Аманғазықызы мөлдір қазіргі қазақ прозасындағы қала моделі және ұлттық ментальділік


Қазақ әдебиетіндегі қала моделі және ұлттық таным



бет17/31
Дата16.04.2024
өлшемі314,84 Kb.
#200889
түріДиссертация
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   31
Байланысты:
aman-azy-yzy-m-phd-povtorno (4)

2.2 Қазақ әдебиетіндегі қала моделі және ұлттық таным
Қазақ жерінде көшпелі өмір салтының өзгеруімен пайда бола бастаған қалаға орналасу, қала тұрғынының тұрмысы, сол тұрмыстың біртіндеп сананы билеуге көшкені, қазақ менталитетіндегі өзгерістер ХХ ғасырдағы қаламгерлердің шығармашылығында көрініс бергені белгілі. ХХ ғасырда өмір сүрген ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Айтыс (қала ақыны мен дала ақынының айтысқаны)» (1919) поэмасында ақын дала мен қаланы қарама-қарсы қойып, кең байтақ далада өмір сүріп жатқан адамдар, даланың артықшылығы жөнінде өз пайымын танытады. Далалық қазақтың мінезін ақын поэмада төмендегідей суреттейді:
«Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға алаш деген атты аламын.
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!
Ерікті ен даланың құсынша ұшып,
Ер жеттім кеңшіліктің сүтін ішіп.
... Күнде қонақ келуден тыйылмаған,
Дастарқаны бір мезгіл жиылмаған.
Қонақ үшін арналып бір жеке ақ үй,
Қара саба тұрады иындаған» [57].
Дегенмен, ақын қала арқылы қазақтың мінезіне өзгеріс келе ме деп қатты алаңдайтынын байқатады:
«Қылсам да мұны көріп шүкіршілік,
Жүрегім сескенеді нені біліп?
Қорқамын бұл заманы кетер ме деп,
Қаладан қазағыма мінез жұғып» [57, б. 179].
Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың поэмасына арқау болған осы ақындық «үрей» немесе «сескену» кейінгі қаламгерлердің де шығармашылығында өзегін жойған жоқ. Әсіресе, қаламгерлеріміз қалалық өмірді жатсынған қазақтың бейнесін өз кейіпкерлерінің болмыс-бітімі арқылы толық ашып бере алды. Мәселен, Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» (1927) романындағы Ақбілектің Ажардың бойындағы жеңілтекті қала қызына тән қылық деп қабылдауы немесе Оралхан Бөкейдің «Аспирант қыздың тракторшы жігіті» әңгімесінде қала өмірін бойына әбден сіңірген «кандидаттың», ауылдағы қарапайым тракторшының махаббатын мазақ етіп, артынан үлкен өкініште қалған Қалқаштың бейнесі арқылы жазушы қанша оқыған-тоқыған болса да, тракторшы, оқымаған Есеннің өресі оқыған қалалықтардан әлдеқайда биік, парасатты екендігін көрсеткісі келген сияқты.
Біз, өз кезегінде, ХХ ғасырдағы қазақ прозасындағы қала модельдерін анықтап көрейік.
1. «Қала – ғылым-білім орталығы». ХХ ғасыр басындағы прозалық шығармалардың басым көпшілігінде қала – ғылым-білімнің орталығы ретінде суреттелді. Атап айтсақ, Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» (1927) романындағы Ақбілектің алдымен Семейде, кейін Орынборда білім алуы, Бейімбет Майлиннің «Раушан – коммунист» (1929) повесіндегі Раушанның Орынборда үш жыл оқуы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» (1956) роман-эпопеясының Семейде оқып, ауылына қайтып бара жатқан Абайды суреттеуден басталуы бұл сөзімізге дәлел болмақ. Мұхтар Әуезовтің «Оқыған азамат» (1923) әңгімесіндегі оқиғалар да көбіне Сібірдегі үлкен өзендердің бірінің сол жағасында орнаған қалада өтеді. Әңгімеде қаладағы «оқыған азаматтардың» өмірі баяндалады.
