Жүйе ретіндегі Ұлттық экономика.
Жоспар:
Макроэкономика және оның мәселелері. Ұлттық экономика деңгейіндегі экономикалық айналым моделі
Макроэкономикалық көрсеткіштердің жалпы сипаттамасы
ЖҰӨ және оны өлшеу әдістері
Ұлттық есеп жүйесі
Макроэкономика және оның мәселелері. Ұлттық экономика деңгейіндегі экономикалық айналым моделі
Макроэкономика – бұл ұлттық экономиканың жалпы бағытын және даму заңдылықтарын зерттейтін жалпы экономикалық ілімнің бөлімі. Микроэкономика жеке құрылымдардың бағытын және даму заңдылықтарын талдайды: үй шаруашылығын, фирмаларды, банктерді және т.б. Макроэкономикада экономиканы жалпы бірыңғай қарастырады, оның тұлғалары үкімет, кәсіподақ, банктер, өндірушілер мен тұтынушылар жалпы тұлға ретінде мемлекет көлемінде қарастырылады. Бір фирманың әсерін сипаттайтын басты микроэкономикалық көрсеткіштер: пайда, шығындар. Халық шаруашылығын жалпы сипаттайтын басты макроэкономикалық көрсеткіштер: ұлттық байлық, жалпы ұлттық өнім, ұлттық табыс, баға деңгейі, процент ставкасының орташа деңгейі және жұмыспен қамту.
Макроэкономика экономикада кең қолданылатын ғылыми танымның аймағын қамтиды.
Макроэкономиканы зерттеу өзін экономиааны кәсіптік зерттеуге арнағандарға да, сондай-ақ экономист болуды жоспарламағандарға да қажет. Ол экономикалық теорияға мүдделілер және өз білімін жүйелендіру мен тереңдетуге ұмтылушылардың барлығына да пайдалы болары сөзсіз.
Макроэкономика шетелдерде түрлі ғылыми бағыттардың бір-бірімен ой-пікір таластауының арқасында дами отырып, мазмұнын кеңейте түсті.
Макроэкономика-бұл ұлттық экономиканың жағдайы мен негізгі үрдістерін, оның шетел экономикасымен өзара әрекетін зерттеп, зерделейтін ғылым.
Макроэкономиканың негізгі субъектілері немесе агенттері: фирмалар, үй шаруашылығы, мемлекет, шетелдік сектор.
Макроэкономика барлық ұлттық экономиканың негізгі үрдістерін зерделейді. Ол жекелеген экономикалық құрылымдарды ғана қарастыратын микроэкономикадан осы жағымен айрықшаланады.
Макроэкономикада оның негізгі көрсеткіштері орасан зор роль атқарады.
Реттеу мақсатында экономиканың жағдайын талдау, оның жұмыс істеу тиімділігін бағалау және мемлекеттік саясатты жүргізу үшін Ұлттық шоттар жүйесінде есептелетін және жүйеленетін өзара байланысты макроэкономикалық көрсеткіштердің кешенді жүйесі әзірленді. Оны көптеген елдер қабылдады және БҰҰ статистикасында пайдаланды.
Менің бұл курстық жұмысым макроэкономиканың негізгі көрсеткіштеріне арналмақ. Курстық жұмыс үш бөлімнен , төрт тармақшадан, кіріспе, қорытынды, қосымша материалдардан құралады.
Бірінші бөлімінде -макроэкономика ғылымының пән ретінде алатын орнын, түсінігі, қызметі, мақсаты қарастырылған. Яғни, макроэкономикалық талдау нақтылы жағдайларды сипаттаумен ғанашектеліп қалмай, жалпы басым үрдістік құбылыстарды анықтауды, жалпы нәтижелерді сан және сапа тұрғысынан бағалауды мақсат тұтады. Осылайша, макроэкономикалық талдаудағы негізгі тәсілдердің біріне біріктіру тәсілі жатады, яғни көптеген экономикалық ахуалдар мен фактілер біріктіріледі және қорытындылайды.
Макроэкономикада ашылған заңдар үкіметтің экономикалық саясатын жасауға негіз болып табылады. Макро талдаудың дәстүрлі әдісі модельдерді құрастыру болып табылады. Модель - бұл басты факторларды есепке алатын және екінші реттіктерден босатылған оңайтылған теориялық схема. Оны құру жүйесі модельдің белгісіз және белгілі өлшемдерін байланыстыратын қызметті анықтауды білдіреді. Макро модельді құрған кезде экономика тепе-теңдікте тұратындай барлық құрамалар арасындағы байланысты табу керек. Жалпы экономикалық тепе-теңдік – ұлттық экономикалық жағдайда нарықта бір уақытта сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі қамтамасыз етілгенде және экономикалық агенттердің ешқайсысы өздерінің сату немесе сатып алу көлемін өзгертуге қызықпағандай жағдайды айтады. Нақты өмірде тепе-теңдік ерекшелік, сирек жететін, тез өтетін құбылыс болып табылады. Әйтсе де тепе-теңдік талдау кең қолданылады, себебі тепе-теңдікке жетуге барлық экономикалық агенттер қызығады.
Қоғамдық ұдайы өндірістегі тепе-теңдік барлық тауарлар сатылған, барлық өндіріс құралдары және тұтыну заттары қайтарылған жағдайда ғана мүмкін. Бұл жағдай белгілі халық шаруашылық пропорцияларын сақтауды болжайды. Бірінші рет осындай қорытындыға келген макроэкономикалық талдаудың негізін салушы физиократ Франсуа Кенэ. Кейін қоғамдық ұдайы өндіріс деңгейіндегі тепе-теңдік мәселесімен айналысқан К.Маркс болды. Оның айтуы бойынша ұдайы өндіріс материалдық игіліктерді, өндірістік қатынастарды және жұмыс күшін жаңартудың бірыңғай процесі болып табылады. Ол тепе-теңдікке жетуге болады, егер қоғамдық өнімнің барлық бөлігі құн және табиғи формада қайтарылса деп есептеді.
Құн бойынша жалпы қоғамдық өнім 3 бөлімнен тұрады: тұтынылған тұрақты капитал, айнымалы және қосымша құн. Табиғи – заттай формада жалпы қоғамдық өнім өндіріс құралынан және тұтыну заттарынан құралады.
Қазіргі батыстық экономикалық әдебиеттерде қоғамдық ұдайы өндірістің үздіксіздігі экономикалық тұлғалары үй шаруашылығы, фирмалар, үкімет (мемлекет) болып табылатын экономикалық айналым моделін қарастырады. Барлық тұлғалар арасындағы байланыс ақшалай формада, сонымен бірге табиғи-заттай жүргізіледі. Бастапқы және соңғы орын үй шаруашылығы болып табылады. Ресурстар нарығы арқылы олар фирмаларға жер, еңбек, капитал, кәсіпкерлік қабілеттіліктерін береді. Ал өнім нарығы арқылы кәсіпорыннан олар тауар және қызметтер алады. Экономикалық айналым моделі төменде келтірілген:
РЕСУРСТАР НАРЫҒЫ
МЕМЛЕКЕТ
ҮЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
ФИРМАЛАР
ӨНІМДЕР НАРЫҒЫ
Достарыңызбен бөлісу: |