Ақпараттық-библиографиялық бөлім Центральная городская библиотека им. П. Васильева Информационно-библиографический отдел Павлодар



бет4/9
Дата13.11.2016
өлшемі0,87 Mb.
#1654
1   2   3   4   5   6   7   8   9

Оралхан Бөкей
(1943-1993)
«Оралхан өзі туған табиғатына ұқсас еді.

Алтайдай асқақ, оның оқ жетпес құзар



шыңдарындай биік еді! Заңғар тауларынан құлап аққан өзендеріндей тасқын еді.»
Қасым Қайсенов, Халық жазушысы



Жазушы Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катон-Қарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында туған. 1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітірген соң, аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторист болып төрт жылдай жұмыс істеген. 1963 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекетік ұлттық университетіне сырттай оқуға түседі де, оны 1969 жылы тәмамдап шығады. 1965-1968 жылдар аралығында Большенарым аудандық "Еңбек туы" газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары және облыстық "Коммунизм туы" газетінде әдеби қызметкер болған.

1968 жылы республикалық "Лениншіл жас" газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді, осы газетте мәдениет және ғылым, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып істеді, ал 1974-1983 жылдарда "Жұлдыз" журналы проза бөлімінің меңгерушісі әрі редколлегия мүшесі болған. Өмірінің соңғы күніне дейін "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторлық қызметін атқарады.

Көрнекті жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты О. Бөкей әдебиеттің проза және драматургия жанрларында жемісті еңбек етті. Оның қаламынан туған "Қамшыгер" (1970), "Үркер" (1971), "Қайдасың, қасқа құлыным" (1973), "Мұзтау" (1976, орыс тілінде - М., 1987), "Ән салады шағылдар" (1978, орыс тілінде - М, 1981), "Үркер ауып барады" (1981), "Біздің жақта қыс ұзақ" (1984, Қазақстан мемлекеттік сыйлығы, 1986, орыс тілінде - М., 1984) әңгімелер мен повестер жинақтары, "Өз отыңды өшірме" (1983, орыс тілінде - 1984), "Атау кере" (1991) романдары, "Құлыным менің" (1987) пьесалар жинағы, "Өнерге өлердей ғашык едім" (1995) эсселер жинақтары жарық көрген. "Құлыным менің" (2 актілі драма, 1974; Қазақстан Комсомолының сыйлығы, 1976), "Текетірес" (2 актілі драма, 1976), "Қар қызы" (2 актілі элегия, 1982), "Зымырайды поездар" (2 бөлімді тарихи драма, 1984), "Жау тылындағы бала" (2 бөлімді драма, 1985), "Мен сізден қорқамын" (2 бөлімді драма, 1987) пьесалары қазақ және орыс тілдерінде республикалық, облыстық, сондай-ақ, одақтас республикалар театрларында қойылды. Орыс тілінде "Жасынның ізі" М., 1978; Н. Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлығы, (1978) әңгімелер мен повестер жинағы жарық көрген. Бірқатар шығармалары шет ел халықтары тілдеріне аударылған. Бөкейдің шығармалары бойынша "Кісікиік" (реж. М. Смағұлов, 1985), "Сайтан көпір" (реж. Д. Манабаев, 1986) көркем фильмдер түсіріліп. "Кер-бұғы" әңгімесінің желісі бойынша балет-спектакль (1986, балетмейстер Б. Аюханов) қойылды. Қазақстан Жастар одағы сыйлығы (1976), Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы (1986) лауреаты. "Құрмет белгісі" орденімен марапатталған (1986).

Оның көзі тірісінде де, бақиға аттанған соң да аттандап: "Алтайдың кербұғысы!", "Мұзтаудың мұзбалағы!" деген сынды эпитеттерді қарша боратқанымыз өтірік емес. Әлі күнге Оралхан туралы әңгіме қозғала қалса, әлгі эпитеттерді малданып келеміз. Осы астам сөздердің екінші бетіне көп үңіле қоймағанымыз да, үңілуге батпай жүргеніміз де шындық. Үңілуге әрекеттеніп көрелікші.  Бала Орашты, бозбала Оралханды, жазушы әрі қайраткер Бөкейді танығысы келген кез келген адам оның шығармаларын екі қайтара оқып шықса, сол жеткілікті шығар.

      Оралхан - жазушылыққа өзін бала кезінен дайындаған адам. Жиырма жасына дейін ел деген, Өр Алтай деген құнарлы да қыз - табиғат өңірдің уызынан қанып ішкен ол, өз санасында сандаған повестер мен сарытап сағыныштарға толы әңгімелердің негізін қалап үлгерген екен. Алтайда жатып асқақ та өршіл дауысымен алты алашты елең еткізген өренді, Алматыдағы қазақ жұртының қаламының желігі бар жастарын құтпан айғыр секілді үйіріне қуып тығатын Шерхан Мұртаза сынды аймүйіз ағасы аяқ- қолын жерге тигізбей астанаға алғызған. Сөйтіп… Қазақтың шоқ жұлдыздарының қатарына мұрты жаңа ғана тебіндеп келе жатқан, жүрісі де, тұрысы да кербез, жұмбақ, өр де астам, басына сынық түймедей сөз асырмайтын түз тағысы - Кербұғы келіп қосылған…

Орекеңнің үлкен, көлемді шығармаларын былай қойғанда, кез келген ұсақ әңгімесінен туған жеріне, тіпті оның әр бұта - қарағанына деген, жалпы адамзат баласына деген алапат сағынышы аңқылдап тұрады. Сағынышсыз адам - құр тұлып. Ал , Оралхандыкі тым ерекше. Туған жерінің төсінде ойнақтап жүріп - ақ әр тал ағашын, әр тал жусанын мың сан еңірей құшады. Сол от - жалынға оранған алапат сағынышына тым ерте өртеніп кетті ме, кім білсін?

Кез келген өнер иесі туралы әріден әңгіме қозғау барысында біз оның өмірін- дайындық, білімін жетілдіру, даму, өсу кезеңдері деп шартты түрде бөліп, бөлшектеп жататынымыз рас. Осы бір шарттылық шеңберіне Оралхан сыймайтын секілді. Себеп мынада: Оралханның қулық пен сұмдыққа толы қитұрқы өмірдің мәні мен мағынасын әлі толық ажырата алмай жүргенде жазылған шығармалары мен кейіндеу жазылған шығармаларын безбендер болсақ, бірін - бірі баса итжығыс түсіп жатар тұстары көп. Асылық болмасын, тіпті отызында жазылғандары қырық жасындағы "ағаларынан" өр де өршілдеу екендігін ешкім жоққа шығара алмас. Яғни, Оралхан шығармашылыққа өмірдің өзінен дайын келді деген сөз. Оның әдебиет институты да, аспирантурасы да, академиясы да- айналайын ауылы, соның ақеділ адамдары, Өр Алтайы, оның табиғаты болатын. Соған тамсануын тауыса алмай, таңырқауын түгесе алмай көз жұмды. Қат - қат сағыныштарын өзімен бірге ала кетті. Шынайы көркем шеберлік, өмір шындығы мен адам мінезін терең білу, нәзік сезім, асқақ рух жазушы шығармаларына тән қасиеттер. Оралхан Бөкей - сөздің бар бояуын, көркем тілдің мүмкіндігін молынан, құлпырта пайдалана білген суреткер.

Оралхан Бөкей шығармашылығының бастауы ретінде "Сарыарқаның жаңбыры" атты ұзақ әңгімесін атап жүрміз. "Сарыарқаның жаңбыры" болашақта дауылдатып, селдетіп өтер автордың оқырмандарына, цензураға жіберген "барлаушы" шығармасы ғана. Ол онда аспайды, таспайды. Сұлтанмахмұтпен кеудесіне сырыл араласа бастаған бейкүнә ақынмен бірге байсалды күй кешеді. Мұңдасады, сырласады. Алғашқы шер шеменінің шетін шығарады. Оны Махмұттың аузымен айтқызады. Күркіременің бойындағы ай сәулесінен жасыруға қауқары жоқ сирек талдың жанында, бой түзеп қалған балаң бойжеткенге айтқан өзінің асық жырын Махмұттың аузына салады. Бұл - автор мен оның кейіпкерінің тағдырларындағы ұқсастықтан да шығар.

  Оралханды өз биігіне шығарған, "Бөкей - нағыз талант" дегізген шығармасы - "Мұзтау" повесі. Міне, дәл осы шығармасынан бастап Оралхан Бөкей қоғаммен, оның кереғарлығымен, адамзатқа қасірет әкелетін сойқанды іс - әрекеттерімен тайталасқа түседі. Бөкейдің мәңгіге бітпес айтысы басталады. Міне, осы "Мұзтаудан" басталған қоғам кереғарлығымен Бөкейдің жекпе - жегі оның қалған ғұмырындағы шығармаларының лейтмотивіне айналғаны рас.

  Оралхан Ұлы Отан соғысы жылдары дүниеге келген ұрпақтың өкілі. Сол бір алапат-сойқанды көзімен көрмесе де анасының құрсағында жатып, тылдағы ауыр еңбектен қабырғасы қайысып, күрсіне-күңірене жүріп күн кешкен қамкөңіл жандармен бірге тыныстап, бірге қиналып дүниеге келген бұл ұрпақтың да жанына соғыс салған жара аз болған жоқ. Осы соғыс тақырыбына жазушы "Бәрі де майдан" повесін арнады. Бұл повесть - тақырыбының сонылығымен де, кейіпкерлерінің тосын тағдырымен де ерекше шығарма.

Оралхан ешкімге ұқсамайтын болмысымен қаншама шығармаларын тер тамшылатып отырып жазды. Әсіресе оның «Қара сөзбен жырлаймын» атты дүниелері дүниені дүр сілкіндірді. Мөлтек-мөлтек мөлдіреген детальдардан тұратын бұл жазбалары талай дастың көңілін қытықтап, жүректерге шоқ салды. Табиғаттың тылсым күші дейсіз бе, адамзаттың құпия сыры дейсіз бе, махаббаттың уыз сезімі дейсіз бе, қойшы, әйтеуір, жарық дүниедегі бар-болмыс құпиялары қара сөзбен жырланып, аөөлеңдей төгілген тұстары оны аспандата түсті. Романтикалық сарындағы новелла-әңгімелері, психологиялық повестері, ел мен жұрт хақындағы эссе-хикаялары оқырмандар ықыласына бөленді, әркім-ақ іздеп жүріп парақтайтын кітаптар санатын толықтырды. «Қамшыгер», «Үркер», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Ән салады шағылдар», «Кісікиік», «Кербұғы» туындылары қолдан-қолға өтіп, автордың беделін аспандатты. Сол сияқты «Ауыл хикаялары», «Құм мінезі», «Өз отыңды өшірме», «Үркер ауып барады», «Жесірлер», «Арысын тосып әлі отыр» шығармалары шын таланттың өресі биік екендігін көрсетті.

Оралхан Бөкеев бүкілодақтық дәрежедегі жазушы дейтін ұғымға да сиымды еді. Кеңестік кезең тұсында КСРО баспасөзінде көріну үлкен олжа саналған. «Советский писатель», «Молодая гвардия», «Дружба народов», «Прогресс», «Роман-газета» басылымдарында жариялану бақытына ие болғандардың арасында Бөкеев те болды. Жазбалары сан тілге аударылап, аузына қаратқан айтулы сыншылардың назарына ілікті. Ол оған лайық та еді. Танымалдық жөнінен атақ-даңқы алысқа тарай бастаған. Айтқанымыздай, шоқтықты шығармалары мемлекет тарапынан жоғары бағасын да алды. Қаншама асқан талант болса да Оралхан қарапайым қалпын сақтай білген. Сырттай тәкаппар, менмен көрінгенімен, жақын сөйлесе келе оның жан-дүниесінің шүйіркелесуге жақын, жайдары екенін сезінуге болатын. Түрімен де, тілімен де тез баурайтын, адамға үйірсектігі ерекше байқалатын. Біреулер әлденені тамылжытып айтып тұрса, Оралхан қалайда одан асырып сөйлеуді сүйетін және онысы өзіне жарасып та тұратын. Майын тамызып айтуға да шебер, түбін түсіріп жазуға да шебер талантты перзент қалың оқырманды таңқалдырумен өтті.

Өмірден ерте кетсе де Оралхан Бөкеевтің артына қалдырған мол әдеби мұрасы ұлттық көркемөнеріміздің қақ төрінен орын алған және туған халқымен бірге жасасып, оның игілігіне қызмет ете бермек.


Каталог: orgs
orgs -> П. Васильев атындағы орталық қалалық кітапхана Ақпараттық-библиографиялық бөлім Центральная городская библиотека им. П. Васильева Информационно-библиографический отдел
orgs -> Ашы ОҢҒарсынова фариза
orgs -> «Жусан иісті дара талант»
orgs -> ҚР мемлекеттік рәміздері күніне арналған іс-шаралар туралы есеп
orgs -> П. Васильев атындағы орталық қалалық кітапханасы
orgs -> Алаш идеясының жаршысы
orgs -> Жаңа кітаптар Новинки литературы
orgs -> «Павлодар қ. орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мм әдебиеттерді толықтыру және өңдеу бөлімі
orgs -> Новинки литературы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет