АСЫЛ АНАМ
Жоспар
Ана – ұлы жан, қасиетті есім
Әлемдегі баға жетпес байлығым
Аяулы менің анашым
Анашым, аяулы анам, асыл анам,
Өзің барда мені ешкім жасыта алман.
«Ана»- деп жаздым әр сөзімнің басына,
Аман жүрші мен үшін «Алтын адам» - деген осы бір жүректен шыққан жыр шумағымды тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтеріп, жүрегінің астында жатқан шағымнан мейірімін төккен аулы анама арнағым келіп отыр.
Ана! Ана! Ана! Осы бір құдіретті сөзді қанша қайталасаң да ешбір жалықпай, шабыттана түсетінің анық. Өйткені Ана- ұлы жан, қасиетті есім. Оған әлемнің ешбір күші де, құдіреті де жетпейді. Әркімнің анаға деген махаббатының шексіз екенін білемін. Мен де тұмсықтыға шоқтырай, азулыға қақтырмай, мәпелеп өсіріп, мәнді өмір сыйлаған анашыма өз ойымды жеткізгім келеді.
Анашым! Әлемдегі баға жетпес байлығым! Сіз қасымда жүргенде менен бақытты, менен бай адам жоқ екенін өзіңіз де білесіз. Әрбір арайланып атқан таң сіздің мейірімді жүзіңізбен қосылып, үйімізді шаттыққа толтырады. «Балапаным», «Бақытым, бағым, байлығым» - деп еркелетіп, тентектігімізді кешіріп, барлығымызды бауырыңызға басып жүргеніңізге алғысым шексіз. Осы сөздерді естіген сайын төбеміз көкке жеткендей болады. Менің бойымдағы жақсы қасиеттердің бәрі сіздің ақ сүтіңізбен дарып, тәрбиеңізбен сіңді.
Достарымыздың арасында аналарына дөрекі сөйлеп, айтқанын тыңдамағандарын көрсем қатты қынжыламын, әрі ұрысып тастаймын. Себебі анасын сыйламаған адамның ешқашан жолы болмайтынын, ата-анасына істегендері күндердің күнінде алдарына келетінін айтып түсіндіремін. Өкінішке орай ондай достарымыз басқа жерлерде де бар шығар. Оларға адаспай жақыныңның қадірін біліңдер дегім келеді. «Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да, қарызынан құтылмайсың» - дейді дана халқымыз. Қанша жақсылық жасасақ та, түн ұйқысын төрт бөліп өсірген анаңның бір күніне де татымайды. Мен анамның мейірімді жүзін мұң шалмаса, күлімдеген көзінен жас тамбаса екен деймін. Сол үшін де сабағымды жақсы оқып, іні – сіңілілеріме қамқор боламын, анашымның айтқанын екі айтқызбай орындаймын.
Аяулы менің анашым! Қанша теңеу айтсам да сізге аздық ететінін білемін. Дүниеде анасына жыр жазып, шығармасын арнамаған ақын-жазушылар кемде-кем. Мүмкін менікі ол кісілердікіндей әсерлі де емес шығар. Бірақ бұл шығармам сізге деген адал, пәк жүрегімнен шықты. Жасыңыз жүзге жеткенше, самайыңызды ақ шалғанша, арайлы жүзіңізді қарттықтың әжімі торлағанша қасымда жүре берші. Әлемдегі бақытты адам-анасы бар адам. Аллам бізді осы бақыттан айырмаса екен деймін. Аспанда қанша жұлдыз болса, сол әр баланың аналары деп білем. Бірақ сол жұлдыздардың ішіндегі ең жарығы, ең үлкені, ол – менің анам.
Менің анам – әлемдегі ең сұлу жан. Менің анам – аяулы жар, мейірімді ана, ардақты ұстаз.Анамды мектептегі барлық шәкірттері де анасындай құрмет тұтады. Мен анамменен мақтанамын, анамменен шаттанамын. Мына сәби жүрегімді тебіренте отырып жазған өлең шумағын өзіңе арнадым:
Мейірбан жүзді анашым,
Мен үшін асқақ дара шың.
Әлдиін бесік жырының,
Кім білер сіздей бағасын.
Иә, бір қолымен бесігін, бір қолымен әлемді тербеткен барлық аналар аман болсын. Анашым өзіңнің құшағыңда, бақыттың базарында жүре берейік. Әлемнің бар асылын аяғыңның астына төксем де, өзіңнің бір ауыз жылы сөзіңе жепейді. Ана, осымен сөзімді қорытындылайын деп шештім. Бірақ сізге арнап том-том дастан жазсам да артық етпейді. АНАШЫМ, арамызда аман жүре бер. Сіз менің күнімсіз, нұрын төккен! Анашым, жұлдызымсың жарқыраған!
Нұртай Нұрлы
4-сынып оқушысы
Шағалалы негізгі мектебі
Шығарма
Тақырыбы
Асыл анам
Орындаған: Нұртай Нұрлы
4-сынып
Жетекшісі: Сопбекова Алма
Анам – Тузелбаева Роза. Мектепте ұстаздық қызмет атқарады.
Менің анам – әлемдегі ең асыл жан!
Достарыңызбен бөлісу: |