1. «Қала – кеңістік». Жоғарыда аталған әдеби ескерткіштерде қала шығарманың кеңістігін ұйымдастыратын өзіндік үйлестіруші ретінде әрекет етеді. Шығармада авторлар өздерінің туған жері, ескерткіштің қайда жазылып, қайда аяқталғандығы туралы мәлімет келтіреді. Айталық, Ж. Баласағұнның «Құтты білік» ескерткішінде: «Құзорда» елі оның тұрған мекені» [45, б. 59], «Тамамдады жырмен Қашқар елінде» [45, б. 59] деген жолдар кездессе, А. Ясауидің «Диуани хикмет» шығармасында Медине, Мекке, Түркістан қалаларының аты аталады: «Он жетімде Түркістанда тұрдым мен (де)» [54, б. 11], «Туған жерім ол мүбарак Түркістаннан, Бауырыма тасты ұрып келдім мен (де) [54, б. 28]. Захир әд-дин Бабырдың «Бабырнама» шығармасында Әндіжан, Ош, Маргилан, Исфара, Ходжент, Ахси, Қасан қалалары, сол қалалардың өзіне тән ерекшелігі суреттеледі.
2. «Қала – киелі орын». А. Ясауидің «Диуани хикмет» шығармасында Медине, Мекке сияқты киелі орындардың аты аталады:
«Мединеге Расул барып, болды ғәріп,
Ғәріп болып, Хаққа ақыр(ы) болды қариб (жақын),
Рахман Ием дидарын қылды нәсіп,
Шын дерттіге ғәріптікіндей дауа болмас» [54, б. 89].
немесе:
«Меккеде бар Мұхаммед,
Түркістанда Қожа Ахмет,
Жарылқағай ол Әхад (Алла Тағаланың сыпаттарының бірі. Жалғыз деген мағынада),
Оспан бахәйа-дүр» [54, б. 71].
3. «Қала – қалалықтар». Ж. Баласағұнның «Құтты білік», А. Ясауидің «Диуани хикмет», Бабырдың «Бабырнама» шығармаларында қала адамдары бейнеленеді. Авторлардың сол кезеңдегі адамдардың тура жолдан тайып, өзінің жеке басының ғана пайдасын діттеп бара жатқандығына күйінгендіктерін көреміз.
Жүсіп Баласағұн:
«Саудагерлер аманатты ұмытты,
Ұста өнеге, мұрагерін құрытты!
Білікті айтпай ақиқаттың ашығын,
Ұят кетті, әйел беті ашылып!» [45, б. 507], – десе,
Ахмет Ясауи өз шығармасында:
«Ұлы, кіші жарандардан әдеп кетті,
Қыз, әйел, жастардан ұят кетті,
«Әл хәйа-у минәл иман» (Хадис: «Ұят иманнан») деп Расул айтты,
Ұятсыз қауым ғажайыптар болды, достар» [54, б. 45], – дейді. Екі автор да қала тұрмысының адамның табиғатын өзгертетініне мән береді. Себебі, қала тіршілігінің ауырлығынан адамдар осындай жат қылықтарға жол береді.
Бабырдың «Бабырнама» шығармасынан сол кезеңдегі қала адамдарына деген түсініктің өзгергендігін байқаймыз. Мәселен, автор Сұлтан Ахмет мырзаның мінезін, әдетін сипаттағанда: «Сұлтан Ахмет мырза ештеме оқымайтын, сауатсыз адам болды. Ол қалада өскенімен, қарапайым, ебедейсіз, ешқандай дарындылық қонбаған, бірақ әділ адам еді, сондықтан да Қожа ағзам оны әрқашан да бағалап жүретін» [56, б. 39], – деп сипаттайды. Автордың «Ол қалада өскенімен, қарапайым, ебедейсіз, ешқандай дарындылық қонбаған, бірақ әділ адам еді» деген сөзінен қалада өссе де қулық-сұмдығы жоқ адам деп бағалағанын байқаймыз. Бірақ ол заманда да қала адамдарының арасында жат әрекеттерге баратын адамдар болған. Мұны автордың Маргилан тұрғындарын суреттеуінен көруге болады: «Маргилан тұрғындары сарттар, бұлар төбелесқұмар, қызба, мазасыз халық. Жұдырықтасу дәстүрі Мауараннахрға көп тараған. Самарқан мен Бұхарада төбелестен аты шыққандардың көпшілігі маргиландықтар» [56, б. 22] деуінен сарттардың қитұрқы, қызба, мазасыз мінезін сол кезде де анық айтқанын көруге болады.
4. «Қала – жат мекен». Екі шығармада да авторлар өздері тұрған қаладан оқшау өмір сүруді қалайтындықтарын білдіреді.
«Еш жақсылық таппадым мен, не етейін,
Шаһар, ұлыс, жұрттан безіп, кетейін!» («Құтты білік») [45, б. 516].
«Елу екі жаста кештім отбасымнан,
Отбасым не көрінер тіпті жаннан,
Бастан кештім, жаннан кештім һәм иманнан,
Бір-у Барым дидарыңды көрермін бе?!» («Диуани хикмет») [54, б. 148].
5. «Қала – тарихи тұлғалар». Зерттеу барысында тұлғаны танытуда кеңістіктің үлкен рөл атқаратындығына көз жеткіздік. Себебі, Мұхаммедтің және Қожа Ахмет Ясауидің атын бүкіл дүние жүзі олардың тұрған мекені арқылы таниды. Сондықтан да «Меккеде бар Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет» деген ұғым қаланың да, адамның да қасиетті, қастерлі бейнесін танытады. Бабыр да өз шығармасында әр қаланы сипаттай келе, сол қаланың атақты адамдарын атай кетуді жөн санайды. Мәселен, Әндіжан қаласы турасында сөз қозғағанда автордың «атақты сауықшыл, күйші, жырдың перісі Қожа Жүсіп те әндіжандық» [56, б. 21], – деп, оқырманына Қожа Жүсіптің есімін таныта кетуі оқырман санасында Әндіжан қаласы мен Қожа Жүсіптің есімін қатар сақтауға мүмкіндік тудырады. Біз қарастырып отырған тақырып тарихи мекендермен, тарихи тұлғалармен байланысты болғандықтан, шығармадағы көркемдік кеңістік пен тарихи тұлғаларды қатар алып зерттеуге ұмтылдық.
Біз жоғарыда талдау нысанына алған үш шығарманың әр түрлі кезеңде, яғни, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» ескерткіштерінің ХІ ғасырда, ал Бабырдың «Бабырнама» шығармасының ХVI ғасырда жазылғандығын ескере отырып, жалпы түркі қалаларындағы адамдық мінез-құлықтың суреттелу ерекшелігі мен қала мәдениетін талдап түсіндірдік. Сондай-ақ, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» және Захир әд-дин Бабырдың «Бабырнама» шығармасының негізінде көне түркі және орта ғасыр әдебиетіндегі келесі қала модельдерін анықтадық: «қала – кеңістік»; «қала – киелі орын»; «қала – қалалықтар»; «қала – жат мекен»; «қала – тарихи тұлғалар».
Достарыңызбен бөлісу: |