Аманғазықызы мөлдір қазіргі қазақ прозасындағы қала моделі және ұлттық ментальділік



бет18/31
Дата16.04.2024
өлшемі314,84 Kb.
#200889
түріДиссертация
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   31
Байланысты:
aman-azy-yzy-m-phd-povtorno (4)

3. «Қала – жоқшылық». Мұхтар Әуезовтің «Оқыған азамат» (1923) әңгімесінде автор қазақтардың үйлерінің қаланың шет жағында орналасқандығынан хабар береді. Ары қарай қаладағы халықтың жағдайын, көше кезіп жүрген қазақтардың жайын баяндайды: «Қаланың ортасында базардан суға қарай түсетін Земский көшесінде қазіргі сағатта жүргіншілер сиреген, иесізденіп тұр. Анда-санда әлдеқандай уақ тері-терсекті пұшпағынан сүйретіп, қыл-қыбырын арқалап, базарға қарай аяңдап бара жатқан бірен-саран жаяу алып-сатарлар ғана көрінеді. Кейде шанасын сықырлатып, жеккен түйесіне божылап «шүу-шүулеп» келе жатқан қырдың қоңырқай пішінді қалашылары кездеседі» [58, б. 350]. Осы үзіндідегі Земский көшесіндегі «уақ тері-терсекті пұшпағынан сүйретіп, қыл-қыбырын арқалап, базарға қарай аяңдап бара жатқан бірен-саран жаяу алып-сатарлар», яғни қарапайым халықтың суреттелуі қаланың ішкі бейнесін толықтай танытады.
Жүсіпбек Аймауытовтың «Әнші» әңгімесінде (1925) бір жағынан қаладағы қызық думан, ойын-сауық суреттелсе, екінші жағынан қалалық қазақтардың ауыр тұрмысы да баяндалады: «Аржақ қазақ қаласы. Өзен өрлей салынған екі мешітті, бір шіркеулі ығы-жығы, тайпақ қала. Ағашы, кірпіші, төбесі, тоқалы жапырайылған тәукеншік үйшіктері «бізді қазақтан басқа кім мекендесін?» дегендей, бет-аузы қисайып, көздері сығырайып, кемсеңдеп тұрған іспетті. Байлардың көк шатырлы салауатты сарайлары жаман-жұман баспаналарды басып кететіндей қоразданып, басын көкке созады. Көк шұға тысты, жанат құндызды көк құмыра бөрік киген маубас, бордақы байлар ат-тұрманы жарқырап, көкмойын жегіп, сылқылдақ қашабада шалқайып жатып, катайтса соғады. Ескі-құсқы киім, етік-метігін қолтықтап, дорбасын, боқшасын арқалаған қаланың кедейлері жаяу-жалпы сүмеңдеп, сақалына сүңгі тұрып, базарға кетіп барады» [61, б. 130]. Жазушы осылайша кедей мен байды, жоқшылық пен тоқтықты бір-біріне салыстыра отырып, шынайы қала образын көрсетеді.
4. «Қала – өндіріс орталығы». Қазақ әдебиетінде С. Ерубаевтың «Менің құрдастарым» (1939), Ғ. Мұстафиннің «Қарағанды» (1952), Ғ. Мүсіреповтің «Оянған өлке» (1953), Ә. Сәрсенбаевтың «Толқында туғандар» (1953), Ш. Мұртазаның «Қара маржан» (1977), т.б. шығармалары өндіріс тақырыбын арқау етті. Жазушы Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» (1952) романында кешегі ауыл қазағының қалаға келіп, кен жұмысын меңгеруі, түрлі мамандық иесі болуы, бұл жолдағы қиындықтар, санадағы өзгерістер, психологиядағы жаңарулар көрсетілген.
Жазушы Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» (1939) романында өмір шындығы жан-жақты суреттелген. Романда жазушы Қарағанды қаласын кейіпкерлерді тұлға ретінде қалыптастыратын еңбек ордасы, өндіріс мектебі ретінде алған. Дегенмен, жазушы өзінің негізгі жоспарын орындап, романды соңына дейін жеткізе алмады. Алайда, роман кейіпкерлері Рақмет пен Лизаның іс-әрекеттері, психологиялық толғаныстары арқылы, өндіріс үрдісіне араласып, біте қайнасып жүрген шахтерлер мен алыпты құруға келген жастардың ерлік істері арқылы сол кезеңдегі өндіріс орталығы саналған Қарағанды қаласының образын көруімізге мүмкіндік туды.
