Ананың сүюі Кім сендерді, балалар, сүйе-тұғын,
Куанышыңа қуанып, қайғыңа күйе-тұғын?
Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,
Шешең байғұс дамылсыз жүре-тұғын.
Кім сендерді, балалар, тербететін,
Еркелетіп, ойнатып, сергітетін?
Жалқау болсаң, балалар, жаман болсаң,
Камқор анаң көз жасын көлдететін.
Кім сендерді сағынар шетке кетсең,
Ғылым іздеп, тез қайтпай, көпке кетсең?
Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын,
Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін.
Кім сағынар сендерді келгеніңше,
Кұлындарын көзімен көргенінше?
Сендер қайтып келгенде адам болып,
Еш арманым болмас дер өле-өлгенше.
Төлеген Айбергенов – «Ана» Арманыңды ақтарам ба жүрегімде тербесем,
Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.
Мен өзінді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.
Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,
Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен.
Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған,
Әр кез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтаман.
Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін,
Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.
Шат жүріп-ақ қас қаққанша боламын мен шерменде,
Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде,
Көз алдымда жас дөңгелеп булығам да ызадан,
Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам.
Бұл дүниеге онсыз-дағы кеткен жоқ па көп есең,
О, аналар, кей пасықты жаратасың неге сен!
Тасбауырлар дүниеге келсін де, тез кетсін де,
Әлде өзгелер ондайлардан жиіркенсін дейсің бе?
Қай кеудені жылытады лапылдаған отпенен,
Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген.
Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек,
Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл дөңгелек.
Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы.