақ ғасырлар бойы жинақталғандардың барлығы біртұтас болып оның бойында топтасқан» [8, с. 9], – деп, қаладан өткен тарихты анық көруге болатындығын атап көрсетеді.
Қала образы автордың жеке шығармашылығының зерттеу нысаны болып табылады. Әлемдік әдебиетте қаланы суреттейтін шығармалар көне дәуірден бастау алып күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Зерттеуші А.В. Шаравин «ХХ ғасырдың 70-80 жж. қалалық проза» тақырыбындағы диссертациялық жұмысында қала тақырыбының алғашқы бастауын Мысыр, Вавилон-Ассирия, грек, рим мифтерімен байланыстырады: «Қаланың өмір сүру жағдайларының шартты келбеті белгілі бір тарихи-ұлттық колорит ретінде әдебиетте ежелгі дәуірден бері пайда болды. Мысыр, Вавилон-Ассирия, грек, рим мифтерін еске түсірсек жеткілікті. Ескі өсиетте алғашқы қала салушылардың қатарында Қабыл мен Нұхтың қарғысына ұшыраған Хам ұрпақтарының есімдері (Нимрод, Ассур) аталады. Вавилон (оның тұрғындарының атаққұмарлығы мен мұнараны құдаймен теңестіріп, аспанға жететіндей биіктікте тұрғызуға деген құштарлығы үшін), Содом мен Гоморра қалалары зұлымдық пен күнәға батқан қалалар болып таңбаланды. Езекиел мен Еремия пайғамбарлардың кітаптарында құдайдың бұйрығы арқылы от, жер сілкінісі, су тасқыны сияқты табиғаттың алып күштерінің себебінен қирап, жойылып бара жатқан қалалардың суреттері сипатталады» [4, с. 3]. Зерттеуші Т.И. Васильеваның айтуынша, ежелгі адамдардың ойында қала көбінесе әйел бейнесімен бірлікте қарастырылған: ««Қала» концептісінің дамуындағы ең маңыздысы ана ұғымымен байланыстырыла қаралуында (көптеген мәдениетте құдай ана қала билеушілерінің рөлін атқарды; олардың құрылымы қаланың қабырғасының жиектеріндегі тіс тәрізді болып тәждерде бейнеленді). Інжілде қалалар әйелдер сияқты суреттеледі: Иерусалим (еврей тілінде әйел текті сөз) «Сионның қызы» деп аталады (Сионның өзі Құдайдың мекені деп аталады), Вавилон барлық халықтарды азғындық шарабымен суарған азғындаушы түрінде көрінеді» [20, с. 89].
Ал, мәдениеттанушы Л.Н. Набилкина «Қала орыс, американдық және Батыс Еуропа әдебиеттеріндегі мәдени құбылыс ретінде» («Город как культурологический феномен в русской, американской и западноевропейской литературах») тақырыбындағы диссертациялық жұмысының авторефератында қала тақырыбының пайда болуын Аристотель еңбектерімен байланыстырады. Аристотель классикалық дәуірде өмір сүрді. Ол кездерде өзіндік басқару жүйесі, әскері және басқа да құрылымдары бар шағын қалалардың өзі жеке мемлекет болып табылатын. Қала-мемлекеттердің типтік мысалы ретінде Афина, Рим, Карфаген қалаларын атауымызға болады. Зерттеуші Л.Н. Набилкинаның айтуынша, Аристотель өзінің «Саясат» («Политика»), «Афина саясаты» («Афинская полития»), «Этика» еңбектерінде қалалардың, соның ішінде қала-мемлекеттердің адам өмірінің дамуына әсерін зерттеді, онда ол азаматтардың қарым-қатынасының ең жоғары формасын көрді» [23].
Қала мен әдебиет мәселесі әртүрлі тарихи кезеңдерде толықтырылып отырғандықтан, зерттеушілер арасында бірін-бірі жоққа шығаратын пайымдаулар да бар. Мәселен, кейбір ғалымдар антикалық әдебиеттің бірқатар шығармаларының (мысалы, Софоклдың «Антигонасы») идеялық бағытын рулық, тайпалық байланыстардың қала заңдарына өтуімен сипатталатын өркениеттің даму кезеңі ретінде қарастырады және Батыс Еуропалық ортағасырлық мәдениетке қатысты медиевист-зерттеушілер «қалалық әдебиет» терминін белсенді түрде қолданады.
Ортағасырлардағы әлем әдебиетінде қала тақырыбы жаңа белеске көтерілді: «Қалалық әдебиет ортағасырларда тұрақты ерекшеліктерге ие болды, ХІІ-ХІІІ ғасырдың бірінші жартысында ХІІ ғасырда түпкілікті қалыптасқан ұлттық тілдерде қалалық әдебиет құрылды және латын куртуаз әдебиетінің элементтерін бойына сіңірді. Ортағасырлық қалалық әдебиетке күнделікті өмірге ерекше көңіл бөлу және өмірге сергек қарау тән. Қалалық әдебиетте күнделікті өмір еш боямасыз көрсетілді» [24]. Осы уақытта Франция әдебиетінде өлеңмен жазылған ұсақ әңгімелер, яғни фаблио жанры қалыптасқан болатын. «Бұл жанр шын мәнінде күлкілі мазмұндағы шағын әңгімелерді білдіреді. Қарапайым, дөрекі және көбінесе әдепсіз әңгімелерде басты кейіпкер ретінде күйеуіне адалдық танытпаған әйел, алданған күйеу, айлакер діни қызметкерлер мен ақымақ шаруалар алынды және әңгімеде әдетте әртүрлі айла-тәсілдер мен қулықтар баяндалды» [24, с. 239]. Фаблиолар 3 топқа бөлінді: бірінші топқа қысқа анекдоттар жатқызылса, екінші топқа әлеуметтік бағытта жазылған, сюжеті мықты құрастырылған әңгімелер жатқызылды, ал фаблионың үшінші тобына қала тұрғындарының кемшіліктері сыналатын әңгімелер жатқызылды. Бұл әңгімелерде қалалықтар екі түрлі суреттелді: бір жағынан, қала тұрғындарының ептілігі мен әр іске икемділігі авторды таңғалдырса, екінші жағынан осы қасиеттерін адам біреуді тонау немесе қанау үшін пайдаланса, олар қатты әшкереленді. Ортағасырлық фаблио кейінгі жылдары жазылған француз әдебиетінде де қылаң беріп отырды.
Ортағасырлық әдебиетті Қайта өрлеу кезеңі алмастырды. Бұл кезеңде әдебиеттегі қала тақырыбы жаңа мағыналар мен реңктерге ие болды.
Зерттеуші И. Шайтанованың айтуынша, Қайта өрлеу дәуірінде «тез өзгеріп тұрған дүниеде барлығы да «құдайдың еркімен» болады деген сенім азайып, адамның күші мен қабілетіне деген сенім қайта жанданды» [24, с. 391].
Осы кезеңде жазылған Д. Бокаччоның әйгілі «Декамерон» новеллалар жинағынан бастап қала көптеген туындылардың, соның ішінде әлемдік жауһарлардың пайда болуының міндетті және таптырмас шарты болды деп толық сеніммен айтуға болады. Д. Бокаччоның «Декамерон» новеллалар жинағының алғы сөзінде нақты уақыт айтылады, сондықтан шығарманың нақты осы уақытқа тиесілі екендігіне ешқандай күмән қалмайды: шығармадағы оқиға 1348 жылы Флоренцияда болған әйгілі оба індеті кезінде орын алады. Зерттеуші К. Чекалов жазушының оба жайылып кеткен қаланың образын өте әсерлі суреттегенін айтады: «Оба – бұл жай ғана ауру емес, сонымен бірге әлемдегі дағдарыс жағдайын суреттейтін метафора: «... қала тұрғындары бір-бірінен қашқақтап жүрді, көршілер бір-біріне көмектеспеді, туыстар бір-біріне сирек барды, кейбіреулері тіпті мүлдем бармады, кездескенде де бір-бірімен тек алыстан ғана көрісті» [24, с. 404]. Жазушы осылайша оба жайлаған қаланың образын көрсетеді.
Қалалық өркениеттің дамуымен қоса, ауылдық әлем бейнесін қалыптастыратын элементтер (жер, аспан, өріс, зат, баспана, еңбек, өлім, уақыт, кеңістік және т.б. бейнесі) белгілі бір өзгерістер мен түрленулерге ұшырады. Бұл қаланың қоршаған ортасының ерекшеліктері арқылы шындықты түсінуге ұмтылған жазушылардың шығармашылығынан сәйкес көркемдік нақыш табады. Мәдениеттің урбанистік саласын аграрлық-ауылшаруашылық әлем бейнесінен бөлу үрдісі М.М. Бахтиннің еңбектерінде қарастырылды.
«Франсуа Рабленің шығармашылығы және ортағасырлар мен қайта өрлеу дәуіріндегі халық мәдениеті» («Творчество Франсуа Рабле и народная культура средневековья и Ренессанса») кітабында М.М. Бахтин жердің халықтық-шаруа бейнесін қала образына айналдыруды атап өтеді. М.М. Бахтиннің пікірі бойынша, «дене мен заттардың халықтық мәдениетте байланыс тапқан өсіп-өнетін жер және мәңгі жаңаратын бүкілхалықтық дененің бірлігімен» [25] анықталады, нәтижесінде «денелер мен заттар» «нысандардың» бейнелеріне, «заттардың» субъективті, материалдық-құндылықтық мағынасына айналады, бұл қалалық (көпшілік алдында) әлем бейнесін қалыптастыруды білдіреді. Басқаша айтқанда, әдебиеттанушы мәдениеттің қалалық тармағы утилитарлы және өндірістен ішінара тыс, ал іс жүзінде белсенді тәжірибелік іс-әрекеттерге бағытталғандығын баса айтады. Бұдан кейін мәдениеттің ауқымды ауылшаруашылық және қалалық тармақтарының жіктелуі қатар жүреді, бұл көркем әдебиет шығармаларында да көрініс тапты.
Томас Мордың «Утопия» (1515-1516) шығармасының желісі ерекше қызықты. Бұл шығарма екі бөлімге бөлінген. Бірінші бөлімде ойдан шығарылған саяхатшы Рафаил Гитлодей Англия туралы айтады. Зерттеуші И. Шайтанов Гитлодейдің Англия туралы әңгімесі «Мордың Лондон Шерифінің көмекшісі болған уақыттағы оның ерекше назарында болған дүниелер туралы есебі» деп санайды [24, с. 441]. Ұрлық, құмарлық, кедейлік... Бұлармен қалай күресу керек? Гитлодей заң бойынша тіпті ұсақ ұрлық үшін де тағайындалатын өлім жазасына қарсы сөйлейді. Шығарманың екінші бөлімінде ағылшын жерінде қалыптасқан өмірдің әділетсіздіктеріне мүлдем қарама-қайшы оқиғалар сипатталған. Бірде Гитлодей барлық тұрғындарының құқықтары тең, ақшаның, алтынның бағасы жоқ Утопия аралына барады. Утопия аралының тұрғындары өздерінің ақыл-ойымен өмір сүреді, олар грек авторларының еңбектерімен танысқан кезде олардан көп нәрсе үйренген: «Табиғат заңдарымен келісілген... ізгілікті олар өмір деп түсінеді...» [24, с. 442].
Бүкіл Қайта өрлеу дәуірі ең алдымен адам көзқарасындағы төңкеріс дәуірі болды. Томас Мордың жоғарыда айтылған шығармасы әділ және парасатты қоғам құру туралы болса, Томаззо Кампанелланың (1568-1639) «Күн қаласы» («Город Солнца») (1602) шығармасы «табиғи идеяға» толы. Шуақты қала тұрғындары табиғатқа деген сүйіспеншілікті және ғылымның көмегімен оның заңдарын игеруді бақытты өмір сүрудің кепілі деп санады.
Ортағасырда жаңа бір белеске көтерілген қалалық әдебиеттің Қайта өрлеу дәуірінде жаңа тақырыптармен толығып, авторлардың адамдар арасындағы қарым-қатынасты сипаттауға ерекше көңіл бөле бастағанын байқадық.
Еуропа әдебиетіндегі реализмнің негізін қалаған Оноре де Бальзактың «Горио әке» («Отец Горио») романының желісі Париж қаласында өрбиді. Іс-әрекет орны – әртүрлі әлеуметтік топтарға жататын адамдар тұратын Вокенің пансионы. Мұнда кедейлікке тап болған ақсүйек, қашқын сотталушы және медициналық мамандықтың студенті тұрады.
«Дэвид Коперфилд» (1849-1850) ағылшын жазушысы Чарльз Диккенстің өмірбаяндық романы. Бірінші жақтан жазылған бұл романда бірқатар өмірбаяндық эпизодтар кездеседі. Зерттеуші А. Зверевтің айтуынша: «автордың ойынша, Дэвидтің өмірбаяны жалғыздық, мазасыздық, ажырамас романтикалық серпіліс сияқты жиі қайталанатын оқиғалар ретінде оқылуы керек. Бұл өмірбаяндық романда оқиғалар жыл тізбегімен емес, кездейсоқ есте сақталған эпизодтар тізбегі ретінде сипатталған. Коперфилд өзінің жастығын қайта құруға тырысады және ол адамдар өткеніне қарап, оны әрдайым жаңаша еске алады, бұл идеяны шынайы деп санайды, дегенмен, іс жүзінде ол адамның өзіне деген қазіргі көзқарасын ғана көрсетеді деп санайды. Психологиялық себептерге байланысты өткенді шынайы және сенімді түрде есте сақтау мүмкін емес деген идея – Диккенстің шығармашылық жаңалығы, осы ойы арқылы Диккенс өз ғасырынан әлдеқайда озып кетті» [26].
Орыс әдебиетінде қалалық мәтін ретінде ең алғаш «петербургтік мәтін» саналды. Зерттеуші М.В. Селеменеваның айтуы бойынша: «Петербургтік мәтін А.С. Пушкиннің, М.Ю. Лермонтовтың, Н.В. Гогольдің шығармаларының негізінде қалыптасты және бұл шығармаларда Петербург қаласына тән ландшафт, климат, тұрмыс, өмір салты, мінез-құлық пен тарих символ-образдар мен мифопоэтикалық элементтердің призмасы арқылы көрсетілді» [27]. «Петербургтік мәтін» эсхатологиялық мифтер негізінде жазылды. Петербург Достоевскийдің қаласы болды және Достоевский Петербургті жырлап өтті. Петербургтің орыс тарихындағы рөлі алғаш рет Достоевскийдің «Петербург шежіресінде» (1847) көрініс тапты» [28].
ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында орыс әдебиетіндегі «күміс ғасырдың» жазушылары мен ақындары (А. Белый, Д. Мережковский, А. Ремизов, А. Блок, С. Есенин, А. Ахматова, Н. Гумилев және басқалары) «петербургтік мәтінді» сәтті жаңғыртты.
«Мәскеулік мәтін» Н.М. Карамзиннің, А.С. Грибоедованың, М.Ю. Лермонтовтың шығармашылығының негізінде қалыптасты. Зерттеуші М.В. Селеменева ««мәскеулік мәтіннің» мифопоэтикалық негізін Мәскеу – қан үстіндегі қала (Москва – город на крови), Мәскеу – жеті төбе үстіндегі қасиетті қала (Москва – сакральный город на семи холмах), жаңа Иерусалим (новый Иерусалим), Мәскеу – үшінші Рим (Москва – третий Рим), Мәскеу – отты апаттың құрбаны (Москва – жертва огненной стихии), Мәскеу – әйел бастауының көрінісі, орыс қалаларының анасы (Москва – воплощение женского начала, мать городов русских) сияқты мифологемалар құрайды» [27, с. 9] деп санайды.
«Мәскеулік мәтінге» жазушы Л.Н. Толстой айтарлықтай өзгерістер енгізді. Бұл турасында зерттеуші М.В. Селеменева мынадай тұжырым жасайды: «жазушы Мәскеу мифінің дәстүрлі компоненттерін (Мәскеу – тірі ағза, Ресейдің жүрегі, Мәскеу – әйел бастауының көрінісі) қолдана отырып, өзінің историософиялық көзқарастарын білдіреді: Мәскеудің мессиандық рөлі – орыс халқының дәстүрлерін және православиелік мәдениеттің негіздерін сақтау» [27, с. 10].
ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы қала тақырыбы материалдық-тәжірибелік саламен өзара байланыс арқылы да өзгерді. Бұл төңкеріс пен азаматтық соғыстан аман қалған адамның ерекше көзқарасымен байланысты болды. Адамдар өздерін кеме апатынан кейін кенеттен аралға тасталған Робинзон сияқты сезінді. Қирау, қажетті заттар мен тауарлардың, азық-түліктің жетіспеушілігі адамдардың материалдық және тәжірибелік салаға белсенді араласуына әкелді. Нәтижесінде өндірістік тақырыптағы шығармалар көптеп шыға бастайды: Л. Леоновтың «Ұя» («Соть») (1929), В. Катаевтың «Уақыт, алға!» («Время, вперед!») (1932), К. Паустовскийдің «Қара-Бұғаз» («Кара-Бугаз») (1932), «Колхида» (1934), В. Кетлинскаяның «Ерлік» («Мужество») (1934-1938), М. Шагинянның «Гидроцентраль» (1929-1941), А. Кожевниковтың «Тірі су» («Живая вода») (1940-1949), Б. Полевойдың «Жабайы жағалауда» («На диком бреге») (1959-1961) және т.б. шығармалар. Металлургия алыбы («Уақыт, алға!»), целлюлоза-қағаз фабрикасы («Ұя»), су электр станциясы («Гидроцентраль»), жаңа қала («Ерлік»), бөгеттер («Жабайы жағалауда») құрылысы туралы кітаптар 1929-1951 жылдар аралығында жазылған. Мәдениеттанушылар атап өткендей, осы тұста ауылдық және қалалық дүние құрылысының негізгі айырмашылығы айқын көріне бастады. 1920-1960 жылдардағы өндірістік тақырыптағы романдар, повестер мен әңгімелер адамның материалдық және тәжірибелік салаға «ене бастауын» көркем түрде жеткізді және бұл қала тақырыбының әлеуметтік және тарихи дамуына қатысты ерекше бұрылыс болды.
Орыс әдебиетінде 1970 жылдардың аяғы мен 1980 жылдардың басында соғыстан кейінгі кеңес әдебиетінің бағыттарының бірі болып табылатын «қалалық проза» бағыты пайда болды. Осыған байланысты, тәжірибелі әдіскер Н.В. Егорованың айтуынша, «жылымық» кезеңде пайда болған шығармалар әдебиеттегі жаңа бағыттардың дамуына серпін болды: «ауыл прозасы», «қалалық» немесе «интеллектуалды проза» [29]. Бұл бағыт ең алдымен Ю. Трифоновтың, Ю. Карабчиевскийдің, А. Битовтың, В. Пьецуханың, В. Маканиннің, А. Петрушевскаяның, М. Кураевтың есімдерімен байланысты.
Орыс жазушысы Юрий Валентинович Трифонов қала тақырыбында жазылған шығармалары арқылы өз оқырмандарын адамның осы әлемдегі орны туралы ойландыра бастады. Жазушының «Айырбас» («Обмен») (1969), «Күн iлгергi нәтиже» («Предварительные итоги») (1970) повестерінде мәскеулік зиялы қауым өкілдерінің күнделікті өмірі суреттеледі.
Жазушы «Айырбас» («Обмен») (1969) повесінде өмір мен өлім мәселесін экзистенциалистік тұрғыда қарастырады. Повестегі оқиғалар Мәскеу қаласында өтеді. Кейіпкер Дмитриев анасының ауыр науқасқа ұшырағанын біле тұра, әйелінің азғындауымен балалық шағы өткен, әкесі өз қолымен тұрғызған үйін басқа үйге айырбастап, анасымен бірге басқа үйге көшу үшін барлық амалдарға барады. Дмитриевті анасының ауырып, өлім аузында жатқандығынан гөрі, тез арада үйдің құжаттарын жөндеп, өз үйінен көшіп кету мәселесі қатты алаңдатады.