Әдебиеттанушы Б. Майтанов жазушы С. Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романы жөніндегі ойын төмендегідей сабақтайды: «Жазушының «Менің құрдастарым» романындағы мәнді ерекшелік – авторлық позицияның белсенділігі. Шығармадағы озық мақсатты, биік парасатты қаһармандар жазушының жеке басын, адамдық характері, қоғамдық қызметін еске түсіретін сияқты. Сондықтан да қаламгер сомдаған образдар қатарын автордың өз бейнесі де өзгеше жылы ажармен толықтырып тұрғаны сөзсіз. «Роман туралы әңгіме», «Терек пен қызыл гүл», «Мәңгілік өмір туралы жыр», «Романға баратын жол» деген тақырыпшалармен берілген романтикалық серпіндегі толғаныстар – Саттардың өзі, өзінің творчестволық принциптері, бағыт-бағдары, өмір және өнер жайлы жаңашыл, мөлдір ойлары мен сезімдері» [64]. Әдебиеттанушының осы ойын өз сөзімен тұжырымдасақ: «Көркемдік шындық өнер мен өмірдің күрделі байланысынан туындайтын ақиқат болса, болмысты көркемдік жолмен игерудің эстетикалық көрінісі – образ да қаламгердің сан алуан құбылыстарға байланысты түйген байлам-толғамдарын өрелі сезіммен өрнектей жеткізетін биік шеберлік өлшемімен сабақтас» [64, б. 13].
Зерттеуші С. Асылбекұлы «Қазақ повесі (генезис, эволюция, поэтика)» тақырыбындағы зерттеу еңбегінде «Елжас Бекеновтың түсті металлургия өндірісін көрсетпекке ниет қылған «Алтынды жүйе», Сағыр Камаловтың Ульба, Риддер құрылыстарына арналған «Алтай жолы», Әлжаппар Әбішевтің ескі мен бертінгі Қарағанды тақырыбын қозғаған «Завал», «Ел еркесі», Қалмақан Әбдіқадыровтың Түркістан – Сібір темір жолындағы еңбек озаттарын суреттеген «Сәтбаев» повестерін» [65] талдай келе, мынадай тұжырымға келеді: «... қазақ қаламгерлері қала, өндіріс тақырыптарын өздерінің орыс әріптестері секілді тереңнен толғап, үлкен көркемдік қуатпен жаза алмады. Оған ең басты себеп олар күні кешегі қой құрттап, айран ұрттаған қыр балалары еді, сондықтан қаланы, өндірістің ішкі өмірін егжей-тегжейлі білмейтін, жұмысшы ортасында өспеген соң олардың анда-санда қалаға, өндіріс ошақтарына арнайы барған іссапар кезіндегі көзімен көргендері мен көкейлеріне түйгендері бұл ортаның қайнаған, қызу өмірін танып, түсінуге тым жеткіліксіз еді» [65, б. 20]. Ал, әдебиеттанушы М. Оразбек «өндіріс тақырыбында жазылған бірқатар шығармаларда: Р. Сейсенбаевтың «Ешқайда бастамайтын баспалдақ», Ө. Ахметовтың «Конвертор», «Заңғар», Ә. Әзиевтың «Мыс ошақ», С. Еркебаевтың «Жел өті», Ә. Таразидың «Тасжарған», т.б. шығармаларда тақырып ұқсастығы ғана емес, кейіпкерлер образын жасауда ортақ позицияны ұстанғаны, кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасы мен мінез-әрекеттеріне шейін заман адамын салуға күш салғаны байқалды. Авторлар неғұрлым кеңестік-коллективтік тұрмысты көрсетуге, ұжымдасып, еңбек еткен елдің образын беруге, сондай-ақ өндіріс жұмысшылары мен үлгілі коммунист бейнесін бедерлеуге ұмтылды» [66] деген байлам жасайды. Расында, аталған шығармаларда ауылдан қалаға келіп қаланың өміріне бейімделе алмай, жат әрекеттерге барған кейіпкерлер де, осындай жағымсыз кейіпкерлерге қарама-қайшы іскер, алдыға ұмтылған жігерлі кейіпкерлер де суреттеледі. Сөйтіп, өндіріс тақырыбында жазылған шығармаларда қаладағы өмірдің көлеңкелі жақтарына мән беру, маскүнемдік, тұрақсыздық сияқты қасиеттерді суреттеу алдыңғы қатарға шығады. Яғни, осы тұста жазылған шығармалар арқылы қазақ халқының қалаға бейімделуі, өндіріс орындарындағы қазақ жастарының өмірі жөнінде толыққанды хабардар боламыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   31




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет