Менталитет (діл)– адамдардың белгілі бір қоғамдастығына тән, нақтылы тарихи-мәдени ортада қалыптасқан мінез-құлықтардың және іс-әрекеттердің біркелкі сипатын білдіретін ұғым. Менталитет мәдени бірегейленумен және тұлғаның өзін-өзі белгілі бір мәдени ортада сезіну деңгейімен байланысты.
Ментальдік – адамдарды бір әлеуметтік және тарихи қауымдастықтарға жұмылдыратын ішкі әлемдерінің тұрақты көңіл-күйі: адамдардың ойлау мен әрекеттің белгілі бір типіне ыңғайланулары мен жақындығының жиынтығы. Ментальдік бір жағынан мәдениет пен дәстүрдің нәтижесі ретінде көрінеді, сонымен бірге мәдениеттің дамуының терең көзі болып табылады. Ментальдіктің бұзылуы психологиялық дағдарысқа, адамдардың өздерін ұстауларының өзгеруіне әкеліп соғады.
Модель – белгілі бір жағдайда олардың «орынбасары» немесе «өкілі» ретінде қолданылатын нысанның немесе нысандар жүйесінің (осы модельдің «түпнұсқасы») бейнесі (шартты немесе ойдағы кескін, сипаттама, сызба, сурет, кесте, жоспар, карта және т.б.) немесе түпбейнесі (үлгісі).
Модельдеу– зерттеу үшін арнайы жасалған бір нысанда басқа бір нысанның сипаттамасын қайта жаңғырту. Сезімдік және логикалық модельдер жасау үрдісінің негізгі заңдылықтары таным теориясының түрлі тарауларында (ең алдымен ақиқат жайлы ілімде) зерттеледі; оның жетістіктері модельдеудің ғылыми-техникалық теориясы мен тәжірибесінің негізін құрайды. Бұлардың диалектикалық таным теориясын одан әрі дамытып, нақтылай түсудегі маңызы үлкен.
Мотив – тақырыптық сарын, қалыптасқан дәстүрлі тақырыптық әуен, оқиға желісіндегі кезең. Бірнеше жазушының шығармасында, әр түрлі әдеби нұсқаларда, әр дәуірдің әдебиетінде белгілі бір сарындар қайталанып келеді.
Повесть – оқиғаны баяндап айтуға негізделетін қарасөзбен жазылған, көлемді шығарма, эпикалық жанрдың орташа түрі.
Піл сүйегінен жасалған мұнара» («Башня из слоновой кости») – ақын мен суретшінің өмірді жатсынатындығын білдіретін тіркес; Шарль Огюстен Сент-Бёвке (1804-69) тиесілі.
Реминисценция (көне лат. reminiscentia – еске түсіру) – еске түсіру, жаңғырту. Поэтикалық шығармадағы басқа шығарманы еске түсіретін белгілер; әдетте – автордың басқа біреудің образын, мотивін, стилистикалық құрылысын, интонациялық ырғақты қозғалысын бейсаналы түрде алуының нәтижесі. Қазіргі өнерде оқырманның (тыңдаушының) есте сақтауына және ассоциативті қабылдауына арналған саналы қабылдау ретінде кездеседі.
Роман – сюжеттік құрылымы күрделі, көп желілі, кең тынысты, кейіпкер бейнесін ол өмір сүрген уақыт, ол тіршілік кешкен орта ауқымында, жан-жақты мүсіндейтін, басқа прозалық жанрларға қарағанда ұзақ уақытты, байтақ кеңістікті қамтитын көлемді эпикалық шығарма.