Ресей Империясы кезеңі
Қазақстанның Ресейге қарап, оған империяның орт. Аудандарындағыдай әкімш. Жүйе енгізіле бастауына байланысты, жергілікті басқару буындарында істейтін шенеуніктер мен тілмаштар даярлайтын орыс-қазақ және орыс-тузем мектептерін ашу қажеттігі туды.
Осы мақсатта Омбыда 1789 ж. “Азиялық училище” ашылды. Бұл оқу орнына қазақ балалары да қабылданды.
1841 ж. Бөкей Ордасында Жәңгір хан қазақ балалары үшін орыс мектеп-пансионатын ашты.
1825 ж. Орынбордағы татар мектебі негізінде Неплюев кадет уч-щесі (ол 1844 ж. кадет корпусы болып аталды),
1846 ж. Сібір қазақ-орыс әскери уч-щесі негізінде Омбы кадет корпусы ірге көтерді.
Бұл оқу орындарын қазақтың тұңғыш зиялылары: Шоқан Уәлиханов, Садық Бабажанов, Халиолла Өскенбаев, т.б. оқып бітірді.
1850 ж. Орынбордың Шекара комиссиясы жанынан қазақ балалары үшін жеті жылдық мектеп ашылды. Осы мектептің түлегі қазақтың демократ-ағартушы педагогі Ы.Алтынсариннің басшылығымен 1864 ж. 8 қаңтарда Торғайда тұңғыш қазақ мектебі және оның жанынан интернат ашылды. Ол педагогика классиктерінің (Я.А. Коменский, К.Д. Ушинский, Л.Н. Толстой, т.б.) гуманистік идеяларын басшылыққа алып, өзі ашқан мектептердің оқу жүйесіне енгізді.
Оның “Қазақ хрестоматиясы” (1879) мен “Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы” (1880) атты оқулықтары осы идеяға негізделген шынайы демокр. Бағыттағы еңбектер еді. Ы.Алтынсарин жаттамалы, мағынасыз діни оқуға қарсы болды. Өзі ашқан қазақ-орыс мектептерінде басқа ғылымдармен бірге дін тарихын да оқыта отырып, “Мұсылмандық шарттары” атты оқулығын жазды. Онда діннің имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу шарттарын оқушыларға түсіндіру мақсатын көздеді.
1879 – 89 ж. Торғай облысы халық ағарту уч-щелерінің инспекторы қызметінде жүріп, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде екі сыныптық орыс-қазақ мектептерін, 1888 ж. Орскіде мұғалімдер мектебін ашты. Ол “балаларды жазалап оқыту” әдісіне қарсы күресті. Мектептерде ана тіліне қоса орыс тілін, арифметика, табиғаттану сабақтарын өткізуді қуаттады. Алтынсарин патша үкіметі жүргізіп келген бұратана халықтарды орыстандыру – шоқындырып, тілінен, дінінен бездіру сияқты миссионерлік саясатқа қарсылық білдіріп бақты.
19 ғ-дың 2-жартысында қазақ мектептері қандай болуы керек деген мәселе күн тәртібіне қойыла бастады. Ол жөнінде бір-біріне қарама-қарсы екі көзқарастағы топтар пайда болды. Бірі – бұратана халықты шала сауатты күйде қалдырып, төл мәдениетінен қол үздіріп, бірте-бірте орыстандыру саясатын көздеген Н.И. Ильминский бастаған миссионерлер болса, екіншісі – орыс халқының прогресшіл озық мәдениет үлгілерін игеру арқылы өз елін өркениетті елдердің деңгейіне көтеруді көздеген Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сияқты демократ-ағартушылар еді. Абай “Дүниенің кілті өнер-білімде”, “Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз”, – деп жастарға жар салды.
А.Байтұрсынов қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсады. Ол бастаған бір топ қазақ зиялысы 1905 ж. 26 маусымда Қарқаралы қазақтары атынан Мин. Кеңесінің төрағасына петиция жолдап, “Қазақ даласында оқу-ағарту ісі дұрыс жолға қойылсын, ол үшін ауыл мектептерінде балалар қазақша сауат ашатын болсын. Оқу ана тілінде жүргізілсін” деген талап қойды. Байтұрсынов қазақ тілінде тұңғыш әліппе құралын жазды (1912). Оның 1892 ж. Қазанда басылған “Букварь для киргизов” деген оқу құралы жеті рет қайта басылып, 1925 жылға дейін қазақ мектептерінің негізгі оқу құралы ретінде пайдаланылып келген.
Достарыңызбен бөлісу: |