Әңгіме осы қаланы, қала халқының тұрмысын суреттеуден басталады: «Тұрғын халқының көбі қазақ болған Сібірдің кішілеу қаласы қыстың ақ киімін даламен бірге жамылып, жабайы табиғаттың жайлы күйін күйлегендей. Бұл қала Сібірдегі үлкен өзендердің бірінің сол жағасында орнапты. Ретпен салынған сұлу қала емес. Орта жері болмаса, шеттерінде тәртіп жоқ. Оның үстіне шет-шетіне шашыратып салған қазақтың жер үйлері тәртіпке ұқсаған сиықтың бәрін бұзып, қаланың шеттерін түйенің жыртылған ескі жабуындай жалба-жұлба қылып ыдыратып, тоздырып тұр» [58]. Жазушының осы суреттеуінен қалада тұратын қазақтардың үйлерінің қаланың шет жағында орналасқандығынан хабардар боламыз.
Әңгімеде автор қалада оқып, бойына ғылым-білім жинаса да, адами қаситтен ада болған «оқыған азаматтардың» бейнесін көрсетеді. Бұл сөзімізге досы қайтыс болғаннан кейін, досының әйелі – Қадишаға үйленген Жұмағұлдың іс-әрекеті дәлел бола алады. Қалада өсіп, қала тәрбиесін көрген Қадишаның да өзінің бұрынғы күйеуінің анасының жағдайы емес, күйеуінен қалған мұраға ие болып қалуды мақсат етуі адамгершілікке жат қылық. Жұмағұл мен Қадишаның үйленгеннен кейін алғаш ауылға келген сәтін автор төмендегідей суреттейді: «Ауылға келерде жазға лайықты барлық таза жақсы киімдерін киіп алып, шытырайған жастар қаланың халқына ұқсап, қырға бөтен кісі сияқтанды. Керек десе, Жұмағұлдың сөйлеген сөзінде де «сіз-бізі» көбейіп қалған жат адамның қалпы байқалғандай. Бұл үйлеспегендік әсіресе келін жайына келгенде, айқынырақ сезіліп тұр. Келіннің келген жердегі ата-енесіне «сәлеметсіз бе!» деп амандасуынан бастап, үйге кірген соң, төр алдына күйеуінің қасына отырып, мүйнет сайын онымен сыбырласқаны да қыр тұрмысында еш уақытта болмаған бір өрескелдікті танытқандай болды. Келін затында, өзі оқып үлгі алып, оқымыстылардың қатарына кірген кісі болмаса да, қаладағы мұғалімнің қатыны болып, ашылып қалғандықтан, сол оқымысты жұрттың үлгісін машық еткен еді. Қазіргі сағаттағы үйлеспегендік жаңа келген жастарға соншалық көп байқалмаса да, ауылдағы үлкен-кішінің бәріне де тез сезілді» [58, б. 363].
Осы әңгіме арқылы жазушы қала жастардың бойына ғылым-білім дәнін сепкенімен, ұлтқа тән тәрбиені ұмыттырып, жат қылықтарды сіңіріп жатқандығын көрсетеді.
Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Оқыған азамат» әңгімесінде қалада оқып, адамгершіліктен аттаған кейіпкерлер суреттелсе, Бейімбет Майлиннің «Раушан – коммунист» (1929) повесінде үш жыл Орынбор қаласында оқып, кейін қызмет ету үшін ауылына оралған Раушанның бейнесі суреттеледі: «Раушан! Бұдан үш жыл бұрынғы – ауыл әйелінің бірі болып жүрген Раушан!.. Ондағы Раушан мен қазіргі Раушанның арасы жер мен көктей, қазіргі Раушан: мектеп бітірген, білім алған, саясатқа ұстарман» [59]. Жазушы Раушанның тағдыры арқылы сол кезеңдегі бүкіл қазақ әйелдерінің өмір-салтын алдымызға тартады. Алдына келген қиындықтарға мойымай, төтеп бере алған Раушанның бейнесін барша қазақ қыздарына үлгі етеді.
Жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Кеп қол ағашта...» (1926) атты әңгімесінің басты тақырыбы – оқу, оқуға түсіру мәселелері. Бұл жайында ғалым Рақымжан Тұрысбек былайша ой тұжырымдайды: «Ж. Аймауытовтың осы бір әңгімесінің өн бойында жас буындардың оқуға құштарлықтарынан өзге елдегі ағайындар мен қаладағы «таныстар» арасындағы «семіз сөз» бір-біріне көңіл жықпастық білдіріп, «реттеймін, тындырамын» деп артық уәде беруі, шектен тыс көсемсуі, көтере алмайтын шоқпарды беліне қыстырулары қатты сынға алынады» [60]. Яғни, әңгімеде қазақтардың қалаға келіп оқуға бет бұра бастауы, кейбір адамдардың осы жағдайды қалт жібермей, пайда табуды көздеуі кеңінен сөз болады.
Осы әңгімедегі диалогтар арқылы берілетін көрініс те өзгеше болып келеді. Көзқарастарының, ой-пікірлерінің қарама-қарсылығынан әрбір кейіпкердің ішкі болмысы, мінезіндегі ерекшелігі анық танылады. Мысалы: «Астыртын әр жерге барып байқаймын. Өзіміздің жақтың баласына әткез бермеуші еді ғой деп, қарқылдаған енгезердей қара зәбедейшіге бардым. – Орын жоқ. Азбыншы жолдастығы бар еді. Айтқанымды нағып жерге тастар екен деп тымпың-тымпың тыпырлап жүретін тәпелтек ушителге бардым. – Орын жоқ» [61]. Осылайша қалаға келіп, мәселесін шеше алмаған кейіпкер сағы сынып, ақыры кері қайтады.
Қаламгердің шағын ғана әңгімесінен сол кезеңдегі қоғамның шындығы айқын аңғарылады: «– Неге түспесін, бізбен бірге келген өз елінің үш баласын «Қ» түсіріп-ақ жіберді. Бізден бір күн бұрын келген ағасының екі баласын Н. үшкөлге түсіріп енді қазынадан ақша әперем деп басына кенеп қап кигізіп қойыпты. Солардың ояздан әкелген қағазы да жоқ, бізден балалар орналасып-ақ жатыр деп шақшия қоя берді. – Үнім өшті. Төмен қарадым. Аздан соң балалар тұра жөнелді... Бәлен демедім. Қолағаш мықты болса, киіз қазық жерге кіредіні білмейді-ау! Гәу қолағашта ғой... деп әлсіздікті мойынға алдым» [61, б. 160].
Ғалым Т. Сыдықов: «Бес-он бет қана шағын шығарма көлемінде үлкен өмірдің бір бөлігін жайып тастап, оқырман алдына қилы-қилы мінездің адамын жетелеп әкеліп, жақсысына сүйсінтіп, жаманына түңілтіп отыру – ірі шеберлік» [62], – десе, сол шеберліктің шыңына жеткен жазушының бірі – Жүсіпбек Аймауытов.
Ел ішіндегі оқуға ұмтылған жастардың мәселесі Жүсіпбек Аймауытовтың «Жол үстінде» (1925) әңгімесінде де сөз болады: «Шығыстан көтерілген қара түні көкке шапшып, батыстың ақсандығын жұтам деп, қара туырлықтай қанатын айқара жабады. Меңіреу түнде көк аспанға меруерттей шашу шашып, о жер, бұ жерде жұлдыздар жылтыңдап, сыңсып келеді. «Мен жарықпын» деп бір жұлдыз тұрса, «мен сенен де жарықпын» деп, тағы біреу шыға келеді; «сендерден – біз жарықпыз» дегендей, әлде нешеуі тағы туады. Қараңғы іңірдің қалтарысында көгіне нұр берем деп жұлдыздар таласады» 61, б. 123. Елдің болашағы саналатын жастардың болашағынан зор үміт күткен қаламгер сенімі осы символды суреттермен әдемі көмкерілген.
Қала тынысынан жалығып, ауыл тіршілігін аңсаған бозбалалардың жылқы көргендегі көңіл-күйін жазушы диалог-деталь арқылы шебер жеткізеді. Мысалы: «– Жылқы! Жылқы!… Құдай берді! – Ал, түсіңдер!…» 61, б. 124.
Жүсіпбек Аймауытов шығармаларындағы диалогтердің шығарма өзегіндегі қызметін зерттеген Ш. Әбішеваның айтуынша, «әңгімедегі жылқы мен өгіз екі түрлі өмір, екі түрлі көңілдің бейнесі ретінде алынған. Өгізіне мініп, баяу желісінен жаңылмайтын, ештемеге селт етпейтін Құлтума ескі өмірдің өкілі іспетті. Ал көңілдері алабұртып, даурығысқан жастардың тұлпар шабысындай өрекпіген көңілдері болашақтың, жаңа өмірдің жаршысы секілді. Сондай-ақ, әңгімеде қазақ халқының дәстүрлі меншік туралы ұғымдары да мал иесі мен жастардың диалогімен бейнеленген. Мысалы: «– Жап-жақсы жігітсіңдер, ұят емес пе? – Отағасы, ұрыспаңыз… – Қазақтың малын жау малындай осынша қан сорпа қыла ма екен. – Бұл мал болса, біз қазақтың баласымыз ғой. Қазақ бір тайын сұрасақ та береді…» 61, б. 127. Сондай-ақ, қазақи әдеп пен дәстүрдің көріністерін жастардың қымыз жайындағы дау-дамайлы диалогі арқылы да шебер өрнектей білген. Яғни, әңгіме тақырыбының өзі де тұспалды образды қойылған. Ол болашақтың жаңа жолына бет алған жастар сапарының мәнін білдіреді. Олардың арасында ой-пиғылы, арман-мұрат жөнінен төмендері де, халық мұратын ұстанғандары да бар. Бірақ ұлы өзгеріс пен жарқын өмір бағытындағы жол үстінде уақыт, заман ғана оларға әділ төреші бола алады» [63]. Әңгіменің «Жол үстінде» деп аталуы да бекер болмаса керек. Шығарма атауының өзі білім алу үшін қалаға ұмтылған жастардың ұлттық менталитеттен айырылмай, дұрыс жолға түсуін мақсат еткен жазушының авторлық позициясын танытады.
2. «Қала – ойын-сауық орталығы». Жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Әнші» (1925) әңгімесіндегі Жетішатыр қаласын суреттеуін есімізге түсіріп көрейік: «Жетішатыр» жақсы қала. Қаптап жатқан қазақ. Жазы – қысы – қымыз, ойын – сауық» «катайтса». Айт, той, құдалық, ат жарыс, күрес. Маскүнем. Төбелес. Үй қыдырған көлең-көлең ақ жаулық... Жаз шықса, пароход, паром, жолқайық, жасыл арал, қалың орман... Көкке шыққан, гуләйт соққан, масайраған шат көңіл... Сырнай-керней... Қызық думан... Қайткенмен сергек қала» [61, б. 130].
Әңгіме Ертістің жағасындағы Жетішатыр қаласының өмірінен алынған осы суреттермен басталады. Ертіс өзенінің ортасындағы аралда орналасқан қымызханада, театрда жиі-жиі жиын-той болатыны, өнерпаз адамдардың сол жерде жиналған елдің алдында ән салып, көңілін көтеретіні жазушының суреттеуінен аңғарылады: ««Наурызда» қазақ шәкірттері сауық жасауға даярландық... Сауыққа өз әлімізше жақсы даярланғанбыз. Клубтың театрын да алғамыз. Белет екі күн бұрын сатылған. Жетішатырдың қазақтары қандай тыраш: қатын-қалаш, бала-шағасымен келді» [61, б. 133]. Осылайша, жазушы өнерпаздардың тағдырын айналасындағы ортамен бірлікте қарастырып, сол кезеңдегі өнер, ел тағдырынан кеңінен мағлұмат береді.
Жазушы шығарманың басында қымыз ішкен көптің арасынан әнші Әмірқанды даралап алып, оқырманына таныстырады: «Жапа-тармағай жым болып томсарып, тоң-тұрыс отырған жандарға әншінің әні де сондай әсер берді. Көңіл бір жадырап, шайдай ашылды. Әттең ауыздың дәмін ала алмай, құмарымыз қана алмай қалдық. – Бұл қай әнші? – Әнші Әмірқан осы, – деді. – Әмірқанды жұрт мақтайтын. Бір естуге мен де ынтық едім... – Әмірқанның үйі осында бола ма? – Осында. – Үйінен қашан табылар екен? – Оны қайтесіңдер? – Әншейін… Әнін бір естуге… – Оны үйден ұстай алмайсыңдар. Ол – бір сағым. – Өзі не кәсіп істейді? – Әмірқанда кәсіп бола ма? Ән салғаннан басқа… – Ақша тапса, жарайды ғой… – Көп үстіндегі жігіт емес пе? Оған кедейлік бар ма? – Өлеңді ақша сұрап айта ма? Жоқ… – Аштан өлуге бейіл, өлең айтып ақша сұрағанын көргеміз жоқ. – Онысы қызық екен!.. – Өзі де қызық жігіт. Онсыз топтың ажары кірмейді. Әйтеуір жандырып жүреді. Расында жандырып жіберді. Әмірқанның жайынан аз әңгімелесіп, қымызға қанған соң, пәтерімізге қайттық» [61, б. 133]. Осылайша шығармадағы бас кейіпкер әнші Әмірқанның бейнесі басқа кейіпкерлердің баға беруі арқылы бейнеленеді.
Әңгімеден әнші Әмірқанның әншіге, өнерге қоятын талабының жоғары екендігін басқа кейіпкерлермен пікірлесетін диалогы үстінде байқаймыз: «Әншілердің көбі не мақтан үшін, не мал табу үшін айтады. Шабыты келмесе де зорланып айтады. Зорланып айтқан ән дұрыс шыға ма? Ән салу көңілден ғой... Әннің бір кілтең жерлері болады... Жұрттың көбі соны келтіре алмайды, «Ау» дегеннің бәрі ән болад деп ойлайды» [61, б. 138]. Бұл ойды автордың өзі «Мұндай сөз Әмірханның ғана аузынан шығады» [61, б. 138] деп, авторлық баяндауы арқылы түйіндейді.
Сонымен, Жүсіпбек Аймауытовтың «Әнші» әңгімесінен қала психологиясына бейімделе бастаған қаладағы өнер адамдарының бейнесінен бөлек, қазақ қызына жат қылықтың да қалада қалыптасып келе жатқандығын көреміз. Бұған жазушының Шәкет жайлы айтқан авторлық бағасы мысал бола алады: «Шәкет он бес-он алтыдағы жас бала. Пәлен сұлу да емес. Бірақ бет пішіні, көз қарасы неше алуан құбылады. Кейде қасын керіп, сызыла қалады: кейде назданған көзін қысыңқырап, қылымсиды, кейде сені сүйем дегендей құлықтанып, терең қарайды: кейде көзін жалт еткізіп, жайдарылана қалады. Әйтеуір тоқсан құлпырып отырған бір кез. Қонақтарын не бір-екі ауыз әзілмен, не сиқырлы көзімен сыйлай біледі. Аңғал адам ішінен «мені тәуір көріп отыр» деп ойлап қалатын. Шәкет кімді жақсы көргенін «бір Алла» білмесе, кім білсін... Көзімен алдап, ақшасын қаққалы отырғанын ақымақтар қайдан білсін...» [61, б. 131]. Осылайша, жазушы кейіпкердің сыртқы бейнесін суреттеп алады да, осы он бес-он алтылардағы жап-жас қыз баланың бойында жеңілтектік сияқты қазақ қызына жат мінездің қалыптасуына ең алдымен қаладағы жоқшылықты кіналайды: «Әркім барын базарға салып, мал таппақ, күнелтпек қой. Шәкет те көзін сатып күлгірленіп отырғаны – күнелтудің қарасы. Тұрмыс жоқшылық не қылғызбайды. Шәкетті бұзған да сол мұқтаждық. Шәкет бір үйлі жанды көзімен асырап отыр. Шәкет ақшаға қызықса, әлде кім біледі... Аяйсың Шәкетті. Қарғайсың мынау отырған есіріктерді. Мынау жүгенсіздер, анау қасын керген жеңгесі Шәкетті бұзбай қояр ма?..» [61, б. 132].


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   31




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет