Іңкәрбек Қажымұқан – Қыз сұлулар
Әсемдікпен сән берген дүниеге,
Қыздар шіркін қызғалдақ көктемдегі.
Бәрі сұлу қыздардың! Сыры неде?
Мақпал шашты аймаласын көктем желі!
Қыз көргенде туады жырым неге?
Бір желікті басалмай өкпемдегі.
Сұлу десем қалайша мұның деме?
Бұл сезімді барлық жігіт өткергенді...
Жүректерге көп құпия жинадыңдар.
Өзі ашсындеп біздерді қинадыңдар.
Сондықтанда жалынды жырларым бар,
Нұрланыңдар, қыз шіркіндер, нұрланыңдар!
Мейлі қалсын құпия бір сырың бар.
Сол сырыңды ұғынуға ынтығым бар.
Дүниенің нұры қыздар, ҚЫЗ СҰЛУЛАР,
Құлпырыңдар, қыз шіркіндер, ҚҰЛПЫРЫҢДАР!
Мың жұлдызы бар болса да (Қадыр Мырза Әли)
Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бір жұлдыздан тұрады, махаббаттың аспаны.
Сол бір жұлдыз жанады, сол аспанды жарық қып,
Жарықта да түк көрмес ғашық болған жарықтық!
Сол жұлдызсыз белгілі, оның естен танары,
Маңдайда емес, жүректе –
Ғашықтардың жанары.
Сол жүрекпен қараймын, сол жұлдызға сүзіліп,
Шаңыраққа ілінді ол, көк аспаннан үзіліп.
Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бір жұлдыздан тұрады шаңырақтың аспаны!
8-наурыз
Мерейлі сәт мерекеге ұласып,
Сегізінші наурыз келді қыр асып.
Қыз- келіншек, нәзік жандар мейрамы-
Көктемімнің шапағатын тұр шашып.
Құттықтаймыз аналарды, қыздарды,
Мерекеден шуақты бір із қалды.
Болсын әркез көтеріңкі көңілдер,
Нұрын шашсын мерекеге өңірлер!
Дүниеде ең кемеңгер дананы,
Ана табады, аялайды бағады.
Сол үшінде құдіретіңе бас иіп,
Құрметтейік қасиетті – ананы.
Әйел, қыздар сендер көктем гүлісің,
Ақындардың өлең арнар жырысың.
Ұрпақ жалғап, өмір сыйлап адамға,
Ғасырларға жалғасады бұл ісің.
Сұлусыңдар күн нұрынан жаралған
Шапақтарың бар әлемге таралған,
Гүлдеріне жаз күнінің ұқсайсың,
Орындалсын жүректегі бар арман!
Құтты болсын аналардың мейрамы!
Жарқыраңдар, жаз күніндей жайдары!
Мерекесі бұл көктемнің алғашқы,
Бақыт берсін әр көктемнің айлары!
Қыз Сезім
Армандардың айдынын алса кемең,
Жүрек, шiркiн, соғады қанша елең.
Артық па екен, бiлмедiм, емес шығар,
Арналса да қыздарға қаншама өлең.
Жыр дегенiң сезiмтал тамшы ғана,
Сол тамшыда жатады ар-шұғыла.
Қыз болмаса жақсы жыр жазыла ма,
Болмаса олар әдемi ән шыға ма?!
Бас иiп табиғаттың iзгi арына,
Әсемдiктiң көз салдық бiз бағына.
Қазақтың ән өнерi, жыр өнерi
Қарыздар ғой алдымен қыздарына.
Қыз жайлы айтса ақынның тiлегi мың,
Арудың сезiмi-Ай, жүрегi-күн.
Мұңға толды көңiлi бiр арудың,
Гүлге толды құшағы бiреуiнiң.
Керегi бар ма ендi сыналудың,
Сезiмi жұлдыз болып тұр арудың.
Бiр ару сүйгенiнен алса сыйлық,
Кiрпiгi шыққа оранды бiр арудың.
Көктем болып сезiмнiң келдi күнi,
Қашанда болсын ұзақ ел ғұмыры.
Бiр ару қимасына қош айтысса,
Сүйгенiне асықты ендi бiрi.
Достарыңызбен бөлісу: |