Ақмола облысы
Шортанды ауданы
Шортанды №3 қазақ орта мектебі
Математика пән мұғалімі: Асауй Жаркынгуль
Тақырыбы: “Бала тәрбиесінің бас ұстазы – ата-ана”
Мақсат: Әр отбасының бала тәрбиесіне белсене қатысуының маңызын арттыру. Баланың мейірімді сыпайы әдеттерді бойына сіңіріп өсу жолдарын ата-аналармен бірлесе қарастыру.
Сіздерді ортаға шаттық шеңберіне шақырамын.
1. Шаттық шеңбері:
Дөңгеленіп тұрайық
Керегені құрайық.
Уықтар боп иіліп,
Шаңыраққа киіліп
Киіз үйді құрайық.
Міне сіздермен біз үлкен киіз үйді құрдық. Осы киіз үй сияқты біздің мектебіміздің қабырғалары мықты болып, шаңырағы биік болсын дегім келеді.
Ата-аналар 4-топқа бөлінеді. (Түстер бойынша бөлу)
2. «Өзіңді-өзің танысаң — істің басы» биопоэма
Аты жөніңіз...
Өзіңізді қандай деп ойлайсыз?
Өзіңізді неге теңер едіңіз, себебі...
3. Ой қозғау:
Бала тәрбиесі жөнінде сұрақтар қойылады. Сол тақырыптарды талдап тірек-сызба, сурет арқылы қорғап шығады. Берілген суреттерді қиып алып жапсырып, қолдануға болады.
Бала жақсы білімді болу үшін ата-аналардың міндеті қандай болу керек?
Баланың оқу үлгеріміне отбасының қарым — қатынасы әсерін тигізе ме?
Бала алдыңдағы ата-ана жауапкершілігі қандай?
Тренинг: (Доп беру арқылы сұраққа жауап айту) әр топқа доп лақтырылады, допты қағып алған адам жауап беріп, келесі топқа сұрақ қою арқылы допты лақтырады)
Балаңыздың туған күні?
Балаңыздың парталас көршісі кім?
Бүгін сабақтан қандай баға алды?
Балаңыз спорттың қандай түрін жақсы көреді?
Сынып жетекшісінің толық аты-жөні?
Балаңыздың сүйікті асы қандай?
Балаңыз 1-сыныпқа қай жылы барды?
Балаңыз қандай өлшемді аяқ киім киеді?
Балаңыз қандай түсті жақсы көреді?
Балаңызды еркелетіп қандай сөз айтасыз?
Балаңыз сізді ренжіткенде, ең алдымен қандай сөз ауызыңызға түседі?
Аяқталмаған сөйлем:
– Егер баланы үнемі сынап отырса, ...
– Егер балаға үнемі күлсе, ...
– Егер баланы үнемі мақтап отырса, ...
– Егер бала төзімділікте өссе, ...
– Егер бала адалдықта өссе, ...
– Егер бала қауіпсіз жағдайда өссе, ...
– Егер бала кекшілдікте өссе, ...
– Егер бала түсіністікте және сүйіспеншілікте өссе, ...
Дұрыс жауаптары:
– Егер баланы үнемі сынап отырса, ... (оның оқуғы құлқы болмайды).
– Егер балаға үнемі күлсе, ... (ол бұйығы болып кетеді).
– Егер баланы үнемі мақтап отырса, ... (ол өз қадірі үшін оқиды).
– Егер бала төзімділікте өссе, ... (ол басқаларды түсінуге тырысады).
– Егер бала адалдықта өссе, ... (ол адал болып жетеді).
– Егер бала қауіпсіз жағдайда өссе, ... (ол адамдарға сеніммен қарайды).
– Егер бала кекшілдікте өссе, ... (ол қатыгез болып өседі)
– Егер бала түсіністікте және сүйіспеншілікте өссе, ... (ол әлемнен махаббат табуды үйренеді).
Слайд көрсету (ата-анаға кеңес). Слайдқа назар аударыңыздар.
“Екі бақа” туралы аңыз:
Сарайда тұрған шыныдағы қаймаққа екі бақа түсіп кетеді. Біреуі, шыға алмайтынына көзі жетіп, қақтығыспай өліп қалады. Ал екіншісі, шыға алмайтынына көзі жетіп тұрса да, қақтығысқанының бәрі бекер сияқты көрінсе де, секіре береді. секіре береді. Бірақ, аяғында қаймақ, әлгі бақаның секіргенінен, қоюланып, майға айналады. Әлгі бақа сөйтіп, секіріп шыныдан шығып кетеді.
7. Педагогикалық ойын. «Кім мәреге бірінші жетеді?»
Сіздің балаңыз сізді қатты қуантты (бір ісімен). Сіз не айтасыз? Қалай қолдайсыз? (балаға мадақтау сөздерін айтып, мәреге бірінші жетуге тырысады). (Тамаша! Жарайсың құлыным! Сенсіз мен не істер едім? Өте жақсы! Мақтанашым менің! Қандай тамаша! т.б.).
Қыс өтіп көктем келеді.
Көктемде ақ жауын көп жауады.
Жауын суы жерге сіңіп,
жер ананы бусандырады.
Сол сияқты сіздер де бүгінгі тренингтен алған әсерлеріңізді жүрек түкпіріне қалдыруларыңызды өтінемін.
Күніміз ашық болсын,
Түніміз тыныш болсын,
Ауамыз таза болсын,
Суымыз мөлдір болсын,
Ұл-қызымыз аман болсын!
Тренинг соңында ата-аналарға көбелектер үлестіріліп беріледі.Оған ата-ана өзін қызықтыратын сұрақтары немесе ұсыныстары болса жазып кетуге болады
Жүректен жүрекке: Құрметті ата-аналар! Енді бірімізге жүрегімізден шыққан жылы сөздеріңізбен, тілектеріңізді қағазға (көбелекке) жазып тақтадағы гүлдерді көркейтейік.
Жүректен шыққан тілектеріңіз әрдайым жер бетіндегі балаларды қолдап желеп-жебеп жүрсін дегім келеді.
Ата –ана жиналысының рефлекция есебі
Мектептегі тәрбие жұмысының нәтижелігінің бір ұшы ата-аналармен, мектептің бірлескен әрекетінде екені еш уақытта күмән туғызбайды. Мектеп пен отбасының ынтымақтастығын жүзеге асыруда сынып жетекшісі негізгі рөл атқарады.
Мұғалім мен ата-аналардың өзара қатынасы міндеттерінің ең негізгісі — психологиялық-педагогикалық білімдерін көтеру болып табылады.
Осы міндеттерді шешуде оқу бағдарламасын меңгертуде түрлі тиімді әдістер мен технологияларды пайдаланғаны сияқты, ата-аналарға көмек ретінде сабақ формаларын пайдалана отырып ата-аналар жиналысының дәстүрлі емес түрін өткізгенде интерактивті тақтаны, яғни ақпараттық технологияны пайдалану ата-ана қызығушылығын арттырып қана қоймай, жеке танып- білуге, байланысты нығайтуға қосар үлесі зор.
Осындай формада мектепте бірлесіп өткізілген ата-аналар жиналысының үлгісін өткізуге тырыстық.
12 ақпан күні жалпы мектепішілік ата-ана жиналысы өткізілді. Жиналыста кең ауқымда үш тақырып қарастырылды.
«2014 жылғы ел басы жолдауына талдау» тақырыбында Калемшарип Қарақат,
«Бала тәрбиесінің басты ұстазы – ата-ана» тақырыбында Асауй Жарқынгүл,
«Оқушының білім сапасын арттыруда ата-ана рөлі» тақырыбында Қоңқабай Нургүл ата-аналардан құралған үлкен үш аудиторияға ауысу арқылы жеке – жеке тақырып төңірегінде топтық жұмыстарды ұйымдастырдық.