Анасының ауыр науқасқа ұшырағанын алғаш естігенде Дмитриев өткен өмірін, балалық және жастық шағын есіне алады, осы сәттердің енді қайта оралмайтынына өкінеді. Дегенмен, бұл естеліктер де оның райынан қайтуына себеп бола алмайды. Жазушы арагідік кейіпкерінің тым қатігез еместігін де білдіріп отырады. Мәселен, Таня екеуінің арасындағы диалог үстінде автор мұны аңғартады: «Бір сәтте ол оны қатты аяғандай болды, бірақ алыс та болса жақын жерде, яғни Мәскеу арқылы өтетін осы өзеннің жағасында, оны өлімнен азап шеккен анасы күтіп отырғаны есіне түсіп кетті, ал Таняныкі өмірлік азап, сондықтан – оны не үшін аяу керек? Әлемде өмір мен өлімнен басқа ештеңе жоқ. Біріншісіне бағынатындардың бәрі, – бақыт, ал, екіншісіне жататындардың бәрі... Екіншісіне жататындардың бәрі, – бақыттың жойылуы. Бұл әлемде басқа ештеңе жоқ. Дмитриев кенеттен асығыс ұшып түрегелді, мықты біреу оны күштеп ұстап алып, қолынан тартып жібергендей: «Сау бол! Мен жүгірдім!» – деп, дәлізден есікке қарай жылдам жүгіріп кетті. Таня оған ештеңе айта алмады. Мүмкін оның ештеңе айтқысы келмеген де болар» [30] («На одно мгновение он очень остро пожалел ее, но тут же вспомнил, что где-то далеко и близко, через всю Москву, на берегу этой же реки, его ждет мать, которая испытывает страдания смерти, а Танины страдания принадлежат жизни, поэтому – чего ж ее жалеть? В мире нет ничего, кроме жизни и смерти. И все, что подвластно первой, – счастье, а все, что принадлежит второй… А все, что принадлежит второй, – уничтожение счастья. И ничего больше нет в этом мире. Дмитриев поднялся рывком, с внезапной поспешностью, точно кто-то сильный схватил и дернул его за руки, и, сказав: «Пока! Я бегу!» – понесся быстрыми шагами по коридору к двери. Таня ничего не успела ему сказать. Может быть, она ничего и не хотела ему говорить»). Жазушы кейіпкердің осы ойы арқылы әлемнің өмір мен өлімнен ғана тұратындығын, бір күндік өмірдің өзі бақыт екендігін оқырманына жеткізгісі келеді. Шығарманың соңында кейіпкердің анасымен диалогы үстінде анасының айналасында не болып жатқандығынан хабардар екендігін байқаймыз. Бірақ, өлім аузында жатқан ана ешқандай қарсы әрекетке бармай, ұлына үйін айырбастауға келісімін береді. Жазушы кейіпкердің анасы Ксения Федоровнаның адамгершілігі бәрінен де биік екендігін осылай көрсетеді. Юрий Валентинович Трифонов осы шығарма арқылы өмірде адамның өмірінен артық ештеңе жоқ екендігін танытады.
Қалалық прозадағы экзистенциалистік мотивтер қаламгер Юрий Карабчиевский шығармаларынан да кеңінен орын алған. Бүкіл өмірі Мәскеу қаласында өткен жазушының өмірбаяндық сипатта жазылған «Александр Зильбердің өмірі» («Жизнь Александра Зильбера») (1975) романындағы оқиғалар Мәскеу қаласында өтеді. Романда лирикалық кейіпкердің өзін жалғыз сезінуі суреттеледі. Бас кейіпкер Саша Зильбер, бала күнінен өзін жалғыз сезінеді. Саша пионерлер лагеріне барған сәттен бастап өзінің жалғыздығын сезіне бастайды. Құрдастары оны үнемі басқа ұлттың өкілі деп төмендетеді. Себебі ұлты – еврей болатын. Әкесі 1942 жылы соғыс алаңында қайтыс болған. Анасы екінші рет тұрмыс құрған. Кейіпкер өз үйінде де жанына сая таба алмайды. Ақыр соңында Арменияға кетіп қалып, жүрегінде тыныштық орнайды.
Шығарманы өмірбаяндық деуге толық негіз бар сияқты. Себебі, Юрий Карабчиевскийдің ұлты еврей болғанмен, бүкіл саналы ғұмыры Мәскеуде өткен. Қаламгердің өлеңдерінде Мәскеу әрі жақын, әрі тым бөтен қала ретінде сипатталады. Ақын бірде:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   31




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет