Зерттеу жұмысының теориялық-әдіснамалық негіздері. Зерттеу жұмысы әлемдік және отандық әдебиеттегі көркем шығарманы поэтикалық, эстетикалық, психологиялық, тілдік-стильдік жағынан зерттеген М. Бахтиннің «Ауызша шығармашылықтың эстетикасы» («Эстетика словесного творчества»), В. Виноградовтың «Көркем сөйлеу теориясы туралы» («О теории художественной речи»), Ю. Лотманның «Көркем мәтін құрылымы» («Структура художественного текста»), А. Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш», З. Қабдоловтың «Сөз өнері», М. Оразбектің «Автор және шығармашылық процесс», т.б. ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып жүргізілді.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Қала кеңістігі адам өмірінде маңызды рөл атқарады. Қала адамы, баспана, ел астанасын бейнелеу шетелдік және қазақ жазушыларына тән ортақ ерекшелік. Қазақ қаламгерлерінің көркем шығармадағы қала моделін бейнелеу ерекшелігі мен психологиялық ахуалды суреттеудегі идеялық, рухани ізденісін анықтау, сол арқылы егеменді еліміздің жалпыадамзаттық әдеби-мәдени үрдіске қосқан үлесін айқындауды мақсат еттік.
Зерттеу жұмысының алдына қойған мақсатына жету үшін төмендегідей міндеттерді шешу жоспарланды:
– әдебиеттанудағы «көркем модель» ұғымының ғылыми-теориялық аспектілерін және көркем шығармаданы модельдеудің негізгі принциптерін айқындау;
– қалалық ментальділік, ұлттық менталитет және қалалық психология ұғымдарының мәнін көркем шығарманың мазмұнынан психолог, философ, әдебиеттанушы, тілші ғалымдардың еңбектерін саралай отырып, талдап түсіндіру;
– әлем әдебиетіндегі және қазақ әдебиетіндегі қала модельдерінің түрлерін, әдебиеттегі қалыптасу, даму жолдарын қаланы суреттеген жазушылардың шығармаларынан салыстыра талдау;
– әлемдік әдебиеттегі «қалалық мәтін» терминінің ХХ ғасырдың басында О. Бальзак, Ч. Диккенс, Т. Манн, А. Камю, Ф. Достоевский, А. Чехов, М. Горький, М. Булгаков, т.б. жазушылардың шығармаларына қатысты пайда болғандығын зерттеуші ғалымдардың ғылыми еңбектерінен саралап, қазақ әдебиетінде қала тақырыбы ХХ ғасырдың аяғында қалыптасқандығын айқындау;
– ел астанасының мемлекеттің нығаюы мен өркендеуіне, әлемге танылуына негіз болатындығын шетелдік жазушылардың Лондон, Париж, Мәскеу сияқты әлем астаналары туралы шығармаларын қазақ жазушыларының Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларын бейнелеген шығармаларымен салыстыра талдау;
– кеңестік кезеңдегі қала тақырыбындағы шығармалар мен тәуелсіздік кезіндегі қала туралы шығармаларды салыстырып, заман, қоғам өзгеруіне байланысты қала халқының психологиялық және тұрмыстық хал-ахуалын талдап, зерттеу;
– ХХ және ХХІ ғасырлардағы қазақ прозасында қалыптасқан қала модельдерін сараптап, ұлт менталитетіндегі өзгерістер мен қаладағы экзистенциализм, адам жанының жалғыздығы, жетістікке жету мен өмірден орнын табу, қала мен ауыл мәселесін бейнелеу ерекшеліктеріне герменевтикалық, тарихи-типологиялық әдіс негізінде зерттеу жасау.
Достарыңызбен бөлісу: |