Мен «Бала тәрбиесінің басты ұстазы – ата-ана» тақырыбындағы топтық жұмыстар әдісін қолдана отырып қазіргі оқыту мен оқудың жаңа әдіс-тәсілдерін көрсету, сыни тұрғыдан ойлауға үйрету мақсатында әр түрлі тапсырмаларды қарастыруға тырыстым.
Жоспар:
1. Шаттық шеңбері: ортаға шығып атмосфералық қарым-қатынас орнатып, топқа бөлінді.
2. «Өзіңді-өзің танысаң — істің басы» биопоэма: өзің таныстыру.
3. Ой қозғау: әр топқа жеке тақырыптар ұсынылып, ортаға топтың бір мүшесі шығып жұмыстарын қорғады.
4. Тренинг: (Доп беру арқылы сұраққа жауап айту) әр топқа доп лақтырылады, допты қағып алған адам жауап беріп, келесі топқа сұрақ қою арқылы допты лақтырады)
5.«Аяқталмаған сөйлем» әр топқа сөйлемді аяқтауға мүмкіндік беріп, дұрыс жауапты тақтадан көрсету
6. Слайд көрсету (ата-анаға кеңес). Слайдқа назар аударыңыздар.
7. Педагогикалық ойын. «Кім мәреге бірінші жетеді?» әр топтан бір ата-ана шығып «баласын еркелету» сөздерімен алға қарай жылжып жарысады.
8. Кері байланыс: ата-аналар өз ойларын, пікірлерін жазып қалдырады.
Әр аудиторияда 25 адамнан құралған үш аудиторияға үш мұғалім әр түрлі тақырыпта жиналыстың басқаша түрін өткіздік. Мұғалімдер барлық аудиторияны аралап жүру арқылы үш рет тақырыптары бойынша жиналыс жүргізді. Алғашқы аудиторияда жұмыстың басталуы қиынырақ болды. Өйткені ата-аналар басында не істейміз?, неге біз жазамыз?, қалай айтам? деген сұрақтар арқылы аздап тапсырма орындауға кірісе қойған жоқ. Аудиториядағы ата-аналарды «Шаттық шеңберін» құруға ортаға шақырып, топқа түстер арқылы бөліп орындарына отыруға өтіндім. Тапсырмалар орындау кезінде әрине барлық ата-ана қатыса қойған жоқ. әр топтан белсенді бір-екі ата-ана табылып отырды. Тапсырмалардың соңына қарай барлық ата-ана қызу кірісіп, бір-бірінің жұмысын талдап, пікір қосып ат салысты. Тапсырма арасында жүргізілген тренингтер ата-аналардың қызығушылықтарын оятты. Топтар арасындағы сайыстар кезінде әр топ өз топтары үшін қызу талқыға түсіп отырды.
Екінші және үшінші аудиторияға барған кезде алғашқы аудиториядан қарағанда тапсырмаларды бірден орындап, әркім өз ой-пікірін ұсынып жиналыс өте тартымды өтті.
Әр аудиториядан жиналыс соңында «Екі жұлдыз, бір тілек» арқылы өз ой-пікірлерін жазып қалдыруын өтіндім. Қалдырған пікірлерді оқи отырып жиналыстың ата-аналарға өте қатты ұнағандығын түсіндім. Жазылған пікірлерден: «30 жыл мұғалім болсам да, осындай ата-ана жиналысын бірінші рет көрдім. Сіздерге рахмет!», «Өте пайдалы жиналыс», «Бүгінгі ата-ана жиналысы қуанышты көңіл-күй туғызды. Ата-ана жиналысы осылай болсын» т.с.с. осындай ойларды оқуға болады.
Осындай жиналыстарды өткізу арқылы біз ұстаздар ата-ана мен мектеп арасындағы байланыстың нығая түсетініне кәміл сенеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |